Өз еркіммен жындыханаға жатуды үнемі армандайтынмын. Не сиқыры бар екенін кім білсін, қалыпты қоғамнан тысқары күн кешіп, қалыпсыз санамен әлемдегі құбылыстарды қабылдайтын сол бейбақтарға қатты қызығатынмын. Солардың өмірін өлердей қызғанатынмын. Мұндай аңсардың жан дүниемде қашан пайда болып, күллі болмысымды қашан жаулап алғанын білмеймін. Кейде соның жауабын тапқандай болып, осы тақырыпта өзім көп оқитын әдеби кітаптардың әсерінен шығар деп түсінетінмін. Бір анығы бойымнан жындыларға тән оғаш қылық, не болмаса іс-әрекеттер байқалмайды. Түйсіктің түсініктемесі — жындылар әлеміне құштарлық.
Осындай ойлардың жетегімен талай мәрте қала шетіндегі жындыханаға барып, мені өз еркіммен қабылдауларын сұрадым. Алғашында күдікпен қараған бас дәрігер тексеріп-тергеп болғасын, жындыханаға жатуыма үзілді-кесілді қарсылық танытты. Өзім де денімнің сап-сау екендігін, тек осы әлемге деген аңсарымның ауғандығын, ендігі бар өмірімді осында өткізгім келетіндігін айтқанмын. Келісім бермеді. Қитығып, кетпей тұрып алдым. Әбден ашуланған бас дәрігер ақыры менің намысыма тиетін ауыр сөздер айтуға дейін барды.
— Сен маңдайларына жазған тағдырымен осында жатқан жандарды мазақ қылып тұрсың, – деді. Ондай ойдың санама кіріп-шықпағанын қанша жерден дәлелдегеніммен, ол көнбеді.
— Әлде мені мазақ етіп тұрсың, – деді бас дәрігер. Жалынып-жалбарынып, өз ойыма сендіруге тырыстым. Менікі ақиқат, бірақ ол бой берер емес. Ұзақ әуреге түстім.
— Сен негізінде мына қоғамның азабынан қашып жүрген жансың, ештеңе істегің келмейді, өтірік жындымын деген сөзбен осында аяғыңды аспанға көтеріп, жатып алғың келеді. Сен арамтамақсың. Ал бұл жер — шындығында ақыл-есінен ауысқандар жататын жер, – деді бас дәрігер.
Соңғы сөз жүрегіме шаншудай қадалды. Шыдамадым:
— Жарайды, маған ешқандай орын тауып бермей-ақ қойыңыз. Бірақ ар-намысыма қол сұғуға жол бермеймін, – деп, есікті тарс жауып, бас дәрігердің бөлмесінен шыға жөнелдім.
Бұл оқиға «қайткенде жындыхағана жатамын» деген ойды асқындырмаса, еш кеміте алмады, алған бетімнен қайтпадым. Күн сайын көз байланған уақыттан бастап түн ортасына дейін қала сыртындағы жындыхананы торуылдайтын әдет шығардым. Ара-арасында шарбақтан қарғып түсіп, терезе сыртынан іштегі жындылар әлеміне үңілетінмін. Олардың санасы сырттағы барлық күштер мен құбылыстардан бейхабар. Өз-өздерімен күбірлесіп, әлдекімдерге жұдырығын түйіп, сәлден кейін қайтадан сабасына түсіп, қоңырқай тіршілік кешіп жүргендері. Дауыстары естілмейтіні өкінішті. Біреулері мүлдем бұйығы. Қанша күннен бері торуылдап, терезе сыртынан қарап жүрсем де, кейбіреулерінің жұмған ауызын ашқанын көрмедім. «Нағыз өмір осындай болуы шарт» деп пайымдадым. Ынтыға түстім. Тіпті менің кеш бата жындыхананы төңіректеуім күнделікті жұмысым секілді. Сол жерден табыламын.
Бір күні адам сенбестей қызық оқиға орын алды. Күнделікті әдетіммен кеш қарая жындыхананың жанына келіп, шарбақтан секіріп түскенім сол, терезеден ішке қарай әлдебіреудің үңіліп тұрғанын көрдім. Әлдекім бақшама түсіп жатқандай ішкі дүниемді қызғаныш оты шарпып өтіп, әуелі тысыр білдірместен қасына бардым да, желкесінен бүріп ұстап алдым. Селк ете түсіп, зәресі ұшқан ол біраз аңтарылып тұрды да:
— Ту, сіз екенсіз ғой... күзетшілер екен деп шошып кетсем, – деді, бойын енді билей бастап.
— Сіз дегеніңіз қалай? Мені танушы ме едіңіз? Ал мен сені бірінші рет көруім. Тез арада табаныңды жалтырат. Бұл жер менікі.
Ол таңданысын жасыра алар емес.
— Шыныменен танымадыңыз ба? Кезіндегі көршіңізбін ғой.
— Уысымнан сытылып қашу үшін, дәл бұлай сырғақтаудың қажеті жоқ.
— Шын айтамын, әлгі өзіңіз анда-санда оқуға кітап беріп тұратын аспирант жігіт есіңізде ме?
Босатып жібердім. Буалдыр елестер көз алдымда жүгіре бастады. Енді еміс-еміс есіме оралды, өткен күннің белгілері. Сол уақыттар менің университетті бітірген, жалындаған жастық шағым. Жұдырықтай жүректе ғаламды құшағына сыйдыратын арман, алда — да ұлы мақсат. Ой, сана — бәрі бұзылмаған қалпы. Қарапайым тіршіліктің өзіне асқақ пафоспен қарайтын шақ. Өмірдегі бар міндетің өзіңнің алға қойған мақсаттарыңды орындау ғана деп түсінетін кез. Тапқын тиын-тебенің жалдап тұрған пәтерің мен нан-суыңа әрең жетсе де, мойымайтын, мұқалмайтын кезең, есесіне өмірге деген құштарлық басым. Сонда менімен көрші бір жігіт тұратын. Мен секілді үй иесінің тағы бір бөлмесін жалға алған. Екеуміздің бөлмемізде тау-тау үйілген кітаптар. Түнімен кеміреміз. Арасында бір-бірімізден кітап алып тұрамыз оқуға. Кейде пікір алмасып, әлдебір ойлар төңірегінде қызылкеңірдек болып айтысатынбыз. Әуелгіде өзін аспирантпын деп таныстырған жігіт, кейде сөз арасында өзін үлкен ғалымдардай сезініп, көптеген ойларға байыпты, байсалды пікір танытуға тырысатын. Бірақ үнемі түңіліп жүретін. Бірде екі аптадай жоғалып кетті. Күнде бөлмесінің есігіндегі қара құлыпты көрген сайын мен де алаңдай бастадым. Пәтер ақысын төлейтін уақыт жақындағандықтан болар, үй иесі де оны сұрағыштай беретін. Бір күні оралды. Өңі қуарып, жағы пышақ жанығандай қушиып кеткен. Қайда жүргенін сұрап едім, күні-түні мұрағатта болғанын айтты. Сенбедім. Сосын «Мен үлкен бір нәрсенің құпиясын аштым, енді мына өмірде маған орын жоқ. Мен жындыханаға түсемін немесе шетелге қашып кетемін» деді. Оның шетелге қашып кететіндей еш мүмкіндігі жоқ еді, алайда жындыханаға түсу мүмкіндігі жоғары екендігі анық. Артық еш нәрсе айтпадым, тек «Ұйықтап, тыныққаның дұрыс» дедім. Ол бөлмесіне кіріп кеткен, ертеңіне тұрсам үй иесі аспирант жігіттің буынып-түйініп кетіп қалғанын жеткізді. Содан бері хабар-ошар естімедім ол жайында. Қаладағы жындыханадан іздеп таппағанмын оны. Сеніп көріңіз, бүгін алдымда тұр. Алайда мінез-құлқы, киім киісі өзгергендей. Кекжиіп тұрысынан байлықтың иісі шығады. Ол менің ойымда одан әрі өзі жалғастырды.
— Иә, мен сол кеткеннен мол кеттім. Бірақ шетелге қашпадым, жындыханаға түспедім. Өмірден кегімді басқалай алғым келді, — айтып тұрғаны қандай кек екендігін түсінбедім, — Өзің білесің ғой, сол кез қиыншылық еді ғой. Еліміз енді тәуелсіздік алып, әлі оңалмаған тұс. Нарық талайды есеңгіретіп тастаған. Сосын бәрін тастап, әлдекімдерге еріп сауда жасадым. Құдайым бір оң көзін салғаны шығар, ісім дөңгеленіп жүре берді. Байлыққа кенелдім. Қазір ішкенім алдымда, ішпегенім артымда. Бірақ алғашқы кездердегі жындыханаға түссем деген ой, санамнан шықпай қойды. Ең қиыны байлықтың тұтқасын ұстап, жалғанды жалпағынан басып жүрген осы сәтімде алғашқы көңіл-күйді таппай қойдым бойымнан. Дәрігерлерге көрінгенмін, бәрі дұрыс, сап-саусың деді. Артынан жындыхананың бас дәрігерімен ымыраға келіп, үлкен көлемде ақша салып ортаға, яғни пара ғой, осында орналаспақ болдым. Бәрі шешімін тапқан. Жеме-жемге келгенде өз сертімнен тайқып кеттім. Енді міне, жындылар әлеміне сырттан телміріп жүрген жайым бар. Сіз әлі сенбей тұрсыз ба, мен сол баяғы аспирант жігітпін ғой. Сіз түк те өзгермепсіз. Тек шаштарыңыздың ағы көбейіпті. Өзіңіз не істеп жүрісіз. Әлде... осы жерде... күзетші болып.., — дей беріп еді, үзіп жібердім:
— Жоқ, күзетші емеспін. Сені енді таныдым... қатты өзгеріпсің.
— Бірақ бір ой маза берер емес.
— Менде де сол ой...
Ыршып түсті.
— Сіздің де жындыхағана жатқыңыз келіп жүр ме?
— Иә.
— Сәйкестік.
— Бірақ мен де сап-саумын.
— Сонда қалай?
— Таңданатын ештеңе жоқ. Есім дұрыс, сол үшін жатқызбай қойды.
— Онда пара бермедіңіз бе.
— Ондай үлкен ақша болса, тағы үстіне қосып, осы жындыхананы сатып алар едім ғой.
— Түсінікті.
Ойланып тұр. Сірә мені жұбату үшін бір нәрсе айтқысы келетін сияқты.
— Сізге бір ұсыныс айтайын.
— Айтыңыз.
— Бас дәрігермен сөйлесіп көрейін, менің қолымды қайтарған емес.
— Мен ондай жолға бара алмаймын.
— Параны айтып тұрсыз ба, одан қорқудың қажеті шамалы, бұл — өмір заңдылығы ғой.
— ...
— Сіз ештеңеден қам жемеңіз, бұл менің бар ниетіммен айтылып тұрған сөз.
— Білмеймін.
— Онда келістік. Ертең жұмыс уақытынан кешікпей осында келіңіз. Бас дәрігерге кіреміз.
Еш нәрсе айтпадым, әйтеуір қол алысып, келісім бергенімді білемін.
Ертеңіне екеуміз бас дәрегердің бөлмесіне кірдік. Мені көрген ол:
— Сіз әлі жүрсіз бе? – деді, жақтырмай қарап. Жанымдағы «аспирант жігітпен» жылы амандасты. Құлағым шуылдап, бір естіп, бір естімейді. Келісіп жатқан сыңайлы. Бір кезде екеуі қол алысты. Бас дәрігер маған бар пейілімен «Жүріңіз» деді. Дәлізбен кетіп бара жатырмын. Бір бөлмеге әкелді. Ішінде жеті кереует. Алтауы қаз-қатар қойылған, біреуі ауада қалқып тұр. Бас дәрігер соны нұсқап:
— Мынау сіздің орыныңыз. Қазір жаныңыздағылар таза ауада серуендеп жүр. Барлығын түскі ас кезінде көресіз. Сонымен қош келіпсіз! – деді. Шығып кетті. Ақырындап терезеге жақындадым, сыртқа қарадым. Ауладағы адамдардың қарасы көп. Барлығы күнде терезе сыртынан өзім көріп жүрген жандар. Ал менің осы жерге түсуіме көмектескен «аспирант жігіт» есік пен төрдей дәу қара мәшинесін от алдырып, орнынан қозғалып барады екен.
* * *
...Қуанышымда шек жоқ. Көптен бері аңсаған арманым орындалды. Қазір жындыханада тіршілік кешіп жатырмын. Бұл жерге қалай тап болғандығым жайында хабардарсыздар деген сенімдемін. Ал жындыханадағы өмір өте қарапайым, бір қалыпты. Ешкім ренжітіп көрмеді. О басында мені ит етінен жек көрген бас дәрігердің де көзқарасы өзгерген. Кішіпейіл. Жындыханада барлығына бірдей қызмет көрсетіледі екен. Рас, басында айналамдағы көршілерге біртүрлі күдікпен қарағанмын. Кейін бәрі сейілді. Тек...
Біз бір бөлмеде жеті адамбыз. Бастапқыдай керуетім ауада қалықтап тұр. Ең алғаш оған қалай шығып жатамын деп бас қатырғанмын. Оны артынан көршілерім айтып бергенде, еш қиын еместігін сезіндім.
Менің көршілеріммен танысуым үлкен оқиға. Түс кезі болатын. Барлығын жақын жерден бірінші рет асханадан көрдім. Тамақ іштік. Бас дәрігер кезекшіге мен жайында айтып жатыр. Кезекші болса басын изеп қояды. Түскі астан соң бізді бөлмемізге әкеліп, үш сағат тынығуымыз керектігін ескертті. Мен кереуетіме қалай шығатынымды білмегендіктен терезеден сыртқа телміріп тұра бердім. Қасымдағылар маған еш көңіл бөлмеді, үнсіз, үйреншікті әдет болғандықтан болар, бәрі теріс қарап жатып қалды. Одан кейін бәрімізді дәрігерлік тексеруге апарды. Сосын аулаға серуендеуге шығарды. Қараңғы түсе қаздай тізіліп кешкі асқа бардық. Жындыхананың күнделікті тәртібі екендігін түсіндім. Сағат түнгі онда бәрімізді бөлмелерімізге таратқан кезекші қыз ұйықтайтын уақыт болғандығын айтып, кетіп қалды. Көршілерім алаңсыз, орындарына қисая бастады. Тек денесі еңгезердей, әрі шашы ұзын біреуі асықпай барып есікті құлыптап алды. Оларға үрке қараймын. Еңгезердей бейтаныс бәрін ыммен ортадағы үстел басына шақырды. Мені де. Бір орында тұра бердім, қалғандары жиналып қалды.
— Қорықпаңыз, біздің қасымызға келіңіз, – деді еңгезердей бейтаныс.
Бардым. Орындыққа отырдым.
— Мына ауада қалықтап тұрған керуеттің иесі сіз екендігіңізді біз білгенбіз. Тек қашан келетіндігіңізді болжай алмадық.
Ештеңеге түсінбедім, себебі бұларды өмірімде бірінші рет көруім. Аспирант жігіт секілді ескі таныстардың бірі ме екен деп ойланып көрген едім, есіме ештеңе оралмады.
— Жә, былай отырғанымыз болмас, – деді, еңгезердей бейтаныс, — таныса отыралық. Әуелі сізге қош келіпсіз дейміз. Менің атым — Кентавр. Мені бабаларымыздың бейнесі деп қарастыруыңызға болады. Соған нық сенімдімін.
Қалғандары бас шұлғып отыр, мен не қоштарымды, не қарсы шығарымды білмедім. Тығырықтан Кентаврдың өзі құтқарып, сөзін одан әрі іліп әкетті.
— Қалғандарын жеке-жеке таныстырып өтейін. Мынау қабағы түксиген бауырыңыздың аты — Шыңғысхан. Кейбіреулер ес біліп, етек жинағаннан кейін шалыс басып, түрмеге түсіп, тіптен өмірінің соңына дейін тағдыры түрме төрімен байланысты болып жатса, бұл пақырыңыз дүние есігін ашқаннан бері жындыханада өмір сүріп келеді. Айыбы — шыр етіп дүниеге келгенде өзі азан шақырып атын қойған. Мына бұйрабас жігіт — жазушы. Бірақ өмірінде бір сөйлем жазбағаны үшін жындыханаға жатқызылған.
Осы сәтте жазушы жігіт орнынан атып тұрып:
— Мен бәрібір ұлы дүние жазамын. Бәрі ішімде, тек әлі идеяларым қорытылмай жатыр, – деп, тағы да бір нәрселерді айтып, даурыға жөнелді. Кентавр оны сабырға шақырған соң барып басылды. Ол таныстыруын жалғастыды.
— Мына қиялға беріліп отырған жігітті суретші деп атаймыз бәріміз. Мұның өз айыбы бар. Қарап жүрмей мемлекет басшысының тыр жалаңаш суретін салған көрінеді. Ақыр соңы жындыханадан бір-ақ шыққан. Өзі еш өкінбейді.
Суретшіге зер салып қарай бастадым. Жанарындағы тұңғиыққа жету қиын екен, түпсіз. Ойлы көздеріне көп қарауға қорқасың. Тайдырып әкеттім. Суретші жұмған аузын ашпады.
Кентавр өзгеге мән берместен, асқан ынтамен таныстыруын жалғастыра түсті.
— Көзілдірік киген кісі — тарихшы. Ортамыздағы ең білімдісі осы кісі. Жердің асты-үсті, әйтеуір білмейтіні жоқ. Бірақ сізге алдын ала айтып қояйын, өте қырсық адам. Айтқан пікірінен ешқашан қайтпайды. Дұрыс болмаса да. Сол үшін де жындыханаға түскен. Жоғары жақтан тапсырма беріп, бүгінгі күннің тарихын толықтай жазып шығасың деген екен. Бұл болса, менің бар мұратым көне дүниенің күмбірін бүгінгіге жеткізу деп, өз пікірінен таймай отырып алған. Әрі-бері көнбеген соң жындыханаға жіберілген.
Кентавр енді соңғы адамды таныстыра бастады. Бірақ күмілжи береді.
— Мына кісі, – деп, сәл ойланып тұрды да, — мына кісінің аты жоқ. Біз түгілі өзі білмейді. Ештеңеден алаңдамай-ақ қойыңыз, зияны жоқ. Оның өз әлемі өзінде. Осы отырғаны отырған..,-деді.
Аты жоқ кісіге қызығушылығым оянды. Ол ештеңеден бейхабар, алаңсыз отыр. Тіпті бағанадан Кентаврдың айтып отырған әңгімесіне де көңіл бөлетін емес. Алдарында адамдар отыр-ау деп елейтін емес.
— Жарайды, осымен өзімізді таныстырып өттік... Сіз жайында бәрінен хабардармыз, тек есіміңізді білсек,-деді Кентавр.
Сұмдық-ай, қапелімде атымды есіме түсіре алмадым. Сасып қалғандықтан болар деп, әрі-бері ойландым, масқара, атым есіме түспей қойды. Мен шындығын айтып, атымды есіме түсіре алмай ұмытып қалғандығымды жеткіздім.
Басын шайқаған Кентавр:
— Қап, егер есіміңізді білмесеңіз төсегіңізге шыға алмайсыз. Себебі өз атыңызды атап, үш рет айқайласаңыз ғана кереуетке шыға аласыз, – деп, ауадағы қалықтап тұрған керуетті көрсетті. Бәрі маған аңтарылып қалыпты. Тек аты жоқ адам ғана алақайлап орнынан атып тұрып, кәдулігі кішкентай бала секілді қолын шапалақтап бөлмені айналып жүгіре жөнелді.
— Алақай! Алақай! Алақай!
Кентвар орнынан қарғып тұрды да, оны ұстап алды. Не болғанын сұрап жатыр, қуанышы қойнына сыймаған аты жоқ адам оған бой берер емес. Оны қатты-қатты сілкіп жібергенде ғана сөзге келді.
— Мен өз есімімнің кім екендігін білдім.
— Есім деймісің...
— Иә, менің атым...
Көзімнің алды тұмандана түсті. Оның айтып отырғаны менің есіміме қатты ұқсайтын секілді. Әлде менің есімім осылай ма еді деген ой келді. Ұмытып қалғаннан кейін, дауласу мүмкін емес. Ешқандай дәлел жоқ. Жаңа таныстарым болса, аты жоқ адамның есімі табылғанына мәре-сәре болып жатыр. Сәлден кейін Кентавр менің қасыма жақындап:
— Оқасы жоқ, бір өкініштің артында бір қуаныш тұрған екен-ау. Сіз атыңызды ұмытып қалсаңыз, мына кісі өз есімін тапты дегендей. Бірақ сіздің орныңыз ауада қалықтап тұрған кереует. Қашанда көмек беруге әзірміз, егер жатып демалатын болсаңыз біз көтеріп шығарып жібереміз,-деді.
Осымен таныстық аяқталды. Мен оларға шаршап тұрғанымды айтқан едім, бәрі жабылып төсегіме шығарып жіберді. Көп ұзамай өздері де жатып қалды.
Жарық сөндірілген. Әуелгіде кереует бір жағына аударылып түсетіндей, қанша шаршасам да көңіл-күйім алаңдап, ұйықтай алмадым. Сәлден соң барып бойым үйрене бастады. Одан кейін көршілеріммен алғашқы таныстықтың әсерін ойша сараладым. Мен үшін Кентаврдың дәл солай аталуы оның еңгезердей денесіне қарап қойылған деп түйдім. Басқалары жайында тереңдей алмадым. Ал аты жоқ адамның қапелімде есімін есіне түсіріп, менің өз есімімді ұмытып қалғанымды ақылға сыйдыру қиын. Бір нәзік байланыс бар секілді. Ақыр соңы санам сансырап, ұйықтап кетіппін.
Ертеңіне бәрімізді кезекші келіп оятты. Таңғы асқа бардық. Одан соң аулада серуендеу. Дәрігерлік тексеру. Жандыхананың күнделікті өмірі осы. Мені бәрі «аты жоқ адам» деп атап кетті. Оған да бойым үйренді, жындыхананың тіршілігіне ену — басты мұратым болғандықтан, өзге нәрсеге жүйкемді жұқарта бермедім. Жындыханадағы басты бұлжымас заң — газет-журнал, кітап оқуға; теледидар көруге, радио тыңдауға қатаң тыйым салынған. Егер аспаннан түскен төрт кітаптың қайсысын оқимын десең, оған еркіндік берілген.
Кейде бөлмедегі жетеуміз жатар алдында әр түрлі ойлар төңірегінде пікір алмастырып, ой бөлісіп қоямыз. Бір-бірімізбен етене жақын араласып, үйренісіп кеттік. Тек есімі табылған адам ғана менен бойын алшақтау ұстауға тырысатындай көрінеді маған. Жұмбағы басым. Десе де осы ойдың тереңіне бойлап көрмеппін. Қалғандарының мінез-құлықтарын бес саусақтай білемін.
Кентавр. Әсілі ол да жұмбақтау кісі. Оның жұмбақтығы — өзі жайында онша шешіліп сөйлемейтіндігінде. Тіптен өзінің жындыханаға не үшін түскендігін айтқанын естімеппін. Кісіге үйірсек. Өзіне қатысты болмаса, кез-келген пікіріге дер кезінде ойын білдіріп отырады. Бар арманы — жұрттың бәрін өзі сияқты болғанын қалауы. Бар ерекшелігі де осы.
Шыңғысхан. Әрқашанда адамдардың өз еркіндігін алға тартып отыратын әдеті бар. Оның түсінігінде қоғам, өмір дегеніміз — белгілі қалып қана. Сол қалыпта өмір кешіп жатқанымызға жыны келеді екен. Оның ойынша біз шыр етіп дүниеге келгеннен бастап әрбір таңдауды өзіміз жазуымыз қажет. Мәселен, өзінің дүниеге келе салысымен тілі шығып, өз есімін өзі таңдауы.
Жазушы. Тым қияли. Кейде айтқан сөздеріне сенгің де келмейді. Кейін білгенімдей, оның айтуынша бұған дейін көп дүние жазған. Ал жұрттың бәрі оны ештеңе жазбаған деп кінәлайтын көрінеді. Түсініңіз ал...
Суретші. Бұл өзі қызық адам. Қалықтаған ойлардан сурет салғысы келіп отырады қашанда. Пікірлері де оғаш. Кейде қабылдай алмайсың. Өз позициясын тым қорғаштайтындардың қатарынан емес. Ойын ортаға салады, сосын қалғанында шаруасы жоқ. Өз қателігін, не үшін жындыханаға түскенін біліп тұрса да, өмірде бір ғана мақсаты бар — мемлекет басшысының тыр-жалаңаш суретін үлкен етіп қабырғаға салу.
Тарихшы. Шындығында онымен сөйлесудің өзі қиын. Бір нәрсе айта бастасаң ана ғасыр, мына ғасырдан дәлелдер келтіріп, алдыңды орап, ауызыңды жаптырып тастайды. Бір ғана осал тұсы, егер онымен бүгінгі тарих жайында сөйлесе бастасаң сөзсіз жеңілгенін мойындайды.
Аты жоқ адам(негізінде есімін қайта тапқанын бәріңіз де білесіздер, бірақ маған осылай атаған ұнайды). Жоғарыда айтып өткенімдей оның жұмбағын шеше алмадым. Қашанда маған күдікпен қарап жүретін секілді. Кейде мені аңдиды. Анық сеземін. Әйтеуір әрекеттерін түсіну қиын.
Міне, мен көптен бері армандаған жындыхананың өмірі. Оның ішінде мен жататын бөлмедегі тіршіліктің қыр-сыры осындай. Бірақ аты жоқ адаммен арадағы қарым-қатынас онша жақсара қоймады. Арамыз қашықтаған сайын қашықтай түсті. Менің жазығым жоқ ойымша. Бірақ... Бірде таңғы астан кейінгі серуендеу кезінде кезекшіден бөлмеге барып жата тұруымды сұраған болатынмын. Басым ауырғандай. Келісім берді. Ұзын дәліздің түпкіріндегі бөлмеміздің есігін аша бергенім сол, іштен аты жоқ адам шыға келді. Негізінде ол аулада серуендеп жүруі тиіс болатын. Бөлмеде не істеп жүр екен деп ойладым. Ішке енсем, менің заттарымды әлдекім ақтарғандай, орындарынан қозғалған. Сол мезетте аты жоқ адамнан күдіктендім. Кешке қарай ол түк болмағандай сыңай танытты. Батылым жетіп сұрай қоймадым. Іштегі күдік кетпеді. Ертеңіне өтірік сылтаумен сырттан ішке кіріп, бөлмеге енсем, мәссаған, аты жоқ адам ауада қалықтап тұрған менің керуетіме жатып алыпты. Бөлмеде өзге жан жоқ, оның қалай шығып алғанына таңдандым. Әуелгіде шошып кеткен ол төсектен қарғып, жерге түсті. Сәлден кейін барып өз күшіне мінгендей маған алая қарады. Кіжініп тұр. Жұдырығын түйіп алған. Не үшін мұндай әрекетке барып тұрғанын біліп көріңіз. Не істеуім керек? Кейін қарай шегіншектедім. Ол оқыстан күліп жіберді. Денем селк етті. Не үшін екендігін қайдам, өткенде өзі тауып алған есімін үш рет қайталады. Сонда барып түсіндім, ауада қалықтап тұрған кереует өз-өзінен төмен түсті. Аты жоқ адам өте ашулы:
— Сен өмір бойы менің атымды иеленіп келгенсің, — дейді.
Менің ойыма алғашқы таныстық кезінде Кентаврдың айтқандары түсті. Ол маған: «Оқасы жоқ, бір өкініштің артында бір қуаныш тұрған екен-ау. Сіз атыңызды ұмытып қалсаңыз, мына кісі өз есімін тапты дегендей. Бірақ сіздің орныңыз ауада қалықтап тұрған кереует. Қай кезде де көмек беруге әзірміз, егер жатып демалатын болсаңыз біз көтеріп шығарып жібереміз» деген болатын.
Керісінше, мен оған өршелене түстім.
— Сіз менің есімімді ұрлап алған.
— Жоқ, менің есімім болатын. Қанша уақыттан бері таба алмай жүргенмін. Мына кереуеттің иесі де мен.
Ол осы сәтте:
— Мен кешке бәрін де жайып саламын, – деді де, өз есімін тағы да үш рет қайталады. Кереует қайтадан ауаға көтерілді. Сосын сыртқа қарай қаша жөнелді. Соңынан қумадым.
Мен оны кешкі серуенде ғана көрдім. Ымырт түскен шақ. Қашқақтап жүр. Бойымдағы ашу-ыза буып барады. Оны өлтіргім келді, ұмытып қалған есімімді қайтарғым келді. Ешкімге білдірместен гүлдерді қоршап қойған қос жұдырықтың үлкендігіндей тастардың бірін артыма тығып алдым. Оны аңдумен болдым. Ауладағы ағаштардың тасасынан өтіп бара жатқанда артынан тысыр білдірмей қуып жетіп алдым. Жалт қарады. Сөзге келместен басынан соғып жібердім. Сұлап түсті. Үстіне мініп алып, буындырдым. Қырылдап барып демі таусылды. Кезекшінің дауысы естілгеннен кейін түк болмағандай орнымнан тұрып, кешкі ас ішуге бардым. Оның орны ойсырап тұрса да іздеген ешкім болмады. Бөлмеге келгенде де жанымдағылардың ешқайсысы оны іздемеді, ол адам бұл бөлмеде тұрмайтындай. Таң атты. Оны ешкім іздемеді. Тіпті аула ішінен оның өлігін тауып алдық деген сыбыс та шықпады. Менің ерекше қуанғаным — есімімді қайтарғаным еді. Бірақ ол жайында жанымдағыларға тіс жармадым. Олар әдетінше мені күнде төсегіме көтеріп шығарып жібереді.
Жындыханадағы қалыпты өмір жалғаса берді...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі