Өлең, жыр, ақындар

Александр Грин

Жасөспірім кезімізде біздер, гимназистер, бәріміз "Жалпыға ортақ кітапхана" шығарылымдарын көз жазбай оқитынбыз. Бұл петитпен теріліп, мұқабасы сары қағаздан жасалатын шағын кітапшалар болатын.

Олар өте арзан еді. Он тиын үшін Доденің "Тартаренін" не Гамсуннің "Мистерияларын", ал жиырма тиынға — Диккенстің "Давид Көпперфильдін" не Сервантестің "Дон-Кихотын" оқып шығуға болатын.

Орыс жазушыларын "Жалпыға ортақ кітапхана" тек ерекшелеп, жалғыз-жарымдап басатын. Сол себепті де мен оның кезекті, "Телдурийдің көк сарқырамасы" деген аты бір түрлі кітапшасын алып, оның мұқабасынан автордың — Александр Грин есімін көргенімде, әрине, мен оны шетелдік деп ойладым.

Кітапта бірнеше әңгіме бар екен. Әлі есімде, мен оны сатып алған дүкеншенің қасында тұрып, аштым да көзіме бірінші түскенді оқи жөнелдім:

"Дүниеде Лисстен өткен әрі дүмбілез, әрі кереметтей тамаша порт жоқ шығар...Алуан тілді қала ақыр соңында отырықшылықтың орманына сіңіп кетуге бел байлаған қаңғыбасты бірден есіңе салатын еді. Үйлерін, көшелерге онша ұқсай бермейтін бос жерге, қалай болса солай орналастыра салған еді, ал онда шын мәніндегі көшелер болмайтын, Лиссте оның болуы да мүмкін емес-ті, өйткені қала сансыз сатылармен, көпірлермен және...тар сүрлеулермен өзара байланысып жатқан, жартастар мен төбелердің үзік-үзік шеттерінде пайда болған еді. Осының бәрін ыстық үйектің қалың жасыл тоғайы басып жататын, оның салалы саусақтар тәрізді көлеңкелерінде балалардың бейкүнә көздері, әйелдердің лапылдаған отты көздері жалтылдап көрінетін. Сары тас, көгіс көлеңке, көне дуалдардың жарықшақты, қайдағы бір дөңестеу келген ауласында — орасан зор қайықты, қорқорын сорған жалаң аяқ кісі-киік жөндеп жатыр; алыстан салған он және оның жаңғырығы жарқабақ сайдан анық естіледі; діңгекті базар, күннен сақтанатын саялы қалқан-тенттер, орасан үлкен қолшатырлар; қару-жарақтар жарқылы, шаңқан түсті көйлектер, гүлдер мен көкөністердің хош иісі — көрген түс сияқты, сүйіспеншілік пен оңаша жүздесулер жайлы, көңіл торықтырар сағыныш пен аңсауды тудырады; айлақ моржа тазартатын жас жігіт секілді — кір-қожалақ; жиналған желкендер бумалары, олардың ұйқысы және таңертеңгі жарқын шақ, жасыл су, жартастар, мұхиттың көз жетпес алыс айдыны, түнемелікте — жұлдыздардың магниттік өрті, күлегеш дауысты қайықтар — Лисс дегенің міне, осы.

Мен мұны гүлдеген Киев талшынының көлеңкесінде түрегеп тұрып оқыдым және көрген түс сияқты, со бір керемет ғажайып кітапты қашан тауысқанша бас алмай оқыдым.

Тосыннан-тосын мен арындай соққан желді, теңіз суының тұзды иісін, Лиссті, оның ыстық көшелерін, әйелдердің кісіні өртейтіндей отты көзін, бақашанақтың ақ таңлағы қалған түрпідей сары тастарды, көкпеңбек аспан күмбезіне қарай маңып бара жатқан ақша бұлттардың қызғылт реңін аңсап тұрғанымды сездім.

Жоқ! Бұл аңсау — сағыныш емес, соның бәрін өз көзіңмен көріп, теңіз жағалауының емін-еркін өміріне қам-қарекетсіз араласып жүре беруге құлшына құмартқан ынтызар тілегім болатын.

Және сол арада тұрып, осынау жарқылдаған ғажайып әлемнің кейбір жеке белгілерін білетінімді есіме алдым. Бәймәлім жазушы Грин тек солардың бәрін кітаптың бір бетіне жинапты. Бірақ мен оны қайдан көрдім?

Мен оны сәлден кейін есіме түсірдім. Әрине, мен оны Севастопольден, теңіздің жасыл толқындарынан, аспан тәрізді көкпеңбек көлеңке жолақтары кесіп өтетін, көз жауын алатын ақ шаңқан күнге қарай көтерілетін ғажайып қалада көрген едім. Севастопольдің күллі көңілді шытырманы осында, Грин кітаптарының беттерінде болатын.

Мен әрі қарай оқи түстім де, матростар өлеңіне тап болып қалдым:

Оңтүстіктің Айқышы жамырайды шалғайдан. Компас тілін оятады самал жел: О, құдай, кемелерді сақтай гөр, Мүсірке біздей пендеңді!

Мен ол кездері Гриннің өз әңгімелері үшін, өзі өлең шығаратынын білмеуші едім.

Адамдар шараптан, күннің жарқырауынан, қамсыз қуаныштан, өзінің кісі еліктіретін мүйістерінің жайнау-жалтырауы мен салқын самалды қасиеттерін ашып көрсетуден ешқашан да қажымайтын өмір-тіршіліктің жомарттылығынан, ең соңында, "биіктікті сезуден" мас болып жатады.

Осының бәрі Гриннің әңгімелерінде бар екен. Қапырық қалалардың қоңырсыған сасық иісінен кейін, олар жұпар иісті ауаға мас болып, оның өздерін қалай ұрып жығатынын көзімен көрген ғой.

Мен Гринмен осылай таныстым. Гриннің орыс екенін, оны Александр Степанович Гриневский деп атайтынын білгенде, мен бұған онша таңғалған жоқпын. Өйткені ол кездері Грин мен үшін, анық қаратеңіздік және әдебиетте Багрицкий де, Катаев та, және басқа да көптеген қаратеңіздік жазушылар қатысатын, ұрпақ авторларының өкілі болғандықтан да шығар.

Мен Гриннің өмірбаянын білгеннен кейін, оның ел кұлағы естімеген бұралқы иттей, бір тыным таппайтын қаңғыбастың ауыр ғұмырын кешкенін білгеннен кейін таңғалдым. Жантөзгіеіз қиыншылық әбден езіп-жаншып тастаған, осы бір тұйық жанның соншалық азапты тіршілігінде әрі таза, әрі құдіретті қиялдың дарқан сыйлығын, адамға деген сенімі мен ұялшақ күлкісін қалай сақтап қалғаны мүлде түсініксіз еді. Оның өзі туралы "мен әрқашанда түкке тұрғысыз көр-жер мен аласа мекен-жайдың күл-қоқысы үстінен ақша бұлт пейзажын көруші едім — деп бекерден-бекер жазбаса керек.

Ол өзі туралы, француз жазушысы Жюль Ренардың сөзімен: "менің отаным ең сұлу ақша бұлттар маңып өтетін жерде" деп заңды түрде айта алар еді.

Егер Грин бізге прозамен жазылған поэмасы "Алқызыл желкендерді" ғана қалдырған болса, тек соның өзі оны, адамның жан-жүрегін жетілдіре беруге шақыратын тамаша жазушылар қатарына қоюға жеткілікті болар еді.

Грин өзінің барша дүниелерін арманды ақтау үшін жазды. Біз оған тек осынысы үшін ғана алғыс айтуымыз керек. Біз бәріміз жұмыла ұмтылып келе жатқан болашағымыздың адамның жеңілмейтін қасиетінен — оның армандай да, сүйе де білу қасиетінен туғанын жақсы білеміз.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз