Өлең, жыр, ақындар

Бейшара

Ассалаумағалейкум, Момын аға!

Хат жазып отырғаныма таңданатын да шығарсыз. Есіңізде ме, бір кездесуге қояр да қоймай алып барғаныңызда ше, сонда оқырман сұрағына орай: «Момындық қазір модыда жоқ, ескіріп, естен шыға бастаған қасиет, — деп, әзілмен астарлай жауап қайтарған едіңіз ғой? Хат жазу да бүгінде «модыда жоқ». Сонда да, аға, бір қаланың екі шетінде тіршілік кешіп жатсақ та, өзіңізге хат жазуға бел байладым.

Адам дегеннің өзі психологиялық ерекшеліктеріне қарата ауызба-ауыз тілдесу, жазбаша тілдесу және өзімен де, өзгемен де іштей тілдесу жақтарына икемдірек, немесе икемсіздеу болып бөлінетінін бір ғалым тәптіштеп-ақ түсіндіріп жазған еді. Мен пақырыңызға соңғы екеуінің қайсысы жуықтау екенін қайдам. Көп реттерде іштен тынып, жұрт секілді суырылып алға шыға алмай, тіпті шыққым да келмей, өзіммен-өзім әуреленіп кетемін бе, білмеймін әйтеуір.

Аға, бұл хатымның ұзақ-сонарға кетуі де бек мүмкін. Қалай түсінсеңіз де, тек өзіңіздің алдыңызда ғана, шамамның жеткенінше шешілгім келеді. Кейінгі кездері өзіме де беймәлім бір азапты ойлар ішіме кіріп алып, кеміріп жейді келіп. Қашаннан-ақ қалың ойдың құрсауында қалатын кездерім аз емес-ті, бірақ мына күйімнің жөн-жосығы басқарақ. Кешіріңіз, аға, хатымның кіріспесі созылып бара ма, қайдам. Шынымды айтсам, төтелеп, турасынан тартуға жүрексініп те отырмын. Оны мойындауым керек. Осы хатты жазардың алдында, Момын аға, өзіңіз туралы тағы да көп толғаныстарға түстім. Бұған дейін де аз толғандым дей алмаспын. Ең бастысы, сіздің неге саяқтау, кісікиіктеу, суық-салқындау, тым-тым тұнжыр күйде жүретініңізді, өзіңізге де, өзгелерге де, тек кей-кейде ғана әзіліңізбен күш-қуат беруге тырысатыныңызды енді-енді ғана түсінгендеймін. Бүкіл ғұмырымда өзіңіздей жанды онша көп кездестіре алмадым, аға. Дұрыс түсініңіз, мұны сізге жағына түсу үшін емес, жақындай беру мақсатында емес, осынау хатты неліктен жазып отырғанымды дәлелдеу үшін айтып жатырмын. Талай-талай реттерде, мән-мағынасыз мезеттерде қаншама күдік қосып, күмән жамап бақсам да, өзіңіз туралы көзқарасыма қаяу түсіре алмадым.

Осы хаттың жазылуына және бір нәрсе басты себеп болып отыр дер едім, аға! Есіңізде ме, осыдан бірер ай бұрын ұялшақтау жас жігіттің өлеңдерін талқылап, облыстық газеттің қарапайым ғана қарақоңыр бөлмесінде сырласа мұндасқандай күйде ұзақ отырдық қой? Бес-алты адам едік. Бәріміз бүкіл дүние-әлемді, қым-қуыттанған қу тірлікті тарс ұмытып, мөлдіреген жас жігіттің, бәлкім әлі баланың өлең әлеміне кірдік те кеттік. Өлең дейтін өлкеде шын ақынның пайда болғанын бәріміз де іштей мойындадық. Бүгінде өзіңіз жиі қайталайтындай-ақ, «шын ақын», «өтірік ақын» дейтін кезеңдерге тап болдық. Бұрындары небір әдемі әдеби кештер өтіп көрмегендей-ақ, дүние-боққа сасық қарғаша ұмтылып, «Мүшәйраның» да мән-мағынасын мүлде мүрдем кетірдік, кері айналдырып, кереғар ұғым етіп жібердік. Ұсақтадық, аға... Бірақ сол бір күнгі шүйіркелескен сәтіміз, сіздің қарапайым ғана бөлмеңізде балауса ақынның өлеңдеріне балаша шаттанғанымыз, мәні өзгерген «Мүшәйралардан» мың-мың есе қымбат екен-ау деймін қазір...

Сол кеште, қоңырқай ғана бөлмеңізде, әлгіндей өрен өскін ақынды жұртшылығымыздың көптен бері күтулі екенін, бәлкім жаңаның басы болмағы да ғажап еместігін тұспалмен ғана сездіріп, алайда қатты қуанғаныңызды жанарыңызды жиектеп келіп қалған көз жасыңыздан білдіріп алып едіңіз! Әттең-ай, тап сол кештің соңына қарай менің досым Адан апырақтай тапырақтап кіріп келді емес пе?!

Сіз толқулы қалпыңыздан арыла алмаған күйіңізде: «Бұрынғыларда, біздің ата-бабаларымызда достық дегеніңіз керемет қуатты, таза күйде болған ғой, бүгінгі біздің жастарымызда шынайы достық қалай ұғылады екен, осы жайында очерктер циклін жазсам деймін... Ал мына Адан екеуіңнің достықтарыңа қызығатындар көп», — деп, маған қарадыңыз-ау.

Білесіз бе, Момын аға, сол сәтте менің сорлы жүрегім суылдап қоя берген. Байқамаған боларсыз, мен сол минөтте мөлие жерге қарап, үстел шұқыладым. Ал Адан ініңіз, әдетінше сізден әлдеқайда маңызды адам секілденіп, нәумез жымиыспен күлген болып, миығын жиырып, арқаңыздан бала құсатып қаққаны.

Рас, аға, біз Адан екеуіміз доспыз. Оған талай-талай сусыған күндер, аунаған айлар, жылжыған жылдар куә. Әлі күнге дейін арамыздан қыл өтпес дос саналамыз. Бірақ өзімнен өзгеге білдірмеуге, абайсызда сездіріп алмауға тырысатын жан күйзелісімді кім түсінер, кімге шертермін онымды?!

Шын мәнінде мен онымен доспын ба осы?

Сонымен, аға, сіздің алдыңызға бұл жолы жаңа өлеңдерімді емес, осынау бір хатымды көлденең тарттым. Сіздің достық туралы көбірек жазып жүргеніңізді, бұл тақырыптың төңірегінде ерінбей ізденетініңізді жұрт біледі. Алдыңызда отырып ауызекі айта алмаспын. Ылғи да осылай, оңаша қалғанда өзгелермен, әсіресе өзіңізбен іштей тілдесіп, күні-түні «сөйлесе» беруге бармын, ал бетпе-бет келгенде бейшараның, нағыз шарасыздың өзімін.

Момын аға! Мені шынымен-ақ тәп-тәуір ақындар санатына қосатыныңызды, тағы біраз ағаларымның (жазатындарды айтамын) және өз тұрғыластарымның әжептеуір мойындайтынын, бірқыдыру оқырмандарымның да бар екенін білемін. Өзімнің қай маңайларда, нендей деңгейлерде келе жатқанымды, олқы тұстарымды түсінбейтіндей халде емеспін. Өзіңіз жиі айтатын, бізді аса қатты сақтандыратын «вторичность» тек мен ғана емес, мен тұрғыластардың көбінің ең қауіпті сырқаты екенін де мойындамай қала алмаспын.

Жасырмай, шындық жағына жақындасақ, менің де, тағы бірқатар достарымның да ақындығымыз, егер шынымен бізде бірдеңе болса, нағыз жолайрықта тұр. Тіпті осы кезге дейінгілерімнің бәрі де түкке тұрғысыз бірдеңелер секілденіп сезілетін сәттерді де бастан көп кешетін болып барамын. Біздің небір шимайларымызға үйренгенсіз ғой, бұл хатқа да қалам ұшына келгенді ірікпей түсіріп отырмын. Кешіріммен қарап, ой елегіне саларсыз дағы. Аға, мен жастайымнан жасық, жалтақ болып өскенімді өзгеден жасырғаныммен, құдайдан қалайынша жасырып қаламын? Сізден жасыра алармын ба? Бәрібір білініп тұрады емес пе? Осындай кемшіліктерімнің салдарынан өмір бойы опық жеп келе жатқан жоқпын ба?

Әкеден тірідей, шешеден өлідей айырылып, жетімек боп жетілгендегі тұр-тұрпатым, бітім-болмысым осы. Алты-жеті жасар баланың айнала-төңірегі тұлдырланып, тақырланып, ғайбаты жетіп-артылар өткен ғасырларда емес, осы ғасырдың жетпісінші жылдары көрген тағдырының талқысына біреу сенер, бесеу сенбес, алты адамға айтып көрсең. Мен бейшараға сол соры қайнаған балалар үйі де бұйырмапты. Кісі есігінде көгенделіп, бөтеннің босағасына байланып, табағына телміріп, қабағына қарайлап, «советтік семья» балаларының тастағанын теріп, тостағанын жалап, тозғанын киіп...

Содан итшілеп жүріп, біраз класты тауысыппын-ау, әйтеуір. Бұғанам бекімей жатып, қара жұмыстың қамытын кидім, әркімдердің, әлдекімдердің әсерімен не күйлерге түспедім... Бәрін тізбелеп неғылайын, жиырманың жасынды жалынын жынды судың жетегінде жүріп-ақ сөндіруге айнала бастағанымды не аңғартты, кім аңдатты, оны түстеп танып, тап басып айта алмаспын. Әйтеуір, күндердің күнінде ес жиғандай күйге еніп, сау отырған сағаттарымда көп нәрседен кеш қалғаныма өкіндім. Ұмытпасам, біреудің бір топ өлеңін оқып, ойланғаннан соңғы сәтім шығар, сірә. Өкіре етпеттеп, бармағымды шайнадым. Іші-сыртым бірдей қанжосаланып, туған ауылымның қарсы бетіндегі жосылған жонға шығып, бір күн, бір түн жылап жатқаным, өксіп отырғаным, соңынан бұралқы күшіктей қыңсылап, ұлығаныма дейін есімде әлі. Ебіл-дебіл жаңбыр жауып тұр еді сонда. Егіл-тегіл еңірей жылап, мына итшілеген тіршілігіммен қоштаса бастадым. Төменде биік-биік, жыра-жыра, алып жарлауыттар бар еді. Түбінен қарағаныңның өзінде зәреңді ұшыратын.

Ал мен солардың төбесінде тұрдым. Олардың табанында қызылкүреңдене қанталаған су тасып жатты. Ботана судың беті ғана бүлкілдеп, астыңғы жағы аласұра ағып, қорқыныш қайықтарын қақпақыл ойнатады. Айналайын Арыс өзенін танымай қалдым. Сол күні ол тым мейірімсіз еді. Түн жамылып, қарауыта зорайған биік-биік қызыл доланалар шақырды. Мойыныңнан ілінбекке бекінсең, әлдилей көтеріп алып, таң атып сәске болғанша, сасырлы сайдың беткейімен сиыр өргізер падашының дәу төбеті байқағанша, тербеп тұруға бармыз дейтіндей азғырып.

Суға секіріп біржола жоғалғым келді.

Биік бұтаның, қайырымды қызыл долананың бұтағына асылып, қорлық буған бойымнан шырқыраған жанымды шыбындай ұшыра салғым келді. Бір күн, бір түн жылағаным, өксіп-өксіп, қыңсылай ұлығаным азабымды азайтып кетті ме, ақырында ақырындап ақыл жеңе бастады. Биікте отырып көзімнің бір жеткені сол, Момын аға, бұл пәниде пәлендей жанашырым, қимайтындай ешкімім де, ештеңем де жоқ екен. Сонда да, бірнеше мәртелеп ұмтыла, ұмсына ентелеп, ыза-кек буып, түңіліс сүйрелеп, жардың басына жақындап-ақ барғанымда да, биік бұталарға таяп, тап-тап бергенімде де, қайран жиырманы қаншама қиып жібергім келгенімен, шіркін-ай, жалғыз ғана жылт-жылт етер ұшқынның, жалқы ғана жіптің ұшы бар екенін сезінгенмін.

Бұрындары да бар-баршадан безіне түңіліп, шыңырау түбіне зымырай құлап бара жатқандай азапты сағаттар аз кездеспейтін-ді. Сәлден соң емші уақыттың еншісіне тиер сәттер өтер. Одан кейінірек... Әлдебір сиқыр күш бойды буып алып, безіне түңілудің шегінген орнын сезіне үңілу басатындай бір күйді бастан кешетінмін. Сол бір үзік-үзік үмітті сәттерде ортасынан бүктелген қоңырқай дәптерге бірен-саран ғана шумақтар түсірер едім ғой мен, ағажан! Әлгі өлең секілді жолдар тізіле төгіліп жөнелгенде, өзімді-өзі танымай, безгек тигендей қалшылдап, селкілдей дірілдеп қоя беретін едім. Жай кездерде жасып, жалтақтап, жабығып күнелтетін мына бейшараңыз қоңырқай дәптерге қол тигізе бере-ақ бүтіндей басқа жанға айналатын-ды.

Ауылымның жотасында, жыра-жыра жарлауыттардың басында азап шеге аласұрғанда да қиып кеткім келмеген дүниенің нендей нәрсе екенін бірден біле алмағанмын. Бірте-бірте түсіндім, жалғандағы жалғыз тал жібек жібімнің ұшы осы шумақтар дейтін шіркінім екен ғой.

Тіршілік етіп жүрген тұрағыма тазарып, бойымдағы жиіркенішті қылықтардан түгел арылып оралғандай едім. Біразға дейін солай ойлағаным, солай жүргенім рас. Әттең-ай, әттең, ерік-жігер дегеніңіз, егер менде бар болса, құмдақтау, бос топырақтан жаратылған шығар, бір айға әзер шыдап, қайтадан барып шөлмектестеріме қосылдым да кеттім.

Міне, ағажан, Адан деген ініңіз маған сол бір күндерде, күйіп жүрген шағымда кезіккен.

Алғашқыда ұза-а-ақ қарап, көп тұрған.

Танысқаннан кейінгі сағаттарда-ақ менің өлең жазатынымды, өзге де жақтарымды жап-жақсы зерттегенін байқадым.

Бір дегеннен-ақ ол мені баурап та үлгерді, бұйыра сөйлеуге де жетті. Не керек, ә дегеннен айтқанын екі еткізбей орындата бастаған. Неге ғана оның жетегіне бұйдаланып, бұйрығын бұлжытпауға айнала бастағанымды білмедім. Әлі жөндеп біле алмаймын.

Ол ішпейді екен. Бұрынырақта ішкенде көкесін көрсеткенін, кейіннен ешкімге айтылмас, сездірмес сойқанды бір себепке байланысты мүлде тыйылғанын бертініректе білдім.

Маған да ішуді ұмыту туралы құлақкесті құлындай етіп қатаң талап қойды. Емдеткені де рас. Онысын ешқашан ұмытпақ емеспін.

Мен оған қатты таңғалатынмын. Қай жағынан алғанда да, қай қырынан қарағанда да епті, пысық, кім-кіммен де бір дегеннен, бір деммен тіл табысып ала қояды. Түр-тұрпаты да, сымбаты да келісті, нендей жағдайдан да жол тауып шыға алатындай икемді. Тіпті тұқыртқысы келсе, тұтануы тез, тұңғиықтан алып шыққысы келсе, жадырауы жылдам. Әйтеуір, Адансыз ауа қармаған балықтай солықтап құритыныма көз жеткіздім. Оның, яғни Адан досымның қай қасиеті болсын, өзімдегі ойсырап жатқан олқы ойпаттардың орнын толтыруға жаралған-ау деп те ойлайтынға айналдым. Бара-бара бұл жігітті, Адан дейтін адамды мына мен үшін, қорлықтан құтқарып қалу мақсатында Жаратқанның өзі жеткерген шығар деп, өзімді-өзім жұбата шүкіршілік ететін едім.

Адан не айтса да дұрыс көрінетін. Қандай тапсырмасы болсын, ырзаландыра ыржаңдап орындауға әбден үйреніп кеттім. Зәуіде бір жұмыстары дер мезгілінде атқарылмай қалса, жанымды қоярға жер таппайтынмын, ішкен-жегенім бойыма сіңбейтін еді. Қазір ғана ойланамын ғой, соншалықты күйге қалай ғана түсіп кеттім екен деп.

Сол кездері шынымен-ақ өзімді-өзім адам сезіне бастадым. Аданға ес-түссіз қатты берілдім. Қара жұмысқа қаршадайымнан пісіп-қатқаным оған аса ұнайтын. Мені өзінен де артық көретін досы санайтынын айрықша айтып, арқамнан жиі-жиі қаққылаушы еді. Тек өзіме ғана емес, екеуіміздің айнымас дос екенімізді жұрттың талайына жариялай айтып отыратыны ұнасымды көрінетін. Аданның көмегімен бір жеңіл-желпілеу мекемелерде де істедім. Ол жылдары жұмыссыз жүрсең, жауапқа тартатын еді ғой, аға. Жұмыстан қорқатын, қиындықтан қашатын мен бе, өкіметтің тірлігін ойыншық құрлы көрмей, Адан сынды адал досымның тірлігін де ала жаздай да, алты ай қыстай да атқара бердім, атқара бергенмін.

Жұмсауын сиретіп демалдыратын, жаз дейтін, яғни өлең жазшы дейтін кездері де жоқ емес-ті, обалы не керек. Аздап жазыңқырайтынмын сондайда. Ал шындап өлең келер сәттерде оңашадан-оңаша қалғанды жаратушы едім, бүкіл өнбойымды діріл буып, күллі дүниені, тіпті жалғыз досым Аданды да уақытша ұмытатынмын. Бірте-бірте Аданның көмегімен газеттерге де шыға бастадым. Жұрт білетінге айналды, сұрайтын секілді. Аға, өзіңіз де үлкен басыңызбен мені іздеп сұрап, күндердің күнінде шақырттыңыз да. Бірден баруға ұялдым ба, жасқандым ба, білмеймін. Ақырында, батылым жетіп, қоңырқай, қарапайым бөлмеңізде болған талқылауға қатыстым. Сонда, сол күні менің әрбір өлеңімді көңіл қойып оқитыныңызға таң қалғаным-ай! Жылы-жылы пікірлер білдірдіңіз, абайлаңқырайтын жақтарыма да аялдап өттіңіз. Қанат байлап ұшып қайтқаным әлі есімде.

Кездесулерге жиірек тартқыңыз келетін-ді сол жылдары. Ал мен жұртпен жүздесуден де жасқаншақтап, осындай-осындай орталарда жүруге лайықпын ба, көпшіліктің алдына шыға беруге хақылымын ба деп, өзімді-өзім тергеп-тексеріп, тұқыртып бағатынмын. Бұйығылықты бүркеніп, Адан қайрамаса кездесулерден қалып қоя беретінмін. Адан досымның маған қарайлауға уақыты болыңқырамай, жұмсамай-жуықтамай, әлдебір жұмбақ шаруалармен айналысып, алыстаңқырап кетер кездерінде уайымға тұншығып, ойға бастырылығып қалатынмын. Қаршадайымнан қайырымды қабақ сезінбей өскен сорлы басыма Адан боп қонған бақытты абайсызда біреу әдейі үркітіп, ұшырып жүрмегей деп, үрегей күйге түсетінмін. Мен үшін шынында да Аданнан артық адал адам, Аданнан артық адал дос жоқ еді. Оның олқылықтарын елегім келмейтін, біраз күн ғана көрініңкіремесе, шарқ ұрып іздей бастайтынмын.

Осылайша уақыт өте беріпті. Біраз жылдардың ішінде қым-қиғаш, қым-қуыт ирелеңдеген соқтықпалы соқпақтардан дін аман өтіп келе жатсам, бірқатар ілгері қадам бассам, Аданның арқасы шығар дейтінмін. Қалай болғанда да, жиырмадан кейінгі тауқыметім кеміді емес пе?

Жалпы, аға, мен аса қанағатшылдардың қатарында саналатын шығармын. Өлең жөнінде өзіме-өзім ешқашан қанағаттанбаймын ғой, ал өзге дүниенің қайсысына болсын, сыпа-сыпайылығым басым болар, сірә. Тек Адан досым үшін ғана ғұмыр кешетіндей едім мен. Үйленгеннен кейін де, дүниеге қызым келгеннен кейін де өзгере алмағанмын. Адан досым бірдеңе деп емеурін танытса, өз тірлігім өртеніп бара жатса да, жүгіре басып желіп-шауып кете баратынмын. Келіншегім қоса сөйтетін күйге үйреніп кеттік. Өлеңдейін табынатын перзентім келді дүниеге, төбем көкке жетті. Аданды одан сайын төбеме көтергім келетін. Қызық-ай десеңізші, аға, мына маған да жеке үй, отбасыма шаңырақ, дүние-мүлік керек екен-ау, қашанғы кісінің пәтерін, бөтеннің бөлмесін жалдап, жалынып жүремін деп ойламаппын ғой. Ойламадым дегенім бекер болар. Көкейде жатқан да шығар, алайда жұлқына сыртқа шығармағаным рас. Табалдырық тоздырып тілемсектенбеппін. Кімге талап қойып, кімге салмақ салармын... Мен және менің отбасым кем дегенде он жыл ма, он бес жыл ма, тіпті жиырма жыл ма, міндетті түрде үйсіз-күйсіз жүруіміз керек секілді көрінетін де тұратын. Ең бастысы, Аданым бар дейтінмін.

Ойпырай десеңізші, Момын аға, бірер ай бұрын сіз біздің достығымызға жұрт қызығатынын айтқаныңызда, мені өзіме мүлде беймәлім бірдеңе буындыра жөнелгендей, кенет шоршып түстім-ау, сірә. Жүрек шіркін неге ғана суылдап қоя берді екен сонда?! Шып-шып терге малшынып, сол бір құбылысты ұғына алмастан, дал болып қатты дағдардым. Үстеліңіздің шетін шұқыладым. Сол сөзді бекер-ақ айттыңыз ба, қайдам... Дедім де тағы ой кештім.

Жо-жоқ, аға, мені азапқа түсірген сіз емес едіңіз. Шынтуайтына келсек, бәрімізді де еліктіріп, еліттіріп, еріте елжіретіп, өлең әлемін өзгешелендіріп жіберген әлгі бозбала ақынның ғана әсері екені ақиқат. Шыны сол, аға, дүниені дүр сілкіндіріп, бәрімізді бір сілкіндіріп жіберген жас өскін балаң жігіт болатын. Соның өзгеше өлеңдері еді!

Ағатай-ай, осыдан кейін өзгемізге өлең жазбақ не керек, өзгені қайдам, өзім тіпті ақын болмай-ақ өтейінші, сол бір «жыл келгендей жаңалықтың» құрбаны болып-ақ кетейінші, сол бір тосын-тұнық тыныстан көз жазып қалмаңызшы, балауса бозбала аман жүрсінші, әлденеге, бір бәлеге ұрынып қалмасыншы! Ағатайым-ай, әлдененің, бір бәленің салмағына жаншылып, жасып, жабығып, жыламасыншы, егіле түңіліп, езілмесінші сол бала... Демек едім сонда сізге, Момын аға. Осының бәрін сізге ғана, оңаша сездіргім келіп, өзіңіз бәрін байқап, бағамдап отырсаңыз да, қайталап айта түспекке бекініп, қасыңызда қалып қоюға батылым жеткен. Әттең, апырақтай тапырақтап Адан кіріп келді. Мені шарқ ұрып іздеп жүргенін айтты. Сізді тастап, ештеңе айта алмастан, Аданның артынан еріп кете бардым.

Бұрын Аданның артынан ілесе бере бәрін ұмытып жөнелетінмін, сол жолы олай болмады. Бәрібір, бозбала ақынның өлең жолдары жадымнан кетпей, тіліме орала берді.

Ал алдымда Адан емес, қап-қара дақ кетіп бара жатты.

Бұл не деген сұмдық деп, қатты шошыдым. Адан досыма тарыдай дақ түсіргім келмей, сол үшін ғұмыр кешіп келе жатқанда, кенеттен, күте қоймаған жерден толайым-тұтас қап-қара даққа айналып көрінуі неліктен?! Деп шошынғаным рас.

Сол бір түні Адан ініңіз де менің кенет өзгергенімді, басқашалау болып тұрғанымды байқамай қала алмады, әрине.

Аға, кейінгі кездері келген қорытындыларымның бірі сол, бұрынырақта бәрін бүркемелеп, боямалап, жасыруға болатындай екен де, өзімізді де бетперделеп көрсетеді екенбіз-дағы. Сірә, кімнің кім екендігі, ненің не екендігі енді-енді ғана анығырақ айқындалып, тереңірек білінбек-ау. Тіпті мынадай кезеңдердің өзінде Алла-тағаламыз кімнің кім екенін, ненің не екенін әбден анықтап, сынамаққа әдейі ғана қолдан жасап қой-е-еп, барлап-байқап отырғандай көрінеді де тұрады маған.

Күллі дүние-әлемді, шыркөбелек айналған жердің жүзін, оның бетіндегі жанды менен жансыздың бар-баршасын қара басының өзімшіл-өктем мақсатында жұмсап бағуға, қалайда пайдаланып қалуға шімірікпейтіндердің, ал жұмсауға жарамайтынына, пайдаға аспайтынына көздері жетсе, тапап өтіп, таптап мыжып кете баратындардың тым көбейіп кеткені қалай? Көбейе берсе, асқына түссе, не болар түбі? Деп қорқатыным рас, аға. Алла-тағаламызға бәрі де аян ғой бірақ..

Сол бір кештен кейін Адан туралы сан ойларға қамаламын. Алуан құбылар қырлары мен сырларының қалтарыстарын түк білмегем, сезбегем дей алмаспын, сірә. Баяғыда мені таңдап тауып алғанының өзінде ерен терең есеп, қилы қисап жоқ дей алмаспын тағы да. Күлте көрмей көрбілтеленіп, қылтаны ғана қанағат тұтып, қабарған санам сатқын сәулеге алданып келгендей екен де. Таразының бір басына Аданды, екінші басына адамды салып байқауға батылым жетті ақырында. Досымның ындын-ықыласын аршып көруіме тура келді. Бәрібір қара даққа айналып-ақ кете беретін жерінен ағартып, ақтап ала қоятынымды қайтесіз... Досымнан бірден, біржолата безіп кетуге, қайтадан дүниені кезіп кетуге батылым жетпейді. Оның бойындағы кемшіліктерді түртпектей іздеп, қазбалай тауып, бетіне басып, алыстап кеткенде, мына менің барар жер, басар тауым қанеки? Бар ма қазір ондай жер мен сондай тау?

Жүйкемдегі қашаннан-ақ қалыптасқан ағысты қалт тоқтатып, шалт тежеп, бәлкім, басқа арнаға бәрібір бұрылмаққа беттеткен сол бір жас құрақтай балаң жігіттің жырлары десем, кім сенер... Өзім де иланбас па едім, сіздің көзіңізге жас алғаныңызды, оны жасыра алмай қалғаныңызды көрдім емес пе?!

Адан осы жақында ғана қазақтың асқан атақты ақынын Алматыдан арнайы шақырып, кереметтей, қошеметтей күтті. Небір биік тауға да, небір жұмақ бауға да апарды. Өзіңіз білесіз, Аданның ақындыққа қатысы жоқ, маған арнау өлеңдер жаздырып, атақты тойларда оқып беріп малданады. Оның да өзгере бастағаны шығар, маған деген пиғылын бүркемелеп те, боямалап та, бетперделеніп те әуреленбеді. Менің Адан досым әлгі мәшһүр ақынды неге ғана, неліктен ғана астанадан ат терлетіп алып келіп, күте қойды десем, қилы-қилы қисаптың бірі екен-дағы. Мейлі ғой, аға, бірақ ғажайып санайтын ақынымның алдында мені табанының астына сала мыжғылап, қорлағаны қатты батты. Құл жұмсағандай құлшына жүгіртіп, содан рахат тапты. Шыдадым бәріне. Өлең жазатыным туралы әлгі кісіге ләм-мим тіс жармады. Мен де жалпақтап, танысып-білісуге ұмтылмадым. Тек бүкіл қазақ табынатын ақынды жақыннан көріп, жанарымды суарып, желе-жортып жүгіре бергенмін.

Көрмегенім-ақ, жақындамағаным-ақ жөн еді-ау, аға. Соншалықты атақ-абыройы да, шығармашылық күш-қуаты да, бергені мен бермегі де салмақты, ғажайып ақынымыздың Адандардың алдында арзандап кете барғанына қатты күйіндім.

Бәрінен де түңіліп, баяғы жарлауыттардың басындағындай күйге түсіп, Адандардан да, адамдардан да безіп-ақ кеткім келіп, жалдап тұратын пәтеріме жетсем, жалғыз қызым әл үстінде жатыр екен. Сол секөндтің ішінде-ақ бәрін ұмыттым да кеттім тағы да, ағатай. Кіп-кішкентай, тілі де шыға қоймаған бөбегіме, өзегімді жарып шыққан өлеңіме, күйіп-жанып, қиналып жатқан перзентіме дәрі мен дәрмекті қайдан табайын түкке икемсіз сорлы басым, дәрігерлермен қалай тіл табысармын?!

Әрине, Аданға қайта ораламын енді.

Тіпті сонда бар ғой, сәбиімнің табан астынан сырқаттанып қалғанына да сол Адан досыма шәк келтіргендігім себеп болды ма әлде деп ойлап, өзімді-өзім жазғырғаным есімде.

Әлгі атақты ақын арқылы бұл жақтағы діттеген үлкен шаруасы біткен соң, миығына мысқыл жүгіртіп отырып: «Бейшара! — деді досым Адан. — Бейшаралар өңшең...»

Ол шынымен-ақ бүкіл қазақ түп-түгел табынатын әлгі ақынды айтып тұр еді.

«Сен де бейшарасың, соны ұмытпағын, — деді ол маған да сыздана қарап. — Соңғы уақытта өзгеріп барасың. Өзгеремін десең, өзің біл. Бірақ бейшарасың бәрібір».

Осыдан кейін не деуім керек еді, не істеуім керек еді?! Білмедім. Түрпі тигендей тіксініп жиырылдым да, үрпиіп қайта басылдым. Есікті қатты жауып кетіп қалғаныммен, иттей боп қайта оралуым әбден мүмкін. Сонымен, екеуіміздің арамыздағы жағдайды сіз қызығатындай достық деуге бола қояр ма екен, аға?! Достық дегеніңіз ақындықтан да биігірек қасиет емес пе? Оныкі белгілі делік, менікі не? Менікі қандай қасиет? Қасиет дегеніңіз бар ма өзі менде? Мен кіммін өзі? Бірде-бір адал досым жоқ екенін, жападан-жалғыз қалғанымды мойындауым керек пе?! Шынайы, кіршіксіз достық қалды ма өзі өмірде?! Достық дейтін киелі ұғымды түптеп, түстеп түсінбек түгілім, іс жүзінде опасыздық жасап келгенмін бе?! Сонда кім болғаным, ақындығым да дәл сондай жалған емес пе екен?! Бәлкім, жердің бетін жалған достық пен жалған ақындық жайлап алған болар?! Шын достық пен шынайы ақындық оралмайынша, мына заманың да түзеле алмаса ше?!

Шын ақындық сол бір жас құрақтай желкілдеген бозбаланың өлеңдерінен басталар ма, кім білсін?!

Құрметті Момын аға!

Міне, сізге айтайын дегендерімнің біразы, шамамен алғанда, осылар еді. Әлі түк те айтпағандаймын. Бойым жеңілдей ме десем, қайта зіл тартып, ауырлап бара жатқандай. Маған ренжімеңізші, аға. Сіздің иығыңызда да жүк көп. Талай жылдардан бермен қарата облыстық газеттің бір бөлімінде, қарапайым ғана күйде келе жатырсыз. Талай-талай жастарды міндетсінбей-ақ, өзгелер түгілім олардың өздеріне де білдірмей-ақ тәрбиеледіңіз. Өзіңізбен соңғы кездері іштей ғана тіл қатысып, күбірлей шүйіркелесіп жүретінімді хатымның бас жағында жаздым ғой деймін. Артық кеткен жақтарым болса, ұзын-сонар хат арқылы мазаңызды алсам, кешірім өтінемін. Адалын айтып, ағымнан жарылмақ болғандағым осы.

Адан досым біреуді қатты кемсіткісі келсе: «Бейшара!» — дейтін.

Мен біреуді қатты аясам: «Бейшара...» — дейтінмін.

Кешіріңіз, аға, бірде Аданым сізді де бейшаралар тізіміне қосқан-ды. Күлген болып: «Момын десе, момын. Өз пайдасын білмес, аузына түсіп тұрған нәрседен айырылып қала беретін адалсымақ бейшара», — дегеніне қарсы шығып, жақпай қалғаным бар. Осы «бейшара» деген сөздің төңірегінде кім-кіммен де айтысуға әзірмін, аға.

Бейшара..

Алғаш Адан осы сөзді айтулы ақынның сыртынан, сосын өзіме қадай айтқанда қатты күйініп, намыстанғаным рас. Кейінірек, тағы басқа да талай кісілерді осы тізімге тіркеген соң, керісінше, тәуба келтіріп, жұбаныш таптым.

Осы сөзге жөндеп, мән-мағына беріп қарайықшы, аға! О бастағы мағынасы соншалықты намыстанып, шошып, шоршып түсетіндей бола қоймаған да сияқты емес пе? «Бейшара» дегеніміз «шарасыз» дегеннің баламасы ғой түпкі төркінінде. Шын мәнінде, мына жалғандағы қоқырсып кеткен пасықтық, толып жатқан тоғышарлық, қат-қабат қатыгездік, әулекі надандық, қойыңызшы, әйтеуір... Осылардың алдында шарасыз қалар шерменделер аз ба?! Жетімдіктің, жоқшылықтың, жалғыздықтың алдында шарасыз болып шала жетілгеніме кінәлімін бе мен бейшара? Мейлі, мен тағдырымның арғы жағына болмаса да, бертіндегі тұстарына тікелей кінәлімін деп санаймын өзімді. Ал жалғандықтың жанында, қараулықтың қасында шарасыз да амалсыз қалуға мәжбүрленетіндерді кім демекке керек? Ағатай-ау, сіздің де сондай-сондайлардың алдында бас имегеніңізбен, амалсыз да шарасыз қалып, азапқа түсер күндеріңіздің көп екенін кім ұғынар?! Іштен тынасыз тек қана. Сондықтан да саяқтау, суық-салқындау, кісікиіктеу, тым-тым тұнжыр күйде, бар-баршадан шеттеңкіреп жүріп жатасыз. Тек кей-кейде ғана өзіңізді де, өзгелерді де табиғатыңызға жарасымды біткен әзіліңізбен қайрайсыз, қуат бергіңіз келеді...

Шарасыздық көп сізде. Білдірмейсіз бірақ.

Ал енді, аға, сол «бейшара» сөзінің кейінірек жамалған жағымсыздау мағынасы да жоқ дей алмаспыз. Сол тұрпаттан алып қарағанда, кім бейшара? Шын бейшаралар кімдер? Оны құдіретті құдайымның бір өзі ғана білер.

Осымен хатымды тәмәмдаймын, аға. Өткенде ше, «Қазақ тілі» коғамының жиналысында: «Өлең қалай өзі, көрінбей кеттіңдер ғой?» — дедіңіз-ау, аға. Сонда сіздің бетіңізге тіке қарай алмай қиналдым. Неге өйттім, оны да білмедім. Білмедім дегенім бекер шығар. Өзім де, өлеңім де қатты қиналыс үстіндеміз, аға. Шарасыз халдеміз. Бәлкім сол бір жаңа ақынның тілеуін тілеп, өлеңмен біржола қош айтысармын, кім білсін оны. Қайткенде де бұрынғыдай бола алмаспыз, аға.

Өзіңізге ұқсаңқырап, хатымның соңына аз ғана әзіл қосайыншы, Момын аға! Сіз өзіңіз маған «бейшараның» қай мағынасын қиясыз? Қай жағына «қисайтсаңыз» да ризамын.

Құрметпен, өзіңіз қиған мәндегі бейшара ініңіз Ардашер.

25-қазан, 1993 жыл. Куншуақ қаласы.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз