Өлең, жыр, ақындар

Бір уыс қар

Құлағына тосқан қара тұтқалы микрофон үзік-үзік қиқылдап қоя берісімен телефон үстіне бар салмағымен тастай салды да, қызыл-жасыл бояу құтылары, аң қағаз, эскиздер ыбырсып жатқан бөлменің оң жаң бұрышына ұмтыла беріп, неге екені белгісіз, тас төбеден қос қолдап ұрғандай сол орнында табандап тұрып қалды. Қатқыл қара шашын сапырып-сапырып, кейін салалап еді, ырыққа бәрібір көнбегесін маңдайына қайта себелеп шашты. «Ойлан, ойланып ал әуелі, шырақ... Солай... Жюри председателі жаңа не деді? Не деуші еді, жабың бәйгеде сен салған пейзаж бәйгені жеңіп алды деді. Ешкім де емес, топ жарып алтын медаль алған мен, тек мен ғана...»

Мұнарланған жанары төңірегін тінтіп еді, мұндай айта қаларлық жаңалықты бөлісердей, ортаң болардай жан адам жоқ екен. Жалғыз. Қарақан басы, өзі ғана. Ашық шашың мольберт, этюдтер, жаңадан басталған, жарым-жартылай біткен әлеміш суреттер, қара көлеңке бұрышта құбылаға басын бере түбі жарқырап, тырапай асқан төрт-бес сыра бөтелкесі, бөлмедегі көптен бері желдетілмеген ауаның әр атомына дейін сіңіп, тұнып тұрған бояудың қышқылтым иісі жас суретшінің мына шеберханадағы күнбе-күнгі басынан кешкен ой мехнаты мен жанталасқан ізденіс-қиналыстарын еске түсіргенмен, осы минуттегі алапат қуанышын еш бөлісе алмайтын — олар жан, тіл, тіршілік атаулыдан мақұрым қалған жансыз заттар еді.

Амал таппай жапақтаған көзі қыдыра келе бұлтты жүннің бозамық жарығы алакеуімденіп тұрған терезеге кезікті. Көптен бері жуылмай шаң тұтқан әйнек арлы-берлі өткен адам, автомобиль тұрпаттарын кісі күлерліктей ойқы-шойқы етіп ерсі бұзғанымен ішке жеткізіп тұр. «Көше! Аяғы аспаннан салбырап түскен бүгінгі қуанышты көше, тек кең кеше ғана кеудесіне сыйғызар...»

Жігіт жүгіре басып ілгегінің үзілгеніне қарамастан шегедегі күртесін жұлып алды да, шала-шарпы иығына ілген қалпы сүріне-қабына көшеге атып шықты. Жау қуғаннан жаман асыққаны соншалық, шеберхананы кілттеп кетуді де тас ұмытты.

Суық ауа қолқа-қолқасын аралап, кеудесін қапты. Сызды аспан бетін саңлау қалдырмай бұлт тұмшалаған. Дәп көкжиекке дейін тұтасқан боз бұлттарды бетінен түгі шыққан сұрғылт та биік үйлер түзу, тік сызықтармен алай бір, бұлай бір тартып, кесіп-кесіп түсіпті.

Ал суретші мұны қаперіне де алған жоқ. Жағасын тік шаншып тастап, екі қолын шалбарының қалталарынан айырмаған күйі ойқастап өзі тұратын көшенің ана басына бір, мына басына бір шықты. «Алтын медаль, медаль... аль...» Тіл үшіне тіптен оңай үйіріле кететін тіркесті айқайлап жібермесем игі деп қорыққанынан көзін ерсі ежірейтіп, қарсы ұшырасқан адамдардың жүзіне еш мағынасыз қарай берген. Алда-жалда осылардың бірі жүгіріп кеп арқадан қағып, саусақтарын сындырардай қолын сытыр-сытыр қысып, кілең жылы сөздерді төкпектете төпелеп құттықтап кеп жіберсе қайтем деген ой басынан айналшықтап шықпай өзінен-өзі қысылып, қара тері шығып келе жатқан қызық жай-жағдаяты тағы бар.

Суретшіміз жиырма бес жастың етегіне жаңа іліккен жас жігіт еді.

Жиырма бес жастағы тал шыбықтай солқылдаған жігіт мықтап қателескен еді.

Көше атты кең қазанда қайнап сапырылысқан сан-сапалақ жан мұның қолын қысып құттықтамақ түгіл, бас көтеріп, итпісің-кісімісің деп бетіне қараған жоқ. Көше-көшені буып тұрған қатқыл да құрғақ ызғар алдына салып қуалаған олар өз ойларымен өздері алысып әлек: кәрі құда қыс қала сыртында қылтыңдап тұрса да біреуінің пальтосы ескі; екіншісі көмір түсіріп алмаған; үшіншісі алғашқы қармен жарыстырып өткізбек болған үйлену тойының машақатымен бас қатырып әуре. Енді біреулері ондай сұмдық күрделі хал кешпей-ақ тыпың-тыпың жорғалай құныса түсіп: «Ищай, неткен суың... Мына ұзын шаш алапестің қақаған ызғарда кепка, күртемен жын ұрғандай жалаң төс ызғып жүргені қай жорық?» — деп іштей суретшіекеңнің жер-жебіріне жетіп бара жатқан. Қысқасы, етек-жеңі делбіреп, көзі жасаурап арлы-берлі құстай ұшып жүрген жас жігіт сұрқай көшенің бүгінгі көңілсіз көрінісіне еш жараспайтын да, қабыспайтын да.

Суретші аңдаусызда сүрініп кетті де қайтадан еңсе көтергенше сол екпінімен тротуар шетіне шығып қалғанын бір-ақ байқады. Сонда ғана ағылған жұртқа жаңа көргендей тың көзбен қарап, ойға кетті.

Байқап қараса, манадан бергі салған алашапқыны ойда-жоқта ауладан шала мүжілген асық жілік тауып ап, сол олжаға тағы кереметтей қуанып кетіп арсалаңдай көшеге атып шыққан дүрегей төбеттің сиқындай тым келіссіз хал екен. Дегенмен ол ой түбі шұрық тесік елекке құйған судай суретші санасында елес беріп, өте шықты да көшеліктерге деген кіжінісі келер сәтте кеудесін тырнай бастады — ол бүгін көшеге тіпті де кінәлау қамытын мойына ілу үшін шыққан жоқ қой. Енді оның бойын ыза буды. Бәйге турасында құлаққағыс болғалы бақандай бір сағат өтсе де еш пенденің басына өзін құттықтау жәйлі ой түспегеніне, мұның бүгінгі ернеуінен асып-төгілген ақ қуанышын тірі жанның: «Ал, құлдың!»— деп мойындай қоймағанына ызаланды.

Өйткені ол төңірегіндегі тірі жан атаулының шат-шадыман шаттығын өз қуанышына балап сезініп түйсінетін, «лай болса, сыйға сый, сыраға бал, өз бойындағы бүгінгідей төбесі көкке екі елі жетпеген сәтті басқалар да тап «олай бөлісетін шығар деп санайтын суретші еді. Сосын қайтсын, табан астына аса бір нәшпен сыздана түкіріп тастады да, жабың бәйгеде алтын медаль алған мұнымен ісі жоқ, аз-мұз қуанышына пысқырып та қарамайтын, бұдан бұрын ұйтқыған боран, саршұнақ аяз болмағандай тек ерте түскен суықты ойлап қана басып кетердей ентелеп ағылған әлгі самарқау да салқын жандарға қарсы ұшып, егескенде біреуін иықпен қағып кетуге тырысып, жыпықтаған, тана, қисық, бадыраң, бота, қара, көк, қыли, бұрыс, дұрыс, ит, қасқыр көздерге жанарын жайып, үнсіз бұрғылауға кірісті. Бірақ жүргіншілер «Ойбиу, суретшіміз сөйтіпті, ұят болды-ау», — деп бетін шымшымады, бет шымшымақ түгіл айылын да жимады. Екі иығын жұлып жеп қарадай ала сатып, арпалысып жүрген мұны телеграф бағанасы құрлы көрмей аса ептілікпен ту сыртына айналып өтіп жатты, кетіп жатты.

Қалың жұрттың қақ ортасын ойып, соқа басы сорайып жападан-жалғыз кезіп жүрді.

«Ал алтын медаль ала ғой... Қуалай келсек, сорттай келсек сенің еншіңе тиген бәйге көшеліктердің алған бәйгесі емес. Көше көше де суретші өз алдына. Кірпігіме ұйқы ілініп, қар талып, таңды таңға ұрып, әлдебір қисық сызықтар салдым, кенеп бетіне бояулар жақтым деп тұлданып, басыңнан құс ұшырмауыңа жол болсын. Сол сызық, бояуларыңды тұлдасаң мына нөпір жұрт соны тамашалау үшін күні ертең қалтасынан сылдыратып тиын санап төлеп, көрмеңе кіреді. Сенің еңбегіңе берілген баға, әне, сол саудыраған кіл жиырма, он бес тиындық темірлер... Біле білсең көкие бермей соған риза бол да, алғысыңды айт. Солай, сабыр түбі сары алтын, қалқасы. Егер әкім алда-жалда кеудеңді қуаныш тігіс-тігісінен қаңырата керіп, шыдатпай баратса, кез келген кафеге кіріп, шарап алдыр да, соның уытымен адыраңдаған ақкөз алақай - алақайыңды тұншықтырып, әлігіңді бас!».

Тық-тық басқан адымын іштей санап келе жатқан оның ұстаған ойы осы еді.

Сөйтсе де жазып-сызатындарды әманда алға сүйрейтін, әйтсе де соған қарамай кей кезде зиянын да тигізіп бағар өзімшілдік шіркін суретшінің бір басына жетіліп артылатын. Сол басы қатты сезім әлгі бір қанағат шіркінді баса көктей іле жігіт құлағының етін жей бастаған:

«Алтын медаль... Сен сол асыл темірдің жарқылынан жасқанып, төмен бұға берме, суретшім. Көрме мың сан жұрттың ең зиялы, көкірегінде көзі бар зиындылары ғана бас сұғатын Меке-Мәдинә. Медаль — сол кілең ығай мен сығай марқасқалардың дуалы ауыздарынан сенің еңбегіңе берілген лайықты баға. Сені елемейтіндей, ызғырық астында ашық-шашық шауып жүрген ғаламат көтеріңкі көңіл-күйіңді түсінбейтіндей қалың топ сол құрлы кімдер еді? »

«Е, бәсе, сол құрлы кімдер еді?» деген соңғы сөздерді іштей дұғаға балап қайталағаны сол, ыза-ашуы отқа май құйғандай қайта лапылдап, жана бастады. Көңіл күйі осылайша әлемтапырық боп келе жатқан суретшінің шырма-шату мың айқасып, мың кіріккен бояулардың түсін бірінен-бірін оңай ажыратып үйренген кәнігі көзі асфальт үстіндегі қарайған түйір жаңғақты тапты. Тап әзірде өтіп кеткен әлдекімнің торкөзінен түсіп қалған жетім жаңғақ... Жігіт қайтсін, жақындай бере қайқайта теуіп еді, жаңғақ зымыраған күйі бес-алты кез жерде бұлт-бұлт басып бара жатқан келіншектің тоң балтырына сарт тиді. Әйел жаман көзімен жалт қарады. Бұл да бетінен зәрі шығып, барынша ежірейіп кәрін тіге қарап еді, төмен етек тұқым емес пе, анау шыдай алмай көзін алып қашты. Шабалаңдап ұрсыспақ түгіл — суретші соны жан-тәнімен тілеп еді — сөз қатқан жоқ, үндемеді, елемеді.

Ал елемеуден асқан қорлық бар ма?

Жаһан дүниеде суретшідей бір жан жерді жалпағынан басып, былғары күртесінің қойнын шаттың кернеп, қудай жұлынып шат-шадыман боп жүр-ау, алаңғасар суретшінің сол аз-мұз тырақай қуанышы қақаған қыс табалдырығын басқан мына қытымыр күннің жайдары жаз есігін жауып тұрып, ақырғы рет жымиғаны-ау деп ешкім танымады.

Егескенде таныту керек.

Кең етек киіз қалпақ төңкерген бір бейбақ бүлкектей жортақтап жақындай бергені еді, оқыста сап беріп, жағасынан қос қолдап ұстап алды да, сілкіп-сілкіп жіберді. Әлгінің көзілдірігінің оң сабағы құлағынан шығып кетіп, қоңқақ мұрнының қызарған жотасына ілініп, еп-ерсі салбырады да қалды. Көзілдіріктің орнынан жылжымаған сол жақ әйнегінен қалпақтының еш мағынасыз бажырайған ала көзі кірпік қақпастан жас жігітке қадалыпты. Таңдану былай қалсын, сескенбеді де. Ең аяғы мына қалпақты да мұның былғары күртесін, шоқша сақалын, суретшілігін, медалін — бәрін де тәрк етіп мойындамады.

Жігіт әбден шаршаған, бәрінен көңілі қалған бей-жай кейіппен тәлтіректеп кейін шегінді. Маңайын марғау шолып еді, тротуардың ұзына бойы көлденең көк атты қызықтаушыларға шүпірлеп толып қапты. Көбі үрке, қауіптене, бәз біреуі соған қоса құрмет аралас жеңімпаз түрмен қарайды. Алай қуып, былай қуып, аңыры жардың тік қабырғасына әкеп тыққан мүйізтұмсықтың көзіне аңшылар өстіп қарайтын болар. Иә, айтып айтпай не керек, тап әзірде ерепат қуаныштан есі шығып, алақайлап жүгіргенде бұрылмаған, көз қырын салмаған қаймана жандар жамандық басына үйірілгенде шоқтай жиналып үлгіріпті.

— Жастар бұзылған...

— Жә, қойыңыздар!

— Милиция шақырсақ ше?

Өзара абың-күбің сөйлескен, бұған әлсін-әлі қарап қойып, бәрін де бірден ұғып қойған мағынаны танытатын көзқарастарды оңды-солды алмасып жатқан топты үнсіз сүзіп тұрып суретші иығынан жүк түскендей жеңіл күрсінді. Ол бойын құрсаған ашу-наланың арзан темекінің иісіндей тез сейіліп, тарап бара жатқанын сезіп қап еді - қалай айтқанмен қалың топты селт еткізіп, өз аузына қаратты, бұлыңғыр да сызды аспан астында басқалармен қатар суретшідей екі аяң, екі қолды жанның өмір сүретінін ақыры танытты.

— Қане, документіңіз...

Мұрты тебіндеген милиция сержанты бүгінгі сүреңсіз күнге еш жараспайтын аң биялайлы қолымен фуражкесінің күнқағарын сипай мұның әр қимылын қалт еткізбей бағып, көзімен ішіп-жеп тұр. Қызыл жиекті фуражкені көргенде суретшінің жүрегі зырқ етіп тас төбесіне шықты. «Манадан бері аласұрып, көшеге, көшедегі адамдарға қыр көрсетіп жүргені әншейін мен ызыңдасам бүкіл әлем қолпаштап қосыла ән салуы тиіс дейтін масаның, яғни мен бәйге алсам болды, бітті, жұрттың жүрегі жарылардай жаппай қуануға тиіс деген алкеуде менмендігім екен ғой», — деп ойлады аяң астынан. Оны бірі есепсіз жеккөрінішпен, екіншісі таңданыс, ал үшіншісі аянышпен қарап, өзін күргейлеп қоршаған жүздеген көздер сездіріп тұр. Лезде әбден сасып, салы суға кетті. Қысқасы, алтын медальді суретші қас пен көздің арасында күндегі көкторғай таз кебін киді. Мұндайда өзін қалай ұстауды да біле бермейді екен, жыпылықтап, қалтыраған саусақтары күртесінің жылтыр өңірімен жоғары-төменді жылжып, тынымсыз сипалай берді.

— Мен суретшімін....

— Документтеріңіз дедім ғой... — Сержанттың ақ биялайы суретшіге қарай созыла қалды.

Абдырағаны соншалық аузына қандай сөз түскенін аңғармаған жігіт:

— Алтын медаль алғамын,— деп қабырғадан қойып қалды.

Ду күлкі.

— Е, ол медальді бокстан алған ғой, шамасы.

— Жуан жұдырықтың бәрі бас сап, жағаны жырта берсе...

— Бәсе десейші.

Суретшінің жүзі ду етіп, бар даусымен айқай салды:

— Медальді көрмеде алғамын.

Манағы манағы ма, жұрт бұл жолы күлкіден қырылып қалды.

Милиционер міз бақпады. Ол өзі сержанттыққа жуықта жоғарылатылған жас жігіт еді. Әрі күні бойы ызғырық өтінде тұрып, суың жел етінен өтіп сүйегіне жеткен ол кенеттен түскен ызғырыққа деген бар қарғыс-нәлетін кімнің басына лаң еткізіп ақтара саларын білмей тұрған. Сөйтсе іздегенге сұраған мына алаңғасар суретші боп шықты.

— Бөлімге кіріп-шығуыңызға тура келеді, жолдас. Біз білмейтін медальды қандай әдіспен, қайда, кімнен алғаныңызды сол жерде анықтай жатармыз. — Сержант өкшесінен шырайналып, алға түсіп еді, ұстарамен тап-таза қырылған желкесі жарқ етті.

— Жаным-ау, Қанат па?

Ішінен: «Масқара-ай, масқара...» — деп, өзін жерден алып, жерге салып күбірлеп келе жатқан суретші осыған дейін өзі естіген зілді, зәрлі дауыстардың ешқайсысына ұқсамайтын жұмсақ, соншалықты таныс та жарқын үнді естіп қап жалт бұрылды. Жұмсақ жалтылды үлкен көздер... Айжан, өнер институтының Айжаны, әдемі Айжан, қылықты Айжан, жерлес Айжан-н... Жыпырлаған қалың топтан жан шықты дегенде аңыры бір ауыз жылы сөз айтар жалғыз адам табылғанына қуанған жігіттің жүрегі қатты-қатты соғып кетті. Суың ауаға қақала:

— Айжан, мен бүгін алтын медаль алдым, — деп көшені басына көтерді.

Онсыз да жағдайды бес саусақтайын саралап, түсініп тұрған көңілсақ қыз кездейсоқ қызық қуушылар құраған меңіреу қабырғадан құлаған жалғыз кірпіштей көшедегі қалың топтан сытыла шығып, елбектеп сержанттың алдын орады, сосын бешпетінің жеңіне сұқ саусағын тигізер-тигізбес жақындатқан күйі:

— Бұл кісі ағам еді. Анда-санда өстіп соғып кетеуін ұстамасы бар. Жуықта ғана ауруханадан шықты, — деп жып-жып сөйлеп жатыр.

Шошып кеткен суретшінің көзі аспаннан бір-ақ шықты.

— Айжан, сен, сен... — Әйтсе де үні құмығыңқы еді.

— Тс-с... Үндеме деген соң үндеме.

Милиционер әбден абыржыды. Сержанттыққа жуырда ғана жоғарылатылған жас басы мұндай қиыннан қисын тауып кетуге әлі жаттықпаған еді. Пулеметше сақылдап тұрған көркем қыздың сенімді сөздері жігіттіктен дәмесі талай жер бойдақ милиционердің пәсін басып тастағандай ма, қалай? Мына тері күрте киген, шашы мен сақалы білте-білте, көзі алақ-жұлақ пері ауру болса ауру шығар.

Ол онсыз да өзіне елбіреп құйылып тұрған қызыл жиекті фуражкесін түзеп. қойып:

— Солай ма еді? Үйлеріңіз жақын ба, қарындас? — деді кенет сыбызғылана қалған үнмен.

Айжан түк ойланбастан қолын төрт құбыланың кез келген тұсына сілтей салды. Көзінде кінәрат жоқ жан үшін қыздың ұзынынан-ұзақ жатқан бүкіл бір көшені нұсқай салғанын байқау онша қиын емес еді. Бірақ сұрқай күнде ойда-жоқта ермек болған оқыс оқиғаның немен тынарын тыныстары тоқтай жаздап тосқан екі құлағы тас төбесіндегі жалпы жұртқа, қыздың қайда қол сілтегенінен гөрі қыздың өзіне көбірек қарайлап тұрған сержантқа ондай көріпкелдік қайдан дарысын.

— Оқасы жоқ. — Милиционер неге екенін өзі де аңғармай саусақ ұшымен күнқағар шетін бір мәрте сипап өтті.— Оқасы жоқ. Ендеше екеуіңіз де үйге қайтыңыздар. Сапарларыңыздың сәтті болуына тілектеспін! — Сәңқ-сәңк етеді. Артынша абайсызда шығып қалған осы сөздерінің оғаштығын өзі де аңғарып қалса керек, оқиғаның бүйтіп оп-оңай шатақ-жанжалсыз аяқтала қалғанына риза болмай өзара күңкілдесіп тұрған нөпір топқа бұрылып, әй-шай жоқ, қырылдай аңырып жіберді: — Тараңыздар! Көше тәртібін бұзбаңыздар! Тараңыздар деймін, түге!

Жігітті жетекке алған Айжан бұ кезде бұрыш айналып та кеткен.

Шым-шытырық ғаламат қиын тұйықтардан ғайыптан амал тауып құтылып кете барудың жол-жобалары хақында жора-жолдастарының арасында аяқты кесіліп тастап, аса бір рақатпен әңгіме соғатын, ал сол хикімет күндердің күнінде басына түссе әлгі сансыз сара жолдың бірін де іске жарата алмай суханы ұшатын өз әріптестерінің әдетіндей суретшінің мойнынан су кетіп-ақ қалған. Көрме, бәйгенің ет пен терінің арасындағы қызуы мана-ақ қайтып үлгерген. Бар тапқаны:

— Рақмет, Айжан, саған мың да бір рақмет! — дей береді жүзі бозарып.

Айжан қас қайшылап еді, маңдайына қос сызат қатарланып түсті.

— Бүгін өз өмірімдегі ең сәтті шыққан рөлімді ойнаған шығармын.

Көше-көше аңғарын ызғар әлі буып тұр. Қар бұрқақтап жауар алдындағы бетке тікенектей тиетін қатқыл үскірік... Біртүрлі бозара қалған сымдардан қос қолдап ұстап алып, қопаң-қопаң ызғытқан троллейбустардан адамдар түскеннен гөрі кіруге асың. Кенеттен етек-жеңінен жел аңқылдай қалған күртесін қаусырына түсіп, жан-жағына алақтай қараған жігіт көзі көшенің оң қапталындағы шынылы үйдің маңдайындағы әр әрпі орындықтай айбаң-сайбаң жазуларға түсті. Ресторан... «Бақандай екі абырой — бәйге алған абырой, тап жаңа көше ортасында айранша аңтарыла жаздап, қайта кемерін тапқан абырой үшін бой жылытып шыққан теріс болмас,— деп ойлады жігіт.— Құдайдың күні де шекесінен шеруен атып, қақырап тұр». Қыздың қолынан ұстап, ресторанға тартқылап еді:

— Ненің қарымтасы? Топ ортасынан алып шыққанның есесі ме? Кірмеймін! — деді Айжан ұзын етек, қынама бел сусар ішіктің ұлпа жағасына ызғар сорып қызарып кеткен пісте мұрнын көміп тұрып.

— Көрмеде алтын медаль алдым! Түсінесің бе, алтын... Жаңа ғана тамам жұртқа он минут бойы жарапазан айтып түсіндіре алмап ем. Сен де...

Қыз желге арқасын төсеп тісі-тісіне тимей дірдектеп тұрған боп-боз жігіттің ұсқынына қарап күліп жіберді.

— Түсіндім және сендім....

Айжан айтқандай, нағыз актриса-тын. Ол туасы актриса, тек актриса екендігін сүт пісірім бұрын қанбазар көше ортасында толайым жұрттың көзін бақырайтып қойып, тайға таңба басқандай дәлелдеді. Естігені мен көргенін қағып алғыш қағылездік, сезімтал, әсершіл және сол қасиеттерін шебер жасыра білуге себеп сыпайылық— міне, осы қасиеттер оны оқуға түскесін ұзамай-ақ көп-көп кештің алақанға салып аялар жалғыз тал гүліне айналдырып жіберді. Мектептегі ақ жағалы көйлегін ішіп, кеше ғана институт табалдырығын қорқа-қорқа аяғын биік алып аттаған Айжан бас-аяғы үш жыл ішінде жүріс-тұрысы бипаз, әрі аса дәл де нақты, ұтқыр сөйлейтін сынық мінез бикешке айналып еді. Бұл жігіт-желең арасында Айжан нарқын аспанға бір-ақ шығарғанмен, әр нәрсенің ылғи да жақсы-жаманы, ащы-тәттісі үзеңгі қағысып, қамшы сілтес тұста ылғи да қатар салып отыратындығы сияқты, сөз жоқ, оның көңілді күпті етер жақтары да жеткілікті-тін. Айжан қала табалдырығын аттағалы ауылдың жалған сыпайылық, қылт етпе сақтың сияқты мимырт мінездерінен арылғанымен, құмға қоса алтын түйіршіктердің шайылатындығы сияқты қаға берісте біраз тәуір қасиеттерден де байқаусызда айрылып қап еді. Оның ұялар тұстарында жүзіне ду етіп, жұқалап арай шауып, құлағының ұшына дейін қызарып кететіні, яки әңгіме үстінде жолдас-жораларының көйлегінің өңірін, яки түймелерін шұқылап, немесе білегінен, саусағынан орынды-орынсыз ұстай беретін қызық қылықтары кезінде көз көргендер үшін әлі күнге дейін таусылмас әңгіме.

Төңіректен ылғи даралықты, ерекшелікті іздейтін суретші жігіт жүрегін шайлықтырып отырған тағы бір жәйт — Айжанды сылыңғыр қала қызы деп есептесе сол қалада дәл Айжанша сөйлеп, жүріп тұратын, Айжаннан еш кем киінбейтін мыңдаған, он мыңдаған қыздар да өмір сүріп жатқан. Яғни бір ауылдың бетіне қараған бес тасының біріне балап маңдайына ұстап отырған қызы — Айжан мында әлгі қалың қыздардың көзге әрең ілінетін бөлшегіне айналып, бағасын күрт кемітіп алған еді. Қысқасы, суретші қасында жүз мыңдаған тиражбен шығатын сән журналындағы бір-біріне ғаламат ұқсайтын көп қыздардың бірі — Айжан бір езулеп қана темекі түтінін оң бүйірге үріп отырған. Осы айтылмыш себептен де көрмеден медаль алғаны, мана көшедегі сораңы оқиғадан есен-сау құтылғаны бар, о баста ресторанға шат райда арсалаңдап кірсе де, сағат жарымнан соң жігіт қызуы мен жылуы мысқал қайтпаған қызбен емес, құралуы келісті манекенмен сұхбат құрып отырғандай жалығып кетті.

У-шулы даңғаза орта да мезі етті.

Жігіт бойдақ-тын. Сурет өнеріне үнсіз табынып, құлшылық жасап жүріп шаңырақ көтеріп, отау тігу ойына кіріп шықпаған сұр бойдақ еді. Бойдақтар, әдетте, таңертең тұра сала төсек-орнын өздері жинайды. Білек түріп, ас әзірлейді. Еден, керек десе сабын езіп, кір жуады. Азық-түлік пен сурет салуға қат бояуларды да зыр жүгіріп, дүкен-дүкеннен сатып алады. Ең аяғы сурет екеш суреттің өзін де жоқтан жасап шығарады.

Айналасы ат шаптырым ресторанда, керісінше, бәрі де сақадай сай әзір екен.

Су жаңа бір сомдық қағазды құлағынан іліп ап, жоғары көтере қол сілтеп қалсаң, эстрададағы иіліп-қайысып, тізе ұршықтарынан айналып тұрған төрт-бес жігіт жер дүниедегі ән, әуен атаулыны төбе астын тұтып тұрған қарқ-қарқ күлкі мен темекі түтініне тоғытып кеп жібереді.

Шалқақ отырып, саусаң сыртылдатсаң, аяң ұшынан жорғалап билеген даяшы сан түрлі тағамды дастарқанға жайып тастап, жер шарының қақ жартысы ас дегенде аңқасы кеуіп, аш отырса да қалған бөлігінің тоқ та мәйекті ғұмыр кешіп жатқанын дереу дәлелдеуге бар.

Қыл аяғы тәп-тәуір талабы мен сымбаты, біршама ақылы да бар қыз да мына ортаға керекті, тек соған жарасар ресторандық күлкімен жымиып, шекелері шындап қызған қалың топ қайда салса сонда кеттім ыңғаймен лыпып, әне-міне талпынып отыр. Мұндай әзір асқа тік қасық ережесін бойына сіңірмеген, әр күні бояу, қағаз, қарындаш, сансыз сызықтардың қым-қиғаш тоғысында өтіп жатқан жоқтан жасағыш суретші қазіргі ортасын қабылдай алмады. Қала ортасын ойған ресторандағылардың дені мұның алтын медаліне ауызы аңқиып қарамақ түгіл, сол көрмеге сүйреп апарсаң мөңкіп кірмейтін иіс алмастар еді... Тіпті берісі дастарқандас, дәмдес-тұздас, арысы ауылдас Айжан да сан түнін кірпіктеріне ұйқы ілініп, қарадан-қарап қоқ боп күйіп, кейде сызықтың тың тартылысын тапса жас балаша мәз боп өткізіп жүрген суретшінің азап-михнатын мойындағаннан емес, жігітіміздің қақ-соқ арзан қылығы, залалы жоқ діні адал дос екенін білетіндіктен ғана ресторан есігін ашқан. Қысқасы, мынау даңғаза жұрт оны келешегі кемел суретші ретінде емес, ресторан табалдырығын тоздырушы сандалбай көптің бірі, көпшіктің кірі деп білетін.

Жігіт ернін бүрістіре аузын қалқалап, аса бір мәнермен есінеді де, қолын қалтаға тереңдете сұғып жіберіп, оң жағына мойын бұрып еді, ыза буғаннан тұп-тура төбеге түкіре жаздады. Ай жарым бұрын қаржыдан қысылып, көзі қарайған шақта портретін салдырып, қалтасын едәуір қалыңдатып кеткен әлдебір етікші мысық мұртын едірейте әлсін-әлі бұған қарап күлімсіреп: «Мен де бәтіңке мен туфли табанына шегені сарт-сұрт соғып бұл дүниенің бір кетігіне кірпіш боп қаланып жүріп жатырмын», — дегісі келгендей саусағын жоғары көтеріп, кісі күлерліктей қыбырлатып қояды.

Оң жақтан жеріп, сол қанатына қарады.

Сол қанатта тағы бір топ ду-ду етеді. Үш жігіт, үш бикеш және... жалғыз қыз. Онсыз да еріккеннен еңірей жаздап отырған суретші қас қағымда көз алдынан үш бикеш, - үш жігіт — алтауын қолма-қол ысырып тастап, тек соған, сол қызға шұқшиды.

Қарапайым қыз... Ерсі еңкеймей, тым шалқаймай орындықтан суырылған тіп-тік пішіні бұл мекен-жайға сирек келер мейман екенін білдіргендей. Ұршығы білінбес еті қалың толың тізелерін жүректі еріксіз қытықтар сүйкімді жасқаншақтықпен қыса жымдастырып, қат-қат плисті юбкасының етегін екі саусағының ұшымен іліп қана әлсін-әлі төмен тартқылайды. Қара шашы маңдайдан бастап бетіне қарай толқын-толқын құлап, құлақты баса тап желкеден тоқпақтай боп түйіліпті. Желкенің жел, күн тимеген шаңқай аң түсін жасыра көмкерген қошқар мүйіз ұлпа шаштары елпілдеген аса келісті шап түйіс. Дөңгелек келген өңі көзге емес, көңілге шым-шым сезілер, тек суретшідей текті жанның құмай жанарына шалынатын бипаз көлеңке кешкен аққұба. Көлеңке қабақ асты, кез және ұрт ұшына ұйыпты. Шаш, қас, кірпік арасы да тұнған көлеңке. Сылап-сипап, тұңғиығын мөлдірлеп, жұмсаң қарайтын қоңырқай кездері сол буалдыр көлеңке мен құбаша түс астасқан әлпетпен әбден тіл табысыпты. Юдифь, — деді суретші іштей. — Ботичеллидің бұлтша қалқыған жеңіл мінезді жас қызы емес, Джорджоненің ақылды да қайсар, паң да нәзік әйелі — Юдифі».

Ақылы мен қайсарлығының қаншалықты екендігін кім білсін, бірақ Юдифтің нәзіктігін пәлен ғасырдан кейін қайталаған мына қыз осы тұрқымен айқай-шулы, алабажақ көріністі ресторанның тұтастығын бұзып отырған, оның денесіне түскен жалғыз жамау еді. Өзі ортасын ойып отырса да, ішінен ресторанды мейлінше жеккөріп таусылған жігіт сол дарбаза мекенге үйлеспейтіндігіне бола қызға бар бейілін беріп, құлай бастағанын аңғарды.

Жігіт жымиып қойды. Аяғын стол астына созып жіберді де, сұқ саусағымен темекі күлін қағып түсіріп жатқан Айжанға қарады. Қыз күлсалғыш үстіндегі сөнбей қалған сигарет түтініндей ирелеңдеп еріген бұлыңғыр да өзгермелі өз ойымен алысып әуре. Әдемі. Ақылды. Талғампаз. Бәрін түсініп-біліп үлгірген бей-жай көзқарасында ез ортасынан жеке-дара суырылып озып шықсам-ау деген ондай қыздардың көпшілігіне тән пенделік ой да бұғауланып жатқан шығар. Оза алмағанын, қайта сол ұмтылысы сол топ құрамын көбейте түсуге себепкер екенін біле ме, білмей ме? «Оза алмағаны қандай жақсы. Арман атаулыны бұғалықтап, құлағынан шыңғыртып баса берсек, бұл дүниенің қызығы мен шыжығы қала ма?» Суретші ресторан табалдырығын аттағалы сәтті ойлардың жалына қолының жаңа тигенін іштей сезіп, қуанып та қалды.

Ал Юдифтің тоқпақ шашты, тоң тізелі сіңлісінің басына Айжанның ол астам ойы ғұмыры кіріп шықпаған шығар. Қарапайым. Сыпайы. Ұялшақ па, қалай? Кірпігін де қақпай отыр. Сөйтіп, сөзін, көзін ойнатуымен, өлі жатқанда. сан түсті жейде-пиджагымен болсын бір-бірінен бой асырғысы кеп даурыға жінігіп отырған қызғын қалың топтан бөлектеніп, бәрінен де ат бойы алға шығып кеткенін байқамапты да.

Әлде мезі етіп үлгірген біркелкі, бір түсті, бір дауысты топтың қатарын бұзып шыққан жүрек жұтар жанды көргісі кеп, құлшынған суретші көңілі ондай пендені таба алмай тарығып кеп, амалсыздан осы қыздың сол, дәл сол екеніне өз-өзін зорлап сендіріп, дәтке қуат етіп отыр ма? Иә, қалай айтсаң олай айт, қыз бір төбе де, қалғаны бір төбе.

Кенет төбе қызбен танысқысы кеп кетті.

Манадан бері мұның әр қимылын бағып, құбылыстарын үнсіз таразылап отырған Айжан:

— Таныс, бар да таныс. Сен бүгін қайтсе де бұрын көрмеген бейтаныс қызды шығарып салуың керек,— деді сыздықтатып.

— Сені шығарып салсам ше?

Күлді.

— Мені осыдан мың жыл бұрын шығарып салмап па ең?

Жігіт қолын созып, Айжан алақанының сыртынан майпаз сипап өтті. Қыз бетіне қызыл шапты.

Ол үш бикеш, үш жігіт... жалғыз қызға беттеді. Абың-күбің әңгіменің қызық-шыжығындағы алтау бұған назар аудармады. Қыз жалығып та отыр ма, бетін бұрды. Жігіт стол қасына келді. Тәжім етпегенмен сәл-пәл ию ыңғайлас сері қимылдың ырымын жасап:

— Бүгін сізді шығарып саларымды қалпағыңыздай көріңіз, — деді.

Қыз үндеген жоқ.

Орнына оралса Айжан темекі мен сіріңкесін қол сумкасына салып жатыр екен. Есеп айырысып, сыртқа шықты.

Аспан астын қаптаған боз бұлт қаланың әуеге миллион көзбен қараған электр шамдарының сәулесін сіміріп көлбей жатыр.

Бұрылыстан ұзын бел троллейбус зілдей ауыр денесін өрең билеп, бұрыла бергенде Айжан бұған жалт қарап:

— Көзіңді жұм! — деді.

Жұмды.

Ерні бояу дәмін сезді.

— Шығарып салма және қош бол! Оң құлағыңмен естіп ал — көріскенше емес, қош бол!

Қыз көзін жасыра кілт айналды да, балтырлары қарасуда жүзген аққайраңша бір-бірін қуа бозамықтана лыпып, троллейбустың айқара ашылған кебіс аузына кіріп кетті.

Теңселеңдеп құлаған қар қиыршықтары қараңғылықтың қара тақтасын шимайлауға кірісіпті.

— Рақмет! — деп күбірледі суретші. — Мың да бір рақмет, Айжан!

Сөйтті де сырт айнала беріп:

— Итпін, нағыз итпін, — деді анық та сергек дауыспен. Артынша құлағы түрік біреу естіп қалмады ма деген қауіппен жан-жағына алақтап қарады. Рестораннан шығып жатқандар өзге түгіл, өз дауыстарын естімейтін қызық-қызық халге жетіпті. Мойнын ішке тығып, солай қарай аяңдады.

Үш бикеш, үш жігіт және жалғыз қыз — жетеу ресторан алдын дабыр-дүбір сөз бен қарқ-қарқ күлкіге толтыра есік көзін бермей топырлап тұр. Әлсін-әлі араларынан темекі шоғы қызыл көзін қысып қалады.

Ірі-ірі адымдап, қастарына келді де:

— Жігіттер және қыздар! — деп барқ етті. Бір-екеуі селк етіп, бұрылып қарады. Сонсоң мына жетесіз жындысүрейдің жалғыз да, өздерінің жетеу екендіктері естеріне түссе керек, топ қақ жарылып, Эрмитаждың колоннасы секілді сойталдай біреу теңселе басып бермен шықты.

— Ие, не айтпақсың? — Тап бір дарға асар алдында соңғы сөзін сұрағандай гүр етті.

— Қастарыңыздағы мынау қызға құда түсуге рұқсат етіңіздер! — деді қунақы да сергек дауыспен сақ-сақ сөйлеп. Колоннаның дөкірлігіне ыза боп та, ерегісіп те тұр. Соған қоса дәу үстіне құлай кетсе төрт-бес шелек су, екі-үш қап ет пен сүйектің астында жаншылып қаларын біле тұра ықпаған өзінің пысықтығы мен батылдығына сүйсініп қалған. Сол батылдығы өзін іштей сескенткен де сыңайда.

— Не айтасың, Бағила? — Екі-үш қап ет пен сүйек және төрт-бес шелек су қызға бұрылды.

Бағила бас изеді.

— Байқа, жігітім! Ертең шиің шығып жүрсе.. — Дәу қолын қалтасынан айырмай күш-қуаты тасып, бойына сыймағандай өкшесін көтеріңкіреп, тұрған орнында теңселіп-теңселіп қойды. Суретшіге сүзеген бұқаша шабына қарап тұрды-тұрды да, шамасы, жігіттің тауы шағылып, сағы сынуына осы да жетер деп ұқса керек, бұрылып Бағиланың қасына барды.

— Cay бол, қызым!

— Көріскенше, әкетай!

Қара дәу бастаған бесеу өңін қапалақтаған қар бұзып тұрған қараңғылыққа сіңіп жүре берді.

...Такси көше сайларын сумаңдай қуып, қала сыртына қарай салып келеді. Қар түйіршіктері маңдай әйнекке бытыраша сытырлап соғылады. Үйлер, қадау-қадау электр жарықтары, жүргіншілер көзге бұлың-бұлың шалынады. Суың күн мезі еткен суретшінің көңілі соны тілегендіктен бе, әйтеуір, такси іші жылы да жайлы тәрізді. Қыз екеуі артқы орындықта. Мүмкін соқыр түн ішінде қиыннан қисын тауып, қолтығына жармасқан батыл жігіт көңілінен шықты, мүмкін қапалақтаған қар мен сол қар мұхитын емін-еркін кешкен автомобильдің дыбыссыз жайлы жүрісі өсер етті, әйтеуір, қыз осы сағатта ағылып сөйлегіш.

— Жаңағы жігіт кластас дос... Он жыл бойы бір партада отырдың. Бүгін оның туған күні... Әзілдеп мені қызым дейді.— Кластас досы мен екеуінің арасындағы сондай қисынсыз қарым-қатынасқа ғафу өтінгендей қыз бетін бері қаратып, жымиды. — Бүгін ол маған мені сүйетінін білдіруге тиіс-тін... Ал мені саған неге қосақтап жіберді дейсің бе? Мені жақсы көреді, ұқтың ба? Сүйетінін білдірмегені қандай жақсы болды. Ресторанда айтып қояр деп қатты қорықтым. Ол сүйетінін айтса ғой сенің орныңда, мына менің қатарымда ол отырар еді. Әлде-әлде... айтып салғаны дұрыс па еді...

Сосын ол күздік жұқа пальтосының жағасын көтеріп тастады да, такси бұрышына ығысты. Даусы көмескі, үні үзік-үзік.

— Мамам пен папам ауылдағы туыстарды аралап, қыдырып кетті. Жападан-жалғыз өзім қалдым үйде. Тау баурайында дара өскен ағаштай жападан жалғыз қалдым. Орталық алаңдағы скверді керіп пе едің? Скверде бұтақтары қайшымен сәндеп қырқылған, ылғи бір күтім-бағым өтіп кеткен сұлу шыршалар бар. Иә, иә, тас қоршауда өсіп, тауды аңсайтын шыршамын мен. Бір ақын маған арнап, жуықта өлең шығарды. Тыңдағыңыз келе ме?

Жалғыздың пен,

Жоқтығымды бөлісемін.

Нанның жартысы,

Ауаның жартысы,

Сенікі.

Шексіз жол бітпес болса,

Жартысы сенікі.

Ал жастығыңның жартысы

Менікі, менікі, менікі-і...

Сөзінің аяғы былдырға ұласа келіп, үзіліп кетті. Жігіт жалт қараса, бір шөкім боп құныса отырып қалғып кеткен екен. Суықтан қашып, ұяға тығылған торғайдан аумайды. Суретші күртесін шешіп, Бағиланың үстіне жапты.

Бір жағы қызды аяп отырғанмен суретшінің өзегін өкініш өртей бастады. «Кәдімгі мыс алыстаса көзге алтыннан әрмен сан құбылып көрінеді. Басқа басқа да, бұл қағиданы, суретші, сен білуге тиіс едің. Солай... Шашын келісті түйген, мінсіз дөңгелек бақыр тиындай ғана дөңгелек бетті қыздар он қадам ұзаса Юдифке айналып сала береді. Сөйтеді екен.... Ал сол Джорджоне, Ботнчеллидің де төбесіне ұлағаттап көтерген Юдифі қолбасшы қойнынан тұрмап па еді...»

Аса ызбармен қызға бұрылып, саусақтарын буындарынан бырт-бырт сындырды.

Бағила ұйықтап отыр...

* * *

Такси қала сыртына шығыпты. Үйлер мен төңіректі саңылау қалдырмай қаусырмалап қоршаған боз әлемнің кез келген нүктесін тесіп тұрған аң таңдақ жарықтар — терезелер тізбегі сиреп, жол сорабы қайдағы бір күңгірт сайлар мен жүлгелерді қуалап кетті.

Ақыры такси тоқтады. Тоқтасымен жол жиегіндегі телеграф бағаналары, ағаштар жып-жып қозғалысынан, ылғи да артқа қарай сереңдеп жантая құласынан оңай жаңылып, лезде тік тұрған тәкаппар да тұрақты бейнелерін айнымай тапты.

Ақ мұрт, аң майдан астынан әлдебір жануардың тұмсығы шыға келіп, тістеп алардай аса сақтықпен жерге қарай кірпияз соза берген туфлиді қар дыбыссыз қауып, кеңсірігін таза ауа жарып жүре бергенде-ақ мына аққа оранған сай-жүлгелерде тұнып тұрған ұлан-ғайыр еркіндік пен тазалықты түйсініп қап, суретшінің тұлабойы дір етті. Тарс-тұрс тиер асфальттан гөрі қалақбас туфли тақасының сырғып қана жұмсақ тиер есілме қарды сезуі күнде мың көріп, мың сезініп, әбден зәрезеп қылған тар да шулы көше тірлігінен басқа қасиетті әлемнің құшағына кіргенін сездіргендей. Сырдаң қардың желсіз түнде тік құйыла суылдаған естілер-естілмес майда дыбысына жан дүниесінің әлдебір түкпірлерінде лүп етіп оянған жүрексіз ғана шаттанысын қосқысы келгендей, туфлиімен қарды құшырлана көсіп-көсіп жіберді. Басып қалсаң шықыры көш жердегі адамның шекесін шағар қасат қар емес, аяз демі тиіп үлгірмеген балғын да ұлпа қар... Тап жол жиегінен биіктеп, аспанға қарай үн-түнсіз өрлей жөнелетін жоталар жоғарылаған сайын аспаннан құлаған ақ пердемен тұтаса бүтін бір ғалам құрап, қабырғаға айналып, алыстай береді екен. Сол еш өлшемге сыймайтын, мөлшерге бағынбайтын ақ қабырғалардың әр қиясынан әлдекімдер темекіні үздіксіз сорып тұрғандай алыстан... жақыннан... қол созымнан... әлде мәңгілікпен саналатын қашықтықтардан ба, әлсіз жарықтар талмаусырап көрінеді.

— Үйлер ғой ол, үйлер, — деді таксиден созыла шығып, шашын жөндеп, етегін төмен тартқылап жатқан Бағила. Құбаша жүзі ту сыртынан сығалаған ақ әлеммен кірігіп, қойындасып кеткен.

Ғажап! Жігіт алдында қыз емес, тек қара шаш, қара пальто, етік және қара сумка... қар үстіне қалай болса солай лақтырылып тасталған керексіз заттардай ауада сәл дірілдей қалқып тұр.

Бағила қол сумкасынан түбіт шәліні суырып оранғаны сол еді, жаңағы көп қараның бірі қолма-қол кеміді. Жігіт неше сомдық екенін аңғарған да жоқ қолына іліккен ақшаны суырып, шоферге ұстата салды да қыз соңынан ерді.

Дәл қазіргі сәтте жігіт ресторан, такси ішінде қызға айтсам, білдірсем-ау деп көп ойланған, дұғадан әрмен іштей сан қайталап сайлаған көп әзілі мен жылы-жылы көңілінің құйрығынан ұстай алмай жаңылысып қалды, ең қызығы, жаңылысты ма, жоқ па, ол турасында пәлендей бас ауыртып әуреленбеді де. Шақшадай басы миллион километрлеп саналатын иір-шиыр жүйке тамырға емес, қарға сықай толғандай ерні бозара қыбырлап: «Қар, қар...» — деп қайталай берді. Табан астындағы беткейлерді қиялаған соқпақ сорабын қуып, қыз ізін баса шаты айрыла жаздап тайғанақтап, кейде әне-міне құлаймын деп тұрған сәтте бақшаға тігілген қарақшы құсап екі қолын екі жаңқа ерсі жайып, ауада дірілдеп қата қап, сосын әупіріммен тепе-теңдігін тапқан соң ентіге елбектеп келе жатқан күйі ол қаланы, мольберт, эскиздерді, көрме берген алтын медальдың қуанышын, көшедегі бүгін өзі бастан кешкен ұят істі, бәр-бәрін таза ұмытты — аспан деген аты бар, түсі жоқ түпсіз әлемнің кез келген және барлың нүктесінен себелей саулап, себелегені несі, құйылған қар ағыны суретші білетін, ол түйсінетін зат, тіршілік атаулының бетіне ақ шарбыны жаймалап жауып, ұмыттырғандай.

Қыз екі-үш қадам жерде көзге шалынар-шалынбас бұлың-бұлың бозғылтым қалыпта ақ алқапты есіп, жайымен жүзіп бара жатты. Қардың жаууы такси кеткен мезеттен бері біраз бәсеңдеген тәрізді. Оның орнын аспан — жер арасында қалбақтаған мың-миллион қылау басыпты, қылау қар түйіршігіндей ірі емес, әрі түн, содан болар, көзді қанша ежірейтіп ашса да қылаудың көрінетін түрі жоқ, тұтаса, қанаттаса бозғылтым мұнарға айналып, перде боп тұтып тұр. Кірпікті кірпікке еріксіз айқастырар, ұйқыны жасқанып қана тілер жылы да жайлы, ұялшақ, қылықты мұнар. Бейнесін әрең-әрең еріне танытқан беткейдегі үйлердің терезе кәсегімен кәсек боп сыртқа ұмтылған жарықтар ғана боз әлемдегі мен мұндалаған, қалпын бұзбаған айқын бірден-бір зат екен: қалғанының бәрі — ара тіс шарбақтар, үй сыртын ала томпаң үйілген шөмеле де, жарқабақтың ұшар шетіндегі бұтақтарын қаусырынған қарағайлар да бұлыңғыр. Тағы үйлердің мұржаларынан созылып, көтерілген сайын боз дүниеге біртіндеп сіңіп, өшетін бұйра түтін еміс-еміс сезілгендей.

Суретші күрте, кепкісін шешіп қолына алды. Ұйпалақ, шашының селтиген талдарын қар дір еткізіп, жеп-жеңіл қонып жатқанын жігіт анық сезді және материяның осы нәзік бөлшектерімен тілсіз туыстығын сезінген кереметтей алаөкпе қуаныш кеңсірігін ашытып, төбе құйқасын шымырлатып жіберді — қолындағы ұмар-жұмар күртені шиырып-шиырып, аспанға алақайлап атты-ай дейсің. Қарақұсша қалбақтап төмен сорғалаған күртені қағып ап, бар күш-қайратын жинап тағы лақтырды. Аспандаған қара күртені қар қиыршықтары қақпақылдап, әуелете түсті ме, жым-жылас көрінбей кетті. Сосын барып-барып, етек-жеңі делбірей әудем жерге дыбыссыз құлады. Тапырақтап жүгіріп барды да, еңкейіп күртенің етегімен көсіп - көсіп, салқын ұлпаға тұмсығын тыға құмарланып иіскеді. Таза иіс қолқасын қапты.

Жігіт аңтарылып қалды.

Дәл осы иісті қашан, қайда иіскеп еді, тәңір-ау?! Тап кеше, былтыр болмаса да, бес, он, он бес жыл бұрын бұл минуттер қайталанып па еді?!

Суретші басын сілкіп-сілкіп жіберді.

Қайталанған екен...

Қалың шидің ен ортасында түтінін көкке созып, мамыра жай тірлік кешіп отыратын бес-алты үйлі ауылда өткен балалық, шағын шынымен ұмытқаны ма?!

Он жас, жоқ, он жастан асыңқыраған шағы. Желтоқсан қарашаға ұласа келе аспан бетін ақ айран бұлт бүркесе терезеден сыртқа телміріп, балқұрақ жас көңілі маза таппай қомданып, сыртқа талпынатын. Ниетін қара, өзегін кір шалмаған өзіндей таза да, кіршіксіз аппақ алғашқы жас қарды аңсаушы еді, аспанға телміре көз тігіп, жыл он екі айда бір айналып келер сол ғашығын аңсай күтетін...

Қар, алғашқы қар жауған күні...

Белінен орай буылып, босағаға байланған қос уыс шөпті талдап тартып талшық еткен төрт-бес қозы, лақтың астынан шыққан күлімсі иіс әбден мезі етіп, құса болған бала қар қапалақтай бастасымен жиегі қырқылған жаман құлақшынын баса киіп, ауыл іргесінен қау беретін жалжал қалың шиді аралап кетуші еді. Сансыз қар қиыршықтары жайымен теңселіп, жерге қарай құлап келе жатады. Бүкіл даланың он бойы сол көрініс. Тоқал төрт-бес үй, қарағаны ұйысып өскен терең сай, сай табанындағы қорғасын түсті қара суы жылап аққан өзен қайтып бұл ғұмырда қайталанбас, алтыннан тау тұрғызуға серт айтсаң да, енді ешкім қолдан жасап бере алмайтын ғажап қозғалысқа түседі: қапалақ-қапалақ қар жерге қарай жамыраса, қара жер — өңкей бір сары үрпек бас қалың ши, оның түп-түбіндегі су сіңіп былжырап жатқан сиыр жапалары, ши мұртына қатқан мұз құласа құйрығы ағараңдай құлдыраңдап кеп қашатын сұр қояндар және кең етігін күрп-күрп сүйреткен салпаң құлақ сары бала — бәрі қосылып, қиыршықтарға қарсы жайлап көтеріледі. Тамаша еді! Мүмкін бәйгеде медаль алған суретшінің, сол салпаң құлақ сары баланың әдемілік әлеміне деген тұңғыш ұмтылыстары сол жазира далада қарға бағыштап құшағын жайып, екі езуі екі құлағына жетіп жын ұрғаннан жаман құлыперен қу талқан жүгіргенінен бас алып жатқан шығар. Ұзақ-ұзақ күттіріп, көп сарғайтқан мына медальға сүйреген алғашқы адымдар сонда-ақ атталмағанына кім кепіл. Ойласа мольберт пен гуашь арқалаған қиын сапар басы дәл сол жаһан дала үстінде ауаны үнсіз кезген нөпір қар қиыршықтарының қалың ортасына бозаңдана біртіндеп кіріп, мына беткейді шимайлаған жалғыз аяқ соқпақ сорабындай жоғалып жатыр екен...

Одан кейін ше... Қала, аудитория, шеберхана, натурашы қыздар... Сары майдай сақтап, даладан қалаға алып келген қасиетті сезім, сол у-шулы өмір ортасында тұншыға жаздапты. Бәрі — қайда сілтесең сыпылдап содан шығатын такси де, қалың табан бәтіңкелі, ылғи да асығыс, ылғи да іскер көшенің көп жүргіншісі де, ең аяғы ізін сол минутта қылау қарға көмдіріп лыпылдап бара жатқан бес қадам жердегі қыз да сол шилі өлкеге суретшіні жетектеп апарар жолды таптап, өшіре жаздапты...

Және де өзін бүгінгі бәйгеге әкеп қосқан соқыр соқпаң сол даладағы қалың жауған қар өлкесінен басталса да, әлі күнге дейін сол қапалақ кардың құрығанда жалғыз түйірін — тап алдындағы қызға ұқсас бір түйірін қағаз бетіне көшіруге уақыт бөлмепті-ау...

«Қарды салып жарылқама, ақ кар сенсіз де, сенің суретінсіз де миллион жыл жауып келген, жауып та тұр, миллион жыл әлі жауады да, тек аспан мен жер арасындағы барды-жоқты құбылыстардың ең кіршіксіз тазасы, күнәсіз періштесі — қарды таптап ластамашы, жарқыным». Бұл сөздерді өзі, әлде бөтен біреу құлағына сыбырлағанын айыра алмай, суретші сол мезетте дал боп тұрып қалды. Неге екені белгісіз, қылаумен кірігіп араласқан қызға жаңа көргендей шұқшиып қараған.

...Тік шаншылып өр басталды. Бәтіңке тұмсығы тық етіп тиген тас тек тұрмай тарс-тұрс төмен құлап, құлдилап беретін кәдімгі түйетайлы қия. Беткейді қазып салынған үйлер мен сай табанындағы жолдардың арасын қосу үшін қиядан кертілген баспалдақпен көтерілген қыздың етіктері жігіттің көз алдында алмакезек лыпылдап, тез-тез жоғары көтеріліп барады. Қыраттың тіктігі соншалық, әуеден ұлпа құлаған сайың көлбеу жатқан қар қозғалақтап, сайға қарай сырғып аққан қалып танытады. Әлде бұлыңғыр түннің көз алдауы ма, кім білсін.

Қыз етегінен ұстағандай соңынан ілдебайлап әрең ілесіп келе жатқанда бәтіңкесінің тұмсығы тепкішекке тіреліп қалуы мұң екен — күртесінің өңірі ашыла, көптен көріспей, зарығуы мейлінше жеткен жандай құшағын айқара ашып, соқпаң жиегіндегі қалың қарға күмп құлады. Тұра қойған жоқ, тұрғысы да келмеді, денесін қарға жартылай көміп ұзақ жатты. Астындағы қарды денесінің жылуы ерітіп, киімінен су шым-шым өте бастағанын, аяқ-қолы төрт жаңқа тарбиып, бәйге алған суретшінің абыройына абырой қоса қоймайтын қызың жағдайда жатқанын сезсе де тырп етпеді. «Қандай жұмсақ еді, — деп ойлады қарды ауыз толтыра қауып. — Алыстан аңсап кеп, асығып қосылған ғашықтарға арнап салынған төсектей жайлы екен.... Ал ғашықтарың кім?»

Рабайсыз оңыс ойынан өзі ұялып қалды.

Қыз иығынан тартып тұрғызып алды. Қар жұққан үсті-басын қаққыштап, бәйек боп жүр.

— Оқасы жоқ. Қазір тыңайып кетесің. Үй, әне, көрініп тұр. Әлі-ақ ыстың шай ішеміз,— дейді.

Үсті-басы ұлпа қыз жігіттің қыраулы кірпіктері күргейлеген көзіне кенеттен бір уыс қарға ұқсап керінді. Иә, иә, қаптап жауған жеңіл ұлпалардың бірі ғана... Бағила шынымен бір уыс қарға айналса, тап әзірдегідей күртенің өңірін айқара ашып, ыстың құшаққа көмбей не тұрыс? Жүрегі жылы мейірге шүпілдей толып, екі қолын ілгері соза қалбақтап қызға ұмтыла беріп еді, құдай ұрғанда тайып кетіп құшақтамақ түгіл, қызға сүйеніп әупіріммен әрең құламай қалды.

Қыз ернін жігіттің құлағына тиер-тимес тақатып, жылы демін үрлей:

— Үй жаңын қалды,— деді.

Бағила алда, суретші соңда — екі нүктелі шолаң тізбек беткейге бауырымен жабысып, тұман мен қылаудан тұрған ақ қабырғаны маңдайларымен сүзіп бара жатты.

Биік ағаштардың қар әдіптеген бұтақтары емін-еркін жайыла, мінбелей тақ төбесіне төніп тұрған екі қабат үй тақалып бармаса байқалмастай екен.

Қыз — бір уыс қар жоғары дыбыссыз көтерілді, дыбыссыз көтерілгені — етік тақасының тықылын баспалдақтағы көрпе қалыңдығындай борпылдақ қар өшіріп тастаған еді. Бұл болса себелеген қалың қылаумен араласып, қалықтаған қызға ауыз ашып қарап төменде тұр. Кілт сылдырлады. Кілт қыз қолында емес, кілкіп жүзген аң мұнардың ішінде қалқи ілініп, өзінен өзі сылдырлаған сықылды өң мен түс арасындағы тылсым да қызық хал.

Күтімді заттың ретімен есіктің сықырсыз ашылуы мұң, есік пен жақтау қиылысынан сызықшаланып сыртқа лап берген жарық қар үстіне ұзыннан-ұзақ сылқ құлады, ал семсер бойындай сол жарықтың сүйір ұшы суретші туфлиінің тұмсығына жете жығылыпты. Қараңғылықты бір-ақ сілтеумен тіліп түскен жарың өтінде ұлпа қылаулар аударылып-төңкеріле жылтылдап, табан астына құлап жатыр, себезгілеп жатыр. Жалғыз, бар-жоғы бір адым алға басса, сол сансыз қиыршықтарды баспалдақ тақтайына аяусыз жанши жапсырып салатынын, сосын ағаш, сай, қыраттардың төбесінде тербеліп тұрған әдемі әлемнің әке-шешесі қыдырыстап кеткен мына қыз сияқты әсем кірпіші сынып түсетінін, сөйтіп, көпе-көрнеу сынып көшіп, сыры кетіп жүре беретінін іштей сезіп тұр.

— Жүр, жүрсейші енді!

Тұншыққан дауыстың қай тұстан естілгенін әуелгіде аңдай алмай біраз жапақтап, соңынан барып қыз жаңқа қарап еді, қалың қылау мен мұнардың тас құшақтасып қойындасқан қабырғасы түк көрсетпей, буып тұр. Қанат бәрібір қыздың мына қарды, қардың бір уысындай ғана өзін жігіттің батыл басып, таза дүниені тастап баспалдақ арқылы қапырық бөлмеге кіруін тілеп тұрғанын жаны түршіге сезді.

Бірақ жігіт бар болғаны нағыз суретші-тін.

— Бір уыс қар... — деп айқай салды да, ол кілт бұрылып, бар пәрменімен кейін жүгіре жөнелді. Аула бұрышындағы үйшіктен атып шыққан тайыншадай қара төбеттің аппақ қардай азу тістері бір шалғайын алып қалғанын аңғармады да, тек аяң астындағы таза қарға табанын мейлінше тигізбеуге тырысып, бірден құлдилап сала беретін сайға қарай жүгіре басып, балет бишісі құсап қарғи берді. Сүрініп кетіп еді, кепкісі ұшып тақ алдына түсті. Зырқырап ой жаңқа ұшқан жалғыз қара — кепканың бұған жеткізетін түрі жоқ, жығылып жатқан бұдан алыстай біртіндеп еріп, тұншыға, жұтыла берді.

Тым-тырыс ұйыған тыныштықты төбеде қалған төбеттің ішін тарта ұлығаны мен білегіндегі сағаттың сыртылы бұзып тұр.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер