Өлең, жыр, ақындар

Ақ шымылдық

Жігіт Зылиқаның құшағынан бұлқына босанып, атып тұрды да, не өңі, не түсі екенін ажырата алмаған күйі:

— Ақ... ақ шымылдық ше?! — деді үрейлене...

* * *

... Дабылдың ауылы тау ішінде еді. Оныншы кластың жазғы каникулында жарты айдан астам армансыз жүріп қайтқаны есінен шықпас. Ойнап жүріп-ақ ойлап жүрер Дабыл Мұсаевпен бір класта оқи тұра Бағдат оның қасында өзін сәби сезінетін. Екі айдай өз ауылында мехнат шеккені аздай-ақ, Дабыл пішен жинатты, топан түсіртті, үйлерінің сыртын сылатты.

Обалы не керек, тамашаға да қарық қылды ғой сонда. Отырыс ұйымдастырып, қыздармен таныстырды. Бірақ, Бағдатқа Зылиқадан өзге кім керек?! Аңға алып шығып, арқар көрсеткенін айтсашы! Балапандарын жетім қалдырып, төрт-бес кекілік атып алды Дабыл. Қылықтарының бірі ұнайды, бірі ұнамайды. Бірін көріп, екі қолын төбесіне қоя безіп кеткісі бар, екіншісіне елтіп, сиқырлана байланып қалады.

Қас қарая Дабылдың сойқан сырлы жорықтары басталатын. Шырттай қараңғыда көздері шырадай жанады, қатты көреді. Биік-биік тау жаңғақтарының ара-арасымен алып өтіп, бұта шарбақпен қоршалған қауындықтардың біріне таянады. Қауын әлі пісе қоймаған, ішінара ғана ірең алғандарын түн баласында табу қиын. Сонда да көк шапша кезінде сан соғып қалмау үшін, бұзықтау балалардың сотанақтығынан сақтанатындар күзетіп жатады. Дабыл Бағдатты бұта шарбақтың сыртында қалдырып, өзі секіріп өтіп, жорғалай жөнеледі. Күзетшісінің көрпесі ай жарығымен ақтаңдақтанып көрініп жатқанымен, қауынның пәлегін сыбдыр еткізбей, еңбектей еркін аралап, именбей иіскейді сабазың. Сәлден соң бұта шарбақтан қайта секіріп өтіп, иісі бұрқыраған әңгелекпен сілекейіңді шұбыртады. Екеуі қиялай сайға түсіп, саздақтау жердің көгалына жайғасқанда жартыкеш ай көкжиектен биіктей түседі, айнала сүтке шомылып, қазақы қара әңгелектің сарғайған бүйірі солықтайтындай көрінеді.

Тойып алған соң қабық пен шопақты арық суына шолп-шолп лақтырып, үсті-бастарын қаққылап, ауыл шетіндегі қой қораға қарай беттейді ғой баяғы. Айнала қанша әппақ сүттей болғанымен, қой қораның төңірегі қарауытып, маңайындағы бір-екі үйшік мүлде жұмбаққа оранып тұратын еді. Дабыл сол жұмбақ үйдің біріне кіріп кете ме, қараңғылық ораған қораға сіңіп кете ме, біраз жоғалып барып, күтпеген жерден қайта пайда бола кетеді.

Екінші, әлде үшінші рет осынау оқиғалар мен суреттер қайталанған күні Дабыл қора жақтан қатты түтігіп, ашуланып қайтқан.

— Болды! Бұдан былай келмейтін болдым... Келме деді...

Дабылдың шықшыты бұлтылдап, түн болғанымен, түтіккені ай сәулесімен ап-анық көрінді. Өзі айтпаса, анық-қанығын, дәлел-дәйегін сұрау қиын. Бұрқ етіп қайнай салатын жыны жаман. Сол жолығысының жөні бөлек-ті.

Дабыл сол бетімен Бағдатты сүйрелей, сүмеңдете ертіп алып, ауылдың шетіндегі бір үйге әкелді. Ай әлі жарық еді, адам біткен қалың ұйқы құшағында. Ояу, сандалып жүрген екеуі ғана. Әлгі үйдің терезесін тырс еткізбей оп-оңай ашып еді, тар бөлмедегі төсек ап-айқын көріне кеткені. Қайдан тауып ала қойғаны беймәлім, Дабылдың долана томарынан да қап-қатты қолында жіп-жіңішке, ұп-ұзын сым темір пайда бола кетті. Ұшын сәл ғана қайырып, қысыңқылау қармақтай иіп алды да, сумаңдатып үй ішіне жүгіртті.

Төсекте жатқандардың үстіндегі көрпені көзді ашып-жұмғанша жұлып алып, ашты да жіберді.

Көрпе астында жатқан екеу тырдай жалаңаш еді.

Бағдат, иә-иә, Дабылдың кластасы, ай жарығы барған сайын сүтті молырақ себелеп тұрған шақта, әлемде не болып, не қойып жатқанын білуден қалған, есеңгірей естен танған Бағдат Төлеев он жетіден он сегізге қараған жасында тыр жалаңаш тірі әйелді тұңғыш рет көрген болатын-ды. Көрпе бірден ашылып, төсек-орын шашыла берген сәтте шоршып барып, шалқалай аунаған келіншек үн шығара алмай, қос қолымен ауа қармалаған. Не болғанын білмей, біле алмай, көрпесін іздеп таба алмай, басқа бірдемелерді жамылмаққа әрекеттенді. Күйеуі кешірек оянды. Ояна сала терезе жаққа бір, әйеліне екі алақтай қарап, айқайға басты.

Бұлар зытты. Арттағы айқай-шу, шаң-шұң естіліп тұрды. Келіншек жылағандай ма-ау, еркектің даусы үдей түскендей ме-ау, шәуілдеп иттер үрді ме-ау. Солардың бәріне кемпірдің бажылдағаны араласып кетті ме-ау. Бағдаттың сол бетімен зыта бергісі келген, алайда Дабыл тоқтатты. Бұлар аса көп ұзай қоймапты. Жаңағы үй жап-жақын екен-ау әлі. Еркек далаға шығып, әлдекімді іздегендей, боқтап, балағаттап қояды. Дегенмен, сырттағы даусы іштегідей емес, бәсең. Қалың ағаш ішінде бәрін бақылап отырған Дабыл саспайды, асығар түрі жоқ. Айқай-сүреңге түк те қатысы жоқ адамдай, пысқырып та қарағысы келмей, орнынан марғау көтеріліп, есінеп қоятынына не дерсің.

Ертеңіне Бағдат Дабылдың бетіне қарай алмады. Неге өйттік, ол қай қылығымыз деп те сұрай алмады. Қайтатынын ғана айтты. Өзін-өзі иттің етінен бетер жеккөрді сонда.

— Сен неменеге ішкірттене қалдың? — деді Дабыл. — Түндегі жорығымыз ба? Себеп сол ма? Ол болса, себебін айтамын әлі. Екі күннен соң машина келеді, сонымен қайтасың. Жаяу, бәрібір, жете алмайсың. Жігіт деген қатын құсап не боса соған бұртимас болар, Бағдат бала.

Қалуға мәжбүр, қандай ғана сиқыры бар, білмейді.

Келесі күні түнде, бәлкім түн ортасынан ауып бара жатқанда, бұлар тағы да терең сайда әңгелек жеп отырды.

— Бағдат бала, — деді Дабыл. — Менің кей қылықтарыма таңданып, қартаймай-ақ қойғын, жарай ма? Мен мұнда мүлде басқамын, ал мектептеріңде менен тәртіпті адам тапшы? Таппайсыңдар. Мұғалімдердің ағыл-тегіл ақылын екі етпеймін, өздігімнен жан баласына тиіспеймін. Оқуым да онша жаман емес. Ал енді, ауылымда өзіме өзім иемін, еркіндік беріңдерші бір ай, жарым ай. Солай, Бағдат бала. Қой қора ма? Көкейіңдегінің біріншісі сол ғой? Қорадағы қоржын тамда жап-жас жесір келіншек тұрып жатыр. Соған бардым. Айтсаң, айта ғой елдің бәріңе.

— Айтып жын ұрып па?! — деді Бағдат.

— Бұрын да бір-екі рет барып, бекерге әуре боп қайтқанмын. Құшақтайтын өзі, бетімнен сүйетін өзі. Сөйтіп-сөйтіп алып, баласың әлі, бұзылмағын әлден, деп жолатпайды. Ал кеше барып ем, енді көзіме көрінбегін, табалдырықтан аттап байқашы, жалпақ жұртқа масқаралаймын де-е-еп отыр. Оттап. Батылданбақ болып-ақ едім, шапалақпен осып-осып жібергені. Анық, біреуді тауып алғаны анық. Пәдеріңе нәлеті, пәлсінеді сөйтіп. Тек саған ғана сеніп айтамын-дағы.

— Сенгеніңе рахмет, — деді Бағдат әлденеге ынтыға түсіп. Тағы да айта түскенін тілеп отырды-ау сонда. Онысы несі екен?!

— Сенем. Әйтпесем, айтам ба? Сонымен, қой қорадан үміт үзілді. Басында көзін сүзген өзі еді, енді: «Бұйдаңды үзбегін, баласың әлі»,— деп иттей қылғаны батады да. Қорлады да. Көреміз әлі. Әттең, қыздарға тиюге болмайды да. Қызды қорласаң, құдай қарғысына ұшырайсың да... Әжем айтушы еді өстіп. Әрине, тікелей емес, тұспалдап сездіретін.

— Әйтеуір, бәрін білесің.

— Сен де білмей отырған жоқсың. Жай ғана аңқаусып отырсың.

— Жоқ мен көп нәрсені білмейді екем. Сенен ғана естіп, біліп жүрмін.

— Білмесең, біліп ал. Қыздарды құрметтеу керек. Ал енді кейбір қатынға, қой қорадағы пәдеріңе нәлеті сияқтыларға басқаша қараудың айыбы жоқ. О баста ойнап, тістелей сүйіп, тиіседі де, ендігісі мынау. Бір мықтыны тапқан. Қап!

— Қойшы, Дабыл!

— Қоймаймын, неге қоям-ей!? — Әне, өстіп өзеурейтіні жақсы емес. Әңгіме үзілді. Екеуі де үн-түнсіз біраз отырып қалды. Кенет Дабыл орнынан ұшып тұрды:

— Жүр! — деді бұйырып. — Кеттік!

Алып жаңғақтардың қап-қара бұтақтарының ара-арасынан сүт саулатып ай қалқып барады. Ол кезде Бағдат Зылиқаны іштей көп ойлағанымен, сыртқа шығара бермейтін еді. Қатты сүйетін еді, бірақ онысын өзінен де жасырғысы келетін. Сол Зылиқа мұның әрбір әрекетін бақылап, көріп отыратын секілді.

Міне, тағы да Дабылға шегіншектей ілесіп келе жатқанына орталықтағы сұлу селода тұратын Зылиқа қар-а-ап тұрған шығар.

Жол жиегіндегі жиделердің жапырақтары алтын жалатқандай жалт-жұлт, жарқ-жұрқ. Дабыл тағы да бір үйдің жанына ертіп келді. Тағы да терезесін өзіне ғана тән ептілікпен, дыбыссыз ашты. Әбден әккі болған ба, әлде бұл ауылдың терезелері кілттенбей ме, кім білген. Бағдаттың байқауынша, бұл өткендегіден басқа үй еді.

Иә, басқа үй екен.

— Анау ақ шымылдықты көріп тұрсың ба? — деп сыбырлады. — Көрдің бе?

Шынында да бөлменің бір жағы тұтас ақ шымылдық еді. Төгіліп тұр-ау, төгіліп тұр. Ауылдарда азайып кеткен, адамдардың аузының суы құрып айта беретін, ілуде ғана кездесіп қалатын ақ шымылдық. Бағдаттың өз ауылында да аз. Екі, әлде үш үйде ғана бар. Кейде әдейілеп көруге баратын. Біреуі Жайсаңкүл жеңгесінің үйінде. Барған сайын түкпірдегі бөлмеге бір көз салмай өте алмайды. Ал енді мына ақ шымылдық та тұп-тура Жайсаңкүлдікіндей, әппақ. Ақ шымылдықты айлы түнде көру керек екен де. Дабыл біледі ғой, «Мың бір түнде» де мынадай шымылдық жоқ шығар.

— Болды. Жүр. Кеттік.

— Кет-ті-ік, — деп күрсінді Бағдат қимай. Екеуі арық бойлап біраз жүрді.

— Бұл шымылдықтың ішінде біздің ауылдағы ең бақыттылар ұйықтап жатыр, — деді Дабыл. — Менен бір жас қана үлкендігі бар. Сегізден кейін оқымай, ауылда қалған. Жақында үйленді. Тойлары да өзгеше өтті ғой осылардың. Бақытты, екеуі де бақытты. Көп адамдардың бақытты немесе бақытсыз екенін көздеріне қарап-ақ білесің. Ақ шымылдықтарының сыртына

дейін нұрланып тұр ғой, байқадың ба?

— Б-б-байқадым, — деп тұтықты Бағдат. — Әскерге бармай ма?

— Барады. Осы күзде алып кетуі де мүмкін. Күтеді де. Артыңда біреудің, біреудің емес, келіншегіңнің сағына күткені де рахат қой, р-р-рахат!

«Мені Зылиқа күтер ме екен?! Бірақ ол менің әлі келіншегім емес қой...» деп ойланған сонда бұл.

Дабыл кілт бұрылып, арық бойынан тепсеңге түсті. Шынтағының сәл жоғары тұсынан қатты қысып жіберген сәт жаны шығып кете жаздап, көзі жасаурады. Дабылдың жаңағы жайбарақаттығынан із қалмаған, қалшылдайтын секілді. Бетіне сынай үңіліп:

— Қыңбағын! — деді тістенген күйі. — Қатындар құсап, ана-оу қорадағы... бәлсінбе, білдің бе?! Еркек болуға үйрен. Үйретем мен сені, білдің бе?! Сен тым үлбірексің. Үлдірексің! Мектеп сорлы сендейлерді қатты ұнатады. Сызылып тұрса, тәртіпті бұзбаса дейді. Ал өмір басқа. Бағдат бала... Ал мен бәрін білемін, бәрін бастан кешіп үлгердім. Титтейімнен әкелі жетіммін, үйдегі үшінші өгей шешем...

Екеуі тағы да бір үйге келіп тіреліпті. Сол үй.

Бағдат қорқып кетті.

Сумаңдаған сым темірмен көрпені көтеріп алып, жұлып түсірді. Дабыл. Саспайды. Асықпайды. Қорқыныш жоқ. Әнеукүнгі әйел. Сол. Жалаңаш денесін қорғалап әуре болмады бұл жолы. Үйреніп қалғандай, қайта іштей бір ерегісу бардай ма, қалай? Қос алмасының қаншалықты үлкен екенін де, тіпті қос түймедағына дейін көрді ғой Бағдат.

Еркек те бұл жолы айқай-сүрең салмады, тістене боқтап жіберді де, тезірек киінуге ұмтылды.

— Кеттік? — деп сыбырлады Дабыл. — Қашамыз... Еркек адам сыртқа бұлар күткендегіден жылдамырақ шығып үлгерді. Есіктен емес, терезеден секіргендіктен, бұлардың үй айнала қашқанын білгендей екен.

Ал есік алдындағы темір кереуетте кемпір жатыпты. Дабылдың сасқан жері осы болды. Үйдің алды ашық егістік еді, суарып тастапты. Іс насырына шабайын деді. Бағдаттың тұла бойын діріл буып, жылауға шақ қалғанда, гүрс етіп мылтық атылды.

Еркектің қолында мылтық бар болып шыққаны да. Бір жұбанарлығы, ол өрік жақты қарап жүріпті. Сатыр да сұтыр қайта оқтады. Мылтық атқан соң батылданып кетті ме, әлде жыны қаттырақ қозайын деді ме, айқайдың көкесіне көшті.

Дабыл лажсыздан шұғыл шешім қабылдауға мәжбүрленді. Бағдатты бүктей-мүктей иттің үйшігіне итермелеп кіргізіп, өзі домалана тығылып алды. Себебі, өрік жақтағы еркектің осылай қарай беттегені білінген. Ит ұясының осыншалықты кең жасалғаны бұлардың бақыты шығар. Ұзын шынжырлы қара төбет қорқақ екен үйшік артында үруге де батылы жетпей, үрейленіп тартынады.

— Қайда?! Қайда кетті, аһ?! Әкеңнің...

Еркек қаншама қаһарландым, кіжіндім дегенімен, үнінде іркіс-тіркіс бірдеме бардай.

— Тағы да не бәле көрінді, — деп, темір кереуеттен кемпір күңкілдеді. — Мылтық атып, елді шошытқаның нең? Немене, қораға біреулер түсіп жүр ме? Неңді алады, қай малыңды ұрлайды сенің? Ай, сорлы балам-ай...

— Е, баршы, еһ! Жата берсеңші жайыңа, — деп, шешесіне ұрысты еркеккіндік. — Қап, әкеңнің... Қайда кетіп қалды, а?!

Тұп-тура ит үйшігінің жанынан өтіп бара жатты. Қара ит шынжырын сүйретіп барып, иесінің аяғына жығылды. Итінің де итінген үмітін үзіп, ішінен ыңқ еткізе бір тепті.

— Атаңа нәлетілерді атып өлтіріп, еттерін итке тастар ма еді, қап! — деп жыларман болды еркек. Бағдат қалтырап тоңғандай, қақ маңдайдан мылтық оғы қадалатындай қорықты. Дабыл төрт бүктеле қисайып, сыр бермес күйінде.

— Қорыққанға қос көрінетте. Не боса соған айқай сап, мамыражай, мақпал түнде мылтық атып...Ұят емес пе, жатсаңшы енді қатыныңның қасына барып, — деді шешесі.

— Жатсаң, жат, е?! Мен ол иттерді атып өлтірмей тынбаспын, әкеңнің, — деді баласы. Ызаға булығып, жылап қоя берді. — Ың-ы-ы, ың-ы-ы-ың, менде несі бар бұлардың, не ісі бар осы жұрттың?! Қорлады ғой мені-і-і... Қоймай ма енді-і-і, тыныштық бермей ме адамға-а-а-а...

Жылап-жылап, қорсылдап отырып-отырып, ақыры иттей болып үйіне кіріп кетті.

Дабыл көрпе жоңышкалықты кешіп өткеннен кейін ирек арықтың жиегіндегі тықыр ажырыққа жата кетті.

— Обал жоқ оған, — деді аспанға қараған күйі. — Бұл адамсымақ маған ежелден ұнамайды. Бәрін әдейі ғана істеп жүрмін. Бір жағынан сені шынықтырып жүргенім деп білгін, Бағдат бала. Өз ауылының қорасына өзі түсетін ұсақ ұрлықшы ол. Мал бітіп көрмеген маубас, шөптің басын сындырмай-ақ шылқа-шылқа май жегісі келетін топас, жалқаудың дәл өзі. Жылқы ұрласа, айналайын дер ем ғой, қой-ешкі қымқыруға да батылы бармайды, ел ескермейді, иесі іздеп әуре болмайды деген мерез есеппен буыны қатпаған қозы-лаққа пышақ жұмсайды. Жылы-жұмсағын жылбысқыдан айыратын жымысқы. Біздің бір лақты сойып, сырбаз қылып қылғытқанын мойнынан қылқындырып тұрып мойындатқам.

— Сол-лай де?!

— Солай, Бағдат бала. Сондықтан аямаймын оны. Ақыр-соңы мынадай болды: Осыдан бір жылдай бұрын мынаусын әкелді. Қойнында жатқан жалаңашын айтам. Мұнысы бар ғой... айтайын ба, айтпайын ба... ақ шымылдыққа адал болмай шығыпты. Масқара, білесің бе ондайды?

— Нені?

— Нені-нені... Білесің сен.

— Айта берсей енді. Әңгімең қызық.

— Сайратып қой-е-еп, отыра бер өңкиіп. Білмесең, біліп ал, басқа ауылды қайдам, біздің ауылда жаңа түскен келіншекке ақ шымылдық керіліп, ақ төсек салынады. Соллай, әне! Жақын жеңгелері бар ғой? Солар түнімен кірпік ілмей күзетіп шығып... Арғы жағын түсінесің ғой енді, сен маубас емес шығарсың? Сонымен, кездері анық жетіп, көңілдері демделсе, таң ата жас келінді төбеге көтере мақтан етер. Ақ шымылдыққа адал жар кымсына күлімсіреп, алабұрта қызарып, инабатты ғана иіліп сәлем салар. Шірк-е-ен, ондай келін жаңа тігілген отау үшін де, бүкіл әулет-әлеумет үшін де мейрам әкелер. Деседі біздің ауыл. Осылай айтады бізде. Ал, егер, айтқан жерден аулақ, басқаша болып шықса, ақ шымылдықтың өзі-ақ әп-сәтте қарауытып кетеді деседі. Қанша жуса да ашылмай, ағармай қала береді деседі. Ондайда жосылып жүгіріп жүрген жеңгелерге обал-ақ, олардың бәрі өздері кінәлідей, ақ беттеріне қара күйе жағылғандай, бастарын жоғары көтере алмай, жердің жыртығын тапса, кіріп кетердей кіріптар күйге түседі деседі. Бағдат бала, шет-жағасын көріп-біліп те жүрміз ғой, ешкім ештеңе демесе де, біреу-біреуге білдірмесе де, адам-адамға айтпаса да, бәрі бірден беп-белгілі боп шыға келеді. Қазір шымылдық мүлде-мүлде сирек, бәрін де өзгерттік өйдеп-бүйдеп...

Әне, әжептеуір жібіп отырып, күтпеген жерден жынданды Дабыл. Тісін шықыр-шықыр еткізіп, тықыр ажырықтан ұшып тұрып, қайта отырды.

— Жаңағы ит — нағыз шошқа, — деді Дабыл. — Бұрындары ондай қатынды төркін жағынан бір-ақ шығарады екен осы ауылда. Ал бұл, ең болмаса, бір шықпырта сабап алуға да батпады. Тағы да бізді «әтәм-әтем» дейді. Зайыр, біздің ит ұясында жатқанымызды біліп тұрды. Өзі де тайсақтап, сөзі де тайғақтап кетті, байқадың ба?

— Қор-қып... Қайдан байқайын, қаяқтан байқайды дейсің мені.

— Сен де бір ит екенсің. Алайда, адамға айналуыңа көп мүмкіндігің бар ғой әзірше. Ал жаңағы еркексымағың қатынын бүкіл елдің төбесінде тайраңдатып қойғаны. Бүкіл ауыл түк-түк түсінбейтіндей, тепсіне теперіш көрсеткісі келетінін қайтерсің?! Омырауын шоштаңдатып алып, кемпір-шалдарды қағып түсіре жаздайтынына күйіп кетесің де! Аямайтыным, азапқа салатыным содан ғой, содан.

Екеуінің де ұйқылары келетін емес. Үн-түнсіз біраз отырды.

— Ал бізде, — деді Бағдат сонда. — Біздің ауылда...

— Е, бәсе! — деп, Дабыл айқайлап жіберді. — Сен де сөйлеші!

— Біздің ауылда салт бойынша бар ғой, алғашқы түні келіншектің қойнына қыздар қонып шығатын еді. Бала кезім, бәрі көз алдымда, Жайсаңкүл жеңешем түскенде, ұл балалардың бәрі кетіп қалып, қыздардың ішінде қап қойыппын. Жайсаңкүл жеңешем мені қуған жоқ, сол кісінің сұлулығына қарап, қыздардың ауыздарына аңқайып отыра бердім. Бір мезгілдерде оянып кетсем, ақ шымылдықтың ішінде жатыр екем. Бұрын ондай ертегіні кім көрген, ақ шымылдықтың сыртынан іші сұлу екен ғой! Төсегінің мамығы-ай! Ақырын ғана аңғарсам, бір шетте Жайсаңкүл жеңешем мен әне-міне ұзатылмақшы бойжеткеніміз Сәлима отырыпты. Көзімді тағы бір ашып қарасам, екеуі құшақтасып алыпты. Тыңдасам, жаңа түскен Жайсаңкүл мен күні ертең кететін Сәлима қыз сыбыр да күбір сөйлеседі, бір күлісіп, бір жыласады.

— Ақ шымылдыққа адалмын ғой мен, адалмын, — дейді Жайсаңкүл жеңешем сыбырлап.

— Мен де, мен де, — деп, сыбырлай жауап қатады Сәлима. Әлде жылайды, әлде күледі екеуі. Неге күледі, неге жылайды, ол кезде кім түсінген?!

— Өлә-ә-ә, таң атып қапты ғой, — деді бір кезде Жайсаңкүл жеңешем.

— Бүгінгі түннен қорықпайсың ба, шыныңды айтшы? — деп сұрады Сәлима жаңа түскен жеңешемді құшақтап. — Қорқасың ба, бүгінгі түннен?

— Өлә-ә-ә, бүгін боп қалды ма?!

— Иә, бүгін боп қалғалы қаш-ша-ан. Енді бүгінгі түн Тілеу көкем екеуіңдікі. Қанша дегенмен де, адам біртүрлі қорқатын шығар, ә? Айтшы, а?

— Қорықпағанда-ші, — деп жаңа түскен Жайсаңкүл жеңешем менің, мына Бағдаттың бетінен сүйді. Екеуі одан әрі де көпке дейін дыбыссыз күліп, дыбыссыз жылап, бір-бірінің бауырына тығыла түскен. Бөлме ішінде пырдай боп үлкенді-кішілі көп қыз ұйықтап жатты сол бір түні.

— Мынаңқара! Мынаңкара! Түк білмейім дейді! — Дабыл орнынан тұрып кетті.

* * *

— Анаңғара! Анаңғара! — деді Дабыл.

Шолпан жұлдыздың айналасында ақ шымылдық желбірей үлбіреп тұрды. Кенет сол үлбірей желбіреген ақ шымылдық қақ жарылып ашылды да, таң жұлдызын жер жүзінен жасырып ала қойды.

— Көрдің бе? Көрдің бе?! — деді Дабыл тізерлей отыра кетіп. Бағдат тілден айырылғандай дірдек қағып, басын изей берген.

* * *

...Арада біраз жыл өткенде сержант Бағдат Төлеев әскер қатарынан оралған еді.

— Зылиқа сұлуың өзгерген, — деді Дабыл.

Бағдаттың жүрегі сулап, бойы мұздап сала берді. Жер жүзінде ешқандай қызық жоқтай, қыз жоқтай, көңілі қатты құлазыды. Құрылыс отрядындағы кейбір солдат сорлылар тап осындай күйге түскенде асылып өледі екен-ау, деп ойлады.

— Қалай, сонда...

— Білмеймін. Өзім де білмеймін. Түкке түсінбеймін, сенесің бе? Бұрынғы Жауынбаева жоқ. Бір рет жолыққанымда баяғыдағыдай, қимай-қимай қыдырып, бірге жүрдік. Шашымнан иіскеп, сенің иісіңе ұқсатып, ебіл-дебіл жылап бәле боп еді. Келесі бір іздеп келгенімде, одан әрмен сағыныпты сені, әңгімеміз таусылмай қойған. Жылына екі-үш рет кездесіп тұрдық. Ал осы жылдың басында ғой, тағы келдім. Сөйтсем, Зылиқа жоқ, орнында басқа біреу секілді... Бәлкім, Бағдат бала, мен қателесетін шығармын, мен де пендемін. Солай, сол-лай!

Жазған хаттарынан да салқындық сезілгелі жылға жуықтап қалғандығын, ойдың түбіне түсіп, уайымның уынан арыла алмай келе жатқанын жасырған жоқ Дабылдан.

Екі күн ауылында әзер шыдап, үшінші күні Зылиқа жұмыс істейтін сұлу селоға сол сержант киімімен келіп кірді. Автобустардың бәрі тозып, лақса-лақсасы шығып кеткен, іштері лас, сырттары сатпақ-сатпақ. Ескі, тот басқан ұзын автобустан түсе сала айналасына алақтай қараған.

Білуінше осы уақыттарда, тап мына тротуармен жұмысына қарай өтуі тиіс-тін.

Әне-әне! Алып қара талдардың астында екі қыз келеді екен. Сол. Солар. Жанындағысы Жанна ғой, сонымен бірге жататынын, жаннан артық көретін досы боп кеткенін талай-талай жазбады ма?! Кібіртіктеп жүре алмай қалды. Зылиқа емес, Бағдат еді жүрісінен жаңылған. Көзі бұлдырап, жанары жасаурап, екеуін алмастырып алғандай кезек-кезек қарайды. Оң жағындағы Жанна. Кәдуілгі Макаренко мектебінде оқыған, пысық қыз. Бұл жүріп оқитын үйден әрегіректегі қызыл түнікелі үйде тұратын. Бағдатты менсінбейтін, орысша оқитын Жанна. Сол жағындағы Зылиқа. Құдай-ау, сол ғой, сол. Зылиқа. Ал бұлар неге ғана бұлай, салқын жолығысып тұр? Неғып соншама жатырқап қалған?! Қалайынша ғана өзгеріп кеткен?! Өңі ме, осы түсі ме? Анау сарқырап ағып жатқан Арыс па, әлде Онон өзені ме? Онон сарқырап ақпас еді ғой?! Арыс қой, Арыс. Ал, Зылиқа неге соншама алыс?!

Салқын ғана сәлем алысты екеуі. Үшеуі.

Жай ғана жағдай сұрасты екеуі. Үшеуі.

Үшеуі де үнсіз қалысты.

Одан әрі дүниенің астаң-кестеңі шығып жүре берген. Не болып, не қойғанын сезінуден қалғандай, мәңгіріп ілесе беріпті Бағдат. Не айтып, не қойғандары да есінде жоқтай. Жанна бірдеме-бірдемелерді күңгірлеп кетіп қалды. Екеуі әйтеуір көп-көп ілбіді тротуармен. «Зорғадан кірген жұмысымнан қалдым, шығарып жіберуі мүмкін...» деді ме-ау Зылиқа. Тәмпік танауы қусырылып, маңдайы жиырылып, беті сұрлана шаңытып бір көрінді.

— Шыныңды айтшы, Зылиқа, сен мені бұрынғыдай көресің бе? — деді Бағдат бір оянып кеткендей болып.

— Баламысың деген. Мен ғашықтыққа да, коммунизмге де сенуді әлдеқашан қойьш кеттім ғой, — деді Зылиқа.

— Енді қайда барамыз? — деді Бағдат. — Алдымыз — жарқабақ.

— Мен ашпын, — деді Зылиқа.

Бағдат өзінің әлі де баяғыдай бала, шіп-шикі екенін қатты мойындап тұрды.

— Бір жаққа барып, тамақ ішейік, — деді сасқалақтап.

— Қайда? Бәрі де жабылды.

Арыстың сарылы биік жарқабаққа соғыла жаңғырығып, жүректі суылдатты. Қыркүйектің түнгі аспанында жалғыз жұлдыз да қалмаған екен.

— Алдымен таңдап алғын онда, — деді Зылиқа салқын ғана үн қатып, бірақ қап-қатқыл сөйлеп. — Қай жағын таңдайсың? Жанна екеуміз жалдап жатқан пәтерге бармайсың ғой? Жоқ, әлде, барасың ба?

— Жоқ, Жаннаға бармаймын.

— Онда осындағы басқа бір үйге баруыңа тура келеді.

— Мейлі.

Арысты жағалап, жарлауыт беткейді қиялап өтіп, ну алманың ішіндегі бір үйдің бетон ауласынан шықты екеуі. Есікті ашты, ешкім жоқ.

— Ағайын боп келетін ағамыздың үйі. Ұл-қыздарының бәрі оқуда, қалада. Ағамыз Шымкенттің ауруханасына түскен, жеңгеміз сонда кеткен, — деді Зылиқа. — Қорқып тұрсың ғой өзің?

Екеуі үн-түнсіз ғана шай ішті. Бағдаттың біртүрлі бейжай болғаны, ұрлық жасағалы жүргендей үрегейлікке түскені рас еді. Ойпыр-ау, осындай оңашалықты армандамаушы ма еді бұрындары. Алтын күз, түн іші, тып-тыныш, тым-тырыс, жып-жылы үй. Үш жыл бойы үздіге аңсаған жаны жанында. Енді не керек Бағдат балаға?!

Сол Зылиқа. Сол ма? Жоқ. Жоқ. Жоқ! Бұл — ол емес. Бұл бұрынғы Зылиқа емес. Мектептің коридорында қоңырқай қос бұрымымен ойнап қана, бұған ғана бөлекше күлімдей қарап кетіп бара жататын Зылиқа емес. Бағдатты көрсе қуанар, Нияз бен Дабылды көрсе жұбанар Зылиқа қыз бұл емес. Өзгерген. Мұқым басқа боп кеткен. Әскерде асылып өлген Құдайқұловтан, үсіп өліп қалған Поляковтан артық емессің сен, Бағдат Төлеев... Асылып өл де қал. Өле алсаң...

Зылиқа теріс бұрылып, үнсіз жылап тұр екен.

Біраз уақыт өткенде төсекті бірге салып жатқанын байқады.

Оның жылағаны өзіне онша әсер етпегенінен тағы шошынған.

Жатарын жатып алып, қатты мазасызданды. Иелері жоқ үйде, бөтен біреулердің төсегінде қалайша емін-еркін қонып шықпақ? Ұят емес пе? Біртүрлі ғой. Төсекті бірге салғаны несі?

Төсек бір болғанымен, көрпелер бөлек-тін. Зылиқа теріс қарап оранып жатты. Бұл өзімен-өзі әлек. Көзін бір жұмса, Онон өзенінің бойындағы отрядтан бір-ақ шығады. Тағы бір жұмса, Дабылды, онын алыстағы ауылын көреді. Қайта ашып, қайта жұмып еді, Жайсаңкүл жеңешесі: «Сен үйленгенде бар ғой, ақ шымылдықты өзім тігіп, өзім тұтып беремін», — де-е-еп, он саусағы майыса кесте тігіп отырыпты.

Талықсып барып, ұйықтап кеткенін білмеді. Бір кезде тұла бойы күйіп-жанып бара жатыр екен. Ұйқыда ма, ояу ма? Құшағындағы кім? Қайда жатыр, кіммен жатыр?! Зылиқа екен де. Денесі жұп-жұмыр, күйіп-жанып, жанып-күйіп жатыпты ол да. Шаштың, бұйрақоңыр бұрымдардың бұлықсып барып бұрылар тұсындағы — ақ тамақтағы жасымықтай меңді іздеп таппаққа бекініп, аласұра алақтады. Табан астында таба алмай қиналған.

Терезенің жақтауы сарт етіп ашылып кетті. Ақ пердені жел жұлмалай жұлқылады келіп. Бағдат бала қатты шошынып, шоршып түсті де, есін жиғандай болды:

— Ақ... Ақ шымылдық ше?! — деді ышқына сыбырлап. Кімге айтты сонда? Құшағынан босаған Зылиқа сұлқ түсіп, сәл жиналып жатты.

Таң атар-атпас шақ екен. Орнынан тез тұрып, киініп алды Бағдат бала. Кететінін білдірді.

Зылиқа үн-түнсіз жылап жатқан секілденді.

Арыстың сарылы да, сарыны да тым бәсең тартыпты. Таң қараңғылығы қоюлана түскен, бұлт қаптаған күзгі аспаннан жаңбыр сіркірей бастапты. Бетіне бүріккен тамшылар тым-тым мұздай еді.

Жарлауыт беткейдегі жалғыз аяқ жолмен тайғанақтап төмен түсті. Қалың баудың ішінде қарауытып тұрған үйге соңғы мәрте бұрылып бір қарады да, қатты күрсінді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз