Өлең, жыр, ақындар

Жаңғақ

Чечен шалы Ахмет таң алакеуімде бұрын болмаған таңғажайып елеспен тілдесті. Түс деуге де келеді. Әуелі көз алды тұманданып, қызыл-жасыл бояу жүзді, әріден таныс адамның сұлбасы көлбеңдеп тақап келеді екен дейді. Мұның қолында күрегі бар, күйбеңдеп, жапырағы ағарып, сиыртаңдайлана бастаған жаңғақ ағашының түбін қопсытып, шөбін жұлып жүрген секілді. Әлгі сорайған сұлба ту сыртына төніп келіп: «Бә-лі, Ахмет, бағбандығыңа болайын, ағаш жапырағы ағарып ылғал сұрап тұр ғой, неге суармайсың», — дейді. Дәл сол. Бұрыннан құлағына таныс пайғамбардай жарықтығының даусы, жүрек басы шым етті, назаланған кезде шығатын жарықшақ үні қадірлі Мұхтарының... маңғазының... осыдан пәлен жыл бұрын тіршілік сапарында жырылып бөлініп қалып қойған Әуезовінің әуезді тіл қатысы. Бұл көкең кінәлі кісідей басын екі иығының арасына сіңіріп өзіне де ұғымсыздау сылтау айтады. «Қол тимейді ғой, Мұха!» — дейді. «Бә-ә-лі, сені көз ғып соңыма тастап кетсем, мына үйге, бауға иелік етеді десем, неғылғаның», — дейді тағы нығыздап. Бұл көкең: «Қол тимеді ғой, уақыт жетпейді тегі», — деп танауының астынан міңгірлейді. Әлгі сұлба әлдебір ақшыл тұманның арасына біртін-біртін сіңіп бара жатқандай ма, күрегін тастай салып, елпеңдеп соңынан ілеседі. Ұшқасып, тіркесіп қақпа алдына шығады. Көше жиегінде таудың тастай суы сақылдап ағып жататын. Мұхтар сол арықтың жиегіне еңкейіп қолын шая бастайды, бұл көкең де төменгі жағына тізе бүгіп, білек сыбанып дәрет алған кісіге ұқсап жуынуға кіріседі. Салқын су сүйегін сырқыратады. Әредік кінәлі адамдай бұл өзі көмескі үнмен тіл қатады. «Ана ит мінез ұлға базардан бір деңгене сатып әкел деп құдайдың зарын қылдым, баяғы қуатым азайған, аруағыңды атап дұға оқытып жіберуге дәт қылып жүргем, төрт дөңгелегін тоңқалаңдатып сіңбіруге мұршасы жоқ, қарасы батады...». Мына сөзбұйдаға жарықтықтың түсі жылымады, еңсесін тіктеп, көз жетпейтін алыс қиырға ұзақ-ұзақ сүзіліп қарайды, қабағынан, сірә, мұң тарқамайды. «Беу, жарықтық, маған қарадай ренжіп жүр екенсің-ау» деп күбірлеп жатып оянып кетіпті, басын көтергені осы.

Үй іші аппақ, аядай бөлмеге таң сәулесі құйылыпты. Әлгі сұлбаны сағынып жүрек басы жаншыла соққаны. «Текті кісінің төңіректеп жүргені тегін емес» деп ойлады шалың. Қаланың қиыр түкпірінде, аядай үйде, я өлі екені, я тірі екені белгісіз, жабығып, бүк түсіп жатып алғанын жаратпағаны ғой. Тоқсанды алқымдап қалса да жаны жасымаған, сүйегі темір қарт жер төсекке шашылып қалған тарамыс денесін ол жер, бұл жерден әзер деп жинап аяғына мінді.

Қалтылдай көтеріліп есікке сүйретілді. Салқын тұтқадан ұстады, есіктің ішке ашылатынын ұмытып, сыртқа итеріпті, маңдайын соқты. Үні тарғылданды.

— Қайсың барсың бұл үйде?

Төрт дөңгелекті төңіректегеннен өзгені ұмытып, миы ашып, «жұмыс көп, жұмыс көп» дегеннен бөтен жан сөзді ұмыта бастаған жалғыз ұлы: сары қайыс белбеу буынып, көк шәпке киіп, төсіне темір-терсек тізбектеген милиционер немересі, он үш жасқа жетер-жетпесте «Кавказға кетемін, үйленемін!» деп қиғылық салғыш шөбересі ұшты-күйлі, жер жұтқандай ғой тегі.

— Жер жұтты ма, сендерді-ай?

Әуелі астыңғы бөлмеден етегіне сүрініп, сіңіріне ілініп жүретін тарамыс келіні келді. «Не болды, ата?» — дейді ғой, түк білмегенсіп, ештемені көрмегенсіп. «Не болғанын көрсетемін сендерге», — дейді қалш-қалш қалтыранған шал-екең. — Меккеге кетемін, киіндір тездетіп, қалтама ақша сал!» Келіні байғұс ауылда көрген қазақ келіншегінің салтына салып сұқ саусағымен оң бетін осты, құлай жаздап тұрған кәрі сіңірдің қолтығына жармасты. «Құдай-ау, әлгі Моуладидің қарасы батты, енді қайттім! Аяқ астынан Меккесі несі тағы да!...».

Ахмет шал бір ашуланбасын, бір ашуланса бұрқ-сарқ қайнаған қазандай басыла қоюы қиын, үй ішінің әпшісін қуырып бақырып-шақырып бұрқылдады келіп. «Түкпір бөлмеге тарс жауып тырапай ассын деп жүргендеріңді білемін, білемін құтылуға асық екендеріңді!... Су жаңа ши барқыт костюмімді әпкел, кебіс-мәсім қайда?...». Тарамыс келіні ебіл-дебілі шығып жыларман халде жүр. «Ата, сабыр етіңіз, әлгіде Моулади базарға барып қой сатып алуға кеткен, өлі аруаққа дұға оқытамын деген сөзіңізді сындырмайын деп ертемен жөнелген, көп ұзамай келіп қалар, ши барқыт шалбарыңызды таппадым, әміркен мәсіңіз мінекей, ата...». Мәсісі құрғыр сандықта жатып қатталып қалған ба, аяғын сұға алсыншы енді, тістеніп, тепсініп отырып әзер киді. Қолын сұғынғанда ши барқыт костюмінің жеңін таппай, құр бекер түймесін үзді, аяқ астынан терлеп-тепшіді.

Келінінің бәйек болып лездің арасында алдына зер дастарқан жайып үлгергеніне қарап отырып таң қалады ғой. Аузына апарған шайға қақалып-шашалды. Төрт дөңгелекті төңіректегеннен өзгені ұмыта бастаған, үсті-басы май сасыған, жұмыс десе өлген, «жұмыста басы қалғыр» ұлын іштей кінәлап кейіді кеп: қаны тасып басына шапшыды. Сырттан жел ұйтқып шаң көтере бастады білем, әйнекті қиыршық шерткіледі, ағаштың бұтағы қалтырады.

Ахмет шал тізесін басып, таяғына сүйеніп көтерілуге дәт қылғаны сол, «қайда барасыз, ата», — деген келінінің үздік-создық үні құлағына төске балға соққандай шыңылдап қана естіледі. «Меккеге барам, о дүниеге өтер шағымда бас қоямын табалдырығына, жарықтығымның басқан ізіне, Мұхтарымның үйіне барам», — деп іштей көмескі күбірледі. Сүйретіліп сыртқа шыққанда сезді, алай-түлей жел көтеріліп, қаланың бұл бетін қара түтек ала бастапты. Кейінгі кезде ауа ауысқан ба, әлде ағаш азайған ба, жел үп етсе шаң бұрқ ететін бәле бұл жаққа да жеткен. Шал-екең ақ таяғының ұшымен ауланың еңбегін түйгіштеді. Кісіні қартайғанда жалтақ қып қорламасын деңіз. Қор қылғаны емей немене, жер астынан өніп шыққандай қой жетектеген, сақал-шашы қауғадай өскен ұлы кесе көлденеңдейді.

«Ой, әке, сүйегіңізді саудыратып неғыласыз», — деп ренжіген сыңай танытады, алда ғана иттен туған ит неме-ай. «Әй, өлім бар да қаза бар, бір күн болмаса келесі күні өкпем сырылдап жүре алмай қалсам, асыл Мұхтарымның қолы тиген, исі сіңген, ізі түскен қара шаңырақты қайтіп көремін, қалай тәу етемін. Сағыныштан сарғаярмын содан, тірі өлік болармын».

«Ата, қарныңызды тыр-тыр қасып үйде жата берсеңіз біреу сізді сыртқа сүйрей ме?» — деп қызыл жағалы немересі шікірейіп келе қалыпты. Осы ғана ақ таяқпен қақ маңдайдан салып өтер еді, қолтығынан демеген, әлі күнге бір ауыз сөзге келмеген келінінен қысылды, тақыстана түнерді.

«Ба-бо, ба-бо, үйленетін болдым!» — деп шалғайына жармасқан шөбересіне тетки қарады.

Пәдәріне нәлет, өстіп қаумалап, шаруалап жүріп мендей пақырды күнәға белшеден батырады бұлар деп ойлады шалың. Көр де тұр. Өңшең бұл дүниенің қамынан артылмаған малқор, ақшақор, табыскер, есепқой пәлекеттер; тезірек жылыстап жоғалмаса умаждап, шырмап, матап түкпір бөлмеге тағы апарып қамайтындай көрінді. Жүрегі құрғыр бәсең-бәсең соғатындай ма. Жел азынап, жұрағаты қаумалап есті кетіргендей ме.

Шекесі шып-шып тершіп көшеге шығыпты. Ұлының жанар май сасыған төрт дөңгелегінен безе қашып, темір үстімен дөңгелеп, сымды қуалап жүретін трамвайға отырыпты, жолаушы жұрттың күллісі бұған аңтарыла қарапты. Қоралы қойға шоқша сақал теке еніп кеткендей сезініпті. Күн түске тырмыса сол селкілдегеннен мол селкілдеп діттеген жеріне жетіпті. Таяқ тастам жерге бір сағаттай ілбіпті. Ақырында көк қақпалы көркем үйін, жарықтық Мұхтарының... мінажат қылар Меккесінің төбесін көргенде көзін кіреукелеп ыстық жас шылады. Көп жыл өте төркініне тұңғыш оралып келген жас келіншектей көңілі босап, дауыс салып жібере жаздады, көкірегі сырылдап, үні қырылдап өз құлағына еміс-еміс естілді...

Таныс соқпақ, көзіне ыстық тас басқыш. Жаңа байқады, қақпаның тұтқасы таттанып, ернеуінің сыры әр тұстан көше бастапты. «Мұнысы несі? — деп іштей өрекпіді, — осыншама ел өріп жүріп жалғыз қақпаға қараса қайтеді, баяғыда, осы босағаның шырақшысы, қарауылы боп жүргенде қылау түсірмеуші еді, иесі жоқты сездірмей әдемілеп сырлап қойса нетеді». Жүрегі жиі атқақтап аузына тығылып, ашуға алдырып булығып қалды, өрекпіген көңілі су сепкендей басылды, көз алды мұнарланды. «Е, біссіміллә», — деп оң аяғымен ішке аттады. Оңға бұрылар жалғыз аяқ тастақты жолмен ілгері озды, мұражайдың сілтеушісі ме, әлде көре қалайын деп келген желөкпе жүргінші ме, мойнын ішіне тығып алған әлдебір бұйрабас құлдыраңдап келе жатып қағып кете жаздады. Бұйрабастың я еркек екенін, я әйел екенін еш айыра алмады. «Үйді торуылдап жүрген ұры ма» деп көңіліне күдік үйірді. Кірген-шыққанды қадағалап жүру кешегі жылдардан қалған сүйексіңді әдеті. «Ә» деп қолын бір-ақ сілкіп ілгері озып үйді айнала бергені сол еді... дәп сол Мұхтарының өзіндей болып... жылы ұшыраған көзіндей болып... ой, айналайын-ай, жазушының қызы Ләйла қарсы ұшырасқаны.

Жүрегі жылы қыз емес пе, алыс жұртқа кетіп, төркіні соңынан іздеп келгенде сыңсып қарсы алатын келіншектей, кәдімгідей көзіне жас алып: «Ой, Ахмет-аға, сіз бе келген», — деп мойнына оратыла кетті. Сонау заманда тал шыбықтай талдырмаш ақ сарының әдемісі еді, бұл күнде толысқан көрікті келіншек болыпты. Ахметтің жүрегі сыздап жүре берді, келіншекті құшағына көміп, маңдайынан, шашынан иіскеді. Еркелетіп жалпақ алақанымен жауырынынан қақты. Ләйла шіркін әкесі секілді бауырмал, жүзі жылы, адамшылыққа ет-бауыры езіліп тұратыны ғанибет. Бұл мезет тапқа қойған сары майдай елжіреп, еріп бара жатқан бойын шалың әрең тежеді. Қарсы алдында күлмеңдеп тұрған Ләйлаға тіктеп қарады, түсін суыққа салып мұз құрсауға айналды.

— Қақпаны неге сырлап қоймағансыңдар, — деді,— ақшаларың жетпей жүрсе мен берейін, иесіз үйдің мүлкіндей ғып қоюға қалай дәттерің жетеді?

Қапелімде жазушының қызы не дерін білмей қысылып қалды.

Кешегі Әуезовпен он жылдай дәмдес-тұздас болған уағында мына үйдің шаруашылығын қараған, ішті-тысты жанашыр жақыны болған чечен шалы Қарташов Ахмет бұл үйдің өз адамына айналып кеткелі қашан. Шаңырақ иесі көз жұмғаннан бергі ұзақ уақыт ішінде еміс-еміс есінде сақталған, қыр астында, анау арғы дүниенің аулында ат шалдырып қалған жарықтығыньң айна қатесіз бейнесін қайта бір елестетіп, осы тұрған бойында тағы елжіреп, еріп жүре бергені. Тамағына түйір-түйір ыстық жас кептелді.

«Тәңірім-ау, соның өзі ғой тап мына қапталымда келе жатқан жан: жарық дүниеде өзімді, я сөзімді сағынып іздеп келген кісілермен де дидарлассын, сұқбат құрып, қолжазбама, жасыл бауға иелік етіп жүре берсін деп уақытша соңына қарауыл ғып тастап кеткен сұлба-суреті ғой мынау. Ілгергі өткен қаһарлы хандардың соңына ілестіріп жүретін сұлба-суреті, двойнигі болады деп естуші еді... мына қапталында елпек қағып, қабағын аңдып келе жатқан жазушының жер үстіндегі көлеңкесі, двойнигі болмасын». Болса-болар деп ойлаған Ахмет шал іштей күбірлеп, — шөптің де иесі бар, Мұхтар да ілгергі өткен мықтылардың, даналардың двойнигі болатын. Бұл адам дүниеден баланы не үшін тілемек: бір бала бар — әкесінен көп-көрім оза туатын, бір бала бар — ілгері басқан қадамы кері кетіп, көткеншектеп тоза туатын, қай-қай әке «мына балам есікте жатқан басымды төрге сүйрейді, сүйсінтеді, сүйіндіреді, сүріндірмейді» деп малданатын шығар... Түптің-түбінде баласы қолтығынан сүйеп адам қылыпты деген әкені көргеніміз жоқ, әкенің жарым жасын жақсы ісімен ұзартыпты деген баланы тағы естіп-білген емеспіз... бала деген әкенің жарық дүниеге қарауыл ғып, қалтылдатып тастап кетер көлеңкесі, тіршілік керуенін ілгері жетелеген; тұла бойда еш мүдіріссіз жүгірген титімдей қан түйіршігі ғана болар. Жарық дүниедегі қалдырып кеткен көлеңке-сұлбасы шығар. Қай-қай әке көз жұмар кезде соңымда қалып түтін түтетер, тыпырлап жүріп тіршілік етер қан түйіршігім бар деп өз-өзінен жұбанатын, малданатын шығар-ау, сірә.

Ахмет өз ойына өзі малтығып келіп бау түпкіріндегі жаңғақ ағашының түбіне тізе бүкті.

Бір жігіт жаны қалмай жүгіріп іштен орындық әкеліп қойып еді, қасақана, қисығына қыңырайып қырсығы ұстап, жұмсақ шөптің үстіне шөмиіп отыра кетті. «Мұхтарымның қара шаңырағын жетімсіретпеймін, тастап кетпеймін», — деп табан аудармай туған жеріне көшпей қалғаны есінде. Осы үйдің түнікелі шатырынан бастап, тал шыбығына шейін жылдар бойы жанашыр көзбен қараған қарауыл қазығы, жазушының артына қалдырып кеткен адамгершілік, ар сызығы секілді өзін де, өзгені де қинап қойған бейбақ еді. Сол адамгершілік, ар сызығы тап бүгін көлеңкедей қалтырап келіп жазушының көзіндей болып мүқкір-нәңкірше былайғы жас ұрпақтан жауап алып жатыр. Мына сиқында ойда жоқта аспаннан түскен пайғамбар елшісі секілді, жақ жүні үрпиіп, түз көзі шақшиып зәре құтыңды алады.

— Қақпа тұтқасының бір шегесі бос, салқылдап түсуге қалған. Не бітіресіңдер, неғып жүрсіңдер осы?

Ләйла қызарақтап қалды.

Әкесі сыйлап өткен кісіні өзі де көтере ұстайтын қазақы тәрбиенің әсері бәлкім.

— Ахмет аға, нөсері құрғыр күнара көз аштырмайды, алдағы сенбіде ауланы тазартып, қақпаны сырлап шығамыз деген шартымыз болатын.

— Шарттарың бар болсын, бар болғыр,— деді қалтыраған қатты шал үнін жұмсартып. — Нешеусіңдер өздерің, көпсіңдер ғой байқасам.

— Мұражай үйінің он беске жуық қызметкері бар.

— Соның бәрі жазушының басқан ізін аңдып, жазуын танып кітап жазып, ғылым қорғай ма. Ғылымы тасып бара жатса «Әуезов қандай адам болған еді» деп мына менен сұрасын, алақанға салғандай ғып жүрген-тұрғанын айтып берейін.

Осылайша қатқыл сөйлеп тұрған кісінің көңіліне әлдеқалай ала көлеңке күдік түсті ме, аяқ астынан таппа тыйылып, жанарын жымсита қысып, жасыл баудың түкпіріне озды. Қапталдасып келе жатқан Ләйланың сырт сұлбасынан, шуақты келбет-кескінінен, дөңгелек қой көзінен баяғы бір сырлас кісісін елестетті.

Есіне алса, Әуезовпен достығы қалай басталып еді өзі.

Елуінші жылдардың басында Қарташов Ахмет Алматының жоғарғы жағындағы, ол кездегі Арычная көшесінің бойына орын тепкен ядролық физика ғылыми зерттеу институтының қарауылы болатын, кішкентай баспанасы іргелес, табысы мол шаруа іздемей, шүкірана қарынның тоқтығына сыйынып, а, құдая, деп жүріп жатқан жылдары еді. Бір күні институт іргесіне сар-гүр етіп жүк машинасы үймелеп, тақтай дей ме, қыш дей ме құрылыс жабдығын үйіп-төге бастады. Ағаш шарбақтан асылып қарайды; құрылысшы шіркіндер кеш түсе түсірілген жабдықтан жымқырып қолтыққа қысып, тым-тырақай жөніне жоғалып жатады. Ертесіне және аңыстайды: әлгі үйді салуға келген қолы ептілер тақтайдың біразын жіңішке жолмен жытырып, тамақ жібітер ішімдікке айырбастап талауға салғаны. Қарап тұрып ит жыны келді, қан қысымы көтерілді, ұрлық, зорлық көрсе — төбе шашы тік тұратын әкеден қалған мінезі бар... «Бұл болмайды екен!» — деп өз-өзінен бұрқылдады кеп. Ағаш шарбақтан сығалап жүріп әлгі құрылыстың иесі, қасқа маңдай, жайбасар, жайдақ атқа мінгендей кеңқолтық қазақтың келуін күтті. Қарасын көргеннен жаман құлақшынын жымқыра киіп қарсы беттеп жетіп келді, сәлемдесті, шүйіркелесті.

«Осылай да осылай, құрылысшы пәтуасыздар үй жабдығын жымқырып тасып қоятын емес», — деп көрген-білгенін жайып салды. Мұны естіген әлгі жайбасар, жайдақ атқа мінгендей кеңқолтық қазақ мұның қолтығынан қолын өткізіп, икеміне алып былай дегені: «Бә-лі, Ахмет, үйімнің қарауылы бол, ақыңды жемеймін, чечен халқының өтірік сөйлемейтінін, кісі ақысын жемейтінін білемін», — деген. Мына адамның өзіне тартар магниті бар ма деп қалды, тұла бойын тапқа қойғандай ерітіп баурап әкеткені ғажап, екі сөзге келтірмеді — көндіргені, ілезде сендіргені.

Мына қос түп жаңғақ ағашты Мұхтар екі күн әуре болып, ғылым академиясының ботаника бағына барып, «ат мінгендей көрейін» деп қояр да қоймай бопсалап жүріп сұрап әкеліп еді. Тамырын целофан қағазбен тұмшалап ораған, ақшыл түсті, қыздың білегіндей солқылдаған қос шыбықты әлдилеп алып жеткен үй иесінің аулаға даурыға кіргені әлі есінде. Қазіргідей көз алдында.

«Бә-ә-лі, Ахмет, бұл араб шөлінен ауып келген жаңғақ ағашы, қоймай жүріп сұрап алдым. Алматының ауа райына көндіге ме, жоқ па — біздің аулада тұрған жерінен-ақ зерттеп үлгересіңдер, мына деген бағбаным бар, суыққа үсітпейді, ыстыққа шөлдетпейді деп саған арқа сүйеп әкелдім», — дейді.

Әй, аңқылдаған ақ көңіл жарықтығы-ай! Ал тәуекел ендеше, күректі алып жіберіп, алақанға түкіріп жер оя бастайды ғой баяғы. Тамырын қара жерге тигізбей, көңқордаға орап әспеттей отырғыза бастайды, бұл топырақ салады, жарықтығы сыздықтатып су құяды... жарықтығы талдың түбін күреңсе топырақпен ақырын-ақырын көме түседі, өзі тамырға шәугіммен су құяды. Қос шыбықты қас қарайғанша отырғызып болады. Жарықтығы тершіген маңдайын сүртіп, белін жазып тұрып жеңіл әзіл айтады ғой баяғы.

«Ахмет, жаңғақ ағашы қасиетті деген сөзді білемісің?»,— дейді, — түбінен ұстап тіккен иесі қашан көз жұмғанша жеміс бермейтін серті болатын секілді, жаңа әлгіде отырғызып жатқанда қайсымыз шыбықтың түбінен ұстадық осы...». Төркіні суық түрпі сөзге бұл көкең тіксініп қалады, аяқ астынан ашуланады. «Жарықтығым, ертерек жаңғақ жегің келіп тұрса әуелі мен-ақ өлейін,— дейді бұл, — қарапайым қарауылмын, менің ажалыма ешкім қабырға қайыстырып қайғыра қоймас...»

Мұхтар денесімен селкілдеп сылқ-сылқ күледі. «Бә-ә-лі, Ахмет, жалқау қазақтың қаңқу сөзіне сен де иланамысың, әлі-ақ қос ағаштың жаңғағын жеп тауыса алмай отырамыз... үйге жүр.. Валяның қымқырып жүрген жылы-жұмсағын жымқырып көрейік».

Күле сөйлесіп, әр сөзді әзілмен демдеп, шұрқырасып ауыз үйге енеді. Әңірейген дәліздің терең түкпірінде үлкен тоңазытқыш тұрады, ас үйде тағы бір кішілеу тоңазытқыш ызыңдайды. Жарықтығы «жылы-жұмсақтың» қай жерде тығулы екенін көзін жұмып жүріп табады, мойын басы әсем өрнектелген бөтелкені суырып алады, қызыл күрең коньякті бүйірлі ыдысқа сыйпама етіп толтыра құяды.

«Ал, алып қой, Ахмет, — дейді сыбырлап, — сен таза ауада тынбай қимылдап жүрсің, сіңіп кетеді, маған болмайды, түнімен қапырық бөлмеге қамалып жазу жазамын».

Әлгі ішімдіктен ішіне шоқ түскендей болады.

Жаңғақ ағашы биыл әсіре қалың гүлдепті, әр ағаштан кемі үш қаптан жалаңаш жаңғақ түсетіндей. Түбінде мықшиып отырған шалды ағаш та болса танығандай, зәу биік бұтағын теңселте шулайды, сұлу сыбдырымен-ақ қай-қайдағы атам заманғы оқиғаны еріксіз еске салады.

Үй ішіне жас ет керек болса, қонақ шақырылса қалтаға ақшаны басып алып томпаңдап базарға жүгіретін Ахмет-екең баяғы. Жегілікті еті бар семіз қойды таңдап алып, түс әлетінде әзер деп сүйрелеп жеткізеді. Асау неме аласұрып қолды аяққа тұрмайды. Жалма-жан жығып салып бауыздап, ішін ақтармалап соя бастайды. Жас малдың ішек-қарнын тездетіп тазартып алмаса жінгіп кететін әдеті. Осындайда малдың сирағын ұстап, қолға су құйып қолқабыс етер кісі таппайсың. Мұрнына су жетпей жалғыз өзі қай жағына жетерін білмей сасып жатып жыны келеді, жыны келген соң даусы құрғыр шығып кетеді.

— Валя! Валя! — дейді жан даусы шығып.

Бір-бірімен өлсе де шаруасы жоқ бұл неғылған жұрт деп іштей түңіледі ғой.

— Валя, ыдыс әкел! — деп тарғыл даусымен ауланы басына көтереді.

Осы мезет сықыр етіп бүйірдегі есік ашылады, үй ішінің қолқабыс шаруасында жүретін Григорьевна кемпір шығады.

— Как тебе не стыдно, Ахмет, Валя сенің құрдасың емес, қатарың емес, «Валентина Николаевна» деп әкесінің есімімен сыпайылап, бипаздап атасаң аузың қисайып қала ма, — дейді-әй.

— Алда ғана қырсық-ай, қойдың қарнын жарып алғанымды қарашы, жетпегені — сен кемпірдің кемел акылың еді.

— Пускай по отчеству назовет Мухтар, у него уйма времени, у меня нет времени!

Төбеден тас түскендей тосын сөзді естіген орыс кемпірі ішін тартып, «әй, саған дауа болмас» дегендей қолын сілкіп ішке қайыра еніп кетеді.

Мына даурықпа сөз қағысқа кабинетінен құлақ төсеген Мұхтар екі бүйірін таянып мырс-мырс күледі, болмаған соң жазуын жайына қалдырып, халатын жамылып сыртқа шығады.

Жарықтықтың сол баяғы майда қоңыр үні, сылқ-сылқ күлкісі төменгі жазу бөлмесінен тағы да естілмес пе екен дегендей мықшиып отырған Ахмет әлденеге елегізіп, мойнын бұрып терезеге, есікке жалтақ-жалтақ қарайды.

Тағы отырып кешегіні елестетеді.

Осындай маужыраңқы жаздың басы болушы еді. Жазушының жұбайы балаларды алып Ыстықкөлдегі саяжайға аттанып кеткеніне көп болған жоқ. Түнімен жарығы сөнбей, тапжылмай отырып жазу жазған үй иесі демалып жатқан шығар деп, қайла күрегін тықыр еткізбей, жүрісін білгізбей, ит екеш итті де үргізбей... ертеңгілік су суарып, аула сыпырып түртінектеп жүрген. Біраздасын терін сүртіп дөңбек тасқа құйрық басқаны сол еді. Бірінші қабаттағы үй иесінің жазу бөлмесінің терезесі аңқиып ашық қалыпты. Ахмет-екеңнің жүрек басы су етті. «Әб-бәсе» — деп ойлады, — ол үйге мен білсем ұры түскен, әйтпесе бейуақытта кісі сиятындай үлкен әйнек аңқиып ашық тұрар ма?..». Мысықтабан жүгіре басып терістік беттегі бүйрек есіктен енеді. Ас үйде жападан жалғыз шай сораптап ел-селі шығып отырған Григорьевнаға келе сап дігірледі. «Не білгенің бар, үйге ұры түсіпті, — дейді, — мен барып терезе түбінде бұғынып отырайын, сен жетіп кабинеттің есігін кақ, қашқан кезде шап беріп ұстап аламыз».

Осы келісіммен сыртқа бүкшеңдей басып терезе түбіне қайыра келмей ме, алақанын ысқылап «әб-бәлем!» — деп шөптесін жерге түзесін бүкпей ме.

Ойлағандай-ақ артынша ішкі есік тықылдайды, диван сықырлайды, бөлме ішінде сыбдыр, күбір, күңгір, үйде жоқ деп ойлаған жарықтығы ығысып терезе алдына келе жатады. «Бә-ә-лі, Ахмет, мұнда біз шығармашылық шаруасымен айналысып жатырмыз, күн ыстық болған соң әйнекті ашып қойдық, сен мазаланба!... өз шаруаңмен бола бер!» — деп дәл төбесінен үңіле еңкейіп бипазданып тұр дейді. Арғы жақта беймәлім жазушы келіншектің сырт сұлбасы көлбеңдейді. Бұл Ахмет өзінің әсіре сақ боламын деп жүріп артықтау кеткеніне, өзінің аңқау, албырт мінезінен қатты қысылды. Әлдекім төбесінен мұздай су құйып жібергендей тілі тұсалады. Мысықтабан жүріспен жымын білдірмей артымен жылыстады.

Жарықтығының жер бетін күзетіп қалған жаны секілді жаңғақ ағашы төбесінде теңселе сыбырлайды, терең тамырынан тың тыңдап қинала сықырлайды. Жер қойнынан құпия сыр жеткізіп тұрғандай ғой. Еске түсіре берсе естелік көп. Қыстың көзі қырауда шаруа шаш етек көбейетін әдеті. Алқын-жұлқын қар күреп жатқан мұның жанына келіп қалтасына қолын салып тұрып-тұрып қомақты ақшаны төс қалтасына қыстыра қоятын. «Ау, Мұха, тиесілі жалақымды өткен аптада санап алғанмын», — деп бұл шыжкөбелек болады. «Бә-ә-лі, балаларға, үй ішіне жаратасың, кешегі қаламақыдан қалғаны, тырс етіп үндемей салып қой», — деп сұқ саусағымен ернін басып ым жасайды. Шет елге шықса бір мүше базарлықты «мынау Ахметке» деп арнайы ұмытпай сатып алатынын қайтерсің. Күні-түні үстелге шегеленіп құйымшағы қажалған, жазудан шаршаған шақта: «Бә-ә-әлі, Ахмет мұнда кел», — деп жанына шақырып алатыны қызық еді. Аз-кем мүлгігендей болып ойланып отырады, сосын ауыр ой сықасқан зілді басын бір иығына қондырады, шуақтана миығынан жымияды: «Туған жеріңді сағынсаң — барып қайт, -дейді, — қаражатынан қысылма, мен көтеремін, артыңда қалатын бала-шағаңа да қарайлама, өзім қамқорлық жасап тұрамын...». Оу, жарықтық-ау десеңші! Кісінің ішіндегі ойды бетіңе осылай бір қарағаннан-ақ оқып-тоқып біле қоюшы еді; кейінгі кезде Кавказдағы ел-жұртты ойлап жүріс-тұрысының оңбай, ұйқаспай жүргенін сырт сұлбамнан сезгені ғой. Қалтасына ақша салып алыс Грозныйға бір ай мерзімге қыдыртып жіберіп алғаны бұл жалғанда есінен кетпес, сірә.

Тау басынан етекке ығысқан қарақошқыл нөсер бұлты жөңкіле ентелеп қала үстіне түсіп үлгеріпті. Басын кетеріп, еңсесін жазып қараса, дәл төбесінде күрк-күрк жөтеліп жасын төгіп жібергелі тұр. Жаңғақ ағашының жапырағы алай-түлей сусылдап сыбырласа бастады. Денесі түршікті.

Беу, өтті-кетті, заман-ай десеңші! Көз көрген жарықтығы кез келген уақытта кісіні бауырына тартып өзімен тең ұстайтын, үй шаруасында жүрген бұған «өйт, бүйт» деп жарлық беріп те жатпаушы еді. Үй ішінің былығып бітпейтін шаруасын ойлап бас ауыртпай, әрқашан «Ахметтің өзі білер» деп кісілігінен түспей жүре береді. Әрі көршісі, әрі бағбаны, әрі қарауылы, етбауыр жақынындай мына шаңырақтың шырақшысына айналған Ахмет қай тірліктің де оябын тауып «өзі біліп» істеп үйрен-ді. Айтқызбай жұмылатын. Осындайда еске түседі ғой.

Бірде бау түкпірінде ағаш түбін қопсытып, отап, бұтап түртінектеп жүр еді. Үй иесі жұбайымен таза ауа жұтуға сыртқа шықты. Күн кешкіріп батуға еңкейген. Жарықтықтың сондағы шуақ төге жымиып мандайы жарқырап тұрысы неткен келісті еді. Сол екі арада зайыбы оқыс бұрылып тақтай шарбақтың сынып түскен тұсын көзі шалып қалғаны. Көршісінің тентек балалары сындырған деп жобалады. Әй-шәй жоқ: «Мұхтар, қолыңның түк ебі жоқ сенің, әйтпесе, еркек болып құрал алып, ана кетілген тұсты шегелей салсаң қайтер еді», — дегені. Сонадай жерде — көз қиығымен аңыстап тұрған... жазушы әлгі сөзден аяқ астынан күп-күрең болып ашуланғаны. Тіршіліктің мағынасын оймен болжап аспандап тұрған жарықтығы лездің арасында жаяу күйбеңі көп, митың тіршілігі бітпейтін жерге түсіп мына өмірдің темір төзімді әншейін бір пендесіне айналып шыға келгені. Жо-о-жоқ!... «Ахметке айтсаңшы», — деп күмілжіген де жоқ. Сазарып тұрды-тұрды да созалаңдай ырғала қозғалып:

— Осы үйдің завхозы өзіңсің ғой, істей сал, — деді де, жай басып бұрылып жүре берді.

Әудем жерде тал түбінде жерге қарап, жер шұқып бұл қалды. Байқамай сөйлеп шоқ басып алғанына өкініп өңі сынып зайыбы қалды.

Жаңғақ ағашы діні сына сықырлап қатты теңселді. Ағаштың ұшар басына ұя салып айналшақтап кетпей қойған үйреншікті ақсары тиін тырс-тырс тама бастаған нөсерден қорқып сырғанап төмен түсті. Жаңғақ түбінде шөмиіп отырған шалдың иығына келіп қонақтады. Молақ қолымен мұртын бипаздап аз-кем кідірді, еш сескенбеді. Жорғалап кісінің тізесіне түсті. Түйме жанарын жылтыратып бір шекелеп қарайды. Айтты-айтпады, кәрі тиін мына отырған Ахмет шалды таныды. Нөсер тамшысы жиіледі. Әуелгіде қамкөңіл шал қай-қайдағыны есіне алып жан-жүйем босап үнсіз жылап отыр екем ғой, мына тамшы өзімнің көз жасым ғой деп ойлаған еді. Нөсердің үдеп жауатынын тізесінде тұрған ақсары тиіннің дірілдеген қайқы құйрығынан болжады. Оң қолымен белін басып кирелең қағып орнынан көтерілді.

Иә, кейінше естіп білді, әйелінің сондағы ойланбай айтқан оқыс сөзінен тіксініп үйіне еніп кеткен жарықтығы бара салып жазу үстеліне шөмиіпті. Лев Толстойдың академиялық толық жинағының 89 томын қолына алыпты. Ясная Полянадан қытымыр шалдың кетер алдында қосағы Софья Андреевнаға жазған аманат хатын қадалып отырып сол заматында қазақшаға аударыпты, жан жарасын Лев Толстойдың аманат хатымен емдепті сөйтіп.

Бірде жазу бөлмесінен шаршап, жүзі сарғайып шыққан жарықтық Мұхаң аулада күйбеңдеп жүрген мұның жанына келді. Қолтығынан алып қолын өткізді. Басын иіп еңкейіп құлағына сыбырлағандай болып былай деді.

— Ахмет, никому не скажи, Сталин нас обоих очень не любить.

Маңдайының қыртысы қалыңдап осыны айтты да мұңға батып үнсіз тұрып қалды. Жанарына батып бара жатқан күннің қызыл нұры ұйыпты. Сол кезде... мына сөзді естіген бейбақ басы... ештеме түсінбей, ештеңеге мән бермей мәңгі бас болып тұқшьңдап жүре беріпті. Ойхой, дүние деген-ай!

Ақбас Алатаудан ығысып ішінен тығылып келген ашулы нөсер ел-селі шыға еңкілдеді.

Қатарын, қанаттасын жоғалтып, жалғызсырап әбден жүдеген, кәрілік жеңген чечен шалы қос қолымен кирелеңдеп белін басып, Ләйла қызы алдына әкеліп тартқан ақ «Волгаға» әзер-мәзер мініп жатып кері бұрылды. Енді қайтып көремін бе, жоқ па деген кісіше таусыла тіл қатты.

— Қарағым қызым, енді қайтып осынау Меккеме келемін бе, жоқ па, білмеймін, жүрегім алқынып, буыным малтығып жүруден қалып барамын, тілімнің ұшына түйген аманатым еді, орындайсың ба, жоқ па, оны да білмеймін, өле кетсем — сүйегімді жарықтығымның қасына қойсаң. Жері құрғыр қаншама тапшы болса да маған да бұралып жататын қуыс табылатын шығар. Саналы азаматтар «мына бір чечен шалына не жоқ» деп сыртқа лақтырып тастамас, сөкпес деп ойлаймын.

Осыны айтты да машинаға отырды.

Ақ «Волга» Ахмет шалды лездің арасында қала пұшпағындағы елеусіз көп көшенің біріндегі сылағы түскен тоқал тамына жеткізіп салды. Қақпа сыртына келіп дүрс етіп түсе қалған не пәле деп сыртқа атып-атып шыққан балалары не көрді дейсіз ғой. Шоқша сақалы тікшиіп, бетіне қан жүгіріп, жымия күлімдеп қарсы ұшырасқан шалыңның шырайы ашық. Ақ таяғын көстеңдете сермеп төніп келді. Түбі тартылған теңіздей бұрындары жылтырап қана көрінетін тұз көзінен өмір ұшқыны сезіледі. Сөзі де түйеден түскендей. «Ә, балалар», — дейді, — Мұхтарымның қара шаңырағына, басқан ізіне барып мінажат етіп қайттым, енді мен өлмеймін, ана әбдіреге сықап салып сүйегіме шығарамыз деп сақтап отырған шай, майларыңды ақтарыңдар, кәнекей...».

Мына сөзден Моулади ұлы аң-таң, қапелімде қисық шал көктен түсті ме, әлде жерден өніп шықты ма деп таңданып солбырайып тұрысы қызық. Аузына жалғыз түскені: «Ойбай көке, әміріңізге құлдық! Дұғаға деп сүйреп әкелген деңгенені әлдеқашан жайратып сойып, басын асып, шалдарды шақырып қойғам!» — деген сөз болды. Ахмет шал арғы-бергі дүниенің жақсы-жаманын біліп, хабарын алып келген мүңкір-нәңкір елші періштедей көрер көзге зау биік нұсқаланып, мейманасы тасып, қақырынып, қоқиланып ішке аттады. Адамның адамға деген, адамшылығын сақтап тұрған қайырымына, достығына сыйынды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз