Өлең, жыр, ақындар

Қорап сіріңке

Қызметке жуырда орналасқан Жебесін үшін кеңсе өмірі әрі таңсық, әрі таусылмайтын тамаша. Мәселен, аға инженер Ерсайынның мінезі жатқан бір жыр. Сол жырдың бір шумағы оқиғаға айналса, төмендегідей болар еді.

...Пыш-пыш жазады да отырады. Не қоймайды, не тоймайды. Анда-санда солқ еткізіп, мұрнын тартады. Бөлім бастығы шығып кетсе, қалтасынан сіріңке, сигарет суырып, ұртын қомпылдатып, шылым тұтатады. Сонсоң кеңсірігін күрт жеп бара жатқандай аузынан сақина-сақина көк түтінді лоқылдатады дейсің. Ауада қалқып жүрген көгілдір орамдарға көзі тойғанша ежірейіп қарайтыны бар. Асылы, кеңсе жұмысы өзін әбден ерқашты етіп, мезі етіп тастаған-ау. Бұл рақат кепке бармайды. Кабинетке кіріп келген бөлім бастығы ортада тұра қалып, иіс тартады. Тыжырынады.

— Әй, Ерсайын, әй айналайын, дәлізге шығып боздатшы андағыңды. Көк түтінге қақалып өлетін болдық қой, тәйірі. Қанша айтамыз, тегі. Құлағыңның қақасы бар ма осы? — деген бүйенге тепкілеп тұрып тыққан шұжықтай кебу үн шығып қалады. Екі-үш жас үлкен болса да Ерсайынды «айналайын» деп жарылқап тастайды. Еркін Халықыч сондай қызық адам. Ең әуелі өзінің бөлім бастығы екенін жақсы біледі. Сонан кейін барып, басқадай жоғары лауазымдыларды мойындайды. Бастықтың ондай мінезін баяғыдан білетін Ерсайын сөз қайтармайды. Орнынан тұрады, қозы қарнымен үстелді алға бір, бөксемен орындықты артқа екі итереді де, жайлап басып дәлізге шығып кетірді.

Жырдың жанға жайсыздау тиетін екінші шумағы мынадай.

Жұмыс істеп отырған Ерсайын, кенет, бүкіл денесімен оқыс бұрылып, көрші столдағы Жебесіннің бетіне бақырая қарап отырып алады. Жас қызметкер, әрине, астына су кеткен адамдай қыпылықтайды. Үстел тартпаларын себепсізден-себепсіз сарт-сұрт ашып, тарс-тұрс жабады. Бір уақытта жауырын тұсы ма, білегі ме, дуылдап қыши бастайды. Астындағы шегелері босап кеткен орындық сай-сүйегі сырқырай сықырлап, тіл бітеді. Ойы ойран ботқа. «Мына пәле мені неге баға қалды? Бірдеңені біліп отыр ма? Не бүлдіріп ем жуық арада?.. Алдыңғыгүні жолдас-жораны жиып алып, ресторан бардым. Қалтаны қағып, қызметімді жудым. Армансыз жудым да, шығарманға келгенде кезек бермей өндіршектеген әнебір сабалақ шаш ағаш кеңірдекпен киім ілгіштің қасында ұстастым да қалдым. Ерсайынның үйі сол ресторанның төбесінде деуші еді, балконда таза ауа жұтып тұрып, жанжалды көріп қалды ма? Басқа бүлдірген түгі жоқ. Ойбай-ау, ендеше, мына қызылкөз соншама неге қадалады? Ой, өзі де бір мұрны быттиған, ерні салпиған, кейіп-кеспірсіз жан екен де».

Бұл ой азабында шаруасы шамалы Ерсайын айылын жимайды. Шуалшын жұтқан балықтай мәңгіріп қарап отыр, қарап отыр. Бір мезеттерде мойнын марғау бұрып, алдындағы қағазға үңіледі.

Жас жігіт қара ала қағазға ұзақ жылдар шұқшиып, көз майын тауысқан адамның әдеті осы екенін қайдан білсін. Білмеген адам у ішеді. Тағы бір осындай арбау басталып бергенде, диплом қорғаймын деп жүйкесі жұқарып қалған ба, Жебесін қозғалды. Қаламын үстелге тастай салды. Қағазын әрі ысырды. Бөлім бастығы жоқ еді. Орнынан тұрды да, лагі тозып, сан қилы өкше айқыш-ұйқыш сызғылап тастаған паркет еденді нәштей басып, не болса о болсын, Ерсайынның қасына барды. Қолын қалтасына салған күйі өкшесін әлсін-әлі көтеріп, аға инженердің көзіне көзін қадады. Бақса... аға инженер бұған емес, мұның үстеліне әлі қарап отыр! Баяғыда бір француз фильмін көріп еді. Сонда кенсе жұмысынан әбден қажыған қақсал қызметкер креслода тіп-тік отырып, көзін бақырайтып ашқан күйі жұмыс үстінде ұйықтай беретін. Бір күні қызметтес жолдасы өзімсініп, әлгінің иығынан қағып қалғанда ұйықтаған күйі еденге дүрс етіп, тырайып түскен. Сондай тамаша әдіс! Мына Ерсайын да сөйтіп жүрмесін. Әйтпесе Жебесіннің орнынан тұрып кеткенін, қасына келіп, жарыла жаздап тұрғанын байқамас па, бір қимыл-қозғалыс жасамас па? Аяп та тұр өзін. Қасына келгенде көрді, самайын ақ шалыпты. Темекі түтіні ыстаған қалың мұртының ұштары қызғылт тартқан. Әлден уақытта ұйқыдан оянғандай селт етті де, кезін Жебесіннің орындығынан мұның бетіне аударды. Момақан морждың қорғаншақ қарасы... Алдында адам емес, туссіз ауа тұнып тұрғандай жайбарақат. Темекінің түтінін бір езуінен ағызып отырып:

— Сонымен... Американы кім ашты өзі? Колумб па, әлде викингтер ме? — деді.

Мәссаған, керек болса! Тар бөлмеде қамалып отырып та мұндай тарихи-географиялық әрі бүкіл әлемдік деңгейдегі ойларды ойлауға болады екен. Соған қоса осыншалықты бейбіт мәселемен басы қатып отырған адамның қасына тебітіп келгеніне өзі де ұялып қалды. Сасқан үйрек артымен сүңгиді:

— Американы азиялықтар ашты. Бәленше мың жыл бұрын Чукотка мүйісінен Аляскіге, Аляскіні баса Америкаға өтіп кеткен азиялықтар қазіргі америкалық үнділердің ата-бабасы, — деп, аға инженерден де асып түсті. Мұншалықты батыл ой айтқанына өзі де қысылып қалды, бұрылып алып, үстеліне беттеді. Табалдырықты аттамай жатып, мұндай ғажап тұжырым жасаған жас инженердің батылдығына сүйсініп қалды ма, Ерсайын «еһе-еһелеп» күлді.

* * *

Жебесін институтты биыл бітіріп еді. Жолдаманы облысқа алды. Оқу орнын үздік бітіргені туралы қызыл диплом қолға тигесін чемоданның терең түбіне салып тастады да: «Бес жыл бойы инемен құдық қазудан шаршап-шалдықтым, аяқты бір еркін көсіліп, демалуым керек», — деп, ауылға тіке тартқан. Армансыз аунап-қунап, табаны күректей екі ай демалды. Екі айдың ішінде де ары қарайғы өмір жолын астанадағы беделді қызметтің құлағын ұстаған ағасы мүлдем басқа арнаға бұрып жіберіпті. Ауылға аттанарда: «Көкем мен тәтемді қуант та, саған, маған деп сақтап қойған ірімшігіне сары майды қалыңдай жағып жеп жата бер. Мен де ай қарап, жұлдыз санамаспын. Хабарын кейін естисің», —деп, бір мол дүм және зор күштің құлағын қылтитып қойған. Хабарын да естіді ақыры. Сөйтсе баяғы дүм үлкен дүмпуге, оның арты келісімге ұласыпты. Ағасы облыстағы таныс жігіттеріне қолқа салыпты. «Мұңдай кадр бізде бар. Демеуов Ж. жолдас қайда барса да төрт құбыласы түгел ашық» деген қатынас қағазды алдырыпты. Бір істі бастаса аяғына шықпай қоймайтын ағасы Жебесінді дереу астанаға шақыртты. Едел-жедел жеткесін: «Осыған өзің қалайсың? Құптайсың ба, жоқ па?» — деген сұрақты былай ысырып қойып, төтесінен салды. «Қалтаңда қазанның қақпағындай қызыл дипломын. бар, астанаға сыясың. Көмектесемін. Осыған дейін біздің ұрық-шәріптен қалада жалғыз қаңғығаным жетеді. Есің бар бала едің, институтты қағылмай-соғылмай әдемілеп бітіріп алдың, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Талабың тас жарған азаматсың, шық былай оң жағыма!» — деп, кесіп-пішіп тастады. Жебесін мәселенің ар-ұят жағын түртпектеп қозғап көріп еді, ол кісі мұны да ойластырып қойыпты. «Қалада қалуға моральдық хақың бар. Кәне, күрсіңде кім қызыл диплом алды? Айтшы, кәне!» — деп зіркілдеді. Ойлап қараса, курсте, шынында да, ондай дипломды алған жалғыз өзі екен. Сонымен аузына құм құйылып, келісуге тура келді.

Ағасы бірдеңе деді ме, әлде қызыл дипломның күші ме, НИИдің кадр бөлімінің бастығы көп тергемеді. Бір күннің ішінде осы бөлімге инженер болып орналасты. Қалаға тұрғын болып тіркелу жағын ағасы реттеп берді. «Оң басқан аяғыңды енді сол баспа, шырақ! Мына төрт бөлмелі пәтерден саған да бұрыш табылар еді, бірақ маған ауыз аша бермесін, өзі де жүрер жолын, жер нанын бастан тауып үйренсін деп бөлек шығарып отырмын. Бұдан былай менен көмек күтпе. Өз тағдырыңның тізгініне өзің не бол. Шаңырақ көтерем, отау үй болам десең ғана шет қалмаспын. Оған дейін көріскенше күн жақсы!» — деп, кесіп-пішіп тастаған.

«Е, — деп ойлаған оңашада, — емін-еркін, алдың-дұлдың өмір келмеске кеткен екен. Екі қарап, бір шоқу басталды. Өз-өзіңе мықты бол, Жебесін!»

Әзірге өз-өзіне мықты секілді. Бүгін де екі шоқын, бір қарап, әлдебір жобаның документін сүйкектетіп толтырып отырған. Белім бастығы мен аға инженер күбір-күбір әңгіме үстінде. Алғашқы апталардан бастап-ақ ыждағатты қызметкер болып көрінгісі келгендігі сондай, екеуінің сөздеріне құлақ салмаушы еді.

— Мені адам қатарына санайсың ба, жоқ па?

Бөлім бастығы саңқ еткен. Жебесін цифрын қате жазып қойды. Әйтсе де бас көтермей, қаламын жорғалата берді. «Екі түйенің арасына түсе көрме, бостан-босқа өліп кетесің. Бөлімдегі ұрыс-қағысқа араласпа, өзіңе тікелей қатысты болмаса, арғы құлағымнан кіріп, бергі құлағымнан шықты де де, жұмысыңды ептей бер», — деген ағасының ақылы дер кезінде еске түсті. Бірақ бой жасырып бұққанмен ақыл-ой ұйықтай ма. «Өлтіре ме, немене? Осыншалықты зіркілдеп... Еркін Халықыч өзіне де, өзгеге де онша сене бермейді-ау. Ұрыс-керісі де сол сенімсіздіктен шығып жатады...» — деп, бір қойды.

— Енді Еркін Халықыч... тыңдап отырмын ғой... — Аға инженер жүзімен үстел сүргілейді. Міңгір-міңгір үні көмейінен емес, иір-иір тоқ ішегінің әлдебір қуысынан шыққандай құмығыңқы.

— Ендеше, неге маған адамша бас көтеріп, тіке қарамайсың? Айранды сүтке қосып, бірдеңені былықтырып қойғандай бұғасын да отырасың, бұғасың да отырасың. Тіпті қарадай күдіктенеді екенсің.

Аға инженер бәрібір бас көтермеді.

— Мына бір жұмыс оқыста киіп кетіп...

Бастық шарықтай түсті.

— Жұмысты жау алмайды. Отырмыз ғой обиып-обиып... Бәрімізге де пенсияға дейін жетіліп артылады. Осы мекемедегі мақтаулының бірісің. Неге бүгежектейсің? Кімнің бетіне болсын, тіке қарап, анық та қанық сөйлейтін жасқа жеттің, көкесі. Ертең менің астымдағы мына үстел алда-жалда мөңкіп кетіп, жығылып қалсам, мына орынға сен қонжимағанда кім қонжияды. Сонда мына, — Ерсайынға шақшиып қараған күйі Жебесін тұсқа қалам құйрығын шолтаң еткізді, — жігітке қалай ғана айтқаныңды ақ, қарғысыңды қара қыласың, соны айтшы, кәне?

Бөлім бастығы қық-қық күлді. Емен-жарқын көңілді. Астындағы үстелдің таяу жылдарда мөңки қоймайтынын жақсы білетін адамның тоқ күлкісі.

Осыдан соң ғана аға инженердің жаны кіріп, бетіне қан жүгірді. Манадан бері бастықтың жүзіне алғаш рет қарап, аузы сәл қисайып, жылымшы күлімсіреді.

— Үйренеміз ғой, өзіңізден үйренеміз...

Жебесін цифрын тағы қате жазып қойды. Бұл жолы бастық емес, Ерсайын кінәлі еді.

...Жұмыс аяқталды. Әуелі бастық одан кейін Ерсайын, шығып кетті. Бірдеңені бүлдіріп алғандай екеуінде де үн жоқ. Қоштаспады да. Әсіресе аға инженер жабырқау, жасқаншақ секілді. Орындық арқалығына шалқалаған Жебесін бәтеңкесінің тұмсығына қойып алған құртақандай құмырсқаны көргендей және оны үркітіп алудан қорқатындай қыбыр етер емес. Болашағын ойлап отыр. Он-он бес жылдан кейін бұл да Ерсайынның кебін кие ме?

* * *

Мюнхаузеннің дүрбісіндей ұзын да тар дәлізді бойлай келіп, лифт орнатылған басына шықты. Шылым шекпек ниетпен қалтасын қақты. Іздеген сіріңкесі табылмады. Темекі тартқандар да көрінбеді. Жоспарлау бөлімінде істейтін бір тікбақай кәркесті қыз тақасы сартылдап өте беріп еді, соған жабысты. Қызметке орналасқан алғашқы күні дәл осы жерде шылымын шегіп тұрғанын көрген.

— Ғафу етіңіз, сіріңкеңіз жоқ па? — деп, мақамдап сұрап еді, жоспарлағыш бикеш алдында жас жігіт емес, колбаса асаған әңгүдік ат тұрғандай көзінің итін салып қарады.

— Кешіріңіз, тастағаныма екі күн. Кезінде көк түтінге көміліп бағып ек, одан көрген пайдам жоқ. Инеліктей имиіп, қарамай жаққан бағандай серейіп қаттық та қалдық. Әркімнен сіріңке сұрап қайтесіз. Тілімді алсаңыз, тастаңыз. Медиктер шылым шеккендер басқалардан гөрі бес-алты жыл кем өмір сүреді дейді. Оқыңыз. Өкпе, тері рагі сияқты кеселдердің өзі... — деп, кіл үрейлі әңгімелерді жаңбырша жаудырды.

Әңгіменің көрігін қыздырған бикеш:

— Қылшылдаған жігіт екенсіз, мен сізді тіптен аяп тұрмын, — деуге дейін барғанда, шыдамады, тісінің арасынан сыздықтап шыққан:

— Ғафу... — деген жалғыз сөзбен әрең тоқтатты. Қыз иығын қиқаң еткізді де, қайқайып кете барды.

Жебесін лифтінің оң жағын түгел алып тұрған қабырға терезеге беттеді. Жаңбыр тамшылары шаршылап қаланған слюда әйнекті тық-тық шертіп тұр. Ирелеңдей лыпып сырғанаған қауға бас тамшылар біресе баланың башмағы, кейде бокс қолғабы, енді бірде балық, бақа кейпіне тез-тез өзгеріп жатыр. Әйнек қабырғаның ар жағы қиқы-жиқы әлем... Шалқасынан ашық тұрған желдеткіштен жаңбыр иісі аңқылдайды...

Шылымын уқалап тұрып, көңілсіз ойларға белшесінен батты.

Кеңседе өткен кешегі ит-ырғылжың есіне түскенде, өзін ғұмыр бойы қайтып шыға алмайтын темір торға түсіп қалғандай сезінді.

Кеңсе өмірі студент әлемінен өзгеше, мүлдем басқаша орта екен. Студентке көп дүниенің қажеті жоқ. Киім бүтін, қарын тоқ болса, деканның қаһарына ұшырамай ай сайын стипендиясын алып, аптасына екі-үш рет дос-жаран, қыз-қырқындарға қосылып, кинотеатрына барып тұрса, ұпайы түгел. Күн көрістері, аштық-тоқтықтары бір-біріне ұқсас, өзгешелігі жоқ. Жатақхана, оқу корпусы, көше, кино, театр - бәрін тең бөліседі, бірдей көреді. Алда-жалда шекісіп қалса, жора-жолдастары екі жақты да талқыға салып, кінәлісіне кешірім сұратып, қолма-қол татуластырып жіберетін. Ал мұнда керісінше. Күндізгі сегіз сағаттық қызметте ғана бас қосылады, ары қарай әркім әрқалай күн кешеді, әр семьяның ғұрпы басқа, иттері қарақасқа деген ережені тұтынады. Мұның өзі адамның мінез-құлқына да көлеңкесін түсіре ме, әркім әрқалай, «айдаладағы ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау». Кешегідей сезге келісіп қалса да, ешкім араласа алмайды. «Қойыңдар!» демейді, Ал: «Өлмесеңдер өме қап!» — деп, санын шапақтауы әбден мүмкін. Әрқайсысы ұрыс біткесін оңашада күйініп, өз-өзін қазғылап, ақыры түтіні бұрқырап барып, бір кезде сөнеді-ау.

Сонда... өмір осылай етпек пе? Жебесін, жарайды, келер жылы, әйтпесе одан арғы жылдары үйлі-баранды болады, қашанғы мына үстелді құшақтап отыра береді. Әуелі аға инженер, содан кейін бөлім бастығына жоғарылайтын шығар. Бірақ одан не өзгереді? Бәрібір әлгі «айдаладағы ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» бір-бірін аңдып, сөздерін санау...

Слюда қабырғаның бергі жағынан жаңбыр жауып, найзағай жарқылдап, көшеде қолшатыр көтеріп, жүгіре басып бара жатқан ию-қию анау өмірге қазір қарап тұрған өзі сияқты көңілсіз орта екен кеңсе өмірі.

Күйзеліп кетті де, темекі тартқысы келді. Бір ыза бойын буып, кейін бұрыла беріп еді... лифт кабинасы мен бетон қабырғаның арасындағы қуыста, рама үстінде тұрған бір қорап сіріңкеге көзі түсті. «Өрт — тілсіз жау!» деген қызыл жалқын әріптері мен ұшында жалын тілі қатып қалған шырпы суреті бар жағы бермен қарап, тәйкі тұр.

«Бос қорап шығар...» Әйтсе де қолын созып, қуыстан суырып алды. Сілкіп еді, салдыр етті. Шырпы шағып, темекі тұтатты, аузы-мұрнынан көк түтінді қос-қостап жіберді. Басы айналып, тірсегі дірілдеп, баз рақат күй кешті. Кім болса да біреумен жайма-шуақ әңгіме-дүкен құрғысы бар. Дәлізді бойлай қарап еді, ешкім көрінбеді. Сіріңкені қалтасына сала берді де, орта жолда тоқтап қалды, Қуыстағы орныма қойды. Алабажақ тикеткасын бері қаратып, қалай алса, сол қалпынан аудармаң тәйкісінен қойды. «Қызық, мұны лифт қуысына кім тастап кетін жүр?» Шылым шегушілер, әдетте, басы артық бір сомын суырып беруге бар, ал бір тал темекі мен шырпыны әкесінің құнына балай ма, қинала-қинала әрең қияды. Кейде бермей де қояды. Ал мына қорапты айдалаға тастап кетіпті. Әрі арнайы үңіліп, әдейі қараған адам болмаса, ешкім көрмейтін терең қуысқа тығыпты.

Қалдықты саусағының ұшымен шертіп қалып еді, бұрыштағы себетке қарай зымырады. Бұл кезде Ерсайын да қойқаңдап, дәлізге шықты. Алақанын толтыра иегін уыстап тұрды да, самайына қарай бір-ақ тарта салып, толқынды шашын сылап-сипады, оң-сол жағына мойнын әнтек бұрып, толықси қарады, сонан кейін осы мекемедегі ең үлкен бастықтың жүрісіндей салмақпен нығыз басып, бері беттеді. Екі қолын арқасына салған. Әлденеге айран-асыр таң қалғандай ұясынан сәл-пәл шығып тұратын үкі көзін Жебесіннен айырар емес. Қалын қабағы салбырап кеткен. Жас жігіт бәрібір оның ойы басқада келе жатқанын айтқызбай біліп тұр. Көз алдына үстеліне тастап кеткен қағаздағы қалың цифр қамап, түк көрмеуі мүмкін. Еркін Халықыч екеуі он үш жылдай бірге жұмыс істепті. Ондай қазымыр бастықтың тақымында осыншама уақыт желе жортып жүру кез келген жанды шала жынды қылатын нәрсе. Кім біледі, бұл кісі қорғалақтап, екі иығына нардың жүгі түскендей сөлбірейіп жүрсе, сан жылға созылған теке тірес, қыржыңдаған қабақ езіп жіберген шығар. Оның үстіне күні бойы үстел құшақтап, қалам кеміріп, қағаз жазған бір сарынды қызметтен ауыр жұмыс бар ма. «Халіңіз қалай?»—ды ауызбен айтпаса да, қабағымен білдіре алға аттап түсті. Ерсайын мұны көзімен бұрғылай:

— Дүниеде сенен артық маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да, —

деп, мұрнынан ыңылдай ту сыртына өтіп кетті. Абыржып қалған Жебесін сол бетімен қарсы қабырғадағы хабарландыру тақтасының қасына барып тұрды да, ыпыр-жыпыр жазуларды оқи бастады. Кенет, ту сыртынан сіріңке қорабы сылдырлады, шырпы «др-р» жанды, темекі тұтатылды, іле мұрны күкірт пен көк түтін иісін сезді. Қорап екінші қайтара сылдырлады. Осының бәрі естіген дыбыстар секілді, құлағына майдай жағып барады. Бір сезікпен жалт қарап еді, найқала басқан Ерсайын лифт тасасынан бері шығып келе жатыр. Саусағының арасына түтіні шұбатылған шылым қыстырыпты.

Аға инженер темекіні өз қалтасынан алғам сіріңкеден тұтатты ма, әлде қуыстағы қорапты пайдаланды ма?

«Осыны білем...» — деген құмарлық бойын биледі. Өйткені қуыста тұрған қорап әлдебір құпияларды мезгегендей ме, әйтеуір, көңіліне секем тастап еді. Сол түймедей ғана күдікке уақыт өткен сайын тағы бірдеңелер жамалып, қосылып дегендей, үлкейіп, түйедей болып бара жатқан секілді.

Қалтасынан бір тал сигарет суырды да, езуіне қыстырды, жайбарақат аяңдап, Ерсайынның қасына барды. Аға инженер темекі түтінінің бір орамын құлағына орап алған күйі жайбарақат тұр.

— Хал қалай, бала?

— Жақсы, жақсы... — деді сәл тықыршып. — Сіріңкеңіз жоқ па?

Ерсайын мұртын салалады. Тап әзірде хал сұрағанын ұмытып қалды ма:

— Хал қалай? Көңіл күй «бес» пе? — деді.

— Орташа. Егер мына темекіні тұтатып жіберсеңіз, жақсыға жетіп қалар еді, — деді жыпылдап. Мұндай арзанқол жылпылбайлық о бастан Жебесінге жараспайтын және шықпай жатушы еді. Еш ынтасыз, жалған сөйлесе, иеге екенін қайдам, өстіп майысып-қайысып қалатын. Неғұрлым ұтымды, төбесінен түсіп, ұтқыр сөйлегісі келсе, соғұрлым жаңағыдай сәтсіздікке ұшырайтын.

Аға инженер мұның ойын ауадан оқып тұрғандай:

— Шетел жазушыларын көп оқисың ба? — деді.

Қабырғадан қойылған төтен сұрақ сұқпытын қашыра түсті.

— Енді жаспыз ғой. Қол-аяқты шырмаған қатын-бала жоқ. Сосын әр түрлі авторларды оқимыз, билейміз, кафеге барамыз, — деп, әбден тантыды. Темекі тұтату мәселесі жайына қалды. Сөйлеген өзі емес, қасында тұрған басқа біреудей-ақ едәуір күйзелді. Жайшылықта ешкімнен қарызға сөз сұрамаушы еді. Жалпы, қайтсе де біреуге сүйкеніп, жағымпазданғың келсе, осындай тәлкекке ұшырайды екенсің. Жағымпаздық табиғатында жоқ пәле еді, оның өзін жек көретін, бірақ өмір деген мықты алдына салып дедектетіп, таудан да, сайдан да шығарады, ондай-ондай қысылтаяң сәттерде дініне жат, бөтен мінездерге де амалсыз барасың. Санап отырса, жағымпаздықты екі-үш рет жасапты. Мынасы төртінші болар.

Басы таз неме ме:

— Нағыз қазақ бүйтіп сөйлемейді, — деп, аға инженер жата қалып, атын және үркітті.

Жебесінді төтен ашу қысты. Басқа басқа да, Ерсайынды дәл мұндай екі беткей жан деп ойламаған. Кеңседегі тірлігі анау — бөлім бастығының бетіне тіке қарай алмай, көзімен үстел бетін сүргілейді. Бар-жоғы бес адым былай шығып еді, лауазымы бір саты төмен Жебесінді піспектеп, жүйкесін жұқарта бастады. «Нағыз қазан бүйтіп сөйлемейді», — деп, тақиясына тар ұғымдарға қол салды. Сонша шаншылатындай неше қазақты жөнге салып жүр екен?

Тайтаңдай басып, батыл сөйлеп жүрген студенттік жылдары еске түсті. Сол-ақ екен, бойына күш бітті.

— Еркін Халықычты айтамын да... сізге неменеге қожаңдай береді? Неге басынады? — деген арсыз сұрақты қойып қалды.

Ерсайын сәл қызарды. Ойланды. Шашын сылады.

— Әй, қу бала... — Күлімсіреген болды. — Жымсиып отырып, оны да көзінен тізгенсің бе? Бастықтардың жүріс-тұрысын теріп қайтесің. Олар ондай пысықты жаратпайды. Күндердің күні тіміскілеген тұмсығыңның дәл ұшынан шертіп қалса, не етер ең? — деп, саусағын безеп, сес көрсетті. — Не десем саған... Еркін Халықыч та, мен де басқа толқынбыз... Сендерге, әрине, отырғанымыз опақ, тұрғанымыз сопақ көрінеді. Он бес-жиырма жыл бұрын бастық пен бағынушының ара қатынасы өзге-тін. Өмір одан бері үдере көшіп, ұзап кетті. Ілесе алмай, шаңына қақалып қалдық. Халықыч та, мен де... Ешкімге ештеңе деп тіс жармасақ та, екеуміз де оны жақсы білеміз. Қазандай қайнаған ой-түйсіктің ыстық буын оқтын-оқтын сыртқа шығарып отырмасаң, бір күндері қақпақты аспанға атып жібереді. Біздің теке тіресіміз де сол ащы запыран ғой. Түптеп тексере келсең, осының бәрі Абай атамыз айтып кеткен баяғы «Болыс болдым мінекидің» көбі де. — Төмен қарап тұрды, тұрды да темекі тұқылын себетке лақтырып тастап, кеңсеге беттеді.

Жебесін мұншалықты салмақты, орнықты сөздерді Ерсайынның аузынан естимін деп ойламап еді. Бұл кісінің көкірегінде басқаға белгісіз, тек өзіне ғана аян бір мұң ұйып жатқанын пайымдады. Аңырып тұрып қалды. Аға инженер ұзап кеткесін ғана сіріңке есіне түсті. Жүгіре басып, қуып жетті.

— Ереке, шырпыңыз болса...

Жауапты аға инженердің шой желкесі қайтарды.

— Ұяттымын. Шылымды бір жігіттен тұтатып ем.

Құрығанда қалтасын қағып, сіріңкесі бар ма, жоқ па, тексерген жоқ. Ал шылым шегушілер біреу сіріңке сұраса, міндетті түрде қалтасын сыртынан қағып, сосын ғана иә бар, иә жоқ дейтін. Ол ол ма, ақ самай Ерекең беті шылп етпей, өтірік айтуға дейін барды. Манадан бері қастарынан шылым шеккен жігіт түгіл, жай адамның өзі өткен жоқ. Сонда қалай, аға инженер темекіні ауадан тұтатып алды ма? Әрине, қуыстағы қорапты жаратқаны бесенеден белгілі. Ендеше, неге оны жасырып тұр? Қуыстағы қорап сіріңкеде қандай құпия, сыр бар?

Ертеңінде кеңседен түске таман шықты. Салған беттен лифтіге беттеді. Сигаретті ерніне қыстырды. Сіріңке тұрған қуысқа, неге екені белгісіз, қолын созбады. Бір жүрексіну бойын биледі. Қуысқа көз құйрығын салып еді... сіріңке қаз-қалпы, орнында. «Өрт — тілсіз жау!» деген шиқандай қызыл әріптері көз қарып, тәйкісінен тұр. Ерсайын кеше темекі тұтатқасын қорапты қалай алса, солай қойып кеткен еді.

Жебесін: «Мұным не?» — деп, пәлендей бас ауыртқан жоқ. Қорапты суырып алды. Шылым тұтатты. Содан соң қораптағы шырпыларды қоқым салатын жәшікке төкті. «Тыққыштауыңызға қарағанда бұл тегін сіріңке болмады, Ереке! Бос қорапты қайтер екесіз, енді соны көріп алайық, — деп, іштей аға инженерді табалады. Бос қорапты орнына қойды. Дес бергенде бұл қылығын ешкім байқаған жоқ. Соған жүрегі алып-ұшып, қуанып тұрғанын сезді де, еріксіз ішін тартты. Басқаның байқамағанына мәз болса, мұның өзі ұрлықпен пара-пар бірдеңе де.

Өкінгенмен пайда жоқ, бітер іс бітіп кетті.

Келер минутта дәліздің қайбір тұсынан есік ашылды да, маңдайындағы «Өндіріс бөлімі» деген жалтыраған мыс әріптер ту сыртындағы терезеден түскен сәулеге шағылысты. Дәлізге шыққан көк джинсті бойшаң қыз есікті жапқасын жан-жағына жалт-жұлт қарап, сәл тұрды. Әне, бері салды. Егерки шүйдесінен өкшесіне дейін метрлік жіп салып өлшесе, майыспай, қайыспай ағып түсе қалатындай тұлғасы тым тіп-тік екен. Арқасын түгел жапқан қалың қолаң шашы қобырай түсіп еркін жатыр. Жігіт: «Сол қара толқындарға тас батып, жоғалса ғой»,- деп ойлады.

Дік-дік басқан қыз жақындап қалды. Көзі көз-ақ екен. Ұзын қара кірпіктері кіреукелеген, әйтсе де тоқталып ұзақ қарасаң, терең тұңғиығында бір үнсіз айқай тұнып жатқан үлкен көз. «Көзі мен шашына қарамау керек... Қарасаң болды, бұзылып кетуің ықтимал. Не менімен шамалас, әйтпесе бірер жас үлкен... «Осындай балдыр-батпақ ойға малтыққан жігіт арбалып қалғандай қызға қарсы беттеді. Тұрған жерінен бекер қозғалыпты. Тебітіп келіп қалған қызға жол бергеннің орнына теңселеңдеп, жолына кесе-көлденең тұрып алды. Қас қағымдық сол бетпе-бетте өзін темір, қызды алмастайын сезінді. Қыз оң жаққа жалт берігі айналып өтпек еді; Жебесін де солай қарай ауысты. Анау енді солға қарай ауысты. Бұл да сиқырлап қойғандай сөйтті. Ақыры екеуі де бетпе-бет келген күйі тұрып қалды.

Қыз күлді. Әйтсе де жанарында жасырынып жатқан әлгі бір мұң еріген жоқ.

Жігіт те жымиды. Осы бойжеткенді көргелі уайым-қайғысыз студенттік жылдары есіне түсіп еді. Және де қызмет істей бастағалы шаң ала бастаған жан дүниесін әлдебір лекіп соққан самал жел үрлеп өткендей жаңарып, тазарып дей ме, әйтеуір, бойынан жастықтың алып ұшпа көңіл күйін сезіп қалып еді. Сол албырт екпінмен:

— Сәлеметсіз бе? — деді қызды танымаса да.

Бойжеткен жымиысын жимаған күйі басын изеді.

Басталып кеткен әдемі ойының иіріміне түсіп қалған Жебесін:

— Сіз бен бізді осы дәлізде тағдыр жолықтырды, білем, — деді.

Басын бір сілкіп, қалың шашын бұрқ еткізген қыз:

— Иә, тағдыр бізді онша қолайлы жерде кездестірмеген екен... Жол беріңіз! — деді жай ғана. Әйтсе де даусы нық еді.

— Қош көрсеңіз, театр кассасының алды, фонтан түбі секілді қолайлы жерлерде кездесейік, — деді жылпыңдаған Жебесін.

Қыз ойланған жоқ.

— Кешігіп қалдыңыз...

Жебесін аузын ашқанша қасынан зуылдап өте берді. Қалың қара шаштың соңынан әзер-әзер білінетін жұпар иіс шұбалып қалды.

Сол тұрған орнында бірер минут ойланды. Басын шайқады. Үнсіз күлді.

Дәлізді құлдилап келіп, кабинетке кіре берді де, біреу ақырын дауыстап қалғандай лифт жаққа жалт қарады, аң-таң қалып, тұрып қалды: қыз қорап тығулы жатқан қуысқа қолын созып жіберіпті...

Кеңсеге алабұртып кірді. Босағаның оң жағындағы орындықты байқаусызда қағып кетіп еді, бүткіл денесі тоқ соққандай дір етті, бойын әупіріммен әрең түзеді. Дес бергенде ала көзімен атып тастайтын бөлім бастығы жоқ екен. Ақсаңдай басып барып орнында демігін басқасын аға инженерге көз астымен қарап еді, жайбарақат жұмыс істеп отыр. Қаламын қағаз бетімен жорғалатып-жорғалатып тастап, мұртының ұшын саусағымен ширатып қояды. Анда-санда ұртын қомпита жел жинап, үрлеп-үрлеп тастайды. Өз-өзінен мәз-мейрам, көңіл тоқ күйде. Жебесін жаққа мойын да бұрар емес, «сен бір бала, мен бір дана, кәне, бір-бірімізге тиіспейік» деген сыңайдағы бейбіт кейіп. Қалай десе де күндегіден гөрі көңілді, шаруақой.

Сөз бар ма, осқырынған қыз, қорап сіріңке, Ерсайын — осы үшеуі бір-бірімен байланысты. Аға инженер қуыстағы қорапқа жасырын барып, темекі тұтатып жүр, мана қыз да қуысқа қолын салған... Аға инженер, міне, қазір мерейі асып, мейманасы тасып отыр, қыз дәлізде бұған: «Кешігіп қалдыңыз...» — деді. Миы бар адам ойлап қараса, әрине, тегін емес. Ерсайын қартайып тұрған жоқ, қыз да он екі де бір гүлі ашылмаған кезеңінен кетіп қалған, кім біледі, осыған дейін тілсіз тіл — көзбен ұғысып келіп, енді мына қорап сіріңке арқылы ым-жымы бір қызық қарым-қатынасқа көшкен шығар. Бұл дүниеде қанша адам болса, оны білдірудің соншама әдістері де бар.

Бұл жолғы әдіс әлгі қорап сіріңке болды.

* * *

Түскі үзілісте басқалар астыдағы асханаға кеткенде, бұл анау-мынауды сылтауратып, бөлмеде қалып қалды. У-шу, абыр-сабыр басылып, адам сиреген сәтте тысқа шықты. Төңірегін шолды. Тірі жан жоқ. Қалай кіргені белгісіз, шығарға жол таба алмаған бір суық торғай төбеге шапыр-шұпыр соғылады. Торғай болса да төбенің тастемір бетон екенін неге сезбесін: бірақ тек биікке ұмтылатын, аспандауды ғана білетін самғау көңіл басын тасқа ұрып жүр. «Мен сияқты өлермен байғұс екен», — деп ойлады жігіт. Әлде екеу ара бір қорап сіріңкені қуыстан біресе алып, қайта қойып, аударып-төңкеріп, әлек-шәлек болып жүрген Ерсайын мен көк джинсті қызға ұқсай ма? Торғайдың қанатымен бетон соққан мына пәруайсыз қылығы, бәрін айт та бірін айт, үшеуіне де келіп қалатын сияқты.

Қаздаңдап барып, қуыстағы сіріңкені лықып келіп қалған бір ызамен жұлып алды. Манағы өзі босатып кеткен ауадай жеңіл қорап қазір сап-салмақты. Бас бармағымен бүйірін басып қалып еді, сыр етіп шыға келген науада күкірт қалпақты ақ сөңке шырпылар жайнап жатыр. Ағаш пен күкіртке қоса әтірдің сезілер-сезілмес жұпар иісі танауын қытықтады. Аяқ астынан түшкіргісі келіп еді, мұрнын уқалап-уқалап жіберіп, алдын алды. Әтір иісін қимады.

Кенет шырпы үстінен төрт бүктелген тілдей ғана қағазды көрді. Бүктеуін жазып еді, ұп-ұсақ, әйтсе де каллиграфияның барлық нақыштарын сақтап жазған әдемі жазулар көзін қарып бара жатты: «Драмтеатр. Батыс беткей, 3-орындық. сағ. 7». Және бүгінгі күн, ай жазылыпты.

Жұмбақ шешілді...

Лыпылдап соққан самай тамырлары ысып кеткен Жебесін — бір қолында қорап, екінші қолында үшбу хат — ойланып тұр. Басына ешқандай жөндем ой келмеді. Сонсоң қыз басын сілкіген сайын бұрқ-бұрқ жарылған қара шаш көз алдына бір ауық елестеді. Оның бейнесін іле қолын арқасына айқастырып салып, маң-маң басқан Ерсайын өшіре бастады. Оған үш қайнаса сорпасы қосылмайтын осы екі суретті салыстырудың өзі күнә, келеңсіз бір нәрсе болып көрінді. «Оны былай қойғанда, аға инженер семьялы жан емес пе?» — деп ойлағанда бас терісі көніп қалды.

Өстіп нанымды-нанымды деген себептерді ойлап тауып, өз-өзін қайрап алды да, бір іске белін бекем буды. Қалтасынан қойын дәптерін, қаламын суырды. Қойын дәптерден қағаз жыртып алды да, әлгі үшбу хат екеуін терезенің алдына жайып салып, қатар қойды. Ықтияттап салыстырды. Одан кейін сәл еңкейіп, хатқа әлсін-әлі көз тастап қойып, ақ қағазға әдемі жазуларды түсіре бастады. Мектепте сурет салып еді, соның пайдасы мықтап тиді. «Көктөбе. Телемұнара түбі. сағ.7». деген күлгін жазу ақ қағазға маржандай болып түсті. Қыздың үшбу хатын ұсақтап жыртып-жыртып себетке тастады. Өзінің жазғанын төрт бүктеп қорапқа салды да, қуыстағы орнына жытырды.

Былай шыға жеңіл күрсінді. Себепсізден себепсіз ыржия салды. «Көктөбеге» қарай ырсылдап кетіп бара жатқан Ерсайын, одан телемұнараның түбінде әлсін-әлі сағатына қарап қойып, аю сияқты теңселеңдеп жүрген Ерсайын қос-қосынан елестеді. Аса бір қанағатты райда тамағын қырнап қойып, шылым тұтатып, қомп-қомп сорып, аузы толған түтінді бір бүйіріне үріп жіберіп, басын көтерсе, Ерсайын келіп қалыпты.

— Қалай, ас тәтті ме? — деді сасып қалған Жебесін әдеттегі сіз-бізден жаңылып.

— Шүкір, — деді аға инженер жейдесінің сыртын сынап.

— Өзің қарын жырын ұмытып кеткен жоқсың ба? — Жеңін түріп, сағатынын әйнегін саусақ ұшымен тықылдатты.

— Шылымды шегіп бітірейін. Көңіл күйіңізге қарағанда ішкен асыңыз бойыңызға жұқ болған-ау.

Ерсайын қыпылықтады.

— Жоға, күндегі бірінші, екінші. Асхана жабылмай тұрғанда барып қал.

— Қазір, қазір...

Жебесін өшуге тақаған тұқылды тұқырта ұстап, лифт айналасындағы себетке аяңдады. Көз құйрығы Ерсайында. Аға инженер тышқан аңдыған мысықтай қуыс аузын бағып тұр. Оң қолында сигарет...

Тұқылды себетке тастап, қалқадан шықса, аға инженер терезеге бетін беріп, теріс қарап тұр. Қолындағы сигареттен көк түтін иреңдеп ұшады. Иә, қуыстағы қорап жатқан жерінен аунап түскен екен...

Түк білмегенсіп, тымпиған көлгір аға инженердің қытығына тигісі келді. Тақап келді де:

— Сіз осы анау көк джинсті қызды танисыз ба? — деді.

Ерсайын әрі қарап тұра берді. Тек аузына апара берген шылымы ауада еш қозғалыссыз қатып қалды. Аздан соң қырылдаңқырап:

— Қайсысы? Қыз көп қой, — деді.

Жебесін де тақымдап, қадалған жерінен қан алып жатыр.

— Өндіріс бөлімінде істейтін көк джинсті ұзын қыз ше?

Аға инженер бұған назар сала қарады да, басын шайқады.

— Ағаңды адал жолдан тайдырып қайтесің. Қыз кім, біз кім. Көк джинс түгіл, көк көйлектіден көңіл қалғалы қашан. — Шылым қалдығын ашық тұрған терезеден көшеге шертіп жіберді. Серпіндеген сигарет ауада қан көбелек айналды. Шайқалақтай басып, кабинетке беттеді. Тегін кетпей:

— Қыздың өзімен сөйлесіп көр. Бұл заманның бойжеткендері мәймөңкесі жоқ тура сөзді хош көреді, — деген ақыл-кеңеске қарқ қып тастады.

Жебесіннің екі беті жанып бара жатты.

Түстен кейін аға инженер мұртын сылап, ойланып отырды да, Жебесіннен:

— Осы Көктөбеге қалай баруға болады? — деді.

Сыр білдірмеуге тырысқан жігіт бажайлап тұрып жауап берді. Тура қарауға жүзі шыдамады ма, Ерсайын бірқырын отырған күйі:

— Ауылдан туыстар келіп еді. Көктөбені көрмей кетпейміз деп... Содан... Міне... — деп, сиырқұймышақтап аяқтады.

«Өтірігіне береке берсін!» — деп, іштей мырс-мырс күліп, жас инженер отыр.

* * *

Ертеңінде екеуі шармаяқтасып қалған баладай бырысып-тырысып бір-біріне қарамады. Ерсайында үн жоқ, мұрт ұштары мүлдем салбырап кетіпті. Қағаздан бас көтерсе, не төбе, не еденге тесіледі. Халықыч тауып айттым, қатырдым десе керек:

— Ереке, аспаннан бас жазатын ақша саулап жауып тұр ма? — деп, қық-қық күліп, жетісіп қалды. Бірдеңені бүлдіргенін болары болып, бояуы сіңгесін аңғаратын адам ғой, оның өзі кімнің көсегесін көгертеді дейсіз, талағы тарс кетті. — Түк тамбайтын тақыр төбеге тесілгенше, алдындағы тиын-тебен беретін қағазға ие болсай! — Атып тұрды, орындықты салдыр-гүлдір кері итеріп, басын артқа, кеудесін алға тастаған күйі қозы қарнын алға салып айдап шыға берді. Есік көзінде ары қараған күйі: — Мен үлкен бастыққа кеттім! — деді.

Ләм-мим деп жауап қайтармаған Ерсайын екі көзімен үстел бетін шұқылап, үнсіз отыр.

Жиі болып тұратын мұндай бұлқан-талқанға еті үйреніп кеткен бе, Жебесін шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Көр, көрме, одан еш нәрсе өзгермейді. Халықыч жас кезінде басқа адамға өзгерсе өзгеріп те қалар еді, қазір кеш, өйткені, бөлім бастығы... Есі бар жан гранит ескерткіштің қасында тұрып: «Күндердің күні мына ескерткіш басқа бейнеге өзгере ме, жоқ па?» - деп, бас, қатырмайды. Не жақсы, не жаман деген анық та қанық бағасын кесіп айтып, жөніне қайқайып жүре береді. Жебесін Халықыч туралы тіптен дәнеңе ойлаған жоқ еді, ол тек аға инженерді аяп отыр. Мінездің кеңдігі, көмпістігі, байқамаса, таяқтың екі басы секілді айналмалы қасиет тәрізді. Оған Ерсайын мысал. Бөлім бастығы мойнына аяғын салбыратып мініп алып, қымс еткен қимылын бағып, екінің бірінде удай тілін шаншып алса да қыңқ демейді. Оны қойшы, үйреніскен жау атыспаққа жақсы. Ал күні кеше табалдырық аттаған Жебесінге не жоқ? Қылаудай қиянат ойламайтын адамды кеше өтірік алдап, Көктөбеге қаңғытып жіберді. Көк джинсті қыз екеуінің арасына килігетіндей қандай себеп бар? Ерсайынның семьясының жағдайын ойлап жүрген бұл жоқ, себебі, оның үйіне бас сұғын, жеңгей, інішектермен танысқан емес. Ал танымайтын адамдарға ешкімнің де емешесі езіліп, жаны ашымайды. Қыз бен Ерсайын қандай байланыста, одан да хабарсыз. Кім біледі, екеуі қорап сіріңкеге хат салып, бір-бірін кездесуге шақырып жүрсе, сүю-күюден гөрі тереңірек себептері бар шығар. Мейлі, бір-бірін сүйіп-ақ қалсын... Сіріңке қораптың сыртындағы «Өрт — тілсіз жау!» деген жазу есіне түскенде жүрегі дүк-дүк соқты. Біреудің ісіне орынсыз араласу да, лаулаған өрт арасына кіруге тең. Қызғаныш деген қызыл ит жүрген жерде ақырын жүріп, анық баспасаң бас кететін шаруа.

Өз ойымен өзі алысып отырып:

— Кешіріңіз! — деді ақырын.

Ерсайын басын көтеріп, жігітке қараған сықылды. Сөйтті ме, жоқ па, мойнын ішке алған Жебесін қайдан білсін. Әйтеуір, қағаз сыбдыры, сипақтаған қалам сытыры тына қалып еді.

— Оқасы жоқ, — деді Ерсайын әлден уақытта көмескі үнмен. — Түптеп келсек, бәріміз де әлдекімдердің алдында жазықтымыз... — Сәл отырып: — Өзіме де сол керек... — деп қосты. Сонымен бітті. Тым-тырыс. Жебесін басын көтерсе, аға инженер езуіне қыстырған темекісін тұтата алмай әуре: сіріңке талын ұстаған саусақтары дір-дір етеді. Шырпы басындағы титімдей жалын Ерсайынның демімен сөніп қалды. Аға инженер қап-қара болып күйіп, бұралып қалған талға қарап отырды-отырды да, қолын бір сілтеді, орнынан тұрып, есікке беттеді.

Жаңағы аяу аяу ма, бұл жолы Жебесіннің бауыр еті езілді. Аға инженерді қуып барып, қалтасындағы сіріңкесін басымен бергісі келді, ретін тауып, жылы-жылы сөздер айтып жұбатқысы бар, тіпті кешегі қылығын айтып, ағынан жарылмақшы болды. Бірақ кешігіп қалды, Халықыч кіріп келді.

— Қайда барасың оқыралап? Тағы темекі ме? Қайт кейін, әңгіме бар!

Ерсайын қайтты.

Бастықтың қабағы қатқыл. Басқа адам мұндай кезде ойға бата ма, күйгелектене ме, әйтеуір, басылып қалады. Халықыч керісінше, есіріп, еліріп кетеді. Қазір де зәрі бетіне шығып, шақшиып алған. Кіре бере түсін салып жіберді. Бөлім бастығы, обалы не керек, бет әлпеті мен көзін сөйлете білетін өнерлі жан еді. Ол кісінің бетінің әр жыбыры мен көз қарасы, кірпігінің қағысы жатқан бір сөз, кейде ұзақ-ұзақ сөйлемдер... Шамасы, бұл жолы бір тықыр таянған секілді. Басын артқа тастап жіберіп, орнына сыздана отырды. Түсінікті... Үлкен бастық бөлім жұмысын мақтаған екен. Халықыч солай. Басқалар мақтау естісе, қалпағын аспанға атар еді. Бұл кісі таралғыны одан әрмен тарта түседі. Қазір қазып тауып алған ит жылғы кемшіліктерді сыныққа сылтау етіп, екеуіне бүйідей тиеді. Есебі оңынан, солынан алса да дұрыс. Пайда болмаса, зиян жоқ. Бүгін, мәселенки, тырнақ астынан кір іздеп, қамшы үстіне қамшы салып, бөлім қызметкерлерін қуырып-қуырып алса, бұтына шоқ түскен инженерлер дедек қағып, өз жұмыстарын жақсартқан үстіне жақсарта түспек. Мұнын бәрі келесі мақтаудың алғы шарты. Бәрі жақсы. Жаманы сол, Халықыч әлгі кірді өз тырнағының астынан емес, қызметкерлерінен іздейді. Пенде ғой. Оңашада өз-өзінің мәселесін қарауы ықтимал. Алайда кабинет сықылды ашық майданда қызметкерлерін кінәлайды.

Жалпақ үстеліне мінген бетте Халықыч күш алды. Ол үстел — сиқырлы үстел. Бұл бос тұрса, бөлім тіршілігі көрші бөлімдер сияқты — жұмыс жүріп жатады, ара-тұра әзіл-қалжың, анекдот айтылып, футбол матчтары талданады. Ал бастық үстеліне отырса бітті, тіршілік тынысы көпе-көрнеу тарылады. Ұшқан шыбынның ызыңы естілмейді. Қызметкерлер тырп етпей, үн-түнсіз жұмыс істейді. Бұйрық-жарлық осы үстелден жарияланады. Кеңес, нұсқау қағаздар да оң қол жағындағы тартпадан бұрқырап шығып жатады. Тоқ етері, бөлім тірлігін тоқтатып, яки жандандыратын тетік осы үстелдің адам көзі түспейтін жасырын жерінде секілді. Қайда орнатылған — оны бөлім бастығынан басқа жан білмейді. Ал Халықыч үстелдейін тағынан түсе қалса, мүлдем ине адам. Кабинеттен адым ұзаса, кәдімгі ашық жарқын Ерекеңе айналады. Әсіресе дәлізде адам танығысыз. Ашылып-шашылып кетпесе де, өзін жайдары ұстайды, басқа бөлімнің жігіттеріне орайын тауып, ұтымды әзілдер айтып тастайтыны бар.

Тоқ етері, бастық төрге аман-есен жетіп, столына құйрық басуы мұң екен, ақ мұрт, ақ майдан боран басталып берді. Халықыч бес минуттай ысқырынды. Тоқсан аяғы жақын. Басқаларын айтпағанда, облыстардан алынатын мәліметтер әлі жиналған жоқ. Бүйте берсе тоқсандық сыйлық, он үшінші айлық көзден бұл-бұл ұшады. Себеп неде? Жебесінді жас, мас делік, ал ірге бөліп, оңаша шыққалы осы бөлімнің ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан Ерсайынға не жорық? Жаңа қызметкерді қосарға алып, үлгі көрсетудің орнына темекі шегуден жарысқа түсіп жүр. (Шылымды азайтамыз. Шексеңдер қойша жамырамай, кезекпен, графикпен дәлізге шығыңдар, жандарым!) Әлде ол үлгіні жұмыстан шыққасын қызық-шыжығы мол бір жерлерде көрсетіп жүр ме? Оны да байқаймыз, тексереміз. Сөзбен мылжалау аяғы мынаған тірелді: Ерсайын мая-мая мәліметтерді үйге алып кетіп, анализ жасап келсін. Жұмыстан өлген ешкім жоқ. Қатардағы инженерден институт директорына дейін мойындарына салпылдатып бір-бір қамыт ілген. Ойбой, Ерсайыным, екі бөлмелі тар пәтеріңде отырамын он жыл демесең, серпіл, жігітім, серпіл! Серпілгенің не, оян, көзіңді ашып қара! Жебесін баланы дәлізге жетелеп желпілдете бермей, ауыздықтап тұрып іске жек. Қолыңнан айырып алатын адам, кәне? Жас жігітке жеген нанын ақтайтын уақыт жетті.

Ерсайын үнсіз.

— Саған да бір бопса, бала. Жас дегенге жайыла бермей, аяғыңды жинай жүр, қалқам. Сенің жасында біздер бір әйелге күйеу, екі балаға әке болғамыз. Жүріс-тұрысың ұнамайды маған. Кеше жұмысқа көз алдың көлкілдеп ісіп келді. Жарты сағат кешіктің. Алды бар да, арты жоқ студент емессің, бөлім инженері деген сүйреткен бақаның бар, атау кереңді азайт, азайт! Сынақ мерзімі деген қыл көпірді кадр бөлімі құлағына құйып па еді? Е, құйса: «Қалқам»- деген сөздің қадірін біл. Жақсылықты асыр, жамандықты жасыр. Бұдан былай жағадан шығатын бастың жеңнен шығатын білектің бірісің...

Осы тұста дәлізде абыр-сабыр жүріс пен дабыр-дүбір сөз басталып берсін. Жебесін столдың екі қанатын қапсыра ұстап, дірілдей ме, қалшылдай ма, бір беймаза жайды бастан кешіп отырған. Көзі шырадай жанды. Кекжиген күйі сағатына көз қиығымен қарап еді, алты! Есіктер ашылып, ансамбльдің қызыңқырап қалған музыканты қалай болса солай соққан барабандай сартылдаған сан түрлі шоқайлар ми шайқады. Естіліп қалған үндер де әр қилы. Және бәрі дерлік әйел дауыстары — азық-түлік дүкенінен дүкенге зыр жүгіретін үлкен тірлік басталып кетіп еді.

— Кідіре тұр, Күләш, бірге қайтайық!

— Сен алтыншы троллейбусқа отырасың ба?

— Іргедегі дүкенге ет түсіпті. Кіре кетпейміз бе? — деген мақамы әр түрлі болғанмен мазмұны бірыңғай сөздер...

Сол орындарында тапжылмай қатып-семіп отырған Ерсайын мен Жебесін алдарында ыбырсып жатқан қағазға қол тигізбеді. Сансыз тартпаларды ашып-жапқан да жоқ, үстелдерімен үстел. Бұл кеңседе жұмыстың басталып-аяқталғанын сағат емес бөлім бастығының кабинетке кіруі мен шығуы белгілейтін.

Аға инженер мен жас инженер қарсы сөз айтпағасын іс бітті деді ме, Еркін Халықыч ары қарай қарыштамады, орнынан тез тұрды. Ұртын қомпитып, жел жинады да, стол бетін үріп-үріп жіберді. Сары сафиян папкісіне ақ қағаздарды нығап-нығап салды да, жез түймесін сырт жапты. Бастық жұмыстан үйге ылғи да папкі-папкі ақ қағаз алып қайтатын. Ертеңінде әлгі қағаздар аппақ күйі қол тимей қайтып келеді. Бұл да Халықычтың бөлім қызметкерлеріне көз қылған кішкене есебі. Яғни; «Бөлім бастығы, міне, үйге де папкі толтырып ала кетіп, жұмыс істейді, содан үлгі алмайсыңдар ма...» Мұның астарын білмейтін Жебесін алғашқыда: «Осы кісі жапондар сияқты қағаздан дача салып жатыр ма?»- деп, таң қалатын.

Бастық буаз папкіні көтере беріп, тігінен, қырынан стол бетіне тастап-тастап жіберіп, қойғылап-қойғылап алды да, қолтығына қысты, жоқ, әспеттеп стол шетіне қойды. Тазалығы бұл жерде жоқ кісі ғой, бөлме ортасына шықты да, пиджагін шешіп, сілкіп-сілкіп қайта киді, Екі сауырына алма-кезек еңкейе қалып, балағын сарт-сұрт қақты. Папкіні жетелеп, қарнын алдыға салып айдаған беті есікті ашық қалдырып, шыға берді. Қош айтпады.

Дем арасында:

— Сәкесі-ау, күн сайын бой түзеп, мұрт күзеп, жасарын барасыз-ау... Мына өкшесі жарты қарыс чех туфлиін қайдан таптыңыз? Тіпті бесті атқа мінгендей екенсіз. Сіз табамын десеңіз, жыланның жүрегін суырын аласыз ғой, суырып аласыз, — деп, даудырап жатты. Сәкесі — көрші бөлімнің бастығы, жуық арада үлкен бастыққа орынбасар болып жоғарылатылады-мыс деген жақсы сөзге іліккен сақа жігіт.

Болашағы зор адам ондай арзан мақтауды елемей ме, сәл дауыспен:

— Артыңызды жаба жүріңіз, Ереке, — деді, өзі бұрынырақ ұмтылып кеп, есікті жауып кетті.

Жебесін сонда барып жеңіл күрсінді. Ерсайын алақандарын жазып жіберіп, стол бетіне жапсырған беті елі отыр. Үрлемелі оркестр ойнап берген қаһарлы маршты жаңа ғана тыңдап біткендей басын шайқап-шайқап қояды.

Жебесін өйтіп қажыған жоқ, қай мәлімет, нешінші бет деп түгендеп жатпай-ақ барлық қағазды сыпырып, суырмаға тоғыта салды, сарт жапты.

— Сау болыңыз!

Сәл кідірсе, осы кеңсеге мәңгілік қамалып қалатындай сыртқа ұмтылды. Кенет мықын сүйегі ток соққандай шым етті де, миының ең талма тұсы дыңылдай жөнелді. Мықынын қос қолдан басқан күйі мықшиып қалды. Мама кірерде тізесін соғып алған орындықтың үшкіл қырын тағы қағып кетіпті. Теуіп-теуіп, тезегін шығарғысы келіп, өзін зордың күшімен әрең тежеді. Ерсайын болмаса теуіп те жіберетін еді.

— Үстел мен орындықтан абайла... адам боламын десең.

Ауырсынғаннан бет-аузы қисайып тұрып, ашумен жалт қарап еді, Ерсайынның мұрты селкілдей қалыпты. Түтін ыстаған сарғылт тістерін ақситып алған. Жебесін еріксіз жымиды. Аға инженер өз ойының нақ үстінен түсіп еді.

Ойдың дөп келуі бір дастарқан төңірегінде тізе түйістіріп отырып, терлеп-тепшіп сорпа ішу сияқты тәуір нәрсе екен. Аяқ астынан көңілдері көтерілді. Орнынан қорбаңдай тұрған Ерсайын ұмтылып келіп себептен себепсіз Жебесіннің арқасынан қақты. Қалтасынан майда тиындарды шығарып, күректей алақанында біртіндеп сырғытып, ернін бүрістіре санады. Екі сомға жетер-жетпес мыс күмістерді салмақтап тұрды да:

— Бірге қайтпаймыз ба? — деді көзіне құпия ұялатып.

— Қайтсақ қайтайық.

Бөлім бастығының зіркілін, тыз еткен мықынын тез ұмытқан жігіт Ерсайынның өкшесін басып, дәлізге шыға беріп еді, алдарынан акула зулап өте шыққандай сәл шалқайып қалды. Басын қақшитып алған кек джинсті қыз адымын кере-кере тастап, алды-артына қарамай безіп бара жатыр. Екеуіне пысқырмады. Жоспарлау бөліміне кіріп кетті. Есік сарт жабылғанда инженерлер селк етті. Дәлізде әтірдің әлсіз иісі сызылып көшіп жүр. Жебесіннің ұйыған айрандай көңіл күйі көпе-көрінеу іріп бара жатты. Қыз лифт жақтан келін еді. «Жұмыс аяқталғалы қашан, неге айналшықтап кетпей жүр?» Басы салбырап, ұнжырғасы лезде түсе қалған Ерсайынға:

— Сіз ,жүре беріңіз, — деді.

Ол:

— Неге? — деді төменшіктеп.

— Есімнен тас шығып кетіпті. Астынғы қабатта істейтін бір қызбен кеше танысып, келісіп қойып ем. Сыртта тосып тұр. Киноға барушы ек, — деп, амал жоқ, өтірік айтты.

— Жөн, жөн. Жас пен жастың тілі бір. Жолдарың болсын!

Екі қолын арқасына салған Ерсайын салғырт аяңдап, баспалдаққа жөнеді.

Аға инженер темен түсіп кетісімен жүгіре басып, лифтіге ұшты. Тып-тыныш. Ауада шаң, шылым иісі бар. Келе қуысқа қол сұқты. Қорап ілікті. Алып шықты да, ашып та қараған жоқ басынан үш айналдырып, сілтеп-сілтеп тұрып, терезеден сыртқа бар пәрменімен лақтырды. Айналасы екі күнде бір емес, үш адам — өзі, көк джинсті қыз, Ерсайынның басын әңкі-тәңкі еткен қырсық қораптан осылайша оңай құтылды. «Өткен күндерден дым із қалдырған жоқпын», — деп ойлады.

Сырт айналып еді... кездерге жолықты. Терең тұңғиығында үнсіз айқай тұнып жатқан шаралы кездер... Көк джинсті қыз төрт-бес қадам жерде дікиіп тұр.

— Жайша ма? — деген діріл мен қырыл аралас өз үнін өзі танымай қалды. Қатты қорыққан жанның даусы өзгеріп кетеді деп естіп еді.

Тістеніп алған қыз:

— Дегеніңізге жеттіңіз бе? — деді.

— Қарындас... құрдас... — деп қауқалақтап еді, анау құлағына ілген жоқ.

— Менің сізге қайтарған жауабымды ертең таңертең осы қуыстан табасыз, — деді де, кілт бұрылып, ұзай берді.

Жебесін сең соққан балықтай сенделіп тұрып қалды.

...Ертеңінде Жебесін жұмысқа он бес минут ерте келді. Дәліздегі тап-таза ауаны тіпті жұтқанын сезбейді. Қағаз, шаң, шылым орнын еден сүртетін шүберектің дымқыл иісі басыпты. Кеше төбеге сорылып жанталасқан суық торғай өліп қалған ба, әлде үй сыпырушы жасқап, терезеден шығарып жіберген бе, із-тозы жоқ.

Кабинетке кірмеді, лифтіге қарай аяңдады. Біреуден естіген, яки оқыған: «Қылмыскер бүлдірген жеріне күндердің күні соқпай кетпейді», — деген сөз есіне түсті. Жайсыз сезім бойын биледі. «Өндіріс бөлімінің» тұсында, неге екені белгісіз, әуестік жеңіп, есік жапсарынан ішке үңіліп еді, мұрнын біреу уыстап ұстай алғандай басын жұлып алды: көк джинсті қыз басын төмен салып, шұқыланып жазу жазып отыр. Мұны байқаған жоқ.

Лифтіге жақындай бере башпайының ұшынан басып, елпеңдеп кетті: ешкім ізін бағып, андып тұрмаса да неден қорқып, кімнен үркіп жүргенін өзі де білмейді. Мойнын құрықтай созып жіберіп, қуысқа төніп еді... тағы бір қорап сіріңке тәңкісінен тұр. Кеше терезеден сыртқа лақтырып жіберген қораптан аусайшы: «Өрт — тілсіз жау!» деген жараның орны секілді қызыл бояулы жазуларына дейін сол қалпы.

Ал қораптың бүкіл бетіне кемірдей қара тушьпен жалғыз-ақ сөз жазылыпты — «Ақымақ!»


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер