Өлең, жыр, ақындар

Жомарт

Атымтай жомарт өзі есепсіз бай бола тұрып, күн сайын бір мезгіл үстіне ескі-құсқы киім киіп, отын кесіп, шөп тасып жұмыс қылады екен. Бір күні өзінің жақын, таныстары сұрады дейді:

— Жомарт, құдай берген дәулетіңіз бар, ашқа - тамақ, жалаңашқа - киім, үйсіздерге - үй болдыңыз, сөйтіп тұрып өз басыңызды кемшілікке салып, жете алмаған жарлыша отын кесіп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не? – деп.

Жомарт айтты дейді:

— Төрт түрлі себеп бар. Әуелгісі: әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті өнебойы әдет етсең көңілге жел кіргізеді; сол желіккен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиіреніп, көз салмай, кем-кетікке жәрдем беруді ұмытармын деп қорқамын.

Екіншісі: Бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшілік емес екенін біліп, кейінгілер ғибрат алсын деймін.

Үшіншісі: Күн сайын өз бейнетіммен таңнан бір-екі пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі, сіңімділігі болады екен.

Төртіншісі: Құдай тағаламның берген дәулетін өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын, – деді.


Пікірлер (1)

Нұлан

Атымтай жомарт арап болған ба?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз