Өлең, жыр, ақындар

Тәржіман тірлік

Жаңғақты адамша шағып жей бастаған иттер Т. қаласында табан астынан көбейді.

Аталмыш құбылысты алғаш байқағандардың бірі Үлкен Кеңсенің талай жылдардан бергі тұрақты қызметкері Тәржімантұғын. Бұл пақырыңыздың әуел бастағы ныспысы әлдеқашан ұмытылып, негізгі кәсібі бойынша осылай аталып кеткендіктен, біз-дағы, құрметті оқырман, Тәржіман деп, бас әріппен жазамыз.

Тәржіманның мойнына су құйылып, бүрсеңдеп қақпадан кіргені солтұғын. Бірер жылдан бері жалдап тұратын пәтерінің алдында үш қабатты үйдің биіктігіндей жаңғақ ағашы болатын. Түсі жібімес, жүзі жылымас қожайынның қарасұр төбеті көзін көкшите ырылдап қойып, қыркүйекте қабығынан қашатын баданадай жаңғақты тілімен орай тісіне салып, шақылдата шағып жеп жатты.

Иттің сілекейіне суланып, алайда ақшылтым дәнегінен түк қалмай тазарып түсіп жатқан қоңырқошқыл қауашақтарға таңырқай ұзақ телмірді.

Ертеңіне Үлкен Кеңседегі қызметтестеріне алқынып ақпарат айтқанында, бірге отыратын екеудің ешқайсысы селт етпеді. Тек ішкі саясат мәселелері жөніндегі маман ғана сәлден соң барып, есінеп алып, естіміш ерекшелігіңіздің кейінгі кездері жиірек сөз етіле бастағанын марғау мағлұмдады.

Жұртшылықтың жанынан опа орын таппай, жапа жаныштайтын кезенейлі кезеңдерде кісіні қайран қалдырмақтың өзі қиын шығар. Дегендей күйде таусылмас тәржімасына кіріскен де кеткен. Жанындағы екеу жаңғақты адамша шағып жейтін иттер туралы мәселеден әлдеқайда маңыздырақ бірдеңені білетіндей көрінді.

Екеуіне кезек-кезек назар жықты налынып. Жалынып жаңалық сұрағанды суқаны сүймес сірә дә.

Түскі үзіліске шыққанда Үлкен Кеңсенің алдындағы аққайыңдардың арасында өліп қалған қарлығашты байқады. Қарауыта жантайған ақ тамақ қайран құсқа бөлмеде бірге отыратын екеу де, ары-бері өтіп жатқан өзгелер де титімдей көңіл бөлмеген. Жолдастарынан жырылып қалды қабарып. Мықынынан бүкіл ыпыны білінетін комендант қатыннан күрек сұрады сазарып. Үлкен кеңсе адамдарының басым бөлігі арнайы асханада қу тамақтарына қуырдақ тықпалап отырғанда, қарлығаштың өлігін компьютердің ақ қағазына арулап орап, ақ шаңқан үйдің артқы жағындағы адам аяғы баспайды-ау дейтіндей қуысқа апарып жерлеп қайтты.

— Түсің қашыңқыраған ба, қалай? — деді ішкі саясат маманы түскі үзілістен кейін тісін шұқылап.

— Өлім туралы ойлап отырмын, — деді Тәржіман.

— Өлім туралы емес, өмір жайын ойлайық, жаңа басшы келетінін естідің бе? — деді бөлмелес серігі. — Өліп үлгереміз әлі.

Сөзімен сиқырлайтын сұлуша басшының ауысатыны жайында жел гулеп, Үлкен Кеңсеге сумаңдаған сусыл кіргелі біраз болған.

— Күте-күте шаршадық емес пе? — деді бұл.

— Шаршағаның бүгін-ертең басылар, — деді ішкі саясат маманы.

Сол күннің ертесіндегі сәскеде жаңа басшы тағайындалып, орнына отырғызылды.

Бесін ауып үлгермей-ақ, қарақошқыл қалтафондарын құлақтарына қайта-қайта тосып, сусымалау-суықтау сезілетін жылтыр қара кәстөм-шалбарларының терең-терең қойнауларына қайта-қайта қол жүгірткен бейтаныс біреулер көбейді де кетті. Олар осы уақытқа дейін Үлкен Кеңсенің әлдебір қалтарысында бой тасалап отырып, жаңа бастық келген мезетте атылып-атылып шыға келгендей көрінген.

Жанындағы екі маманның алма-кезек айтқан мәлімдемелеріне мән берсеңіз, мына келген мырзаңыз ― мұстақыл мемлекетіңіздегі әзірге саусақпен санарлықтай, ерекше бай элитаның тізіміндегі тұлға. Несі бар, күні кешегі теңгермешіл заманыңыздың ақыры зауқайым құрдымға жұтылды. Бүгінгі таңда бай-бағланнан бой тартпақтың, буржуйлардан үрікпектің жөні жоқ. Қайта неғұрлым ұлттық буржуазияңыз жылдамырақ қалыптасып, жеделірек жөнделсе, соғұрлым сұйқылтым қоғамыңыздың қуаты артып, сорпасы арзымақ.

Жаңа басшы келерден тұп-тура бір жыл бұрын Тәржіман пақырыңыз Н. қаласына барған. Табан астынан даңқты жерлесінің мерейтойына қатысуы керек боп қалған. Әлгінің өтінішімен бір кітапшасын үш ай бойы түнделете тырбанып, тәржімалап берген. Сол еңбегін ескерген шығар, әйтпесе, Тәржіманыңыз кімнің шікәрәсі? Шақыру қағазы қолына кеш тиген. Ұшақ билетінің кұны ұшып тұр, пойызға үлгере алмасқа айналды. Миы ашып, реңі қашқанда, бір топ жігерлі, жас, жаңа қазақтардың қып-қызыл "Икарус" жалдап, жолға шыққалы тұрғанын естіді.

Ілінді ғой, әйтеуір.

Ұйымдасып-жымдасып, бірге шыққандарға бұл сапар сәтті де сәнді еді. Кеңсеге тығылып, қағаз кеміріп, ілмиіңкіреп жүретін Тәржіманға аса ауыр соқты. Өзгелерге онша сорпасы қосылмай, өзімен-өзі терезеге телмірді. Обалы нешік, ұлан-асыр той серпілтіп-ақ жіберген. Небір ірілеріңізді тірідей көрді. Түрлі-түрлі салалардың дөкейлері, әрқайсысы бірнеше академияның академиктері саналар сайыпқырандар, орасан зор орындарды иеленген Бас биліктің мүшелері, бірқатар министрлеріңіз бен даңқты-даңқсыз дегендейін депутаттарыңыз.

Тойдың ертеңіне даңқты жерлестері Жаңғақты аймағының Т. қаласынан барғандарды Н. шаһарының тау жағындағы жаңа біткен коттеджіне апарған. Тәржіман ирелең жолмен өрлеген «Икарустың» терезесінен коттедждердің таңғажайып әлеміне қарап, аузын аңқитқан.

Мерейтой иесі: «Менің қарапайым екенімді білесіңдер ғой, коттеджім де өте-мөте қарапайым», — деп, екі қабатты, еңселі үй қоршауының сұлу қақпасын сыңғырлата ашты. Жаңғақтының жұрты жапа-тармағай ұмтыла саулап кірді. Төменіректе ақ көбік шашқан бұлақ бұлқынады. Бірінші қабатында бұл түсінбес, түсіне де кірмес бөлмелер, сауна, бильярд залы. Екінші қабатта түрлі-түрлі, қилы-қилы жатын жайлар, жұмыс бөлмесі, кітапхана, мейманхана, тағысын-тағылар.

Шай ішілген соң бұлар биіктеу бір тақия төбеге көтерілген. Олай да қараған, бұлай да қараған. Коттедждердің көкелері мен әкелері небір-небір жондар мен жоталарда, иіндер мен иықтарда, қиялар мен қыраттарда, текшелер мен тепсеңдерде, шатқалдар мен шоқыларда шоғыр-шоғыр зорайып, шоқ-шоқ тұтасып, қат-қабат қапталдасып тұрыпты. Даңқты жерлестің: «Менің қарапайым екенімді білесіңдер ғой, коттеджім де өте-мөте қарапайым», ― деп қаттырақ күрсінгенінің мәнісін сонда ғана түсінді Тәржіман пақырыңыз.

Жұмақтарыңыз-дағы, жұмбақтарыңыз-дағы Н. қаласының тау жақ беткейлерінде тұтасып жатыпты.

― Көкетайларым-ау, керемет қой мынау! Оншақты да емес, жүзшақты да емес, мыңдап саналады ғой мына ғажайып сарайлар! ― деді Жаңғақты жақтан келгендердің біреуі.

― Соншалықты тойымсыз салтанаттың не қажеті бар? Сәл-пәл кемірек, кішірек етіп салып, осылардың әрқайсысы бір-бір қазақ мектебіне көмек қолын созса ғой?! ― деді және біреу.

― Қызғанбаңдар-ей! Іштарлық емес, құштарлық оянғай!

― Иә-иә, жұрт қашанғы қымтырылады? Жеке үйлер біржарым қабаттан аспасын, ені мен ұзыны пәлен метрден артпасын дегендей пәлелерден шыққан ұшпақ, жеткен мұрат қане?! Жетпіс жыл шектеп, шегендеп ұстағаны жетер! Біздің егемен еліміз де өз буржуазиясын қалыптастырсын, өз байларын шығарсын, байлығын көрсетсін! Қашанғы қысыламыз?

― Мектептерге, ауруханаларға қол ұштарын созса дейміз дә.

― Ескі көзқарастан әлі күнге дейін арыла алмай жүргендер арамызда аз емес. Өкінішке қарай!

― Рас-ау, ағайындар! Небір өркениетті, алпауыт елдермен барыс-келіс, алыс-беріс жасауымыз керек емес пе? Сондай мемлекеттердің миллионерлері мен миллиардерлері осындай-осындай жерлерге келіп, осындай-осындай үйлерге кірмегенде, мына Тәржіман ағамыз секілділердің жүз жылдан бері жалдап тұратын пәтеріне бара ма?

― Осы сіз Үлкен Кеңседесіз ғой, ә? Көп жылдан бері?

― Әй, ол кісіде нелерің бар-и, а?!

― Ойы-ба-а-а-ай! Мынадай үй-жайға ең кемі оншақты қызметші керек болар...

Сәлден соң мерейтой иесі Жаңғақты жұртының бір тобын төңірегіне жинап, сыбырлай сөйлеп, талай нәрселерді тәптіштей түсіндіріп тұрды. Осы жуық маңайлардағы, мына үстірт жазирадағы алып коттедждердің әрқайсысының кімдікі екенін атап-атап айтып берді. Көкке төбе тигізе көлбеңдеген көкпеңбек шатырлы күлгін коттедждің иесін атаған сәтінде даңқты жерлестің жұқалтаңдау иегін жұлқымалау діріл жиектеген. Айтуынша, анау кісісі Н. қаласының бірталай жері мен бірқатар жауһар жайларын жекешелендіріп алған көрінеді. Ал, өзінде ондай-ондайдан ештеңе де жоқ екен...

Мінекиіңіз, Үлкен Кеңсеңізге жаңадан келіп кірген көкеңіз сол көгілдір-күлгін коттедждің иесі екен дә.

***

Тәржіманды алып қарасаңыз, іштарлық дейтін дертіңізден аулағырақ адам сияқты. Тіпті Т. қаласының «Буржуйқорған» деп аталатын аймағында күн санап көбейе түскен коттедждерге қатты қуанатын. Н. қаласындағы ғажайып жағдайды көрмесе, дәл бүйтіп қуана да қоймас па еді, кім білсін-ай, кім білсін. Құй иланыңыз, құй иланбаңыз, сүйікті шаһарының шырайына шындап шаттанатыны рас.

Тек қана «Буржуйқорған» аймағы мен Тәржімандарға телімдер тиген шағын аудан аумағының арасындағы Шекара жырасының жыл өткен сайын тым-тым тереңдеп бара жатқанына көңілі қабаржиды. Осынау ор-жыраңыз одан сайын тереңдей берсе, бірте-бірте Жер шарыңыздың жүрегіне дейін жетіп, тіліп түсетін тәрізді.

Үлкен Кеңсенің жаңа басшысы келген алғашқы аптадағы демалыста жеті жылдан бермен қарата төбесі жабылмай тұрған үйінің жанында жабығып ұзақ отырды.

Ақырында анау кісіге арнайы хат жазу керек деп шешті.

Түні бойы талай қағазды шимайлап шығындады.

Әйеліне, бала-шағасына ұйқы бермеді. Таң атқанша жарық жанып тұрғандықтан, қожайыннан ескертпе естіді. Жұмысқа келіп, ішкі саясат жөніндегі маманға орысша жаздырып, өзі қазақшаға аударды. Тек сонда ғана ойындағыша шыққандай сезінді. Қанша дегенмен, талантты тәржімашы ғой.

Арнайы хатты анау кісіге тікелей тиетін папкіге салғызды. Осылайша Тәржіман ғұмырында тұңғыш рет қызмет бабын жеке басына пайдаланды.

Апта өтті.

Ай аунады.

Жыл жылжыды.

Жауап берілмеді.

Тәржіман үшін тәржіма бұрынғыдан бетер көбейді. Бас көтермей бейнет шеге берген.

Бөлім бастығы инфаркт алған.

Күндердің бір күнінде Үлкен Кеңсе иесі Тәржіманды шақыртты. Бір жылдан екі ай асқанда. Жырым-жырым, жұлым-жұлым жүрегінің мың қалтасы түгел тітіреді.

Бұл пақырыңызға қарамаған күйі, бір қолын сусылдай суық жылтырайтын кәстөм-шалбарының әр қалтасына бір сұққылап тұрып:

― Бөлім бастығың қашан шығады? Зи-зи-зиялылар Н. қаласынан бір топ боп келе жатыр. Мына мәтіндерді тездетіп тәржімалау керек, ― деді.

Арнайы хат хақында ләм-мим жоқ.

Тәржіманның тілім-тілім жан-дүние әлемі тыпыршыған күйінен тыншу тауып, тұнжыр бұлтпен тұмшаланды. Қолындағы қағаздарды қалтыратып алмауды ғана мақсұт тұтты.

Анау кісіңіз Тәржіманға көз қиығын да қимастан, түнере түсіп:

― Осы бар ғой-ә-ә-ә, зи-зи-зиялылар неге тілемсектене береді? Осындағылары да, Н. қаласынан ай құрғатпай келетіндері де, бәрі де тілемсек, сұрамсақ, жыламсақ! ― деді дауыс көтере кекетіп.

Тәржіманның тұнжыр әлемі сүлесоқтығынан сейіле алмады. Жауап та қатқысы келмеді. Себебі, анау кісіңіз әлгі сұрақты Тәржіман пақырыңызға емес, өзіне-өзі қойып тұрғандайтұғын. Сауалына жауап күтпей, терезеден сыртқа қарады. Бұл-дағы далаға көз тастауға мәжбүрленді.

Қала үстінде қаңғып бара жатқан қара сағымдарды көрді Тәржіман. Екі жылдан астам уақыт бұрынғы Н. қаласында өткен өзгеше тойды ойлады. Даңқты жерлестің мерейтойы ше? Соны... Небір-небір ірілер. Министрлер. Бас билік мүшелері. Депутаттар... Өздерін-өздері ақсүйектей аңғартқысы, тұлға танытқысы, қайраткер көрсеткісі келетіндеріне, баптанулары мен таптануларына, жүрістері мен күлістеріне, ішісіп-жестеріне һәм дестеріне қара-а-ап отырып, бір ысынып, бір суынған. Ақырында қатты қуанған. Қанша дегенмен, қазекем де қатарға қосылды-ау, жұрт қатарлы жетілді-ау деп. Әлгілердің әрқайсысы бір-бір мемлекетіңізді басқарып кететіндей көрінген. Жай ғана, жайдақ қана емес, жайқалтып-жандандырып, өрістетіп-өркендетіп, дөңгелентіп әкете баратындай сезілген. Солай сезіне берген сәтте сана түкпірінен сығалаған тарғыл пиғыл мияулай мысқылдады: «Осылардың көбісі ірі-ірі тұлғалар бола тұра бағзының бағзы замандарында өз тайпаларының өз алдарына жеке-жеке мемлекет болғанына байланысты небір құлық-қылықтарын бүгінгі мұстақыл мемлекетіңіздің мүддесімен үйлестіре алмай пұшайман-ау. Сол құлық-қылықтардан қайнап шығатын қулық-сұмдықтары да жетіп-артылар. Содан да барып, ұлыс билігінің ұшар биігіндегілерде шіреністер бөлек, шеке тырыстырулар ерек екенін ескермек те керек...» Ызыңнан басы айнала мың-дыңданып, құлағын шыңыл буып жөнелді. Енді бір қараса, осы күнгі ғұламалардың ғұламасы, ойшылдардың ойшылы, мынау кісі жаңа ғана айтқандайын, зи-зи-зиялылардың зиялысы есептелетін, тек тайқымаңдай Тәржіман ғана емес, тұтас қазекем солай санайтын кісіңіз-дағы мұнда кеп қапты. Осында отырыпты. Әнекиіңіз, екі шекесі торсықтай боп бұлтиып, қаракүреңдеу жүзі буалдырлана, жанарымен мұңданып, бірақ былайғыларға, айналасына ашық-жарқындау көрінбекті қалайтындай қалпы байқалады. Қайран-ай, бұл дара данаңыз һәм жасандылықтан ада дей алмайды екенсіз дә, қайтсін-ай. Неге екенін кім білсін-ай, кім білсін, Тәржіман оны осынау ортаға қимаған. Мынау дүркіреген мерейтойға, өзінің әйгілі жерлесіне де қиғысы келмеген. Бұрын-дағы тап осылай өзін-өзі қинаған. Мұндай ортаға, мынадай жұртқа ғана емес, қайырымсыздау қоғамыңызға да қимайтындай күй кешкен. Амалыңыз қанша, кере де қарыс маңдайына кегей де кегей кезеңдер жазылса, не шара...

Бірінші басшының бөлмесінен осындай ойлардың қамауымен қамырығып шықты.

Көп ұзамастан, Үлкен Кеңседе үйреншікті, кезекті сусыл серуендеп жүрді. Анау кісі орнынан алынады екен десті.

Арада үш ай өткенде Үлкен Кеңсеге басқа басшы отырғызылды. Қызылбудандана қызуланып сөйлейді екен. Тағы да баяғыдағыдай, бесін ауып үлгермей-ақ қызылқошқыл қалтафондарын құлақтарына тосқан, кәстөмдерінің бір жеңдерін ішіне бүгіңкіреп ұстаған біреулер пайда болған.

Жаңа басшы келе сала бірнеше жерден элиталық үйлер салғыза бастады. Оларға кім-кімдердің кіретіні де белгілі боп қалған.

Сол жаздағы еңбек демалысында Шекара жырасының шетіндегі бітпей қойған үйінің бір бөлмесіне көшіп барды. Жалғыз өзі ғана. Қара басы. Әйелін, бала-шағасын пәтерінде қалдырды. Қ. ауданынан келе жатқанда үп-үлкен, төсінде ақ жолағы бар, қаракүреңдеу қазақы күшік сатып алған. Демалысының ақшасын түгелдей құрылысқа жұмсамаққа кіріскен.

Күшігі күн санап өсіп келе жатқан.

Тек жаңғақты адамша шағып жеуге үйрете алмай жүрген.

***

Бүгін Тәржіманның көз алдында шешесі марқұм көп елестей берген.

Анасы атақты байдың қызы болған екен. Әнебір заманда әкесінің дүние-мүлкін тып-типыл тәркілеп, жер аударып, атқызып жіберген. Он жеті жасар қыз ашаршылыққа ұрынып, өзбек арасындағы нағашыларын сағалап, әзер аман қалыпты. Орташа таптың тізіміндегі жігіт пешенесіне бұйырып, бала көрмей жүріп, осы Тәржіманыңызды туған. Шешесі шіркін жетпіс төрт жасында дүниеден озды. Шалы тым ертерек кеткен. Он жеті жасына дейін кім біліпті, одан бергі ғұмырында қырсығып өтіпті шешесі. Өзінен-өзі қыстығып. Әдейі ғана тарығып. Өткенін аңсап торығып. Мыңжарымдай қазақы қазанат жылқысы Жанымайдың жотасынан сусап бір келіп бас қойса, бұлақ-өзендеріңіз біраз уақыт тартылып қалар байдың бұлаң қызы бұл пәниден қайтқанша, жетпіс төртінде түгесілгенше, жылтырап киінбеді, жарқырап жүрмеді, шын шаттанып күлмеді.

«Жамаулы көйлек, жасқаулы көңіл» күйінде өмірден өтіп кете барды.

«Теңбіз дейміз бәріміз; Теңесейік, кәні, біз», ― деп кекесін тақпақ айтатын еді ыза-кекке буылып.

Төменгі таптың теңелмегенін, орташа таптың оңалмағанын, жоғарғы таптың жоғалмағанын әлқиссалап алып, әлдебір ән-әуенге салатын:

«Жамаулы-ай көйле-е-е-ек,

Жасқаулы көңі-і-іл.

Теңбіз деп сөйле-е-еп,

Ақсаулы-ай өмі-і-і-ір...»

Қайырмасын қайғырыңқы, құмығыңқы, қарлығыңқы қырағатқа ұластыратын.

Мына заманға жетпеді.

Тістеніп өтті өмірден.

Бәлкім, бұл заманыңызды анасы байқұс басқашалау бағалар ма еді? Тәржімандай пақырларыңыз пайымдай білмей, қадіріне жете алмай жүр ме, әлде? Оны да, сірә, кім білер?

Бүгін өзі біртүрлілеу болыңқырап, анасы салатын әлгіндей әндердің қайырмаларын әлсін де әлсін қайталап, шешесі жабатын, жұқалау, бірақ бұлабұртқан, буы бұрқыраған тандыр нанның иісі танауын қытықтап жатып, ұйықтап кеткен екен.

Күшігінің жанұшыра шабаланған дауысынан шошып оянды.

Екі дәу есін жидырмастан, тарпа бас салып, тырп еткізбей байлап тастады.Біреуі желкесінен бүріп ұстаған күшікті Тәржіманға тақап тұрып бүйдеді:

― Сөздің қысқасы былай, ― деді ол. ― Біз мына Шекара жырасының арғы жағынанбыз. Ұғып алғын, не-е-е-е мына сібежий сабаканы соямыз, не-е-е-е сен немені табака жасаймыз. Біз де адамбыз, итті де, иесін де бірдей өлтірмейміз. Екінің бірі, ерік сенде, білдің бе?

Зілді дауыс шындықты аңғартып тұрды. Ауаға һәм ауыр соққандай, дем жетпей барады. Жүрегінің мың қалтасы миына қарата мұң арта қан бүрікті. Аяқ-қолдан әл-дірмән кетіп, дірілге буылды.

Тас қараңғыда төсі ағараңдаған күшіктің көздері өлеусірей жылтырады. Үн-түнсіз жылайтындай.

― Асықпай ойлан, ― деді екінші дәу. ― Түн ортасынан жаңа ғана қисайды. Мақұл десең, күшігіңді қолтықтап алып, Шекара жыраға түсеміз де кетеміз. Өз еркіңмен бермесең, өзіңді шаламыз. Арғы беттегі қожайынымыз бізге ылғи да нешеме айлар бойы, қаншама жылдар бойы тоңазытқышта жатып үсіген етті ғана бергізеді. Түсінесің бе? Оқта-текте осылай, өзіміз бауыздап, ыстық қанға қолымызды малып, жас ет жеуге шығамыз. Біз де адамбыз ғой, ағай-е-е-ен! Ойлан, ойлана бер әзірше.

Діріл мен жіпке бірдей буылып жатып, әлі де тірліктен үміт үзгісі келмеген. Өңім емес, түсім болса екен-ай деп, беті-жүзін шешесінен қалған құрақ көрпешеге сүйкеп те көрген. Күшігі түсіністік пен тілектестік танытқандай өксіп қыңсылады. Ауру баланың үніндей аянышты естілген.

«Жоқ! ― деді Тәржіманыңыз іштей ышқынып. ― Жо-жо-жоқ, бермеймін күшігімді! Өзімді неғылса, оғылсын...»

Сонда-дағы, қайтсін-ай, табан астында Тәржіманға тағы бір ой соғып өткен. Мүмкін мына екеуі шынымен-ақ қалжыңдап отырған шығар. Айтпақшы, Үлкен Кеңседе, бір бөлмеде бірге қызмет істейтін серіктері түр-тұрпаттарын өзгешелеп, дауыс-дабыстарын басқашалап, әдейі ғана әзілдеп жүрген болар. Ертеңгі күн жексенбі ғой, асарлатып көмек бермекке келсе ше?!

Ай, алдамшы арман-ай, десеңізші! Адамның дауыс мәнісін бағып, талдап-таразылап үйренген Тәржіманыңыз өзін-өзі қалай алдаусыратар? Бұл екеу ― анау екеу емес-ті. Бір бөлмеде отыратын ішкі саясат мәселелері жөніндегі маманыңыз бен шаруашылық істері жөніндегі инженер емес. Мейлі-дағы, амал жоқ. Бейкүнә баладай, жұрттың жұнттай иттері секілді жаңғақ жемекті де үйреніп үлгермеген кінәсіз күшікті өз еркімен беріп, құрбандыққа шала алмас. Ал, мына өзінің ажалы жетіп тұрса, маңдайының сорынан көрер. «Біз де адамбыз» дегенді айтып қалды ғой, бәлкім мыналар аяушылық жасап, аман қалдырар. Талқаны таусылмаса.

Мынау екеу және темекі тұтатып, түтін жұтты. Бір шөлмектің бас киімін жыртып, аузынан кезек-кезек қылқылдатты. Сонсоң сұлбасы сәл биігірек көрінген біріншісі:

― Жә, жетер! ― деді қайрап-қайралғысы, айқай сап жынданғысы барын байқатып. — Қалайын қалайсың, айт енді!

Екіншісі анаусының ашуын басқысы келгендей кейіпте, тебіреніске түскендей ыңғайда мәймөңкелеп:

― Айып етпегін, ағай-е-е-е-н, көкірек қуысында қайырымсыздық пен қанағатсыздық қойындасып түнейтін, әр таң атқан сайын тойымсыздық туғызып оянатын бір буржуйдың бағыныштылары боламыз біз, білдің бе? ― деді.

― Бірақ бізге бүгінде адам бауыздау мен бұзау бауыздау бірдей, ― деді біріншісі.

― Ұзақ күткенімізге риза бол, ― деді екіншісі.

― Бес секөндті санаймын, ― деді біріншісі. ― Бес... Төрт... Үш... Екі... Бір-р-р-р...

― Күшігімді бермеймін! Бермеймін! ― деді Тәржіман.

Біріншісі Тәржіманыңыздың иегін қыса ұстап жоғары көтерді. Кездігін кезенген.

Екіншісі күшіктің аузын уыстап, пышағын жалаңдатты.

― Тағы да ойлан, арманда кетпе, ― деді біріншісі.

― Айтқаным ― айтқан, ― деді Тәржіман тістенумен өткен шешесін көз алдына келтіріп.

Шешесі екі дүние арасындағы қазылар алқасының құрамында отырғандай, байдың қызы болған ғой, сәл сыздана сынап қарайтындай.

― Онда ақырғы тілегіңді, соңғы сөзіңді әнімен қоса шырқай ғой, шырағе-е-ем, ― деді екіншісі.

― Күшігімді тірі қалдырып, жаңғақты адамдарша шағып жеуді үйретулеріңді сұранамын. Соңғы сөзім ― осы...

― Өлейін деп жатқандағы өтінішін көрдің бе?! Мазақ қылып қорлады-ау мынау! ― деді біріншісі.

― Қалжыңдамай қайтсін. Оп-оңай өлейін деп жатыр ғой бұл, обалы олигархымызға, сауабы сорлы халқымызға, ― деді екіншісі.

Тәржіманға бұдан былайғысы бұлыңғыр, бұлдыр бірдеңеге айналып бара жатқан.

Тек шешесі шіркіннің ажал алдында да өзіне осыншалықты мұқалмас күш, қайтпас қайрат бергеніне қайран қалып, қатты таңырқаған...

Осымен аяқтауға да болатын шығар, қадірлі оқырман. Бұдан әрі қиялға ерік бергейсіз. Ақырғы сәтте Тәржіман:

— Ай, атаңа нәлет, ит тірлік-ай! — деді ышқынып.

Ал қазақы күшігі:

— Құрымағыр тәржіман тірлік-ай! — деп қыңсылай жылаған.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз