Өлең, жыр, ақындар

Бақбақ басы толған күн

повесть

— Тұр, Заманбек, тұра ғой.

Жұмсақ алақан басымнан, бетімнен сипады. Бұл Күләш, ұзын сирақ класком қыз Күләш қой. Сен қайдан жүрсің, Күләш? Қайтадан дос болғың келе ме? Ал анау жолы неге бұрылып кетіп қалдың? Тағы ап-ауыр портфеліңмен соқпақшы болдың. Ендеше жолдасты басқа жерден тауып ал, мен сенімен бірге мектептен қайта қоймаспын. Солай, қайтпаймын деген соң қайтпаймын.

Салтанатты музыка ойналды. Ол жүрегімнен шымырлап шығып жатыр.

— Қайырлы күн, жолдастар! Бүгін күн жексенбі. Алматы уақыты таңғы сағат алты.

Мәссаған, Күләшқа не болған? Смирно ағайдың жуан, тарғыл даусымен Қапшағай электростанциясының салынып біткендігін маңыздана нақыштап айтады. Мүмкін, ағайды мазақтап тұрған шығар? Ой, сіз білмейсіз, класком қыз сондай тентек бала. Әнекүні шашын желп еткізіп, сондай қап-қара жанарымен көзімді жыпылықтата бұқтырып тұрып: «Сен ақымақсың!» — деді. Ақымақ дегені — төбесіндегі көкпеңбек көбелек лентасынан тартып қалғанмын.

Heгe екенін қайдам, Күләш маған қандай ауыр сөз айтса да ренжімеймін. Әдейі осы бір ашуланып көрейінші деп бел байлағаныммен, кекілді қыз туралы жаман ойлар басыма қонақтамай-ақ қойды. Сол жылы да ұзын сирақ қыздың қорлығына қашанғы шыдаймын деп, бар шақарлығымды салып едім, тағы түк шықпады. Ашулана алмайды екенсің, тым болмаса күле білу керек. Бетіне қарап жымиып едім, не айтты дейсің ғой? «Неменеге мәз боласың, саған әлі ақылдысын дей қойғамын жоқ».

— Мынау тұра ма, ей, жоқ па? — Әлуетті біреу жағамнан жұлқыды. «Тұра ма ейі» несі? Қасымдағы класком қыз Күләш қайда? Айқасып шырма-шату матасқан кірпіктерімді екі жаққа майыстырып жаздым, көзімді аштым... Қалың қара мұрт бетіме тие төніп тұр. Өй, мынау кәдімгі көкемнен аумайды, соның тап өзі. Күләштің орнына күнде көріп жүрген көкемнің емпеңдеп келе қалғанына күйіп кетіп, теріс айналдым.

— Заманбек, енді екі айтқызба.

Сезіп жатырмын: көкем солидол аңқыған қайырма қонышты етігін салмақтай сәнмен басып үйден шықты. Екі айтқызбайтынымды онсыз да біледі. Атып тұрып шалбарымды апыл-ғұпыл киетінімді, сөйтіп, шөпке сақадай сай әзір болатыныма дейін сезіп барады. Көкемнің дәл осы орынсыз білгіштігіне ыза боп кеттім.

Кеудемде тұмсығын бауырына тыға иіріліп ақ мысық бырылдап жатыр. Рақат-ей өздеріне. Алгебрадан есептер шығарып, неміс тілінен ереже жаттаумен шаруасы жоқ. Ал кеудеге шығып ұйқы соққанға, өздерінен әлденеше әлсіз тышқан байғұстарды қынадай қанға бояп қырғанға машық.

Итеріп жібердім, — кетсін аулақ. Қу деймін, төрт аяғымен дік етті де, мұрты тікірейе көзінен удай жасыл жеккөрінішін шашып қарады. Тікірейтсең, төсектен сирағымнан таң азаннан суырып алған көкеме тікірейт. Әйтпесе, сені кеудемнен лақтырып не жыным кепті. Тікірейт, не тындырып тастайтыныңды көрейік.

Оның сенен асырып тікірейте алатын сала құлаш мұрты бар.

Киіне бастадым. Ұйқылы-ояумын. Басым бұлғалақтап кеудеме ауа береді. Енді ғой күні бойы ыстық күн астында тоңқаңдап шөмеле саламын. Әнеукүні ауданнан келген көзілдірікті дәрігер апай не деп кетті? Иә, бәсе, не деп кетті? «Жазғы демалыста ұйқыларыңды жақсылап қандырыңдар, тірсектеріңді майыстырып ауыр жұмыс істемеңдер. Балық аулау, суға сүңгіп рақаттана шомылу денсаулыққа пайдалы». Ал, балық аулап, суға шомыл. Суға сүңгуді өзіміз де жақсы көреміз. Бұлқынта қармаққа алтын бауыр сазан ілу де жанның рақаты. Соны бостан-босқа бізге сарнағанша, көкемді мектепке шақыртып алып неге түсіндірмейді? Әуелі дәрігер апай көзілдірігін тәптіштеп сүртіп, қабағын қарс түйіп алуы керек. Көкем оның қатал жүзіне қаймыға қарап, жұдырығына жөтеліп отыр. «Жолдас Заманбектің көкесі, күрк-күрк жөтелмеңіз. Одан да мынаған жақсылап құлақ салыңыз: балаңызға шөмеле салуға болмайды. Ол омыртқасына зиян, одан гөрі ауыл сыртындағы экскаватор қазып кеткен шұңқырдағы суға күні бойы шомылу әлдеқайда тиімді». Көкем оның сөзін көзінің астынан ұрлана алайып қарап күдіктене тыңдаса да, басын үсті-үстіне изей беруге мәжбүр. Иземегенде қайтеді, ата-аналар жиналысында, мектепте сөйлеген сөздердің бәрі де ол үшін әрқашан дау-шарсыз дұрыс.

Қандай тамаша болар еді, ә?

Түннен қалған сорпаны қалғып-шұлғып әзер іштім. Кешегі қақпақ жауырын еңгезердей еттерден дәнеңе қалмапты, тек жапырақталған жүдеу турамшылар қалқып жүр. Мамам кеше күрескенде ұшып кеткен шалбарымның түймелерін қадап әлек.

— Жыланнан сақ бол, құлыным. Тартпаға түсіп қалып жүрме. Басыңнан күн өтіп кетпесін.

Түу, елдің бәрі неге балаға санайды? Ең аяғы мамам да. Немене, ел шөпке тек жыланға шаққызу үшін ғана бара ма? Лермонтов он үш жасында шөп шаппақ түгіл, он бес жасында поэма жазыпты. Бірақ мамамның құлағына ол кіре қоймайды. Лермонтов түгіл, біз оқитын Бейімбет, Сәкен ағайлардың кім екендігінен хабары шамалы. Өткен күзде аудандық газеттен завклуб жігіттің төрт жолдық «Астық — қамбаға!» атты өлеңін оқып: «Болайын деген бала екен», — деп, көкем екеуі таңдайларын қатты қағып, ризашылықтарын білдірген.

Мамамның айтқан ақылы тағы есіме түсті. Жылан шақпасын, басымнан күн өтпесін, тартпаға түспейін, келістік. Аман-сау секіріп жүргенге, тегі, қарсы емеспін. Олай болса, шөп шабуға бармай-ақ қояйын. Оның орнына доп теуіп, асық ойнамаймын ба. Шын аяса, сөйтсін. Өйте алмайды екен, ызамды келтіріп, өтірік аямасын.

— Кәне, кеттік! — Көкем солидолмен шылқытып сылап тастаған ұзын бишікті қабырғадағы шегеден алды. Маған бұрылып та қараған жоқ. Басқа, менің артымда көрінбей тұрған бөтен біреуге сөйлеген сияқты. Немесе қабырғаға. Және бір бұл емес, ылғи да солай. Жуықта пионер газетіне «Мектебім» атты өлеңім жарияланғанда, бетіме ежірейіп қарап отырып: «Өй, ит!» — деген. Басымнан да сипамады. Көкем сондай адам: тентектік жасасам, бишікпен тартып жіберуден тайынбайды, өлеңім шықса, мәнерлеп тұрып ит дейді.

Бешпетімді кидім де, соңынан ердім.

— Тоқтай тұр, Заман! — Мамам ғой. Қолында қызыл орамал. — Мынаны басына орашы. Әйтпесе, мұрныңнан қан кетеді. Баяғыда тойда ғана кигенмін, сонда тартқанмын, су жана деймін, шыт жаңа.

Азарда-безер басымды шайқаймын. Мұндай қып-қызыл орамалды дардай ұл түгіл, қыздар да тартпас. Балалар көрсе, күлкіден қырылмай ма? Оқас... Күләш... Ұзынсирақ қыз есіме түскенде, орамалды басымнан жұлып алдым.

— Әй, ки деген соң, ки. Әйтпесе... Болды, бітті, түсінікті. — Көкемнің қымқыра ұстаған бишігінің жылан құйрық ұшы иреңдей қалыпты. Бұл — сөзін екі рет қайталамайтынын түсіндіру. Ойда жоқта дәл ұшы ашыған мұрнымды қостап тартып, қарғыс атқыр орамалды басыма орадым. «Ки деген соң, ки...» Өз басына апамның үлкен түбіт шәлісін тартып қойса, қайтер еді?

Төрдегі айнаға көз қырымды салдым — масқара! Беті теңбілденген, шөмелетіп орамал байлаған ебіл-дебіл сары бала әлде, мүмкін, қыз да болар-ау, әйтеуір, қай тұқымнан екенін айырғысыз әлдекім жыламсырай қарап тұр. Аяғымды қалай, қай жерге басқанымды анық

аңғармай, сандалақтап сыртқа шықтым.

* * *

Есікті ашысымен жарқылдап кеп құшақтап алған күн кірпік-сәулесін тіктеп көзіме қадады.

Жаңағы ашу-ызамның түтесі шығып, түгі қалмастан тарап кетті.

Әбден таңқылдап піскен сап-сары қауын — күн шеңбірек атып, Қоқай шалдың аласа үйінің төбесінен табан үзіп, домалана көтеріліп келеді. Ауыл таңғы ұйқыда талықсып, жым-жырт. Майлыаяқ үрмейді: тұмсығын бауырына тыға шарбақ қораның түбінде дөңгеленіп, үлкен о әрпін құрапты. Қорадағы қотиын қызыл әтештің қанаттарын жігерлене қаққаны, шібилерді басынып, «қо-қоқ, қо-коқ» деп қойып, бүгінге жетерліктей қысқа әрі нақты әмірлер таратқаны ғана шырықты бұзып тұр. Мұзтаудың конус шоқылары таңқаларлықтай айқындалып, қиыла қалыпты. Тура тұсқа іліп тастаған кілемдей. Маздаған сәулені жайлап сіңіріп, маңқия бартиып-бартиып жатыр.

Тамаша таңғы тыныштық!

Кәрімнің көкжөтел «Беларусі» де әдеттегісінше ауылды басына көтеріп дарылдамайды. Яғни күн демалыс, жан адам жұмысқа шықпақ емес. Қуанып қалдым. Басымдағы оңбаған орамалды ешкім көрмейтін болды.

— Желкең үзілгір, әкел ана доғаны! — Жәнипа апайдың жігерлі даусы. Біреуді қарғап-сілемесе, ішкен тамағы бойына сіңбейді. Анық шөпке жиналған беттері. Басқа әйелдерден үні, ұрсуының сорты бөлек. Баласы Оқастың лақтырған тасындай сөздері, қарғысы доп-домалақ әрі ауыр. Тиген жерін оңдыртпайтын, бір ойбайлатпай тынбайтын зілді. Осы жолы Оқастың өзін сыйлап жатыр. Оқастың жыпылдаған қайыстай ерні есіме түскенде жүрегім су ете қалды: қызыл орамал байлаған баланың хикаясының сан саққа жүгіріп, түрленіп, кешке ауылда желдей есетінін басыңдағы қалпағындай көре бер. И-ий, сол қара баланы жек көретінім-ай.

— Сен босқа тұрмай, Қоқайды шақырып кел, — Көкем ғой. Құлдыраңдап жүгіріп кеттім.

Саусақтарым терезенің шекесінде ойнайды. То-тоққ... Мен тап осы жерде ойда жоқта жаңалық аштым: шекем мен әйнек дыбыс шығару қасиеті жағынан ұқсас екен.

Балақан, басың пісті ме,

Шекең, бәлем, істі ме?

Қара Оқас жығып салып, алтын басымды қор етіп, шертпекті өстіп алды ғой.

Денесі шілбиген арық болса да пысық, ширақ, масқара соғып тастайды. Төбелесі қауіпті, өйткені әдісі өте көп. Тебеді, тырнайды, тістейді, шаштан жұлады, таспен ұрады, қысқасы, еркекше де, қыздарша да таяқ жегізуге жетік. Шіркін, содан кегімді қалай қайтарсам екен?

Перденің шетінен сығалай қараған Қатима апамның жүзі көрінді де, қайта жоғалып кетті.

— Шал, тұр, бала келіп тұр. — Аржағынан Қоқайдың: «Әкем-ау, солай ма еді?» — деп сыңсыған даусы естілді.

Айналып есікке келдім. Тиек тым жоғары ыршып, жапсардан Қоқай көрінді. Жұдырықтай ғана шекесінен шертіп жібергің келеді де тұрады. Көзі жыпылықтап, күннен ұялып тұр.

— Әкем-ау, кімнің баласысың? — Мүлдем танымай қапты, — Е, Сауытбектің шаңырағынанмын де. Шөп шабуға бет алмақсыңдар ма, әкем-ау? — Бұ да өзінше тауып тұрған айласы. Неғыласың, дәнеңе білмей қапты. Түнде біздің үйде сорпаны ұрттап қойып, білегін сыбана, ертең қырып шеп шаппасам деп жұлқынғаны есінен шығыпты.

Басымды изеймін.

— Әлі ерте, — жауап күтпестен, алақанымен аузын қалқалай, сөзін сыбырға кешіре қойды, — Сауытбек... ана әкең қанша бөтелке алды? — Қоқай ұятты адам. Арақты абыройсыз атымен атамайды, бөтелке дейді. Екі саусағымды жоғары көтердім. Ыржың етті...

— Е-е, болды. Қазір міне... Біз қашаннан көмек-пөмекке дайын Қоқаймыз. Әне, сондаймыз. — Қайқы тұмсық қара бәтеңкесі жантайып есік алдына шықты, — hah, һаһ, мына тамыздың күні тамылжып тұр екен. Сары майдай-ау, сары май. Сөзіме береке бергір, мен білсем, бүгін шөпті қырқай түбінен қиып жаппай сұлататын қайырлы күн.

Үй артына шықсақ, көкем арбаларды жегіп, айдау қара жолға шығарып қойған екен. Қызыл биелісінде өзі отыр. Қара аттылы ырдуанға Қоқай екеуміз міндік. Сөйттік те арба соңынан домалаңдаған күнді ерте ауылдың батысындағы шабындыққа қарай жүріп кеттік.

* * *

Көкем бар жерде Қоқай шалдың салмақтана қалатынына таңмын. Сырбаздана сөйлеп, сәнденіп бітеді. Мінезінің қатқылдығынан ыға ма әлде? Бірде Сауытбекті жанап кетсем, мұздай су етіме тигендей болады дегенін аңдаусызда естіп қалғанмын. Қайдам, әйтеуір Қоқайды көкемнің томырық мінезі қорқытатыны анық. Сол әдетімен темекіні бұрқ-бұрқ шегіп, қазір де үн-түнсіз тымырайып отыр. Әлсін-әлі иығын асып көгілдір орамалдар қалқи түсіп жатқан тәрізді. Тек орауға келмейді, ұстай алмайсың, ал танауыңды қышытып, қақалтып-шашалтуға бар. Қара аттың тағалы тұяғы көшенің қалың шаңына күрп-күрп көміліп, тұяғының ұшынан әлсін-әлі сары сақина-білезіктерді жайлап ұшырады. Ұрысқақ Жәнипа апайдың да шарбағы артта қалып бара жатыр.

Былтыр бұл үйдің қашасындағы торғайды атамын деп, құдай ұрып төңкерулі құмыраны қиратып алғанмын. Апай аясын ба, қолындағы көсеумен жіберіп ұрды. Жылпоспын ғой, жалтарып кеттім. Содан бері Жәнипаның қолындағы кез келген ауырлау заттың бәріне ерекше құрметпен көз салып жүремін.

Баласы Оқастың да оңып тұрғаны шамалы. Сидам ұзынтұра, оның үстіне, қараторы да емес, майқараның өзі. Өткен жылы мамасының маған бағыттап лақтырған көсеуін біздің ауладағы қара майға толы бөшкеге бас-аяғынан батырып ал да: Оқасты көр де, көсеуді көр. Екі жыл ауырып, бізге жоғары кластан ауысып келген ересек бала. Қит етсе, шетімізден бықпырт тигендей сабап, әбден әлімжеттік жасап, жүдетіп барады. Әсіресе маған өш. Өш болатын жөні бар. Сайтан түртіп, ол туралы тақпақ шығара қалғамын.

Сол өлең жарық дүниеге келгелі басымнан қиқу, қиқуға қоса жұдырық кетпеді. Кездескен жерде алып соғын, төмпештейді де тастайды. Себепсіз бе, себепті ме, бәрібір. Мен де шақармын ғой, шама-шарқыма қарай табанды қарсылық көрсетіп бағамын. Бірақ мойындау керек, күштінің аты күшті. Сөйтіп, бұл күнде күлге аунаған ол емес, мен болып жүрмін. Өзіме де обал жоқ, өлең шығарып енерім тасығанша, тынышыммен жайыма жүрсемші.

Сол Оқас қазір арбаға айыр салып жатыр. Басымдағы Қызыл орамалды көрмесін деген оймен Қоқайдың артына бұға түсемін. Оның түйе жапырақтың көлеміндей жауырыны мені жасыра алмады.

— Заманбек, қыз-қыз... — Оқас аттанды салды дейсің. Санын шапақтап мәз-мейрам. Жұдырығымды көрсетем алыстан. Арба үстінен, әрине, қорықпай-ақ сес білдіруге әбден болады.

— Қу шешек, омақасып өлгір, біреудің баласында басың қалды ма, одан да өз жөніңді жөндеп алсайшы.

Жәнипа апай, жарайсыз! Айтқан сөзіңіз дұп-дұрыс. Оқас қу шешек, өз жөнін жөндей алмайды, тек сіз қарғағандай омақасып өле қалмайтыны өкінішті-ақ.

Апайдың айқайы кілт үзілді. Жалт қарасам, бетіне түсіп кеткен шашын түзей, арбаның тасасына бүгежектеп бұға берген екен.

Қоқай қайдағы жоқ қайрат көрсетіп, қара атты жазықсыздан-жазықсыз құлаштай бишікпен тартып қалды.

* * *

Ауылдан бас алған айдау жолдын ұшы Жасаңның шетіне ирелендеп сұғына кіріп жатыр. Жол танабының бірден қатайғанын арбаның салдыр-гүлдір берекесіз әнін бастап бергенінен-ақ біле қойдым.

Шабындық үлкен, қаншама шапқыласаң да шет-шегіне жете алмайсың. Бірақ географиялық картада, неге екені белгісіз, аталынбапты. Глобусты қаншама ұқыпты айналдырып қарасам да, «Жасаң» атты жерді таба алмадым. Ал географиядан сабақ беретін Роза апай барлық көлемі үлкен жер картаға түсіріледі деп еді.

Жасаңның ауыл маңайынан артықшылығы — еңкей бір кілкіген көк құрақ. Лүп етіп жел тұрса, былай бір, алай бір бас изеп, ырғалады да қалады. Класком қыз Күләштің «Жайдарманды» билегенінен аумайды-ау, шіркін! Ауыл төңірегіндегі тақырдағыдай табаныңа тікенек кіреді екен деп тіпті де ойлама. Жасаңда қурай, кәріқыз, ши өспейді. Оның есесіне гүл өте көп. Сары, қызыл, ақ, көк... Қыздар қыдырып жүріп етек-етек тереді өздерін. Ал бізге, ұлдарға, одан гөрі бақбақ ұнайды.

Аяғыңмен бассаң, борт-борт сынып езіле беретін момын өсімдік. Әбден жетіліп бас жарғанда бүкіл шабындық ылғи аппақ бақбақтан ғана тұратын секілді. Үлп деп аспанға ұшырып жібер де, әлсін-әлі үрлеп қойып қуа бер, қуа бер. Ол шыркөбелек айналады. Кейде күн көзіне шағылысып көрінбей де кетеді. Ондайда өкінбе: тоқта да тоса қал, аздан соң жылт етіп өзі-ақ шыға келеді.

Жасаңда құмарың қанғанша емін-еркін сайрандап ойна, ешкім де ұрсып зекімейді. Ауыл, оған қоса қатал аға-көкелеріміз алыста. Құрақ-құрақ арасын бұқпантайлап партизан ойнаймыз, одан жалықсақ, футбол, тығылыспақ бар. Жайылып жүрген бұзауларды ұстап алып, бас үйретеміз. Өздері момын жануарлар болғанымен, тоңқалаңдап қашып құтылып кетуге тырысады. Қашқанмен, Жасаңның таңдайға балдай тиетін шөбі мен суын қиып қайда барады. Ондайда құйрығынан мықтап ұстап алсаң болды, «Бөө-бөө!» деп мөңіреп қойып, айнала шапқылайды. Ақыры шаршап тоқтаған кезде қарғып мініп ал да, әйда, жорғалатып ауылға қарай қасқайып тарт. Ондайда ауылдағы ұсақ балалар, яғни шыбын-шіркейлер бұлттай қаптап, таңданғанынан ауыздары ашыла, көше аузынан сені қарсы алады. Су тегін бедел деген осы емес пе. Біздің Жасаң қаншама топырласаң да сынын бұзбайтын сондай жер.

Жолдан қиыстап, Қарасудың бойына тура тарттық. Бет алысымыз өзеннің бергі бетіндегі шабындықтың мәйекті, ең қалың, қамыстан таза киіз пұшпағы. Ырдуан құрақтан өтіп, қалың қурайды қақ жара жүзіп келеді. Шөптердің ұсақ сары гүлді бастары қорап ернеуінен аса шұлғып сырыла қалып жатыр. Жапырақтарына жабысып қонақтаған шыбын-шіркейлер, көбелек, масалар бұрқ-бұрқ атыла шашылады да, қанаттарын дірілдете қалықтап қатып, тымық ауада іліне қалады. Табан асты сытырлап сынған былтырғы қамыс, қурайдың ақсөңке сүйектері. Джунглидің тап өзі. Соның аты «жыңғыл-айдан» шықпады ма екен? Былтыр бір оқыған кітабымда алыс басқа жерлердің бірталай есімін біз қойыппыз депті ғой.

Африка біздің «қапырық» екен, ендеше, «джунглиді» «қалың жынғыл» деген мағынада көкемнен үлкен, мұрты көбірек, сақалы ақтау аталарымыз атап кеткен де.

Арба тоқтапты. Өткен жылғы жер көзіме оттай басылды. Қызыл бие кілт бұрылғанда сынатын доға шеп арасында ағарып жатыр. Мамам шай қайнатқан қазан-ошақтың орны қарайып, жасыл ніл түстен бөліне қапты. Алақаныммен сипап едім, өкініп қалдым, былтырғы қызыл шоктың қызуы сақталмапты.

— Әй, жер сипап еріккенше, аттарды тұсап кел, — Көкемнің қабағының ашылмайтыны жаман-ақ. Тым болмаса жалғыз рет күліп, жадырасайшы. Өз есіміммен әсте шақырмайды — таусылып бітпейтін «әй, үй». Айта берсе, мен «әй, үй» емес, Заманбекпін ғой.

Кібіртіктеп басып келіп, қолынан тұсамысты алдым.

— Қызыл биені үш аяқтап шідерле. Жаның бар ма, ыбылжымай, тезірек ұстасай.

Бір бүйірден Қоқай да қосанжарлап қоятын емес:

— Сөйт, айналайын. Қазандатқыр қызыл пәлені байлап-матап тастамасаң, ауыл қайдалап қашып береді. Көктемгі құрты тірі, көкірегіне жел лебі тисе, есіп отыратын ұрғашы тұқымнан бұл жануар. Сөйте ғой, сөйт. Айналайын, ақылы бар өзінің.

Ақылым бар екеніне онсыз да баяғыда көзім жеткен. Осы Қоқай неге біреудің айтқанын ғана қайталай береді және сөздердің ылғи есте тұрмайтын уағынан таңдап алады? Сабаққа дайындалмаған Оқастың жауабы сияқты. Оқас дегеніңіз жылпып тұрған қу ғой. Оның сабақты білмеймін дегенін, екі жыл қатар оқып, ешқайсысымыз естіген емеспіз. Тақтаға әдетте көтерген қолын мұғалімнің көзіне тығып жібере жаздап, өзі сұранып шығады. Содан соң, мысалы, континенталды климат жөнінде айта бастайды. «Континенталды климаттың қысы қатал, суық. Шеке аппақ боп үсіп кетеді, ал ауыздарынан шыққан буға адамдар тұншығып қалады екен. Көздерінің бояуы оңып, бозарады». Аппақ қырау тұтқан әйнекке көзін қадап алып, әрі қарай осы сарынмен соға береді, соға береді. Бір қызығы, Роза апай күлімсіреп қойып, оған ылғи да «орта» қояды. Жарайды, Оқас Оқастығынан, қырсықтығынан істеп отыр. Ол сабақты біле тұрса да кітапта жазылғанды бұрмалап, мазақ етеді. Жалпы, өзі басқалардан бөлініп, ерекше жүретін тұйықтау бала. Ал Қоқай ересек, үлкен адам ғой. Ендеше, оның салмақты болғаны жөн. Әлде ол да көкемді әдейі қайталап, бұрмалап, сөйтіп кек ала ма? Көкем ғой оның бес минут сөйлегенін бес сөзге оп-оңай сыйғызып айтады — табаным жерге тимей, дедектеп келе жатқаным сол корғасындай ауыр сөздердің қуғыны.

Бәрібір көкемнің дөрекі сөздерінен гөрі Қоқайдың қисық-қыңыр қалжыңы адамға әлдеқайда жеңіл әрі жақсы тиеді.

Жәнипалардың тартпа түсірген жері тап жолдың үстінде. Алыстан-ақ көрдім, апай шалғы сілтеп жүр. Оқасты қатарына сап қойыпты. Жетегімдегі аттардың ығына тығылып, көздеріне көрінбеуге тырыстым. Оқас қу сөздің майын шылқытып қуырдақ қуырғанға ғана тәуір: қимылы олақ, шабан, құлашы китің-китің қысқа. Шалғысын томарға соғып алды. Шөк-шөк, саған сол дауа. Тартпасын бар күшімен тартады, тістесе кірген болат темір қайдан шықсын. Тер шыққан маңдайын сүртіп қояды. Аяп кеттім. Өзі соншалықты жек көре қоятындай жаман да бала емес; тек болмашыға шармаяқтаса беретін мінезінің қитарлығы бар.

Әлі тартпасын шығаратын түрі жоқ.

— Әй, Оқас! Сен шалғыны тік суырма, білдің бе? Әкел, көрсетейін, — Бет-аузы тыжырайып, бір уыс болды да қалды. Онымен коймай:

— Заманбек... Зәмзәгүл-ау, шоп шабу қыздардың ісі емес. Олардың шаруасы қызыл орамал тартып, нағыз еркектердің атын жетелеу, — деді.

— Өзің біл, Оқас — қара май! Шалғы тарта алмай жатқан соң... Ол шіңкілдей әндетіп қоя берді:

Кетік, кетік, Кекшебай,

Екі тісің боқшадай...

Сөйтті де тартпаны тартып қалды, — тартпа шыдамады, мойны опырылды, Оқас шалқасынан тыраң құлады. Алақай, алақай! Тиімді басып, сайтанша сақылдап кеп күл. Күлкі көмейіме толып, тіпті қақалып қалдым. Оқастан өстіп қана өш алмаса болмайды. Жата қап екі аяғыммен көкбет көктің кеудесін дүрс-дүрс тепкілеймін. Көптенгі құмарымнан шықтым-ай, шықтым. Күлкінің түйе-есегі секілді көкелері айналайын жарқын жүзді Жәнипа апайым айыр жүзін жарқылдата найзаша тік көтеріп, Оқасты қуып бергенде басталды:

— Шалғыны құрттың, қара құрт. Жөндейтін қонжиып әкең отыр ма, қу жетімек!

Оқастың тұла бойы толған қырсық. Қашып жүріп даусын шешесінен асыра айқайлайды:

— Әй, Зәмзәгүл, класком Күләштің бәйбішесі, сегізінші мартта құттықтау жіберемін, тосып ал!

Осындайда жүгіріп барып аузына жұдырықпен қойып-қойып кету керек еді. Ол қорғасын құйған ауыр сақамен ойланып-толғанбай түзу, аппақ күрек тісімнің жартысын шыр-р ұшырып түсірді ғой. Кекшебай кетік атандырды. Зәмзәгүлге тегіннен-тегін ие болып қалғаным тағы мынау. Оқастың қорлығына осы қашанғы шыдаймын? Қап, биыл мектептегі бокс секциясына қатысып, көзіне көк шыбынды үймелетпесем. Кекті ол сияқты сақамен атып емес, одан әлдеқайда жойқын, әділетті жолмен аламын. Рингте бәленшебай баланы жеңіп болған соң, көшенің ортасында Оқасты ұстап алып, сыпайылықпен жұдырықтасуға шақырамын. Оның қатын-қыз төбелесінен өзім боксер болған соң қорқайын ба? Оқас та, сөз жоқ, шығады, шығады да тастай жұдырығын басынан асыра бұлғай иіріп тұра ұмтылады. Ойы белгілі: «Кекшебайдың бетін ет етіп, қалған тісін ұшырып түсірейін». Иә, қолыңнан келсе, ет етерсің. Басынатын адамың ба, байқап қара, бір жағыма жантая жалтарып қап: «Кекшебай кетік тіс үшін!» — деп, тайпиған қара тұмсықтан отыртамын. Қайталап соқпаймын. Өйткені бокстың ережесі бойынша, ол кездегі жалғыз соққы мұрнын қанатуға әбден жетіп жатуға тиіс. Айтқанымдай, қан дір етті. Оқас өжет бала, өкіріп-бақырып тағы ұшады. Сілтеген жұдырығын қағып қаламын да, шіреніп тұрып, түу-у... тағы тартып жіберемін. Шаруа тынды — Оқас іші-сырты бірдей мес болып қара жерді құшақтап жатыр. Мен болсам, жұдырығымды үйіріп-үйіріп қойып орғимын ба, секіремін бе, бокстың жаттығуларын жасап қоямын. Ел аузы аңқия ашылып қарап қалған. Күләш қол шапалақтап, шарқ-шарқ күледі. Өйткені Оқас оны да мазақтаған. «Класком қыз Күләш- ау, жүзіңді бізге бұрсайшы-ау...» Жә, ұруын ұрып тастадық, оны Күләштан басқа адам көрмей ме? Өзі тапа-тал түс екен, тағы көшенің ортасы. Мысалы, алдымен көкем, Оқас, Смирно ағай... Жүрегім су ете түседі. Өш алудың сәті түспейтін шығар, түспейді.

Алақанымның астындағы аттың жалын дәрменсіз уыстап тұрып жұлқи беріппін.

Айтпақшы, класком қыз неге сораңдап ылғи есіме түсе береді? Ұзын сирағын, жасқанбай, ұялмай қарайтын қара көздерін, желпілдеген шашын елестетуге тырысамын. Осы Күләш Беккиге әлде Бекки Күләшқа ұқсас па?

Бәрі Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендерін» оқудан басталды. Кітаптағы Том көрші қыз Беккиге ғашық. Том да, мен де он үш жастамыз, Былайша айтқанда, құрдаспыз. Ол секілді суда жақсы жүземін, ал мысықтарды құйрығынан тартып бажылдату үйрене келе оншалықты қиынға түспейтін өнер секілді. Ойлансам, оған теңелу үшін бір қасиет жетіспейді екен: ол — Томға ұқсап қызға ғашық болу. Класта қыздар, құдайға шүкір, өріп жүр, ендеше, дереу біреуін жақсы көру керек — міндет солай. Сонда ғана Том құрдаспен ұпайымыз түгенделіп, теңесеміз. Оның есесіне, Томда жоқ бір қасиет менде бар: «Қазақстан пионері» газетіне «Мектебім» атты өлеңім басылған ақынмын. Соны әнеукүні алыстан қонаққа келген ағайым оқып отырып:

— Ақын болыпсың, енді қыз қууын қалды, — деген. Қыз қуу жақсы көрудің, ал жақсы керу қызға сағатына екі-үш мәрте сүзіле қараудың маңындағы мағына екенін жақсы білемін.

Сонымен, не керек, жағдай қыздарға қырындамасқа амал қалдырмады. Сонда кластағы қайсысы ғашық болуыма татиды? Құлағынан тізіп таңдай бастадым. Бәтестің беті бес тиындық бақыр секілді дөп-дөңгелек қызыл болғанымен, балтырлары о әрпіне ұқсас, қисық, жіңішке. Шапжаң-шапжаң шапылдайтыны бар. Әсия әдемі, үндемейді, аяғы түзу. Алда-жалда ойнай қалсаң, қарап тұрады да, неге екенін қайдам, бетіңді шап беріп тырнап тастайды. Бет-аузыңды күнде қан-жосаға бояп отыратын қыңыр қыз кімге дәрі. Күләш ше? Қиып қойған шашы ылғи да маңдайына сусып түсіп тұрады. Әрі тақпағым газетке шыққаннан бері ара-тұра болса да күлімдей қарап қойып жүреді. Қой, көп әуреленбей, соны жақсы көрейін. Өзі тағы класком, көрші екен, ұмытпасам, Бекки де Томнан алыс тұрмапты. «Семіз қоймашы қайнымның қызы сүйкімді, әдепті, сәлем беріп жүреді», — деп мамам да айтып отырады.

Хош, ғашықтықты бір адам білгенімен іс бітпейді. Жақсы көретіндігімді Күләшқа білдірудің амалын іздестіре бастадым. Ол оңай екен. Отырған партамыз біреу. Хат жазып, қолына ұстата салмаймын ба? Ұлдар көріп қап, қыздан тартып алып оқыса ше? Басқасын білмеймін, Оқастан ол шығады. Немесе, класком қыз хатты оқыған соң, «Дүниежүзі географиясының» арасына әдемілеп тұрып төрт бүктеп тығып қояды. Оны Бәтес Мексика бойынша сабаққа дайындамақ боп сұрап алады делік. Ары қарай... быр-р-рр. Заманбек класком қызға хат жазыпты! Масқара! Көкем естиді. Қасының арасын қосып жіберіп, солидолға шылқыған жылан құйрықты бишігін қолына алады. Арқам қарадан қарап дуылдап ашып бара жатыр. Әлде мүлдем ғашық болмай-ақ қойсам ба? Он үш жастағыларға міндетті түрде ғашық болудың керегі жоқ шығар. Бірақ Том құрдас пысықтығын асырып кетеді ғой. Әрі он үш жасымда хат жазбасам да, бәрібір кейін Күләшқа ғашық болуға тиіс екенімді білемін.

Былай істесем ше? «3» әрпінің орнына «а», «а»-ның тұсына «3»-ны қойып жазсам, қалай болар еді?

Яғни 3-а, а-3;

М-н, н-м;

б-е, е-б;

Сонда ең соңындағы «к» сыңарсыз ба? Жарайды, «к» сол «к» күйінде қалсын. Сонда «Заманбек» «Азнзмебк» болып оқылады. Ал білгіштер танып көрсін. Мейлі, мұғаліміне апарып көрсетсін. Қалай айналдырып қараса да «Азнзмебк». Күнге тосып қарасын «Азнзмебк» сол «Азнзмебк». Біз осылайша бәрін алдап соғамыз, сөйтіп, жаңа алфавит жазуды ашамыз. Мұндай қулықты ойлау Томның есінде де болды ма екен?

Сол күні-ақ қағаздың шетіне гүл тістеген көгершінді мәнерлеп салдым. Алдында апайым тыққыштап көрсетпейтін хаттарды ұрлап алып, жасырын оқығанымда осындай суреттерді көргенмін. Әсіресе, көкжөтел «Беларусі» бар Кәрімдікі қатқан: көгершін астына жаңағы ашқан құпия жолмен: «Күләш, сені жақсы көремін. Заманбек» деп өрнектеп жаздым да салдым. Көгершінім аздап қарғаны еске түсіреді. Оқасы жоқ, жұмбақ жазу тұрғанда көгершін-қарғаға қыз өлгендей қадалып қарап қалмас.

Ертеңіндегі соңғы сабақ әдеттегі Роза апайдың «құрлықтары мен мұхиттары» еді. Көзімнің астымен байқатпай Күләшті барлаймын да, қуанғанымнан шыңғыра жаздаймын — иә, сәт, көңілді отыр. Несін айтасың, кешегі көгершінді хатты ұстата қоюдың дер кезі. Демімді тереңнен тарттым да, қолымды соза... шынтағым алдындағы сия сауытты қағып кетті де, ол еденге құлады, онымен коймай, сондай сергектікпен шоршып-шоршып түсті. Шашыраған сия қыздың аппақ алжапқышын әп-сәтте көк түске бояды да салды. Жым-жырт. Күләш күлімсіреген күйі бұршақ түсті теңбіл-теңбіл алжапқышына қарап тұрды, алжапқышындағы көк бояу біртіндеп бетіне жайылды, содан, әй-шай жоқ, ештеңені түсіндірместен, қолындағы 265 беттік «Дүниежүзінің географиясымен» басымнан салып қалды. Есім әжептәуір ауып қалды. Класс қыран-топан. Кеп қалған кез жасымды жұта хатты ұсындым.

— Бұл не? — деді ол едірейіп.

— Хат...

— Қайдағы хат?

Менде үн жоқ. Не дейін? Қағазды қолымнан жұлып алып, айналдырып қарай бастады. Балалар бастарын біз жаққа флюгерше бұрып, мойындарын құрықтай соза көздерімен ішіп-жеп отыр.

— Қарғаның суреті... Ол неге гүл тістейді? — Көңілсіз жүзбен алдыма тастады. Соның өзінде маңдайына түскен біркелкі қиюлы кекілі керемет әдемі.

— Ол қарғаның суреті емес.

— Енді ненікі?

— Қарға емес.

Сықылықтап күлді.

— Қарға емес, көгершін, көгершін... — Бұзылған мембранадай жалғыз сөзді қайталай беріппін. Бетім дуылдайды. Күләштікіндей қызыл шығар деп ойлаймын.

— Ал мынау жазуы несі?

— Жазу... жазу да.

— Жазу? «Клүшә»... — Иығын көтерді. — Қалай оқылады әлде басқа тілде ме?

— Онда «Күләш, сені жақсы керемін» деп жазылған.

Көзі үлкен еді. Енді мына менің алақаным қандай, сондайға жетті, жетпек түгіл, асты.

— Кім жазған өйтіп? — Қателеспесем, бақырды ма, қалай? Бүлдіргенімді білдім, зып беріп партаның астына зыттым. Класком қыз ұятты ұмытып, бар беделден айрыла еңіреді. Беті бес тиындық Бәтес мәз-мейрам. Қолын шапалақтап, тақтаның алдында қосаяқтай секеңдеп жүр. Партаның астынан бұралған қисық балтырларын тізелектен қия көріп жатырмын.

— Кекшебай Күләшті жақсы көреді. Апайға айтам, оһ, оһ... — Ал айта ғой, қисық аяқ маймыл! Сенде бар ауыз менде де бар. Көргем, білем. Өткен жазда Оқаспен қол ұстасып, бақбақ тергенсің. Ұл мен қыз кластан тыс жерде қол ұстасуы керек деп «Мектептің ішкі ережесінде» жазылмаған. Әне, солай!

Ойымды ту жоныма сарт еткен «Дүниежүзінің географиясы» бөлді. Соққы өте жиі тиіп жатыр. Бар бітіргенім — төмен бұғып, кірпіктерімнен тамшыларды үнсіз үзе берген.

Роза апай кірді де, балаларды түгендеп, өткен сабақты сұрауға кіріскені сол еді, Бәтес ақ манжеті кірлемеген оң білегін биязылықпен әрі асқан батылдықпен партаның деңгейінен жоғары көтерді. Көздері жайнай түсіп, беті албырап қапты. Күләш оған жиіркенішін көзінен лақтырып тастады да, тура алдына тесірейе қарап отырып алды.

— Иә, Бәтесжан, Мексика туралы айта бер. Табиғи жағдайы, климатына тоқталуды ұмытпа.

Бәтес бөгелді. Басы мойнынан сынып, кеудесіне құлады. Саусағымен табанды түрде парта бетін осқылай береді.

— Апай, мен...

— Біріншіден, парта бетін сызғылаудың Мексикаға қатысы жоқ. Екіншіден, өз ойынды еркін білдір, бөгелме.

— Мен Күләштің Кекшебайды... жоқ, Кекшебайдың Күләшті жақсы керетінін айтпақпын, — Сөйтті де, Бәтес бар салмағымен сылқ отыра кетті.

— Бізде Кекшебай атты оқушы бар ма еді, балалар?

Сүйретіліп орнымнан тұрдым. Сақ-сақ, сылқ-сылқ күлкі, яғни ат-биелерше кісінесу. Роза апай жымиды. Содан кейін орнынан тұрды да:

— Балалар, бір-бірлеріңді ата-аналарын қойған есімдеріңмен атағандарың жөн. Заманбектің тісі кетілген екен деп кеміту теріс. Ертең тісі өсіп шығады, сонда қайтесіңдер? — Ие, сонда қайтесіңдерді танытып, жалқұйрығы жоқ болса да, жаңа ғана жылқыша арқырағандарға ақырая қарадым. — Ал Заманбектің Күләшті немесе Күләштің Заманбекті жақсы көретіндігінде не тұр? — Енді Күләш маған алайып қарады,- Бір мектеп, класта оқиды, партада қатар отырады, ендеше, олардың бір-бірін ұнатып, дос болғанында тұрған қисықтық жоқ. Өз басым, оларды қолайсыз сөзге ұшыратып, өсектегендердің өзін жақсы жолдас бола алмайтындардың қатарынан санаймын, — деді де, сабағын әрі қарай жалғастырды.

Ой, рұқсат берсе, Роза апайдың бетінен жүгіріп барып сүйіп-сүйіп алған болар едім. Қамыт аяқ Бәтес нокаутқа оңбай түсті. Хат жазғаным дұрыс болыпты. Том Сойер бала Беккиді бірдеңені біліп ұнатыпты. Ерні ерніне тимей шөпшеңдеген Бөтес мың жерден щёткіленсе де тазаланбайтын ұятқа қалды. Кеше Күләштің орнына Бәтесті таңдамағаным қандай жақсы болған.

Үйге қайтарда озып кеткен Күләштің соңынан зымырап қуып жеттім. Бұрылып қараған жоқ, тездете басып барады.

— Күләш, енді біз шын доспыз, — Арсалаңдап қолынан ұстадым. Мәссаған, жұлқа алақанын суырып алды да, жағымнан тартып қалды. Дәл кинодағыша тартты.

— Маған бұдан былай қарғасы бар хат жазушы болма, ұқтың ба? — Бетіне қарап едім, «Дүниежүзінің географиясымен» салып қалған кездегіден жүзінін еш айна қатесі жоқ екен. Еріксіз шегіндім.

— Жолдас болуға апай рұқсат берді емес пе? Том Сойер мен Бекки де әуелі...

Американдықты қырсыққанда ол да оқыпты.

— Том Сойерің де, Беккиін де өмір сүрмеген, өтірік, білдің бе! Апай тауып берген басқа қызбен жолдас бола бер, ал менен аулақ жүр. Әйтпесе бар ғой... — Сөйтті де класком қыз кекілін сілкіп-сілкіп тастап жүре берді.

Суайт американдыққа сол жерде жатып ренжідім. Кітаптар да алдайды екен. Мұғалімдер соны бізге алдын ала неге ескертіп қоймайды? Ондайда Күләшқа хат жазар ма едім. Бүйтіп ренжіспейтін де едік.

Ес жинап, соңынан жүгіріп жеткенім сол еді, сары жезді портфелін жоғары тік көтерді.

— Мен саған жолама дегемін.

Жолама дегесін, жоламай тұрып қалдым. «Дүниежүзінің географиясынан» портфель әлдеқайда салмақты болатын.

Күләш, әне, сондай тәкаппар қыз. Мұғалім айтты деп оны жолдастыққа көндіру киын. Керек десе, «Том Сойердің басынан кешкендеріндей» қызық кітаптың дегеніне бағынбайды.

Кешінде, әйтсе де, Күләштан Роза апайды, Марк Твенді сыйламағаны үшін кек алуды ұмытқаным жоқ. Бау-бақшасына ұрланып кіріп, пісіп қалған қарбыздарын пышақтап жардым. Бұл бір. Терезесіне картоп байлаған, одан кейін алыстағы апанға жатып алып, арбағаш жіппен әлсін-әлсін тарта әйнекті тоңқылдатып ұрған да мына мен — Заманбек. Кімнен қорқайын, апамның семіз қоймашы қайнағасы ауданға кеткен. Үйде Күләш және мамасы екеуі ғана. Не деген батыл қыз. Сыртқа шығып, картопты жұлып алды да, бар пәрменімен лақтырып қалып еді, дәл қасыма топ ете түсті. Жіпті тастай, жыраны бойлап, еңкеңдей тұра қаштым. Қорқытқанның орнына қорықтым.

Әлі де болса Күләшпен жолдас болғым келеді де тұрады. Көршіміз Роза апай да ақылын айтты. Ендеше, қандай бөгет бар? Тегі, әншейін ешкімнің ақылын алғысы жоқ тентек қыз. Сондай қырсық баласың деп өзіне тым болмаса ұрсып-ұрсып алу ешкімнің есіне түсе бермейді де. Дос болмай, ұзын сирағын сереңдетіп жалғыз жүре беруден, мүмкін, жалығатын шығар деген үмітім күшті. Ол күнге арнап жазып қойған екінші хатым да әзір.

Қазір ол тас бүркеніп алып, жылы төсекте ұйқыны соқтыртып жатқан шығар. Соған қарағанда, қыз болған жаман емес тәрізді. Таңнан тұрып шөп шаппайды, ұлдарға әуреленіп хат жазып, олардан таяқ та жемейді. Дос болғысы келмесе, болмай қояды.

Күләш жайлы ойлап тұрғанымда, Қоқай мен көкем жер-дүниенің шөбін шауып үлгіріпті. Жалаңаштана шешініп, қалыппен кең сермейді. Көкемнің алымы керемет. Шөп шабатын машинадан аумайды. Бірақ оның шарылдаған даусы құлақты сарсытады ғой. Ал көкем сілтесі үздіксіз тынбайтын жұмсақ, жағымды сарын. Бұлшық еттері бұлтылдап тұр. Үйдегі ақ мысықтың көрпе астын бүлкілдетіп ойнағаны сияқты, көйлегін басына орапты. Соңындағы жантая сұлаған жас дестенің түнгі шығы күн өтінде солғын сәуле шығара жалтылдап жатыр. Айырмен жинай бастаған едім, көкем тоқтатып тастады:

— Әлі ерте, су. Одан да шалғыны ал да, шөп шабуды үйрене бер.

Қуанып кеттім. Үлкендерше ырғатыла құлаштап тартпа тарту... кім ойлаған? Лыпи басып, арбаның қорабындағы шалғыны суырып алдым.

— Жоқ, арбаның астындағы кіндік темірге байлаулы кішкенерегін шешіп алсайшы.

Алақай! Судай жаңа, өзіме шақ. Жүзі жалтырай зыңылдап тұр. Шөпті сілтеусіз-ақ өзі шаба жөнелетін секілді. Әдейі арнап сатып алған көкеме рақмет. Асығып-аптығып алан шетіне жүгірдім.

— Тоқтай тұр, Заманбек, әкел, шыңдап берейін, — Көкем жымия қарап тұр. Есімімді атап шақырды... Мойнынан құшақтағым келді. Қойшы, қызбен дос болуға дайындалып жүрген жігітке ол ұят та.

Көкем шыңылдаған дыбыс шашырата қайрақ таспен шалғы жүзін жаныды да, шөп шабуды үйрете бастады.

— Оң аяғыңды алға тастап, шалғы жүзін жерге жанап қана құлаштап тартып көрші. Белдігін былғаңдатпай бекем ұстағайсың. Өйтпесең, томарға соғылады.

Қарымды жаза тартып кеп қалып едім, шалқамнан түсе жаздадым, көкем сүйеді — тартпа шөп бастарын сипай зуылдап өте шығыпты. Қатты ұялдым.

— Құлашыңды тым кең алдың. Шалғы ұшы шөпке бойласымен өзіңе орай іле икемдеп тарт.

Қайтара сілтедім. Шөпті мөлшерсіз қамтыдым ба, тартпа қақалып жүрмеді. Үшіншісі уыс шөп түсірді. Төртінші, бесінші... Ит әуремен жарты сағат өтті. Артыма қарадым, көзімді алып қаштым — алым-жұлым, шөптің бірі шабылған, екіншісі сол күйі селтиіп тұр. Қабағым түсіп, отыра кеттім. Бес-алты кез құйқалағанға қолым салдырап, шаршап қалыппын. Менен тартпашы шыға қоюы неғайбыл-у. Оқасқа ақыл соққанымды айтсайшы. Көкем мұндайда не деуші еді... е, жығылып жатып сүрінгенге күлмес болар.

— Қой, сусындап алайық.

Дөңгелене отыра қап суық тары көжені сіміріп-сіміріп жібердік. Шекемізден бір-ақ шықты. Таңертеңгідей ұйқы қысты. Мықтап есінеп тастадым да, сая боларлық пана іздедім. Арба астын ез көлеңкесі саялап жатыр. Бешпетіммен бетін жасыра тыныстамақ едім, сыз өтеді деп, көкем келіспеді.

Қоқай бәтеңкесін шешіп, аяғын желдетіп отыр.

Көкем тұқылына дейін жұтып қоярдай сорғылап темекісін тартады.

Күн аспанның ширек бөлегіне көтеріліпті. Ыстық. Он қолымда көкем темекісін ораған газеттің қалдығы жатыр. Колыма алдым. Алғашқы жолының басында ірі «Неаполь» жазуы бар. Неаполь... Тоқта, Италия атты елдің қаласы емес пе? Дұрыс, Италия. Географиядан оқығамыз. Европа континентінде, астанасы — Рим. Ары қарай оқып көрейік. ТАСС... Бұл не болды? Неапольден кейін тұр, әлде сондағы көшенің аты ма? Соз бар ма, көшенің аты. Конвертке әуелі қала, кейінгі кезекте көше, ақырында үй, пәтер саны жазылады емес пе.

«Дәрігерлердің пікірі бойынша, Италияның атақты әншісі Робертино Лореттидің даусын қалпына келтіруге мүмкіндік туып отыр». Е, әдемі әнді айтатын бала ғой. Әннің аты не еді? Санта... Санта... Санта-Лючия. Иә, Санта-Лючиа-аа... соны ата-аналар жиналысында Оқас айтамын деп былықтырды. Күләш биледі. Мен тақпақ оқыдым. Одан соң Оқас шықты. Мен құсап қызармады, қысылмады, бар жұрт бір мұны көздерімен ішіп-жесе, бұл барлығын ішіп-жеді. Аудан орталығында концерт қойып кеткен Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі А. Байтоғаевтай сырнайшыға сәл бұрылып, кербездікпен ишара білдірді. Басын тәуір бастады. Содан кейін «Санта-Лючиа-аа-ға» келгенде қып-қызыл боп шиқылдады да қалды. Көзінен жас шықты. Оқас шыңғыруын тыяр емес. Жанымда отырған мамам:

— Түу, байғұс баланың жаны әбден қиналды-ау, — деп, жаны ашып жатыр.

Санта-Лючия — Робертино! Қандай ұйқасып тұр, ә? Сөйтіп жымдасып, кірігіп тұратындар, яғни симметриялылар ғана әдемі ән айтпақшы. Санта-Лючия — Оқас? Ха-ха-ха! Қайдағы симметрия?!

Екеуі екі жаққа ала қашып тұр. Жақсы әнді тыңдап отырып кейде мен де оны дәл сөйтіп салатындай боп көрінемін. Ал айтып көрсең, шиқ-шиқ. Суық торғайдыкі секілді сүйкімсіз. Әнді қайтемін, ақындық тұрғанда. Мейлі, сол жолы Оқас «Сента-Лючияны» қатырып айтсын-ақ, онысын тек ауылдағылар ғана естіп мақтайды. Менің екі ауыз өлеңім «Қазақстан пионеріне» шығып еді, бүкіл республикаға даңқым дүрілдеп жайылды. Кез келген пионер оқыған соң: «Мына Заманбек атты бала не деген жақсы жазады!» — деп ойлайды. Өйткені жақсы жазылмаған өлең газетке шықпайды. Даңқ, міне, қайда жатыр!

Қалғанын аяқтап тастайын. «Қазір әнші Италияның оңтүстігіндегі санаторийде емделуде. Көңіл-күйі жақсы, өзін сергек сезінеді». Әп-әйбат даусының аяқ астынан бұзыла қалғаны несі? Қыстыгүні шаңғы теуіп, шөлдегеннен кейін қар жеген шығар. Мен де былтыр өстіп ауырғамын. Екі күн қатар тамағым қырылдап, сөйлей алмадым. Майра десем, Мағ-ға шығады. Ондайда Робертинаға ән салу қайда? «Робентино» деп, өз атын да дұрыстап атай алмайтын шығар. Сонда мамам, көкем мені қатты жақсы көріп кетті. Бетімнен сүйді, жаңа портфель, күнде конфет, өрік сатып әперді. Соған Қарағанда, ауырған да соншалықты жаман емес, тегі. Әлде Робертино соны ойлап, әдейі істей ме? Онда Оқас секілді қу бала болғаны. Өзі санаторийде емделіп жатқан тәрізді. Санаторий жақсы деп мамам Рахманов бұлағына барып емделіп келгенде айтқан. Ол жақтың тауы көк, үйлері аппақ, ағаштары жап-жасыл болатын көрінеді. Оған бару үшін төсектен тұрмай, арсы-күрсі ыңқылдап ауырып қалу керек шығар. Ал мен диванға жай екі-үш сағат жатсам, жамбасым сырқырап, жалығып кетемін. Соған қарағанда, санаторийге жату әзірге маған жоқ сияқты.

Газеттің қарсы бетін қарадым. Күлгін әріппен әлдеқандай лазер туралы жазыпты. Алғашқысында омарташы Лазарь шал ма деп ойлап едім, жоқ, лазер. Ұқпаған соң, лақтырып тастадым.

Тас төбеде самолет гүрілдейді. Жоғары қарадым, күн сәулесін көзіме сұғып алды. Ауыртпайды, күйдірмейді, тек кірпігіңді жұма бергің келеді. Біздің класта күнге тура қарай алатын класком қыз Күләш қана. Сонда бар ғой, өзінің көзінде де кішкентай күн қайнап көшіп жүреді.

Тек Күләш мына заңғар аспандағы қалқыған күнді көзіне кішірейтіп кешіріп алуға қабілетті.

Тымырсық аспан дақтан дін аман. Көгілдір түсі сәл бұзыла шанытып тұр. Көл жақтан жылқышы құстың төмен құлдилай маңырағаны естіліп тұр. Бозторғай даусы өшкен. Аралар ғана қысқа ұшып, қаран-құранды көбейткен. Не көп — гүл көп. Кеш жетіліп, әлі бас жара алмаған быжынаулы бақбақтардың сары қауашақтарына қонжия қонып, құнжындай нәрін сорады.

— Қой, тұрайық. Шөп кеуіпті. Заманбек, сен дестені шөмелеме. Жаңбырға шірімесін, жалпайтпай, тіктеп үй.

Шөмеле үю тартпа тартудан көңілсіз. Шалғы сілтесең, шөптің түбінен қиылғанын, дір етіп қисая құлағанын көресің. Ал мынау ше? Әр талды шөпшеңдеп қуалаған өнбес қимыл. Бір, екі, үш, он, жиырма айыр... Санаудан да жалықтым. Онымен шөмеленің өсіп жатқаны шамалы. Қайта тастаған сайын жайыла түсіп, жалпайып барады. Бүкіл аландағы шөпті жинау... Ой, қандай көңілсіз! Күн жалындап күйіп тұр. Әбден қызған жалқын сары күн жерге мүлдем жақындап қалған. Елуінші ме, әйтеуір бір көп-інші айыр шөпті көтеруім сол еді, басым айналып, құлай жаздадым. Осы кинодағы балалар қандай шыдамды, жаны сірі мықтылар. Шөмеле сөз бе, мая салып тастайды. Шаршау қайда, қабақтары жарқын, мәз-мәйрам. Шуылдап ән салатынын қайтесің. Әлде киноға кілең мықты балаларды тандап ала ма?

Мені де кинода ойнатсашы. Онда да, шөмеле салып жүрген баланың орнына бармаймын. Айырлап шоп үюден гөрі айналысуға тұратын қызығырақ мағыналы істер толып жатыр. Мәселен, соғыс. Аркадий Гайдардың «Мектебіндегі» баладан менің қай жерім кем? Жә, астымда ойнаған ат. Сонда қайсысы: қара ат па, қызыл бие ме? Қара әнеукүні жарысқанда озып кеткен. Олай болса, қара атты мінемін де, қолыма қайқы қылыш аламын, мылтықты күмпілдетіп атып, жауды тырқырата қуып беремін. Дұшпанды Оқастан басқа кім ойнаушы еді. Ол ойбайын сала жылап қашады. Смирно ағайға ертең-ақ осыныңды айтамын деп боздап бара жатыр. Маған десе, мың жерден айт. Смирноңды қайтейін, менің сөзім қысқа — ойна деді, ойнаймын. Қазір қылышпен жауды шабамын, шабу керектігі кітапта жазылған. Құйғытып кеп қылышпен — ағаш екендігі түсінікті — үзенгіге «Тынық Дон» киносындағы мұртты Григорийге ұқсап тік тұра қаламын да, туһ, рақатын-ай, қылышпен Оқастың темір қалпағынан осып өтемін. Етпетінен түсті, есінен танды. Мен ол кезде аттың үстіндемін, он қолымда желбіреген қызыл ту, екіншісінде жарқырата жоғары көтерген қылыш: «Ақ гвардияшыларға (Оқас қой, әрине) өлім! Революция жеңбекші!» — деп айқайлай беремін. Оны кейін клубта саусылдаған көп дос қыздарымен Күләш рақаттана көреді...

— Әй, айырды неге аспандатып тұрсың? — Көкем. Қылыштың орнына айырды көтеріп-ақ қалыппын. Сасқанымнан тазаланған жерді түрткілей бердім.

— Оймай, белім, — Қоқай шойырылып отыра кетті. Даусын соза ыңқылдайды:

— Жаным, Заман, бері кел!

Жүгіріп жанына жеттім.

— Көйлегімнің етегін жоғары көтерші, — Етегін басына қарай түремін,- Бүйірімнен төмендеу тұсты бармағыңмен бас. Абайла, қалқам, төмендеу тағы. Дәл таптың. Домалақ түйін саусағыңа бата ма? Доп-домалақ, жұдырық... — Ойланып қайта сөйледі, — бауырсақтай, е, солай.

Қоқайдай үлкен адам сендіргеннен кейін, терісінін астынан әлдене қолыма расымен батқандай сияқты сезіндім.

— Бар, бар.

Ол қолқасы үзіле күрсінді:

— Үлкен бе?

— Кішкене, титімдей.

Қоқай риза емес:

— Сен бала, кішкене-мішкенені қойып, жөніңе көш. Адамға санап сұрап отырса, қайтесің өзі? Бармақ басындай ма?

— Иә, иә, — Қалай қостағанымды аңғармай қалдым.

— Е, бәсе! Атаңа нәлет, соғыстан қалған сарқыт та. Қарағым, жұдырық... бармақтай оқ фашист иттің қадап бергені. Ауыр жұмыс істесем, шаншиды. Белім-ай-й... — Әндетіп қояды. Әлден уақытта белін қос қолдай сыңсуға басып берді-ай. Өлейін-ақ деп қалса керек. Есім шығып, екі жағына кезек шығып бәйекпін.

Көкем міз бақпайды. Жөңкітіп шөпті қынадай қырады. Қара мұртының ұшы қыбырлап, күле ме, қызық.

— Ойбиу-у...

Ыза болдым, Адам ауырып жатса, қарамағаны несі? Осы көкем безбүйрек, қатал. Жүгіріп барып, шынтағынан түрттім:

— Қоқай аға ауырып қалды.

— Қоқай ағаң ауырса, демалсын, — Шөбін сыпырта әрі қарай шауып бара жатыр.

Соны естуі мұң екен, Қоқайдың ауруы сап басылды. Отырған жеріне жата кетіп, темекісін бұрқыратып тартады. Қабағы жадыраңқы. Оқыс ұстаған аурудың ылдым-жылдым біткеніне таңмын. Жәнипа апам да кейде көгеріп-сазарып, құлап қалатын. Көпке емес, бар болғаны екі-үш минут. Соған ұқсас ауру, шамасы.

Шөпті шөмелеп біттім. Көкем маңайындағы жаңа құлаған жас балаусаға ғана айыр жүзі тиген жоқ.

Көкем шалғысын көтерді, терін сүртті.

— Қайтайық, мен аттарды алып келейін. Көке, сіз балаңызбен астыны жұмсақтап арбаға шөп саларсыз. Ары қарай тынығарсыздар. Мақұл ма?

— Болсын, Сауытбек шырақ.

Көкем шөмелені айнала мені саусақ ұшымен ымдап шақырды.

— Заманбек, бері келші. Мына айырды ал, — Қасына тақаған маған айырға қоса бүйірлері салқын сызды екі бөтелкені ұстатты.

— Мен кетісімен ашып, Көкеңе ұстат. Бірден екеуін ашпа, қылжиып қалар. Біреуін әзірше шөмеленің ішіне тықсай, — Сөйтті де, қолына қос жүгенді ұстаған күйі, көкжиекті кескен тік сызықтана шалғынды тізеден кешіп, өзенге беттеді.

Орныма келсем, Кәкеннің көзі шырадай жанып, айқұлақтанып отыр.

— Әкең не деді? Ештеңе қалдырған жоқ па?

— Қалдырды...

— Бөтелке ме? — Жауап тоспады, қолын созды, — Кәнеки, шығар!

Даусы темірдей шыңылдайды. Амалсыз арқама жасырған бөтелкенің біреуін ұсындым. Тұқшыңдап сыртын сипалап жатыр.

— Салқынын жарықтықтың. Қазір жайласа отырып... Қолын ысқылай қиқылдап күлді. Кенет қабағын түйе ойланды. — Әуел шөпті арбаға тиеп тастайық па? Әй, Сауытбектің мінезі шадыр да, әйтпегенде... — Артынша аузым аңқиып қалған маған көзі түсті де, өтірік жөткірініп жатыр, — Сәкең ісіне тастүйін жігіт те. Соны айтамын. Бөтелке қашпас. Бала, әуелі көкең тапсырған істі тындырайық.

* * *

Сүт пісірімнен кейін шепті қораптың бетімен бет толтырып тастап, құрақта шалқадан түсіп жаттық.

Шалғының дамылсыз сыр-сыр даусы жақын маңнан бұзылмай жетіп тұр. Ыстық қақ маңдайдан ұрып, тыныс алдыратын түрі жоқ. Манаурап қалғи бастадым. Жел кекілімді жүрексіне желпи көтере елп етіп, іле тынысын тоқтатты. Қоярда-қоймай шырылдаған шегіртке... Тұмсығымның ұшына біреуі пырылдап кеп қонады. Әдейі жасқамадым. Табан бүрінің жыбыр-жыбыр қозғалып, қытығыңды келтіретіні қызық та. Әне, серуен салуын қоя қойып, ежелгі айнымас әніне басты-ай батырың. Шырқ-шыр-ғ-ғғ... Ұйқым ашылып сала берді. Тырп қозғалмастан тыңдаймын. Әуелі маған шегіртке «ыс-тық! ыс-тық!» деп шырылдағандай болды. Тынбай әндетті. Ақыры о да жалықтырып, жасқап жібердім. Содан соң:

— Аға, — дедім ақырын.

Кірпіктерім арасында тұнған сызық сәулелер бетін орамалмен жауып шалқалаған Қоқайдың селк еткенін көзіме жеткізді. Дестедегі дегдіген шөпті сытырлатып сындыра түрегеліп отырды. Дыбысты естіген-естімегенін ондап аңғара алмай, төңірегіне көз тастайды. Сағымға бөккен жасыл шалғын аптап астында күйіп-жана жайрап қалған. Тап алдында жалаңаш қарным тынымсыз төмен-жоғары көтеріле мен жатырмын.

— Астаһиралла, өзің қолдай көр!

Буын-топшылары сытырлай жер таяна түрекелді, түрекелді де, бүкшеңдеп шөмелені айналып шықты. Тым-тырыс. Тірі жан жоқ. Шыдай алмай, мырс ете түсемін. Сол екен, ту сыртынан күн көрінген жұқа құлағы едірейе қалды. Тізерлей тез-тез еңбектеп қасыма келді. Көкірегінің тынысы үстіме еңкейгенін білдіріп тұр.

— Заман, о не?

— Жай, әншейін.

Жүзімді қарсы жаққа аудардым. Жерден тік суырыла дұрыс доға құра иіліп кеп бетіме төнген балаусаның сабағын кірт-кірт қыршып жайбарақатпын. Ол тұсылғаннан кейін, басқа дүниені түгел жауып жасыра маған төнген түйе жапыраққа жабысып, шеке шағар шырылға әйда басып тұрған шегірткенің сауырына дәлдеп шырт түкірдім. Дәл тиді; ойда жоқтағы оқыс соққы оңдырмады, төрт аяғы аспаннан келіп құлап түсті. Жылпос, ей, өзі! Қаздия қалды да, құрақ арасына қарғып кетті.

Амалсыз Қоқайды аңдимын. Басы домалақ, жұмыр. Шағын басқа құнтиып кішкене мұрын біткен. Денесі қағылез, ықшам. Оған жиектеріне су жүгіріп қызарған, он жақтағысы оманда тапжылмастан мұнарлы көкжиектің көкірегін дәлдеп атқан көздерді қосыңыз. Білгендер иттікін салған екен, Қоқай туралы тым жоғары пікірдегілер қасқырдыкі деседі, ал Кәкең адамдыкі деп ант-су ішеді. Кім қалай айтса да, қозғалыссыз ақима көздің жасандылығына ешкім шүбә келтірмейді.

Әзі бағып-қаққан малы жоқ болса да, шөп шапқыш. Ондағысы тартпа ұстады деген дабырасы, малдылардың арасында топ қарайтқан жағымпаз тірлік. Шауып та қырмайды, дабыр-дұбыр, күлкі-әзіл көбейткенге ғана ұста. Есесіне кешкі дастарқан басында Қоқайдан иық асыратын жан жоқ. Қақ төрді ойып отырып, арғы-бергі әңгімені судай сапырады. Соз тосу, кезек беру ол үшін құлаққа кірмейтін дүние. Өзінің, басқалардың басынан өткен-кеткендерді айтып тауысқанда өтірікті соғып жібереді. Бұл хикаяларды басқа айтса, ешкім сенбес еді, алайда Қоқай мылжыңына ел-жұрт имандай ұйыйды, өйткені Кәкең өз өтірігіне өзі шын көңілмен сеніп қалады. Ондайда жалғандығына дәлел айтып қара. Жатқан тас талқан шу, арылмас өкпе.

Сонымен, жата-жата жалықтым да, жайлап тұрып көзімді уқаладым, дүниені жаңа көргендей төңірекке бипаздана, мағыналы, ойлы-ойлы қарап аламын. Қолымды самарқау созыл, шөмеле астынан бөтелкені суырамын: Кәкеңнің қайраты бір бөтелкелік, одан асса, көзі қылиланып қалатыны белгілі. Бүйіріндегі жазуды ежіктеп оқимын: «Портвейн». Қайта бастаймын: «Порт-вейн, ортвейн, ртвейн, твейн, вейн, ейн, н...» Кәкең де қалыспай, бөтелкенің түбіне үңіліп мәз. Қырлы стаканға қызылды құя бастадым. Шылдыр-р, шылдыр-рр... қабағым қарс түюлі. Бөтелке аузын баппен еңкейтемін; шалдың тағатын өстіп тауыспасам, портвейннің құны да, қызығы да тесік тиын. Бәрі кеше кешкілік қонақ шақырғанда көкемнен үйренген қимыл ғой.

Сарсылтулы стакан мәймілдеп толды. Қасымды сәнмен жоғары лақтырамын. Бұл да көкемнен ұрлаған көшірме. Қоқай мұндайда тіпті түсінгіш, ымнан ыңғайланғыш. Қолы жып беріп, стаканға жетіп... одан бұрын өзіме тартып ала қойдым. Ал яки алманың қайсысына бағынарын білмеген бейбақтың алақаны ауада іліне қалды. Маңдайы лезде қатпарлана, көзі шүңейттеніп, онсыз да шағын денесі шөгіп барады. Маған керегі де сол — манадан бергі тағат тауысып күткенім анық қолымда.

— Мынаны денсаулыққа... — Қолына стаканды тыққыштаймын. Шараптың бұдан былайғы тағдыры тым қысқа — сол ләзімде стаканның түбі аспанға артын тоңқайта қатып қалады. Қоқайдың қол басындай өңешінің жоғары-төмен жүгірген жан ұшырыс қимыл-қозғалысы сүйкімсіз әрі бірқалыпты. Шарабы таусылған стаканды кеміріп жұтып тастардай біраз аузына тосып тұрды да, бірден жұлып алып, иығынан асырып ту сыртына ытқытты. Қолының сыртымен маңдайының сыртына шыпылдап шыққан терін сүртті. Шылым тұтатып, көк түтінді мұртына сүзгізе ұртын қомпаңдатып лақ-лақ атқылады. Содан кейін қызыл дақ жайлап дари бастаған көзін ежірейтіп, маған тесіле қарады.

— Осы сенін әскердің кім екендігінен қандай хабарың бар? — Kip саусағын кеудеме кіргізіп жіберердей нұқып сөйлейді. Манаты жылмақай. «Заманжан, Заман» жым-жылас жоқ. Етек-жеңін қымтай малдас құра, бір шок боп тіпті қунақ отыр. Он қолы шиырылып кеп тізесінің үстіне жұдырығын түйе шаншылыпты.

— Жасым жеткен жоқ қой.

— Әне, солай деп айт. Сен... сен кәдімгі көкежасық баласың. Білсең, айтшы, ағаң қай жерде служить еткен?

Шекемді қаси ойланғансып қалдым.

— Армияда болған деседі.

— Оһ! — Қарқ етіп шолақ басбармағын жоғары көтере берді де, моқалдығы есіне түсті білем, қайта етегінің астына жасырды, — Бала, Қоқай шиборбайлар жүрген қазіргі армияда емес, действующая армияда соғысқан. Ол кездің солдаттары соқталдай жігіттер еді. Мәселен, өзіміз... — Сөзін аяқтамастан аузын жиып алды. Оған себеп денесінің шағындығы. Бұл күй де ұзаққа созылмады. Темекісінің күлін қағып, тағы тақылдай бастады:

— Бала, сен армияның не екенін білесің бе? — Дәрменсіз жыпылықтаған көзім дені дұрыс жауаптан үмітін үзді-ау деймін, сөзін әрі қарай жалғастырып әкетті. — Действующая армия деп окопта жатқан жүз, екі жүз, одан да көп солдатты айтады. Солар күн-түні сайланып, траншеяларда күмпілдетіп мылтық атқылап жатады да қояды. Окоп жиегінен таяқ тастам кері бассаң, тыл басталғаны деп ұқ. Тылда көкболат темірлерден құйылған танк, зеңбіректер ұңғыларын жоғары көтере самсап тұрады. Танк оғы қандай, айтшы?

Басымды шайқаймын.

— Мынадай!- Білегін түріп тастап, жұдырығын ырғап-ырғап салмақтады, — Өзі адамға тисе, тегі, оңдырмайды, тура шашлық жасайды.

Жасыл шалғынға жата қап аунап күлемін. Оған қыңатын Қоқай ма?

— Үстідегі киген формамыз жарқылдап, шекараға дік-дік түсе қалдық. Иығымызда өңкей алтындаған погондар. Сөйтсек, фашиспен соғыс жаңа басталған екен...

— Ол кезде погон жоқ-ты, аға.

Әуелі бетіме таңдана қарады. Шынымен бірдеңе білетін бе еді деген сұраулы сынай. Сасқанынан темекі тұқылын табанының астына тастап мыжғылады.

— Бар ғой, адам сөйлегенде ауызға қақпа. Үлкенді сыйлаған жон, әне, мектептерің соған үйреткен, — Үлкендерді сыйлауға үйреткен мектеп аспанда ілініп тұрғандай сұқ саусағын жоғары шошайтты, — Погон болмаған, болмай-ақ қойсын, оған нең кетті? Әр сөзден шатақ іздейсіңдер, сайтанның балалары. Жаға-жеңдеріміз жұлдызға жыпырлап толып, көмкеріліп жүретіні шын-тын. Әкем-ау, соны айтпақ едім, содан шатысып... Қай жерге тоқтап едік? Ә, сап-сарала күйі түсе қалдық. Мына Кәкең қақырайған қатардағы совет жауынгері. Көзге көрінсе, неміс итті жерге қазықша қағып, қырып жібергіміз кеп-ак тұрады. Сасқан үйрек артымен сүнгиді — шабуылды өздері бастады. Адамы келсе бір тәйір, штыкке шаншып, бастан асыра топылдатып лақтыра беретін, — Қолын сілтей бергенде алдындағы шүпілдеме толы стаканды қағып құлатты. Мөлдіреп шамырқанған шарап шымға қаралтым түс бере сіңіп жоғалды; жым-жылас. Қоқайдың қабағы түсе қисайып жата кетті.

— Аға, әңгімеңізді аяқтамадыңыз.

— Ойбай, белім... Заманжан, мен қайбір жетіскен әңгімешілмін. Ойбиу, әкетіп барады. — Дөңбекшіп, кәдімгі бебеуге басты.

Амалсыз соңғы бөтелкені суырып, қырлы стаканды қайталап толтырдым.

— Жұтып жіберіңіз, аға.

— Қайттім, құдай-ау!

— Мына шарапты...

Ол дауыстауын тыйды, абайлап көзін ашты.

— Не дейді, сығыр?! Шарап па, әкем-ау?

Үнінің жарқын-жарқын шыққанынан бүйрегі бүлк еткенін сезіп, тақымдауды үдеттім.

— Жүз грамм ғана...

Қозы қарыны бұлтиып түрекелді. Қабағы жазылыпты, көзі жылтыңдай жылы сәуле тарата тіріліп қапты.

— Заманжан, осы арақ-шараптың белге емдігі бар, ә?

— Фельдшер Қатира ағамды сөйтіп емдеген.

— Е, Қатира қыз айтса... Е, алла, жебеп, қолдай көр. Бісмелдә!.. — Стакан түбі тағы көз ілеспестен аспанға қарап Қоқайдың аузында қатып қалды. Одан арғысы да мәлім: иығынан аса сыңғырлай траектория жасап көк шөпке топ ете түсу. Көзін рақаттана ашып-жұмып, сақалын сабырмен саумалайды:

— Ағаңның қамын ойлап жүресің-ау, Заманжан. Сені інімдей, баламдай...

— Сіз немістермен соғысқаныңызды айтпадыңыз...

— Әкем-ау, аузыңдағы алтын дедім, әлі сол алтын. Дұрыс, немістермен соғысты аяқтаған жоқпыз. Сөйтіп, ант атқырлар адамын емес, айырпландарын жіберіпті. Әлгілері ажылдап үстімізге апай да топай бомбаларын аударды. Ана жер де гүрс-гүрс, мына жер де гүрс-гүрс. Көбі жер тырмадай бұғып жатып қалған. Тіктеу тұрған мен және дивизия командирі Павлов. Өзі де кеудесі есіктей, бойы мына...- мына тұрған шөмеле шамалас-тын.

— Шөмеледей?!

— Иә, біз тұрғылас еді.

Созсаң, айыр ұшы әрең жетер шөмелеге бір, оның бауырында бұта түбін ықтаған балапандай боп отырған Қоқайға екі қараймын да, көзімнің көгенінен жас ағытып күлемін кеп.

Өтірік айтсаң, ағадай соқ, басқадай айтпа. Аузы-мұрны құйттай да қисаймайды, күмән келтірсең, ренжиді. Құдай біледі, Қоқай аға әңгімесін қызықтап, сырлап айтамын деп, өтірігіне езі де біртіндеп сеніп қалатын болса керек. Әне, шынтағын жамау әшекейлеген бешпетін құнжындай киіп, орнынан тұрды да, шабылмаған шалғынға сұғына кіріп жоғалған соқпақ сорабының соңына түсіп, көз көрімдегі селоға тартып кетті. Қоқайдың тұрған бойы осы — жұдырықтай бойында ақиған ақкөз ашу бар.

Іле-шала жанамалап келіп шынтағынан ұстадым.

— Аға, кешіріңіз.

Қайда-а... Тырп-тырп тартып барады. Жұқа қабағы керіп қойғаннан жаман тырысып, қысқа мұрны одан әрмен таңқиып кеткен. Қушық кеудесі алға шытыпты. Басқасы басқа, осы жолы ашуы насырған шындап шапқан.

— Кешіріңізші енді.

Үндемейді. Жалынсаң, шалқая, шірене түсетін ежелгі әдеті. Сәл еңкейсе, сынып түсетінін білетін бос белбеу шартық шалдар мысты өстіп құртады. Сақалды атаулыға ренжимін. Бізді бала деп кемітеді, мынасының балалықтан несі асып, артып тұр? Бала атты түсініктің өзі қандай ұғым? Ол жасына ма әлде ақылдылығына қарап айтыла ма? Үлкендер естілігіне қарай қолданылады дейді. Сол үлкеннің істеп келе жатқаны мынау. Соған қарағанда, ересектердің өздері де қателеспейтін, әсте бұрыс баспайтын әулие жандар емес-ау.

Жаным да ашиды. Шамасы жетсін, жетпесін тыртыңдап шөп шабысты. Өтірік-шынын араластырып, әңгімесін айтты. Тырқылдап, жетісіп күлдің. Сондағың мазақ ету ме? Мазақ етудің көкесін қазір әкей келіп, Қоқайдың қайда кеткендігін сұрағанда көрерсің. Жақсы жауап: «Кетіп қалды». Неге? Қандай себеппен? Үн жоқ. Әкей үлкендерді шалдыр-шатпаққа айналдырғандарды жақтыртпайды. Қабағынан ыстық күнде-ақ қар қапалақтаттырып, жалғыз ауыз сөз айтады. Жалғызы сомдап соққан мірдің оғындай. Ал шыда!

— Аға деймін... — Даусымның бейнесі бұзылып, жыламсырағанымды андамаймын да.

Қоқай бұрынғы Кәкен емес. Әншейінде үш жүз алпыс градусқа бірдей маңайына алақ-жұлақ қарап тоқтамайтын бұрандалы басы қатып қалған: тек алға қарап салып үрып келеді.

Өзімді елердей жек көріп кеттім. Еңіреп жылағым бар. Жол үстінде ағараңдап әлдеқандай қағаз қорап жатыр. Сыртына сүйір тұмсық бәтеңкенің суретін салыпты. Алтынмен оюланған өрнекті жазуы бар. Шетелдік, түсініксіз. Аяғыңа суреттегідей бәтеңке кимегесін, суреттің өзі ызаңды келтіреді екен. Керіліп тұрып тептім — аузымды бақадай ашып бақырдым. Бақырдым да, одан арғы сапарымның мағынасыздығын растап, аятымды ұстай жол жағасына тоңқая кеттім. Қоқай қалбалақтап қасыма жетті. Екеулеп бәтеңкемді шешіп едік, қорыққанымнан көзім әдеттегі орнынан шоршып қашып, маңдайыма шықты. Іші шылқыған қанға толы. Бас бармағымның көбесі быт-шыт, тарих тілімен айтқанда, бірнеше ұсақ княздіктерге бөлініпті. Бұрынғым әншейін әзілім екен, ендігі бақырғанымның жаңғырығы аспанға атылып, бұлт-бұлтты аралап серуен соқты. Башайымның ауруының басылмағаны айқайдың құдай құлағына жетпегені еді, тегі, даусымның жаңғырығы жұмақтың биік қақпасына соғылып, қирап сынса керек. Жоқ-ау, құдай-сұдайға сайтанымен қосып сенбеймін, шыңғыруым — Қоқайға, өзіме және алтын жазулы қорапқа арналған ашуымның менің даусымдағы дірілдеген көлеңкесі.

Анадай жерде арқасынан аударылған жалғыз қорап және одан бостандық алған қолақпандай қызыл кірпіш жатыр. Қораптың астына кірпіш жасырған қай бандит екен? Шетелдік алтын жазу мен сүйір бәтеңке... Ойбай, кеше Оқас қу Күләш тұратын көшеден бәтеңкесі сықылап шықпай жүріп алып еді ғой. Ешкім сұрамаса да, әуелі чехтікі, одан кейін поляктікі, соңында мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тан әкелінген деп бөсті. Көрдіңіз бе, Америкадан емес, АҚШ-тан! Соның ісі, дәл солай. Таңертең арбалары осы жолмен жүріп өткен. Ізі сайрап жатыр. Менің мектеп футбол командасына капитандығымды өлердей қызғанады. Алдымнан ұшырасқан тебуге тұратын зат атаулының бәрін туфлиімнің тұмсығымен түртпей өтпейтінімді тағы біледі.

Қоқай өбектеп жаны қалатын емес. Тер мен темекі исі аңқыған орамалын қақ бөліп, бармағымды орады. Көзін жұмып, ішінен әлденені күбірлеп оқып:

— Суһ-һ, суһ-һ, — деп үшкірді. Манаты жібімес өкпесін ұмытыпты.

— Әкем-ау, оның қалай? Өле жаздадың-ау, байғұс бала, — Қолтығымнан демей шөмелеге бастады. Бүкшеңдеп шөптен молдап жұмсақ төсеніш жасады. Қатты қурайларын теріп тастап жүр. Құтыны алып өзенге беттеді.

* * *

Башпайымның ауырғаны ептеп басылайын деді. Басы ғана шым-шым ұйып тұр. Оқас қаскүнем, анық қаскүнем-ау. Көктемде екеуміздің бірігіп кешкі киноға бара қалғанымыз бар. Аты «Күміс кернейлер». Фильм «Р. В. С.», «Тимур және оның командасы», «Чук пен Гекті» жазатын автор туралы. Көрші селода күндіз қойылса, біз кешке көреміз. Яғни село екеу, киномеханик жалғыз. Ымырт жабыла клубқа бәйгелете салып ұрып жетіп барсақ, есік аузында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Смирно ағай — Сәукен Сайранович тұр. Бұрын көрші заставада жер-дүниені көшіре айқайлап команда беретін старшина болыпты деп естігенбіз. Қырық жасқа толғанда кенет ұстаздық құру ойына түсіпті. Бізді былтырдан бері жеті сайын екі реттен Смирноға тік тұрғызып, екі қолын артына ұстап, жебе мұртын едірейте алдымыздан серпе басып өтеді: құдай біледі, қарап тұрып сүйсінесің — нағыз старшина! Бақшаға түскен, киноға рұқсатсыз кіргендерді тапқыш, иісшіл-ақ. Кейде бізге Сәукен — Смирно ағай он-жиырмаға көбейіп, бүкіл селоны толтырған тәрізді көрінеді. Сол күнгі «Күміс кернейлердің» журналдан балаларға арнап шығарылғанын оқығанбыз. Ол бірақ Смирно алдында бізді ақтайтын дәлел емес. Ол кісі үшін кино кешке қойылса, бітті, оған оқушылардың кіруіне болмайды, алда-жалда кіре қалса, қайтып түзу жолға түспестей бұзылып шығады.

Смирно алдымен арсалаңдап кірген Оқасты дереу саусақ ұшымен өзіне шақырды. Неге екені белгілі, «Смирноға» тұрғызады, рақаттанып ұрсады, құлақты құшыры қанғанша бұрайды. Мектептегі жиналысқа салады. Ол сондай — қатал, қазымыр, тым көргіш, білгіш. Оқас жалма-жан табанынан жүз сексен градусқа шыр айналып қашып берді. Мен де қалыспадым. Арбаңдаған Смирноны соңымыздан ерте балағымыз жалпылдап көшенің қараңғылау тұстарын қуа зытып келеміз. Бес жүз метрді мектеп бойынша бекерге ең тез жүгіріп өтпейтінімді дәлелдей суырылып алға шықтым. Оқас артта. Сол керек өзіне. Ал бұрышта көк түтінге көміліп темекі тарт, өкпені күрт, тарпағанды мазақтап шиқылдап күл.

Оқас көшені басына көтеріп айқай салды.

— Әй, Заманбек, тоқта деймін, әкең... — Жан қысылғаннан шыққан дауыс. Қап, құрыдым, су түбіне кеттім. Өзінің колға түсуімен қоймай, менің атымды атап, ұстап береді-ау. Жалт қарасам, мен аса ептілікпен ырғып еткен шарбақтан асып түсе алмай жатыр. Шалбарын қада іліп қапты. Көмектестім де, ыза буғаннан желкесінен құдита түйіп жібердім — тақылдағанда тілі таңдайына тимейді, ал кеудеден келетін шарбақтан қарғып өтуге жоқ.

Ақыры әупірімдеп қашып құтылдық. Смирно қараңғы көшелердің бірінде қаңғып қалып, қоңыз теріп кетті. Ауылдың шеткі көшесінде қабыршықтанып қатқан қарды қырт-қырт сындырып тұрмыз. Оқас клубқа қайта барайыққа салып қыңқылдайды.

— Неге?

— Сол.

— Айтсаң, барамын.

Ойланып қалды.

— Қазір Смирно киноға кірді.

— Ал...

— «Алды» кейін көрерсің, клубқа жүрші.

Бұқпантайлап клубтың қасына келдік. Оқастың қайдан тапқанын білмеймін, қолында екі-үш құлаш жіңішке сымы бар.

— Осында мені тоса тұр. Мен ана жаққа барып келейін. — Шекесімен клубтың қақпасын нұсқады. Көзі әлдеқандай шабытпен жылтылдайды. Қазір бірдеңе бүлдіріп қайтатынына көзім жетіп тұр. Бірақ сол бірдеңесі не, оны түсінуге, Оқасша айтқанда, басымдағы шариктердің біреуі әлі де жетіспейтін секілді.

— Неге?

— Неге, неге? Онда жұмысың қанша? Тос деген соң, өзіңе тиісті нүктеге табаныңды тіреп тосу керек. — Шырт ашулана қалды. Тұрған бойы осы. Болымсызға бордай тозады. Құнжындай клубқа беттеді.

Оқас клуб қақпасының маңында қыбырлап едәуір жүрді. Ызғырық етімнен өтті, сүйегіме жетті. Сәлден соң қайтып оралды. Көңілді. Қолындағы сымы жоқ, мұрнынан ыңылдай өлеңдетеді:

Жаз келсе, саяхат көңілді...

— Кеттік пе?

— Әрине. Тек дымың ішіңде болсын.

— Неге?

— Неге? — Даусы бишік шартылындай шаңқ етті, — Әй, сен осыдан басқа сөз білмейсің бе? Неге деп монтиып сұрақ беруден гөрі оған жауап қайтару әлдеқайда киын. Бұл бір. Екіншіден, маған белгіліні сен түгел білуге тиіс емессің. Үшіншіден, дәл түнгі тоғыз сағат жиырма бес минуттан бастап, — табақтай ескі сағатына маңыздана қарады, — осыдан бастап сенің атың «Неге?», бадырақ көз балақан.

Артық екі жасына түшкіргенім бар ма, тура жағасын жыртып төбелескім келді. Әттең, жер лайсаң, қайтесің, көктем... Оқас осы неге шырт етпе ызақор? Мұрнын көтеретіні айына бір-екі кітапты артық оқитыны, содан жаттап алған әсем сөздерді көп айтатыны ма? Ал сурет салады, ал ән айтады. Солай екенмін деп, сөйлескеннің бетінен тістеп ала жаздауға бола ма? Мәселен, өлеңім газетке шықса да ешкімге мақтанбаймын ғой...

Қап, қара Оқас, жығыла қалсам, жұмсақ топырағы мен шалғынын төсейтін жаз шықсын, өнеріңді сонда көрерміз.

Бірақ бізге жазды тосудың реті келмеді...

Ертеңінде екеумізді Смирно кабинетіне жетелеп апарып, бір сағат бойы тік тұрғызды. «Киноға кешке барған кещесіңдер, бастарың толған су мен сабан», — деп шекемізден шертіп еді, шынымен іші қуыс кеңістік пе, басымыз тоңқ-тоңқ етті. Кабинеттен есіміздің бүтіндігіне күдік келтіре, жүн-жұрқамыз ұшып, жүдеп шықтық.

Коридорда Оқас ішін басып тұрып күлді.

— Неге күлесің?

— Әне, тағы «Неге?» Негең қашан таусылады осы? Ақымақ адам! — Ол Смирноның кабинетін нұсқады. — Ақымақтық өзінен басқаны ақымақ деп санаудан басталады, ұқтың ба, бас әріппен Неге плюс сұрақ белгісі? — Оқастың кемеңгерлігі, шынымды айтсам, алғашында жағамды ұстатқаны рас. Оқас бізді кеще дегені үшін Смирноны жазғырып тұрып, артынша оны неге ақымақ дейді? Ендеше, басқаны ақымақ санағаны үшін Оқас та ақымақ. Жаңалығымды жеткізуге асығып, иығынан тартып едім, қонырау соғылды.

Роза апайдың «құрлықтары мен мұхиттары» басталып кетті. Мұғалиманың көңілі күндегіден пәс, аяғын ақсап басады. Тобығы дәкемен таңылыпты. Білдіртпеуге тырысса да, қабағын еріксіз шыта береді. Сабақтан соң, класком қыз Күләш демей, ұзатып сап қайтып келді.

— Апайға не болған? — Жаппай жамырап сұрадық.

— Түнде біреулер клубтың қақпасына кесе көлденең сым керіп кетіпті. Апай соған соқтығып, тобығын қидырыпты. Оңбағандар!

Жағымнан тартып жібергендей жүзім ду етті. Оңбағандар! Кім дейсің, мен және Оқас та. Сабақтан соң қарамай немені мектеп артындағы бауға бастап бардым.

— Қане, оңбағандығыңды мойында!

Көзі бақырайып кетті.

— Неге... Неге плюс сұрақ белгісі?

— Тегене.

— Ойнама, балапан. Тағы айтамын, не үшін? — Он аяғын алға тастап шіреніп тұр.

— Клубтың қақпасына сым кергенің үшін.

— Бек қадірлі Неге плюс сұрақ белгісі, ол салтанатқа сіздің де қатысқаныңызды еске салуға рұқсат етіңіз.

— Мен оңбағанмын. Оны сен де мойында!

— Біле білсең, Смирно тік тұрғанынан құласын деп кергенмін.

— Смирно не, апай не, бәрібір. Адамдардан өйтіп алдап өш алуға болмайды, — Қасара түстім.

— Шіркіннің, — шырт түкірді, — шіркіннің гуманисшілін. — Соңғы сөзін анық ұқпасам да, мені мақтап тұрмағанын бұлдырлау сеземін, — Қоярда-қоймай мойындағың келіп тұрса, ерік өзінде, ал басқаға иегің қышымасын, Неге плюс сұрақ белгісі.

Жұдырығым ауаның қарсылығын жеңе, тайпиған тұмсығына тиді. Апыр-топыр төбелес. Сілтенбеген қол, аяқ қалмады. Портфельмен бір-бірімізді төмпештеп ұрдық. Тырнастық. Тістестік те. Бір минут, екі... Бұрын болмаған қайрат көрсетіп, бес минут шыдастым. Ақыры Оқас мені масқаралап жығып салды да, нәштей басыма дыңылдата екі-үш мәрте соқты. Қарсылықты тыйып, талмаусырап жатып қалуыма, әрине, сол әбден жеткілікті болатын. Жеңімпаз тісінің арасынан сиздықтата:

— Щен-нок! — деді де, оны кімнен және қайдан үйренгенін түсіндірместен тұрып кетті.

Таяқ жегеніме сол жолы тұңғыш рет өкінгенім жоқ. Мейлі, Оқас соқпағанымен, кез келгеннен сол көктем күніндегі оңбағандығым үшін қалай болсын жұдырық жеуге міндетті едім.

* * *

...Қамыс сылдырлады. Қарасам — Қоқай. Анадайдан құтыны жоғары көтере айқайлап келеді:

— Әкем-ау, шөлдеген жоқсың ба? — Қасыма тізерлеп отырды. Жанталасып құтының бұрандалы аузын аша алмай әлек. Маңдайында жыпырлаған тер тамшылары.

— Шілденің шыжғыруын, күйдіруін-ай... е-е-е...

Құты аузын жеңімен сыр-сыр сүртеді.

— Қазір, көгершінім, қазір. Әнән-ай, ай-ай, ән-ән... — Тобарсыған ернімді жалап қоямын. Құты дәуде болса маған бұйырар. Қайдағы бір шақар бала шөлдеді деп, аузына түскен ата сақалымен жүгіріп су әкелген Қоқайға қатты ризамын.

— Әһ, бесмілдә! Енді бір ішіп... — Кәкең ернін құтының аузына жымын шығармай жапсырып тастады. К.өзі шатынап, сирек сақалы жұтқан сайын ерсі шошаңдайды. Көзім қарауытып кеткен, шақ болмаса жылауға тақаумын. Бүйірінде күн қашып ойнаған құты түбі биіктігі жеңген сайын жаным шығар-шықпас.

— Әкем, мына суды ысырап жасамай, қанып ішіп ал. — Аз суы шалдырлай құты қасыма топ етті. Құртқан екен, құртыпты. Көз жасым булыға қылғынып, талғап-тамап әзер жұтамын. Бұл кезде Қоқай басындағы орамалын бетіне жауып, шалқасынан жатқан-ды. Жаңа әуен бастапты. Сөзі, түбі, тегі жоқ:

— Ору-рай, ору-рай,рай..

Тал түс салқын етек екіндіге қадам басқан. Шалғынын сырылы әлі таусылмаса да, шегірткелердің жаппай жамыраған берекесіз жыры бәсеңдепті. Манағы саржағал сағым сабылмалы, қыбыр-жыбыр сапарынан жанылып, тұманыта көкжиектің түсін анықтап танытпай, шанытып тұр. Әлдебіреу таяу тұстан құлақ етін жеп, қоярда-қоймай, тартпасын жаныға «қирақ, қи-рақ» қайрайды. Шөмелелерін шошайта тиеп, қыр үстіндегі тақтақ жолмен қалтылдай жүзіп, ауылға мимырт, шаршаулы, бейжай жүріс салып бара жатқандар да бар. Ала қанат қос көбелек шарма-шату алыса әуелеп барады.

Әуелесе, әуелей берсін, оның солқылдай ауырған башпайларыма тигізер пайда-зияны шамалы. Өзіме де, өзгеге де ызам, тегі, есепсіз. Қорап астындағы кірпішті сайтан түртіп тепкеніме, рақаттана қалғыған Қоқайға, миды бырқ-бырқ қайнатып алып, түк сезбес қалыппен сыпайы керімсалға ауысқан ыстыққа — бәріне тегін тарататын қара қазандай бір-бірден өкпем бар.

— Аға, — деймін.

Ағам Қоқай бармақтарын батыра қарнын қасиды. Шөлі қанды, башпайлары дін аман-сау, онысын тағы жыбырлатып қояды. Өмір ол үшін қазір мына бұлтсыз күндей жарық, жаймашуақ.

Кенет қуанғанымнан шыңғыруға шақ қалып, аузымды жиып ала қойдым. Қоқайдың күнге күйген қарнына жалпақ бас нән көк сона жалп қона кетті. Маңдайында «ГАЗ-69»-дың шамы тәріздес жап-жасыл дәу екі көзі бар. Ол әуелі алдыңғы аяқтарымен маңыздана басын сылап-сипады. Ауырған бармағымды ұмытып, күле жаздадым. Қоқай, аумаған Қоқай. Ол таңертең сынық құлақ қара құманын құшақтап, шарбақ айналар-айналмас жалп отыра кететін. Өстіп мүлги, құлағының сыртын, бетін сипап, құдай жолына келіп қалушы еді. Кәкеңе қылығымен ұқсас сонаның одан арты қимылының артын бағулымын. Қоқайдың қасиеттерін сона шын қабылдаса, қызыққа қарқ бататынымды сезіп отырмын. Сонаның аты — санасыз сона. Қоқаймен өзінің туыстығы жайлы оншама салиқалы-салдарлы ой түйіп әуреге түскен жоқ, екі қатар қанжарын қынабынан суырды да, салмақтап-салмақтап, — аузымды қолыммен паса қойдым, — үшкір құйрығын көкке кезей, Қоқай ағамның қарнына жабысып қатты да қалды.

Қоқай бетіндегі орамалын көтермеген күйі қарнын шарт салып қалды. Сона салмақпен ызылдай ауыр көтеріліп, шөп басын бөтекесімен сипай, жер бауырлай ұшып жоғалды. Жұртында қалдырған белгісі — шиедей қан. Соған мұңая қарап Қоқай отыр.

Санымды шапақтай ішек-сілем қатып мен жатырмын. Ашуланады-ау, ауыл жаққа тағы қортаңдап қаша жөнеледі-ау деген ой жоқ. Қарны қанаса, мен бе кінәлі? Шауып алса, ана сонаны, иә, жалпақ бас сонаны шапсын. Шауып алу үшін зымырап ұшқан сонаны қуып жетіп, ұстау керек. Шарқ-шарқ күлкінің арасында қол-аяғымды көкке қоса қабат ерепейсіз сермеп:

— Мен емес, кінәлі сона, сона!- деп айқайлаймын.

Алдымен Қоқайдың түсі бұзылды, ақыры отырып-отырып о да күлді, қолын бір-ақ сілтеді.

Тал түсте аспаннан аяғы салбырап түсе қалған тамаша бұлайша тез аяқталар деп ойламаған едім. Қабағым салбырап кетті. Аяғымды бауырыма жинай бергенім сол, жаралы башайым құтыға тиіп, саусақ ұшынан тараған азап бүткіл денемді түгелдей аралап, ине сұққылады. Көктен сұрағаным жерден табылды — сыныққа сылтау бар. Қиыстанып, қиқайдым да қалдым.

— Аға деймін.

Маған бұрылып қараған да жоқ: сонаның шаққан орнын уқалап әуре.

— Мен оны сабаймын, аға.

Андып отырмын — Қоқай күйбеңінен жаңылысты. Ақырын:

— Кімді? — деп күңк етті.

— Оқасты, Жәнипаның баласын.

— Не дейсің, пәтшағар? — Жалт қарады. Қазір оның көзі — қорқыныш пен жеккөрініштің қосындысы — мені жеп қоя жаздап тұр.

— Кірпішті қорап астына жасырған сол бала.

— Оны қайдан білесің?

— Білемін. Жолмен таңертең соңғы жүріп өткен Жәнипанын арбасы болатұғын. Кеше Оқас қораптың сыртындағы суреттегідей бәтіңке киіп жүрген және ол ылғи осындай бірдеңені ойлап жүреді.

Нанымды дәлелдер оны едәуір тұқыртып тастады. Желкесін қасыды, ойланды.

— Сен бала... Заман, Заманжан.

«Пәтшағардан» дереу «жаным-күнімге» ауысқан шал тағы таңдантып отыр.

— Заманбек, соны не қыласың? Шешесі ауру-сырқаулы, өзі жетімек. Сотқары сотқар. Ауыл арасында құйрығы қайқы қабаған ит болмай ма. Болады. Бейшараны шетке шығарып, тас лақтырып, қаңқылдата бергенде не түседі?

Оқас шынымен құйрығы қайқы қабаған ба, жоқ па, оны әлі зерттеу керек болар, ал қазір Қоқайдың бейшаралық халге түсіп, жалынып-жалпайғаны тегі қап-қап қызық. Мана ауылға кеткіштеп, әлегімді шығарғанын ұмыта қойған жоқпын. Еліріп, екілене түсемін:

— Жоқ, ол жаман бала. Былтыр әдебиет сабағынан «Қарға мен түлкіні» оқып тұрғанда астыма сия сауыт қойды. Оның есесіне, бүгін андып жүріп, ашамаймен алыстан атып басын жарамын.

— Шырағым, сендердің мектептеріңді білемін ғой. Өзі бір қабырғасы аппақ, әйбат, пейішке ұқсас ғимарат үй. Мұғалімдері де иманжүзді, шеттерінен сызылған нұрлы жандар. Солар сендерді жамандыққа баулымайды. Ашамаймен бір-біріңе боратып тас атып, бастарыңды жара қойындар деп үйретпеген шытар. Ендеше, Оқаспен тату-тәтті дос болғаның дұрыс. Ит мінезі болмаса, былай жақсы бала. Кірпішті, кім біледі, сен тебеді деп ойламауы да ықтимал. Иә, сөйтіңдер, қайта қанаттасып, қорғап, қолдасып жүрсеңдерші.

«Иә, — деп ойлаймын, — иә, шіркіннің пысығын. Мұның Оқасы маған бір емес, он оңбағандық жасағанда, неге тым болмаса жалғыз рет қарымта қайтармасқа? Айтпақшы, Қоқай Оқасты қорғаштап неге шыр-пыры шыға қалды? Не де болса, тегін емес». Қашан шынын шығарғанша қырыса түспекпін.

— Жоқ, келіспеймін. Адам сөз берген екен, орындауы керек, — Қоқай еңбектеп қасыма жетті.

Келді де, жамбастай шоңқиып отырды. Мүйізденген алақанымен басымнан сипады:

— Заманжан-ау, ол қайбір жетіскен жан. Әкесі... е- е, жасынан шата-бұта аталып, жәбір көріп өсті. Көршілер қоңырсытпай қоя ма. Мәселен, біздің кемпір... Қасқырдың күшігі сияқты ызақорланып жетілді. Қаңқылдата берсе, иттің күшігі де дала безіп кетпей ме. Ол да адам баласы. Ақылы, санасы бар, жәбірге жәбір қайтарып, өш алғысы келеді. Содан маңайындағыларға жек көрінішті болады. Қарағым, Оқасты солай ұқ та, бір ағаттығын кешіре сал. Басын жарып не етесің?

Қоқай осылайша кенеттен ақылдыға айналды. Және қандай: «Тас лақтырса, иттің күшігі де дала безіп кетпей ме? Жәбірге қарсы жәбір бар». Бұл менің Қоқай туралы бұған дейінгі көзқарасымды — қаруымды қағып тастап, ту сырттан опасыздықпен шабуылдау еді. Абыржып, сасып алдым. Басқа бүйтсе, бір сәрі. Мысалға әкемді алайық. Олар ақыл айтып, басқаны бағындыру үшін жаралған — «Әй, тұр, шөпке кеттік!». «Айырды ал да, шоп жина». Олар сұп-суық адамдар — көздерін де, қолдарын да көрген жоқпын, жүректерінің де мұздай болуы мүмкін. Ал Қоқайдың мына өзгерісі тіпті тегіннен-тегін болмас.

— Жарайды, тимеймін оған. — Қалай келісе салғанымды аңғармай қалдым.

Шал сырт айнала, кірпігінің ұшындағы дірілдей ілінген жасты саусақ ұшымен сүртті.

Аслан мен жердің арасында шалқалап жатырмыз. Ештеңеге зауық жоқ. Бұл қашаған қызыл бие ұстата ма, жоқ па? Сонау заңғар кеңістіктің төбесіне жабысып бозторғай тынымсыз шырылдайды. Кішкене тіпті — Оқастың астыма қойған сия сауыты қандай, — сондай. Оқас... Әкесі кім екен? Соғыстан қайтпапты деседі. Сонда оның араға он үш, он төрт жыл салып туғаны ғой.

Дабырлаған дауыс шықты. Көкем мен Оқас қызыл бие, қара атты жетектей, жарты денелерін қалың шалғынға көміп, қалғанын көкжиектің сызығына асыра қылтылдап келе жатыр. Еңкейген күн екі иықтарынан кезек сығалайды. Оқастың қолында ұзын бишік. Бұрай үйіріп шартылдатқан сайын, бақбақ бұрқылдап ашылады. Көтеріле күн бетін сыпайы сызып өтеді. Ат пен биенің сауырына қызыл он — кешкі күн сәулесі қақтанып тұрған. Жылқылар пырылдай осқырынса, маса-шіркей, көбелектер бұлттана көтеріліп, қанаттарына күміс сәуле жалата біраз дірілдей қалқып жүреді де, байырқалап көкорай құраққа қонады. Өрмекшінің жіңішке, жылтыр торлары қурай бастарын қоса толықси ырғатылып, шұбатыла ма, ойхой, шіркін, біздің Жасаң сарғылт ніл қабылдаған қамыс, шөп бастарына сақтықпен қона бастаған сары күздің алдына бойындағы бар сұлулығын жомарттықпен жайып тастапты да!

Қалғыған Қоқайды ояттым. Аузын малжаңдата былдырлап теріс аунады. Жағасынан тарта жұлқыдым.

— Ah, аһ! — Көзін бақырайтып маған бағжиды.

— Оқас қайда?

— Кім дейсіз?

— Тап әзір отырған Оқас қайда ұшып кетті? Міне, мына жерде өз қолымнан айран ішкен, — Нұсқаған жағына қарасам, екеуміздің жауырынымыз кезек жаншып жапырған шөптен басқа дәнеңе жоқ. Сонда ғана Қоқай санын соқты.

— Ойбүй-у, ол түсім екен.

Көкем де кеп қалды — ірі денелі, үлкен. Сөзі мығымдаулы, санаулы, әйткенмен әділ. Ел сыйлайды, жасқанады да. Маған жылы қабақ көрсетуі сирек, тентектік жасасам, мамама: «Балаңды тыйып ұста», — дейді, ал мен мамамның ғана баласымын ба? Жақсы көрсе, ұзын қастарын көтере үнсіз қарайтыны бар. Сомымен болды, бітті. Содан ба, көкемнен гөрі Қоқай әлдеқайда жақын.

Туысым да, ағам да, нағашым да емес, ал жақын, жақсы. Ылғи осылай ойлағың кеп тұрса қайтесің, расында солай да.

* * *

Соңғы арбаға Қоқай, Оқас және мен үшеуміз иеміз. Қызыл бие таңертеңгі мимырт жүрісін бәлендей өзгертпепті, сол жүру мен тоқтап тұрудың арасындағы жаяу аяңнан жазбайды. Қоқай бишігін биенің сауырына үйіре жақындатып... соқпайды, соғу қайда, жай сипап жасқайды. Оның есесіне айқай-сүреңі, қоқан-лоқысы басым.

— Қызыл ит, көзіңді ойып алайын ба осы?

— Қарашы, тіпті жуас. Көктем шықса, қара айғырға қайқаңдап...

Оқас арбадан аяқтарын салбырата, қызылқұлақтанған күнге қарап қабағын түйіп отыр. Шіркінің кірпіш, қорап жайлы дәнеңе білмейді, күнәдан пәк монтаны. Көңілсіз. Жәнипа апай қуып жіберіпті — Оқас тартпаны ақыры сындырып тынған. Тісінің арасынан ақ түкірігін ұп-ұзын-ын-ндап ұмсынта ыршытады. Онысы дүниенің бәрін менсінбей, бетіне түкіріп, төмен қоятындығының дәлелі.

Аунап түсіп, көзімнің көкжиегіне аспанды айдап жинап алдым. Манағыдай көкпеңбек биік емес, қызғылттау көкшіл түске кіре бастаған. Аласарған. Леген суға шамалап қызыл, қоңыр бояуларды қосып араластырса, ол менің бетіме жүзін тигізе төнген әуедей бер. Масалар ұшып, ұшқаны несі, аспанның қарнына жабыса жорғалап өтеді. Масадан да кішкене қызыл күйкентай қанаттарымен қоңыр салқын сәулені жолатпастан жасқай, биікте, биікте-е қалықтап тұр. Кезім қамтыған өріске ұмтылған басқа ештеңе жоқ, таза тақыр. Оған қыңқ ететін мен бе, шалқалап жатып әуенің бетіне шырт-шырт түкіремін. Оқастан кемдігім қайсы, ол да сызылтып отыр. Жон арқамның талып сырқырағаны басылған, табандарым жайлы салқын сездіре шымырлайды. Әуелетіп ән айтқым бар.

Әлде елең шығарсам ба? Ерегескенде сөйтейінші. Кешке мамама тақпақтап оқып берсем; «Еһ-еһ!» — деп мекірене маңдайымнан сүйеді. Шоколад ұстатуы да ғажап емес. Тек «Барбарис», «Кис-кис» секілді тіске жабыса кететін қаттыларын ала қоймайтын шығармын. Қазір килосы бір-екі сомдық конфетті кім жейді? «Қисық табан Мишка», «Тузик»... Әсіресе «Тузик» ұнайды. Сыртын ораған қағазында құлағы делдиіп, көзі отша жанып, өзіңмен алысып-жұлысып ойнауға әманда дайын күшігі бар ше? Оһ, міне сорт!

Сонымен, «Қисық табан Мишка», «Тузикті» жеу үшін қандай өлең шығарсам екен? Суреттеуіме тұратын зат таңдап, маңайыма қарадым. Қорап қыры мойындарынан біркелкілеп қырыққан шөп бастары қалқи жүзіп, қымсына артқа шегінеді.

Өлеңнің атын қалай қойсақ? Біздің класта Арман, Асқар атты егіз балалар бар. Мұғалімдер бізді фамилиямызбен атаса, оларды есімдерімен шақырады. Ылғи жақсы баға қояды. Арман, Асқар! Әдемі, ә!? Әрі қысқа, айтуға ықшам, ыңғайлы. Қарадан қарап бес қойғың бар. За-ман-бек! Жып етіп тез айтуға тырыссам да, ештеңе шыққан жоқ. Үштікті көп алуыма осы жалықтырарлық ұзын атым себеп пе? Иә, өлеңнің атын қатырып қою керек. «Күн батқанда» қалай? Жоқ, екі соз тым ұзын. «Әуедегі күйкентай...» Болмайды. «Кеш» ше? Түсінікті, қысқа. Сонымен «Кеш, кеш»...

Кеш түсті бұл маңға,

Аспан боянғандай қанға.

Екінші жолы қайтеді-ей? Аспан қанға бояла ма? Смирно ағай естісе, айқайды салар еді. «Аспан қанға боялмайды, аспан ерте дүние тарихынан бері көкпеңбек. Қан, қан, өй, қан жауғыр, сотталайын деп жүрсің бе?». Ол кісіге дүниенің мән-мағынасы «Кругом, марш! тышқан, мысық ойнаңдар!» деген командадай қып-қысқа, қарапайым. Қолында күш бар ма, бізге, бәлем, мәңгілік тышқан, мысық ойнатып, шагом марштатып табанымызбен жер тепкілетіп қояр еді.

Сол екі арада шабытым таусылып қалды. Көріскенше, қош, өлең! Арбаның дөңгелектері томарға соғылып секеңдейді, кейде астыға жастаған шөп арасындағы қурайдың өзегі мойныма тиіп қышытады. Мұндайда тақпақ шығару қиын-ау. Өлең жазсаң, кинодағыдай қалың орманның ішінде қаңғырған дұрыс. Маңайында жапырлаған гүлдер теңселеді, ағаштың бұтақтарына қаптап қонған бұлбұлдар мамамның сары самауырыннан сылдыратып шай құйғанына ұқсатып шеттерінен сайрайды кеп. Жел шашымды желбіретіп, көзім, сөз жоқ, себепсізден-себепсіз жасаурап, кірпіктерім ұзара түспек. Әне, сонда ақынның шабыты келеді. Тұра қалып жазсаң, өлең өзінен өзі сарқырап құйыла береді. Ал мына Жасаңда сайраған бұлбұлдың орнына бықыған маса ызындап шуласып жүр. Мойынға, білек-бетке шап беріп қона кетеді де, ұялмастан қанында суша сорып шашады.

Жатудан жалықтым да, шынтақтап отырдым. Қоқай айқай-сүреңнен қайран келмегеннен кейін қызыл биені мазалауды қойды. Мұрнынан ыңылдап теңселеді. Оқас сол қалпы домбыққан көзін батыстағы күрең күннен айырмайды.

— Аға!

Қоқайдың қалтақтаған басы қозғалмай қалды.

— Аға, әңгіме айтыңызшы.

— О қайдағы әңгіме, әкем? — Артына еңсеріле қарады.

— Сіз майданға жеткенде немістер окопты бомбалап жатқан. Шөмеледей Павлов екеуіңіз соның бәрін бақылап тұрғансыз.

Бишігінің сабымен басын қасыды. Менің, одан кейін Оқастың бетіне барлай қарады. Онысы — күлкі, мазақ ізін аңдығаны. Байқаса болды, сау бол, әңгіме дей бер. Қабағымды әдейі қарс түйіп, бейжай әлпетпен жол сорабын көзіммен қуалаймын. Қоқай көңілденіп, орамалын төбесіне ысырды.

— Е, сөйтіп, атасыз туған ит фәшес бомбаны жаңбырша жаудырып, жанды қояр болмады. Жарықшақтар зау-зау ұшады. Бізді, жаяу әскерлерді, аспаннан қорғайтын летчик айрпланына жетер-жетпесте оқ тиіп, тырапай асты. Сонда Павлов ер: «Айрпланның тілін түсініп, фәшес пәледен құтқаратын жан табыла ма, жоқ па?» — деп күндей күркіреді. «Ефрейтор казак Қоқай Әншіков бар», — деп сымдай тартылып тұра қалдым. Өлген летчиктен екі-үш күн бұрын самолеттің қалай жүргізілетінін тәптіштеп сұрағанмын. Кәбинедегі шошайған темірді жоғары көтерсең — аспанға ұшасың, төмен түсірсең — ылдиға құлдилайсың. Төбелетіп алдыңа итеріп көр — ілгері зымырайтын кәдімгі совет айрпланы. Атам Бөгенбай батыр болған соң, тұқым-жұрағатсыз фәшестен сасамын ба, — Қоқай темекі тұтатты, ұрты сола бұрқ-бұрқ сорды. Оты сөнген қара-күйелеш шырпыны бір тал гүлден әрмен жоғары сәндене шошайтып отыр. Маңдайы тершіген, тұмсығы делдиіпті.

— Отырдым да, аяйын ба, аспанға атылып шықтым. Біреуін қойдай қуып алдыма түсірсем, оймай, оқ таусылыпты. Сонда қайтті дейсіңдер ғой? — Еңкейе бетімізге қарады. Бізден дені дұрыс, жөндем жауап алмағасын, шырпы тұқылын аспандатып көтере түсті. — Біздікінен неміс айрпландары өзгеше; олардың бауырына үлкен темір шығыршық орнатылған, — Көйлегін көтеріп, қоңыр кіндігін өте дәл шұқып көрсетті, — Таңертең зырылдауығы айналмаса, немістер гол шығыршықтан сүйретіп оталдырады. Біздің жақ оны біледі, білгендіктен кәбинеге басына имек темір байланған арқан салып ұшады. Жылқыны шыңғыртып бұғалықтайтын жігітке киын ба, күршекті зымғатып лақтырып шығыршықтан іліп алдым да, немісті айырплан-сайырпланымен қосып басымнан асыра бұлғап-бұлғап жерге атып жіберіп едім, быт-шыты шықты. — Сөйтті де көзін текеше ежірейтіп, бишікті ерекше айбатпен үйірді, — Қалғандары қорыққанынан құйрығын қысып қашып берді. Дивизия командирі Павлов: «Қайран қазақтың қара баласы-ай!»- деп маңдайымнан сүйіп, кеудеме орден қадамақ оймен сөмкесін ашып еді, қырсыққанда таусылыпты.

Кәкең орамалымен мандайын сүртті де, темекісін шыдамсыздана сорды. Көгілдір түтін көкжиекке табан тигізген үлкен, күрең күн бетіне шілтер құра шимайлайды. Шіркей шыға бастаған. Кәкең, біздің ер Кәкең тымық кештің өтінде басқаға өтірік, маған шын әңгімені темекінің түтініне қоса өpe бұрқыратып соғып отыр.

— Павлов мені Мәскеуге Калинин ақсақалдың өзіне жіберді. Батырлықты алып қайт деді. Ол кісіні Мәскеудің ең заңғар үйінде қонжиып отыратын шығар деп ойлайтынбыз. Сөйтсем, қала шетіндегі бөренеден қиып салынған жұмыртқадай шағын ағаш үйде тұрады екен. Паһ-паһ, кішіпейілділік, ауыр халдегі халық жағдайын түсінгендік деген сол да. Ал біздің піркәшік Сауытбек сегіз бөлмелі үй салып алды. — Аузын жиып, әкем жаққа күдіктене көз тастады. Ол қаннен-қаперсіз темекі түтінін мұртымен сүзіп отыр, — Кірсем, құрметті ақсақал қадірлі бәйбішесімен ағаш столдың үстінде кіреңке сүт пен қара нанды қолдарына жаңа алыпты. «Ефрейтор Әншіков!» деп қазықтай қаздидым. — Қолын сарт шекесіне апарып еді, бишік ұшы Оқастың бетін сызып өтті, ол тыржың етті. «Ә, қазақ Қоқай жолдас боларсыз. Павлов ғаламат қаһармандығыңыз жайлы звандаған. Ерлігіңіз ерапат көрінеді. Біз оны бағалай білеміз. Анау ағаш бөшкеден өзіңіз таңдаған орденді алыңыз», — деп бұрыштағы кеспекті нұсқады. Ойымда дәнеңе жоқ, қақпағын ашып едім, — көзін құшырлана жұмды, — түу, алтын жұлдыз, лағыл, гауһар орденнен медальдарға дейін кеспектің іші бетімен-бет боп жарқырап жатыр. Жұлдыздарға қызықсам да, сыпайылық сақтап, үйдегі «Ерлігі үшін» медалін ғана алдым...

Еңкіш кеудесі түзеліпті, сирек сақалын қолы қалтырап уыстай береді. Бізді мүлдем ұмытқан, белшесінен қанқызыл арайды кешкен көкжиектен әлденені іздей Қоқай Оқас екеумізге белгісіз, өзіне ғана қанық дүниеге талмай көзін қадап отыр.

Кенет манадан тымырайып отырған Оқас күліп жіберді. Оқастың күлкісінің тамашалығын көрсеңіз. Шөпке шалқалап жата қап, күс табандарын аспанға кезек лақтырып сақылдайды.

— Күршек, арқан... ағаш бөшке... Ой, ішегім-ай!

Кәкен аңырған күйі отыр. Оқас қудың ойын бірден түсіндім, түсінбесем, оның ең мықты қарсыласы боламын ба? Қоқайдың өтірігіне күліп жатыр.

— Өлдім-ай... Бөшкені күнде жұлдыз медальдармен шелектеп толтыратын болғаны ғой. Немістер самолетіне Әншіков арқан тастасын деп шығыршықты әдейі орнатыпты. Ой, сендім!

Қоқайдың иықтары түскен, иіні салбырап, бишігімен жер шұқиды. Қызыл биенің арба үстіндегі дау-дамай, тартыстан хабары жоқ, табан астындағы дымқыл шымды тұяғымен кірш-кірш дөңгелектеп қиып, ырдуын арбаны — жылжымалы сахнаны ауылға байыппен сүйрей бастайды. Мейлі, қиял, үміт, сағым-ақ болсын, дегенмен, адал, аңқау көңілдің орындалмаған арман-тілегіне ұмтылысы, бүткіл өмірінің мақтанышы — «Ерлігі үшін» медалі іспеттес ерлікті нысаналап, жан ұшырған ұмтылысын — өтірігінің күл-талқанын шығара күлін көкке шашып жатқан тәп-тәуір ақылы бар Оқастың дарақы күлкісіне қарсы тұратын кім бар?

Көкем теріс қараған күйі әлі тоң-торыс.

Қоқай жасқаншақтап бұға береді.

Ал мен...

Оқастың үстіне қона түстім. Жұдырығымды жігерлене сілтеймін. Мұрным ду етіп, көзімнен ұшқын борап шашылды. Аспан, арба, күн шыр-р көбелек айналды да, қалт тоқтап қатты да қалды. Бұл айқасқан екеуміз арбадан жерге құладық деген сөз. Тағы алысамыз.

Қисаңдаған арсыз ауызға қамаулы ұяттан айрылған түлкілерді ақ қорған — ақ тістерді сындырып қашыруға керемет құмартулымын.

Күшті қолдар желкемнен ұстап жерден айырды. Көзім Оқасты сүйемелдеген Қоқайға түсті. Оқастың ерні қан, Кәкең жыламсырап, оның аузын сүрте:

— Жалғызым, ұлым, тірлігім, — дейді.

Оқастың көзінде керемет таңданыс пен үнсіз шыңғыру, қорқыныш қоса қабат қатып тұр.

Сонда, сонда...

Аржағын ойлауға жағымды жандыртқан шапалақ үлгіртпеді. Көкем жанарымды бұрғылай тесіп бетіме үңіледі. Мен және Оқас — біріміз шапалақ жеп, екіншіміз қанаған қайыс ернін созып қарадай бақыра, Жасанды аралай жүгірген жаман даусымыздың тарғыл-тарғыл жаңғырығын қуалап екі жаққа тұра қаштық.

* * *

Көп жыладым. Заманбек сөйтті деп дүние қалып-кескінін өзгерткен жоқ. Кеш момақан қалпы қара түсін сабырлылықпен қабылдап жатыр. Айдалада албаты бақырып-шақыра берген ыңғайсыз екен. Оныңды ешкім көрмегенсін, бастан сипап, жаны ашымағасын, жыладың, жыламадың не, бәрібір. Көз жасымды сүрттім.

Шалғынды тізеден кешіп ауылға беттедім. Алыста екі арба жайлап жылжиды. Соңғыдағы шағындау адам әлсін-әлі көтеріліп, маңайына қарайды. Арбаны тоқтатып, тосып алуға батылы жететін емес. Қоқай!

Оның арғы тұсындағы қарауытқан кішкене тұлға ауыл қайдалай салып ұрып барады. Артына қарайтын түрі жоқ. Безер, қайсар, ақылды, ызақор Оқас — Қоқай плюс Жәнипаның Оқасы.

Қарадай көңілденіп сала бердім. Күн иегін қалың қамысқа батырып-ақ қалыпты. Баяу, бір қалыппен төмендейді. Ауыл жақтан өрістен қайтқан қой, ешкінің қосылып маңыраған әлсіз сарыны, тұра қап сиырлардың ішін тарта мөңірегені естіледі.

— Ой, ойының осылғыр, бұзау қайда-а?

— Еміп қойды-ау, қарасан келгір... — Үн үздік-үздік жетеді.

Табанымның астынан бұрқылдап ұшқан бақбақ күн бетін өрнектеп сызады. Ең үлкенін еңкейіп жұлып алып, аспанға үрледім. Бұрқ етіп жарылды. Маңайым аппақ бақбақ... Бұрынғыдай, бала кезімдегідей секірмедім, билемедім, айқайлап өлең де айтқаным жоқ. Іштей сабырмен қуанып қойдым.

Айтты-айтпады, бақбақ басы бүгін ержетіп толған екен.


Пікірлер (2)

Азамат

Күшті болды

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер