Өлең, жыр, ақындар

Зая атылған оқ

Арғын кешкі аспанның қызыл-қоңыр мыс иегіне табанын тигізе аттан түсті.

Жайпақ төбесіне алабота қаулап өскен тоқал там іргесінен бір топ торғай дүр көтерілді де, тас лақтырым жердей шеңгел-ши түбін лықа толтырды; сосын құрт-құмырсқаны қуалай қаққыштап кетті.

Ал еңкейген қызыл күн көкжиекке тобығын керттіріпті, батысты ала көлбеген дәу қоңыр дөң етегінен тартып, күлшеден әрмен қорқау шабытпен үнсіз қаузап жатыр. Бүкіл дала әр талы мина капсюлінің сымы секілді өңкей бір судыр-судыр қалың ши. Арғын сол тұтасып кеткен үлпершек бас ши алқабына көзінен жеккөрінішті жамырата қарады. Жеккөрмегенде ше! Ертең тағы да осы ат кеудесінен келетін қалың шиді кесіп өтіп, анау тау қойнауындағы гарнизонға жетулері қажет. Күні кеше аяқталған майданнан орден алып қайтқан Арғынның шығыс шекараны күзетіп жатқан бөлімдерді аралап жүргеніне бүгін тұп-тура жарты ай толған. Сол гарнизондағы кездесуден соң Арғын ат басын Сауырдың түстік беткейіндегі аулына бұрады, ел-жұртпен қауышады, соған қоса сан күн санды қажаған түрпідей галифені, гимнастерканы атып ұрады.

Ол ауыздығын қаршылдата жер тарпыған Кертөбелдің тізгінін қасыңдағы ефрейторға ұстата салды да, үй жаққа бетін бұрды. Мәңгіріп тұрып байқамапты, тоқал там алды көсілген бау-бақша боп шықты. Жүйектерді жиектеген көп күнбағыс қамыс қалпақты қаратаяқ жігіттердей сыпайы тізіліп тұр.

Таза сыпырылып, су себілген есік алдында шөкім сары шал күрекке жұққан сағыз батпақты жас шеппен ысқылап кетіре алмай әлек. Дәл қасында төбесінде ызыңдай айналып жүрген жезсауыр шыбынды қағып түсіре алмай ақ тістері ауаны қармай сақылдап, былшық көз төбет шоқиып отыр. Шыбынды қағып тастайтын ол пысықтықтың соғыс алдындағы тоқтық заманмен — шала мүжілген сүйек-саяққа толы табақпен қоса көзден бұлбұл ұшқаны қашан. Сары үрпек балапандарын шұбыртқан аң тауық қана тоқ, домбығыңқы. Қанаттарын сәл босата күркілдеп, төңірекке шапыраштана қарайды. Аласа қораның көлеңке ұялаған есігін кес-кестеп жалпаң жасыл бақа тап-тұп секіреді. Шикі кірпіштен жиған қазандыққа қонжиған шөңкеде қара су іштен бұға қайнап жатыр. Осы көріністің жүрегіне жылы тиіп, саусағын соза жақындап келгені соншалық, жігіт кеңсірігі шымырлап, жанарына жас жүгіріп сала берді — жаяу тұрмыстың бір тұтам қиындысы болса да әйтеуір бейбіт, әйтеуір шұбалған көк түтін, дәрі исінсіз тыныш тірлік.

— Ассалаумағалейкүм-мм!

Арғын сәлемі созыла мақаммен шықса да бейқам тұрған шалға енеңді ұрайыннан бір кем естілген жоқ. Оны біз сұғып алғандай дір еткен жоны сатты. Жігіт өз ассалаумағалейкүмінің соңынан шөкім шал тарапынан; «Қай баласың, қайдан келесің, қане, үйге кір, қалқамды»,— күткен. Төрт жыл бойы бір тынбаған сұрапылдан соң ол өннен кем естілмеуші ме еді, тіпті өн айтып құлағының құрышын қандырғанның орнына қып-қысқа етіп; «Сәлемет бол, әкемді» айтсын, риза, тегі риза.

Шал бас көтермеді. Күректің әлдеқашан жалтырап біткен жалпаң бетін жанығып, әлі тазалап жатыр. Майданнан елге оралғалы қошеметті көп керген Арғынды қырсық шалдың бұл кесір қылығы алғашында абдыратып тастаған. Сосын көзін қыдырта атса оғы жерге түспей зымырайтын теп-тегіс маңғұл бет даладағы тапал там үйді тауып алды да тілінің тұсауын шешті.

— Отағасы, ауылыңыз... қара шаңырағыңызға кеп қалдық. Та-к... — Сасып қалды. — Былай... қонып шықсақ деп едік. Жамбас ақыны төлерміз. Таудағы шекарашыларға бара жатырмыз, — деп сыздықтатып келді де сәл тоқталып, бір-ақ деммен; — Майданнан келгенбіз, — деп салды.

Арғын соғыстан оралған майдангер ат тұмсығын ауылына тіресе жалпаң елдің иіліп төсек, жайылып жастық болатынына жол бойы көңілі сеніп, көзі көрген. Сөйтсе де беттің арын дәл осы жерде безбендегісі келмеп еді. Бірақ жалаң ерін шөкім шал бастан-аяқ сарала пошымынан ыға қоймағасын амалсыз сол қымбат сөзді саудаға салып жіберді.

Қайда-а, шал енді жарғақ шалбарының тамшы - тамшылай бытыраланып қатқан сауыс балағын уқалауға ынт-шынтымен кірісіп кетіпті.

«Жамбас аңы сұрап тұр-ау...» Ернінің оң жаң ұшы бұрыштана қалды. Жігіт миығынан күліп еді. Күлкіден гөрі ыза басым. «Сықса су шықпайтын сіңір көзел, қырғауылдан қауырсын суыратын сараң көзел». Қызылқоңыр түс сейіліп, қара қанат көлеңкелер қалбақтап қона бастаған қоңырбарқын далаға көңілсіз қарады.

— Дұрыс, төрем, дұрыс. Қане, үйге кіріңіз. Сөзіңіз жөн дедім ғой, жөн. Күш, өй, күш...— Шал шелектегі суға тұмсығын батырып, құйрығын көкке кезей қалған тауықты қуып тастап томпаңдап есік ашты, ашты да көзін темен салып — төмен салысы қыздан жаман тегі — жасқаншақтай кейін шегінді.

«Жамбас аңының төленетінін естігесін, көрдің бе, қолды-аяққа тұрмай құлдыраңдап кетті». Арғын табан астына аса бір ызғармен шырт түкірді де, орденнен кейінгі қуанышы, бетке басар мақтанышы — хром етігінің солидолға шылқыған семіз сауырын қамшымен сарт ұрып, екі бүктеле еңкейіп үйге бас сұға берді. Маңдайша тура келсе кеңсірігін қиып түсерлік аласа екен. Биік табалдырықтан әрмен төмен құлап кететін жер еден қара көлеңкеде еміс-еміс елестеп жатты. Мұны бірден байқамаған: алға ұмсынған ол бір-екі аттасымен бар салмағымен күрт төмен түсіп кетті. Шүкір, кеудесіндегі кеп темір шылдыр етсе, ол етік тақасы жер иіскеді деген сез. Төрдегі жалғыз терезеден біркелкі жамырап түскен қызғылт сәуле бөлме ішінде біртіндей бозамық жарыққа айнала сіңе сорылып тұр. Соның себезгілеген селдір өтінде бұрымды қыз қолындағы бізбен бітіп қалған тоқыма байпақты дамылсыз қылп-қылп шабақтап отыр. Жігіт байқап қалды — автоматтың оймақтай қарауылынан торт жыл бойы бар дүниені түгендеген кәнігі көз қоя ма — байқап қалды, қыздың қаз кеудесі дүмпіп, көнетоз көйлектің омырауын шерте қалыпты.Тосын кірген Арғынға жүзін бұрып еді, арқасын ықтап тасаланған көлеңке қара күйені бетіне жаға салды да, қыз әлпетін байқап үлгермеген аға сержант өкініштен мұрт ұшын қышырлата қыршып тастады. Сосын қалай бұрылса да денесінің қақ жартысы бейуақтағы көлеңкемен кірігіп араласқан күйі қыз терге көрпе тастады, есікке ығысты. Онысы: «Отырыңыз!» - ды ерін ұшымен немқұрайды айта салғаннан гөрі сәтті шыққанын жігіт іші елжірей сезді. Хром етігін тұңғыш рет сықырлатпауға тырысып, бар салмағын аяқ ұшына түсіре елпілдеп, түу, айтар ауызға да ыңғайсыз, қалықтап кеп құйрығымен көрпе шетін қырқып қана қонып, қаздиып отырды.

Қыз шығып кетті. Арғынның аяқтарынан қуат кетіпті, хром етіктері малдас құра айқасып алдында саудырап жатыр. Жігіт өз жағдайына қатты таңданып отыр. Оқыстан өнер шығарып, қылымси қалғаны несі? Қыздың бет-жүзін байқаса, біліссе бір сәрі, ал иіліп көрпе салды, ал кішіпейілмен кейін шегінді, соған бола емешесі үзіліп, ентіге қоятындай не дүние өзгерді? Айтты-айтпады, майданнан оралған жауынгер аты, орден алған атағы бар. Сабыр, сабыр, қалқасы. Әшейін шалдың сыртта көрсеткен сызды қабағынан соң қыздың қутыңдап көрпе салғаны, зыр жүгірген пысың қимылы абдыратып тастаған-ау. Ол жұтынған көңілге жүген кигізе тәк-тәктап, айналасына қунақ назармен қараған.

Қарап қызығатындай үй-ішінің жиһазға тіреліп тұрғаны шамалы. Сол жақта бар жарқылы мен жалтырынан айырылған тат темір төсек тұр. Үстіне құрақ тасталыпты. ІІІаршап-шалдыққанда шал жатып демалатын орын екендігі бесенеден белгілі. Төрдің оң қанатын ала он шақты көрпе сандықталып жиналыпты. Жүк үстінде екі-үш жастық қыз кеуделеніп тікеден тік шаншылып тұр. Қақ төрдегі араб жазулы кілем қараңғыда түсін бермей алыстан бұлдырап, көз отын суырады. Одан жоғарыға үлкейтілген үш сурет ілінген. Ақ-қарасын айыруға көз жетпегесін орнынан тұрып тақап барды.

Алғашқысында балдырған қыз баланы орталарына алған айнамкөз жас келіншек пен тықыр шашты жігіт. Екінші суретте жігіт мүлдем басқа жанға өзгеріпті. Басында әскери фуражка, гимнастеркасының иығынан портупея бауы асып түсіпті, жағасында бір-екі кубик ағараңдайды. Мұрты ширатылып, көзі жасқанусыз батыл қарайды. Майданға о баста қыр өмірінің қара долбарымен ашық-шашық барып қалған қазақ жігіттерінің соғыстың бет-жүзіне қарамайтын тезіне түсісімен өстіп жұтынып шыға келетінін өз басынан білетін.

Қазірше қара есеппен қыздың әке-шешесі ме деп долбарлап тұр.

— Пыр-р-рр...

Күргейлей қоршаған қараңғылықты түре жарық бірден лап бергесін ту сыртына қарап еді, басына от қонған шырпыны қыз қымқыра ұстап майшам пілтесіне жақындатыпты. Қыр мұрны жарлана қапты, бірақ қанжарды жүзінен тік салғандай суық, өткір емес, ұшы әнтек кертілген көтеріңкі. Биік қабағы жанарын жасырып, әйгілемей тұр. Көз жебесін зуылдатқан жігіттің ашқарақ назарын сезді ме, бетін бері кілт бұрып еді, тіһе, тіһе, тілі тасқа, шам жарығынан шытынап ұшқан сәуле көзін сыза жарқ етті. Суреттегі жігіт жанарын қара да, қызды қара — аумағы үлкен, отты. Бұл мойнын ішке алып, орнына мықшиып отыра кетті де, сасқаны ғой, шаң басқан шашын алақанының қарымы жеткенше кері қайыра, салалап сылай берді.

Үйге қақырынып шал кірді.

— Қарашаш қарағым, ешкінің былтырғы жүнінен ескен ала арқан қайда? Ұшына қызыл жіп қосып өргенін айтамын. Иә, сол аң ешкінің көктемгі қырқымынан таспалап өргенін... — Шал қырсықтығына қоса қырт екен. Ала арқанды сұрау үшін осынша сөзді рәсуа айтты, әлтаман үй иесі ретінде өзінше әңгіме айтпақ ниетпен көсемсіп жoл бастаса бір сомға жырлатып, жүз сомға қойғыза алмағанның кері болады да. «Ал, шал, сөзуар, көкеми делік, оған еріңді бауырға алып шала бүлінгеніңе не жорық? Арқан сұраса жаттікі емес, өз арқаны, өз немересі».

Қыз шалдың арқанын тауып берді — тез-тез қалқып жүзген қалпы сол қалып.

— Жөн, жөн.

Шал бас изеңдете шығып кетті.

Арғын төр алдында ез ойымен езі алысып жантайған беті мызғи бастаған екен — онысын Кертөбелдің сауырын сабалаған ұзақ жолдың жеңуіне жапты — біреу иығынан түртіп оятты. Кезін ашса сары сақал, бір емес, бақандай екі сақал төніп қапты. Елес пе деген үмітпен басын шайқап еді, қос сақал бұ бүйтті деп сүретін бұза қойған жоқ. Жаңа пайымдады, сақалдың біреуі аң бөрте шыбыш та, екіншісі — шал. Ешкінің жүні аппақ, шалдың кигені аң көйлек, дамбал, неғыласың, аруақтан әрмен еңсені баса төніп тұр. Басын көтерді. Сақалдың сартап күлімсі иісі — қайсынікі екенін айыра алған жоқ — қолқасын қауып барады.

— Мына бөртені... Айыпқа бұйырмаңыз. Осыны нетіп, батаны жасап жіберсек... Сол дұрыс шығар.— Мына сөзге сенбейін десе ешкі мен шалдың қатар алған қос демі бетін шарпып тұр, сенуге қол берсе сырттағы шал танытқан тоң-торыс қырыс мінез бүйенін бұзбай көңілінің қақ ортасын оя қатып жатыр. Ерді кебенек, тек кебенек ішінде таны. Шалдың ешкі жетелегені шын болса солай, солай да. Дереу тіктеліп отырды. Едәуір тыңайып қапты. Жаңағы сызды қабағы жазылған тәрізді. Бөлме іші қақ алдындағы аласа стол үстіндегі майшамның білтесінен тараған жарықты алыс бұрыштарына дейін қабылдап, бар-жоғын жайып тастап, қоңыр тұрпатымен үнсіз қоршап тұр.

Қараша үйдің Қарашашсыз қайдан сәні келсін: қоңыр көлеңке жалтырауық атаулыны тұтып қапты.

Бауырына жинала көрпе үстіне емпеңдеп шығып кеткен қос хром етігін жалғыз қимылмен келген орнына қайта шашты. Сонан соң шалға қарады. Ол мұны ұмытқан, сірә, ұмытпаса ақ ешкінің кәріқыз тұтқан жүнін тарақтап мәз бола ма.

Арғын шалдың білегін ұстады.

— Ақсақал, қайтесіз. Мен тегі ризамын, көңіліңізге құладым. Бөрте ешкінің сіз сауып сүтін ішесіз, жүнін қырқасыз...

Шалды аяған бір запыран тамағын қырып, сөзі одан өрі демеу көрмей үзіліп қалды. Ешкі шіркіннің бұл саналы әңгімемен шатағы жоқ, сезімі өшкен қарашығын жігіттің иығынан асыра қабырғаға қадаған қалпы екі ұртын қайшылай күрт-күрт күйсейді. Арғын жымиды. Сөзінің сүрепетін — сүтін ішесіз, жүнін қырқасыз...

— Ақсақал, былай... Біз күндік қонақпыз, ал мына ешкіні сіз ылғи сауасыз, сүт аласыз. — Саусағы еріксіз сүйірленіп созыла ешкінің тұмсығына тақай қалды. — Общем, сіз жануарды соймайсыз, сойдыртпаймын, қазір қораға қамамасаңыз ренжимін.

Шал састы. Алақаны ешкі жонын сипағанның орнына қайқиған қысқа құйрыққа көшіп кейін басып қайыра берді, шал сүйтті деп құйрық құдай теліген мінезінен танбады: тік шаншылған қасқырқұлақ айбарлы қалпын мысқал жықпады.

— Дұрыс, дұрыс қой. Бірақ ешкі кәртейгенімен тұнып тұрған ет, қалқам, Қазір көкке семіріп, тойынып...— Ешкінің лақ тастағандай солыңқы бүйіріне күдікпен көз тастады. — Тегі, соймаса болмас, соным жөн, дұрыс.

Жігіт жастықтан басын жұлып алды. Қазықша қаздиып тік отыр. Кеудесіндегі шам жарығында өңін демде өзгертіп құбыла қылпылдаған орденге жанарын жаныды. Шал қайсар құйрықты басқылап мәз, ешкі сол өзгеріссіз қалпы, тек кірпіксіз қызарған көзін қабырғадан мұның бетіне көшіріпті. Кенет, жігіт жыны құрыстап, ызаның зәрлі буы тұлабойының тұс-тұсынан жайлап бұлттана көшіп, тіл ұшына шоқталып жатқанын сезді.

— Әй, шал... отағасы, сөзді ұғасыз ба? Мұның еті бір-ақ асым. — Бұрыштағы қара бөкселі қазанға жеккөрінішпен қарады. — Ал бұл пәлекетті бақылдатып алып соғалық, ал пісіріп жеп ала қояйық. Оның орнына ешкіні екі жыл,— қос саусағын шалдың көзіне сұғардай білемдеп-білемдеп қойды, — көрдіңіз бе, қаншама жыл сүтін ішіп, жүнін қырқатыныңызды? Ендеше соямынды қойыңыз, өзіңіз бас пайдаңызды білмейтін жан екенсіз.

Аң бөрте күйсеуін тыйған, басы қисая ұғымтал, үнсіз, сыпайы ыңғаймен ұқыптап Арғын сөзіне құлақ салып тұрғандай.

— Жөн ғой, жөн, бірақ...

Жігіт алақаны құрып етік сауырына сарт жабысты.

— Түк те бірақ емес. Қайдағы бірақ? Бірақ, бірақ... Сіз осыны қашан қоясыз? Мені мазаң етесіз бе? Не масқара? Көкек емессіз сіз. Соймайсыз. Марш, қораға қамаңыз ешкіні!

Шал сөз жарыстырған жоқ. Бөртені бас жібінен сүйрей сүріне-қабына шығып кетті.

Арғын бұлан-талан. «Адамның қарадай жынын келтіріп... Бір айтамын, екі. Неге ұқпайды ей? Мына шал кісіні ит етті, тура ит қылды. Черт білсін, айдалада адаммен қатынаспай әбден миғүлаға айналған шығар. Өзің де ит болып үріп кетерсің. Осындай жындыдан анадай қыз...»

Қыз қалшиып табалдырықта тұр. Арғын сасқанынан мұртын ширата берді, көз болаты хром етіктің жалтыр қонышына тайып жығылып, сырғанай зырғып тоқтар емес. Қарашаш жасып жүнжіген жігітті жеккөрінішті назарымен атып тастап, ыдыс-аяқ қамына кірісіп кетті.

«Шал ма, шал... е, мейлі, қайтемін, не істеймін енді. Бір айтамын, екі... Сондағы ойлағаным өзінің пайдасы. Болды, бітті ендеше». Бар оқиғаны соңғы үш сөзбен түйіп, өткеннен құймышақтық із қалдырмауға тырысса да шалға кеудеден түйіп қалғанмен пара-пар оқыс жәбір жасағанын сезіп, іші ызғар сора суың жинап жатты. Қыздың шыныдай салқын көзқарасы жан дүниесіне ұшып түсіп, дереу он, жүз, мыңға бықып көбейіп, мұздатып барады. Манағы сызды салмақтылығынан, отырған жерін ойған орнықтылығынан демде қалай айырылып қалғанына түсінбей қозғалақтап, қатты-қатты қақырынды.

Ақыры шыдамады, атып тұрып сыртқа беттеді. Есік алдында ешкінің бас жібін ұстап, қайтерін білмей мыңғыдыңғысы шығып тұрған шал мұны көрісімен тұяқтары қара жерге төрт сызықты қатар салып өтіп шегіншектеген бөртені сүйреп, сыртын жапамен ұрған шарбақ қораға кірді.

Ауаның бояуы қоюлана түсіпті. Ақтаңдақ батыста қансоқта шұлғауын сүйретіп, көкжиекті аса көңілсіз кеш қашып барады. Таяу тұстан шегіртке шырылдап, құмығып барып қайта үзіліп кетті. Шығыстағы аласа тау өркешінен құлағы қызарып қана шекелеп қараған ай дүниеге дүрдие, талаурап кез салады. Сол тауға дейін көсілген ши мұхитының бетінде солғын, ала кеуім сәуле еміс-еміс қашып ойнайды. Айлы түннің тылсым шағы бұлыңдай туып келеді. Әудем жерде өзімен өзі күңкілдеп сөйлеген ефрейтор қараң-құраң; тұсамыс сылдыры аттарды отқа қоя берудің қамында жүргенін сатып тұр. Оң бүйірдегі ошақта аспандағы айдың қызғылт түсін қостай от жалпылдап жанады, жалыны біресе әлсіреп, біресе маздаған тұрақсыз, өзгермелі, Ал қазан болса қараңғылыққа әбден сіңіп, соның қара түсімен астасып кеткен — қараңғылықтың балтамен шауып бөле алмайтын айырылмас бөлшегі.

Жігіт кекіл сипар самалды іздеп шыққан, қара түнге маңдайын соқты. Төрт құбыладан кеп қысқан меңіреулік тынысын тарылтып бара жатқасын жанұшыра айқай салды.

— Серега!

Ефрейтор қалбақтап бері ұшты. Қасына жақындай бере қолын шекелете дік етіп тұра қалды.

— Серега, қоржынды шеш те консерв, азық-түлікті үй иесіне апарып бер. Піскен етті де сөйт. Түгел, түгін қалдырмай түбін қақ. Алмаймын деп қарсыласқанына қарама. Мен сейілдеп таза ауа жұтып қайтамын. — Арғын сөз біттіні жартылай бұрылған иығымен ымдап сырт айналды да үй артына беттеді.

— Жолдас аға сержант! Бұл төңірек елсіз, қауіпті. Қасқырлардың жортып жүретіндігінен мәліметіміз. Қасыңызға ерейін.

Жігіт үнсіз адымдай берді. Ойға батқан күйі ефрейтор сөзін пайымдап үлгермеген.

— Сізді жалғыз жіберуге қақым жоқ. Капитан жолдас солай тапсырған. Ұқтыңыз ба, ұқсаңыз солай. — Қадалған жерінен қан алғыш жас ефрейтор тақымынан тіс айыратын түрі жоқ.

Арғын кілт бұрылып, бетінің сызық-айшықтарын айқындай алмай тұрғандай ефрейторға біраз аңыра қадалып тұрды да, бірден ақырды.

— Смирно, жолдас ефрейтор! Кругом! Прямо шагом марш! Мен қайта айналып келгенде кешкі ас әзір болсын! Понятно?

Ефрейтор саңқ етті.

— Дәл солай!

Ши тап үй іргесінен қау бере тұтасып, қылыш жүзін қайырар қалыңға, қабырғаға айналды. Үлпершек бастары едәуір көтерілген ай астында жасқаншақ сәуле жұтып, самал сыдыртып соқса ол сәулені мыңға сындырып жұлдыздап шашып тұнған түн мен құйылған ай жарығының қабаттасқан құшағының арасында талықсып күңгірт түс танытады. Көз жетер жерге дейін осы көрініс қаймақшиды. Ай астында тоңқиып етпеттей құлаған томырың даланың бұдан басқа танытар суреті аз. Арғын үшін мұның бәрі бүгінгі шыт жаңа таңдай қағу емес, бұрыннан таныс етене сипат. Өз аулында ши жыртылып айырылады: топырағы қалың үй төбесіне де шығатын, өзі жерге он саусағымен бірдей жабысып жатып алатын өнімді өсімдік. Тап бір өскен, өркенді, бұтағы мол, діңгегі берік үйдің белі бекем, етек-жеңі берекелі бәйбішесі сияқты.

Ойын таяу тұстан қараңдаған әлдебір күдікті сүлде бұзып жіберді.

Қарсы алдында бұған қарап, белгісіз біреу тапжылмай тұр. Жүрегі шым төмен тартып сала берді. Көз алдындағы Өлем теңселді, тұрақты табанынан оңай айнып тайықсыды, тайықсыды да бояуы өшіңкірей едәуір жаңылыса барып өз түсін әзер тапты. Маңдайының манағы қызуы қайтып, денесінің суып бара жатқанын сезді де, қолына іліккен шидің көк қияғын жанталаса моқал тырнақтарымен қырқа берді.

Соны аңғарды, ал қияқ жүлгесін бойлай жылжыған дара қанның жылым жүрісінен хабары жоқ. — «Бісмілдә! Сонда қалай... бісмілдә-ә!» Әлгі тақап келді. Торт жылда шегіншектеп көрмеген жігіт артқа шегінді, басам деп ойламаған ең оңбаған адымын аттады. Қара сұлба желсіз күңгірт ауада дірілдеп ери, адамдық тұрпаты жайылып бұзыла берді. Әлде қорыққанға қос көрінедінің кері ме?

Сүлде сақылдап күлді. Кертеш-кертеш дөрекі күлкі аспандағы айға жете қарғып, қу медиенге шорши қашты. Арғын сүлдеге қарсы жүгірді.

Жер астынан шыққандай қалай жалт көрінсе, сұлба солай қайтадан жоқ болды, киіз үй есігін ашып кіргендей-ақ қалың шиді сыр кесіп сып берді. Қуғыншы көзі қияң қабырғаға тіреліп қайта серпілуден аса алмады.

Арғын өкшесінен шыр айналды, кілт кері бұрылып, үйге беттеді.

Дәнеңені пайымдауға парқы жетпеді, жіті басып шиден шығып кетті де, қуана күрсініп — қуаныштан да күрсінеді екен — жиналып үлгерген қыртыс-қыртыс қорқынышын аузынан аһ атты, тереңнен тарта дем алды.

Ошақта жалпылдап от жанып жатыр, жақын тұстан аттың пысқырғаны естіледі, жарты денесін жалынға жалатқан күйі Серега қоржынды арқалап үйге кіріп барады. Ал ұятын сақтай құйрығын бұлғаңдатып қазандық алдында отырған иттің тұрпаты ғажап: қара тұяғынан құйқасына дейін малынған қып-қызыл жалын. Сірә, шырпы тұтатып жақындатып көр, гүрілдеп жана жөнеледі. Қыздың қи қалаған білектері жып-жып көрінеді, өзі көлеңке құшағында. Осының бәрі жайбасар тіршіліктің таң-тамашасы жоқ қарапайым көріністерін құраса да алабөтен қызықтап тұр. Қорқыныштың көйлегін іштей ұяла тез-тез шешкен Арғын еңкейіп үйге кіре беріп байқады — қазандық астындағы от сәулесі кеудесіндегі өр денді жарқыратып салды.

...Пышылдап жанған майшам дастарқан төңірегін тап манағы қызыл бетті кештің суретіне бояпты. Онан айырмашылығы — қызыл бетті кешке ағы аршылып жуылған төрт-бес кесе, он шақты түйір қант, тілше-тілше туралған қара бидай наны, соның ортасын ала қыземшектеніп үйілген тарының қоңсы қонғаны.

Сергей ашылған қоржынның аузын байлай алмай әуре. Бөксесі бұлғаңдап орын ауыстыра береді: қайтсін, қаздиған-қаздиған ағашаяқ орындықтар көзден бұл кеште бұлбұл ұшып тұр да.

Баяу жөткерініске мойын бұрса, шал шөмиіп ішке кіріп те қалған екен. Арғын батыл басып, төрге шығып отырды.

— Дұрыс қой, дұрыс. — Шал домалаңдап оң жағына жайғасты. Өзі жігіт кеудесіндегі ашық күні тайызда бұлаңдап жүзген ақ қайраңдай шамға шағылысып, сәуле аулатқан орден, медальдерге көзінен қызығу аралас күдікті сәлем ұшырып қояды. Анық ордендер мен дүниедегі өзі білетін бар ұғымның арасына сәйкес келетін келеңді қатынас орната алмай апай да топай дал күйде отыр. Әйтеуір қара бұжыр жігіттің жылтыр қонышты етігінен басқасы шалың үшін түгел жыпырлаған жұмбақ. Е, дәл осындай көк табанды әміркен соғыстан қайтпай қалған Әмір баласы сонау жылдары бастың болып, қалпағын аспанға әуелете лақтырып тұрғанда бір киген. Сол шіркіннің табанды қыж-қыж қайнатқан қызуынан гөрі аттаған сайын аттаны бар сиқыры Мекенің көк тасының кереметінен елі кем түспейтін. Одан кейін, ойбой Герман көзел соғыс ашты, әуелетіп аспанға қалпақ лақтыруын Әмір бала аты тілге келеңсіз жер түбіне аттанып, гүрсілдетіп мылтық атып кетті, қара қағаз келді, одан соң...

— Отағасы, әңгіме бастай отырыңыз. Уақыт ұтайық та. — Жігіт шынтағын бүге жантайып үлгеріпті.

Шал селк етті. Ұйбай-ау, әңгіме іздеп мынаның қай қыртқаны? Әңгімешілін. Е, айтатын мұның қай әңгімесі қалды? Білетін өлең сөзі, бірді-екілі хикая-қиссасы саусағының санынан артқан емес. О да сонау жұлымыр жиырма жастың жалына байлаулы жыр, ал жиырма жастың жылуы мен қызуы кімнің жадында. Қой, түсі суың бұжыр беттен бұл ғой-ғоймен құтыла алмассың. Ал, Қарагерей, аузың барда бір аса.

— Жөн, жөн. Айтайын әңгіме. Үй сыртындағы бақшаны байқадың, шыраң. — Бақшасы үй сыртында емес, бес адым жердегі күңгірт бұрышта жайқалып тұрғандай жаман сол тұсты бағыттаған қолын көлбете жайқап еді, майшам оты майысып, пілтеден түп орнымен үзіле жаздап барып қайта түзелді. — Балам, сол колхоздың қауын-қарбыз, кәкір-шүкірі. Соны бір денсаулықтың арқасында бағып-қағып... Қауын шіркін бармақтай гүлден бала басындай боп еседі екен. — Шал осы таңқаларлық түзу, жатың сөздерді шынымен өзім айттым ба дегендей аңтарылып қап, аз-кем тоқталыс тапты. — Сиырдан бұзау туғанды керіп ек, ал қауын-қарбыз бағу бұзаудан сиыр туғызудың кері, айналайын.

— Бұрын езге кәсіптің басын ұстағансыздар-ау?

Шал изеңдеп қалды.

— Қой баққамыз. Қараадыр белінің батыс жағын қапталдата қой жайғамыз, қарағым. Астымда жирен қасқа атым бар, мінез білмейтін пәтшағар қыршаққы еді, алдынан келгенді тістеп, артынан келгенді қос аяқтап теуіп тастайтын. Сол тебеген жирен қасқамен паһ, паһ, қорқ-қорқ желіп, отар қойды шырқ иіріп алшысынан түсіруші ек. Қазанға көпіртіп салып ет асатынбыз. Шіркін, қасыққа тақ-тұқ қайқайта ұра құстырып, әй, бір көмейлетіп асайтын жіліктің жылымшы майын-ай. Қасқыр келсе қосауызды күмпілдетіп атып, қотанға жолатпай кеттік. — Ол қызыл етті кетік тістерін жалаңаштай күлді. — Марқұм Қадиша апаңның көзі жұмылмаған, оң жақта майысып отыратын бұла шағы.

Сөйтіп, Қарашаш шалдың немересі екен. Оу, сонда қыздың әке-шешесі қайда? Анау суреттегілер сол кісілер ме деп шамалайды. Қаңыраған үй бірде дұрыс, бірде бұрыс шал мен кеудесі биік қыздан басқа құрығанда түшкіретін жанның тірлігін айтатын айғақтан ада. Манадан бері байқағанын бармақ бүгіп сағалдырығынан тізіп еді, қабырғадан ілулі ересек яки әйелдің киім-кешектерін көрмепті. Ойының айналып-айналып кеп шаншыла құлаған нысанасы — қыздың шайқы шалмен жаһан далада жеміс бағып жалғыз қалғаны.

Жігіт қолтық астындағы жастықты жаныштап, жая түсті.

Есіктен әуелі лақ-лақ бу атқылаған кең құрсаң шәугім, оның жетегінде бөлмедегі әлсіз сәулені там-тұмдап мөлшермен сіңірген нәзік білек қалқып, содан кейін жүзімен жер сызған Қарашаштың өзі кірді. Кірді де именшек қалпы шалдың төменгі тұсынан екі бүктетіліп тізе сындырды. Көкжиекті кеселерге кезекпен мөймілдетіп қызыл құя бастады. О, құдая, шай құйысының өзі сыңсыған ән! Адамының қыры, қылығы, кездесуіне қарай шәугімнің құлағын ұстау да ту асауға құрық салар қайраттан қылау кемдігі жоқ мөрлі өнер тәрізі. Көнетоз көйлегінің етегін екіге айырып жігін жаза жүлгеленген тоқ жоталы екі тізесінің ұшында дәл қазір Қарашаш талпынып әне-міне ұшаммен отыр. Шәугімнің түбін жалтыратып соншалық ерсі тоңқайтпай, шайды сәл сыздықтата дыбыс-шусыз сәнімен, тұнған салтанатымен құяды дейсің. Темір өзек шүмектің өзі кесеге қарай мойнын құрықтай созып, ұзара ентелей үстіне түсіп тұр. Ылғи шәйнек пен кесенің аралығында жалғыз аяқ күрең соқпақ сайрай сызың тартады, әлгінің өн бойынан бірқалыппен бауыр жаза бұйраланып ұшқан бу бөлмеге тарап, әлдебір хош иісті желпіп қана тұмсықтың дәл қара ұшынан бұралып өтеді.

Мұны шал байқамады, қыз да білмеген.

Тек жігіт үкі көздене қырағы шалып, үнсіз түйіп отыр.

Сергей болса күмпиіп піскен қоржын бүйір бидай өңді бауырсақтарды дөңгелетіп ойнай қызықтап шат-шадыман. Ақыры жалықты білем, езуін кере есінеді де алақанын желкесіне жастап, көзін жұма; «Құһ-һ!», — деп қайта-қайта шалға ым жасай түрегеліп, тұлғасының сымбатын бұзбай үйден шыға берді.

Тағы да шай ұрттаған сорп-сорп дыбыстар үй ішінің тірлігін жасап жатқан.

Сырттан ит қыңсылады. Үні төбе құйқаны шымырлатар аянышты, мұңлы. Және бір емес, бақандай бірнеше рет. Жігіт құлағын тіге қойды.

Әлдекім сақылдап күлді. Артынша-ақ қаңқ еткен ит дыбысы тез алыстап сап басылған.

Қолынан кесенің түсіп кеткенін Арғын көрмеді. Көргені не, байқаған жоқ. Кезі көлемін демде үлкейте бар қара-ағын ілгері ытырынта есікке бағыштаған.

Сол, соның өзі.

Қыздың қаймақ қатып құйған шайы бұл жолы күрең жол сызу қайда, кеседен ауып сырмаққа сыр-сыр төгіледі.

Шалдың бозқырау басында алақаны дыбыссыз алақайлап, емін-еркін қыдырып жүр.

Есік шалқасынан ашылды да, манағы сүлде бүтін, бөлінбеген қалпымен тура табалдырық үстінде тұра қалды.

Алға аттады, ішке кірді. Еңселі. Түрінің анау айтқандай түске кірерлік қорқыныштылығы жоқ, тек көкшіл сүйкімсіз ніл бетінің бар ауданына жайылып, еркін таралыпты. Жаңа ғана өзі сыртқа тастап кірген түннің тұтып қалған қарасы әлі көшіп үлгермеген сияқты. Тұлабойында бар байқалары, басқадан ат оздырары — жалтылдап тұрған ұялы қара көздері. Кезінде көрімдік бергендей айнамкөз өмірінің өтіп-ақ кеткенін маңайын торлаған ұсақ әжімдермен хабарлап тұр: езі шам сәулесін үлкейтіп-кішірейтпестен қарашығына түгел көшіріпті.

Көлеңке аттап ішке кірді де, әуелі шалдың бетіне назар салды. Таяу тұстағы қызға қарады. Қарашаштың жүзіне бөккен нұрды көзіне кешіріп алғандай жанарына жылы сәуле жүгірді.

Оның өзі де қас қағымдық сәт қана — қайта сөніп, үнсіз талықси үзіліп кетті.

Арғын болса жүзімен жер сызып бүгежектей берді. Әйел ез бойындағы бар жылылығын жанарының шуақ - қызусыз қарашығына есі кете жинап, бұған қадала қарап, сол жылылықты уыстай лақтырып жолдап жатқанын байқап қалған.

Жоғарыдан төнген төбе ащы дауыстан шытынап кеткендей болды.

Әйел сүріне-қабына шалынып, жігіт кеудесіне зор сұлбаланып асыла түскенін бәрі байқады. Қарашаш әйелдің арқасына асыла түсіп, айырумен әлек. ІІІал тап тойға баратыннан қатты сақалын бес саусағымен тарап, салалай берген.

— Дұрыс қой, жөн тегі.

Бетіне, маңдайына жабысқан әйел еріндері он екіде бір гүлі ашылмаған қыздың күйіп-жанған қызуын сақтапты, ернінің таңбалап басқан жері ойдым-ойдым от орны. Сабырмен мейірлі аймалау емес, қысқанның қабырғасын күйрететін кәдімгі қомағай ындын. Кеңк-кеңк жылайды. Ауыр омыраулары әлсін-әлі көкірегін толықсып соғады.

Арғынның бар білгені — бағжаңдай бетін бұрып, алып қаша беру.

— Әмірім, келдің бе? Білдім, оралатыныңды сезгемін. Сені көп іздедім, Қараадырдағы ши-томардың түкпір, түбіне дейін қоймастан қақшып шарладым, таба алмадым. Енді сені ешқайда, ешқандай соғысқа жібермеймін.

Әйел Арғынның оң тізесін баса жайғасып апты. Шам сәулесіне көзін шарпыстыра ағылып отыр.

Қыз ата жөнелді. Ашың қалған есіктен үңілген түннің құшағына қойды да кетті.

Шал шойнаңдап түрегелді.

— Қайран келінжан-ай! — Аяғынан бұрын әдеттегіден гөрі ертерек алға түскен басы мен сақалын қуып сыртқа шықты. Жайшылықтағы жұбын жазбайтын «дұрыс, жөнін» алғаш айтпағанын ол аңғармаған.

Жігіт қозғалмады. Бірақ қозғалғысы кеп еді. Оң бүйірінен көтере түйіп өткен соң амал жоқ қасындағы серігінің жүзіне тіктеп қараған. Таңданып қалды — әйел көзіндегі тап жаңағы қуатты да қаһарлы жарқылды жылы сәулесі әр бөлшегіне тең дарыған тұнықтық, мейірімділік ауыстырыпты. Киіздей қалың көк құрақ жамылып, топырағын жасырған жаз айының әдемі қулығын қайталап, бетіндегі сай-сай әжімдер жоғалыпты. Арғын өз бойынан ғажайып күй байқады — жаңа ғана жанын қасқалдақ қанына бағалаған қорқыныш ғаріп әйелге арналған аянышқа әдеппен орын ұсынып жатыр екен.

Әйел сүйел-сүйел қатқыл алақандарымен Арғынның бетін сипады. Берекелі үйдің мал-жанға жайлы келіншегінің қолындай жылы, құрғақ.

— Түк өзгермепсің, сол қалпың.

Өз бетін сипалады. Бұрыш-бұрышты тінткілеп бөтен жанды іздеді. Жүзін бермен бұрып күлімсіреді.

Таппағанына әбден риза әлпет.

— Үйде жан жоқ қой... Атам қайда, Қарашаш ше? Әміржан, біз оңаша қалыппыз. Со жылы Қараадырдың арғы бетіндегі ауылдарыңа келін боп түскенім есіңде ме? Туу, о күні бізді оңаша қалдырды. Онда да осылайша шырақ жанып тұрған. Жарықты үрлеп сендіріп, көрпені көтеріп кіргеніңде ұялғаным-ай.

Тағы күлді. Тек қуанышты да, қайғылы да емес, одан басқашалау, өзге үнді күлкі. Арғын әйелге жалт қарады да, тітіреніп кетті — сәлде ғана қарашықта бей-берекет бытырап маңып жүрген сәуле ұшқындары лезде тас-түйін дара нүктеге топтасып, жарқырай түсіп бұған еміне тігініпті.

Ұшып тұрды, дұрысы, тұрмақ болды. Кенет қараңғылық жалғыз сілтеумен көз алдындағы әлемнің бетіне қара шапанды жаба салды: әйел алақанының шыжылдап күйгеніне қарамастан майшамды баса қойыпты. Артынша білектің мойнына сарт оралғаны есінде.

— Бері, мұнда...

Әйел сыбыры тұншыға булығып жетті. Былқылдап босай қалған кеудені жандәрмен итеріп тастады да бар ынтасымен есікке ұмтылды. Жолай қолын автомат ілулі қабырғаға созды. Маңдайшаға басын соқты, тас төбесінен әлдененің оңдырмай түйіп өткенін білген, атып шығып айқай салды.

Ұңғы мойны созыла ұмтылып, сұқтана түнмен астасып, жоққа қадам басыпты. Автоматтың жылтыр ұңғысын кілт жоғары көтеріп қалды: ай сәулесі көктұқыл қыр арқаға сауылдап құлай сыңғыр-сыңғыр шытынап сынып жатқан. Арғын оның бірін білмеді, білгені шүріппені шаң ашуға ілесе шап беріп сұқ саусағына орады да, табан астында басқа тіршілікті тарс ұмытты, ойхой шіркін, құмарды қандыра тартты, тістей қатып қалды.

— Та-та-та... Та-та-ааа!

Маңдайынан шұбырған тердің алдын алақанымен тұншықтыра теріс айналды. Кеудесіндегі орден — жаңағы таңдайы тақылдаған автоматтың бір, жалғыз-ақ лап еткен жалыны — орден шырадай жанған көзін айға бағыттапты. Қара ит қыңсылап қу далаға қашып барады. Үй артынан жүгіріп шыққан Сергей болмысын көрсетпей бұқпантайлап бойын жасырған даланың сұлбасына жайбарақат қарады да:

— Қорқау қасқырлар ғой, — деп азуын айға білей еңірете есінеді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер