Өлең, жыр, ақындар

Семсер және жалғыз тал гүл

Театрдағы дайындықтан тер-тер боп, талып келіп, төсекке құлай кетті. Сәлден соң кірпіктері айқасып, дүние бетін боз тұман жайлап жаба бастады.

Түс көрді..

...Спартактың мінезі қызық екен. Қалың шашы бұрқырап, бұған бүркіт қабақ астынан қадала қарап тұрды-тұрды да, екі жүзді шолаң семсерін жарқ еткізіп, жалғыз қимылмен қынаптан суырып алды. Тіктеп құлаған күн сәулесі семсердің қылпылдаған суық жүзінде мыңға бөлініп шашылды. Ғажабы, бұл зәредей де сескенген жоқ. Тізесі дірілдемек түгіл, тым болмаса тітіркенбеді.

Гладиатор семсерді үйіріп-үйіріп лақтырып кеп жіберіп еді, зымыраған күйі әудем жерге тікесінен тік шаншылды. Шыр айналып емес, ауа айыра садақ жебесіндей еміне түп-түзу боп ұшты. Көк болат қалқан қарама-қарсы жаңқа кетті зырқырап. Сосын сегіз көз сауытты сыпырды.

Темір-терсектен құтылғасын туникосы желбіреген Спартак бесіктей балтырының бұлшық еттері бұлтылдай нық адымдап бұған қарсы жүрді.

Қызық-ай, Спартак қазақша ойға салсаң қырға өтіп, қырға салсаң ойға өтіп, судай ағып тұр. Мұңды жүзбен: «Жалықтым соғыстан», — деді Рақымның иығына сол целый салып. «Билейік!» — деді әр саусағы бала білегіндей оң қолын созып.

«Билейік!» — деді Рақым.

Сонсоң алғашқы па де дені жасады. Ғұмыры сарт-сұрт айқасқан семсер, шақ-шұқ соғысқан қалқан мен қызыл қан арасында күн кешіп келе жатқан алып гладиатор мұның әбжіл қимылына ілесе алмай, өз аяғына өзі шалынып құлап қала ма деп қауіптенген. Құлай қалса күліп жібермеу үшін тістеніп, ернін қымқырып алды. Құламаса екен деді. Тірлігінде тізе бүкпеген адам жауырынымен жер сипамаса деді.

Спартак жылып тұрған биші боп шықты. Па де дені Раңымнан оралымды жасады. Жалт-жұлт қимылында сыртқа саңылау тауып шыға алмай бұлқынған қуаттың дүмпуі бар. Мұның көкірегін әлденендей керемет күш кернеп, қарадан қарап делебесі қозды. Жүгіріп келіп, башпай ұшынан шаншыла жоғары секірді-ай дейсің.

Гладиатор; «Қалай секіруді көріп ал, шырақ!» — деп, жер күңіренте айқайлады да, қарғып-қарғып кетті.

Бұл бір сәтке бар күш-қайратын тек екі аяғының бұлшық еттеріне жинап, бар пәрмені, ынтасымен ұмсына аспанға атылды.

Спартак одан биігірек секірді.

Тағы қарғыды.

Бәрібір бұдан әманда асып отырған Спартактың көлеңкесі бір уақытта күн көзін көлегейледі.

Келесі минутта гладиатор тұп-тура күннің балқыған көзіне қарай саулап бара жатты. Және жердей алыстаған сайын кішірейгеннің орнына зорая, үлкейе түсіп, бүткіл аспанды алып кеткендей. Айқайы жер жарады.

— Бостандық! Бостанды-қ! Бостандық-қ-қ!

...Желкесі әлденеге таңқ етіп соғылды. Ең алдымен біртіндеп кірпігін жазып еді, тырайып жалаңаш еденде жатқанын сезді. Жаңағы Спартакпен жарысқан көп «секірістердің» бірінде төсектен ауып қалса керек. Аспан бетін бермеген алып Спартактың орнында абажур шайқалады. Қара терге түсіпті. Су-су шашы маңдайға жабысқан. «Спартактың мінезі қызық екен, — деді іштей күбірлеп. — Арбаңдап билегені несі? Биін қойшы, бұған таңсық емес. Қалай секіруді көріп ал, шырақ деп айқайлағанын айтсаңшы. Өзі әлденеге ренішті секілді, қабағы қату».

Сағатына қарап еді, Спартактың қысқа семсері сияқты шолақ тілі кешкі алтыға ілініпті. Спектакльдің басталуына бір жарым сағаттай уақыт бар.

Түрегелді. Киінбестен бұрын жаңағы түсін еске алды. «Қалай-қалай қарғиды сабазың!» Орындықта отырған күйі өз-өзінен жымиып қойды. Тым болмаса Спартактың бір ғана секірісін қайталамақ боп, ілгері қарғып еді, орындықты қағып құлатты. Онымен қоймай стол қырына тізесін оңбай соқты. Қалай айтсаң олай айт, бар-жоғы отыз шаршы метр оймақтай үй ойнақтата қоймас. Омпысынан түсіп, қақ ортада отырған бетте төңірегіне қарап еді, төрт, дұрысы, асты-үстінен қаумалаған алты қабырға күргейлей келіп қысып тұрғандай екен. Рақым тас қабырғалардың салқын ызғарын сезгендей тітіркеніп кетті. Сосын күргейлеп кеп қысқан қабырғалардың әгі шынымен жұғып қалғандай, үстін бір ынта-жігермен майпаздап қақты. Жаңа әзірде мұның орнына Спартак билесе ғой! Ол шіркін, омпиып ортаға құлағанның орнына мына тас бітеу төрт қабырғаны төрт жаққа теуіп кете барар ма еді, қайтер еді.

Киінді де сыртқа шықты. Көкжиекке құлаған күн көзі Спартактан таза, дін аман, дүниеге талаурап, қырын қабақпен қарайды. Кекіл қозғар жел бар. Саудыраған сары жапырақтар жамырап жатыр. Аялдамаға бет алды.

Автобус жоқ екен. Жағасын тік шаншып көтеpiп тастады. «Осы бүгін «Спартактың» қанша мәрте қойылғалы отырған күні? Премьерасының өтіп кеткеніне жылдан асыпты-ау». Сосын Раңым анау жылдың дәл осындай сарала күзін еске түсірді. Онда да көкжиекке діp-дiр балқып күн құлайтын. Сары жапырақтар судырлап жамырайтын. Кекіл қозғайтын самал жел де соғатын. Бірақ ол кезде Спартак, Рақым Спартагі дүниеге келе қоймаған еді.

Шығара алсам игі деп қатты қобалжып жүрді. Үлкен астанадағы даңқы алысқа кеткен театрдың алды әлем, соңы ел көрермені таңдай қағып, мойындайтын бас балетмейстер билеп берген Спартактен соң тағы да құлдықтың тас қараңғы заманында арыстандай ақырған римдік гладиаторды билеп беремін деу көзжұмбайлық деп саналатын ұғым театр төңірегінде қалыптаса бастаған еді. Спартактың осыған дейін жазылып үлгерген том-том тарихи романдардағы, пленкаға түсірілген сыңарлары тағы бар. Оның үстіне Рақым театрға келгелі «Аққу көліндегі» принц, «Жизельдегі» граф Альберт, «Бақшасарай фонтанындағы» Вацлав, «Дон Кихоттағы» Базилия сияқты ылғи бір асыл текті бекзаттарды билейтін. Шеттерінен сәнмен басып, ыздиып жүретін тұнық судай тыныш кейіпкерлер. Мына Спартак болса оларға мүлдем қарама-қарсы полюстегі, қайраты мен жігері тұла бойына симай жанар таудай атқылаған, былайша айтқанда, екі иығын жұлып жеген «тентек» қаһарман. Тек ол ғана ма... Бұл шіркіннің достарының ортасындағы, жан жарының қасындағы нәзіктігін, он сәтте он бояуға өзгеретін сезімінің мың қатпарлы байлығын қайда қоярсың! Осындай сегіз қырлы, бір сырлы жан Раңымның сабырлы, байыпты мінезінің табиғатына, иіне көне де бермейтін тәрізді. Оның үстіне бұл оқыған академиялық хореография училищесіндегі класс балет дүниесінде қалқыған жұмсақ жүрісі, пластикалығымен әйгілі.

«Спартак» балетінің музыка сын осындай қат-қабат күдікпен тыңдап шыққасын Рақым; «Қайтсе де билеу керек» деген шорт кесімге қол қусырып келіп қалды. Құдіретті әуен бір жарым сағат бойы Рақымды өз уысында ұстаған. Керек десе қыбырлауға қорқып отырды. Қыбырласа болды, әлденендей әсем затты абайсызда қиратып алардай қалт етпеді. «Иә, иә, бұл балет музыкасын сол композитор, сол ғана жазуы тиіс. Кавказ халқының өр де қайсар, бостандық сүйгіш мінезі әуен арқылы Спартак рухымен қалай тіл табысқан десейші. Сан мың қолдың сартылдаған жүрісін, екпінін, қаһарын қолға дөңгелентіп сап беретін «Қылыштар биінің» өзі неге тұрады?» — деп іштей тамсанып отырған.

Тер төгілген айлар өтіп жатты...

Спектакль премьерасына алыс астанадан бурыл бас композитордың өзі арнайы ұшып келді. Театрда ине шаншар жер жоқ... Бұл болса өзіне қадалған мыңдаған көзді, шынтағынан демей, сәттілік тілеген әріптестерін, трубалары, тромбондары, қыл шектері сәуле сындырып жарқылдаған оркестрді, сахнаны кескілеген жарықты, дәнеңені көрмеген. Шаң, жан ұшырған айқай мен сарт-сұрт соғысқан семсерлер дыбысы қоса қабат әуелей көтерілген айқас алаңын көрді. Қылыш астына түсіп туралып қалған достарының денесін аттай осы дүлей дүние ортасында өскен жасқаншақ та жалғыз тал гүлге жанұшыра ұмтылды. Бостандық үшін арыстанша арпалысты, жолбарысша жұлысты. Фригия алдында сосын жалы жығылып, жас баланың халіне түсті.

Мақтау, дәріптеу аз болған жоқ. Рақым есінде олардың біреуі-ақ қалыпты.

Ол — композитор төрелігі еді. Оның мінезі қызық екен. Балет біткен соң көрермендер сыйлаған қызыл-жасыл гүлдерді құшақтап тұрып та, келер күні театр дирекциясы мен артистердің бас қосқан жиналысында да ләм-мим деп жақ ашпады. Тек сабалаң қалың қастардың астынан өзіне жалт етіп, бір-екі қараған алақан көзді байқап қалған. Тек бұлар топ болып шығарып салып тұрғанда, самолет трапына көтеріліп бара жатып, кейін қайырылып, бұған бір-ақ сөйлем айтқан. Ол: «Үлкен театрда Спартакты осы қалыпта билеп берсең көп қол соғушыңның бірі мен боламын»,— деген сөздер болатын. Басқа қолпаштаудың қажеті шамалы еді...

... Автобус әлі жоқ. Рақым көрген түсін қайталап еске алды. Спартак қалай-қалай ғажап биледі! Аяғының ұшымен былай... бір түрлі қалқып тұра қалды. Қолы бүйтіп...

Раңым қолын соза беріп, өкшесін көтеріп-ақ қалып еді, қолтығынан біреу ұстай алды. Жалт қараса ашың күнде, неге екенін қайдам, төбесіне қолшатыр көтерген қарт адам:

— Абайлаңыз, автомашина астына түсіп қалуыңыз ғажап емес, — деп жымиды.

Биші тілін тістеді. Әуе ашық, жер жазықта да бір адым аттай алмады-ау. Спартактай нарқасқаның жалғыз адымына жалпақ жер шіркіннің шынымен жетпей қалғаны ма?

Кең көше неткен тар еді.

Ал қоңызша қыбырлаған автомашиналар көп-тін. Көптігі сондай биші басар ұлтарақтай жер қалдырмапты.

Қайткенмен де мына машинасы көп көше Спартакты секіртіп қоятын Италияның буалдыр жазықтары емес.

Автобусқа сүлесоқ күйде көңілсіз кірді. Жолаушылар аз екен. Жайласып отырды да, тағы спектакль, Спартак, түс жайлы ойларды құрықтап кетті. Семсерді жарқ еткізіп қынаптан алар анау сәті көз ілеспес шалымды екен. Гладиаторлар мектебінде ондай әдістердің ұңғыл-шұңғылына дейін әбден төселген адамға семсер суыру бұйым боп па? Семсерді қынаптан Спартакша суыру қиын емес-ау, самсаған семсерлер ортасындағы жасқаншақ жалғыз тал гүлді аялай алса ғой.

Семсер сабын сығымдап ұстағандай алақанын құшырлана қысты. Сонсоң суыра...

Шынтағы орындың арқалығына сарт тиді.

Рақым тереңнен тарта ауыр күрсінді.

Театрға кірді. Дәлізде арлы-берлі сапырылысып бишілер жүр. Жарқылдаған сауыт киген Красс — Бақыт кетіп барады. Кәдімгі шынжыр балаң шұбар төс рим шонжарындай шалқақ, паң. «Красты билегелі Бақыт кірпияз боп кетті»,— деген әзілдің театрда тарап кетуі тегіннен тегін емес-ау.

Киініп үлгерген Фригия-Зара елпілдей басып қасына келді де:

— Көңілсізсің ғой, Спартак? Жәйша ма? — деді жаутаңдап.

— Семсерді суыра алмадым, — деді де кілт айналып, грим бөлмесіне кіріп кетті.

Дәнеңе түсінбеген Фригия аң-таң.

... Сегіз қаруы түгел бойында шымылдық сыртында кезек күтіп тұр. Оркестр спектакль увертюрасын ойнап жатыр. Ауыр қолдың жер теңселте басқан адымдарының біркелкі дыбысы құлаққа жеткендей. Көк темір құрсанған гладиаторлардың семсер жалаңаштағанын шың еткен ұрма аспап білдіріп өтті. Қазір, келесі секундта айқас басталады. Ал Спартаксыз шайқастың сәні мен әрі келе ме?!

Әлдекім білегін қысты. Жалт қараса — Красс.

— Аяғың жеңіл болсын, Спартак!

Секіріп сахнаға шыққанын маңдайынан ұрған ауадан біле қойды. Қоңыр барқын қараңғылық жұтып қойған зал іші ду қол соғып жіберді. Шеңбер жасап тастап, сол қабырғадай тұтас қараңғылыққа көз тастап еді, өзіне емініп қарап, бүкіл ұрыс даласын алып, гуілдеп тұрған кіл гладиаторлардың жүздерін еміс-еміс байқап қалғандай екен. Көрермендер отырған қатар-қатар тізілген орындықтар бұл үшін гладиаторлардың төрт бұрыштанып келген қалың саптары. Тағы да көзіне жалғыз тал гүл шалынды. Кеудесіне ауа толтырып ап, жоғары секірді.

Құйындай ұйытқып, ұршықша айналуға енді бұл дүниеде кім қарсы тұрар екен?!

Түн жамылған қала көшесі өз тіршілігімен әбігер.

Сол көшелердің бірін бойлап белі қайқайып, биші отырған автобус ыңырана жылжып барады.

Тағы бір секіргенде еден алыстап, төбеден төнген жарың бірден айқындалып, жақындағандай болды. Құлағына талмай жетіп тұрған семсерлер сартылының арасынан Фригияның нәзік үні талып жетеді. Құлдық қамытын сыпырған азат гладиатор — Рақым сахна ортасында шыр көбелек айналады. Аспанға атылады. Қуанышқа қарық гладиатор бостандық буына мас. Пәтердегі, автобустағы төрт қабырға қамауынан қашып шыққан Рақым өзін құдайдай құдіретті сезеді. Тілесе күнге қолы жететіндей көрінді. Бар даусымен атой салды.

— Бостандық! Бостандық-қ! Бостандық-қ-қ!

Шыңыраулатқан айқайды өзге түгіл, өзі де естімеген.

Сыртта сүмбіленің суық желі сыдырта соғып тұрды...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер