Өлең, жыр, ақындар

Аңшының қызы

Әйелі кіші қызына жүкті кезінде Арыстанбек «осы жолы ұл болар» деп қатты дәмеленді.

Аяғы ауырласа болды қабағы кіржиіп, астан қалып, тамақтың иісінен лоқсып жүретін келіншегі осы жолы бұл түз кезіп, қанжығасын майлап келгенде, олжасын жалма-жан бірге тазаласып, етін асыға отқа қақтап жей бастағанда алғаш рет «ұл болады» деген ой қылаң берген. Бұрындары «басым айналды», «белім ауырды» деп отырып қалатын жарының атқа ырғып мініп, мал қайырып, ер адам атқаратын шаруаны бұған қаратпай өзі-ақ дөңгелентіп тастап жүргенін көргенде ішкі сенімі арта түсті.

Шанудың жүкті кезінде аяқ-қолы жеңіл, көңілі тоқ жүргенінен өзгеше ой түйген Арыстанбек қана емес еді. Неше жыл бойы іргелері ажырамаған көрші апасы Оразгүл де «Әйел бойға ұл бітсе қанат өскендей ұшып жүреді, қыз бітсе ішкен-жегенін құсып жүреді» деп, емексітіп қойған. Шындығында да жүрісі ширақ, күн өткен сайын жүзі нұрлана түскен Шанудың өз күйіне ризалықпен күлімсіреп тұратыны, кербез, әсем аяқ алысы еріксіз сүйсінтетін. Содан да болар «Аудан орталығына барайық, дәрігерге көріну керек» деген келіншегіне алғашында «Аттай шауып жүрген адамға дәрігердің қажеті не?» деп қалжыңдаған. Одан кейін де бір-екі рет «Күн жылысын. Қақаған қыста мал-жанды кімге тастайсың?» деп ыңғай бере қоймаған.

...Толғақ қысып, бебеулеп жатқан әйелін көргенде сонысына іші удай ашып, өкінді. Екі қызын оп-оңай туа салған әйелі үшіншісін де қиналмай босанады деген сенімде еді. Бұлай азаптанарын кім білген?.. Қап! Қап! Әттең... Әттең...

Ыңқылдап жатқан әйеліне жақындап келіп, дудырап босап кеткен шашын саусақтарымен тарақтады. Жүрегі атқақтап, айтарға сөз таппады. Өйткені... жанын қоярға жер таппай, аласұрып, араша сұрағандай өзіне жалбарына қараған әйелінің көзінен бұған дейін ешқашан байқамаған үрейді көрген еді...

Толғақ басталысымен үлкен қыздарын босандырып алған көрші апасын алдыртқан. Оразгүл апа да қартайған ба, әлде жай-күйі болмай тұр ма, қимыл-қозғалысы сылбыр, бұрынғыдай батыл сөйлеп, еркін қимылдамайтындай көрінді бұған...

Уақыт та өтпей қойды. Бастапқыда толғақ қысқан ананың ышқына шыңғырған даусы жиі естіліп еді, бірте-бірте ол да бәсеңси бастады. Үйді төңіректеп, айналшықтап жүрген Арыстанбек мұны өзінше жақсылыққа жорып отыр еді. Бекер екен. Есіктен сүріне-қабына шыққан көрші апа: «Шырағым, дәрігер шақырт. Жағдайы төмендеп барады...» дегенде есі шығып кетті.

Күн бата жеткен дәрігерлер үйге кірген соң да біршама уақыт өтті. Қас қарайып, айналаны түнек басты. Бұл болса үйге кіруге жүрегі дауаламай сыртта отыра берді. Түрлі ойдың жетегінде, әйелінің денсаулығына мән бермегеніне, дәрігерге қаратпағанына, босануға аудан орталығына апармағанына өкініп, «а, құдай, өзің жар бол» деп, білетін дұғаларын қайталағаннан басқа амалы қалған жоқ.

Бір кезде «іңңң-гәә», «іңңң-гәә» деген дауыс құмыға естілгенде жүрегі дір ете қалды. Іле-шала нәрестенің «мен келдім ғой!» дегендей, қаттырақ шығып, айналаны жаңғырықтырған зор даусы құлағына жеткенде «барылдаған даусыңнан!», «ұл!» деген ойдан кеудесін қуаныш кернеді. Дүниеге келген нәрестенің бір ғана «іңгәсі» бар уайымын ұмыттырып, үйіне қарай жеделдете қадам басты. Есікті айқара ашып, «Шану!» деді шаттана дауыстап.

Дәрігерлердің кінәлі жандай жалтақтап қарағанынан, көрші апаның сыбырлай сөйлеп жылағанынан шошып кетті... Буын-буыны босап, жаялықта аяқ-қолы ербеңдеп, іңгәліп жылап жатқан қызын бауырына басқан күйі отыра кетті.

***

Арада біраз жылдар өтті.

Арыстанбек өзі сияқты бір мұңлықпен бас қосып, екеуі қоңыр тіршілік кешті. Армандаған ұлды да болды. Бірақ балаларының бәрінен де үшінші қызын елжірей жақсы көретін. Түр-келбеті Шануынан айнымайтын, жүріс-тұрысы, мінезі, тіпті даусы да өзіне тартқан. Қимылының әбжілдігінен бе, көп жұрт сырттай ер бала деп ойлап, бұл бірде күлкілі, бірде ренішті оқиғаларға әкеп соқтырып жатушы еді. Өзі де қыз бала болып сызылуды білмейтін, ойын айта салып, «ал, не істейсің?» дегендей басын шалқақ ұстап қарап тұратын, ал қатарластары ашуына тисе, алыса кетіп, алып ұратын Жайнадан ауыл балалары ығып өсті.

Дегенмен оның ешкімге орынсыз соқтықпайтыны да бәріне аян-ды. Әсіресе, өзінен кішілерге әлімжеттік жасамайтын еді. Сөйткен мақтаулы қыз бірде Оразгүл апасының немересін жылатып қойыпты. «Өзінен көрсін» деді себебін сұраған әкесіне дүңк етіп. Қасарысып, тіл қатпай бірнеше күн жүрді. Себебін үлкен қызы айтты: «Тіліне ие болсын. Жайнаға «шешесін жұтқан жетімек» депті ғой» деп жылап жіберді. Арыстанбектің жүрегі сыздап кетті. Тағдыры бір, ортасы екі жылатқан қызын үнсіз бауырына басып, қыстыға өксіді. Содан қызын қасынан тастамайтын болды.

Өсе келе аңшылыққа шыққанда да Жайнаны өзімен бірге алып жүретін әдет тапты. Тұзақ құрып, қақпан қойып, нысана көздетіп үйретті. Өз баласын өзі білмейді екен. Ұғымтал, зеректігіне, ұзақты күнге созылатын жортуылдарында қыңқ етпейтін төзімділігіне таң қала да сүйсіне жүріп, табиғат аясында қызын басқа жағынан таныды: сырт қарағанда дөкірлеу көрінетін Жайнасының жаны жұмсақ, жүрегі мейірімді екен. Тұзаққа түскен құстарға бұдан бұрынырақ жетіп: «Ақымақ-ау, абайлап жүрмейсің бе?» деп сөйлей жүріп, босатып жіберетінін көргенде жүрегін әлдебір сезім елжіретіп, көз жасын сығып алатын...

***

Басқалар сияқты сәнденіп киінбейтін, жиын-той, қыдыру дегенге мән бермейтін қызы бой жетіп, жасына жас қосқан сайын «осы күйеуге шықпайтын шығар» деп уайымдайтын болды Арыстанбек. Жігіттердің де көп үйіріле қоймайтынын байқаған әке қызының болашағын ойлап, осы жолға — саятшылыққа қызықтырғанына өкінсе де, өзінің ол әлемге арбалып қалғаны анық. Ара-тұра қызы туралы ой мазалайтыны болмаса, өз басы тылсым табиғатпен оңаша жүріп сырласатын, мұңдасатын әлемінде ғұмыры жеткенше жүре беруге кетәрі емес-ті.

Саятшылықтың да өзіндік қызықтары мен жазылмаған қағидалары бар. Әдетте, даланы аппақ қар басқанда, кәнігі аңшылар, қиқуды естісе байлауда тұра алмайтын тұлпарлардай делебелері қозып, үйде отыра алмайды. Осындай, аңшылар бір-біріне хабарласып, құрал-саймандарын дайындап жатқан күннің бірінде үйге асығып-аптығып кірген Жайна жылы киімдерін жол сөмкесіне сала бастады. «Жол болсын!» деген әкесіне «Бір топ жігітпен бірге аңшылыққа баратын болдым» деді жайраңдай күліп.

Арыстанбек шошып кетті. «Қайда?», «Немен?»

— Ой, әке, қам жемеңіз, қар үстінде жүретін мықты моторлы шаналары бар. Қарулары сайлы. Қабан атуға барамыз дейді. Қызық емес пе?

— Қабанға бару өте қауіпті, қызым... Ол — аса жүйрік әрі қуат-қайраты зор аң, бетпе-бет баруға ер адамдардың өзінің жүрегі дауаламайды...

— Бара көреміз, әке... Қашанғы тир атып жүре берем? 10-дыққа тигіздім деп мақтанып? — деді Жайна күле сөйлеп.

«Осыны үйір етіп нем бар еді?» деп тағы өзін іштей жеді Арыстанбек. Бірақ қызының алған бетінен қайтпайтын мінезін біледі, сондықтан енді оның бас амандығын қамтамасыз етуді ойлады.

— Жұрттың қолындағы қару — сенің қаруың емес. Жүр, өзіңе мылтық алайық.

Жайна әкесін құшақтай алды.

***

Арыстанбек қару сататын дүкеннен таңдап жүріп, қосауыз мылтық алды. Сосын бір ой келді де Жайнаны сол маңдағы тирге ертіп апарып: «Қане, жаңа кіл 10-дыққа тигізем» деп ең ғой, көрсетші өнеріңді, — деді.

Жайна нысананы асықпай көздеп, бірнеше рет оқ атқан соң нұсқаушы қағазды әрі таңдана, әрі сүйсіне қарап, алып келді. Айтарға сөз таба алмады ма, әлде ең жоғары мақтауы сол ма: — «Супер!», — деді

Арыстанбек мақтана тіл қатты: — Менің қызым!

***

Аңға шыққан он шақты жігіттің осалы жоқ сияқты. Бұрын қабан атуға шыққандары ол аңның аса иісшіл, сезімтал екенін, мүйіз азуымен жеңіл көліктің доңғалағын жарып жіберетінін, кей кезде тіпті адамға шабатынын айтып отырды. Жайнаның бойы тітіркеніп кетті.

Аңшылар әуелі бірнеше сағат тікұшақпен ұшып, қалың орманның ортасындағы алаңқайға қонғанда қар үстімен сырғи жүрген жол талғамайтын көлік алдарына келіп тоқтай қалды. Аппақ қар басқан орманның сұлулығына көз тоймайды. Жайна әр жерде түскен аң-құстың ізін танып тұр: әкесі мұны орман мен даланың, тау мен көлдің тілін түсінуге үйреткен.

Қарсы алдарынан шыққан еңсегей бойлы жігіт келгендермен қол алысып амандасып жатып, ер адамдардың арасындағы жалғыз қыздың алдында сәл кідіріп, жылы жымиып «Қош келдіңіз!» деді. Сосын анадайда тұрған үйін нұсқап, ыстық шәй ішіп, бой жылытып алуды ұсынды. Бұл — салт басты, сабау қамшылы тұрмысына қарай былайғы жұрт «саяқ Сағидолла» атандырған осы жердің қорықшысы болатын.

Қорықшының үйі Жайнаға ерекше әсер етті. Әсіресе, есіктен кірген адамға біреуі азуын білеп, біреуі мүйізін төсеп, тағы біреуі сояудай тырнағын безеп тұрған түрлі аңдардың мүсіндері мен қабырғаға жартылай жабыстырылған бастарын көргенде денесі дір ете қалды. Айқыш-ұйқыш мүйізін ауырсынып, басын әзер көтеріп тұрғандай бұғының жартылай мүсінінің жанында кідірген Жайна өзіне тақай берген қорықшыдан: «Осының бәрі өзіңіздің олжаңыз ба?» деп біртүрлі үркектей сұрады.

Сағидолла қыздың неден шошынып тұрғанын түсінген болуы керек, жадырай күлді: «Қайдағы? Кейбіреуін аңшылар сыйлаған, кейбіреуі арнайы тапсырыспен жасалған...». «Тапсырыспен?» «Иә, туристерді тарту үшін, мәдени саятшылыққа қызықтыру үшін арнайы шеберлерді тартып, осындай шағын үйлер жасақталады...» Мына сөздерінен кейін бағаналы бері томсырайып тұрған бойжеткеннің жүзіне күлкі үйірілгенін көріп, қорықшы оған сүйсіне қарады...

Бойларын жылытып, сыртқа шыққан бұларды қар басқан орман ішімен біраз алып жүрген жол бастаушы Сағидолла әр жерден екі адамнан қалдырды. Сөйтсе, бұл да бір амал екен: әуелі аңды қуалап қоршауға әкеп тығу үшін осылай істеледі деп түсіндірді Жайнаға жігіттердің бірі. Бәрін жұптап, белгілі бір арақашықтықта қалдырғаннан кейін жол бастаушы мұны көліктің қасына алып келді:

— Сіз, қарындас, мына көлікті күзетесіз...

— Кешіріңіз, мен күзетшілікке емес, аң аулауға келдім!

— Ренжімеңіз, қарындас, байқаймын, сіз мұндай үлкен науқанға бірінші рет қатысқалы тұрған сияқтысыз... Бұл жолы бойыңызды үйретіңіз. Келесі келгеніңізде міндетті түрде қосыласыз... Әзірше суретке түсірсеңіз де болады... фотоаппаратты бекер әкелген жоқсыз ғой.

— Мен өмір бойы әкеммен бірге жүріп, аң-құс аулағанмын...

— Оған күмәнім жоқ. Тәжірибесіз адамдар мұндай науқанға келуге жүрексінеді. Сізге айтайын дегенім, қабан деген — айлакер аң. Оның мына көлікке келіп, тарпа бас салуы да мүмкін... Сондықтан мылтығыңыз оқтаулы, дайын болсын!

Осылай деп жымия күліп, көлік қасында қалдырып кеткен жол бастаушының ізінен ызалана қараған Жайна орманға қарай беттеді. Қолында мылтығы, мойнында фотоаппараты — омбы қарды кешіп келе жатып ішінен: «Аңға келіп, көліктің ішінде отыратын адамды тапқан екенсің» деп ызалана ойлады.

Шоқ тоғайға кіре бергенінде құлағына иттердің өршелене үргені, адамдардың ысқырығы мен қиқулаған айқайы жетті. Қашқан аңдардың жанұшырған дыбыстары мен тұяқтарының дүбірі жақындаған сайын Жайнаның тынысы тарылып, бойын бұған дейін белгісіз бір сезім — қорқыныш биледі... Қалт тұра қалып, келесі сәтте алды-артына қарамай, көлікке қарай зыта жөнелді. Жеткен бойда көлікке қарғып мініп, жан-жағына қарап «уһ!» дегені сол еді, орманнан ақ қарды бората шапқан қабандардың өзіне қарай беттегенін көзі шалды. Зәре-құты қалмады. Алақ-жұлақ етіп жан-жағына қараған: көз жетер жерде ешкім жоқ екен.

Жайна не істегенін өзі де түсінбей, оңтайлап ұстап отырған мылтығын қоя салып, мәшинеге дереу от алдырып, беті ауған жаққа құйғыта жөнелді...

Көлігі асау ат сияқты жұлқа тартып, ойлы-қырлы жерлерден ырғып өтіп, біраз жүйіткіді. Жайна ұзап кеткенін сезсе де жүрегіне ұрлана кірген қорқыныштан арыла алмай, тағы біраз жүрді. Айқай-шу артта, ну орман ішінде қалып, кішігірім әуежайдай алаңдағы әлдебір төбешіктің етегіне жеткенде ғана есін жиып, бір-ақ тоқтады.

Айнала тым-тырыс. Тыныштық бойдағы қорқыныштан арылта бастағандай. Жайна біраз қимылсыз отырды. Сосын сіресіп қалған қол-аяғын қозғады. Жүрек қағысы да қалпына келгендей болды. Енді қайтам деп көлігін бұра бергенде қарға жаңа түскен бұғылардың ізін көрді: ірілі- ұсақты іздерді көзбен қуалап еді — олар анадайда екіге бөлініпті. Ол өзінің адасып кеткенін ұмытып, екі көзін тарам-тарам іздерден алмай алға басты. Кішкентайынан әкесінің қасында жүріп, хайуандар әлемінің сырына қаныққан қыз бұғылардың мұны адастыру үшін жасаған айласын түсіне қойды. Бойында әлдебір құмарлық оянып, дереу көлігіне от алдырды. Ойы — бұғыларды қуып жетіп, аңшы жігіттерге олжамен оралу.

Із кесіп біраз жүрді. Аңдар да әккі екен — із бірде жоғалып, бірде ойламаған жерден пайда болып біраз әуреге салды. Бірақ Жайна сонда да ойынан қайтпады. Көлігін тоқтатып, жан-жағына бажайлай қарады. Кенет... көз ұшында бірдеңе көлбең еткендей болды. Қыз демін ішіне тарта қойды. Көліктен түсіп, әр адымын еппен басып, әлгі жаққа беттеді.

Біршама жүрген соң бұта қаулап өскен төбешіктің ар жағынан әлдене қозғалғандай болды. Алғашында бұған құлаған бөрененің бұталары сияқты көрінген. Келер сәтте бөрене деп тұрған нәрсесі тағы да қозғалып «бұталар» шайқатыла жоғары көтерілді де... шаңырақтай ауқымды мүйіздері бар үлкен бұғы бұл жаққа елегзи көз тікті. Жайна мына ғажайып көріністен аузы ашылып, тына қалды.

Орман тағысын таяу жерден көргені осы еді. Әкесінің бәйгеге қосатын жарау атындай бұғы сұлу мүсінді екен. Кербездене бұрған бұлшықты мойны қандай — анау айқыш-ұйқыш мүйізді асқақ көтеріп жүру үшін жаралғандай... Ал көздерінде әлдебір қорқыныш тұнып қалғандай. Бұл бұқпантайлап жатқан жаққа елеңдей қарап, орманның арғы бетіне қарай мойын созады. Жайна да сол жаққа көз тіккен. Көз ұшында өзінен бойы қалқыңқы ғана аласа төлін алға салып, бұғы маралы артқа жалтақтай-жалтақтай ұзап бара жатты. Енді бәрі де түсінікті болды: шаңырақ мүйізді кербез бұғы солардың ұзап кеткеніне көз жеткізгісі келгендей... Соны ұғып, қыз жүрегі шым ете қалды.

Сол-ақ екен, Жайна әлгінде, ізге түскен кездегі бұғыны атып алып, қасындағы жігіттерге өзінің қандай аңшы екенін көрсетіп, мақтанғысы келген ойынан айнып қалды: өз жұбы мен төлі үшін өлімге басын тігіп тұрған аталық бұғыны оққа байлағысы келмеді. Мылтығын тастай салып, мойнына ілінген фотоаппаратын қолына алды.

Тап соны күтіп тұрғандай бұғы басын кербездене бұрып, бұған қарады. Тұп-тұнық, қап-қара жанарларында жұбын, ұрпағын аман алып қалып, жаны тынышталған, «еркек тоқты — құрбандық» екенін түсінгендей салмақтылық бар. Тұла бойын әлдебір діріл билеген Жайна көз жасын жұтып: «О, Алла!» деді сыбырлап.

Фотоаппаратының фокусын келтіріп жатқанда бұғы әлденеге селт ете қалып, көз ілеспес жылдамдықпен биік төмпешіктен бір-ақ ырғыды. Неше жыл бойғы әуес ісі болғандықтан қыздың кәнігі болып қалған саусағы түймешені бір сәт бұрын басқан-ды: фотоаппараты ызылдатып әлденеше кадрды алып үлгірді.

Суреттер тамаша болып шығыпты: бұғының мүйіздерімен көк тірегендей қасқиып тұрған кезі де, тұнжыраған жанарлары да, аспанға ырғыған сәті де, тіпті орман тағысының тұяғынан бұрқыраған қар да қас шебердің қаламынан шыққан картинадай әсер қалдырады. Жайна бойын билеген қуаныштан жүрегі алып-ұшып, суреттерді қайта-қайта қарап отырғанда орман ішін күлкілерімен жаңғырықтырып, қабан қуған жігіттер жиналды: бәрі мәз, аңшылықтары сәтті болғаны көрініп тұр.

— Ал, жұрттан бөлініп кеткендегі олжаңыз қане? — деді бірі қағыта сөйлеп.

— Ізіне қарасаң қоян қуған сияқты: біресе анда, біресе мында секіріпті, — деді екіншісі де күле сөйлеп.

— Тұра тұрыңдар, жігіттер, — деді Сағидолла, — қарындастың жүзіне қарасаң, олжасы бізден кем емес сияқты...

Солай деді де, Жайнаның фотоаппаратына қол созды... Басқалары да ұмар-жұмар жиналып, фотоаппаратқа үңілді.

— Түуу, мынаны жіберіп қойғансыз ба?

— Қап! Қап! Қандай шашлықтан айрылып қалғансың!

— Мүйізі ше! Кез келген интерьердің сәні болар еді ғой! Қап!

— Ойбүй, мылтығыңды алмап па едің?

Фотоаппаратты қолдан қолға өткізіп, аһ ұра сөйлеген жігіттерге қыз шошына қарады. Жаңа ғана кеудесін кернеген қуаныш оты бірте-бірте сөніп бара жатқанын сезініп, Жайна бұрылып жүре берді. Мына аң біткенді қырып-жою, атып алып, кәуәп жасау ғана қызықтырған топта бір сәт те қалғысы келмеді.

Адымдай басып алыстай берген оны Сағидолла қуып жетіп, біраз жер қатарласа үнсіз жүрді. Сосын бұған:

— Суреттеріңіз тамаша шығыпты. Шынайы, табиғи... Әдейі түсірсе олай шықпас еді, — деді.

Жайна жан-дүниесіндегі алақұйын сезімнен қыстығып, бірдеңе десе жылап жіберерін сезді. Сондықтан ләм-мим деместен, әрі қарай жүре бермек болған. Кенет алдын орағытқан Сағидолла мұны тоқтатып, өзіне қаратты да:

— Аңшының үйіндегі қалпыңыздан-ақ мен сіздің жүрегіңіз нәзік жан екеніңізді түсінгем. Іздегенім де сіз сияқты ермінез, әрі жаны табиғатпен туыстас қыз еді. «Кездестірем бе, жоқ па? Өмір бойы соқа басым сопайып өтетін шығармын» деп ойлайтынмын кейде. Енді, міне, таптым ба? Өңім бе, түсім бе?» деп өзіме-өзім сене алмай тұрмын. Рас болса, мені оятыңызшы, — деді көзіне үңіліп.

Жайна жігітке жымия қарап, басын изеді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз