Өлең, жыр, ақындар

Сезім үні

Күні бойы итеңдеп жүріп отырып, сонау ит өлген жерден келгендегі бар шаруасы — трактордың қосалқы бөлшектерін алып қайту болатын. Дәйім қарбалас науқанның өтінде жүріп өтіп жүретін жұмыскер адам үшін бұл да болса бір уақ совхоз жұмысынан мойын босатқан түрі.

Орталыққа келісімен, маңдай тіреген жері — «Казсельхозтехниканың» орталық базасы.

Тракторын қақпаға енгізді де, қоймашыны тосып, уақыт шығындауына тура келген. Көз қыдыртып, ермек етер ауыл көшесі де қаңсып жатыр. Арқасын темір шарбаққа бере, тізе бүгіп, күнге езіліп, бей-жай отыра берген соң, көзін ұйқы қабыздап, шырқын алды. Оны осынау нәубет күйден кенет сергітіп жіберген — аяқ астынан сықылықтай төгілген қаперсіз күлкі. Жалт қарады да, сыңғырлаған шат үнмен кісіней күліскен қос бойжеткенді көрді. Етек-жеңі ықшам гүлді көйлектер балауса мүсіндерді жартылай жалаңаштап, көзге тоса қойған. «Пай-пай, шіркін-ай!» дейтіндей-ақ көрініс. Риясыз шаттықпен көздерінен жас аққанша армансыз күлкі шығындап, таяқ тастам жерде тұрып қалыпты екеуі. Күн ашылды. Езіліп отырған қоңырқай пошымды тракторшының бар-жоғына бас ауыртар емес. Сындарлы келген ақ құбасы қырындай бұрылып, өңін бергенде, орнынан ұмсына түсті де... қадала қарап қалды.

Адамға асқақтай қарайтын, әсерлі тәкаппар көздер. Қайдан көріп еді, құдай-ау? Иә, ұмытпаған екен ғой... Ұмыта алмай жүріпті бұл. Содан бері көп заман өткен секілді.

Мектеп бітірген жылы емес пе еді. Бір топ жігітпен аудан орталығы Ақжар селосына келген. Оқуға аттанып бара жатқан жақын досы Берікті шығарып салмақшы.

Автостанция басы құжынаған халық. Гитара даңғырымен шуды молайта түскен оқшау топ жұрт назарын еріксіз жаулап алыпты. Қыз-жігіт болып құшақтасып, ән шырқап тұрған жастар.

Топ ортасынан мүсіні мұндалаған сұңғақ бойжеткен шапақты жанарларын бері төңкергенде, бұның бойында әлдене шым ете түскен. Анау тұңғиық қарашықтар қандай салғырт көңілді болсын селт еткізерлік қуатты жарқылға толы екен. Әуелгіде ештеңені байыптай алмай, дәрменсіз жалтақтап қарай бергенін біледі. Аздан соң қасындағы жұртты мүлде есінен шығарғандай шуағы жүрегіне түскен мөлдір жанарларды іздеумен әлектеніп, абдырады да қалды. Сөйтіп, мәңгіріп тұрғанында жолаушылар үйме-жүйме болып, автобусқа лап қойған.

Өзгелер тәрізді Бақытжан да жолдастарының көңілін аулай, Берікпен қоштасқан кейіп білдірді. Автобус терезесінен қуалай қарап, көз жүгірте іздеген адамы басқа. Тез-ақ тауып алды. Жаңағы топтанған қыз-жігіттер оған:

— ...түсіп қайт.

— Бара салысымен, хат жаз...

— Сағынамыз... — десіп, қайта-қайта қолдарын бұлғайды. Қалың шудың қабатынан қыз есімін анық ести алған жоқ. Аңғаруынша, оның да оқуға аттанған беті. Жердегі жақындарынан жасаураған жанарын айырып ала алмай, жаутаңдай береді. Қоштасар шақтағы қимастық сезім өзін сәл-пәл жүдетіп тастағандай. Өңі алабұртып, елжірей күлімсірегені қандай әдемі еді.

Бұл: «Сол көздер өзін көрсе екен, — деп тілеген. — Тым болмаса бір рет сол от қарашықтардың жалынына ілінсемші»: — деген асау тілек оянып еді. Сөйтіп өзін әлгінде ғана жүгендеген күшке бағынып, санасыз қадалып тұрғанында, зарықтырған қос қарашық жалт етіп, бір шарпып өтті. Онсыз да күйісі кетіп, мазасы қашқан жігіттің ішкі сарайын бір төңкеріп, есеңгіретіп тастағандай болды.

Ол тағы да: «Сол бойжеткенге тіл қатсамшы», — деп ойлаған. Қанша қайраттанса да, емеурін танытуға жарамай, көзі бозарып қала беретінін сезді. Онымен қоймай: «Автобусқа отырып, ілесе кетсем қайтеді», — деген арынды ойдың келгенін айтсайшы. «Шіркін, осындай арумен бір жолдың үстінде, бір автобуспен сапарлас болып бара жатқан Берік неткен бақытты еді!» Қалқиған күйі осылайша мәңгіріп тұрған уақытта автобус теңселе бұрылып алды да, түп-түзу шырқау жолға түсіп ұзай берді. Жақын жандарына қол бұлғасып, алыс сапарға салған қалың топ. Сол автобуспен бірге әлгінде ғана бұның көкірегін шымырлатқан ақ толқын сезімнің бір ұшы да ұзап барады...

Қөп уақыт есінен кетпеді. Аты-жөні, артқы тірлігі беймәлім бір жан мұның талай түнін ұйқыдан қағып, құрғақ қиял мен алдамшы ойлардың арқауы болып еді-ау. Енді ойлап қараса, содан бері де екі жылдан астам уақыт өтіпті.

...Бақытжан тізе буынын сытырлатып, еңсесін түзеді де, шарбақты тасалай, көз қиығын қайта салды: соның өзі. Тұла бойындағы өзгерістен анық таза сақталғаны, өзін айнытпай таныттырған көздері болатын. Жүректі өртей қарайтын отты жанарлар сол қалпы. Әйтпесе ептеп есейгені көрініп тұр. Санасына берік ұялаған ақ бантик жоқ, еркін төгілген қолаң шаш сусылдап, иығына құйылады. Жүрек тоқтата анықтап қарап, үлбірете ардақтап жүрген бір әдемі сезіммен табысты. Алғаш көрген кезде жүрегінде орнығып қалған аяулы да, нәзік сезім.

Қыздар аяқтарын санап басып жүріп кеткенде ғана тракторшы құйын түстен айыққандай болып, арттарынан ілескен. Ұзақ уақыт текке сандалып, базаға қайта оралса, қоймашы кейіп отыр екен.

* * *

... Анасы ашытқан бидай көженің үш-төрт кесесін сіміріп салды да, бақ ішіндегі үйреншікті орнына жайғасты. Екі қолын төбесіне қойып алып, аспан қойнына көз тіккен күйі шылымын сорып, қыбырсыз жатыр.

Мамыр айының тамылжыған уыз түні кіршіксіз тазалыққа толы. Шығыстан ескен майда самал бас жағындағы теректердің балапан жапырақтарын тербетеді, кейде көк иісін желпи, танауын да мазалап қояды. Дөңгеленіп туып келе жатқан ай әлемді жұқа нұрға малыпты.

Денесі салдырап, белі тызылдайды. Бойы дел-сал болып, енді ғана рақат тапқандай. Күн ұзақ қатты қажыстан кейін осылай жатып шаршағанын сезінудің өзі — рақат қой. Осындайда ештеңені ойламай бірден ұйқтап кететіні бар еді. Сыртқа жатқандық па, көкірегі шарадай ашылып, елегізі басыла алар емес. Жарық ай көтерілген сайын шашыраған жұлдыздар көмескіленіп, дүние бір түрлі бозамық тартып барады. Әр жерде қалқыған мамық бұлттар сүттей ағарып, тыншыған бейбіт күйде.

Дәл қазір санасын баурап алған жалғыз-ақ ой соның төңірегінде ғана: «Кім екен ол? Не істейді екен? Жігіті бар ма?» Алдымен тілге оралатын сауалдар осы. Ер жеткелі оңаша күйттеп, өзімен-өзі ұзақ сырласқанда, тіпті түсінде де саңылау тауып, көкірегін жарқыратып тұратын бір нұр бар еді. Өмірі көрмесе де, таусыла аңсайтын ақ шаңқандай жалғыз бейне бар еді. Бірақ сол бейненің кім екенін білмеймін.

Енді жылдар бойы іздеген сол арманын анық жолықтырғандай. Көргелі ішкі дүниесі түлеп жаңғырып, өзгере бастағаны байқалады. Өзгеге сезілмесе де, бойындағы бұйығылық, салғырттық сияқты, әбден сіңіскен мінездер басқаша сипат алған: жан дүниесін жарқыратқан әлдеқандай шаттық, алағызған алыпқашпа көңіл.

Сол бір бейнені жолықтырды да, күні бойы, түн баласы таусылып бітпей қоймас қиялға кенелді.

Қанша шұқшия талдағанымен, әлгіндей көп сауалдың қай-қайсысы да әзірше жауапсыз. Тек шын сеніп, анық түйсінетіні — оның көркіндей жібек, көзіндей тұнық мінезі, өмірінде бір-ақ рет кезігетін шынайы ару екендігі.

«Мүмкін, жігіті бар шығар?»

Болса ше? Шамасы жеткенше бағын сынап көрмей ме? Шынымен, адамзаттың өзге ұрпағына өгей, тек осындай аруға ғана тән от қарашық, албыраған уыз ерін, солқылдаған мінсіз сымбат бұған бұйырар ма екен? Бір ойласа, мүлде жақын, қол созымдай-ақ жерде. Бір байырқалап көрсе, сол қиял-қыз бұған ешқашан жуыспақ емес: бұдан бөтен маңдайы жарқыраған жігіт төресіне ғана тиесілі, қол жетпес ғажайып бітім.

Ойын бөліп жіберген - беймезгіл уақытта гүрілдеген трактор үні. Көшенің жоғарғы жағынан жарығын аунақши ойнаатып таяп келеді. Асыққан жүрісіне қарағанда, Беріктің тракторы. Даладан оралған беті ғой. Сол мектепті бітірген жылы оқуға түсе алмай, армияға аттанған. Былтыр күзде босанып келді де, Бақытжан тәрізді бір көк тракторды иеленді. Бұл құсап баланың ойын әурелеп жүрген ол жоқ, әскерден оралысымен, үйленіп алған. Қазір сол жас келіншегі көздері жасаурап, жұмыстан жалықпайтын жарын асыға күтіп отырған болар.

Бұл ауыр күрсінді.

* * *

Екі жерде сорайып кешкі ыстықтарын ұрттап отырған екеуінде үн жоқ. Тек анда-санда: «Нан тура, қасығыңды ал», — деп, шала сыбырмен шолақ тіл қататын шешесі ғана.

Ол кісінің де қайбір сөзі тасып бара жатыр дейсін. Ыңғайсыз тыныштықты бұзғысы келіп, әдейі сөйлейтін сияқты. Әйтпесе сылбыр қимылдаса да, өзіне тиесілі шаруаны орнымен тындырып отырған Бақытжаннан қалатын қаракет жоқ.

— Арыскүлдің үйіне соға алдың ба? — деді шешесі ақыры тыныштықтың созылып бара жатқанына төзе алмай. Өстіп әңгімені өзі бастамаса, ұлының үн шығарман осылай отыра беруден жалықпасы кәміл.

Таңертең Бақытжан көрші ауылға жүк апара жатқан соң, сондағы қызының жағдайын біле келуді тапсырған.

— Барғамын жоқ, — деді Бақытжан дүңк етпе адамның мінезімен қысқа ғана. — Жүкті түсіре салып, қайтып кеттік.

Басқа біреудің шешесі болса: «Неге бармадың, жазған-ау? Бір сағат уақытыңды қиып, бұрыла кетсең, басыңды біреу алатын ба еді? «Бригадир ұрсады» деп сескендің ғой, тегі. Осынша жасық болармысың. Ең құрығанда, жалғыз апайыңның жағдайын біліп келуге жарамадың», — деп жерден алып, жерге салар ма еді, қайтер еді. Тіпті дәл осындай жер-жебір, жекен суына жетіп ұрыспаса да, кекеп-мұқап, біраз жерге апарып тастайтыны анық.

Бірақ Бақытжанның шешесінен ондай орынды сөздің шыға қоюы екіталай. Ұлының мінезіне әбден еті өліп кеткен шешей, оның кейбір сөлекет қылықтарына жайбарақат қарайтын. Туыс-жұрағаты аз, жалғыз өскен баланың ептеп жасықтау, ептеп босаңдау болуы заңды сияқты да көрініп тұратын. «Соңғы кездерде өзі тым жабығып жүр. Тіпті үндемейтін болып кетті. Қайдағы-жоқты бетіне салық қыла беріп қайтемін. «Осы жұмада келіп қайтам», — деп еді ғой, қызы құрғыр өзі-ақ хабарласар», — деп ойлады ана бөлме ішіне тағы орнай қалған қолаңсыз тыныштыққа еріксіз мойынсұнып.

Осы кезде есік алдынан лыпып басқан аяқ тықыры естіліп, іле жүріс иесінің өзі де табалдырықтан аттады. Осы үйге еркінси енетін санаулы кісінің бірі — Беріктің келіншегі екен. Өзіне тән ашық мінезімен, күле сөйлеп кірді. Үлкен кісінің алдында әдептен озбай, жеңіл ғана, шымши әзілдейді:

— Тағы біреу бар ма десем, апам екеуің-ақ екенсіңдер ғой. Мына дастарқан басында үшеу болып отыратын күндерің қашан болады өзі?

Үй ішіндегі жаңағы ауыр үнсіздікке мүлде жанаспайтын жарқын мінез. Шешелі-балалы екеуі бұйығыңқы халден бірден сергіп кете алмай, келген мейманға бірер сәт аңтарыла қарап қалысты. Әжімді жүзін жылытып, шешейдің миығына зорлықтан шыққан күлкі ұялады. Не үшін жымиятынын өзі де білмейтін жанның кейіпімен ойдан айығып үлгермеген кішкене көздерін келіншектің өңіне қадады.

— Апа, сізге емес, Бақытжанға айтып жатқаным ғой. Шымбайына батыра сөйлемесе, оңай қозғала қоймайды бұл. Кәне, айт апамның алдында, қашан үшеу боласыңдар? — деп, тізе бүгіп отыра берген келіншек әлі қалжыңынан таяр емес.

Үй ішінің сәні енді келді. Әлгі еңсені езіп тұрған жаңағы зілдей тыныштық киіз үйдің ашылған түңлігіндей әп-сәтте сырғып жоқ болды. Үйдегі көңілсіздікті түре қууға жас келіншектің сыңғырлап төгілген бір дүркін күлкісі жетіп жатты. Қабақтар жадырап, дастарқан басындағы әңгімеге де жан біткендей.

— Қайдан білейін, қарағым, — деді Балжан шешей жіпсіген самайын жаулығының ұшымен бір сүртіп қойып. — Дос өздеріңдікі, жолдас өздеріңдікі. Неғылсаңдар да, еріктерің. Мен батып ештеме айтып жүргенім жоқ. Өздерің ыңғайлап бір ретін келтірмесеңдер...

— Біздің де айтып отырғанымыз сол ғой, апа. Қозғалатын кезі жетті өзінің. Тамаққа тойып алып, қашанғы пырылдап ұйқтай бересің. Жүр, бізбен ілесіп, бір ауық сергіп қайт. Мүмкін, клубтан жақсы қыздар кездесіп қалар. «Көңілі кеткені болса, айтып қойсын. Трактормен алып қашамыз», — деп жүрген Берік.

Құрбысының ұсынысына Бақытжан қарсылықсыз жылдам көнді. Иығына жөндем киімдерін іліп, бейберекет сепсиген қайратты шаштарын ретке келтірген болды да, үнсіз еріп жүре берді.

— Өзің соңғы кезде қабағың салбырап алып, тіпті сөйлеуді де қойыпсың ғой, — деді келіншек былай шыға. — Апамның көзінше айтып қала жаздап, әрең шыдадым. Біреуге ғашық болып қалғаннан саумысың өзі? Жасырмай, шынынды айтшы.

Ымырт үйіріліп, көзге таған түсуге айналған кез. Қасындағы жігіттің өңіндегі өзгерісті келіншек сонда да қапысыз аңғарып үлгергендей. Жалт қарады да, сықылықтап күліп жіберді:

— Әне, әне, қызарып кеттің. Өтірік деші кәне. Құдай біледі, сен сау жүрген бала емессің, — деді ай-шайға қарамастан, тақымдай сөйлеп. Бақытжанның: «Қойшы, қайдағыны шығарып сен де... Жоқтан өзгені айтпашы», — деген секілді әлжуаз қарсылығын құлағына да ілген жоқ. Жігіттің ішкі дүниесін тап бір айнамен көріп тұрған адамдай махаббатқа қатысты қайдағы бір әдемі сөздерді төгіп, әбден састырды. Жағасына жармасқан қарулы қолдан құтыла алмағанда, адамның жанталасатыны бар ғой. Бақытжан қазір тура сондай күйде. Кеудесіндегі қымбат та, нәзік құпияны ешкімге сездірмей, сездіргісі келмей, қызғыштай қорғаштағаны еді онысы. Сонда бар қолынан келгені — орашолақтау қалжыңдап, әңгімені басқа тақырыпқа бұра беру. Бақытжанның оңайшылықпен жөнін айта қоймайтынын сезген келіншек:

— Әйтеуір, мына қалыбың тегін емес. Шаршағандық па дейін десем, тұнжыраған түрің бөлек. Маған айтпасаң, бәрібір Берікке айтарсың, — деп лажсыз көнген қалып білдірді.

Кино аяқтала, репродуктордан: «Қазір би болады», — деп жариялады. Есік алдына шыққасын, Берік ұйқысын сылтауратып: «Қайтайық», — деп ұсыныс жасап еді, келіншегінің: «Асығып, не бар, би көрейік», — дегені. Сонан екеуінің келісе алмай, төрелік сұрай бұрылған адамы — Бақытжан. Қараңғылықты түре жарқырап тұрған электр нұры оның қошқыл өңіне тірелгенде, сәл көмескіленіп кеткендей. Бүржік саусақтар жайылған жағаны асыға жөндеп, әлекке түсіп жатыр.

Залдың жарығы жанып, жұрт сығылыса, есікке қарай қозғалған сәтте, күтпеген жерден көріп қалғаны. Алғашында: «Көп ойлай бергендіктен, көз алдыма елестеп тұр ма? — деп сескеніп қалған. — Ұқсатқаным басқа біреу шығар», — деп өз көргенінен тағы күдіктенді. Арнадан асқан көктемгі тасқындай есікке қарай лықси қозғалған топтың ырқымен жылжып бара жатқанда, көзін айыра алсашы одан. Жоқ, жаңылыспаған сияқты.

Сусыған қолаң шашын төбесіне түйгені болмаса, ажары ашыла түскен өңінде өзгеріс жоқ. Тыныштығын алып, жүрегін жүдетіп жүрген сол аяулы бойжеткеннің дәл өзі. Санасы аласапыран болып, өзіне бағышталған үндерді естіп те жарытар емес.

— Оу, айтсаңшы, қаламыз ба, жоқ па? — деп, Берік жеңінен жұлқып қалмағанда, осылай тұра беретін.

— Айттым ғой, әне. Сен тегін бала болмадың, — деп келіншектің қырағы көзі әлденені байқап үлгергендей жымың ете түскен.

Күйтабақтан шарықтай жөнелген асау әуен үйір-үйірімен топырлаған қыз-жігіттердің бірден қатарын бұзып, биге сүйреп әкете алмады. Белсене шыққан екі-үш жұптан басқасы, үйірілісіп қабырғаны жағалайды. Майысып, ұялғансып тұрған қыздар, жігіттер жағы да пәстеу. Мана: «Би, би», — деп шуласқандарымен, шын құмартушылар шамалы секілді.

Бақытжанның ендігі бар ықыласы — есіктің көзінде. Қиялдағы белгісіз арудың елесіндей көңіліне орнығып алған сол бір қызды әлгінде көргені анық. Шамалауынша, кинодан соң ол да биге қалуы тиіс.

«Әлде қайтып кетті ме?» — деген жасқаншақ күдік есіктен бухгалтер келіншек және дос қызымен «сол» көрінгенде бір-ақ сейілді. Олар ішке енген сәтте манадан қыздарды алыстан атып, кейбіріне қарастарымен әлденені ишараттап тұрған жігіттер жапырлай бұрылып, тесіле қарасты. Бозбалалар ғана емес, қыздар қауымы да еріксіз мойын бұрысқан: ішке енген үшеудің ортаңғысы бұл ауылдың халқы көптен көрмеген, қыр қыздарына мүлде ұқсамайтын, әлдеқайда биік, үлбіреген кіршіксіз бітім еді.

Жағалай самсай қараған құмар көздер оны сескендірген жоқ. Шаншылған кеудесіндей маңғаз өрлікке салып, тәкаппар жүріспен төрге өтті. Өзі көп сөйлейтін жанға ұқсамайды. Қасындағылар әлденені сыбырлап, сықылықтай күліскенде, езу тартып қана жымиып қойды. Күлкісін де бет алды ысырап қылмай, топты жерде өзін ұстай білетін шын мәдениетті жанның мінезі. Қара көздердің оқта-текте жалт етіп, қарып өтетіні үркердей шоқтанған — жігіт-желеңдер жағы сияқты. Келбетіне сусыған шаш талдарын кербез серпіп, салмақты пішінде үнсіз тұр.

Би енді ғана қыза бастаған. Ылғи да бір ойнақы музыка ұйлығып, именісіп тұрған бұйығы жастарды серпіп, сергітіп жібергені. Аздан соң клуб ішін селтеңдеген денелер, қиқаңдаған иықтар алып кетті.

Ебедейсіз қорбаң қимылынан бөтен Бақытжанның көпшілік ортаға лайық өнері шамалы. Өзі биге шақырған жұқалау ақ сары қыз бұған жымия қарап, шымшыма сөзбен жеңіл әзілдеген болады. Әлденелерді пышырата айтып, өзінше жауап қатқан тәрізді. Көзі де, көңілі де сонда.

«Қазір шақырам», — деп бекінді ол келесі үзілісте. Өзі жігіттердің ортасынан ығысыңқырап, іштей тәуекел етіп, ұрлана солай қарады. Музыка басталғанша, тықырши күткен. Бірақ қыз жаққа беттей алар деген не. Желкеден тартқан әлдеқандай әмірлі күш тырп еткізбей, айналсоқтатып, дымын құртқаны. Жүрегі мүлде дауалайтын емес. Бір ауық жұрттың ауанын байқап еді, бәрінің көңілі дүркіреп соған ауып алған сияқты. Кей жігіттердің басқа қызбен билеп жүріп те, солай қарай алаңдай беретінін анық байқады. «Елдің сұлуға құмары-ай осы!» — деп, күйініш ойлады.

Өзінің мүшкіл халіне қарамай, ішіне бұқтырған қызғанышы да бар. Шақырайын десе... не деп шақырмақ? Құралпастарынан қағас, төменшіктеу қара жігіт ана көркем дүниенің қасында жоққа тән емес пе? Мынау көруге қораш тәпелтек дене, шаң мен май сіңіп, безеу бүртіктеген жалпақ бет, арасы алшақ, жасқана қарайтын қысық көздер... ару әлеметпен салыстыруға жарасын ба? Тіпті, қызбен ұқсатып тілдесе алмайтынын іші сезеді. Биге тағы жоқ...

Маңдайының жіпсігені білінді. Тіпті тілі таңдайына жабысып, аузы да тобарсып қалғандай. Өз-өзінен төменшіктеп, жасып барады екен, тез серпіліп шешімге келді...

Жігіт қызға кібіртіктей басып жақындағанын, қырылдаған жайсыз үнмен: «Билейік», — деп, жасқана қолын созғанын, көздерін әлдеқайда қадаған қыздың ақырын басып икемделгенін, сосын екеуінің жарасымсыз қалыпта вальс әуеніне ілескенін біледі.

Тіл қата алар емес. Қыз беліне жұмыр мықыннан жоғарырақ барып ебедейсіз жабысқан ауыр қолдар қозғалуға батпай, қарыса бастады. Жүрегін басып, көз тоқтатқаны — тоқтатып, маңдайынан сынық сүйем жоғары тұрған аппақ пішін: уылжыған еріндер, мұрын бітімі де қонымды. Көздеріне жолығу үшін басты сәл шалқайтуға тура келді. Онсыз да қою кірпіктері қалыңдау сүрмеленіп, көркемдіктің шегіне аттаған. Жұтынған жанарлар мұнан аса, айналасын қыдырыстайды. Лекіген жұпар иісі танау арқылы тыныс жолын бітеп тастағандай дем алысын да сезер емес.

Төңірек шұбалаңданып, жасаурап кеткен. Әлденені кешіп-пішіп тастағандай түйісіп, изеңдесіп қалған бастар байқалады. Манағы сұғанақ көздер жарасымсыз екі дүниені тамашалап, келекелеп жатқандай. Әлдебір тұстан мырс еткен сайқымазақ күлкі де естілгендей.

Бар қуатын жиып, тіл қатқан түрі:

— Ақжардан келдіңіз бе?

Қыз мойнын еріне бұрып, сыңар сөзді сарылтып айтты.

— Иә.

— Атыңыз кім? — Ендігі үні түзіктеу естілген.

— Зара.

Осыдан кейін-ақ екеуінің сөзі келтеленіп қалды. Одан ары не деу керек, нені тілге тиек етпек. Әңгімені тізгіндеп, қыз көңілін өзіне аударып әкетуге жігіттің шарқы жетпеді. Мына періште бітімінің қасынан тұра қашуға шамасы келмей, әлі құрып құлап түсетін сияқты. Жұрттың назарында әдемілік үйлесімін бұзып, билеп жүрген жарасымсыз жұп. Бұрын-соңды мұндай ауыр, әрі бақытты сәтті басынан кешіп көрмеген. Музыка аяқталысымен, жаны әрең қалған адамдай сүйретіле барып, топқа араласып кеткенше асықты.

Мұнан кейін Зараға қолын созған совхоздың бас агрономы — Сәлмен. Толысқан денесіне қарамай ширақ қимылды биге өтімді жігіт. Әрқашанда жымиып еркін жүретін жігіт дүйім жұрттың алдында да ештеңеден қаймығар емес. Шапшаң қозғалып, қызды бірден ортаға шығарды. Қыз да іш елжіретер сәби жымиыспен мол құшаққа ене берген. Әлгіндей емес, теңі жаңа табылғандай жарасты жұп айналадағы елдің басын айналдырып, дөңгелене жөнелді.

Екеуі тегінен біліс жандар ма, немене, бір-бірімен қағыта сөйлеп, қалжыңдасып жүр.

Анталаған қалың көзден қызды тасалағандай бауырына ала әңгімелескен агроном енді оны жанынан шашау шығармай, өзі иемденіп қалды.

Мұнан кейін Бақытжан бұрышта үйілген ескі орындықтардың үстінде отырды да қойды. Көлеңкеде қоңырайған қалпы елеусіз, жұрт назарынан таса. Аздап қызып алған екі жігіттің бірі сүйене берем деп мұның шекесінен шынтақпен қағып та жіберген.

— Оу, абайласаңшы, — деген күңгірт үнге едірейе қарасты да, елемеген пішінде әңгімелерін сабақтай берді.

Көлеңкеде болымсыз жылтыраған қос қарашық меңіреу, отсыз күйде. Әлдекімге ашуланғысы, әлдекімге өкпелегісі бар. Іште тұншыққан сотқар сезім сыртқа шыға алмай, булығып ыңырсиды.

Ел тарай, бұл да жылжыды. Зараны қасындағы қызымен қолтықтап алған Сәлмен мәз-мейрам болып, сыртқа беттеген. Соңғы үміттен ұшқынын көздеп, көпті киіп-жара асығыс ілескен еді.

Тысқа шығып, жалтақтай қараса, агроном жігіт анадай жерде қыздарды ұзатып барады екен.

* * *

Түні бойы шым-шытырық түс көріп, шала ұйқы болып оянған. Анасының:

— Тағы да жұмысыңа барасың ба? — деген сұрағы жауапсыз қалды. Басы зеңіп, денесі ауырлап, тіпті МТМ жаққа беттегісі жоқ.

Айнаға селқос көз салып, күн мен жел жеген жүзін сипады. Бет-аузы әбден қошқылданып, жарылыпты. Асықпай баппен қырынып болды да, түзу киімдерін алды. Үн-түнсіз шығып бара жатып қана артына мойнын бұрып:

— Апа, аудан жаққа барып қайтамын. Бір шаруалар болып тұр. Біреу сұраса, айтарсың... — деді бар болғаны шешесіне.

Басшылардың көзіне түспей, дер кезінде автобуска ілінгені абырой. Ақжарға да уақытында келген. Нысанасына алған үйінің қызғылт қабырғасы анадайдан көзге ұрады. Жалтыраған аумақты терезелер сестендіріп, бағып тұрғандай маңына аялдай алсашы. «Осында тұратын шығарсың, — түйді ол ішінен, — жаңылыспасам, өткен жолы дәл осы арадан көрдім ғой сені». Шабан жүріспен жай басып, ары қарай өтті. Таныс біреу ұшырап қала ма, қайтеді деген іш қылпылы да жоқ емес. Аудан орталығына түрлі жұмыспен қатынап тұратын ауыл адамдары мұны көрсе, дәл бір не үшін жүргенін сезіп қоятын секілді.

Жан-жағын елеусіз байқастап, ешкімге ұрынбастан, жападан-жалғыз ұзақ сенделді. Бір жерді төңіректей берсе, көзге түсіп қалары сөзсіз. Қолына газет ұстап, халқы молырақ тұстарды да сақтықпен шолып қайтқан. Күткен адамы еш жерде көрінер емес. Күн ыси мұрны, самайы тершіп, пысынады. Шалбарының балағын шаң қауып, айғызданып та қалыпты. Күдік пен қауіп те дегбірсіз.

«Япыр-ай, мен оны жолықтыра алар ма екенмін? — деп, ойлады қызыл үйдің жанынан бәленінші рет өте беріп. — Кездестірдік дейік... Сосын, қайтпекпін? Бас салып артынан ілесем бе? Болмайды ғой. Және жалғыз да жүре қоймас. Ал жалғыз болған күннің өзінде оған қалай тиіспекпін?».

Келгеннен бергі қобалжу, таныстардан қашып үрку ақыры тегінге шықты. Ауылды айналып, қанша сандалғанымен, қиялға айналған сол тұлғаның еш жерден елес бермей-ақ қойғаны. «Менікі не былжырақ, сыртынан бір-екі көрген адамға осынша құмартып. Көрсеқызарлық емес пе бұның өзі? Уақытты босқа кетіргенімді қарашы. Басшылар да ұрсып жатқан шығар. Осының өзі ақымақтық қой. Аз күннен кейін әлі-ақ ұмытып кетермін. Елден ұят болды-ау».

* * *

Мезгіл жаз ортасына ауса да, тау іші күнқақты даладай емес, шөп басы күймеген қалпы. Сасыр, өгіз қурай сияқты ерте бой көтеріп, ерте қурайтын өсімдіктер болмаса, сай-сала өңін бере қоймаған. Шырылдаған шегіртке үні, тау-тасты жаңғырта сайраған бұлбұл, сандуғаш жаңғырығады. Бүрген, тобылғы бастарына ара-соналар жабысып, қанаттары далпылдаған көбелектер керенау ұшып-қонып жүр.

Жалғасқан ұзын өркеш шоқылардың арасымен ирелеңдеген жол кетеді. Таудың осынау бұйығы тыныштығын кенеттен шайқап жіберген. Мойнақ үстінде будақтап қара түтін көтерілді де, артынша мұржасы сорайып, көк «Беларусь» шыға келді.

Жаздың тыншу шағында сай табанымен жұмсақ сылқылдап тас бұлақ ағатын. Шамасына қарай момақан пішінде мейірленіп, мөп-мөлдір қалпы күн шапағымен ойнап, дір-дір ағушы еді.

Бақытжанның қаталап келіп, ұзақ сіміргені — осы кәусар. Жүрелей отырып, бетін шайды. Жымыңдай ойнаған мөлдір дүниеден өз кескінін көрмекке үңіліп еді, бұлықсыған ерке бұлақ алағызып көнер емес.

Тракторшының май-май қожалақ киімі көгалды жапырып, көлденең сұлап жатты. Қаз табан жапырақтарының арасында жалғыз серуен құрған кішкене сары қоңыз солярканың иісінен жерінгендей, тоңқаңдай қашып барады.

Шалқалай қараған жігіттің көзі шарасын толтырған жалғыз-ақ нәрсе — тұп-тұнық болып төбесінен төніп тұрған ашық аспан. Мұқият шолып шықса да, еш тұсынан шөкімдей бұлт ұшырата алмай қайран. Үстіне орнаған осынау көгілдір әлем кенет оған түпсіз дүниенің, мәңгілік өмірдің мекеніндей сезіліп кетті. Көз тоқтатар кірбіңі жоқ аспан өлкесі ертегі дүниесіндей өзінше бір әлем.

«Жердегі бар тірлікті тастап, соған кетсе», — деп ойлады. Түу сонау таусылып болмас тұңғиыққа сүңгіп, емін-еркін бір жүзіп көрер ме еді? Жер бетіндегі бар мұңынан, өткен өкініштерінен арылып, жеті қабат дейтін көк жүзінде армансыз қалықтап жүрсе ғой. Сол табан тірер бұдыры жоқ көгілдір мұнарда аппақ, пәк періштедей Зарасымен ұшырасса: сонда екеуі екі жақтан жүріп келіп, (мүмкін жүзіп келіп), бүкіл әлемде өздерінен өзге жан жоқ заманда бір-біріне қол соза ұмтылып, ерекше бір ынтызар сезіммен табысса; мұның бар тірлігін, тіршілік тұтқасы жұдырықтай жүрегін өзіне ғана теліп тебіренткен ару еш жатырқаусыз, езуінен інжу төгілген күйі жымия қараса. Ол мұның елеусіз, көштен қалған көсеудегі кейіпсіз жан екенін де ойламайды. Кезінде тек өліп-өшкен құмарлық, махаббат оты ғана бар. Табиғаттың түйірдей түйініне айналған қос жанардағы бар мейірім, ыстық ықылас енді бұған ғана арналады. Сол иенде жүріп қана бұл өзінің бар сырын ағытпақ.

...Бар болғаны бір-ақ рет тілдесті. Онда да мардымды ештеңе айта алмай әбден қор болды емес пе. Тым құрығанда тағы бір жақындасып байқар ма еді. Одан әрі ретін тапса, өзінің шамасына қарай жуысып көрмек. Көптеген хикаяларда кезігетін түрлі қызықты оқиғалар мұның басынан да өтіп, ақыры, арманына азық болған сол бір аруымен қосылып тынар. Көгілдір көкке жайыла шыққан қиялы солқ етіп, жерге құлағандай.

«Осының бәрі бос нәрсе ғой — өзіңе қарасаңшы алдымен». Тұнжыр көңілі тұншығып, қамықты. Қанша ойлағанымен, ішіндегі бір мығым күш оның бұйырмайтынын, бұйырмақ түгілі бұған бұрылмайтынын да қатаң меңзегендей. Сонау шырқау аспанға енді арман-аруының өзі ғана зырқырап шыққан. Зара деген есім жетімсіреген жүректі аяусыз күйретіп, жапан далаға мәңгілік тастап кетпек.

Шалқасынан жатқан күйі жалғыздығын ойлады. Жүрек түкпірін ағартар сырласатын жақын адамы жоқ секілді. Көкіректе беріштей байланған азды-көпті қайғысын, арманын кімге ағытып, кіммен бөліспек? Мұның бар азабын бірге түсініп, бірге қайғыратын, қол ұшын беретін кім бар? Берік пе? Ол мұның өзі де қымсына ардақтайтын, лүп етсе үзілердей нәзік сырын түсінер ме? Кеудесіне уыстап қысқан бар құпиясы өзгеге сезілердей өзінен-өзі қуыстанып, жасырып-жауып жүр емес пе? Сондағысы теңсіз сезімімді өзге тіршілік иесі аңғарып, ермек етіп, сөз қылмаса екен деген далбаса тілек қана.

Жоқ, жоқ, ешкімнің ойына осынау жуыспас екі дүние қатар оралмасын. Сәті түсіп, айы туса, бір-ақ білсін де. Бар жан сырын ашпай-ақ, ұшығын шығарса да, күлкіге жол ашылмай ма? Қалың елдің алдында мазаққа қалар жайы жоқ. Өз бетінше тірлік еткені мақұл. Сонда қайтпек? Тақап білісу үшін қандай қаракет істемек? Осынау шымыр сезім болмысын тұтқын қылғалы санаға сіңген риясыз сенім: «Махаббатың мәңгілік, өшпейді, басқадай жан пенденің шалымы жетпеген күйі бақилық қалады» дегенді айтады. Осы құбылыс өзгенің басынан өтті ме, жоқ па, ондағы шаруасы қанша. Тек: «Елдің басында нендей жағдай болса да, менің ессіз ынтықтығыма теңелер», — деген ойдан шалғай кеткен.

Тау ішінің көлеңкесі қисая бастапты.

Үсті-басын қағып, орнынан тұрды. Ұзақ жатып түс көргендей жүйе-жүйесі босап, тракторға беттеген.

«Қой, тезірек Сарыөлеңдегі фермаға жетіп алайын», — деп ойлады ол шұқылап жүріп, тракторына от алдырғаннан кейін. Науқан уақыты бітсе де, әйтеуір, бүгін-ертең тыныштықтың мекені алыс. Қайтесің, ойға-қырға тырқыратып қуалай беретін совхоз жұмысы қашанда осы.

Жатаған дөңге шыға келгенде, сай табанындағы әлдеқандай қара-құраң көзіне ұрды. Жаңағы бұлақтың суы сол тұста жылымшылай ағып, жайылып жатушы еді. Брезенті күнге күйіп, оңып кеткен «Уазик» машинасы әрлі-берлі ырғалып шыға алмай тұр.

Таяған тракторды көріп, жерге секіріп түскен ірі жігітті Бақытжан шырымытқанымен, бірден тани алмай қалды. Денесіне жабысқан ақ майка, жеңіл ақ телпек пен джинсы шалбар агрономды көзге ептеп жатырқатып жібергендей.

— Иә, Бақыт, қайдан келесің? — деді ол тракторшының май сіңді қолын уыстай қысып.

— Орталықтан, Сәке. Сарыөлеңге жем апара жатырмын.

— Ә, дұрыс онда. Біз де сол жақтан келе жатыр едік, абайламай мына жерге отырып қалғанымыз. Құдай айдап, өзің келе қалғаныңды көрмейсің бе? Тросың бар ма еді?

Машинада тағы бір адамның отырғанын Бақытжан енді аңғарды. Шағылысқан әйнектен жүзі анық көрінбеген соң, онша назар аудара қоймаған. Тракторды ағытып әкеліп, машинаны тіркей бастағанда, көз қиығының аңдаусыз түсіп кеткені. Жүрегі дүрс етіп, соңғы рет соғып, тынысы да тоқтап қалғандай болды.

«Апыр-ау, мынау... сол ғой!»

Не істеп, не қойғанын байымдап жатпай, сасқалақтап жүріп темір арқанды әрең байлаған. Соқыр адамдай сипалақтап, кабинаға қалай кіргені де есінде шала-шарпы. Батып қалған жеңіл машинаға «Беларусьтің» бір ышқынуы жалынды, жалғыз жұлқыныста-ақ құрғақта тұрды. Енді трактор ақырын шегініп, өзінің тіркемесіне таяп барады. Сонда ғана жүрек тоқтатып, не істеу керектігін байыбына салған: «Қазір енді жүріп кетеді-ау. Тіркемені қоя тұрайын да, тез қатарына барайын. Бүйтіп реті келе бермес. Кәне, тез».

Абиыр болғанда, Сәлмен асығып бірден тарта жөнелген жоқ. Машинасын бұлақтың бойына әкеліп қойды да, шашыраған балшықты жуып, кетірмекші болып әуіре.

Аяғына жем түскен аттай тағы кідірістей береді. Жақындай келе көз қиығының сырғып барып тірелгені машина ішіндегі жалғыз жан. Қыз жалт қарады да, жігіттің өзегін дір еткізіп, кәусар бұлақтың үніндей ақ күміс күлкісін қиды. Шадыман күйде отырған ол абыржи иек қаққан жігітке бас изей салуды еңбек көрген жоқ. Табиғаттың кемшіліксіз жасаған төл бейнесі көз қарықтырар ақша қардай. Қыз қасында бірер секундтан артық аялдап тұруға қайраты жетпей, ары қарай өте шықты.

Қызыл шырайлы өңінде үнемі бір күлкінің, қуаныштың сәулесі жүретін агроном жігіт дәл қазір де шошыған көңілдің иесі. Баяғы өзінің әңгімешілдігіне басып, даусын әуелете сөйлейді. Иенде көлігі балшыққа отырып, азап шеккен шаршаңқы адамның түрі байқалатын емес. Тап бір тойдан келе жатқан кісі секілді қарадай мәз.

Бақытжан екеуі екі жақтап жүріп, машинаны лезде жалтыратып жіберген. Бұлақ суымен асықпай жуынып, сүртініп алды да, Сәлмен тракторшының алақанына алақанын шарт еткізді:

— Ал, Бақыт, сау бол. Көк трактор аман болса, бізді әлі талай батпақтан суырарсың.

Сонан кейін, неге екені белгісіз, қуақы кейіппен көзін қысып қалды да, асыға машинасына бұрылды. Уақытын нейбетке тегін өткізіп алғанын Бақытжан сол сәтте бір-ақ түсінген. Ойланып-толғанып бірдеме айтуға енді кеш еді. Дүрдік еріндерін икемге келтіріп, тіл қатам дегенше «Уазик» ыта жөнелді.

Қыбыр етпестен жол ортасында қалыпты. Жан дүниесін куаныш деген мөлдір сезім шайып өтіп, жарқыратып жіберген тәрізді. Сарайы құлпырып, көкірегіне қызғалдақ өре жөнелгендей. Ғайыптан соққан тағдырдың құйыны аңсарын айдалада жанастырып, бар қауқарынан, еркінен айырыпты.

Өз-өзінен ыржия күліп, бір аттап, екі аттап тракторына келді.

— Уһ! — деп, сезім ырқымен сенделектеп келіп қарманғаны — радиатордың сыртындағы тор темірлер. Іштен алқына шыққан ыстық демі де мотордың жалынымен шарпысып еді. — Дүние деген осы екен ғой.

Тарсылдаған двигатель гүрілі өз даусын өз құлағына жеткізбей, жұтып үлгерген. Ернін сүртіп қойып, қарадай тамсанған мәз күйі. Көз алдында — қолаң шаш далдалаған аққу мойын.

— Әй, көк арғымағым-ай, сен не түсінесің? — деп, жұдырығымен капотты ұрып қалды. Сосын алақанын жазып, айғырдың жалын баптағандай, сыры көшкен айғыз-айғыз темірді сипады:

— Тракторым менің.

Сонда «Агроном жігіт пен ару қыз екеуі ғана қайда сапарлап барады?» деген ой келсеші.

Миығын күлкіге толтыра жүзін тосқаны — жолаушылар кеткен бағыт. Аңтарылып аз тұрды да, оқыс қимылмен кабинаға ұмтылды.

* * *

Еш өзгеріссіз, у-шусыз бірнеше күндер өтті. Уақыттың қазіргі қозғалысын, жазғы науқанның қалай өтіп жатқанын Бақытжан анық шамалай алмайды, ол жайлы ойлағысы да жоқ. Ауыл өміріндегі өзгерістер, ірілі-уақты жаңалықтар да өзіне мүлде қатыссыз сияқты. Бар жұрттың тіршілік-тынысынан оқшау өзгеше бір өмір кешіп жатқандай. Ауыл үйдің тіршілігіне араласып жүріп — алыс; естіп жүріп — керең. Өкінішті қаяуға толы көңіл айналасын абайлауға әлсіз, өзімен-өзі.

Түстен кенін: «Аванс ақша беріп жатыр» дегенді естіп, совхоз кеңсесіне келген. Бухгалтерия мен касса аралығы сабылған жұрт. Алақан ысытарлық тиын-тебен алатын болған соң, бәрі де көңілді. Қарқ-қарқ күлкінің арасында әлдекімнің жүйкесін жейтін кесек қалжың да айтылып қояды. Кезегі жеткенше терезе алдындағы топ азаматқа бұл да барып қосылды. Тұрғандардың дені қызметкер жігіттер, орталарында — Сәлмен. Әңгіме манадан қызып жатқанға ұқсайды.

— Ер екеніңді білеміз ғой. Бірақ сенің тәлкегіңе көне салатын ол да осал жанға ұқсамайды. Есіңде болсын, әдемі әйелдің сезімі де биік болады, — деді ересектеу біреуі өзінің тәжірибелі екенін аңғартып.

— Жігіттер, қызықсыңдар, — деп Сәлмен қыза сөйлеп тұр. — Үйлі-барандымыз дейсіңдер, айтып тұрғандарың баланың сөзі. Қайта сұлу әйелдер икемге оңай көнбей ме?

— Ондай сұлуды текке обалды еткенше, тездетіп үйленіп алмайсың ба? Сен қызығын көрем деп жүргенде, басқа біреуге тиіп кетер. Талай жігіттің қолы жетпей жүр өзіне. Әкесі болса дөкей бастық, — деді тағы бір жігіт қалжыңнан гөрі сабыры басым үнмен.

— Айттым ғой, әйел жайлы тәжірибелерің жоқ деп. Ондай сұлу осы уақытқа дейін тегін жүрді деп пе едіңдер. Біз де біраз таныс-біліс болып қалдық қой онымен. Тек жігіттің қызығы үшін ғана жаратылған жан.

— Әй, сонда да білмеймін. Керемет тәкаппар-ау деймін, өзі. Қолға түспейтін перизат қой, шіркін.

— Демің ішіңде болсын, бауырым. Ертең-ақ ағаларың оның періште емес, пенде екенін дәлелдейді. Дегенмен, абайлаңдар жігіттер. Бәрі қалжың ғой, өсек болып кетіп жүрмесін, — деді Сәлмен албаты қызыңқырап кеткенін енді аңғарып.

Жоқ, титімдей де сенгісі жоқ. Мүмкін емес.

Түні бойы ұйқысы ойсырап, көзіне тіреуіш қойғандай қараңғылыққа қарады да жатты.

Сол түні тосыннан соққан басқыншы сезім — қиянат сезімі жанын жегідей жеп, бар тыныштығын талқандап өтті. Ана жолы екеуін ойда жоқта қатар ұшыратса да, секем алып, сезіктенуді білмегені рас. Секем алмаған себебі — Сәлменнің адал да, дұрыс жігіт екендігінде қапысыз сенгендігімен. Атақ-дәрежесін көлденең тартып, кісімситін де мінезі жоқ. Қашан көрсең де, аман-сәлемі түзу, қабағы жадыраңқы. Тіпті өзге басшылар сияқты қол астындағыларға ұрсып жатқанын естіді ме екен? «Сыпайы, мәдениетті жігіт» деген пікірінен осы уақытқа дейін ажырап көрген емес.

Енді, міне, Сәлмен туралы түсінігінің күл-талқаны шықты. Шын сұмдықты өз құлағымен естігені кеше. Арман атаулының асқағы деп білетін сол бір нәзік жанды енді Сәлмендей нәпсінің құлы бір сәттік ермегі үшін, сайқы мазақ етіп, арын аяққа баспақ. Он екі де бір гүлі ашылмаған балғын жастың адамгершілігімен еш санаспастан өмірін былғамақ. Сәби сынды бейкүнә бейненің бақытын аяусыз басқа теппек.

Өзгесін қойып, сол бір аяулы жан туралы күңгірт ойлаудың өзі неткен сорлылық, неткен сорақылық.

Егер айтқан уақытында кешегі байламына бел шеше кіріссе ше?

Көзімен көріп тұрып, кіршіксіз махаббатының обалына қалай қалмақшы, жазықсыз жанды оққа қалай байлап бермекші?

Неде болса амалын алып, Зараны тосын хабармен құлағдар етуі тиіс. Жетер осы уақытқа дейін айналадан қорғаншақтап, қарадай жасып келгені. Тіпті өз жүрегінің өшпес сезімін ұсынып, аптықпай қоя тұрсыншы. Алдымен азаматтық парызын өтеп, адамды арсыз қылықтан арашалап алғаны жөн.

Кешке дейін... Кешке дейін қалайда уақыт тауып, «Ақжарға» жетуі керек.

Өмірінде тұңғыш рет шын ерлік жасап, бір пәктік иесін арсыздық қатерінен қорғап қалмақшы болып еді. Соны білгендей Сәлмен тағы кесе көлденең тұрыпты.

«Ылғи шетке қағып... Қиын жұмыстарға ғана жұмсап...» Ешкімге айтылмайтын, осылай ұзақ булығып барып, іштей тынатын көп қиналыстың бірі ғана. Жұмсаған жаққа бармай қояйын десе, көлденең тартар сылтауы тағы жоқ, «Трактор бұзық», — деп айтудың қисыны тағы келмейді. Ертеңгісін от алдырып, жүргізгенін мұндағылардың көзі көріп отыр.

Егер ертерек аттанып кетсе, кешке дейін оралып үлгеретін де шығар. Сол жақтан жүкті тиеп алып, бірден аудан орталығына тартып кетсе қайтеді? Уақытында барып, Зараны тауып алса болғаны. Мұнда түнделетіп те жетеді ғой. Ойлап-ойлап тапқан амалы осы болды. Кідірместен көрші ауылға аттанып кеткені де сондықтан.

Әйтсе де бірден қайтып кете алмады. Қайдағы бір ұсақ-түйек кедергі аяғын шырмап, біраз әуреге салғаны. Әрең деп жүріп кері жолға шыққан уақыты кіші бесін кезі еді. Тіркеушісі қырқылжың тартқан жұмыскер сол ауылдағы жекжатының үніне қонып, ертеңіне қайтпақ.

Әлем-жәлем ашынған күйде көк трактормен қатты жүріс салды.

Мана бұл бері аттанғанда, Сәлмен шыттай киініп алып, жүргелі жатыр еді. Сол қалпымен егін басын аралай қоймайтыны, араласа да уақытқа көп ілеспейтіні белгілі. «Қанда, кімге баратыныңды білем», — деп ойлады.

Агрономның машинасы ендігі аудан орталығына зырлап бара жатқан да шығар. Мүмкін, дәл қазіргі сәтте, бұл иен қырқалар арасымен жесір жолды табандап, жете алмай, тырбыңдап келе жатқан жүдеу шақта ол екеуі емірене табысып үлгерген де болар. Сәлменнің жанын пидалап, емешесі құри жалынғанына қыз риясыз таза көңілмен құлай сеніп, еріп отыр ма, кім білсін. Соншама биік білімді, сыпайы қылықты жігіт ағасын жалғандыққа, арамдыққа жақын деп ойлар ма ол? Аярлығын қымтаған тәтті сөздеріне елжіреп, иланып отырған ақ көңіл ару дүниеде өзін ес-түссіз шын сүйетін басқа бір пенде барын бағамдай алар ма десеңші.

Жігіт қаншама шалымды болғанымен, адамгершілігі асқақ, кірпияз жанның иліге қоймауы да мүмкін. Адамгершілік намысы да көркіне лайық тым өрелі екені хақ. Кім біледі: «Талай қыздың тілін тапқанмын», — деп тұр еді кеше...

Неде болса, тезірек жетуі керек... Тезірек.

Қалың оймен арпалысып келе жатып, жол айрығына іліккенін жаңа білді. Тәуекелден төрелік сұрар қысыл-таяң. Қайсысына түсу керек?

Ауданға ауылды айналып баруға да болар еді. Бірақ жер мойны қашықтап кетеді. Ал тура жүрсе, Майлы асуы жолын бөгемек. Тіркемелі трактордың жүкпен өрге шыға алуы неғайбыл. Егер одан асса, ар жағында аудан орталығы тиіп тұр. Ерте-жарықта әбден үлгереді. Тура жолды таңдаса, арсыздықтың алдын алып, сүйгенін сақтап қалатыны анық.

Көз алдында — жаны шырқырап, жәрдемге шақырған аяулысы...

Аспан тұтасып, күркіреп күн жауып өтті.

Трактор табаны кей тұста тайғанақтай ауыр тіркемені ышқына сүйрейді, кейде өрге қарай қайсарлана ұмтылады.

Майлы асуына іліге, жауын да тыйылды. Шұбатылған бұлттар етек-жеңін жинап, ұрыс даласын тастап шыққан аттылы жаяу әскердей, іркіс-тіркіс асығып жылжиды. Анда-санда найзағайын жалт еткізіп, тау басында сүйретіліп, аспанды жалаңаштап келеді. Жаңбыр суы өрге қайқайған жолы да ернеулеп сарылдай ағып жатыр. Әп-сәтте аспан жүзі тазаланып, мөлдіреп шыға келді. Тау іші жаңғырып, көңілді де құлпырта жөнелгендей. Майлының бұл беті қайқаң болғанымен, арғы жағы тіктеу, әрі бұраңы мол. Былжыраған жол табаны қазіргі жүргіншіге сенімсіз, оқыста тайдырып әкетуі де кәдік. Ойына оралған күдікті жайларды серпіп тастап, тракторшы жігіт газды екілене басты. Қалай да үлгеруі, қалай да жетуі тиіс.

Ауыр салмақ артқа тартқанмен, әдістеп асуға да ілінген. Енді тежегішті баса отырып, еңістеуі керек. Алдынан жаңбырмен жуылған құж-құж жартастар, сол жартастардың арасынан бұлаңдай құйылып, тасаланған жол көрінеді. «Тәуекел», — деп тракторды қоя берді.

Сараң салдырмен жол батпағын аспанға ата, ауыр көлік етекке қарай аға жөнелді. Тырмыса басылған тежегіш доңғалаққа ұсақ тас, балшықты жабыстырып, сырғанатып берді. Кесе көлденең бір тастан қарғи бере, астыдан әлдене кілт ете қалғандай болды. Қыстығып, тыртыңдап келе жатқан трактордың жолы сөгілгендей аға жөнелді. Жүгі зілдей тіркеме де лықсып, ылдилатып, қуып әкетіп, барады. Тежегіштің білігі үзілген екен.

Қолдан қашқан еркіндік ағындаған күйі үлкен қой тасқа ұра аунатып түсірді. Жанталас қимылдың соңын тәмам етуі тиіс ауыр тіркеме жол шетінің қарағанын жапырып, сырғанай құлады. Суға малынған беткейді айрандай ақтарылып, бояп кеткен аппақ селитра.

Басын еңіске бере шалқасынан құлаған екен: көзін ашып, жауыннан кейін айнадай жарқырап, мөлтілдеп, төгілгелі тұрған аспанды көрді. Бір түйір бүршік жоқ, саф сұлулыққа толы көгілдір тұңғиықтан елес ұрып, шаңқандай аппақ тұлғасының шыға келгені. Айдалада басын сүйеп: «Ай, дүние-ай» — деп есіркейтін пенде жоғын ұмытты ма, әлдене айтпаққа ернін қозғады да, аузы ашық қалды.

Аппақ тыңайтқышты қызыл ала етіп бояған қан өзегі кемік қурайдың түбінде көлкіп жатты.

* * *

— Зара, ояншы. Түске дейін мұның не?

Шаршаулы кейпін жасыра алмай, көзін сығырайтып қана ашқан. Бірақ дос қызы қоярда-қоймай тұрғызып алды. Ернін жымқыра күлімсіреп, коңыр көздері әуестікпен шұқшия қадалады:

— Қалай, келді ме? Кеше не болды деймін?

Зара ыңырана керіліп, жуыр маңда жауап қатар емес. Қалың кірпігі әлдебір сырды қымтағандай жабыла береді. Езуінде — тоқтық, ризалық ұялатқан жұмсақ жымиыс.

— Айтсаңшы енді.

Бұлды жауап зарықтырып барып әрең естілген:

— Қайда, айтқан уақытынан әлдеқайда ерте келді. Бұрын жақындатпай, дымын құртып жүретінмін. Біраз кергідім. Бұлданып қоймаса, болмайды ғой... Сонымен, түні бойы қыдырып, таң алдында ғана келіп жатқанмын.

Қонақ қыздың көзіне үрей ұшқыны үйіріле қалды:

— Ана кісілер ше? Ұрысқан жоқ па: «Қайда жүрсің?» — деп?

— Ол кісілердің шаруасы не? Мен де ересек адам емеспін бе?

— Енді осыған тоқталасың ғой. Оқуды тастап кеттің, енді күйеуге шығып тыну керек.

— Әй, қойшы. Әлі жас емеспіз бе. Біраз қайнатып барып... Өмір екі айналып келмейді. Қызығын уақытында көрейік те.

— Қызықты қайтесің. Ес жиятын кезіміз келді біздің.

Бұл сөз Зараны ептеп ойландырып тастағандай болды. Жеңілдеу күрсініп қойып, жауабын кідіртіп айтқан:

— Рас, бұрынғы жігіттеріме қарағанда Сәлменнің жөні бөлек. Құр білімді ғана емес, болашағы да бар.

— Онда ойланатын несі бар? «Жаспын» деп керги бермей, осының етегінен ұстаған дұрыс-ау.

Қос құрбы жастық арман, жүрек сырларын айтып, ұзақ әңгімеге кірісіп кетті.

1975


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз