Институт атты іргелі білім ұясын ілекерлеп жүріп, итіңдеп әрең бітірген адамның одан кейінгі тіршілігі тәптіштеп айтпаса да, белгілі. «Өзіміздің түлек қой» деп онша сағына қарсы алып тұрмаса да, амалсыз ауылына қарай аяңдайды.
Сөйтіп жүріп әйтеуір бір қызметтің шетіне ілігіп кетуі де мүмкін. Талай тағдырлас жандар жүріп өткен осынау сүрлеуге біздің Уәлаятолла да түсіп еді. Кейбір жанкештілер құсап қолтығына көздің жауын алатын қызыл диплом қыстырған жоқ. Орташа ғана оқығанын растайтын көк қағаз қалтасындағы. Орташа ғана оқыған екен деп Уәлаятолланы олқысынып жатқан ағайын байқалмайды. Әкесі аттандатып ат шаптырмаса да, көрші-қолаңға бала шаптырып, әжептеуір алабажақ той жасады. Үлкен шәріде бес жыл оқып, берекемен аман-есен оралған баланың томпақ беті ерінбейтін еріндермен шөп-шөп сүйілді. Қалай болғанда да, талай бүйір бұлтиып шыққан, талай тамаша әндер бөгде дауыспен барқырай шырқалған, талай мығым мықын мытылған әп-әдемі той болғаны анық...
Міне, дүйім жұрттың дүбірінен, яғни, тойдан кейін де қабырғадағы күнтізбенің біраз беттері жыртылып кетті. Сонан бір күні уайым-қайғысыз рахаттана ұйқы соғып жатқан Уәлаятолланы әкесі тербеп отырып, арнайы түрде оятып алсын.
— Ал, шырағым, — деді ол әлден уақыттан кейін әкелердің көмейінен ғана шығатын аса байыпты мақаммен. — Алматыдай үлкен астанаға барып оқуға түстің. Дұрыс. Төбеміз көкке жеткендей қуандық сонда... Елдің баласынан кем болмай, бес жыл оқыдың. Дұрыс... Жаман атыңды естірткен жоқсың. Бәленнің жалғыз ұлы Алматыда оқып жүр дегіздің. Дұрыс... Институтыңды абыроймен бітіріп келдің. Білімің жетеді. Дұрыс... — енді тіршілік жасау керек.
Мұндайда «Тіршілік жасау керек» деген сөздің астарында не болуы мүмкін? Әрине, бес жылғы оқудың өтемі — бір тәуір қызмет... Бітік көздерін кеңірек ашуға тырысып отырып, Уәлаятолла:
— Әлі... әлі үлгірем ғой, көк-ке... — деді де, еңіретіп есіней берген. Сағыздай созыла шыққан жұмсақ үнді күрт бөліп кеткен қатқыл дауыс, әрине, әкенікі.
— «Үлгірем» дегенді қой. Жас емессің... немене сонша?
Сөйтсе, әкесінің «Тіршілік жасау керек» деп отырғаны... — қызмет емес... қыз болып шықты.
Қыздан қыз қоймай таңдай ма, өзі біледі, бірақ үйге әкеп түсірсін бір шүйкебасты, әкеп түсіру міндетін әкесі қадай қайталады.
Ұрыста тұрыс жоқ. Уәлаятолла дереу қатын іздеуге жиналды. Жасы жиырманы жартыкештеп, көк дипломды қалтасына басып алғанымен, «бала» деген аты бар емес пе? Мұндай жауапты жұмысқа селтеңдетіп жалғыз жіберуге болмайды. Сондықтан әкей ұлының қасына тетелес ағасының ақыл-есі бүтін азамат баласы Аңқырды қосты. Анығырақ айтқанда, үйкүшіктеу болып, босаң өскен Уәлаятолланы осы Аңқыр азаматқа қосты. Қанша айтқанмен, институтты жаңа бітіріп келген көрбала немере інісіндей емес, Аңқыр өмір атты үлкен өлкенің біраз ұңғыл-шұңғылын көрген, ер жетіп, етегін жапқан, әйел алудың ебін де, есебін де тапқан естияр еркек. Кезінде келінді де кешіктірмей әкелген. Бірінен кейін бірі томпылдай туылған кішкентайлардың өмірге келуіне де белсене атсалысқан.
Сонан тамыз айының тамылжыған күндерінің бірінде құр жүрген аттарды «құраулап» шақырып, ерттеп мінген екі еркек асықпай аяңдап ауылдан шықты. Иә, иә, құлағыңыз қалқиып, қайран қалмай-ақ қойыңыз. Жұрт «Жигулимен» желіп, «Москвичпен» маңып жүрген мынау жүрдек заманда ол неғылған ат?» деп отырсыз ғой. Шынын айтқанда, екі ағайынға ортақ дөңгелекті бір көлік бар еді. Қырылдап-сырылдап бұзыла берген соң, Аңқыр оны жөндеу орнына жөнелткен. Басқа ағайынның басы бос машинасына жармасқысы келмеді. Ел аралаған соң әлгі неден... әлгі не бар ғой... иә, иә, содан ептеп ұрттап қоюы мүмкін. Ауыздан ыстық леп лекіген еркектің рульге отырмайтынын білесіз. Ал «ішіп алып, ерттелген атқа мінуге болмайды» деген заң, құдайға шүкір, жол ережесіне жобалап болса да жазылмапты. Яғни, атпен сапарға шығу деген сөз — еркіндікті ерттеп міну деген сөз.
Сонымен, шығарын шықса да, ағайынды салт аттылар ауыл сыртында бір сәт ошарылып тұрып қалды.
— Так, енді қалай жүрсек екен? — деді аңқылдаған жүрегі ауызынан көрінетін Аңқыр сәл-пәл дағдарған пішінмен. Бар ойын басының алдыңғы жағына жинағысы келгендей қабағын да, маңдайына да тыржитып алыпты. Так, ана ауылда ананың қызы бар... — Так, ол саған келмейді. Ол өзі нелеу қыз. Мына ауылда түгеншенің қызы бар... ол да болмайды. Тоқта, тоқта!.. Дұрыс, кеттік солай! — деді ауыр ойдан бірден серпілген ол кенет қамшысын алдыға қарай сермеп қалып.
Қыз қарауға шыққасын, әрине, екі жігіт те иықтарына бірқабат тәуір киімдерін іліпті. Уәлаятолланың басында — күнқағары бар ақ қалпақ («Сәл қалыңдау, бірақ күннен қорғайды» деді өзі). Үстінде кейбір кекірттеу кісілер қыстыгүні киетін қара костюм-шалбар, соған сәйкес ақ жейде. Сол бір жылдары модаға айналған қайыстай жіңішке галстук те мойнында.
Ғафу өтінем, кейіпкеріміздің мүйіз қаңқалы көзәйнек тағатынын ұмытып барады екенбіз. Институтта орташа оқыған адам көзәйнек кимесін деген заң жоқ. «Көзәйнекті білім мен ғылым қуған ақылман ағайындар ғана киеді» деп пайымдаушы жолдастардың жаңылысуы әбден мүмкін. Уәлаятолланың жанарын сақтап жүрген көргіш құралы қазір де өз орнында.
Міне, сырт пішіні сып-сыпайы, тіпті сүйкімді дерлік жас жігіт көзәйнек пен галстугін тағып алып, торы төбелдің үстінде тепеңдеп келеді. Астындағы аттары ғана тепең-тепең емес, өздері де шайқалақтап шаршауға айналған шақта бір ауылға келіп кірді-ау әйтеуір.
... Ауланың бір жақ шетіндегі сәкінің үстінде қартаңдау екі кісі кернейі кекірейген ақ самаурынды қақтай сауып, жайбарақат жантайып жатыр екен. Бірі шалы, бірі бәйбішесі екені құралсыз көзбен-ақ көрініп тұр. Мезгілімен келген меймандарды көріп, отағасы басын көтеріп алды.
— Әй, Тезеген! Кісілердің атын байла! — деді айғайлай дауыстап. «Онысы кім?» деген оймен Уәлаятолла аңырая беріп еді, он екі-он үштер шамасындағы шолақ балақ шорты киінген бала бір жақтан жылмаң етіп шыға келді. Қол беріп амандасып, қолтықтағы тізгінге жармасқан.
— Болашақ қайның, — деді Аңқыр інісінің қалқиған құлағына қуалай сыбырлап.
— Ассалаумағалейкум! — деп, ауыздарын толтыра амандасқан ағайынды азаматтар қартқа қарай қалбалақтай ұмтылды. Отағасы да амандасу мәселесін олқы қалдырып жатқан жоқ. Сәлемге қатысты қазақ сөзін түгесе айтып, сарқа сөйлеп келіп, бір тоқтаған.
— Болашақ қайын атаң! — деді Аңқыр тағы бір тың мәліметті қалқасындағы жігітке табан астында сыбырлап үлгіріп.
Лып етіп тұрып кеткен бәйбіше отағасыны меймандармен оңаша қалдырды. Екеуінің көздерінен де жылт ете түскен әлдеқандай үміт ұшқыны ұшып шыққандай.
Уәлаятолланың қашанда шабандау ойлайтын миының бір мүйісінде «Неге өйтті екен?» деген ой мимырттап барып оянды:
— Әлде бұл кісілер Аңқыр ағаны тани ма екен? Ой, қайдағы! — деді өзіне өзі сәлден кейін. — Қазір біздің бұйымтаймымызды естісе... Ой-ой, бәріне де дайын отыру керек. Ит қосып қуатын шығар бізді. Аға екеумізді қосақтап қойып сабап жүрмесе де әуелі... үйінен қызын алғанды кім жақсы көрсін. Айтпақшы, онысы қайда? Көрінбейді ғой... Маған соны тезірек көру керек».
Меймандардың келуіне орай үй ішінде, анығырақ айтқанда, аула ішінде аздап қарбалас пайда болды. Ұсақ балалар көбейіп, басына орамал тартқан бір-екі келіншек бүкеңдей жүгіріп жүр. Дастарқан жаңғырып, шал-кемпірдің арасында тұрған селқос самауыр енді күшіне мініп, күжілдеп қайта оралды.
Ниет қылып келген негізгі шаруаны ортаға салудың алғы шарты осылайша пісіп-жетілгендей еді. Енді кібіртектеп кідіре берудің жөні жоқ.
— Мына бала — менің немере інім... — деді Аңқыр парасатты үлкендерге тән тәсілмен әңгімені әріден өрбітіп. Сонан інісін тәптіштей таныстырып әкеткен... — Қысқасы, бұл балада барлығы да бар. Тек ендігі жетпей тұрғаны бір-ақ нәрсе. — «Ол не екен?» деген пішінмен қарт изеп отырған басын қалтаңдатып көтеріп алды. — Қысқасы, осы баланың аяғын тұсап, келін түсіру керек болып тұр, — деді Аңқыр ешкінің ішегіндей әлсіз шыдам үзілуге айналғанда барып. Неге екенін кім білсін, әншейінде ақкөңіл азамат осы жерге келгенде салмақты адамдай сыздана түсіп, тіпті жылжымай тұрып алғаны.
— Иә, сосын, — деген сөз шығып кетті кенет отағасының аузынан. Дәрменінен айырылған жандай дегбірсізденіп, сөздің соңын естігенше шыдамай барады.
— Қысқасы, сіздің үйде бір бала бар дегенді естіп... Бұйымтайымыз сол еді, ақсақал, — деді де, Аңқыр басын көтеріп алды. Дегенімен өзі маладес, төтелеп келіп, төбесінен қойып қалмай, кәнігі дипломаттарша сонау алыстан орағытып әкелді. Шамасы, құдалық рөл деген осындай болуы керек-ау.
Анау пәле Уәлаятолланы нақ осы жерге келгенде қысты. «Анау пәле» деп тұрғанымыз басқа ештеңе емес, әлгі ұят деп аталатын ұлы сезім. Малдасын құрған күйі төмен қарап, тұқшыңдай береді. Бедел ретінде бетіне ұстап отырған шаңырақтай көзәйнегі де жоқ жерден дымданып, одан ары тершіген тарбақ танауына қарай тайғанақтай бастапты.
Шалдың, яғни, болашақ қайын атасының осы сәтте қандай күйді басынан өткеріп жатқанын кім білсін. «Ә, сүмелек! Саған қыз керек екен ғой. Мә, саған қыз!» деп, қақ маңдайынан таяқпен жіберсе, кім қой дер еді. «Ит қосып қуалап жүрсе, қайтемін. Құдай-ай десеңші, қыз айттырған қандай жаман!..»
Жоқ, қаупі бекер сияқты. Мінезі шатақтау көрінген шал тарапынан ондай оқыс қатердің нышаны әзірше байқалар емес. Кемпірі де кейбіреулер сияқты кекірейе қалып, «кет» деген жоқ. Керісінше, аула ішіндегі қонақжайлық қасиет күшейе түсті. Шал шоқша сақалын шошаң еткізіп көтеріп қалуы мұң екен, бозғылт көзді екі бозбала құйрығы салбыраған сарқ қойды дедектетіп әкелді де, дік еткізді. Аңқылдаған Аңқыр апалақтап тұрып, алақан жайып, бата жасады. Орамал тартқан орта бойлы келіншектердің ерсілі-қарсылы ентелеуі жиіледі.
Ең бастысы — аңқасы кепкен аңқылдақ Аңқырдың алдына түпсіз іше беретін түссіз «алғызып қойғызу» объектісі де желпілдеп жетті-ау. Әрине, Аңқырдың алақтаған ала көздерінің «алғызып қоймай» жатып-ақ, қалайша жайнаңдап шыға келгенін тәптіштеудің қажеті болмас.
Аға мейман мен отағасы арасында парасатты әңгіме арнасын енді тауып, өрістей бастады:
— Иә, бізде бір баланың бары рас. Ол да кезінде оқуын бітірген. Әлгі нені айтам... Иә, осындағы онжылдық мектепті тамам қылған. Сосын ана, әне бір оқуды да тауысып алды. Жүдә, аты қалай еді соның? Тезеген, тездетіп айтып жіберші, — деп отағасы енді мана ат байлаған шортылы ұлға бұрылды. — Қалай еді әлгі... Қотырша әпкеңнің бітірген оқуы. Осы жастар болмаса, біздің тіліміз келе ме сол оқуға?
Иә, колежін бітірді... Әлгі деплом дей ме. Онысы да, шүкіршілік қалтасында. Сондықтан, Аңқыр шырағым, біздің бала да ол жағынан құр алақан емес...
— Әй, Тезеген! — деді отағасы оты тұтанған кішірек көздерін жан-жағына кезек жүгіртіп. — Шақыршы әлгі жеңгелерінің бірін. Мына баланы Қотырша апаңа ертіп апарсын.
Уәлаятолланың лыпылдап соғып тұрған жүрегі үркек тайдай тулап, дүрсілдеп ала жөнелді. Көптен күткен шешуші сәт! Қазір ол өзі арнайы іздеп келген қалыңдығын тұңғыш рет көрмекші. Қалайша толқымасын. «Міне, керемет! — дейді өзіне тән тұйық мінезбен іштей ғана тебіреніп. — Маған қазір қалыңдықты көрсетеді. Екеуіміз оңашада кездесеміз... Кәдімгі Абай мен Тоғжанның кездескені сияқты. Сол оңаша жерде бір-бірімізге ынтыға қараймыз... Бәрі ол романдағыдай болады... Иә, иә, романдағы романтика. Тек Қотырша деген аты біртүрлілеу екен».
«Иә, менің де атым Абай емес. Оқасы жоқ» деп қойды жетектей жөнелген жеңгейдің соңынан ілесе беріп. Орамал тартқан орта бойлы жеңеше ауланың үстінен қарап тұрған еңселі үйге қарай тартты. Үй іші шыбын адасатындай алакөлеңке екен. Аяғыңды аңдып баспасаң, алдыңдағы әлденеге соғылып қалуың ықтимал. Сондықтан шығар, жеңгей Уәлаятолланың білегінен білемдеп ұстап алды. Адам бойын алыпқашпа әлдеқандай асау әрі жұмбақ сезім билейтін, белгісіздік бетіңе тақайтын тамаша сәт.
«Құтты Абай романындағыдай» деген ой Уәлаятолланы екінші жағынан жетектеп келеді.
Бір жерге жеткенде жеңгей кідірді де:
— Енді ары қарай өзің бар, — деді құлағына сыбырлап. Құлақты қытықтаған ыстық леппен араласып: — Көрімдік! — деген майдақоңыр үн қоса естілді: — Қызды көрсеткенім үшін көрімдік қайда?
— Не дейсіз? — деді жігіт қайталай сұрап. Онысы заңды да еді — өйткені
айтқан сөзді дереу ұғып алу дағдысында бұрыннан жоқ болса, қайтсін.
«Көрімдік» дейді. Уәлаятолла үсті-басын сипалап, сасқалақтап қалды. Қойнына қолын сұғып жіберіп, амалсыз әмиянын алып шықты да, қараңғыда аузын ашты. Сосын құлақ атаулының қай түріне де таныс шытырлаған ана бір әдемі дыбыс естілген. Ірілі-уақты ақшаларын уқалаған Уәлаятолла күйбеңдеп бөгеліп тұр.
— Қане, қолға тиген біреуін бере салсаңшы, — деді жеңгей дегбірсіздене.
— Қазір... қарап алайын.
— Ой, құдай-ай! Ірі ақша кетіп қалады деп қорқып тұрсың ба? Өзің сараң болармысың, сірә.
Уәлаятолла ләм деп уәж айтпаған күйі терезенің алдына барды. Жеңгей желпілдеткенімен бола ма, шынында да ақшаның ірісі кетіп қалса қайтпек.
Жарайды, қайыр, хош. Көрімдікке кеткен құны белгісіз ақшаның тағдырын тәптіштеп жатқанымыз — біздің Уәлаятолла батыр бұл мәселеге келгенде сергектеу еді. Шамалы ғана сараңдығы бар. Өзі әлі өңін көрмеген, солай бола тұрса да, өмірлік жарына жарап кетуі әбден мүмкін қалыңдығына қарай алғашқы қадам жасарда ақша шаруасына бола қатты қиналып қалғаны сондықтан. Тіпті қазіргі шешуші тарихи жағдайды да байқамай, бір сәт есіне шығарып алып еді.
Жарайды, қайыр, хош. Құны белгісіз шытырлақ қағазды лып еткізіп іліп алған пысық жеңгей алдыңғы есікті ептеп ашты да, жігітті шөмиген жауырынынан итеріп қалды.
Табалдырықты тақымы дірілдей аттаған Уәлаятолла әуелі тіпті түк көрген жоқ. Терезелері тас бүркелген бөгде бөлменің ішінде нәзік қалыңдық емес, адамның иманын ұшыратын үрейлі құбыжық бар сияқты. Өйткені бұл бөлме алдыңғыларыңнан да гөрі қараңғы екен.
Шалбар киетін «еркек» есімді әлеуметтік топқа жататынын әупірімдеп еске түсірген жігіт дереу бар қайратын бойына шақырып, жүрек тоқтатқысы келді. Сөйтті де, үрейді жеңу жолын қарастыра бастады. Сол-ақ екен, төр жақтан қыбырлаған әлденені көз қиығы шалғандай болды. Бір басып, екі басып, солай қарай бет алған. Әлгі дегені әлдене емес, кәдімгі әп-әдемі қалыңдық болып шықты. Төр алдындағы төсек үстінде барын киіп, бақанын іліп дегендей жаланып отыр. Нәп-нәзік, сып-сыпайы, қыбыр етіп қозғалған сайын өзінен махаббат лебі еседі.
Тұмшаланған қараңғылықтан мұның бәрін Уәлаятолла айпарадай анық көре алған жоқ, әрине. Көкірегі ояу, сезімтал, сергек жігіт осының бәрін көңілімен сезді, санасымен таныды. Қалыңдығынан ескен махаббат лебінен басы айналды. Бас салып бауырыңа басуға батылы бармағандықтан, нәзік денені ойша құшып, ойпыл-тойпыл күй кешті. «Қотырша деген қораш есімді жөнсіз теліп, осындай аруды қор қылған қай ақымақ екен?» дейді іштей күңіреніп.
Әңгімелері ә дегеннен жарасқан. Алғашқы жұғысудан кейін-ақ Уәлаятолланың өзіне қарағанда қалыңдықтың ақылды екені анықталып қалды. Оңды-солды есіп-есіп сөйлеп, андай-мұндай әңгімелердің өрісін кеңейтіп, сөзге есе берер емес. Әрі-беріден кейін арнайы іздеп келген жігіттің өзіне намысқа тимес насихат айтып, ақыл үйретуге айналды...
Күйеу — сын үстіндегі адам. Қалыңдығымен алғаш кездескенде үнді шайын сораптап ішкендей ұзақ отырып алуға болмайды. Сыртта қанша адам қолдан қараңғыланған үйдің есігін торып, баспалай бақылап жүр. Қазір екеуі де сахнаға шыққан артистердей әркімнің назарында. Терлеп-тепшіп берекесі кете бастаған Уәлаятолла сондықтан да еңселі үйден көп ұзамай сумаң етіп шыға келді.
Ақсақалмен әмпей-жәмпей болып, алдындағысын алып отырған Аңқырдың екі көзі — немере інісінде. «Иә, қалай болды? Ұнады ма?» дегенді көзқарасымен ұқтырып, изеңдете иегін көтерді. Көзәйнек тағып, көру қасиеті күшейе түскен Уәлаятолланың қысық көздері жапалақтың жанары емес, әрине. Ағасының асығыс жасаған ишарасын ілкерлеп болса да, түсінді. Түсінді де, Аңқырдың санын мыти қасына отырды. Әншейінде батыл әркетке бара бермейтін екі езуі екі құлағына қарай ұмтылып-ұмтылып қояды...
Аңқыр мәселенің мәнін заматында-ақ ұғып ала қойды...
— Ал, құда? — деді ары қарай мәймөңкелеп жатпай-ақ, бірден тікесінен. — Балалар көңіл жарастырыпты. Енді несіне іркілеміз?.. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Міне, ойламаған жерден құда болып шыға келдік. Ал, қане, сол үшін!..
Мына хабарды естіп, отағасы да от басып алғандай орнынан шошаң етіп атып тұрды. Бір сәт жасы келген егде адам екені де есінен шығып кетіпті. «Бітті! — деген ой сарт ете қалды Уәлаятолланының басына. — ...Ит қосып қуады... Қазір айдап шығады...» Жоқ, бұл жолғы күдігі де орнын таппай, омақасып түсті. Дауыстары жарқын-жарқын шығып, жарқылдай күліседі.
— Е-е, дұрыс, ұнаса бопты, жүдә, — деді шал шешіле түсіп. — Баллардың бір-біріне ұнағаны жақсы... ең бастысы сол — көңілдің жарастығы.
— Жасыратыны жоқ, осы балаға әркім-әркім келіп сөйлесіп кетеді, — деді шешілген үстіне шешіле түскен шал шамалыдан кейін. — Бірақ, көңілдері жараспай ма, қалай, ешкімнің дәмі тартпай жүр... Баламыз былай, жүдә, жаман емес. Ерге шықпай отырып қалғаны болмаса.
«Отырып қалған?.. Не дейді тағы?» Уәлаятолла шошына шоршыса да, тосын сезімін сыртына шығара алған жоқ. Түрпідей тиген тұрпайы сөз ішін тоқпақтап әкетіп барады. «Қой, қағыс естіген шығармын, — деді сосын жүгіріп кеткелі тұрған жүрегін басуға тырысып, — жаңғыдай періште... Өзінен махаббат лебі аңқып тұр... Қылығы нәзік... Бүгінгі күннің толысқан Тоғжаны... Жоқ, мүмкін емес. Отырып қалуы мүмкін емес...»
Сонан не керек, айналадағы аулалардан адамдар аңдыздап, сәкі үстіндегі сәнді дастарқан даладай болып далиды да кетті. Ауылды жерге той-томалаққа барсаңыз, алдыңыздан шыға келетін кәдімгі тоқ дастарқан.
«Жоқ, отырып қалуы мүмкін емес, — деді Уәлаятолла өзіне-өзі тағы да дем беріп. — Мына шал бізді сынағалы әдейі айтып отыр... Қызы жаман күйеуге ұрынып қала ма деп қауіптенеді. Отағасының опық жегісі келмейді-ау. Бұл ендеше нағыз қу шал болды... Иә, сөйткен. Бізді сынағысы келген...»
Манадан бері қызмет көрсетіп жүрген қыз-келіншектер бар емес пе. Солардың біреуі уақытсыз уақытта Уәлаятолланы төңіректей бастағаны. Рас, жұрттың бәрі де жаңа күйеу баланы жандары қалмай күтуде. Бірақ солардың ішінде әлгі қарашұбар ұрғашының ықыласы алабөтен. Төңіректеп жүріп, төбесінен сипап кетеді, төменгі жағынан төтелей келіп, тостаған ұсынады. Уақытсыз уақытта төңіректеді дейтініміз — құда түсе келген жігітті жол ортада айналдырғанды кім көрген.
Жағалап келіп, жанасып кетіп жүрген әлгі ұрғашыға Уәлаятолла бір сәт үркектей сөз салды. Ажары ат тепкендей қиқы-жиқы көріксіз біреу. Лай судан ұсталып, лас күйінде қақтала салған көтерем балықтай қатқан қара. Сонысына қарамай, қысық көздері жанды ұшқын шашып, мөлиіп отырған момақан жігітті іркілместен ішіп-жеп барады.
Уәлаятолланың басындағы бастапқы ойды енді амалсыздан туған жаңа біреуі ығыстыра бастады. Ой дейтін оңып тұрған ой да емес, салпаң құлақ жалғыз сұрақ: «Бұл кім өзі?.. Сонша менде несі бар?» Әуреленіп отырып, өзі қойған сұраққа жауапты да өзі берді; «Е-е, жеңгелерінің бірі болды... менен тағы да алдап ақша сұрап алмақ қой. Жоқ, енді ол бола қоймас... Айтпақшы, жаңа ана жеңгесіне қанша сом бердім екен? Әжетханаға барып, ақшамды санап алуым керек еді».
«Айтпақшы, Қотыршаның өзі қайда жүр? Шыбыны жоқ қараңғы бөлмеде әлі қамалап отыр ма? Қалай іші пыспайды? Ауқат ішпей ме, әжетханаға шықпай ма? Неғып отыр ол? Әлде аяғы ауырып жүр ме екен? Әй, сол сондай бірдеңе болып шыға алмай қалған-ау!.. Қазір өзім тағы солай барайыншы...» деді ішінен бір әредікте. Сәкінің үсті жалықтыра бастағандай қалақ басын қалтылдатып, жан-жағына бұрды.
— Қотырша шырағым, бері таяп отыр!.. Ана балаға жақындасаңшы, — деп, қалды осы сәтте отағасы оқыстан. Селк ете түскен Уәлаятолла жан дәрмен көзәйнегіне жармасты. Сүртіп-сүртіп жіберіп, жан-жағына қараған. Бағанадан аңсай аңдып отырған адамы емес пе, қай жағынан шыға келді екен? Тіпті жаңа ғана жоқ еді ғой қасында.
Олжаның иісін сезген қаршығадай жан-жағына жалт-жұлт қарағанымен, қалыңдығын көре алмай, пұшайман болған. Сонда мына қайынатасының айтып отырғаны қайдағы Қотырша?!
Апалақтап айналасына жалтақтай қараған жігіттің жанына келіп, сол екі арада біреу лып етіп отыра берген. Іле желке жақтан жеңгейдің:
— Еркем-ау, былай тақасаңшы! Жеп қоймас сені... — деген дегбірсіз даусы жарыса шықты. Жанындағы адамға жалт қараған жігіт... ой, сұмдық-ай, сіздің басыңызға бермесін бұны.
Мұның қасындағы... анығырақ айтқанда, жанына жалп етіп, жамбас жанастырып отыра кеткен — өзге емес... я, әлгі үйден көрген қалыңдығы емес, әлгінде қашатын тушадай қайта-қайта сүйкеніп кетіп жүрген жаңағы қарашұбар ұрғашы болып шықты. Жаңа ғана төсектен бірге тұрған адамдай-ақ сарғыштау тістерін көрсетіп, бұған ыржия қарайды. Ыржаң-ыржаң етіп, «тақай отыр» деген жаңағы жалғыз әмірді тап-тұйнақтай етіп орындап жатыр.
— Сіз... — деген сөз шығып кетті Уәлаятолланың аузынан. «Сіз Қотыршаны білесіз бе?» деп сұрау керек сияқты еді. Бірақ, оны айтуға еріні епке келмеді. — Сіз отырасыз ба... менің қасыма? — болды бар айтқаны.
Құдай төбеден ұрды деген осы.
Сөйтсе... я оны тәптіштеп түсіндіріп жататын несі бар? Жаңағы қараңғы бөлмеде қамалып, махаббат әуеніне елітіп, еміреніп отырған да, арбаң-арбаң етіп қотыр ешкідей сүйкеніп кетіп, мұны сүйіп алуға шақ қалып жүрген де... бәрі бір-ақ қыз... то-есть, бір-ақ ұрғашы болып шықты.
Тұмшаланып тұншыққан жаңағы қараңғы бөлме емес, күннің нұры күлімдеген жап-жарық жер. Қасындағы адамға қадала қараған Уәлаятолла енді оның сәл кекселеу екенін де қапысыз аңғарды. Кекселігі сондай — өзінен едәуір ересек сияқты. Отағасының «Отырып қалған» деген манағы сөзі жабылған есіктей есіне сарт ете түсті. «Е, бәсе!.. Өтпей отыр деп еді-ау тағы да...»
Жә, неге өтпей отыруының себебін мына дыр-думанның үстінде қадалып қазбаламай-ақ қояйық...
Енді аңғарса... Әншейінде екіге екіні қосқанда неше боларын жарты күн ойланатын Уәлаятолланың шабан қимылды миы нақ осы арада жапон компьютеріндей жарқ-жарқ ете түсті. Сонымен енді аңғарса, үй иелері қулықтарын асырып, сиықсыз қыздан құтылып қалмақшы болыпты. Қотыршаның қараңғы бөлмеде неге отырғаны енді түсінікті: қараңғылықтың құдіретін сәтімен пайдаланып, көріксіздігін жасырған. Сол жердегі әңгімені пісіріп, сырттағы сөз байланғаннан кейін, құдандаласу туралы қол алысылып, қой сойылғаннан кейін барып далаға бір-ақ шыққан.
«Қой, мүмкін емес, — деген қарсы бір ой қасқая бас көтеріп алды. — Жаңа мен көрген бойынан махаббат лебі аңқыған бөлек жан болатын... Лез арасында дәрменнен айырылып, ғашық болып қалдым емес пе. Ал мынау...»
Қанша қылымсығанымен, шұбар «сұлуға» шырай беріп, шырқ үйірілген жоқ. Керісінше, оның бетіне қараса болғаны жүрегі айнып, ішкен-жегенін ірікіліссіз шығарып тастауға шақ қалып отыр. Қысқасы, ине жұтқан иттей ілмиіп, судан шыққан әтештей сүмірейіп қалған.
Жас күйеудің жоқ жерден жүдеп-жадап жұқарып қалғанында Қотырша қалыңдықтың тіпті шаруасы шамалы. Денесімен демеп, демімен күйдіргісі келгендей өңмеңдеп қояды. Жалғыз Қотырша ғана емес, отағасы мен Аңқыр ағасы құшақтасқан күйі ән айтпақ болып әлектеніп, бар дауыстарымен барылдап отыр. «Сен же, мен же» десіп, дүрілдеген дүйім топ ауыз жаппастан, жаппай гуілдеседі...
Ауылдан аулақтай түскен қос салт аттының жүрісі шылбыр сүйреткендей сылбыр. Қызара бөртіп, қызып алған Аңқыр етегін желпілдеткен желмен бірге желпіне түсіпті. Жаңа құданың өзіне керемет ұнағанын, құдашалардың қоңды жерлеріне қол жүгіртіп, қалжыңдасқанын айтып, алақандай аузына дамыл берер деген не.
— Міне, жаман ағаң осал емес, бауырым. Қызды қалай тез таптым.
Құданы қалай жылдам көндірдім? Ал, айтшы, ә? Бір дегенен-ақ шаруаны тастай қылдым емес пе. Көрдің ғой жаман ағаңның кім екенін...
— Аға, — деді манадан бері Аңқырдың аузын бағып, пауза күтіп келе жатқан Уәлаятолла осы жерде тәуекел етіп. — Аға, маған ол қыз... жаңағы Қотырша... не... жалпы неткен жоқ.
— Неме-не?..
— Сөздің қысқасы ол маған ұнаған жоқ... Қысқасы, мен бұл қызға үйленбеймін.
— Не дейт!.. — Ашулы ағаның қаһарынан қанша қаймықса да, Уәлаятолланың уәж тауып, шегінер жері қайсы? Маңқа болған баладай міңгірлеп тұрып, айтқаны — дастарқан басында отырғанда-ақ келген шұғыл шешім болатын.
Аңқар бұдан әрі сөзге келген жоқ. Төбел торыны сырғи сипалап келе жатқан момақан қамшы лып ете түсіп, үнді кобрасындай ысылдай бас көтеріп алды. Сонан кейін Уәлаятолланың шөмиген қушық жауырынын сатырлаған нөсердей сабалап келіп берсін. Жаны құрғыр жаңғақтан да тәтті екен, салт атты бозбала қайқаң етіп, тайғанақтай қашқан. Екі арада көзәйнегі де ұшып кетті.
— Ой, құдай, төбеңнен ұрсын! Ұрғанда тура қос қолдап ұрсын. Не оттап
келесің, ей? Ойбай-ау, мен жаңа ғана сенің қайын атаңмен құда-құдағи десіп, құйрық-бауыр жестім емес пе?.. Келесі аптада құда жіберетін болып келістім. Ал тойды бір айдан кейін жасайтын болдық.... Осының бәрін бағана-ақ айтпайсың ба. Ей, Дүлей?
— Ұялдым...
— Ұялмай ұраға кір! О, ұраға кіргір сол!.. — Қаншама жұртты әуреге салып, қарашы, ей...
Торы төбелді борсылдата бір салып қалған Аңқыр кешкі таза ауаны аузына келген анайылау сөздермен ластап, ауылға тырқыратып шаба жөнелді. Жігіттің әке-шешесіне, құдаларға не бетімді айтамын деп жағы талмай, зарлап барады.
Уәлаятолланың ендігі уайымы — біреу-ақ. «Қайран көрімдік-ай! Жеңгесі құрғырға қанша сом бердім екен? Қанша болса да, босқа кетіп, бордай тозды ғой.
Қайран көрімдік-ай!.. Босқа кеткенін қарашы!»
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі