Ертай күрткесінің жағасын көтеріп, қолын жеңіне тығып қусырынып алды: ішін тартып соғып тұрған күздің дүлей қара суығы еттен өтіп, сүйекке жеткендей екен. Аспан аласа. Сұрғылт бұлттар күл-күл шашын сүйрете бүктетіліп жөңкиді. Көрші үйдің шатырынан шегесі бос шифер даңғыр етіп, жерге ұшып түсті. Сұп-суық бірдеңе зуылдап келіп, көзіне тарс тиді алғашқы қар!
Сатымен өрмелеп үй төбесіне шығып еді, суық жел өңменінен итерді, етек-жеңінен жұлқи тартып, жыға жаздады. Сұрғылт дала жансыз қатып-сеңіп жатыр. Көше қаңырап қалған: мал-жан, қылаяғы имеңдеген ит те көрінбейді. Арса-арса тал шарбақтың тесігіне кептеліп қалған газеттің кір-кір қиындысы жел өтінде желбіреп, әлсіз маңырайды. Көк түтін мұржадан лоқылдап шығып, алай бір, былай екі шалқып, білгенін істейді. Ертай қара күйесі екі елі саман кірпішті жерден көтеріп, қалқа ғып қойып еді, тентек түтін жөнге көшіп, қолма-қол түзелді.
Ауыл сыртында, шілденің шіліңгір ыстығында балалар шомылатын тостағандай көлшік бар еді. Дәл қазір қой ма, ешкі ме, ұзын-ырғасы он шақты ұсақ мал соның жағасын түртінектеп жүр. "Таң атпай қу тақыр жағадан не іздейді екен?" деп ойлады бала ыққа қарап, бүрсеңдей күржиіп.
Әлдекім оқыс шыңғырып қалды. Адамға да, малға да ұқсамайтын оқыс, ащы шыңғырыс... Ертай қалт тұра қалып, құлақ тікті. Тұрпайы қорсыл үстемелеп тағы естілді. Және бәрі де көлшік жақтан жетіп тұр. Сол, соның нақ өзі! Тақыр жағада ешкі де емес, қой да емес, кәдімгі қарындары қауақтай шошқалар жайылып жүр... Қайдан қаңғалақтап келіп қалған бұлар? Жуық маңда шошқа фермасы атымен жоқ. Бар деп естіген де емес. Тоқта, тоқта! Үй шошқалары ақшылттау ма еді?.. Мыналар қаралтым және жинақы, сыптығыр, сидаңдау. Торайлардың жон арқасы кіл кесе көлденең қара жолақтар. Тап бір жол-жол үй халатын киіп алған дерсің. Осы шіркіндер, жабайы шошқа болып жүрмесін!
"Жабайы шошқа" дегенде көзі алыс-алыстағы сұрғылт тауларға түсті. Тау ішінде қабан шошқалар жыртылып айрылады, азу тісімен жерді соқадай сүріп жыртып, шөп тамырын, құрт-құмырсқаларды теріп жейді-міс. Өткен жылы жайлауға барғанда көрген — доңыздар қара жерді қорс-қопа ғып, астын үстіне аударып кетіпті. Атын тезірек бастырып, кетіп қалды пәлелі жерден. Енді ше! Қабан шошқа жынына тисе адамға, оның ішінде аттылы адамға да қаймықпай шабады-мыс. Аю екеш аюдың өзі оған бетпе-бет келуден жасқанады. Таудың сол дүлей тағылары үйреншікті мекенін тастап, ойға неге түскен? Онда да ауылға тиіп тұрған көлшік жағасында не ақысы бар? Әлде... қасқыр қамады ма? Соңғы кезде келімді-кетімді қойшылар: «Браконьерсіңдер" деп, мылтықты "Охотсоюз" сыпырып алды да, қасқырлар құтырып кетті. Адамға пысқырып та қарамайды, мәселенки, әнеугүні Әбілқасымның отарын жаңбыр құйып тұрған түн ішінде бет-бетіне бөліп әкетіп, қырып тастапты, онда да жеп жарытқаны шамалы, ұстағанын тамақтап, әр бұтаның түбіне қылжитып кете барыпты",— деп жағаларын ұстап жүрген. Күндіз бағулы-қағулы, түнде күзетулі қойға шауып жүрген қасқырлар иен-тегін жабайы шошқаларды аясын ба.
— Шошқа! Қабан шошқа!
Ертай қалай айқайлап жібергенін байқамай қалды. Сатыны сарт-сұрт басып, лезде жерге түсіп, ауладан көшеге жүгіріп шықты.
— Шошқа, шошқа! Жабайы шошқалар!
Құлақшынын бұлғап, көше бойлап жүгіріп келеді.
Ауылда ең алдымен ит пен бала құтырады, жан адам жоқ дегені әншейін екен, демде аула-ауланың қызыл, жасыл, көк, биік, аласа қақпалары айқара ашылып, әр жастағы балалар мен түрлі-түрлі төбеттер көшеге қырып тастайтындай едіреңдеп атып шықты.
— Не дейд?!
— Шошқасы несі!
Әп-сәтте ауыл азан-қазан болды: екі-үш тәтей алдымен үйіне, одан мұржаға шығып кетті, төрт-бес қарт алақандарын құлағына тосып, бар ынталарымен тың тыңдайды, дәнеңе ұғып тұрған жоқ, төбедегілерге ұстамды үнмен:
— Рас па, келін?
— Талпақ танау ма?
— Үй шошқасы емес пе?— деседі. Әлдебір іске белдерін бекем буғандай құнжың қағып, көшеге шықты. Ертайдың айтқаны айдай келді. Төрт-бес шошқа қорқ-қорқ етіп, тақырды тіміскілей иіскелеп жүрсе, жеті-сегіз торай ызғырық желден қорғалап, енелерінің бауырына тығылып, монтиып-монтиып тұр.
Көл жағасына ең алдымен қайқы құйрық дүрегей төбеттер алқын-жұлқын шапқылап жетті, тырнақтарымен жер сойып, қалт тұра қалды, өйткені торайларды күргейлей қоршаған табынның ең алдында тайыншадай қабан бері шығып, озық тұр. Кере қарыс қара жалы тікірейіп, екі ұртынан аппақ азу тістері сойдиып кеткен. Селт етпей кішкене қызыл көздерін иттерден айырмай, үнсіз бағады. Жақындаса болды, бір-ақ іреп, жарып тастайды. Екі өкпелерін қолына алып, шапқылап жеткен бала-шаға да табандарынан жер тартқандай тұрып қалды: қабан шошқаға қарсы шабар күш қайда!
Әне, көшенің аяғынан айыр, сойыл, шоқпар көтерген, күрек, кетпен сүйреткен ересектер де суыртпақталып көрінді.
Табын ортасындағы тарғыл торайлар тоңа ма, дір-дір етеді. Кейбір тентектерінің қаперіне ештеңе кіріп шығатын емес, бір-бірін шаптан түртіп ойнап, тұмсығымен іреп, рақаттана шыңғырады.
Сонымен бүкіл ауыл-аймақ бір жақ та, он шақты шошқа-торай бір жақ, аңдыса арбасып тұр. Кере қарыс қара жалды қабан: "Келсең кел, келмесең, әй, жөніме қоя берсеңдер қайтеді, ойнасақ та біраз жерге бардық қой" дегендей, сырт көзге тым бейбіт, тым жайбарақат, әйткенмен сымға тартқандай секиіп тұрысынан бір шіреу, серпін сезіледі.
Жұрт демін ішіне тартып, желмен жарыса ышқынып тіл алмасады.
— Тау қайда, бұлар қайда? Қайдан келген қаңғырып?
— Жонынан жарылып түр... Қабан емес, тұрған бойы аппақ май мен ет...
— Әй, ана біреуінің оң жақ санын қара, жұлып алыпты. Бейшара! Қасқыр, қасекеңнің тісі!
— Бәсе! Бәсе! Әйтпесе ауыл шетіне өлсе қашып кіре ме!
— Қайтеміз бұларды енді? Сойып жейміз бе?
— Қайтушы ек, тауға қарай тырқыратып қуып тастайық. Пана, ес тұтып келген екен... Жыланның да басына ақ құйып жібереді.
Ауыз жиып алғанша, ту сырттан:
— Шетінен атып жығып, бауыздап аламыз,— деп гүрілдеді әлдекім.
Жұрт жапырыла бұрылып еді, жылқышы Қабден... Қос ауыз мылтығының аузын төмен қарата ұстап, талтайып тұр. Көздегенін құр жібермейтін әйгілі мерген Қабден... Ана бір жылы аюды арбаңдатып жығып алған батыр Қабден! Осы ауылдағы балдызы келіншек аламын деп шала бүлінгесін, күзеуден бір семіз қойды ат артына өңгеріп, кеше келіпті. Содан әжің-күжің әңгімені сағызша созып, түн ортасына дейін отырды. Ұйқысы қанбаған ба, екі көзі ит көрген текедейін шатынайды. Басы да сынып әкетіп барады...
— Доңыздың еті арам,— деді бір әйел топ арасынан жылтиып.
Қабден оған бар денесімен бұрылып, көзінің аласымен қарады.
— Арам болса қайтеді? Мына тұрған қаланың базарына апарып сатамын, сатамын да шаш-етектен пайдаға батамын. Кәне, мешайт етпей, әрмен тұрыңдар!
Жұрт қақ жарылып, жол берді. Мылтығын сойылдайын кесе-көлденең ұстаған Қабден алға озды. Ел тым-тырыс. Шаш етектен пайда! Осы сөз қалың елдің аузына қақпақ болды. Пайда екені рас. Дірілдеген ақ майын, бес елі семіз етін қаланың қан базарында пышақ үстінен бөліп әкетеді. Торайдың былқылдаған жас еті ауруға ем деседі. Себебі бұлар батпаққа аунап қорылдап, мәз болып жататын үй доңызы емес, таудың нәрлі шөбі мен қараған, тобылғының тәтті тамырын қазып, таңдап жейтін, өзі таза, өзі айбынды қабан шошқа!
Шаш-етектен пайда!
Қалың ел айыр, күрек, кетпен сабын сығымдай түсті.
Қабден еш саспады, қойтастай дөңкиіп тұрған қабанның қақ алдына талтаңдап келді де, мылтықты көтеріп-ақ қалды. Қос ауыз құлақ тұндыра гүрс етті.
Жұрт есін жинаса, қабан шіркін аяқтарын әуеге қарай шошайтып, теңкиіп жатыр... Қалған шошқалар шыңғырып, қорсылдап, бірін-бірі басып-жаншып, үйме-жүйме, апыр-топыр. Екі-үш торай аяқ астында қалып қойыпты, аппақ шабы жарқырап, аяқтарын аспанға жанталаса сермелейді. Ауыл тек қабанның жығылуын, қанның шығуын тосып тұр екен, айыр, кетпенін көтеріп, шошқаларға тап берді.
Қабан қырғын басталды.
Бәрі де сүт пісірімнің ішінде опай-топай бітіп кетті.
Сеспей қатқан он шақты торай он жерде жайрап жатыр... Шала-жансар бір-екеуін төбеттер әр бұтынан бір тартып, саудасын әп-сәтте тындырды. Ересек доңыздар тау жаққа қарай қашып құтылғандай да екен; әттең, әттең, егер даусы көкке жете шыңғырған торайларға қарайлап кешігіп қалды. Күрек, айыр жүздері жарқылдап, қара сойылдар сарт-сұрт сілтеніп, нысанаға дөп тиіп жатты.
Бір жас мегежін опыр-топырдың арасынан жік тауып, сытылып қашты. Егіні орылып алынған аңызды өрлей, тауға қарай жосылды. Іле-шала қос атты тоң жерді тасырлата тепкілеп, мегежіннің соңына құйын болып түсті. Сойылдарын басынан асыра үйіре сілтеп, жеті атасынан өші қалғандай қиқу салып барады. Алдымен жеткені мегежінді қақ шекеден нұқып өтіп еді, маңдайы мұндай шытадай жұқа болар ма, бақ етуге шамасы келмей, тырапай асты:
...Құлаққа ұрған танадай меңіреу тыныштық. Иттер ғана торайлардың буы бұрқыраған ішек-қарнына таласып, ар-ұр таласады. Жұрт не істегенін жаңа ұққандай, қанды қасаптың ортасынан тез-тез шегініп, былай сытылып шығып, көше-көшеге тарап жатыр.
Манадан бері ұсақ бала атаулы астық қоймасының ығында бүрісіп-бүрісіп тұрған. Солардың біреуі аңырай жылап, ауылға қарай балағы жалпылдап жүгіре жөнелді.
— Ата, әже! Ата!— Аузы толған айқай... Бұл баяғы Ертай еді.
Қалған балалар аңтарылып тұрды да, жалғыздың соңынан лап берді.
Қарасуық терістіктен сыдырта соғып, телеграф сымдары ызың-ызың етеді. Үш-төрт қаңбақ дедек қағып, қу далаға қарай елбелектеп домалап барады.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі