Өлең, жыр, ақындар

Төрге шыққан кім?

«Енді Асқарбек Қалиевич келуі керек» деген сөз шыққанан бері Төкеннің тынымсыз жалтақтап қарай бергені есік жақ. Қонақтардың бас-аяғы жуыр маңда түгенделіп бітпеген соң, жиылған жұрт әзірше ұсақ-түйек жыбыр әңгімені қанағат етіскен сыңайлы. Манадан бері көңілсіздік көлеңкесінде қоңырайып отырған жігіт жұрттың сөзіне емін-еркін араласып кете қойған жоқ. Көзіне оттай басылған бір-екі шала танысымен жылы-ұшырай амандасып еді, олары тым құрыса сыпайылық үшін болса да, өзара өрбіген ортақ әңгімеге тартуды да білмеді. Бұның құлағы қалқиып, ұрты суалған жүдеулеу өңіне, арзанқолдау киіміне қарап, алымсынбай, олқысына ма, кім білсін. «Танымайтын жерде — тон сыйлы» деген мақалды мансұқтап, теріс деп танитын салауатты азаматтардың кейбірі осындайда аяқтарының басын қайқайтып, кісіліктене қалады-ау тіпті.

«Бәлем, келсін айтқан кісілерің. Сол кезде өздерің-ақ бері қарай жапырыларсыңдар», — деп ойлады Төкен төңіректегі жұрттың Асқарбек Қалиевич хақындағы жылы-жылы лебіздеріне құлақ түре отырып. Бұл әңгімеге үн қосушылардың қай-қайсысы да өздерін Асқарбек Қалиевичті жақсы білетін етіп көрсетпек тәрізді. Оның ерекше қасиеттерін бәрі жарыса мақтап, дуылдасып жатыр.

«Ең төрдегі екі орындық жеңгей мен сол кісінікі, — деп ойлады қос алақанын аузына қабаттай басқан жігіт есіней түсіп. — Ойбай-ау, ана бір ағайдың тап сол араға отырғалы жатқаны несі?» Үй қожасы ішіндегісіне ілгек тастап, ілекерлеп шығармасаң, оңайлықпен сөйлей қоймайтын момындау біртоға жігіт еді. Төрдің иесі бар екенін сыпайылап жеткізіп, жаңағы кісіге басқа орын ұсынған сол.

— Асқарбек Қалиевич келмек көрінеді ғой, — деп қалды арғы қатардағы жұқалаң қара жігіт.

— Ә, ол кісі келсе, әрине... мен әшейін кеңірек жер болғасын отыра тұрайын деп...

Мосқал адам абайсызда бір әбестік жасап алғандай, жұрт алдында қысылыңқырап қалды. «Ол орынның кімдікі екенін, тіпті, барлығы да сезіп отыр-ей», — деген ойды бір түйіп тастады Төкен.

Бірер адамнан басқа жұрттың бас-аяғы түгенделіп, үй иелері ғана емес, отырғандар да шындап тықырши бастаған кезде ауызғы бөлме жақтан:

— Келді! — деген қуанышты хабар шықты. Сол-ақ екен үй ішіндегі енжар тыныштықтың да етегі желпілдеп қоя берді.

Дәліз жаққа жалтақтай қарап қозғалысқа түскен көпшіліктің бірсыпырасы үстеріне мұғалім кірген оқушылардай жағалай түрегелісіп те жатыр. Жаңағы қауырт қарбаластан соң жұртты шамалы уақыт осындай ыңғайсыз халде тұрғызып қойып, көптен елеңдеткен қадірлі меймандар да қара көрсетті-ау ақыры.

Бұйралау қою шашы кере қарыс маңдайдан кері қайырылған келбетті ірі жігіт — Асқарбек Қалиевич те, етегі еден сыпырған жалтылдақ әсем көйлектің ішіндегі танауы таңқылау талдырмаш келіншек — сол кісінің тағдыр теліген қосағы.

Осыдан соңғы картина түп-түгелімен Төкен болжағандай болды да қойды: жапырлай ұсынылған қолдар, тақуалап тұрып амандық-саулық сұрасу, бас айналдырар қошамет. Жоқ жерден көңілденіп қоя берген жұрт үй иесінің ұяңдау солғын даусына әуелде назар аудара қоймаған. Сөйтсе дастарқанға отырғызу басталған екен.

Өзінің сәл кешеуілдей қозғалғанын Төкен сол сәтте барып бір-ақ ұқты. Құрметті мейманның тақ қасынан болмаса да, қол созым қашықтықтан орын қамдауы керек. Төр жақтағы тұтасып, ұйлығысып қалған жұртты рет-ретімен жайғастырып, ыңғайластырып жүрген — үй иелерінің өздері. Әркімді жас шамасына, өзара қарым-қатынасына қарай жөнін тауып отырғызып жатыр.

Осы кезде ешкім тоспаған оқыс оқиға болды. Манадан бері жат бөксені жуытпай, сары майдай сақталып отырған төргі орынның Асқарбек Қалиевичке бұйырмай-ақ қалғаны. Именіп, тартынғанына қарамай, үй иесінің қолынан жетектеп апарып, әлдеқандай ғып отырғызғаны — шикілі сары өңін мезгілсіз сызат пен безеу бұзған тәпелтек біреу. Мана кітап шкафының тасасында үндемей альбом ақтарып отырған оны Төкен таныса да, тақасып сөйлесуге тәбеті тартпаған. Қасындағы момақан жүзді, қысық көз келіншекті келгелі тіпті көріп отырғаны осы. Манадан бері ас үй жақта жүрді ме, әлде елеусіздеу болған соң, көзге іліне қоймады ма, әйтеуір аңғармағаны шын.

Қай жағынан қалай бағаласаң да, осы жиынның бетке ұстар беделдісі, арқа сүйер айбарлысы Асқарбек кербез келіншегін қабатына алып, жаңағыларға жалғаса, төменірек жайғасқан. Әркім өзіне лайық орнын иеленбеген соң, бас киімге аяқ тыққандай өрескел көрініп, көрнеу көзге дастарқанның сыны бұзылып, жараспай қалыпты.

— Асеке, төрге шықпадыңыз ба? — деді манағы жұқалаң қара жігіт бейне бір ол орынға ешкім отырмағандай-ақ. Үй иелерінің осы бір болмашы этикаға мән бермей, үлкен қателік жасап алғанына күйінгендей даусын әдейі ортаға тастай сөйлеген.

— Еш абыржымаңыздар, бәрі дұрыс, — деді үй иесі тағы да дым болмағандай жұқалаң жігітті жауырынынан сипай қағып. Іштей «Төмен қағылып, ұят болды-ау әбден» дескен кейбіреулер Асқарбекке беттерін бұрып, бедіреймей, көз қиықтарын ғана салысқан. Талай-талай шаршы топта сыналып, тақыс болып қалған әккі емес пе, әлдекімдердің жасаған пендешілігіне қыры да сынбастан, Асқарбек өз қадірін білетін адамның кейпімен қасқайып отыр:

— «Іздегенің есіктен табылса, төрге шығып нең бар» деген емес пе атам қазақ. Бұл заманда «төр», «есік» деп бөлетін ештеңесі жоқ. Қайта отыра-отыра төрден шаршадық. Онан да мына бір құрбыларымыздың қалжыңына жылынып, солардың қатарында отырғаным рақат емес пе қайта, — деп, құйрық ұстатпас жүйріктігіне басып, қиялай салған. «Паһ, міне, нағыз азаматтар осылар ғой. Дәл қазір қолына күрек ұстатып, сиырдың астын тазалап жібер десе де, Асекең тайынбас еді. Біз ғой мұнда қадіріміз түсіп қалатындай жоқтан өзгеге шыж-быж болып жататын», — деп ойлады бастық досына шын көңілмен сүйсіне қараған Төкен.

Осы пікірді растағандай, Асқарбек Қалиевич қалжыңын қоюлата сөйлеп, дастарқан басының ажарын аша түсті. Дереу қарсыдағы әйелдің тарелкасына тамақ салып, қимылға да кірісіп кеткен. Оның есесіне кербез келіншектің лезде кекірейіп қитыға қалғанын байқағыш көздердің біразы аңғарып үлгеріп еді. Жіңішкертілген доға қастары ортасынан бүктеле сынып, сірескен бойы жан-жағына назар салар емес.

...Сонымен жаңа пәтердің қоныс тойы басталып та кетті. Жаңағы бір болмашы білместік салдарынан кей қабаққа ілініп қалған аз-маз кірбің енді жазылып, үй иелерінің куанышымен ұштасқан көпшіліктің көңілі көтеріліп түсті. Асаба болып сайланған жігіт те тілі мен жағына сүйеніп, ділмарсып қалған қушыкеш неме екен, қалжыңмен қытықтап, елдің езуін жиғызар түрі жоқ.

Жаңағы қатесін түзегісі келген болуы керек, үй иесінің өзі алғашқы сөзді Асқарбек Қалиевичке арнайылап бергізді. Төкен көз қиығын айырмай байқап отыр, үй иелерінің тарапынан болған бұл алғашқы құрмет Асекеңнің жұбайына бәлендей әсер ете қоймаған сыңайлы. Зәрі жібімеген қой көздерін айналасына салқындау жүгіртіп, міз бақпаған күйі қалды.

Төкен сұлу келіншектің жан дүниесінде ұйытқыған ызғырықтың ызғарын дәл қазір тұтас денесімен сезініп отыр. Енді ше? Шынтуайттап келгенде, осындағы тамам жұрттың ішінде оның күйеуінен жоғары тұруға лайық кім бар? Қайда барса да, «Асеке», «Асқарбек Қалиевич» деп жалпылдап жатқан жұрт. Қайда барса да, көретіні — қошемет, тиесілі орны — төр. Үстірт ойлайтын арзан жағымпаздар оның қызмет дәрежесін, басшылар арасындағы абыройын бағалаумен шектелуі мүмкін. Ал шындығында Асқарбек Қалиевичтің өзін еріксіз сыйлауға мәжбүр ететіні оның жеке басының мықтылығы емес пе? Ауызша сөзде алдына жан салмайтын шешендігі, азаматтық ірілігі, пысықтығы, терең білімі, тіпті әншілігі сияқты қасиеттері — бәрі жиылып бір адамның бойына сыйыса бермесе керек. Тіпті Асекеңнің құралайды көздемей атып, көзінен тигізетін мергендігіне куә болған жан осы жерден табыла қояр ма екен? Талай рет аңға бірге шығып, талай қызықтарын көрген Төкеннің өзінен басқа кім бар дейсіз. Шидей галстугін мойнына қыстырып алып, қылқиып отырған осынау жұпыны жігітке Асекеңнің көп ішінде ерекше бейіл беруі сондықтан да тегін емес.

Төкеннің манағы болжамы біртіндеп қиял жүзінен шындыққа ұласа бастаған. Екеуара еркін әңгімеден сыйлы кісіге жақын жүретінін байқаса керек, манағы шала таныстың біреуі бері қарай ықылас бұрып, ыңғайлана түскен. Рюмкасын тиісті сұйығымен қамтамасыз етіп, тамақтың дәмдісін алдына қарай ысырып қояды. Әне, пендешілік деген.

Әрине, дәл қазіргі әңгіме онда емес. Екі көзінің, айналып келгенде, жанындағыларды қыдырыстап барып, төңіректей беретіні — төрдегі екеу. Қүлбілтеленіп көкейіне тұрып алған жалғыз жұмбақты шеше алмай дал. Төрге отырғызылған мына безеу бет жігіт Сиқым — бірсыпыра уақыттан бергі танысы. Қаланың түбіндегі бір колхозда тұратынын біледі. Нені кәсіп ететіні анық есінде жоқ. Әйтеуір үсті-басы шаң-шаң болып, орталықтағы шаруашылық қорасының алдында темекі тартып отырғанын көретін. Немесе руліне ілінген тор қалтасы салаңдап, велосипедпен әлдеқайда безіп бара жатады. Тіпті, сыраханада саптыаяққа таласып, біреулермен боқтасып тұрғанына да куә болғаны бар.

Аралас-құраласы жоқ көлденең таныспен иек қағып, құрғақ амандасқаннан арыға бармайсың, әрине. Мінезі шаргез осы бір жігітті суқаны сүймеген соң, сырттап жүруге тырысатын. Өзін өзі ұстауы, ішкі мәдениеті де оңып тұрмағанын дәлелдеп жатудың қажеті қанша. Бұйралау жирен шашының арасы шаң ба, қайызғақ па, әйтеуір тұтасқан бірдеңе. Жөндем киініп, бет-аузын ретке келтіріп, жібі түзу адамға ұқсағанын көріп отырғаны осы. Өзге жұртпен салыстырғанда Төкен өзін қарапайым киінемін деп ойласа, Сиқымдікі тіпті қарабайыр екені күмәнсіз-ау. Жауырыны құныстау келген тапал байғұстың иығына ілгені — қолқылдаған жасыл костюм. Педжагының өзі мынадай, ышқырлық іліп жүрмесе, шалбарының түсіп қалуы да кәдік. Ауылдың кәдімгі етегіне бала оратылып жүретін балпаяқтау әйелі емес пе, кескін-келбетіне қонбайтын әлдебір жылтырақ киімдерге әуестігі үшін қасындағы жұбайына сөгіс те жоқ. Құрметтеуге құны татымайтын осындай сүметілген шіркіндерді төрдің төбесіне шығарып, әспеттеп отырған үй иелеріне не дауа енді.

Бірақ қайда жүрсе де, Асекең баяғы тұғыры биік тұлпар, қанаты қиғаш сұңқар екенін жұртшылыққа мойындатпай қайтіп отыра алсын. Қашанда әзір тұратын арзан әзілдерін оңды-солды сермегенде, дастарқан басы күлкі құйынынан жапырылып құлап қала жаздайды. Тіпті тілін безеп, тілмарсып тұрған асаба жігіттің өзін өктемдеу сөзімен бір-екі рет түйреп өтті емес пе?!

...Осындай ырду-дырду күлкімен көңілді отырған көпшілік алғашқы үзіліске қалай шыққандарын да білмей қалып еді. Жапа-тармағай түрегелген жұрт жоғары-төменді жылжып, қалауынша дем алуға кіріскенде, Төкен ретін тауып, Асқарбек Қалиевичтің жұбайын сөзге тартты. Бұнысы бір жағы «Міне, көрдіңдер ме, мен бұл кісінің үй ішімен де араласып тұрамын», — деп, айналадағы жұртқа көз қылған түрі. Мана сөйлескісі келмей, мұрнын шүйірген шала таныстардың ішіне шала түссін, бәлем. Әншейінде бұрала толқып, ашық-жарқын жүретін келіншектің келбеті қазір неге солғын екенін тақулап сұрап жатудың қажеті шамалы. Отырыстың өн бойында қасындағылардың кезек-кезек ізет білдіріп, емексігеніне қарамастан, өзі тіпті аузына ас та салған жоқ.

Амандық-саулықтың айналасындағы сөздер сарқылуға айналған сәтте Асқарбек Қалиевичтің зайыбы жұқалап кана жұрттың кеудесін басып, төрге шығып алған тексіздердің кім екенін елеусіздеу сұрап қалды. Өзі ұнатпайтын адамды жамандаудың реті келіп тұрған соң, Төкен неден тартынсын. Жайшылықта жұрттың сыртынан ғайбат сөз айтуды теріс деп ұғатын жігіттің жібі аяқ астынан неге босап қоя бергенін кім білсін. Көкейіндегі көмулі азды-көпті мәліметін құтыртып, боямалай түсіп, Сиқымды біраз жерге апарып тастаған. Кімге құлдық ұрып, құрмет көрсетуді білмейтін үй иелеріне деген өкпесінің қара қазандай болып отырғанын да жасырып қала алмады.

Кезек күттірмес тығыз шаруалары бар екенін, сол үшін халайықтан қайта-қайта ғафу өтінетінін айтып, сәлден кейін Асқарбек Қалиевич орнынан тұрды. Үй иелерінің жік-жаппар болып, «етке қарасаңыздаршы тым құрыса» деген жалынышты сөздеріне де қайырылған жоқ. Шынымен-ақ асығыс жұмыстары болып қалды ма әлде дүмді бастықтың дүмпуі әсер етті ме, мұны көрген тағы бір-екі мейман жоқ жерден сылтау айтып, сырт киімдеріне ұмтылды.

— Ничтожество! — деген сөз шығып кетті ақ «Волганың» алдына отыра берген келіншектің аузынан. — Тамам жұрттың алдында абыройыңды айрандап төкті-ау.

— Сөйлемеші жоқтан өзгені! Осыдан менің ештеңем қисайып қалмас, — деп күйеуі машинаны қозғап та жіберді. Есік алдында тағы бір-екі адамның қарасы көрінгені осы кез. Олардың:

— Асқарбек Қалиевич! Асқарбек Қалиевич! — деген кешеулеу айғайы көшедегі калың ағысқа араласып кеткен машина ішіндегілерге қайдан жетсін.

Жақын тартқан адамы кетіп қалған соң ба, көңіл күйі сынап бағанасындай сырғып төмен түскен Төкен тағы да елден оқшаулана берді. Қасындағы жігіттің әр нәрсенің басын бір шалып айтқан лебізін де жарытып тыңдауға құлқы жоқ. Төкенге төне түсіп, мазалап отырған бұл шала мас — манағы шала танысы. Екі сөзінің бірі — Асқарбек Қалиевич, оның жер-көкте жоқ тамаша адам екендігі. Төкеннің іші-бауыры араласқан жақындығын көрген соң, осы айтқан мақтауының бәрін жеткізіп барсын деп дәмете ме, кім білсін.

Жұрттың өзіне мойын бұрып, тынышталуын төзіммен тосып тұрған нұрлы қара көзді, қара торы келіншек — осы дастарқанның иесі Гүлсім. Томпақтау екі бетінің ұшына болар-болмас қызғылтым әр жүгіріп, оймақтана біткен жұмсақ ерінін тістелей береді. Отырыстың келесі бөлігін өзі ашқысы келгенін аңғарған жұрт саябыр тартып, сөз тыңдауға ыңғайланып, бері қарай бұрыла қарасты.

— Құрметті достар, қонақтар, — деп бастады келіншек өз сөзін қобалжыған әлжуаз үнмен. — Бүгін, міне, біздің шағын семьяның қуанышына ортақтасып, сол қуанышты шын жүректен бөлуге келіп отырсыздар. (Оқушы кезінде қолы қалт етсе, кітап оқып жатушы еді, сондағы кітабилықтың әсері әлі тарқамапты-ау деген ой жылт ете түсті Төкеннің басында). Сатан екеуіміз бас құрап, семья болғаннан бергі ең үлкен арманымыз бір баспана алу еді ғой. Осы үйге қолымыз жеткенше көп күйзеліс көрдік шынын айтқанда. Бармаған жер, баспаған тауымыз жоқ. Екі баланы шұбатып, пәтерден пәтерге қаңғыған адамның жайы белгілі ғой. Өздеріңіз де білесіздер, ол жағын тарқата беріп неғылайын. Менің айтайын дегенім — соған байланысты естен кетпес бір оқиға ғана еді.

Жастықтың әсері ме, алғашқы үйленген жылдары тұрмыс қиыншылығын жөнді елей қойғамыз жоқ. Өзім сырттан оқуға түсіп алған соң, тұңғышымызды ауылға апарып тастағанбыз. Тұрмыс тауқыметі бір-екі жылдан соң мойынға шындап түсе бастады. Аспирантураның аяғына қарай Сатан диссертация жұмысымен қаттырақ шұғылдана бастаған кезде, анасы қайтыс болды. Бала бағатын басқа ешкім жоқ, Мұратты амалсыз қолға алдық. Мен болсам, тағы да декретті демалысқа шыққанмын. «Ел жаққа кет. Мен мұнда жалғыз бірдеме қылармын» деген Сатанның өтінішін орындай алмадым. Өзі жүдеп-жадап, тарығып жүрген кезде ес болып жүре тұрғаным дұрыс деп ойладым. Басқадай сүйенішке жарамаймыз, қолдан келгені сол ғой. Оның үстіне науқастанған анам осындағы ауруханаға түсіп қалды. Сұрастырып байқасам, ол да жуыр маңда жазыла қоймайтын сияқты. Ең құрығанда екі күнде бір ыстық шай апарып тұратын адам керек қой. Оны кім апарады бұл қалада мен болмасам.

Сонымен, не де болса, барлығына шыдап бағуға тура келген заман еді ол. Мәселе тіпті де онда емес. Баста үй жоқ, қайда тұрамыз десеңші. Қаланың шетінен бір пәтер жалдағанбыз. Көбіңіз ол үйді көрген жоқсыздар ғой. Іргесі сыз, іші суық бір жайсыз пәтер еді. Өзіне ай сайын қырық сом төлейміз. Отын-су да тапшы. Қақаған қыс болса тақап келіп қалған. Сондай қатты бір күйзеліп жүрген кезіміз еді ол. Міне, осындай қиын-қыстау заманда бізді бір семья қамқорлығына алды. Бізге қарағанда бірер көйлекті бұрын тоздырған балалы-шағалы кісілер. Қора-қопсысы бөлек дегені болмаса, от жағатын шағындау үй өздерінен де артылатын емес тіпті. Қарсыласқанымызға қараған жоқ, бір күні сол үйдегі ағамыз жүк машинасын алып келіп, көр-жерімізді бір-ақ тией салды. Қысылып-қымтырылып бірге тұра бастағанымыз сол еді, диссертация шаруасымен Сатан аяқ астынан Москваға ұшып кетті. Мен.... ол жоқта, әлгі үйде жүріп босандым... Кішкене Әйгерімнің шілдеханасын да солар атқарды, — деген кезде ұялы қара көздің кемерін толтырып іркілген жас мөлт ете түсті. — ...Оны айтасыз, мен перзентханада жатқанда, үйдегі жеңгеміз менің ауруханадағы шешемді де бір сәт ұмытпай, шай апарып тұрыпты. Шаруалары басынан асып жатқан балалы-шағалы кісілер, шынын айтқанда, дәл мұндай қайырымдылықты күтпеген едім.

Аспиранттың алатыны белгілі, ел жақтан келіп жатқан каржы тағы жоқ. Сонда да тар жер, там босағада жүріп, таршылық көрдік деп айта алмаймыз. Қолдан келген бар көмегін көрсеткен үй иелеріне алғыстан басқа айтарымыз не!

Алғашқы әрекеті сәтсіз болған Сатан қайтып келіп, тағы дайындалды. «Болмаса, қойшы соныңды, ауылға кетейікші одан да» деген сөзіме кұлақ асқан жоқ. Сатанды білесіздер, ғылым десе, бәрін жиып қойып, ас-су ішпестен, тіпті, жалаңаяқ жүруге де бар. «Мен ғылымсыз өмір сүре алмаймын. Орта жолдан қайтпаймын», — деп көнер деген не? Қысқасы, біз сол үйде, ыңғайсыз болса да, қыстап шықтық. Кейде Сатан екеуміз ойлаймыз: «Қысылшаң шақта бізге қамқор болғаны үшін көп рақмет. Үй иелерінен рұқсат сұрап кетейік бір жаққа», — деп. Дап-дардай басымызбен, іші-бауыры араласқан қаншама дос болсақ та, бір семьяның мойнына мініп алу оңай ма? Қатты қысылдық. Ойымызды жұқалап айтып көрсек, үй иелері жатып кеп ренжиді. «Не болды сонша, астарыңнан су шықты ма?» — деп үйдегі ағайымыздың ұрысқаны әлі есімде. Бірге туған бауырың сөйтіп айтар ма десеңші осы күні...

Осы арада келіншектің өз даусын өзі жұтып, не себепті кідіріп қалғаны ұйып тыңдап отырған жұрттың барлығына түсінікті болып еді. Булыққан аз үнсіздіктен кейін дірілдеген дауыспен Гүлсім мынаны айтты:

— Сол жылдың көктемінде Сатан диссертациясын сәтті қорғап шықты. Бауырымызда жүрген екі кішкентайымыз да сау-сәлемет. Балалар шүпірлеген сол үйде аламан-тасыр той болды. Біздің семьяның қуанышына бағытталған осы босағадағы екінші тілеу еді бұл. Күн әбден жылынған соң, үй иелерінен қайта-қайта кешірім өтініп, біз басқа пәтерге көштік. Шұбала шырмалып ажыраса алмай, әрең бөліндік.

Бұл айтқаным — Сатан екеуіміздің жүрегімізде мәңгі қалған ерекше жақсылық болатын. Тіпті оның шет жағасын есін біліп қалған Мұрат та ептеп сезеді білем. Егер біздің жолымызда сол бір қарапайым кісілер кездеспегенде, біз бұл күйге жетер ме едік, жетпес пе едік, кім білсін... — Қаттаулы қол орамал кішкене мұрынның екі жағын тағы да кезек сипап өтті: — Ендеше Сатан екеуіміз ғана емес, балаларымыз да қарыздар сол бір мейірбан жандарды бүгін қалайша қошеметтемейміз? Осындай ағыл-тегіл қуанышты күні қалайша төрге шығарып, төбемізге көтермейміз? Айтыңыздаршы?!

Сары өзендей сарылдап ағып жатқан уақыттың өзі де тыныштық тосқауылына тіреліп, жалқы сәт үзіліп қалған сияқты. Сосын екі жақтан тізіле Гүлсімге қарап отырған күллі қонақ сеанс сәтінде тосын көрініс ұстаған көп телекамера секілді столдың қарама-қарсы бетіне қарай бір лек қимылмен жаппай кеуде бұрысты. Безеу бет Сиқым мен оның көріксіз келіншегі үйлену тойында отырған жас жұбайларға ұқсап, бір-біріне тығылған күйлері қимылсыз, жуас халде. Иығын бүкшитіп, жөнсіз ыржалақтай берген жігіттің жанындағы әйел ноқталанған беті тершіп, тұқшия төмен қарап қалыпты.

Іле бөлме іші мейірбан жандарға шексіз сүйіспеншілік білдірген, тау-тау алғыс айтып, тебіренген әр қилы дауыстарға толып, дүңгірлеп кетті. Шыдай алмаған біреулері ұмтылып барып, қолдарын алып, сілкілеп, арқадан да қағысып жатыр. Жанарлары тағы да ылғалдана жүріп, Гүлсім төрдегі екеудің бетінен кезек сүйді.

Қайтадан лапылдай көтеріліп кеткен қым-қуыт қалың шуды шу асаудай әрең ноқталаған — асаба жігіттің айғайға жуық ащы даусы. Көптен күткен дәмді астың алдыға келіп, кідіріп калғанын Төкеннің сол сәтте бір-ақ байқағаны. Сарала сүрмен қайқайған табақтарды кімнің, қашан әкеліп қойып кеткені белгісіз.

Үлкен астың алдындағы алғашқы тост осы отбасыны жетелеп әкеліп, өз бақытына жолықтырған қарапайым асыл жандардың зор адамгершілігі, абзал жүрегі үшін көтерілді. Осыдан кейін қошеметтеп, қолқалап отырып сөз бергені — Сиқым отағасының өзі. Қызулау күйіне қарамай, төрдегі жігіт кәдімгідей қипақтап, қысылыңқырап қалды. Қолынан жаңағыдай керемет жақсылық келген адамның айтқан тосты жұрт дәметкендей дәмді болып шыққан жоқ. Сөз аңғарына қарағанда біраз нәрсенің басын қайыруға ниетті сияқты, бірақ бар айтқаны:

— ...Мына балаларды Жәмила да аяды сонда. ...Мына төрге шыққанға өзіміз де ұялып отырмыз. Сіздердей ылғи оқыған, бастық кісілердің арасында бір түрлі екен өзі. Сол жылы отынды да тау қылып үйіп алғанбыз. Қыстан қысылмай жақсы шықтық. Сол өзі атам қазақтың дәстүрі ғой. Мына үйлері тамаша екен!.. Біздің орнымызда кім де болса сөйтер еді, — деген тәрізді бірді айтып, бірге кеткен сөздер.

Қонаққа жалғыз келген Төкен қайтар жолда да ешкімге ілескен жоқ. Бірге жүргісі келіп, шалғайына жармасқан шала танысынан шыға берісте әрең құтылды. Жаңа ғана жауған ұлпа қардың бетіндегі із әлі де сирек. Шам жарығы шағылысқан қар қиыршықтары самсаған мысықтың көздеріндей аяқ аттаған сайын суық жылтыл шашады.

Манағы қызулау қалыбынан ептеп айығып қалған Төкеннің санасы әбден сергіген. Мана көппен бірге төр төңірегінде туған сауалға жауап таба алмай, дал болып еді. Енді аңғарса, соған тетелес тағы бір сұрақ тіске түскен қанқұрттай миын үңгіп, жей бастапты. Қайдағы бір қарабайыр біреу мен биік адамгершілік деген ұғымның арасындағы үйлесімсіздік. Тіпті кісі түсініп болмайтын теріс-қағыс тірлік сияқты. «Айналып келгенде, бұл төрге шығарып отырғанымыз кім болды өзі?» — дейді жападан жалғыз күбірлей сөйлеп.

Түсінуге қауқары жетіңкіремей тұрған бір нәрсе — осы бүгінгі сәтке дейін шын ниетімен жақсы көріп келген Аскарбек Қалиевичті жаңағы жағдайдан кейін бір түрлі жатырқап, себептен себепсіз ұнатпауға айналғандай. «Әлгі сүметілген шіркіннің жақсылығы дәл сол ірі азаматтың қолынан келер ме еді?» деген сауалға дәлелді жауап іздеп, ой ішінде біраз сандалғанымен, бұл төңіректе тиянақты бір пікірге келе алмасын сезді. Әйтеуір зайыбы мен Асқарбек Қалиевичтің жаңағы үйден жуыр маңда ыдырай қоймайтын бетондай берік реніш арқалап кеткені анық. Негізгі әңгімені олардың ести алмағаны өкініш. Естісе, өкпелері тарқайтын болар... Кім білсін?

1984


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар