Өлең, жыр, ақындар

Ұлы адам

Ұлы адамды көрмегелі көп болды. Арада бірнеше ай өткен. Қай жақта жүргенін білмедім. Біреулерден «Осы Алматыда жүр екен, бір тұрақ тауып алып, күндіз-түні бас алмастан шығармашылықпен айналысуда. Үлкен бір роман бастап, соны аяқтай алмай жатқан көрінеді. Тек жұма күні кешке қарай Жазушылар одағына бас сұғады екен, қалған уақытында тұрағынан шықпайды» деген сөзді естігенмін. Бұл сөздің жаны бар сияқты көрінді маған. Себебі, жұма күні апталық газеттердің барлығы жарыққа шығып, бес күндік жұмыстың ауыр жүгі арқаларынан түсіп, бір жеңілдеп қалатын журналистердің көбісі қалған екі күндік демалыстың беташарын осы Жазушылар одағынан бастайтын. Қолына қалам ұстайтындардың бірсыпырасын жұма күні кешке қарай Жазушылар одағынан табасың. Бір-бірлерімен бас қосып, бильярд ойнап, салқын сыраны сіміре қауқылдасып әңгімелесіп отырғанын көресің. Ұлы адамның осындай ортаны жаны қалайтыны, кейде кәдімгідей аңсап тұратыны маған аян. Екі апта бойы сол Одақты төңіректедім. Кейде одақтың ішіне еніп, қасыма келген ұлты қазаққа ұқсамайтын даяшы қызға бір сыраға тапсырыс беріп, лезде әкелген сыраны асықпай жұта отырып айналама қарайтынмын. Ұлы адам ұшты-күйлі жоқ. Таппайтынмын. Тағы біреулер «Ұлы адам Астанаға кетіпті. Алматы жалықтырып, жеріктірсе керек» дейді. Ал, қашан да ашық-жарқын мінезінен танбайтын бір досым: «Иә, оның Астанаға кеткенін мен білемін. Сенбейсің ғой, пойызға өзім шығарып салғанмын. Онша көп сөйлеспедік. Әлібек Шегебай деген ақынды танисың ғой, вокзалда тұрғанда соның өлеңінен: «Арман қуып келген едік бәріміз, Адастырды Алматы... Бар болатын әп— әдемі күлкім де, Іздеп жүрмін көп болды. Кешегі сол... ағаларым бұл күнде, Жыламайтын тоқ болды» деп үзінді оқыды. Мен де қарап тұрмай сол ақынның «Арманы асқақ балаң ем, Айды алсам деген талабы. Ауылға кетіп қалар ем, Алматы жетім қалады» деген бір шумақ өлеңімен қысқа қайырған едім, «Ерунда!» деді. Пойыздың жүретінін хабарлап жатқан, жүгіріп барып вагонға мінді. Маған қарап тұрып: «Қош бол, халқым!» деді, екі қолын көкке көтере тісін ақсита күліп. Бейне бір соғысқа кетіп бара жатқандай. Оның әрекеті бір түрлі көрінді-ау деймін, вокзалдағылардың бәрі оған жамырай қарады. Қызық...» деп, Ұлы адамның Астанаға кеткенін растап, куә ретінде айтып берді. Рас шығар... Тыңдай берсең ол туралы Америкаға кетіпті деген нанымды шығатын сөзді естуім ғажап емес. Ол жайында алып-қашпа әңгіме жетіп артылады. Осының бәрі Ұлы адамның іс-әрекеті мен мінезінен туындап, күнделікті тіршілік пен шынайы өмірдің ішкі қалтарысымен астасып, біте қайнасып жататын. Ажырату қиын. Әйтеуір, Ұлы адамның қырық кісіге қарсы шығып отыратын қыңыр мінезі және сол қыңырлығы кейде әжептәуір мерейін үстем қылатыны; сөзден тосыла бастаса «Бәрі жалған» деп бастырмалата жөнелетіні, маңындағылардың сөзін тыңдамай қоятыны; оғаш ой, тосыннан пікір айтып таңқалдыратыны; кейде сондай айтқандарына өзі риза болып, менмендігі ұстап кететіндігі; әсіресе, салқын сыраның уыты бойына тараған сәттерде айналасындағылардан жоғары тұрғандығын айтып қалудан еш қысылмайтыны; перінің қызының қолына түсіп қалғандай еш хабарсыз кетіп, он шақты күннен кейін көзінің асты күлбілтеленіп немесе жол жүріп келгендей шаршап оралатыны — бәрі-бәрі оның өзгелерге ұқсамайтынын, айырмашылығын танытатын. Кейбірі оның бұл қылықтарына сырттай мысқылдай қарағанмен, көзінше ештеңе дей алмай, оның күллі болмысымен келіскендей сыңай беретін. Әлде осыған бірдеңе деп басым бәлеге қалама деп ойлай ма екен, о жағын білмедім. Соңынан түрлі сөздердің еретіні сондықтан-ау деп шамалаймын. Содан болар, оны бәрі азан шақырып қойған есімінен гөрі «Ұлы адам» деп атауға әуес. Біз де өз танымымызбен оны «Ұлы адам» деп, шын есімін айта бермейтінбіз. Ұлы адамның құлағына бұл сөз майдай жағатынын аңғаратынбыз. Бірақ мен ешқашан алдамайтын өз ойыма сенгім келеді. Ұлы адам ат терлетіп Астанаға кеткен жоқ. Алматыдағы бір тұрақта қолынан қаламы түспей ақ параққа үңіліп отыр деу тіптен ақылға сыймайды. Ондай ерікті түрмеге шыдамайтыны анық (өзінің айтуы бойынша). Сізге ертегідей елестеуі мүмкін, мен білсем, ол аспан жаққа кетті, аспан жаққа... Ұшы-қиыры жоқ ғарыш кеңістігінде емін-еркін қыдырып жүрген болуы керек. Бұл жайында ештеңені ойдан шығарып отырғаным жоқ, бәрі өзінің айтқандары, құлағыммен естігендерім. Екеуіміз соңғы рет кездескенде аспан туралы көп айтқан...

Біз сол күні Жазушылар одағының алдында кездейсоқ жолыққан едік. Есікті ашып, ғимаратқа еніп бара жатқанда қарсы алдымнан шыққан. Амандастық. Ішке кірмей сонымен бірге қайтадан сыртқа беттедім. Жемтікке жиналған қарға-құзғындай қауымдасқан Алматы аспанының қара бауыр бұлттары қабақтарын түйіп, түнеріп алған. Жаңбыр жауып тұр. Қалтасынан темекі алып тұтатқан Ұлы адам басын кекжите көкке қарап: «Тәк, аспан жылап тұр. Тағы да... Сірә, адамдар жылауды аспаннан үйренген шығар. Әй, бірақ аспан құсап жылай алмаймыз ғой, солай емес пе?» — деді қайтадан басын түсіре, жанарын маған қадап. Үндемедім. Есесіне іште кім бар екенін сұрадым. Темекінің қою түтінін ауаға лықыта үрлеген ол сәл ойланып: «Мені танитындардың бәрі бар. Сені танитындарды кезіктіре қоймадым», — деп кекесінмен жауап берді. Айтқандарын тікелей қабылдамай, нені меңзеп тұрғанын ұқтым. Еріксіз езу тарттым.

— Неменеге күлесің ей?

— Енді не үшін күлетінімді сенен сұрауым керек пе?

— Жарайды.

Әрі қарай тырс етіп үндемеді. Өңі сызданып, қолын қалтасына жүгірте темекі алғанымен, оны тұтатпай сұқ саусағы мен бас бармағының арасында езгілей айналдырып әрі-бері сенделіп жүрді де «Кеттік» деді.

— Қайда?

— Моргке.

Түсіне қойдым. Қаладағы Байтұрсынов пен Әйтеке би көшесінің қиылысында орналасқан бағасы арзан кафе. Шындығында тек қана ішу үшін келетін орын. Ол жерді Ұлы адамның өзі жол бастап әкеліп таныстырғанына талай уақыт өткен. Алғашында Ұлы адам: «Міне, ішкісі келетін, бірақ қалтасы тесіліп жүретіндерге бұл арадан артық жайлы орын жоқ. Бәрі арзан, қалтаңдағы аз ақшамен сыраға бөгіп шығасың. Сырахана Кеңес заманынан келе жатыр деген сөз бар. Белді-белді кісілердің өзі осы араға келіп сыра ішеді. Көресіңдер әлі... Үйренген жері болғандықтан. Ал, көшенің арғы бетінде морг(мәйітхана) орналасқандықтан, көбі осы жерді «морг» деп атап кеткен болса керек. Не отырыс, сыраға тапсырыс берейік» деген, саяхатшыларға жол бастаған гидке ұқсап, бізге тәптіштей түсіндіріп. Айтқанының бәрі рас. Дырдуы көп демесең, арзан. Белді-белді кісілерді де көрдік талай осы жерден. Одан кейін талай мәрте келгенбіз. Қысқасы, таныс сырахана. Айтпақшы, бірде үш-төртеуміз бас қосқанымызбен, қалтамыздағы ақша аздау болып сол морг жаққа баратын болып шешкенбіз. Көшеде такси тоқтатып тұрмыз. Қасымызға ескілеу «Жигули» келіп тоқтады. Шопыры егделеу кісі екен, «Аға, моргке дейін ала кетеңіз!» дедік. Бағасына келісіп, мекен-жайды айтып машинаға отырдық. Бір кезде шопыр кісі: «Ә, морг дейсіңдер ме, айналайындар-ау, о жақта не жоғалтып жүрсіңдер?» – деді сұраулы жүзбен бізге қарай басын бұрып. Біз ол жаққа не үшін бара жатқанымызды түсіндірдік. Ол кісі кеңкілдеп күлді, біз де күлдік. Бізді шын мәнінде моргке бара жатыр деп ойлапты. Осындай қызық болған. Есіме түсіп, күліп жібердім. Ұлы адам жақтырмай қарады. Бірақ үндемеді. Жауабымның қандай екендігін ұғынған секілді.

— Жүр, көшенің арғы бетінен такси тоқтатайын. Көп болды ғой, отырып әңгімелеспегелі. Анаулардың айтуындағы екі қиялидың пікір таластырғаны қызық, – деді маңғаз қалыпта.

Рөлдегі жас жігіт көшедегі қаптаған машиналардың сигналын ойбайлата құйындатып, межелі жерге көзді ашып жұмғанша әкеліп тастады. Әдеттегідей кафе іші адамдарға толы. Шеткіректе бір бос үстел бар екен, соған жайғастық. Даяшы қызға екі саптыаяқ сыраға, кептірілген балыққа тапсырыс бердік. Ұлы адам әңгімесін бастады.

— Маған осы жер ұнайды. Саған да ұнайтынын білемін. Рахат емес пе, ресмиліктен ада орын. Іште бұғып жатқан сырлар осындай үстел басында ақтарылып сыртқа шығады. Әсіресе әдебиетке қатысты... әдебиет тынысындағы биік мінбелерден айтыла бермейтін небір қитұрқылар саптыаяқ соғыстырылған сайын қабырғасы сөгіле жария болып жатады. Мен соны ұқтым. Өткенде дәл осы үстел басында ана ағалармен бірге болдым. Сен оларды жақсы танисың. Тек тыңдап отырдым. Сыраға қызғаннан кейін талай әңгіменің тиегі ағытылды. Бақталастық, күндестік, көре алмаушылық, ести берсең екі қолыңды төбеңе қойып безіп кеткің келеді. Тіпті сол отырған орындарында өздерінің бойынан сондай әркеттердің ұшқынын байқағанда не деріңді білмейсің. Понимаешь?!

Ол үнсіз сыраны жұтып, балықты маған қарай ысырып қойды.

— Мұндайды жемейтін едім.

Сосын темекі алып тұтатты.

— Көрдің ғой, әдебиетке енбей-ақ есігінен сығалағанның өзінде осындай көріністерді көресің.

— Менің ойымша таусылатындай дәнеңе жоқ. Береріңді тастап кет, бітті. Қалғаны өзгелердің қолында. Бәлкім, Қадырдың «Жазмышын» немесе «Иірімін» оқып шығарсың.

— Оқығанмын. Бірақ ол өз кезеңіндегі ортасын жазды ғой. Қазір базарда басқалар жүр, базарға басқалар келе жатыр.

— Оны өзгелер де айтып жүр.

— Білемін, алайда менің айтпағым басқа. Мені қазіргі әдеби ортаның мінезі таңқалдырады.

— Онда жаз оларды.

— Жоқ. Жазбаймын.

— Қорқасың ба?

— Кімнен, не үшін? Бұлай кекетпе. Мені тек ойландырғаны болмаса, ал жазатыным мүлде басқа дүние.

— Онда соныңды жаз. Уақыт өтіп барады.

— Мен уақытқа бағынбаймын. Бірақ үлкен дүние тудыратындығыма

сенімдімін. Керек десең, уақыт маған қызмет ететін болады.

Мен күлдім. Ол сырасы таусылған саптыаяқты үстел үстіне тарс еткізіп қойды да даяшы қызды шақырып тағы сыраға тапсырыс бере бастады. Бірақ ендігі кезек менікі екенін ескерттім. Келісті. Даяшы тілдей қағазға айтқандарымызды жазып алып кетті.

— Күлесің, ә! Қазаққа Нобель сыйлығын алып беретін мен боламын, ұқтың ба?

— Олай болса қуанамын, әрі қазақтың маңдайына тар келе қоймас.

Екеуміз қосыла күлдік. Шынайы ниетпен «Кел, сол күнге жетуің үшін алып қоялық» дедім. Сыра толы саптыаяғымызды соғыстырдық. Жан-жағыма қарасам, кафе ішінде ине шаншар орын қалмапты. Терезеден көрініп тұрған есік алдындағы жаздық алаңда да күннің суықтау екеніне қарамастан адамдардың қарасы көп. Тыным таппайтын даяшы қыздар екі ортада зыр жүгіріп жүр. Кафе ішінде келген қонақтардың құрметіне ән айтатын әншілер болмайтын. Тек дәу қара магнитафон қосылып тұратын. Бұйра басты, сықпытынан шығармашылық адам екені бірден танылатын жасы отыздардан асқан жігіт «Шәмшінің әнін тауып қосыңдар» деп даяшылардың мазасын алуда. Өзі мас. Даяшылар ондай үнтаспалары жоқ екендігін айтып түсіндіргенімен, анау қояр емес. Әйтеуір қасындағы жігіттің тоқтатуымен әрең басылды. Менің екеуара әңгімеден сырт кетіп, жан-жағыма алаңдап отырғанымды білгендей, «Тыңдап отырсың ба, мен саған қызық әңгіме айтайын» деді Ұлы адам.

— Иә, құлағым сенде.

— Соңғы уақыттарда ана жаққа кетіп қалсам деген ой маза таптырар емес. Сендерден, мыналардан (айналасындағыларды нұсқап) бұрынырақ барып көрсем деймін.

— Оу, тым қатты кеттіңіз. Біріншіден, ол жаққа әлі ерте. Екіншіден, онда қазаққа Нобель бұйырмай қалады (сәл қалжыңға бұрдым, шындығында оның ойынан қорқайын дедім). Үшіншіден, уақытың жеткенде еркіңе қарамай дырылдатып сүйреп алып кетеді.

— Мен шектен шықса да өз еркіммен жасаған істерден ләззат аламын.

— Қызық екен.

Арада екі-үш минуттық тыныштық орнады. Тағы да сыраға тапсырыс бердік. Байқаймын, Ұлы адам ішкі сарайының құлпын енді ашайын деген сыңайлы. Көңілін қылбұраулатып жүрген ойларды менің алдыма жайып салып, жеңілденіп, серпіліп отырғаны сезіледі. Ұлы адамды енді-енді тани бастағандаймын. Бұған дейінгі ол туралы көзқарасымның өзегіне жарықшақ қадалып, быт-шыты шықты.

Ұлы адам тағы да сөз бастады.

— Бірақ, қазіргі күнде ана дүние жайындағы әңгімелер қызық болмай қалды. Адамдар тек нан табу үшін қимылдайды, күреседі. Как, биологиялық инстинкт. Дүниеге келген араның сен үйретпесең де бал жинайтынындай. Айтпақшы, жақында бір газеттен оқыдым, бір ағамыз қазіргі қазақ әдебиетіндегі жазылмай жүрген тақырып деп о дүниені көрсетіпті. Ерсілеу танылар, бірақ ол үшін екі дүниеге де реформа керек. Бірі ана кісінің, екіншісі біздің қолымызда. Тізе қосып қимылдасақ тіптен жақсы.

— Әлбетте, бірақ жаныңда болып жатқан бір реформаның куәсі атанғаныңмен, екінші жағында орындалып жатқанына көзің жетпейтіні қиын. Әрі өкінішті.

— Бәлкім содан болар, екі дүниені де тәрк етіп, аспан жаққа ұшып кетсем деймін. Қанатсыз ақ... Аспанға аңсарым ауып жүр.

— Аспан дейсің бе, ім.., онда ғарышкер болып тууың керек еді. Немесе миллионер болуың қажет.

Ұлы адамның ашуына тиіп кетсем керек, екілене сөйледі.

— Жоқ. Ғарышкер болсам Жер-Ананың ыстық құшағы тартылыс күшін жеңіп шығып, алып кеңістікте салмақсыздыққа ұшырағаныммен «Жерге қайтып оралу» деген ойға тәуелдімін. Қайтып келгеніме өзгелер емес, өзім қуануға тиістімін. Онда күллі мақсатымның күлі көкке ұшпақ. Түсіндің бе? Өткенде аспан жақтан бір қыз хабарласқан.

— Аспан... қыз... түсінсем бұйырмасын! Жынданғаннан саумысың?

Сыраға шашалып қалдым.

— Таңданатын түкте жоқ, әсіресе, ана бір жазушы айтқандай, адамдар таңқалу сезімінен ажырап бара жатқан заманда. Денім де сап— сау. Хат жолдапты маған. Жауап жазып жібергенмін, екінші хаты да келіп үлгерді. Аспан туралы, өз мекені жайында сыр шертіпті. Жер туралы білгісі келетінін жасырмапты. «Келмейсіз бе?» деп өтініпті. Ол хаттарды реті келгенде саған оқытармын. Екінші жауап хатымның орнына өзім баратын шығармын енді.

— Тұнып тұрған ертегі ғой мынауың. Жарайды, сенімен келістім. Сонда қашан кетпексің?

— Жолға дайындалу үстіндемін. Бар жүгім қағаз бен қалам. Аспан жақта қат көрінеді, көп қылып жиып алдым. Кететін күні саған міндетті түрде хабарласамын. Жер бетіндегілермен қоштасуымды сен жеткізерсің. Аспандағы мені ұмытып кетіп жүрмеңдер.

— Сен әлі кетпегенсің...

— Кететініме сенімдімін. Мыңжылдықтар ішінде қайтып оралуымыз да мүмкін, бірақ мәңгіге емес.

— Адам Ата-Хауа Ана кейпінде ме?

— Білмедім, әуелі жетіп алу керек. Негізінде кешікпеген абзал. Қой, тұрайық, бүгінге осы да жетер. Әйтпесе сыраның барлығын тауысып қойып жүрерміз, өзгелерге де қалсын.

Қызық жәйт. Ұлы адамның өзін-өзі тежеп, сырадан тартынғанын бірінші рет көруім. Әрі аспан туралы әңгімесін тыңдай бергім келген. Бірақ бірдеме десем қитығып қалатынын сездім. Даяшымен есеп айырысып сыртқа шықтық. Қызумыз. Ұлы адамнан қай жаққа баратынын сұрадым. Екеуміз екі тарапқа кетеді екенбіз. Әуелі ол такси тоқтатты. Қоштасып жатып «Ренжіме, мен саған енді аспан жақтан ғана хабарласа алатын сияқтымын» деді. «Неге, жаңа ғана кетпей тұрып деп айтқансың» дей беріп едім, «Аспан жаққа кетемін» деп жауап қайырды. Машина жүріп кетті. Санамда «Аспан жаққа кетемін» деген сөз ғана. Сол күнгі әңгімені жадымда жаңғыртсам, «Аспан жаққа кетемін» деген сөз бірден есіме түседі.

Оның аспан жаққа кеткені ақиқат. Аспан жақта жүр... Аспандағылармен тіл табысып, сыйысып та кеткен шығар. Кең ғой аспан әлемі. Әлде аспанның ар жағынан тағы бір әлем тауып алды ма екен.

Оған аспан ұнайды, аспан жарасады.

Ұлы адамға бәрі де жарасады.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер