Өлең, жыр, ақындар

Чехов

Біздің көпшілігімізде өзіміздің ой-пікірімізді, әсерімізді және телефондар нөмірлерін шылым құтыларына жаза салатын жаман әдетіміз бар.

Өмірдің бір күні — сырттан көрінетініндей, мүлде жай қатардағы, азғандай ғана нәрсе емес. Сіз өзіңіздің әрбір күніңізді минутынан кейін минутын: бүкіл кездесулеріңізді, сөйлесулеріңізді, ой-пікірлеріңізді, қылықтарыңызды, бүкіл оқиғалар мен өзіңіздің де, өзгелердің де жан-жүректеріңіздің халін есіңізге түсіріп көріңізші, — сонда сіз осынау уақыт тасқынын қалпына келтіру үшін, тұтас бір кітапты не екі, тіпті үш кітапты жазу керек екеніне көзіңіз анық жетеді!

Бір күні Чеховтың ғұмыр баяншысы А.П.Роскин қысты күні Ялтадағы Жазушылар үйінде жиналған бізге осынау "жұмыс-сымақпен" айналысып көріңіздерші деді әзілдеп.

Біз Роскиннің идеясын қуана қарсы алдық. Әркім өзінің "Бір күннің кітабын" жаза бастады, бірақ ұзамай бұл істі бәріміз де тастадық. "Жұмыссымақ" тіпті тәжірибелі және жұмыс қабілеті мол шеберлердің өздері үшін де аса ауыр, кісінің әл-дәрмені жетпейтін нәрсе болып шықты. Бұл жұмыс кезінде жазушылар үшін тым ауыр болып табылатын тақырып, сюжет пен композиция жөніндегі қам-қарекеттер өз-өзінен түсіп қалып жатса да — бұның бәрін өмірдің өзі ұсынады ғой — ол кісі жадының мігірсіз іс-қимылыңды, қыруар уақытыңды жұмсауыңды талап етеді екен.

Мен де өз ойларымды көрінген нәрсеге, әсіресе, шылым құтыларына жаза салуға дағдыланып кеткен едім. Мен оны әманда сақтаймын ғой деп ойлайтынмын, бірақ заматыңда жоғалтып алатынмын.

Мен осы бір жаза салған дүниелерімді, Эдуард Багрицкий өзінің "Балықтарды, жұлдыздарды баса-көктеп, желқайық зулап келеді" атты өлеңін маған "Герцеговина Флор" темекісінің ескірген құтысынан оқып бергенімен ақтайтынмын.

Дегенмен, менде шылымның бірнеше құтылары сақталып қалыпты. Солардың біреуінің Чеховқа, Ялтадағы Чехов үйіне қатысы бар еді. Мен сол құтыда сақталған және жартылай өшуге айналған қысқа жазбаларымның жұмбағын шешуге тырысып көрейін.

Мен бір газетке Чехов туралы мақала жазуға уәде бердім. Бірақ оны бастауын бастасам да, со мезетте, біз өзіміз "мақала" деп атайтын жанрды, тап қазір жазу аса қиын екеніне, тіпті мүмкін емес екеніне көзім жетті. Орыс тіліндегі Чеховқа қатысты деуге болатын күллі сөздер баяғыда айтылып, баяғыда қолданыдып қойылған сияқты еді. Чеховқа сүйіспеншілік біздің сөздік байлығымыздан асып түскен болатын. Ол әрбір үлкен махаббат сияқты, біздің ең таңдаулы айтылар сөзімізді тым тез жұмсап бітіргенді. Енді қайталау мен бос сөз айту қаупі тууы ғажап емес.

Чехов туралы айтылар сөз айтылып біткен тәрізді. Бірақ әлі де болса, Чехов бізге мұра етіп, біздің мінез-құлқымызға байланысты не қалдырғаны жөнінде және ол өзінің ғұмыр тіршілігімен бүгіндері Чеховты қастерлейтіндер өмірін күні бұрын айқындап беріп кеткені туралы тым аз айтылған.

Бізге әрқашан да тірі және сүйкімді болып көрінетін "Чеховтың сезімі" туралы, аса күшті де дегдар сезімі туралы, ештеңе айтылмайды десе де болады.

Міне, сол себепті де мен мақаланы жазбауға, тек темекі құтысындағы жазбаларымды қарап шығу жөніндегі бір шешімге келдім. Мүмкін, соның бір жерінен, өзіме де әлі айқын емес "Чеховтың; сезімі" жөнінен бірдеңе табылып қалар.

Со жазбалар, жоғарыда айтқанымдайын, өте қысқа. Мәселен: "1950 жыл. Мен үйде жалғызбын. Сабалақ қанден төменде үріп жатыр. Дәстүр бойынша, оны Каштанка деп атайды".

Жадым дір етіп, өткен уақытты қалпына келтіре бастады.

Бұл жайт 1950 жылдың күзінде болған еді. Мен Ялтадағы Чехов үйіне, Мария Павловнаға бардым. Ол жоқ екен, ол көршілеріне, бір жаққа кетіпті, мен оны үйде отырып күтпекші болдым. Кемпір дәйекшісі мені айванға ертіп апарды.

Әлде гүл шешегін түсіріп бітпеген көктем бе, әлде енді ғана гүл жайнап жатқан мөлдір күз бе — не екенін түсінуге келмейтін Ялтаның таңғаларлық алдамшы күзі болатын. Қоршаудың ар жағында күн шуағында кіршіксіз аппақтығымен қайдағы бір беймәлім гүл бұталары алаулап тұр.

Гүл шешектері әрбір әлсіз лептен, не, дұрысырағы, ауа тынысынан төгіліп түсіп жатыр. Мен осынау бұтаны Антон Павлович отырғызғанын білетін едім және соның кішкентай ғана бір бұтағын ескерткіш ретінде сындырып алып кеткім келсе де, оған қол тигізуге жүрегім дауаламады. Ақырында со бұтаға қол соза бердім де дереу тартып ала қойдым — төменнен, бау ішінен маған Каштанка атты сабалақ жирен түсті кішкентай ит шәуілдеп, үре бастады. Ол артқы аяқтарымен топырақты тырналап лақтырып, Чехов бұны қалай жазса, содан айнытпай:

— Ыр-ыр-р...ігә-іго-ігә! Ыр-ыр-р...іго-ігә-ігә! - деп үріп тұр.

Мен еркімнен тыс күліп жібердім. Қанден құлағын едірейтіп, шоқиып отырды да, әлде нені тыңдай бастады. Күн шуағы оның мейірімді көзіне тікелей түсіп тұрды.

Төңірек тыныш, жылы. Теңіз жақтан күн нұры, үлкен шымылдық секілді көк түтін болыр, аспанға көтеріліп барады, сол шымылдықтың ар жағынан теплоход жуан да құдіретті даусын бөліп-бөліп, үш рет қышқырды.

Бөлмелерден мен Мария Павловнаның даусын есіттім, кенеттен жүрегімнің қатты қысылып кеткені сондай, көз жасымды әзер тыйдым. Бұл не туралы? Бұл өмірдің безбүйрек қаталдығы туралы, тым болмаса өзіміз, оларсыз өмір сүре алмайтын кейбір кісілерге, біз солардың қолының әрдайым иығымыздан қаққанын сезініп жүру үшін, сол өмір, оларға өшпес өмір бермесе де, ұзақ ғұмыр сыйлауы керек еді ғой деп ойладым.

Мен осынау ойларымнан сол арада арылғым келді, бірақ оның күйігі кетпей қойды. Ақылым бірді айтса, жүрегім екінші бірдеңені айтады. Дәп сол сәтте маған осы арадан баяғыда кетіп қалған, осы үйдің қожасының есік сыртынан байсалды қадамы мен жөтеліңкіреп келе жатқанын есітер болсам, ғұмырымның жартысын қияр едім деген бір ой келгендей болып көрінді. Баяғы болғанда қандай! Оның өлген күнінен бері де қырық алты жыл өтіпті. Бұл мерзім маған әрі қып-қысқа, әрі кісі төзбес ұзақ уақыт сияқты болып сезілді.

Қоршаудың сыртыңдағы гүлдер шешегі баяу түсіп жатты. Мен гүл күлтелерінің епелектеп ұшқанына қарап отырып, Мария Павловна уақытынан бұрын кіріп, менің жан тебіренісімді көріп қалмаса екен деп қорықтым да өзімді әдейі, осы бір бұтаның әрбір бұтағының қабығы астыңдағы нәр-сөлінің тұрақты мәңгілік қозғалысы — баяу шулап жатқан теңіз үстіндегі көк шырақтарының түнгі қозғалысы сияқты, тұрақты мәңгілік қой деген оймен өзімді жұбата бастадым.

Мария Павловна келді де бірден Левитан туралы сөйлей бастады, өзінің оған ғашық болғанын сөз етті, сөйлеп тұрған кезде кішкентай қыз тәрізді, ұялғанынан қызарақтай берді.

Неге екенін қайдам, әйтеуір Мария Павловнаның сөзін тыңдағаннан кейіи, мен:

— Әрбір кісінің өзінің "Ит жетелеген бикесі" болуы керек. Жоқ болса, онда міндетті түрде болады, — дегенім ғой.

Мария Павловна жұмсақ қана жымиып қойды да ештеңе деп жауап қатпады.

Бұдан кейін де мен жылдың әр мезгілінде Чеховтың үйіне талай рет бардым. Ішіне өте сирек кіретінмін. Көбінесе қорасына сүйеніп азғана тұрғасын, кетіп қалатын едім.

Бұл үй әсіресе қыста тым тартымды болатын. Бұлдыр түнек теңіз үстінен төніп тұратын. Одан пароход оттары күңгірттеніп көрінетін, теңізшілердің әңгімелерінен менің бір білетінім, кейде пароход палубасынан дүрбімен қараса, жасыл абажурлы шам жарығында Чехов кабинетінің терезесін көруге болады екен.

Осынау шамның жарығы елдің ең шетінде жағылғаны, со жерден Ресейдің теңіз жиегіне келіп үзіліп қалатынын, одан әрі қарай түн жамылып, Кіші Азияның ежелгі елдері жатқаны туралы ойлаудың өзі бір түрлі ғажайып еді.

Мен тағы бір жазғанымның жұмбағын шештім: "Ялтадағы қыс, Яйладағы қар, оның Аутка үстіндегі жарығы". Иә. Қыста Яйлада тоқымдай ғана жұқа қар жатты. Ол ай сәулесімен шағылысады. Түн тыныштығы таудан жылжып, Ялтаға түсті.

Чехов мұның бәрін біз сияқты көрген, бәрін де білген. Бағзы бір кездері ол шамды өшіріп, қараңғыда жалғыз өзі ұзақ уақыт қарап отырады екен.

Кейде ол сыртқа шығады екен, бірақ шешесі мен қарындасын қорқытпау үшін, жасырынып шығады екен. Атағы барша әлемге жайылып кетсе де, ел-жұрты ұмытқан кісідейін, ұйқысыздық азабынан, түн қараңғылығында бір өзі ұзақ уақыт сенделіп жүретін болыпты. Бірақ мұндай кештерде атақ-даңқы оған онша ауыр тимесе керек.

Ал дәл қасында, орыс әдебиетінің баспанасына айналған үйі, ағарып көрініп тұрған ғой. Оның ішінен Куприннің, Максим Горькийдің, Мамин-Сибиряктің, Станиславскийдің, Буниннің, Рахманиновтың, Короленконың дауыстары естілмей қалғалы каштан, бірақ олардың жаңғырығы әлі сонда тұрақтап қалғандай еді. Және осынау үй солардың қайта оралуын күтіп тұрғандай болатын. Олардың қайтып келуін үйдің қожайыны да түнемелікте, жалғыз өзі оңаша қалғанда ғана, торығуы мен зарығуы ешкімді толқыта алмайтын кезде ғана, алаңдап күтіп тұрғандай болатын.

Чехов жөніндегі орасан мол мемуарлық әдебиетте, бір кезде болмаса, бір кезде Чеховтың жылағанын еске алған жан жоқ десе де болады.

Бірақ соған қарамастан, Чехов ажалынан біраз уақыт бұрын, Савва Морозовпен бірге Оралға келгенде, оның көз жасын, мәселен, жазушы Тихонов (Серебров) көріпті. Бұл шын мәнінде, тірліктен лақтырылып тасталған және өлім халіндегі жалғыз басты адамның жұрттың бәрінен жасырған жеті түндегі көз жасы болатын.

Ол өзінің көз жасы мен азап-тозағың қайырымдылығы себепті, орасан зор ержүректігі мен дегдарлығы себепті — жақын-жуықтарының тіршілігіне кірбің келтірмес үшін, айналасындағы жұртқа тіпті көңілсіздік көлеңкесін де түсіргісі келмегені үшін жасыратын болған.

Мен тағы бір жазғанымның басын аштым: "Ресей әманда аз" — менің есіме бірден ақын Луговской екеуміздің кешқұрым, Чеховтың кабинетінде камин-пештің алдында тұрып, Левитанның "Маялар" суретіне қарап тұрған кезімізді есіме түсірдім.

Балшықты қолтабан үстіндегі сұрғылт ымырт пен ақшыл ай, тартар құстың қышқырғаны, со түнге қоса басқа да жүздеген түндер бойы жай, текке тұрған орман-тоғайлардың байтақ кеңістігі. Өйткені олардың қайыңдарының дымқыл да жылтыраған жапырақтарын ешкім де көрмеген, сол жамыраған жапырақтардың жұмбақ сыбдырын ешкім де естімеген.

Ормандар көптен иесіз қалған, құлазып жатыр. Түн олардың үстімен жеке, жалғыз өзі алыстағы атар таңға қарсы бостан-босқа жүрген сияқты. Ештеңені көрмей-білмей, осы арада — Қырымда бар уақытын өткізетініне Чеховтың жүрегі сыздап ауырады, ал ағаш үйдің тақтайлы төбесінде не туған көлдердің тыным-тыныс тапқан шүңейттерінде жалтылдап тұратын түн суреттерін байқап-бақылауы үшін, ол қайткенде де сонау жақта, Ресейде, солтүстікте болуға ынтық еді.

Ол Ресейге барғысы-ақ келеді, оның әлі айтылмаған да, ашылмаған да сұлулығын көре алмағанына, тек болжап қана білетініне ренжіп, күйіп-жанады, азаптанады.

Өзінің ой-пікіріне қарағанда, тым қысқа, құнарсыз дерлік ғұмыры жайлы, оны тек ұшқыр қанатының ұшымен бір сипап қана өткен ғұмыры жайлы өкініш, осынау жылы ұядай үйінде, оны шексіз азапқа салар еді.

Тек оның жалғыз өзін ғана емес. Неге екенін қайдам, осы үйге тап болған әрбір адам, әсіресе ол өз ғұмырын елеусіз өткізіп алып, енді ғана есін жинаған болса, ол сонда өз ғұмыры туралы табанда ойлай бастайтын.

Әсілінде, Чехов ғұмырының жарасымды да мәнді-маңызды қасиеттері өзге кісілердің өз ғұмырларын соған қарап тексеріп көруге күштеп көндіретін болған.

"Фотографиялар тізбегі" деген жазу Чеховтың көптеген суреттерін бірден тауып алатын бір кешті есіме салды.

Оларды мен — гимназиялық суреттерінен бастап, ажалының алдында ғана түскен ең соңғы суретіне дейін — жылдарына қарап, жайып тастадым.

Бұдан өткен өнегелі нәрсені мен бұрын мүлде көрмеген едім. Оның ойсыз тоғышардан және жеңіл-желпі әдепсіздеу күлкісі бар, қуыс кеуде әзілкештен, ішкі сарайы ғажайып сұлу, дегдар да байсалды ерлікке толы адамға айналатын Чеховтың бүкіл өмір жолы -қайран қаларлықтай айқын көрініп тұрды.

Ол өзін-өзі тәрбиелеп өсірді де, біздің бәрімізге, адамдарға және өзінің жазушылық ісіне парасат биігінен қараудың қатал сабағын беріп кетті.

Соңғы екі жазбам тым шолақ, тек бір-бір сөзден ғана тұрады екен. Бірінші жазуым "кемеңгер", ал екіншісі — "қайырымдылық".

Бірақ бұл жазбаларда мен үшін ешбір көмескі нәрсе жоқ еді.

Чехов — кемеңгер жазушы. Бұл — даусыз. Бірақ оның мүлде өзгеше қарапайымдылығын сыйлап, ол туралы жазған кісілердің ешқайсысы бұл жөнінде тікелей ашып айтпаған. Тіпті Чехов көз жұмғаннан кейін де, біз, оны ашуландырып аламыз ба деп, бұл жайт туралы анық айтудан да ұяламыз. Бұл сөзге Чеховтың өзі тыйым салып кеткен болатын.

Нағыз ұлы адам қалай қарапайым болса, Чехов та тап солай қарапайым еді деседі. Ол паңдыққа, менменсуге, мақтаншақтыққа әсте төзбейтін болған.

Ол, ешқандай дарыны жоқ жазушыға тән қасиет, ол, ең бірінші пірәдар өзі сияқты, күпсініп, паңданып бітеді деп жазды. Қарапайымдылық — орыс халқының аса ұлы сипаттарының бірі. Орыстың жай қатардағы және тамаша адамдарының баршасы қарапайым болған. Олардың бірде-бірі өзін-өзі мақтаумен, бөтендерді улап-шулап қуып шығумен айналыспаған, өз басын жұрттың бәріне өнеге етіп көрсетпеген.

Халықтың ар-ұятының күші мен тазалығы — қарапайымдылықта, ал оның қуыс кеуделігі мен ақыл-ойының жетіспеушілігі — мақтаншақтығында.

"Қарапайымдылық" жазбасына байланысты көп нәрсені айтуға болады.

Чеховтың өз басының, қарапайым адам ретіндегі қайырымдылығы жайлы да айтуға болады, бірақ оның жазушы ретіндегі қайырымды да бауырмал болғанын айту одан гөрі әлдеқайда маңыздырақ. Тегінде, біздің әдебиетімізде адамдарға асқан мейірбандықпен қарайтын, одан өткен кісі болмаған, ол сол адамдар үшін жәбір-жапа шегіп, оларға көмек көрсетуге ұмтылып отырған.

Рас, ол қайырымды болған, бірақ аяусыз қатал да бола алады екен, ол кектене де білген, бәрін де кешіре беретін, жұмсақ мінезді уағызшыл болмаған. Бірақ ол адамның қайғы-қасіретінің тұңғиық тереңдігі мен оның бейшара бақытсыздығының сұмдығын да жете білген, және дәрігер де жазушы ретінде, кәміл білген, сол себепті де адамдардан бір-біріне мейірімді болуды талап еткен.

Чеховтың бұл мәселе жөніндегі ел-жұртқа тигізген әсері орасан зор болған және солай болып қала береді де. Италияның алдыңғы қатарлы киносының: "Рим он бірінші сағатта", "Велосипедтерді ұрлаушылар", "Машинист", "Полицейлер мен ұрылар", "Жол үстіндегі армандар" сияқты үлгілі нұсқаларының бәрі дерлік — Чеховтың гуманизмінен — бауырмалдығынан шыққан.

Чеховтың осындай қайырымдылығы, оның талғампаз гуманизмі біздің әдебиетіміздің кейбір шығармаларында жетіспейді. Бұл оларды жұтаңдандырып, әдебиеттің аса маңызды қасиеттерінің бірі — оқырманның жан жүрегіне әсер ету күшінен айырады.

Өзімнің ескі темекі құтысынан тапқан жазбаларымды түсіндірудің жай-күйі осы. Соның арқасында мен аса иманжүзді кісі және тамаша жазушы Чехов туралы ойларыммен бөлісуге мүмкіндік алдым.

Оның өмір сүріп, тіршілік етуінің өзі адамның шын мәніндегі бақытқа жетуінің мүмкін екендігін есімізге салады, біздің өзіміз де сол үшін жұмыс істеп, күресіп, жеңіске жетіп келеміз ғой.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз