Өлең, жыр, ақындар

Ұлы Абай

Абай шығармашылығындағы рухани адамгершілік құндылықтар

Абайдың әдебиеттегі өсиеті – шындық, шеберлік, адам баласына ортақ гуманизм, еліңді, Отаныңды сүю, не артқа тартып жатса, сонымен аянбай алысу, құртқанша алысу.

Ғ. Мүсірепов

Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл, артық білуге, - деп, тарих қойнауынан үн қатқан дана Абайдың асыл сөздері – даналықтың қайнар көзі. Өйткені, адамгершілік қасиет жеке адамның ғана емес, жалпы қоғамның басты байлығы. Сондықтан адамгершілік қасиеттен жұрдай болған кей адамдар тек өзіне емес, қоғамға да зиянын тигізері анық. Одан арылуда Абай поэзиясының құдіреттілігі неде?  Біріншіден, «Абай –дария, мен сол дариядан шөмішпен қалқып қана алдым», -деп сөз зергері Мұхтар Әуезов текке айтпаса керек. Себебі Абайдың тағылымды ойлары – даналықтың кәусар арнасы. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсауды айта келіп:

«Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз», - деп қорытады.

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой деместің бәрі де – ақымақтық». Абай білімді байлық, атақ-құрмет, бедел атаулыдан да жоғары қояды. «Адамның білімі, өнері – адамшылдықтың таразысы» - дей отырып, жастардың білімді болып, ғылымды игеруі арқылы қоғамға, халқына адал қызмет етуді нұсқады. Екіншіден, «Қалың елім – қазағым,қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» 

Жақсы мен жаманды айырмаған жерде кертартпа кердең мінез қалыптасады. Мұндай жағымсыз құбылыстар ұлттың рухын кері тартып, өмірдің өрге дамуына тосқауыл болады. «Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын» деген кестелі сөз маржандарын оқығанда ел арасындағы күншіл мінез ақын жанын жегідей жеп, арқасына аяздай батқаны сезіледі. Сондай-ақ, отыз екінші қара сөзінде: “…ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! көрсеқызарлықпен, жеңілтектікпен, біреудің орынсыз сөзіне, кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады». Ғұлама ойшыл осындай кертартпа мінезден аулақ блудың жолына: «Өсек,өтірік,мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ-

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой

Қанағат, рақым, ойлап қой-

Бес асыл іс, көнсеңіз» - деп ізгіліктің шуағын шашты.

Үшіншіден, халқының келешегін ойлап тебіренген Абай: «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,- дей келе жастарды бауырмал, мейірімді болуға, қиянатсыз, адал достыққа шақырды.

«Бір жерде бірге жүрсең, басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тасып.

Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып»

Бұл шумақтардан жалған татулық пен екіжүзді мінезден сақтандырып адамдықтың сара жолын нұсқаған кемеңгердің өр дауысы естілгендей болатыны анық. Қорыта айтқанда: ақыл,қайрат,жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек, деген хәкімнің телегей теңіз ойлары парасат пен ғылымның асқарлы шыңына жетелей түсер ғасыр бағдаршамы болары хақ.

Мемлекет басшысы Қ.К..Тоқаев: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», - дейді. Мемлекет басшысының осындай салиқалы сөздері бүгінгі ұрпақты ұлы ойшылдың саф алтындай жарқыраған қайнар бұлағынан сусындауға құлшындыра түсетіні даусыз. Абайдың мұрасын игеру – саналы жастардың ұлт алдындағы парызы болары сөзсіз.

«Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жаттап тоқы көңілге», - деп ақын С.Торайғыров айтқандай, келешек жастарға білімнің кілті Абайдың түпсіз терең жауһар ойларында екенін білгені жөн.          

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Джолдыбаева У.М,

1 курс студенті Борашева Л. Р.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар