Жоңғар Алатауы мен Барлық тауының екі аралығындағы жазық өткелді қазақтар ежелден Жоңғар қақпасы дейді. Барлық тауы — Тарбағатайдың үлкен бір сілемі. Алакөлден өткен соң-ақ екі таудың арасы бірде алыстаңқырап, бірде жақындаңқырап шекараға дейін қос қапталдап жарысады да отырады. Енінің ең тар тұсы он шақырым болады. Жалаңашкөл көлі осы Жоңғар қақпасында. Жоңғар қақпасы Алакөл көлінің шетінен басталып, Қытайдағы Ебі-Нұр көліне дейін созылады. Осы қақпа арқылы ерте замандарда-ақ Орталық Азия мен Қазақстанның көшпелі халықтары бір-бірімен қатынасып отырған.
Тарихшылардың айтуына қарағанда, «Жоңғар» деген сөз тарихта XII ғасырдан мәлім көрінеді. Ертеде моңғол әскерінің сол қанатын «жоңғар» (жунгар, жиунгар, зюнгар), оң қанатын «бұраңғар» деп атаған екен. Еділ бойындағы ойраттарды «қалмақ» деп, ал шығыстағы ойраттарды «жоңғарлар» деп атау тарихи қалыптасып кеткен нәрсе. Жоңғар Алатауының аты да сол негізден шыққан дейді.
Жоңғар қақпасынан Алакөлге қарай соғатын күшті желді Ебінің желі дейді. Ол атау Ебі-Нұр көліне байланысты аталған, жел сол жақтан соғады. Ал оған қарсы соғатын желді Сайқанның желі дейді, ол атау Сайқан тауына байланысты. Ебінің желі атты кісіні де, кішігірім тастарды да ұшырып әкетеді деген әңгіме бар. Оны әншейін әсірелеп айтқан сөз дей салуға аузымыз бармайды. Өйткені оның растығын дәлелдейтіндер де, дәлелге тартатын оқиғалар да көп.
Жоңғар қақпасының жері негізінен тастақ, мал жайылымынан басқаға қолайсыз. Бұл арадағы алақандай ғана көлдің Жалаңашкөл атануы да сондықтан, оның жағалауы құм, қиыршық тас. Көлдің ені бес шақырым, ұзындығы тоғыз шақырым, жай көзбен-ақ о шеті мен бұ шеті көрініп тұрады. Бұл көлге Қусақ, Тоқты деген кішігірім өзендер құяды. Түбінің тереңдігі бес метр, табаны тегіс, толқынсыз күндері суы мөлдір. Аздап сазан, көкбас балықтары бар.
Жоңғар қақпасы деген сөзді, жалпы, қазақ халқының тарихынан хабардар әрбір адам білуге және естуге тиіс. Өйткені жоңғар мен қазақ хандықтарының арасындағы көп соғыс негізінен осы қақпаның айналасында өтті. Екі көрші елдің күші мен мүмкіндігі көбінесе Жоңғар қақпасы қай елдің қоластында қалуымен де бағаланды. Оның ар жағында «халықтардың ұлы үркіншілігі» («великое переселение народов») де осы қақпасыз өткен жоқ. XIII ғасырдың бас кезіндегі моңғол шапқыншылығы да Жоңғар қақпасы арқылы жүзеге асты. Қазақ совет энциклопедиясы: «Жоңғар қақпасы маңында соғыс қимылдарын бастай келе моңғол әскерлері Жетісудың барлық қалаларын, Шу, Талас және Сырдария бойын қақыратып, Орта Азияның ірі саяси және мәдени орталықтарын басып алды»,— дейді (4-том, 481-бет).
Қазір Жоңғар қақпасының аузын Алакөл ауданының еңбекшілері мекендейді. Аудан көлемі 1,5 миллион гектар жерді алады. Алакөл ауданы алғаш 1928 жылы 17 январьда құрылыпты, ол кездерде ауданға 16 ауыл совет, 312 ауыл қараса керек. Қазір бұл аудан тұрғын халқының құралына қарай көп ұлтты аудан болып саналады. Бұрын құмдауыт, көкөніс өспейтін жер делініп келген Алакөл аймағында қазір қызылшасы жоғары сапада өндіріледі.
Алакөл жері әкелердің ерлік, еңбек дәстүріне аса бай. Азамат соғысының батырлары бұл жерді атаман Анненковтың баскесерлерінен ерлікпен қорғап азат етті. Совет Одағының Батырлары Г. М. Безродных, В. Н. Тощенко — осы алакөлдік ерлер.
Алакөл ауданында 12 совхоз бар. Аудан қой өсіруден, қызылша өндіруден жылдан-жылға табысқа жетіп келеді. Олар қант қызылшасын өндіру мен мемлекетке сату жөніндегі он бірінші бесжылдықтың жоспарын төрт жылда орындау жөнінде облыс бойынша бастама көтеріп отыр. Егер аудан бойынша сегізінші бесжылдықта 24. 288 тонна қызылша өндірілсе, бұл өнім оныншы бесжылдықта 554. 421-ге жетіпті. Осы қарқынмен олар он бірінші бесжылдықта да жоғары өнім алуды көздеп отыр. Алакөлдіктер балық өндіру жөнінен де көп жұмыс атқаруда.
Алакөл ауданының батыс жағын ала Андреев ауданы орналасқан. Бұл ауданда егіншілік пен мал өсіру қатар дамыған, жалпы егіс көлемі 64 мың гектардан асады.
Жоңғар қақпасынан батысқа қарай жүріп отырғанда, одан кейінгі аудан — Сарқант ауданы. Оның егісі 124,7 мың, жайылымы 589,2 мың гектар. Ауданда егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да жақсы дамыған.
Сарқанттың батысында — Ақсу ауданы. Бұл аудан негізінен ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Егіннің жалпы көлемі 95 мың гектардай. Егіні негізінен суармалы. Қант қызылшасын өсіреді. Малдан сиыр, қой-ешкі, жылқы, шошқа және аздаған түйе өсіреді.
Ақсудың солтүстік жағында Бөрілітөбе, оңтүстігінде Қапал аудандары бар. Бөрілітөбеде 4 совхоз, 4 колхоз бар. Негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Сиыр, қой-ешкі, жылқы өсіреді. Жері жазық, сортаң топырақты. Ауданның солтүстік-шығыс жағы Балқаш көлінің шетімен шектеседі. Жалпы ауыл шаруашылығына жарамды жері 151,3 мың гектар болса, оның 109,5 мың гектары жайылымға пайдаланылады. Қапал ауданында да 4 совхоз, 4 колхоз бар. Бұл ауданның орналасқан жері таулы өңір болып келеді. Ауданда шағын өзендер өте көп. Ауыл шаруашылығына жарамды жері 650,7 мың гектар, оның 536, 6 мың гектары жайылымға пайдаланылады, eгic көлемі 63,2 мың гектар. Негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бүкілодақтық категориядағы «Қапал-Арасан» санаториі бар. Одан бері батысқа қарай Талдықорған ауданының территориясы басталады. Мұнда 9 колхоз, 3 совхоз бар. Бидай, қант, қызылша, жүгері егеді. Мал шаруашылығымен айналысады. Текелі қорғасынмырыш комбинаты, Көксу мәрмәр карьері, Қарабұлақ қант заводынан, құрама жем, май заводтары бар.
Талдықорғанның батыс жағын ала Киров ауданы орналасқан, онда 5 колхоз, 9 совхоз бар. Жерінің біразы қара, қызыл қоңыр және сұр топырақты, батыс жағы құмды келеді. Қант қызылшасын егеді, мал шаруашылығымен айналысады.
Одан солтүстік батысқа қарай Қаратал ауданы орналасқан, он да 10 совхоз бар. Негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Егістік жері 46,9 мың гектар, мұнда күріш және тағы басқа дақылдар егіледі. Жайылымдық жері 1,641,3 мың гектар. Ауданда Үштөбе киіз үй жасау комбинаты бар.
Жоңғар тауының екі сілемі арасындағы жазыққа, облыстың оңтүстік батыс бөлегіне Кербұлақ ауданы орналасқан, бұл аудан 1973 жылы ұйымдастырылды, 2 колхоз, 5 совхоз бар. Егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Талдықорған облысының ендігі аудандары Жоңғар тауының оңтүстік жақ бөктеріне орналасқан, ал қалғандарының бәрі таудың солтүстік жақ бетінде.
Кербұлақ ауданының солтүстік шығыс жағында — Гвардия ауданы. Онда 12 совхоз, 2 колхоз бар. Жерінің біразы таулы, біразы жазық болып келеді. Негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бұл ауданда ежелден картоптан жақсы өнім алынады.
Гвардия мен Кербұлақтың шығыс жағы — Жаркент алқабы, онда Панфилов ауданы орналасқан, 6 колхоз, 5 совхоз бар. Жері жартылай таулы, жартылай жазық. Топырағы негізінен құмды. Егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысады. Мал шаруашылығының басты саласы — қой өсіру болса, егіншілігінің басты саласы — жүгері егу. Мұнда жоғары сортты тұқымдық жүгері өсіріледі. Панфиловта және Көкталда жүгері сұрыптау заводтары жұмыс істейді. Ауданда «Жаркент-Арасан», «Көктал-Арасан» санаторийлері бар.
Жоңғар қақпасынан басталып, Жоңғар тауының теріскейін батысқа қарай бөктерлей келіп Балқаш көліне тірелер тұстан айналып өтіп, содан Жоңғар тауының күнгей жағын шығысқа қарай жүлгелей созылған Талдықорған облысы малға да, егінге де, жер мен суға да бай. Мал баққан, егін еккен, жер күтіп, су суарған еңбекшіл адамдарға да бай. Халықтың жан азығы болып табылатын өнерге де өзгеше бай. Бұл өлке — ежелден жақсы адамдарымен аты шыққан өлке. Колхоз шаруашылығының ірі білгірі болған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың атын республика тұрмақ Одақ көлемінде көпшілік біледі. Сондай-ақ Еңбек Қызыл Ту орденді «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхоздың председателі Н. Н. Головацкийдің есімін де бүгінгі таңда республика жұртшылығы жақсы біледі. Бір кезде өзінің жаңашыл еңбегімен ел құлағын елең еткізген Матай темір жол станциясының машинисі СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқтар Қаптағаев та ұзақ жылдар осы облыста қызмет жасады.
Еңбек жаңашылдары жыл сайын әр ауылдан, әр ауданнан шығып жатады. Кейбір звено мүшелері, бригада құрамы шетінен еңбек озаттары болып келетін коллективтер де қаншама! Жетпісінші жылдары Талдықорған облысының комсомол жастары қой бордақылау комплекстерін ұйымдастыруды қауырт қолға алды. Шұбартаулық әріптестерінің бастамасын қолдай отырып, олар жергілікті жердік ерекшеліктеріне орай басқаша түрдегі комсомол-жастар бригадаларын ұйымдастырды. Міне, осындай негізде Панфилов ауданында «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозында «Армандастар», Киров атындағы колхозда «Ұшқын», «Көктал» совхозында «Достық», Калинин атындағы колхозда «Еңбек», ал Кербұлақ ауданынының «Жоламан» совхозында «Қарлығаштар», Ақсу ауданының «Қызыл ту» совхозында «Жалын», Қаратал ауданының «Новый мир» совхозында «Қызғалдақ» атты қой өсіретін комсомол-жастар бригадалары құрылды. Ол бригадалардың бәрінде де тәлімгер ретінде тәжірибелі мамандар жұмыс істеді.
Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жүгері өсірудің шебері Әлімжан Бақтаев; Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, «Қаратал» совхозының аға шопаны Төлеген Құлахметов; Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қорғасынды аккумулятор заводының жұмысшысы Құдайберген Керн; Калинин атындағы совхоздың звено жетекшісі Ленин орденді Алексей Иванович Бондарцев; Қазақ ССР еңбек сіңірген құрылысшысы, Сарқант колхозаралық құрылыс ұйымы комплексі бригадасының бригадирі Шәкіржан Сәдуақасовтар өз жұмысында мақтаулы еңбек үлгісін көрсете жүріп, жастарға үнемі тәлімгерлік жасап келеді. Олардың әрқайсысының еңбек тәжірибесі жеке-жеке жыр қып жазуды қажет етеді.
Азық-түлік программасын орындау жолында қызу еңбек етіп жатқан Талдықорған еңбеккерлері КПСС Орталық Комитетінің 1983 жылғы июнь Пленумының шешімдерін тұрақты басшылыққа ала отырып, идеологиялық жұмысты экономикалық мәселелермен тығыз байланыстыра шешуде. КПСС Орталық Комитетінің 1984 жылғы февраль, апрель Пленумдарының шешімін жүзеге асыру жолында КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары, СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі К. У. Черненко жолдастың 1984 жылы 2 март күні Москва қаласындағы Куйбышев сайлау округы сайлаушыларымен кездесуде сөйлеген сөзін, сонда айтылған ақыл-кеңестерін тікелей басшылыққа алып, күн сайын жаңа еңбек табыстарына жетуде.
Он бірінші бесжылдықтың жоспарларын табыспен орындау мақсатында облыс еңбекшілері қызу еңбек үстінде.
Бұл кітапты қолына алған оқырман Талдықорған облысының жер-су ерекшелігінен, өткені мен бүгінгі тарихынан, оның еңбеккер және өнерлі ұл-қыздары жайында азды-көпті мәлімет ала алса; сол арқылы Жетісудың осы бір шұрайлы өлкесін сырттай да болса ұнатса, онда бұл кітаптың міндеті орындалды деп ойлаймыз.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі