Бұл оқиға осыдан жетпіс миллион жыл бұрын болған еді. Алып динозавр Торыайғыр тауының басына шығуға жанын салды. Алдыңғы екі аяғынан әл кетіп қайта-қайта жер сүзіп құлай берді. Шұбалған ұзын құйрығы сүріп өткен жер қызыл жоса қан болып, жерағаш сүйреткендей жосылып жатыр. Көз жанары бұлдырап әл-дәрмені бітіп, тұла бойын діріл алып қалшылдатып бара жатқан соң жарма тасқа басын сүйеп аз-кем тыныс алды, ентігін басты.
Көз жеткізген ақиқаты: дүниеде алып, кеңқолтық, аңқау мақұлықтың жолы болмайды екен. Аңқаулық жүрген жерде көлеңкеше ілесіп сор жүретін көрінеді. Мұның мәнісі төмендегіше.
Ең әуелі замана желі сарнай соғып өзгермелі өмір басталды. Көгілдір көлкіген теңіз қайтты. Қайтқаны емей немене, Қаратауды кемерлей жалап, Балқаш пен Аралдың арасын қосып жатқан ұлы мұхит көре көзге кілдіреп, бу болып ұшып, құмға сіңіп жоғала берді. Теңіз астынан Мұғаджар тауының сілемдері бас көтерді, мидай жазық Торғай теңізінен алғаш болып Доңызтауы түрегелді. Белі күжірейіп, шикіл тасы күнге шағылып тым жырақтан көрінуші еді. Телегей шалқып толқып жатқан көгілдір толқын жер астына жұтылғандай ызым-ғайып құрыған кезде ұлан-ғайыр сары даланың ындыны кепті.
Ыстық жел азынай соғып тынысты кесті. Ертеден қара кешке ырылдаған желден тіршілік атаулы мазасы кетіп басы айналды. Ата динозавр ырылдаған желдің шығып жатқан жерін табамын, сол бір алапат тесіктің аузын салақұлаш құйрығыммен жабамын деп күннің шығысына сапар шегіп кетіп еді. Аспандағы ай екі мәрте кішірейіп, екі мәрте дөңгелене толған кезде арса-арсасы шығып, бауырынан сау тамтығы қалмай жараланып, жанарына құм толып, жығылып-сүрініп қайтып оралды. Доңызтаудың жотасына шыға алмай басы домалады. «Жел шығып жатқан тесікті таппадым», — деді. Құм толған көз жанарынан қанды жасы ағып жатып жан тәсілім етті.
Күні-түні ырылдап соққан жел бір басталса жеті күнге созылатын. Жетінші күні толас таппаса он бес күнге үзбестен азынайды; он бесінші күні тынышымаса айға жуық жұлқынбады. Бет қаратып жүргізбейді. Торғайдың жұмыртқасындай қиыршық тасты ұшырып әрі-беріден соққан кезде көн теріңді тесіп, көзінді шығарып кете жаздайды. Ауа азайған секілденіп өкпе қабынып, мақұлық біткеннің терісі шыт-шыт жарылып кеткені. Жер бауырлап жатып-жатып, басы мәңгіп, тәлтіректеп түрегелген ана Динозавр айтты.
«Бүйтіп желдің басылуын күтіп жата берсек қырылып бітеміз, әрекет етейік, жер кіндігі тесіліп кеткен болуы керек, кек теңіздің суын жұтып жатқан сол тесікті табамын, өз денеммен жабамын, ұрпағымды анық қырылудан құтқарамын», — деді. Сөйтті де еңсесін көтеріп жолға шықты. Желдің ығына есіп, бүйірі бүлкілдеп бұлым-бұлым белдерден асты. Иректелген сағымға араласты.
Тартылған теңіздің соңынан кеткен ана Динозавр сол кеткеннен мол кетті; ай күтті, жыл күтті, қарасы батып көрінбеді. Тесілген жер кіндігін табамын деп жүріп бұлым-бұлым белдерден адасты ма, әлде тулаған теңіздің жал-жал толқынына көміліп алжасты ма, қайтып оралмады. Бұрындары тым жырақтан жарқырап көрініп жататын теңіз суы жылжып кетті. Аспанға бу болып ұшты ма, жеті қат жер астына жұтылды ма, ол арасы белгісіз, көре көзге, айдың, күннің аманында жердің бетін шөл алды.
Ақыраған аңызақ желден соң аққаны кептірген құрғақшылық басталды.
Жер беті кепкен теріге ұқсап шыт-шыт жарылды.
Мынадай заман ақырға шыдай алмай динозавр әулеті тоз-тозы шығып тоза бастады. Тозудың алдында Доңызтаудың іргесіндегі кең аңғарға жиналып, у да шу болып бастарын құрап иіскесіп табысты. Дөң айбат қылып жағаласты. Ит жығыс болып құйрығымен сабаласты. Ақырында естерін жинап, ентік басып, ой мен қырға көз жіберіп ес жинасты. Ішкі бір тылсым түйсікпенен, құйрығының дірілімен: «Заман болса мынау, теңіз тартылды, ауа азайды, жер бетін құрғақшылық басты, жейтін қорек кеміді, енді неғыламыз», — десіп ақылдасты. Арсы-гүрсі соғысты қойып бас сауғалайтын күннің жеткенін айтып бақұлдасты. Енді неғыламыз?.. Қайтсек аман қаламыз?.. Қашан қырыламыз?.. дескен үрейлі сауал мақұлық біткеннің басын қақшаңдатты. Дәрменін таусып қалтыратты.
Құмға құйрығын батырып мықшиып отырған ешкіемер Динозавр айтты.
— Атадан азғындап кішірейіп кесіртке болып тудым. Осындай заман ақыр жұт боларын жатырда, одан қалды жұмыртқада жатып сездім білем. Қушиып кішірейіп дүниеге келдім. Маған салса дардай Динозавр деген атты жамылып, жалпақ дүниені белден басып, алшаңдап жүрмей-ақ кояйын, — дейді-әй.
Доңызтаудың басында қасқайып тұрған алып Динозавр ашу буып қалжыңдап кетті.
— Ас ішсең атауыңдай, у ішсең руыңмен деген, енді не істемексің бетпақ!
— Азу тісі ақсиған алып болмай-ақ кішірейген құм кесірткесі, шөл ешкіемері болсам деп тұрмын. Заманың түлкі болса, тазы боп шал дегендей, аяғыммен жүрмей-ақ бауырыммен жорғалап жүріп күнелтсем жетеді.
Мына сөзді естіген алып Динозавр ашуға мініп, қалшылдап-дірілдеп шетте тұрған әлгі кішкентай азғын мақұлыққа тұра ұмтылды. Ата жолын тәрік еткен ешкіемер байғұс жалт берді. Динозаврдың әректей ашқан ауызы бұрқ еткізіп құм қапты. Қиыршық тасқа қақалды.
— Жоғал көзіме көрінбей! Өмір бойы бауырыңмен жорғалап, кім көрінгеннің алдында басыңды қорғалап қорлықпен өт!
Динозавр әулетінің ең кішкентай қорғаншағы, шала туған жасқаншағы, ергежейлі, екі жүздісі үйірінен безіп, құмға сіңіп жоғалды. Былайғы ғасырда ұлық басын кішік еткен, еңбектеген, жер беттенген кесірткелер тұқымын жалғастырды.
Сүйек сауытын жамылып, басбағып, бұғынып отырған кәрітамыс мақұлық кішірейе тіл қатты.
— Алып боп алшаң баспай-ақ, сүйектен сауыт жамылып жан бақсақ қайтеді.
Алып Динозавр тани кетті. Өзінің шеткі бір безбүйрек әулетінен тараған, кісілік, тәкаппарлық бойына дарымаған дуана байғұс еді. Баяғыдай қалшылдап ашуланған жоқ, басқан тұсын солқ еткізіп жер тарпыған жоқ. Ақылын ашуына қарауыл етіп басын қақшитып тұра берді.
— Сарнаған жел мынау, көре көзге тартылып суалып бара жатқан теңіз анау, қайтіп күн көрмексің, — деді.
Сүйектен сауыт жамылған мақұлық танауының астынан мыңқылдап бірдеме айтқан болды, азынаған дүлей түн естіттірмеді. Араға елші ешкіемерді шапқызып жүріп, қайта-қайта айтқызып жүріп түсінгені төмендегіше болды.
— Жастайымнан тас жетім өстім, бауыр ет жоқ менде, ешкімге жаным ашымайды. Шөлге берік, аштыққа төзімді мақұлықпын, тасбақа атын жамылып осы өңірде тіршілік құрсам деймін.
«Өл де бар маған», — деген сыңаймен алып Динозаврдың ақылы таусылды, ашуы көтерді. «Мына миы ашыған малғұндар қайдан қаптап кеткен өзі» деп таң қалады баяғы. «Бұрындары суды, құрлықты тұтас жайлаған, емін-еркін сайраңдаған аңқылдаған, кеңқолтық динозавр әулеті едік, байқамай, аңдамай жүре беріппіз. Азғындап бітіппіз ғой өзі. Қалай байқамағанмын. Алыптар тұқымымыз, дүлей күштің иесіміз деп маң-маң басып малданып жүргенде тұмсығымен жер иіскеген тасбақа, табан астында жорғалаған кесіртке боп кетермін деген кімнің ойында бар. Ой, дүние-ай!».
Осыны ойлаған аңқау алып тарғыл-тарғыл үнімен алапты көшіріп боздап бір жылағысы келді. Жердің тесігі болса қазір-ақ сүңгіп жоғалғысы бар еді. Шалшық суды жайлаған, сасық етті, шіріген шөпті талғамай жей беретін ашқарақ ауыз шеткі бір тұқымы баспалап бұғынып кетуге айналыпты. Шыдай алмады.
— Ау,сен не дейсің? Қайтсек тұқымымызды опат болудан сақтап қаламыз?
— Шүйгін шөпті, тұнық суды іздемей-ақ заман ақырға бейімделіп, ас-су талғамай, батпаққа батып жүре берсек қайтеді.
Алыптың алқын-жұлқын ашуы қайта қозды. Әлгі мүскін мақұлықтың құйрығын арс етіп қауып алды, азуына іліккен сүбе мүшені қанын сорғалатқан күйінде жұтып салды. Мүмкін, кемтар мақұлық жұлынған құйрығына қарайтын емес, жер тырмалап жорғалаған күйінде алды-артына қарамай безіп барады. Сол қашқаннан теңіз табанында қалған шалшық суға гүмп берді. Тайыз екен. Сүңгимін деп қарнын тырнатып жаралап алды. Су бетіне қайыра шығып жорта мардымсып тісін ақситты. Батпақ мақұлығы крокодил — қалтырауын со заманнан бастап динозавр әулетінен ат құйрығын мүлдем кесісіпті. Сасық етгі, шірік шөпті қорек етіпті. Батпаққа батып тірі жанның тіршілігін істеп күнелтіпті. Қалтырауын есімін мәнгілікке иемденіпті.
Доңызтаудың баурайында басын құрап кеңес құрған дүлей динозаврлар көні кебе шөлдеп, қорек таппай азан-қазан болыпты. Тауда ұлардай шуласыпты. Дария жағасына жиналған арам қарабай құсындай карқылдасып жер дүниені басына көтеріпті. «Неғыламыз» дескен пәтуалы бас қосудан көңілге қонар, ойландырар ақыл таппапты. Құмға сіңіп кішірейіп бір тұқымы жоғалды. Шалшық суға белшесінен батып, маса, шіркейге таланып, батпақты жайлап қалтырауын тұқымының қарасы батты. Аштыққа төзімді, шөлге шыдамды ергежейлі әулеті тасбақа атын жамылып, сайда саны, құмда ізі жок, бассауғалап ол кетті. Азан-қазан аңқау, алып қандастарының арасында қарақан басы қалды. Не істемек? Мына қатерден қалай құтылмақ? Өстіп ойланып, мәңгі бас болып тұра берсе күштісі әлсізін құртқан, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылған мына заман ақырда қандастары тарпа бас салып өзін жей бастамақшы. Қалшылдап қоршап иіскей түседі. Түстері суық. Көздері қан. Екпіні дүлей.
Алып динозавр тұла денесімен түршікті.
— Жүріңдер, — деді.
Бұл сөзді мақұлық ыммен, мегзеумен, қимылмен жеткізді. «Еріңдер соңымнан. Қайтқан теңіздің толқынын қуып жер шетіне жетеміз, я осынау қатерлі жолда біріміз қалмай қырыламыз, я өзіміз өмір сүре алатын шұрайлы мекенге жетіп жығыламыз». Жалт бұрылып тапырақтай адымдап алыптар тобын күннің шығысына бастап жөнелді. Енді болмаса бірін-бірі жей бастайтын, бірін-бірі еш аямайтын қылқи мойын, дөңес жон, жуан құйрық, азу тісі ақсиған өңшең өлермендер өретүрегеліп алып мақұлықтың соңынан ілесті. Қойша шұбап, жыланша жосып шұбырынды ізге түсті. Өкірген үндері сары сахараны басына көтеріп лездің арасында талақ етіп тастап шықты. Осы мезет күн қаңқызылданып батып бара жатты.
Замананың сары желі әрәдік ішін тартып ырылдай соғып тұрды. Табан астындағы жер шайқалып, мұнар таулар бас көтеріп биіктей бастаған секілді, шөп қурап, қайда қараса — бас айналдырып, көз тұндырған ақ топырақ, аласапыран. Аңылжыған аспанда бір түйір бұлт жоқ. Баяғыда, ерте-ерте заманда аспан асты жарылғандай болып күн күркіреп, бұлт жөңкіліп, емізіктеп несер құйылушы еді. Сол нөсер, сол найзағай жоғалғалы қашан. Жердің шүйгіні кеміп кепкен тулақтай қатып-семіп жатқаны заман, жосып келе жатқан динозаврдың бір үйірі аңқаны кептірген аңызақ шөлге шыдай алмай жарым жолда жан тәсілім етті. Ішінде Алып атасы бар. «Жан тәсілім етті» деп айтуға оңай.
Әйтпесе жан түршігерлік сүреңсіз оқиға төмендегіше.
Шоқыдай, кішігірім үймек төбедей алып дененің ауыр салмағы ең әуелі алдыңғы екі аяққа түседі. Әрі-беріден қара санның терісі шытынап, сай сүйегі сырқырап, әлдебір ашқарақ азу кеміргендей зар қақсап ауырады. Тізе бүгіп сұлап жата кеткісі келеді. Жанары боталап, аяғының астындағы шоқатты көрмей көп сүрінеді. Әрәдік иір мойнын әзер иіп жарақатын жалаған болады. Шытынап жарылған тері жуғарақта жазыла қоймайды. Жүре-бара тұмсығымен жер сүзе сұлап біраз жатады, әлден уақытта кеудесін көтеріп бауырымен жорғалайды. Бауырын өткір тас іреп сояды.
Енді ме. Шөбі күйіп көңірсіген, суы тартылып арнасы ашылған өзен жағалауында жатып жан тәсілім етуге ыңғай береді. Шақырайған күн жотасын күйдіре түседі. Ашып-жұмған жанарына алыс таудың өркешіндей иір-қиыр сары сағым толады. Туу қандай қиын болса, өлу де сондай қиын. Жон терісін әлдекім өткір тісімен сылып сыпырып жатқандай шыбын жанын көзіне көрсетеді. Біліп жатыр. Бұл маң далада өткір тұмсығын қайрап, қарқылдап бас кұрап, жемтік іздеп жалпылдап ұшатын арамқарабай құс. Демнің арасында қалын терісін тесіп етіне енбекші.
Жан сарайына еніп білгенін істемекші.
Алып атасын арамқарабай құстың қоршауынан арашаламақ болып бұл Динозавр ілгері озады, ойға қарай домалай жорғалайды. Тірідей боршалауға түскен қандасының қасына жеткен. Ақырып-бақырып, құйрығымен құм боратып, үркітіп көрген, әлгі арамза құстар пәрше-пәршесі шығып, ішек-қарны ақтарылған Алыпты тастай салып, мүйіз тұмсығын жанып, жалпылдап мұның өзіне тап-тап берді. Қандасының ыңырсыған үнінен шошып, жаны қыдырып, кері шегініп, өлдім-талдым жотаға тырмысқан. Тірідей терісін тесіп, қабырғасын сөгіп жұлмалаған касайшы құстардың қанқұйлы соғысына жан баласының шыдауы қиын. Әлдебір ішкі түпсік динозаврді жан таптырмай ілгері сүйреді. Әлдеқандай үн «өлмейсің, өлмейсің!» — деді. Таң алдында қатты талығып, ұзын мойнын ырғайша созып, қызыл тобылғыны жастанып мызғып кетіпті. Әлде алапат жер қозғалысынан, әлде құбыжық түстен шошып оянып, ыта түрегеліпті. Тобылғының арғы ығында қаншық динозавр дамылдаған. Бар пәле сол жақтан; ырылдаған... құрылдаған... шұрылдаған дыбыс шығады, бұл білмейтін азулы мақұлық албастыдай төніп қаншық динозаврды қан жоса қылып талап жатыр. Қаншық динозавр әлгі зәбірден қашатын емес. Қайта албастының ыңғайына бейіл бұрады; қанша талап жатса да бауырына тығылады, құйрығын қақшитады. Бәлелі сұмдықты көріп тұрып шыдай алмады. Арсылдап, гүрсілдеп қарсы ұмтылды. Албастының азуы ақсиып қызыл індей көмекейі көрінді, жыны төгілді, белдесе кетуге жүрегі дауамай қалай кідірді. Сұмдық ұзын азуға түспей тұрғанда жалт бұрылып үлгерді. Жалтарып бара жатып кішігірім төбедей пәлені пәрменін жиып құйрығымен ұрды. Ағаш опырылып, жар уатылып құлаған секілденді, икемшіл албастының қабырғасын қаусатты бәлкім, әлгі неме көре көзге ошарылып қалды. Өзі де оңбай жараланды. Құйрық сүйегі морт кетті ме, соңында шылбырша шұбатылды. Әрі-беріден зар қақсап ауырған кезде аузынан қара қан тамып, көзіне көк шыбын үймеледі, ішкі бір беймәлім түйсікпен «жетемін» деп, «мына нәубеттен құтыламын» дей кеудесін көтере жығылып, көтере жығылып жорғалай берді... жортақтай ілгеріледі, кеудесін көтере жығылды.
Шыңыраудан қызарып ай туды. Аштықтан көзі қарайған мақұлықтар бірін-бірі қапысын тауып аяғынан шалып алып соғып жей бастады.
ІПыжыған күн екі мәрте суытып, екі мәрте жер бетінен қашықтаған кезде динозаврдің көзіне ақ басты әсем таулар көрінді. Сол таулардың қасиет кепиеті дедектетіп қоймай сүйреп келе жатқанын миғұла мақұлық жаңа түсінді. Ырғай мойнын созып соңына қараған еді, қарасына ілесіп келе жатқан жәндіктердің қарымы тым аз: Доңызтаудан бері шыққалы шөлге ұшырап аштан қырылып, енді біразы бірін-бірі жеп, қатары кәдімгідей сиреп калыпты.
«Апырмау» деп ойлаған динозавр, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылған болар, әйтпесе ұлан-ғайыр жапан өлкеге сыймай ығысып жүрген шөпқоректілер күрт азайып, сүтқоректілер көбейіп бара жатқаны бекер болмады, көл суалып, батпақ бықырып ашып, күн шыжығалы алыптардың күйі кетті. Арамқарабай, тасбақа, кесіртке, қалтырауын секілді мақұлықтардың дәурені туды; туғаны емей немене, алшаң басып адымдаған төбедей алыптар басына тас түскендей есеңгіреп, аузын әректей ашып сүйегі қурап әр сайдың ішінде шашылып қалды. Ал, басын батпаққа, інге тығып қалтыраған қалтырауындар қаптап көбейіп алыпты. Дүниеде үлкен, күшті, кеңқолтық, бірмойындар тез құритынын кеш түсінді. Замана желінің құбылып соғарын білмей қалғанымыз ба. Сол желдің ығына есіп ыңғайлана білудің өзі үлкен өнер болыпты-ау.
Ақ басты әсем тауларды тұстап қанша жүргені белгісіз; ай екі мәрте толып, екі мәрте жіңішкеріп туды. Күн батар алдында тым жырақтан үлпілдеген нәсер бұлтын көріп, бүйірін соғып, іштей солықтап ұзақ жылады, ауадан иіс тартты. Таң алдында аспан асты жарылғандай шатырлап, найзағай жарқылдап селдетіп нөсер жетті. Нөсердің қаттылығы сонша, саусақ жуандығындай тамшылар ұзақты күн еш басылмады, жыра сайдан гүрілдеп қызыл су жүрді. Ақырында жер сілкініп, тас домалап, тебе дүмпіді. Бауырының астынан жанартау бұлқынғандай топырақ ысыды, ақырында жер жарылды. Тігісі ашылып ырсиып ыдыраған арнамен қоймалжың қызыл су жүрді.
Дүние өзгерді.
Деп ойлаған алқын-жұлқын аласапыраннан қалай аман қаларын білмей қорыққан алып. Баяғы қаншық динозаврді алып соққан, қанды шайқаста қабырғасы қаусап оңбай жараланған албасты динозавр бір жығылып, бір сүрініп келе жатқан. Жеті жаны бар жансебілдің нағыз өзі екен. Табан астынан жер жарылып, арасынан, шыңыраудан Шарын өзені ашылып бұлқынып аға жөнелген кезде алды-артын ойламады. Шыңырау құз ішінен мойын созып су ішемін деп жүріп ыстық таба секілді жарқабаққа жапсырылып қалды.
Албасты ыстық тасқа жабысып жан тапсырды.
Ихтиозавр Шарын өзенінің қызыл суына сүңгіп басын тасқа соғып, желбезегін ағашқа жырғызып ызым-ғайып жоғалып тынды. Күн суыта нөсер басылды. Азынап, ұлып соққан жел ішін тартты. Құлаққа ұрған танадай жер бетіне тыныштық орнады. Баяғы бір заманда Доңызтаудан үдере көшіп қоныс аударған тісі ақсиған алыптардың қаншасы опат, қаншасы қалды?... жер бетінен неше Шарын ашылды?... қанша уақыт аспан астын тітіретіп жанартаулар атылды?... ештемесін біліп болмайды. Аламан тасыр, алмағайып, алыпты кішкентайлар алдап жеген, апанға түсірген дәуір басталғалы динозаврдің дәрмені азайған, миы ашыған, мәңгүрт мақұлыққа айналған еді.
Түн ішінде бүйірін әлдене бүлкілдетеді. — Бұл кім-ау? — деді.
Бағдарлап қараса башпайына шығып, малдас құрып отырған баяғы бақұлдасы, жатырласы тасбақа шіркін. Мойнын сауыт жапсарынан шығарып бағжия қарайды, тәкаппар сыңайлы.
— Баяғыда, заманның түзу уағында бас сауғалап жан бағайық, кішірейіп тасбақа болайық дегенімде тілімді алмадың. Енді арса-арса болып өлейін деп жатқаның мынау. Ұзын құйрығың шіріп үзіліп түсуге айналыпты. Тісің опырылып сау тамтығы қалмапты. Терің, бүйірің шұрық тесік. Жер жастанып қалатын күнің жақын. Маған аманат етіп ана шырадай жанған көзіңді беріп кет, көзіңдей көріп жүрейін.
— Шынымен жарық дүниемен қош айтыспақпын ба, — деп күрсінді алып, — Тұқымымның тұздай құрығаны осы болар.
— Мөлдіреген көз жанарыңды беріп кет, бәрібір кесіртке үңгіп жеп қояды, Арамқарабай құстыңт ырнағынан құтылу жоқ саған.
Алып динозавр өзінің дәуірі таусылып демі біткенін жаңа бағымдады. Жатып-жатып көп ойланды. Бір заманда басын көтеріп былай деді.
— Алыстағы әсем тауларға жетейін, сол таулардың сұлулығын армансыз бір керейін, сосын сұраған бұйымтайыңды берейін.
Басына қар жамылған әсем тауды Торыайғыр тауы деп атайтын. Алып динозавр бүйіріне аунап түсіп сол тауларға бет алып ырсылдап, гүрсілдеп сау тамтығы қалмаған жаралы денесін әзер сүйреп жылжи берді. Тасбақа мұңлық тырбаңдап сүйретіліп соңына ілесті. Күн жүрді, түн жүрді, тағы да күн жүрді, бірнеше күнді қанталаған көзімен батырды.
Алыптың қансыраған мына жүрісіне қарап жер бетіндегі мақұлық атаулының жаны ашыды. Басталу бар да біту бар. Айбат шегер кез бар да азап шегер кез бар. Алшаң басып жүрер кез бар, бауырымен жорғалап пүшайман болар кез бар. Алып динозаврдың дәуірі бар, жермен-жексен кесірткенің, тасбақаның заманы бар. Асқындау бар, аласару бар. Қашсаң қуып жететін, омалып отырсаң астыңды үңгитін, қарсы ұмтылсаң жол тауып жалтаратын өзгермелі өмір бар. Сол өмірдің тәтті несібін жалап, жұқтап, енді запыран құсып зар илеген азап иесі — динозаврлар қайдасың.
Қар жамылған әсем Торайғырдың иығына қанқызылданып күн қонақтаған кез болатын; жел сап тынды, баялыш басы қимылдауын қойды. Өкпесі сырылдап, буыны дірілдеп бүкістеніп жатқан көлденең жота үстіне көтерілген еді. Көз алдында күрең дүние дөңгеленіп жүре берді. Алып динозавр қанша тырбаңдап сапар шексе дағы шеті-шегіне жете алмайтын дүниенің дөңгелек екеніне енді көз жеткізді. Апырмау, мына қиын ғасырда тырбаңдап тірі жүру үшін азу тісі қаршылдап неше шайқасты бастан кешірді, алысты, жұлысты, ӘЛІ жеткеннің мойнын бұрап астына басты, жылдамырақ қимылдап қолқасын қапты... тұқымы тұздай құрысын деп жұмыртқасын шақты... қапылыста жардан итерді... жанартаудың отына күйдірді... сондағысы өзгені өлтіру, өзі тірі қалу. Бар болғаны сол ғана.
Алып динозавр Торайғырдың қыр арқасына шығып алып малдас құрып шошайып көп отырды.
Соңында ізбе-із келе жатқан қандастары ырсылдап, тырбанып, қара терге малшынып тау аңғарына құлай берді. Құлап түсті. Я мейір қандырар суы жоқ, я шүйгін шөбі жоқ айтақыр аңғарға мың сан алыпты ажал айдап келген еді. Сонау қиыр шеттегі Доңызтаудан, толқыны тынымсыз көгілдір мұхиттан, кең сахарадан қарадай бездіріп мына тар қысаңға Торайғыр тауының кемеш аңғарына желкелеп айдап келген қай құдай деп ойлап-ойлап басы қатты. Омалып отырған жері ойпаң тартты. Анау өкіріп-бақырып аңғардың табанына түсіп жан тәсілім ете бастаған қандастарыпыц қазасына жаны ашыды... өзегін удай ащы запыран жайлады.
Дүниедегі ен ақырғы алып динозавр қырат басында омалып отырып-отырып, күн көкжиекке еңкейіп құйымшағы тесіліп, иір мойнын ішіне алып төмен қарай домалап жөнелді.
Мойын омыртқасы әлденеше тұстан үзілді, миына қан қүйылды, сай табанына саудыраған зілмауыр төбе сүйек боп жетті. Жер сілкінгендей солқ-солқ етті. Көзіне қан толып, ақтық демін алып, барып-келіп жатқан алып динозавр жанарын кең ашқан мезетте:
Қыр басынан, баяғы өзі отырған шоқы үстінен қолына шағын таяқ ұстаған, жауырыны еңкіш тартқан екі аяқты мақұлықты көрген еді. Сол епсекті мақұлықты осынау дөңгелек дүниенің қожасы етіп қалдырып, аяғын және бір серпіп, ақтық күшін жинап жандалбаса ақырды да жан тәсілім етіп жүре берді.
Торайғыр үстін мұнарт басты.
Жиырмасыншы ғасырдың аяғында, әлгі оқиғадан сан миллион жылдар өте Торайғыр тауының кемеш қойнауынан дүние жүзінің атақты палентолог ғалымдары динозаврдың мың сан қаңқа сүйегін тапты. Әсіресе аңғардың ернеуінен шыққан ұзындығы отыз метр, биіктігі он екі метрдей, дүние жүзінің ешқандай музейіне сыймайтын, мойын сүйегінің күл пәршесі шыққан сұмдақ салмақты сүйектің тұрқы көрген кісіні қатты тан қалдырды. Ғұламалар жағасын ұстап, бастарын шайқасты. «Өгкен дәуірде осыншалық алып жер басып жүрген-ау деп суретке салды, сымтемірмен айналдыра қоршады. Осы күнгі Алматы облысы Кеген ауданының иелігіне жататын Торайғыр тауы мен Бұғыты тауының шөміш секілді кең аңғары «Динозавр қорығы» деп аталып, ғалымдардың кызғыштай қоруымен ашық аспан астындағы жануарлар көрмесіне айналды. Адам аяғы баспайтын, мал жүрмейтін қорық болып белгіленді.
Осындайда еріксіз еске түседі. Бір бет алған жағынан өлсе бұрылмайтын, өзінің дегені болмаса — оқпан, жарға омақаса құлауға бар құрбымызды бала кезімізде «динозавр» деп атаушы едік.
СОЛ кішкентай динозаврлардың қайсысы басы қисайып қай жерде жүр, нендей тіршіліктің соңынан сүркіл салады... маған белгісіз, әйтеуір көзге ыстық, көңілге жылы жүріс-тұрыстары есімнен ешқашан шыққан емес. Әсіресе Майемгенді айтсаңшы.
Еңгезердей епетейсіз денесін партаға әзер сыйғызып, арт жақта қонжиып отыратын, мың салса бір баспайтын дегенге келетін, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп мұғалімнің ит жынын қоздырушы еді. Ұстарамен қырғызған басы жылтырап, ағасынан ауысып киген костюмі епетейсіз қорбиып, жіңішке мойыны қылдырықтай қылқиып өзімен-өзі. Баз бірде мұғалімге оқыс сауал қоятын. Тыныш класты гүр еткен дауысы селк еткізетін. «Ағай, — дейтін әй-шәй жоқ, — адам қалай маймылдан жаралады, маймылдарды жылы жерге алып бақса адамға айналар ма еді?». Мына сауалға мұғалім қапелімде не дерін білмей сасатын. Жыны қозатын. Майданнан ала келген «кәнтүжі» әп-сәтте қалшылдатып-дірілдетіп көтеріп кететін. «Ау, ол заманның табиғаты, жер, қызуы, күн сәулесі мүлде бөтен болған ғой», — деп шарасыз күйге түсіп, жанарын бағжитып, қос қолын алдына жаятын. Жүйкесі жұқарған мұғалім «миғула динозаврға» ұқтырамын деп әбден шаршайды, жағы талады.
— Сен динозаврсің! — деп саусағын безейді.
-Ағай, сұрақ қойсам да жазықты боламын ба, — деп Майемген-динозавр басын екі иығыныңа расына сіңіреді.
— Динозаврдің басы қарбыз секілді болған, ми орнына дән мен су, — деп өршелене түседі ағайымыз.
— Қайдан білейін, — деп Майемген-динозавр міңгір етеді.
— Есіл-дертің сабақта емес, тамақта сенің!
— Қайдан білейін.
— Сен осыдан адам болып кетсең бар ғой мұрнымды кесіп берейін!..
Содан бері талай жыл өтті, неше мәрте ағаш қайта көктеді, өзен қайта суалды. Балқаш көлі ортайды, Арал теңізі аспанға ұшып жоқ болуға айналды. Майемген-динозавр аудан орталығында өзінше халықтың тұрмыс кажетін өтейтін кооператив ашып, бояу шығарып, кірпіш басып, бұл күнде мыңғырып байып кетті деп естимін. Астында ақ «Волгасы» бар көрінеді. Тас жол бойынан он екі бөлмелі саңғырлатып қыш үй салып алыпты. Аудан басшыларын көрсе машинасынан түспей, кабина әйнегінен басын шығарып тілдесетін секілді. Енді ойласам: сол кездің мұғалімі неткен әулие, ол заманның динозаврі неткен көнбіс деп таң қаламым ғой. Құлағыма еміс-еміс кішкентай динозанрлердің үні келеді, қорбаңдаған жүрісі кісінің күлкісін келтіреді. Жер беті қайтадан шөлге айналып, ауа ауысып, ормандар ауысып, өзендер арнасын аша бастаған секілді. Таулар аласарып, жер сілкіну жиіледі. Табиғаттың миллион, миллион жылдардан бері сақталып келе жатқан тепе-теңдігі тағы да жойыла бастады ма; таразының басы қалай ауды. Ендігі жұмыр басты, екі аяқты, өзімшіл, өркөкіректеу осынау динозаврлердің халі не болар екен деген қауіп ой көкейден бір кетпейді. Түн ұйқыңды төрт бөледі.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі