Өлең, жыр, ақындар

Сегіз сері

(деректер)
АВТОРДАН


Сегіз сері жайында жазуына не себеп болды, қазақ әдебиеті мен өнері тарихында, бұрын белгісіз осы есім қалай жарыққа шықты, алдымен соған тоқталайын. Исатай, Махамбет жөнінде жастайымнан көкірекке жаттап, көңілге тоқыған ой-толғанысымды қағазға түсіргім келіп қолыма қалам алғанымда, бүкіл бір аймақты дүрліктірген қос тарпан — қос батыр бастаған кедейлер көтерілісінің оқиғасын жазу қиын екені, бұл жайында өзімнің әлі де өз білетінім айқын сезілді. Сол себепті, Исатай, Махамбет өскен орта мен олардың айналасындағы батыр – сарбаздарды, тарихи-әлеуметтік жағдайлар мен ел аузындағы аңыз-әңгімеге көбірек көңіл аударып, кәп зерттеуіме тура келді.

Тарихи тақырыпқа қалам тартқан әрбір жазушы, өмірде болған белгілі есімдерге байланысты ой саралап, тұжырым айту үшін зерттеуші де болуға тиіс екен. Сөйтіп тарихи деректер мен ел аузынан жинаған шежіреге жүгінгенімде бірден Исатай, Махамбеттің жақын батыр сардарларының бірі — Сегіз сері есімі кезікті. Ол кәдімгідей жанды бейне ретінде көзіме елестеді. Оның өміріне қызыққаным соншалық, Сегіз серіден тіпті айырылғым келмеді. Сөйтіп өзім жазған «Қайран Нарынның» жалғасы «Өттің дүние» атты екінші кітабымда Махамбетпен қоса Сегіз сері бейнесін жасауға біраз күш салдым. Осы кітапқа байланысты Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі оқырмандардан, тіпті республикадан тысқары жерлерден де көп хат алдым. Олар Сегіз сері жайында көбірек білгісі келеді, оның өлеңдерін, жырларын, әндерін аса ұнататынын айтады. Соған қоса Сегіз сері жөнінде кітап неге жазбайсыз, деп сауал қояды. Бұдан бірнеше жыл бұрын қазақтың өнер адамдарының өмірін көп зерттеген жазушы, марқұм Тәкен Әлімқұловпен жолығып Сегіз сері хақында әңгімелескенімде ол: «Иә, өткен ғасырда Арқада сондай өнер иесінің болғаны шындық. Сегіз сері табиғаттың өзі құя салған құйма талант. Қол бастаған батырлығы мен палуандығы өз алдына. Ол ақындығымен бірге әнші, күйші, қисса - жыр айтушы жырау. қобызшы, сыбызғышы, ән шығарушы әйгілі композитор, әрі он саусағынан өнер тамған бес аспап шебер - оюшы, өрімші, ерші, уық, кереге, шаңырақ, кебеже, домбыра жасаушы яғни сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Халықтың оған Сегіз сері деп ең қоюы да тегін емес»,— деген-ді.

Орал облысының Орда ауданында көп жыл ұстаздың қызмет еткен, марқұм Зарипов Ғұмар бір кездесуде Сегіз серінің әндерін айтып берді, педагог - шежіреші бізді өзі білетін мол деректермен таныстырды. Әсіресе, ол елге кеңінен тараған «Ақбұлақ» әнінің шығу тарихы жайында егжей-тегжейлі әңгімеледі, ел ішіндегі осы әнді тамаша орындайтын ақсақалдың аты-жөнін айтқан да осы кісі еді. Сегіз серінің әндері мен өлеңдері, жыр-дастандары өткен өміріміздің асыл қазынасы екенін, оның мұрасы қай қазаққа да қымбат екенін, оларды іздеп, тауып, зерттеп халыққа ұсыну парыз екенін жақсырақ ұғынғандай болдым. Осыдан кейін-ақ 1954—1966 жылдар аралығында Сегіз сері жөнінде ел-елді, жер-жерді аралап дерек жинай бастадым. Алдымен сапар шеккен жерім Сегіз серінің туып өскен мекені, Теріскей Арқадағы Солтүстік Қазақстан облысы болды. Осы өлкенің аяқ жетер жерінің біразын араладым. Петропавл (бұрынғы Қызылжар) қаласының тарихи өлке тану музейінде жинақталған деректермен таныстым. Осы сапарымның тағы бір пайдалы болған жағы, Сегіз серінің көзі тірі немере-шөберелерін тауып әңгімелесуіме мүмкіндік туды.

Жамбыл ауданының Архангелька селосының тұрғыны Сегіз серінің үшінші баласы Мұсайынның қызы Ақжүністен туған жиені — Қопышев Көкен әншінің айтуынша, Сегіз серінің Ырысбике атты жұбайынан бес ұл, бір қыз туған. Балаларының аты — Мұстафа, Мұсабек, Мұсайын, Мұсахан, Мұсажан, жалғыз қызының есімі —.Бибізара. Мұсабек, Мұсахан, Мұсажан үшеуі де ауырып жастай қайтыс болыпты. Үлкен ұлы Мұстафа батыр әрі ақын, әрі әнші болған екен. Мұстафа әйгілі «Қамажай» әнінің авторы екенін сол жолы естіп білдім. Бұл әнді ол 1881 жылы өзі ғашық болған Қамажай Достан қызына арнап шығарыпты. Мұстафа 1840 жылы туып, 1899 жылы елу тоғыз жасында, ал Бибізара 1850 жылы туып, 1933 жылы сексен үшке қараған шағында қайтыс болады.

Сегіз серінің 1-843 жылы туған үшінші баласы Мұсайынның палуандығымен қоса ақын, жыршы болғандығы белгілі. Ол «Хан Кене», «Наурызбай — Қаншайым», «Жиенбай мен Балтия», «Айсары — Шолпан», «Бекет батыр» атты дастандар шығарған. Бұл дастандар Қазақ ССР Ғылым академиясының сирек кездесетін қолжазба қорында сақтаулы. Мұсайын жетпіс жеті жасқа келіп 1920 жылдың басында өз туған жерінде дүние салады.

Мынадай екінші бір дерекке де осы жолы тап болдық. Петропавл қаласының тұрғыны, жасы сексеннен асқан Кенжеғозин Балғожа ақсақалдың айтуынша, Сегіз серінің өз әкесі Баһрам ерте өледі. Сегіз сері жастайынан атасы Шақшақтың тәрбиесінде болған. Шақшақ биден Қаншайым есімді қыз, Сексен би, Баһрам батыр, Бауыржан би, Есенжан, Қайыржан, Шағырай сал, Жанат сері туады. Қаншайым — әкесі Шақшақпен бірге сол кездегі жаугершілікке қарсы аттанып, ел қорғаны атанған керей руының батыр қызы. Шақшақ би Қаншайымды Сибан керей Жолымбеттің Еламан есімді ұлына ұзатқан. Қаншайымнан Әсіреп, Мүсіреп, Кенжетай дейтін үш ұл туған. Осындағы Мүсіреп — белгілі жазушымыз Ғабиттің бабасы екенін көпшілік біле бермеуі де мүмкін. Шақшақ бидің әкесі Көшек 1723—1758 жылдар арасындағы жат ел басқыншыларына қарсы азаттың соғысына қатысып қол бастап, батыр — сардар атағын алған адам. Көшектің әкесі Асқап батыр Қарабас ұлы Толыбай сыншы әулетінен тарайды.

Толыбай сыншы Дәулен ұлы (1603 —1681 жж.) өз тұсында Арқадағы керей руының басшысы, атақты әскер басы болған. Сонымен бірге, ол алдағыны болжайтын көреген, адамды да, атты да, құсты да сынайтын сыншы, қара қылды қақ жарған әділ би, айыр көмей, жез таңдай шешен адам екен. Өзінің ерлігімен, әділдігімен, көрегендігімен, шешендігімен өз халқына ғана емес, көрші елдерге де әйгілі болған. Сол себепті қазақ, ноғай, башқұрт, қарақалпақ елі, Сібірдегі Ескер, Барын және Барабы татарлары оны Толыбай сыншы деп атап кеткен. Оның арғы тегі Орта жүз Ашамайлы керейдің көшебе руының Таузар әулетінен шыққан. Толыбай сыншының екі әйелі болған. Бәйбішесі Ақбілектен (Айдабол бидің қызы) жиырма ұл, ал жеңге алған әйелі Қалимадан төрт ұл туған. Сол ұлдарының ең үлкені Қарабас, ең кенжесі Қожаберген екен. Қожаберген «Елім-ай» дастанының бас жағында өзінің туған анасы Ақбілек жайында былай дейді.

Орта жүз Арғындағы асыл тектен,
Анамның шыққан заты Сүйіндіктен.
Жиырма ұлдың көкжал туған сүт кенжесі ем,
Тұңғыш қызы Айдаболдың Ақбілектен.

Толыбай сыншы өз балаларының Орта Азиядағы Үргеніш, Бұхара, Самарқанд мұсылман медресесінде хадимша оқып, білім алуларына жағдай жасайды. Қарабас өзінің зеректігімен, шешендігімен көзге түсіп, өсе келе атақты би болады. Әділдігін, шешендігін қадір тұтқан халық сондықтан да оны Қарабас шешен деп атап кеткен.

Ал оның інісі Қожаберген жайында бір айта кететін нәрсе — әдебиетшілеріміз бен зерттеуші ғалымдарымыздың елеп-ескермеуінен осы Қожаберген қазақ әдебиеті тарихынан әлі күнге дейін лайықты орнын ала алмай келе жатыр.

Кітапта Толыбай сыншыдан туған Қожаберген жыраудың өмірі мен творчествосы оның атақты «Елім-ай» дастаны алдымен сөз болады. Өйткені Қожабергеннен Сегіз серінің өзі көп үлгі-өнеге алған, «Елім - айын» ауызша жырлап елге таратқан.

Қызылжар өңірінде яғни Қожаберген жырау мен Сегіз сері туып өскен өнерлі өлке Гүлтөбе — Маманайдан бұл екеуінен басқа да көп ақын-жырау, әнші, күйшілер шыққан. Солардың ішінен бұрын есімдері белгісіз Салғара, Жанкісі, Жанақ, Байеке секілді талантты ақын-жыраулар жөнінде де кітапта біраз мағлұматтар бар. Бұл өнер иелерінің өмірі де қызғылықты, Сегіз серімен үзеңгілес өскен Арқадағы сал-серілік өнерді дамытушы, онан әрі жалғастырушы да — міне, осы өнерпаздар.

СЕГІЗ СЕРІ

Сал-серілік дәстүрі — қазақта өте ерте дәуірден келе жатқан халықтың тіршілігіне көп жаңалық әкеліп, әдебиетке игі әсерін тигізген мәдениетіміздің бір жарқын үлгісі. Қазақ ауыз әдебиетіне жүгінсек, ескі дәуірдегі серілік өнерді бастаушының бірі — Қорқыт баба екенін білеміз. Ол атақты шешен, ел басқарушы болумен бірге дүлдүл жырау, асқан күйші, қобыз жасап оны қазақ топырағында алғаш сөйлеткен кемеңгер. Сол секілді Қозы Көрпеш — Баян сұлу, Қыз Жібек, Ер Тарғын, Ер Сайын жырларында айтылатын Қозы Көрпеш, Төлеген, Ер Тарғын, Ер Сайындардың өздері тумысынан тамаша серілер болған. Олар ел - елден қыз таңдап, шатыр тігіп, аң аулап қастарына топ-тобымен сал-сері жігіттерді ертіп ән айтып, күй тартып, ойын-сауық құрып жүрген. Сөйтіп олар ел адамының — халық театрының ойын - сауық құру, ән шырқау, күй тарту, би билеу, айтысу, желдірме, толғау, тақпақ, жұмбақ, қисса айту секілді дәстүрін дүниеге әкелген.

Осы арада ертеде белгілі дәстүрге айналып кейінірек баяулап қалған сал-серілік өнердің XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында Арқа елінде, яғни Сарыарқада қайта дами бастағанын еске сала кетелік. Оған әу бастан мұрындық болған Дәстем сал Қарабасұлы мен оның шәкірті Дүйсен сері екенін осы күнгі оқырманның біле бермеуі мүмкін. Осындай өнерлі, жан-жақты дарынды жандардың сал-серілікті жоғары дәрежеге көтеруіне бөгет жасаған кейбір жағдайлар да кездесті. Ол 1723—1759 жылдар аралығында яғни отыз алты жылға созылған қазақ халқына сыртқы жаулардың келтірген төтенше шапқыншылық, жаугершілік әрекеті еді. Еділ бойы қалмақтары мен жоңғар қалмақтарының бейбіт жатқан елге тұтқиылдан жасаған шабуылы қазақ даласындағы қайта өркендеп, дамып келе жатқан осы өнердің белгілі дәрежеде тоқырауына әкеліп соқтырған...

Сал-серілер өз жанынан өлең, ән-күй шығарып, оны халық алдында орындап беріп, көпшілік қауымның сүйіспеншілігіне бөленеді, сөйтіп ел-жұрттың алғысын алады. Олардың өзгеден бір айырмасы ақындығы, әншілігі, күйшілігі әрі сауыққойлығы, яғни осындай жаратылыс ерекшелігі деп жоғарыда айттық. Сонымен бірге, сал-серілердің тағы бір қасиеті — ұшқыр ойы мен ашық жарқын мінезі, сыпайылығы және өмірге құштарлығы, әсемдіктен ләззат ала білуі. Халықтың сал-серіні ардақ тұтып, қуанышпен қарсы алып, олардың өнерін аңыз етіп ауыздан ауызға айтып жүретіні де сондықтан болар. Сал-серілер тек әнші, ақын, күйші ғана емес, алдымен атақты мерген, сұңқар, лашын, тұйғынмен құс ілгізген саятшы, тұлпар аттың ең жүйрігін, ең сұлуын таңдап мінетін ат ойынының бапкері, он саусағынан өнері тамған теңдессіз шебер, керемет зергер де болған. Сал-серілік өнермен айналысушы өнерпаздар етікшілік, өрімшілік, ұсталық, зергерлік, балташылық, оюшылық, тігіншілік өнерімен де айналысқан. Себебі, сал-серілерге өздерін атпен, киіммен, құрал-жабдықпен, ән - күй аспаптарымен, ішіп-жем қаражатымен қамтамасыз ету керек болған. Жоғарыдағы біз айтып отырған көп кәсіптің өзі оларды осыған мәжбүр етті. Сал-серілердің біразы көктемде егіншілікпен де шұғылданған. Көктемнен күзге дейін олар көшпелі жағдайға бейімделіп түйеге, марға шатырларын теңдеп, сойыстық малдарын айдап көшіп-қонып ел аралап жүрсе, күзде қысқы мекендеріне оралып, еккен астығын орып, бастырып жинап алып отырған.

Енді әлгі жоғарыда айтқан XVIII ғасырдың аяғында Дәстем сал мен Дүйсен сері бастап негізін салған сал-серілік өнерді іс жүзінде жалғастырушы өнерпаздар тобының жер -жерде көбейе бастағанын айталық. Сол өнерпаздар тобының теріскей Сарыарқадағы басшылары Салғара Жанкісіұлы (1759—1859 ж. ж.), Жанақ Қамбарұлы (1760—1857 ж. ж) Шағырай сал, Жанат сері (екеуі де Шақшақұлы) болған. Осы өнерпаздар тобына ілесе шығып сал-серіліктің туын көтерген, олардан үлгі алған атақты батыр, әйгілі ақын, теңдессіз әнші және күйші, оң саусағынан өнері тамған шебер, атбегі, құсбегі, аңшы, палуан, мерген Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов болды. Ол өз тұсында сал-серілер мектебінің алғаш ұйымдастырушысы болған. Оған Сегіз серінің «Дүйсен сері» атты өз өлеңінен мынадай мысал келтірелік.

Өтіпті бізден бұрын Дүйсен сері,
Болыпты күнде думан жүрген жері.
Сол ердің үлгілі ісін жалғастырған,
Керейде менің атым Сегіз сері.
Атанған Дүйсен аңшы, әрі мерген,
Өнерін бабам Көшек жақсы көрген.
Баяғы қазақ —- қалмақ соғысында —
Екеуі топтан озған бопты мерген.

Бұл арада Сегіз сері өзінің бесінші бабасы Қарабас шешеннен туған Дәстем салдың шәкірті Дүйсен серіні және өз атасы Шақшақ бидің әкесі ел қорғаны болған атақты Көшек батырды айтып отырғаны белгілі. Сегіз серінің айналасына әнші, ақын-жырау, күйші, палуан, мерген, саятшы, шебер қолөнершілердің көп топтасқанын да айта кетелік. Себебі Сегіз серіге ерген әнші - ақын, сал-серілер: Сейтжан сал, Құшан сері, Нияз сері, Қобылан әнші, («Әудем жер» әнінің авторы), Аббас батыр, Сәду батыр, Дайрабай күйші, Көрпе ақын, Шәрке сал, Тоғжан ақын, Бәйеке ақын, Жаяу Мұса, Жаманқұл ақын, Құлтума ақын, Біржан сал, Мырзаш, Мырзан, Бәлтекей секілді әншілердің өздері де дәл осындай бесаспап өнер иелері болғанын білеміз. Бұлардың біразына кейінірек арнайы тоқталмақпыз. Осы сал-серілердің бәрі бірдей жанынан өлең өрбіткен ақын емес, қайсыбірі өздерінен бұрынғы ақын-жыраулардың өлеңдерін, қисса-дастандарын, шығарған әндерін, күйлерін халық арасына насихаттап таратушы қайсы бірі батыр,— палуан, қайсыбірі әнші, қайсыбірі домбырашы болып жүрген айтулы өнерпаздар еді. Сол кездегі сал-серілердің негізгі мақсаты ел аралап жиын-тойда сауық құрып, өнер көрсету, шапқыншылықтан жәбір-жапа шеккен елдің қайғысына ортақтасып қамыққанды жұбату, ойын-тойдың көркі болу еді.

Енді Сегіз сері Баһрамұлының шыққан тегіне, туып өскен ортасына кеңірек тоқталып өтелік. Солтүстік Қазақстан облысының орталығы бұрынғы Қызылжар шаһарынан Есілдің қара жолы деп аталатын ескі керуен жолымен күнбатысқа қарай үш көш жер жүргенде жолдың екі беті көк шалғынды кең жазық, бір-бірімен жалғасып жатқан ну орман болатын. Ол орманда, ақ қайың, көктерек, өрімтал өседі.
Кей-кейде жүз шақырымдай жүргеннен кейін алдыңнан жарқырап бір-біріне жақын мөлдір сулы көлдер де кездеседі. Әлгі айтқан ескі керуен жол ортасымен өтетін қарағай қайыңы аралас ормандардың бірі Толыбай жалы деп аталады. Бұл орманға белгілі Қожаберген жыраудың әкесі әскер басы, батыр, әрі сыншы (адамды да, атты да, құсты да, мылтықты да сынап, бағасын береді) шешендігімен аты шыққан керей елінің көсемі Толыбай бабаның есімі берілген. Сол арадағы бір биіктеу дөңес жерді жазда жағалай қаптап гүл көп өсетіндіктен халық Гүлтөбе деп атап кеткен.

Бұл жер кейінірек XVIII ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап Тәшім Сатыбалдыұлының шөбересі Маманай бидің есімімен аталып Маманай болып кеткен. Кейде осы жерді Гүлтөбе — Маманай деп қосарлап талтайды. Осы ара сол кездің тілімен айтқанда орта жүз ашамайлы керейдің бәйбіше көшебе руының таузар ұрпағына жататын атақты Дәулен батырдың ең әуелгі қонысы екен. Дәулен Есім ханның кезінде үш жүздің әскерін басқарған қолбасшы батыр екені тарихтан белгілі. Дәулен батырдан Ертісбай, Жақсыбай, Малыбай, Тұрсынбай, Наурызбай, Толыбай, Дулабай, Жарқынбай, Қарқынбай, Барқын, Садақбай, Арыстан есімді он екі ұл туған. Бұл балаларының ішінде Толыбай сыншының кім болғанын жоғарыда айттық.

Осы арадағы Дәулен тұқымының бөренеден қиюластырған, төбе шатырын шыммен қапқан, кертеден салған үйлері көпке дейін бұзылмай сақталып келген. Осы үйлерде батырдың үрім-бұтағы үйлі-баранды болып бала өсіріп, немере сүйген. Дәулен батыр әулетінің бұл мекені әуелде Толыбай ауылы, кейін Қожаберген ауылы деп аталған. Бұл ауылдың күздігі, сол қоныстан оңтүстік батысқа қарай жүргенде, қозыкеш жердегі ылғи көк терек өсетін шағын орман Толыбай сыншы шоғы деген жерді мекендеген. Жазында көршілес ауылдарымен бірге кешіп, Майбалық көлін басып өтіп, керей жайлауындағы Шүрегей, Дос көлдерінің бойын жайлаған. Бұл көлде қаз, үйрек, шағала, қасқалдақ, аққу, үйректің, әсіресе шүрегей, кегер деген турлері көп болған.

Шүрегей көлінің жағасына алдымен Шақшақ шешен Көшекұлының ауылы келіп қонады екен. Аса малды бай болмаса да Шақшақ тоғыз жүз жылқы, жеті жүз түйе айдаған. Шақшақтың Айман деген бәйбішесінен Қаншайым есімді қыз (белгілі академик-жазушы Ғабит Махмұтұлының бабасы Мүсірептің туған анасы), Бауыржан, Сексен (шын аты Бектемір), Баһрам, Есенжан, Қайыржан, Шағырай, Жанат атты жеті ұл туады. Айман белгілі атығай Құлекеұлы Шал ақынның туған апасы. Шақшақ балаларының ішінде Бауыржан мен Сексен екеуі де би болған. Ал Баһрам, Шағырай, Жанат үшеуі де әнші, ақын әрі күйші өнерпаз екен. Ал Шағырай мен Жанат сал-серілік құрғандықтан, ол екеуі ел ішінде Шағырай сал, Жанат сері атанып кеткен.

Баһрам Көкше өңіріндегі Зеренді келінің маңын мекен еткен жаулыбай - қарауыл еліндегі Қанай бидің баласы Бекболаттың (Қанай би — белгілі ғалым Мәлік Ғабдуллиннің арғы бабасы) қызы Жамалға үйленеді. Оның Жамал атты бәйбішесінен Ғайша есімді қызы (Бейімбет атығай Тоғжан Ендібайұлы ақынның туған анасы) Көрпеш, Нәупіл, Сүйір (шын аты Әлімұхамет), Сүйін, Сейткерей. Сегіз сері (шын аты — Мұхаммед-Қанафия) Қуаныш атты жеті ұл туған. Баһрамның осы ұлының бәрі де өнерлі — батыр, палуан, әнші, мерген болғанын білеміз. Соның ішінде Көрпеш, Сүйін, Сейіткерей Мұхаммед-Қанафия төртеуі аса дарынды болған, ақпа - төкпе ақындығымен аты шыққан.

— Бұларға ақындық, жыраулық қасиет сонау арғы алтыншы атасы Толыбайдан сатылап дарыған,— дейді ел ішіндегі білетін қариялар. Мәселен, арғы бабасы Толыбай сыншының өзі, одан туған Қожаберген, Толыбайдың үлкен ұлы Қарабастан туған Дәстем сал, оның ағасы Асқап батырдың немерелері Жанкісі, Шақшақ елге белгілі ақын-жыраулар еді. Ал Жанкісіден туған Салғара, оның ағасы Қамбардан туған Жанақ, Шақшақтың өзінен туған Баһрам, Сексен бұлар да өз жандарынан өлең шығаратын әйгілі ақпа - төкпе ақын болған.
Ендеше ақындық өнер атадан балаға мирас болып келе жатқан осындай дарынды ортадан Сегіз сері секілді жүйрік таланттың шығуы табиғи заңды құбылыс демекпіз.

Жоғарыда өзіміз сөз еткен — Сегіз сері (Мұхаммед - Қанафия) 1818 жылы ескіше барыс жылы наурыз айының басында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты «Благовещенский» совхозының мың жеріндегі өзіміз жоғарыда айтқан Гүлтөбе Маманайда Бұқпа көлінің жағасында Қожаберген ауылының өнерпаз азаматы Баһрам батырдың семьясында дүниеге келеді. Шежіреші Тәбей Барлыбайұлының Қазақ ССР ғылым академиясы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына әкеліп тапсырған көне тарихы бар «Керей шежіресінде» Мұхаммед -Қанафияның Сегіз сері аталуына байланысты екі түрлі түсінік беріледі. Біріншіден, Мұхаммед - Қанафия сегіз жасында әкесі, ағасы Шағырай салмен және Жанат серімен бірге аңға шыққанда тайға мініп ере шығады да, сол арада ағасы оқтап берген шиті мылтықпен көздеп атып, алдарынан қашқан бір киікті құлатады. Содан «сегіз жасында киік атып алды, мұның аты — Сегіз болсын!»— деп, ел-жұрт солай атап кетеді, Екіншіден, Мұхаммед - Қанафия жас кезінен - ақ сегіз қырлы бір сырлы өте өнерпаз жігіт болып өседі. Әнші, ақын, күйшілігімен қоса, палуан, саятшы, атбегі және он саусағынан өнері тамған шебер болады. Осындай жан - жақты өнерпаздығына тәнті болған ел оған өсе келе сері деген атты және қосады. Сөйтіп ол ел аузында Сегіз сері атанып кетеді.
Мұны ол кейінірек өзі туралы шығарған «Қашқын келбеті» атты дастанында былай дейді:

Мұхаммед - Қанапия болса да атым,
Сегіз деп атап кеткен мені халқым.
Өнердің бойға біткен арқасында
Үш жүздің сал-сері еттім азаматын.
Қылышпын қынабынан алынбаған,
Алтынмын таразыға салынбаған.
Ашамайлы Керейдің ер ұлымын.
Бейне бір жанған өрттей жалындаған.
Арысы Орта жүзде Керей затым,
Үш жүзге болды әйгілі Сегіз атым.
Ұлықтан қуғын көріп кетсем - дағы
Есімнен ұмытылмас туған халқым.
Ер Сегіз жыр жырлайтын келді шағың,
Ән-күймен атырғайсың жаздың таңын.
Өлеңге ел арманын өзек етіп,
Ойлай біл қазағыңның болашағын.
Расында, елдің жауы — менің жауым,
Даулайтын көптің дауы — менің дауым.
Бағасы маған берген болса да артық
Ғадыл деп мені ұғады қазақ қауым.

Мұхаммед - Қанапия сегіз жасқа келгенде анасы Жамал ауырып қайтыс болады. Жамалдың қырқы өте салысымен бір аптадан кейін әкесі Баһрам 47 жасында 1826 жылы ит жылы ол да қайтыс болады. Бұл Сегіз серінің Көрпеш ақын, Нәупіл батыр, Сүйір зергер есімді ағаларының үйлі-баранды болып, енші алып бөлек тұратын кезі екен. Сегіз Сүйін, Сейткерей есімді ағалары, Қуаныш деген інісімен бірге атасы Шақшақ пен әкесінің інісі Жанат серінің тәрбиесінде болады. Ағасы Көрпештің Сейтжан, Құшан есімді үлкен балалары да Сегізбен бірге туа біткен ақындық таланты бар Шақшақ атасының бауырында өседі. Осы арада Шақшақтың мынадай бір шумақ өлеңін келтіре кетелік:

Асқар тау төбе болар тас кеткен соң,
Жақсы ауыл жын болады бас кеткен соң.
Ақсақал төрде отырып не болады,—
Қартайып тоқсан беске жас жеткен соң,—
дейді ол. Бұл Сегіз серінің атасының да ақын болғанын дәлелдейді.

Сегіз сері бала кезінде ауылдық шағын медреседегі Мөңке молдадан оқып, хадимше тына әкеліп тапсырған көне тарихы бар «Керей шежіресінде» Мұхаммед - Қанафияның Сегіз сері аталуына байланысты екі түрлі түсінік беріледі. Біріншіден, Мұхаммед - Қанафия сегіз жасында әкесі, ағасы Шағырай салмен және Жанат серімен бірге аңға шыққанда тайға мініп ере шығады да, сол арада ағасы оқтап берген шиті мылтықпен көздеп атып, алдарынан қашқан бір киікті құлатады. Содан «сегіз жасында киік атып алды, мұның аты — Сегіз болсын!»— деп, ел-жұрт солай атап кетеді, Екіншіден, Мұхаммед - Қанафия жас кезінен - ақ сегіз қырлы бір сырлы өте өнерпаз жігіт болып өседі. Әнші, ақын, күйшілігімен қоса, палуан, саятшы, атбегі және он саусағынан өнері тамған шебер болады. Осындай жан - жақты өнерпаздығына тәнті болған ел оған өсе келе сері деген атты және қосады. Сөйтіп ол ел аузында Сегіз сері атанып кетеді.

Сегіз сері бала кезінде ауылдық шағын медреседегі Мөңке молдадан оқып, хадимше хат таниды. Онан кейін ол Болатнай, Қызылжар медреселерінде оқып, өз ағасы имам Көрпеш ақыннан Имамғабит Ырғызбекұлы есімді ғұлама молдадан төрт жыл дәріс алады. Қызылжар медресесінде оқып жүргенінде ол араб, парсы шағатай, көне түрік тілдерін біршама үйренумен бірге қазақ пен шығыс әдебиетінің үлгілерімен де танысады. Өйткені оған сабақ берген кісі Имамғабит сері мен өз ағасы Көрпеш Бұхара шаһарындағы жоғары дәрежелі медресені бітірген, сол кездегі айтулы ғұлама әрі әнші - ақындар еді. Осы екеуі Сегіз серіге діни сабақ берумен бірге оны ақындыққа, әншілік өнерге де баулиды.

Сегіздің атасы Шақшақ Көшекұлының көзі ашық, ойшыл, өнерлі адам болғанын жоғарыда айттық. Алдағыны тереңнен болжайтын сол ел - жұртқа қадірлі атасы Сегізді 1828 жылы тышқан Жылы Омбы шаһарына апарып ондағы Сібір қазақ-орыс әскери училищесіне оқуға береді. Ол Омбыда алты жыл оқиды. Оның екі жылы орысша сауат ашу мектебі де, төрт жылы мамандық бойынша оқу еді. Мектепте және училищеде Иван Михайлович Прохоров деген ұстаздан оқып, дәріс алған Сегіздің орыс мектебінің үздік шәкірттерінің бірі болғанын білеміз. Осы кезде, ол Шыңғыс Уәлихановпен достасып, кейін Шыңғыс Құсмұрынның аға сұлтаны болғанда, Сегіз сері ән салып, жыр айтып, күй тартып оған барып қонақ болып жүрген. Омбы қаласында оқып жүргенінде өзінің аса қабілеттілігімен көзге түскен Сегіз «бала ақын», «бала палуан» атанғанын да айта кетелік. Ол осы кезде училищенің жанындағы Азия мектебіне мұсылманша сабақ беруші ұстаздардан өз бетінше талпынып, шығыс ақындарының қисса - жырларын да жаттап үйренеді. Омбыдағы шәкірт кезін еске алған бір өлеңінде Сегіз сері:

Орысша білім ал деп атам Шақшақ,
Оқытты алты жылдай ұстаз жалдап,
дейді.

Сегіз серінің халық арасындағы беделін, батырлығын, орысша сауаттылығын жақсы білетін сол кездегі патша әкімдері оны өз мақсаттарына пайдаланғысы келіп, жазалаушы отрядтың құрамына ресми қызметке шақырады, яғни ел ішіндегі халық наразылығын сол арқылы басқысы келеді. Бірақ халқын шексіз сүйген Сегіз ондай қызметтен үзілді-кесілді бас тартады. Шәкіртінің бұл ойын өзінің ұстазы Прохоров та мақұлдайды. Сегіз сері патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы тұрғанымен орысша оқып білім алуға ерекше ынта-ықыласты еді. Оны «Тұрмыс толғауы» атты өлеңіндегі мына шумақтарда.н айқын аңғаруға болады. Онда Сегіз сері былай дейді:

Тілмаштық тым болмаса оқу оңы,
Орыстың тілін үйрен, миға тоқы!
Оқуын қарсы өзіне пайдалансаң,—
Көрсетпес патша әкімі қоқан-лоқы.
Сізді ұлық мықты оқуға жібермейді,
Секілді асау аттай шідерлейді.
Рұқсат еткен оның оқуын оқы,—
Бақытың артпаса одан кемімейді.

Сегіздің жазалау отрядына барудан бас тартқанын әкімдер ұнатпай, оның соңына түсіп қудалап, қуғындай бастайды. Оның істемегенін істеді деп елге лақап таратады. Жазалау отряды әскерлерінің дала қашқындарымен болған ұрыста қырылған адамын, қарақшылар қолынан қаза тапқан бай - көпестердің өлімін және керуен тонаған оқиғалардың бәрін Сегіз серіге таңады. Осыны сезген зерек ойлы Сегіз сері өзі өмір сүрген ортаға, заманаға разы болмай әкімдерге наразылық білдіреді. Өз басының қуғынға ұшырағаны өз алдына, туған халқының жер-суынан айырылып, қоныссыз қалған мүшкіл халін өз көзімен көріп әділетсіз қоғамға лағнет айтады. Тек қазақ халқы ғана емес, көршілес татар, башқұрт елдерінің де екі жақты қанауға тап болғанын, орыс шаруаларының да патша әкімдерінен жәбір-жапа шеккенін өз жырына өзек етеді. Оны сол кездегі Батыс Сібір генерал-губернаторы «Горчаковқа» деген өлеңінен айқын байқаймыз.

Горчаков сен дүлейсің,
Есіркеуді білмейсің.
Жарлы орыс-қазақтан
Не деп алым тілейсің.
Сен қуғындап Горчаков,
Ел мен жерден айырдың.
Салып қойдың соңыма,
Бірнешеуін майордың.
Сұңқар едім екпінді,
Қанатымнан қайрылдым.
Алмас едім наркескен,
Шабылмай тасқа майрылдым.
Бар айыбым, Горчаков
Тіліңді сенің алмадым.
Жазалаушы әскерге
Басшылыққа бармадым...

Сол секілді ұлықтарға, билеушілерге қарсылығың ол өзінің «Қашқын келбеті» өлеңінде де ашық айтады.

Көрген соң зұлымдардың алапатын,
Ұлықтың тартып міндім тұлпар атын.
Жетім-жесір, момынды қорғау үшін,
Жұмсалды бойымдағы күш-қайратым.
Болған соң қырсық шалған заманымыз,
Қалайша босқа езіліп жүре аламыз.
Жем болып ел қанағыш залымдарға,
Қашанғы қорлығына көне аламыз.

Осыдан кейін Сегіз сері ел ішінде бүліншілік жасаған жазалау отрядының іс-әрекетіне ашықтан-ашық қарсы шығады.

Екі жақты қанауға жер - судың, қоныстың ел үшін тарылуына шыдамаған, өз халқына жаны ашыған Сегіз сері Батыс Сібірдегі патша әкімдеріне қарсы қол жинауға дайындалады. Оны Сегіз серінің мына бір өлең жолынан айқын көреміз.

Болсам да өз елімде жүйрік - жорға,
Еріксіз жорықшылдық түстім жолға.
Патшаға қызмет етпей кете бардым,
Тұрса да бар мүмкіндік біздің қолда.

Енді жазалау отрядының әскерлері түрліше амал-айла қолданып керей елінде қол жинап жүрген Сегіз серіні ұстауға аттанады. Өзіне шын қиын жағдай туғанын, қауіп-қатер төнгенін сезген ол қасына батыр досы мадияр керей Нияз серіні ертіп өзін ұстауға келген жазалау отрядының қоршауынан сытылып шығып, Кіші жүз еліне батысқа қарай сапар шегеді. Ол турасында ақын өзінің бір өлеңінде былай дейді.

Астымда қос тұлпарым арымады,
Жендеттер бізді қуып жарымады.
Қақ жарып жаудың тобын өте шықтым,
Түскен доп зеңбіректен дарымады.

Ол Кіші жүзді бетке алып келе жатып қол жиып, біраз уақыт өзі туып өскен өңірді басып өтетін Есіл өзенінің тоғайына тоқтайды. Отаршылдардың жазалау отрядтары тоғайды сүзіп мұнда да маза бермеген соң, Есілдің жағасынан аттанарда, өзенмен қоштасып «Көк Есіл» атты термесін шығарады.

Көк иірім Есілім,
Жағаңда аяқ көсілдім.
Шомылмақ болып суыңа.
Балқашыңда шешіндім.
Орталық Арқа жерінен,
Ағасың төмен құлдилап.
Абылай аспас белінен,
Жылжисың бері ылдилап.
Жарқабаққа соғылар,
Дауыл тұрса толқының.
Қуғын көрген мен дегдар —
Жағаңда талай толқыдым.
Боз шұбар мен Күреңді,
Есілім сенен суардым.
Беліме байлап семсерді,
Өзіңде қолға ту алдым.
Сенің қатты ағының,
Қайық пен салды теңселткен.
Қорек боп елге балығың,
Жағаңда жарлы күнелткен.
Табиғатың тамаша,
Көз салып пенде қараса!
Тоғайың ну өсіп тұр,
Үйеңкі, қайың таласа.
Көкшалғынды аралым,
Көркем боп Есіл жаралдың,
Жазығыңда ойнаған,
Елік, киік, маралың.
Ойдым-ойдым Қарасу,
Алабыңда орнаған.
Құс қонған айдын ду мен шу.
Орманға жағаң оранған.
Құрағың көкше сусылдап,
Қазине мата секілді.
Суыңды ішіп сусындап
Тұлпар ат ойнап секірді.
Жауға қарсы тұрам деп,
Өзіңде алғаш серт еттім.
Жұрт үшін жаным құрбан деп,
Дұшпанды келген мерт еттім.
Қасыма еріп Нияз дос,
Жағаңнан сенің аттандым.
Ісімді көрмей ұлық қош,
Қашқын Сегіз атандым.

Алшын еліне аттанып бара жатқан Сегіз серіге жаны ашыған ел-жұрты батырдан ештеңе аямайды, жол азығын қамдап, оған қолдан келген көмегін береді, алдынан сәт-сапар тілейді. Ол сөйтіп Нияз сері екеуі Есіл бойынан патша өкіметі жендеттерінің қоршауынан аман - есен құтылады да, сол өңірдегі Ыстап (Қантай керей Тұрыпберді байдың бір кезде саба ыстаған жері екен) деген мекендегі руы уақ Сапақ кедейдің қосына келіп ат басын тірейді. Елгезек сары жігіт Сапақ Сегізді танып, «батыр, не қызмет етейін» деп алдынан шығып, жік-жапар болады. Сегіз сері сонда тілалғыш Сапақты Қызылжарда Прохоров досының (Омбыдағы И. М. Прохоров ұстазының баласы) үйіндегі қысылтаяңда қалдырып кеткен өзінің жүйрік көкбесті аты мен ақбас атанын тез алып келуге жұмсайды. Сапақ Сегіздің ат - түйесін төрт күнде алып келіп батырдан алғыс алады.

Сөйтіп Сегіз сері мен Нияз сері ел - жұртының көмегімен патша әкімдерінің құрығына ілінбей аман құтылып кетеді. Батыс еліне беттеп бірнеше күн жол жүріп келе жатып Қабырға өзенінің бойындағы Жөнтөреұлы Ахмет сұлтанның ауылына кез болады. Батыс Сібір генерал-губернаторлығының Кіші жүз жеріне қашқындар өтті деген хабарына алдын ала қанық болып отырған төре ауылы бұларды қондырмайды. Сол жерде Сегіз сері Жантөренің бой жетіп отырған әлгі қондырмаймыз деген Дариға есімді шайпау қызымен айтыса кетеді. Айтыста Сегіз сері төренің қызын өлеңмен жеңеді. Ауылда Байұлына жататын алшын - жаппас руының қыздары да бар екен. Сол қыздардың ішіндегі Жамиға деген ең сұлуының сүйген теңіне қосыла алмай, малға сатылып шалға барғалы отырғанын біліп қалып, Сегіз сері өлеңінде соны айтады.
Сегіз серінің бұл айтыс өлеңі «Жастық» деп аталады. Төре ауылынан шығып, біраз жүрген соң Ырғыз өзенінің бойында Сегіз серіге Сауқым Бөкейұлы, Ермұхамбет (Елекей) Қасымұлы деген екі төре кездесіп, амандасып жөн сұрасады. Сегіз сері осы жолы екі төреге Жантөре ауылының қаталдығын айтумен бірге:— Мен жалпы төре атаулыға өш емеспін, бұдан былай қай жерде жүрсек те бір-бірімізге тілектес болайық — деп қоштасып әрі аттанып кетеді. Төре ауылынан ренжіп келе жатқан Сегіз сері өзінің «Не артық» деген термесін шығарып хан тұқымының екі сұлтанына былай дейді.

Тозған ескі қайықтан,
Жасалған жаңа сал артық.
Сөз ұқпаған дүлейден,
Есі кірген бала артық.
Мейірімі жоқ ауылдан,
Орманы мол дала артық.
Жемқор болған ұлықтан,
Зияны жоқ аң артық.
Көргенсіз өскен жігіттен,
Жайылып жүрген мал артық.
Ағашы сирек тоғайдан,
Жиі өскен тал артық.
Жасық туған жігіттен,
Қайраты мол шал артық.
Сұлтанмен жолдас болғаннан,
Ер жастанып басыңа
Тоқым төсеп астыңа
Түйе жүн шекпен жамылып.
Тыныш ұйықтап жатуға
Дөңесі құрғақ, жар артық.

Ұзақ жол қажытып елсіз дала, таулы-тасты жерге қона жатып жүргенде, Сегіз сері алыста қалған елін еске алып, «Бозқараған» әнін шығарған екен. Қараған — Солтүстік Қазақстан жерінде көлдің жарқабағында, жыра-сайларда, орманды жерде, тоғай жиегінде шоқталып қызғылт сары болып өсетін ұсақ, жіңішке бұта ағаштың бір түрі. Қазақтар ертеде оның бұтағын тоқыма ыдыс (себет, корзинка) жасауға пайдаланған. (Бұл күндері жер-жердегі сол көп қараған азайып кеткен). Осы сезім толқытатын ғажайып әндегі ақынның әуел бастағы өз сөзі былай екен.

Мен тудым Қожаберген ауылында.
Ну орман Толыбай жалы бауырында.
Жазықсыз қуғындалып, жапа шектім,
Кез болып замананың дауылына.
Бала боп өсіп едік мап-манардай,
Жігіт боп шығып едік қос шынардай.
Дәм айдап алыс жолға сапар шектік,
Артымда қалдың орман — қош Маманай.
Бұқпа көл қабағында топ қараған,
Мөлдір су жар астынан жарқыраған.
Әнші, ақын, күйші өнерпаз бәрі сонда,
Қашқын боп неге кеттім сол арадан.
Ұнатып самал желдің лебі ескенін,
Сұлумен Қызылжарда жүздескенмін.
Көзімнен бұл күндерде бұлбұл ұшты.
Аузынан көркем қыздың бал жескенім.
Кездесер ұзақ жолда батпақ, мия,
Мекенім соңғы кезде шың мен қия.
Қашқын боп сахарада жүргенімде,—
Көзімнен бір-бір ұшты - ау, туған ұя.

Ән сол кездің өзінде елге кеңінен тарап кетеді. Бұл Сегіз серінің композиторлық өнерге алғаш құлаш ұрған тұңғыш әні екен. Онда туған ел, өскен жерге деген сағыныш, лапылдаған ыстық сезім, оның адамы, ел-жұрты, орман - көлі тіпті өзен алқабындағы бұтасына дейін ардақтап қадір тұтатыны ақынның өзегін жарып шыққан ән арқылы білдіріледі. Ұзақ жылдардың ішінде ауыздан-ауызға көше жүре, айтыла жүре әннің сөзі (тексті) өзгеріске ұшырап, бұл күнде тек әуені, сазы, ырғағы ғана ақталған. Мәселен, осы әннің сөзінің соңғы кезде былай деп, өзгертіліп айтылып жүргені әрине өкінішті-ақ.

Басында биік таудың қос барабан.
Сол таудан дария болып су тараған.
Сұлу қыз, әсем жігіт бәрі сонда,
Шіркін - ау, неге келдім сол арадан.
Қарағым айналайын келдің қайдан,
Ала үйрек алма мойын ұшар сайдан.
Жарқыным ат - жөніңді айтып қойшы,
Адамның жат болмағы осындайдан.

Бұл бұдан бір жарым ғасыр бұрын өмір сүрген Сегіз сері секілді тума таланттың ән текстеріне үлкен нұқсан келтіргендік қой.
Сегіз сері Ырғыз өзенінің бойын мекендейтін шекті, табын елдерін аралап, ән салып, өлең айтып, күй тартып, сал серілік құрып жүріп Жаған мырза Жетесұлының аулына келіп мейман болады. Әңгіме үстінде, Жаған мырза үстіне сауыт киіп жүрген Сегізге: «Батыр, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық бір лебіз білдіріңіз»,— дейді. Сонда Сегіз сері көп іркілместен былай дейді:

Ерімей тас болғаннан сынған артық,
Басыңа пәле келсе, тынған артық.
Мінгенше жамандармен алтын таққа,
Жақсымен бірге түскен зындан артық.
От алмаған мылтықтан ағаш артық,
Танымаған туыстан алаш артық,
Топырышты қанша баптап семірткенмен,
Тұлпардың арыса да бағасы артық.
Дос емес досын сырттан мақтамаса,
Несі дос бірін-бірі жақтамаса.
Болғанда бүгін араз, ертең тату
Достығы надандардың тап-тамаша.

Сегіз сері осылай деп басталатын өсиет - сөзді айтады да, әрі қарай термелеп өз ойын былайша жалғастырады.

Ай жарығы таң болмас,
Шаққан шақпақ шам болмас.
Зайыбын жігіт шын сүйсе,
Сұлуларға зар болмас.
Саудагерде ар болмас,
Жез өкшеде қар болмас.
Жалқау жігіт бар болмас.
Таңдап сүймей жар болмас.
Ауру мен ашта хәл болмас,
Шілік өсіп тал болмас.
Ұрлықтың малы мал болмас,
Арық атта жал болмас,
Ет кептірмей сүр болмас,
Жексұрында тұр болмас.
Талапты жігіт құр болмас,
Сұғанақта шыр болмас,
Жалап ішкен ас болмас,
Өнерлі жігіт жоқ болмас,
Қурай мен жусан жақсаңда,
Жайнап жатар шоқ болмас.

Бұл сол кездесуде Жаған мырзаға айтылған ұзақ терменің бір бөлігі ғана. Жаған мырза шырқап салған әніне, айтқан өлеңіне, жырлаған жырына, тартқан күйіне өте разы болып Сегізге алғысын айтады, дос болайық деп қол алысып, серттеседі. Нияз сері екеуіне екі арғымақ ат мінгізіп, иықтарына жанат ішік жабады. Сегіз сері бойға біткен тамаша өнері арқасында осы жолы ел арасында өзін нағыз сал - сері ретінде танытады.

Батыр - әнші бұл ауылдан аттанып, шектінің қабақ тайпасының атақты батырлары — Көтібар Берсенұлы (1762—1834 ж. ж.) мен оның немере інісі Арыстан Тіленұлын (1778— 1857 ж. ж.) іздеп шығады. Арада бірнеше күн жол жүріп үлкен Борсық құмын жағалай өтіп, Шалқар келінің теріскейін мекен етуші Көтібар ауылына келеді. Сегізді ауыл адамдары жақсы қарсы алып, Көтібардың он екі қанат ақ ордаға әкеліп түсіреді. Сегіз сері келіп қарт батырға қол қусырып сәлем береді. Көтібар жас мейманның сәлемін құп алады.

Бұл кезде атақты батырдың үйінде жағалбайлы Жанқасқа би қонақ болып жатыр екен. Үй иесі келген екі жолаушыдан жөн сұрайды. Сегіз сері өзінің қай ел, қай жерден екенін, сал-серілік құрып жүрген ақын екенін айтады. Содан кейін Шекті елінің көсемі жаңа келген жас қонаққа ақын болсаң өлең айт деп өтінеді. Сегіз қарт батырдың алдында ән салып, өлең, терме, қисса дастандар айтып, күй тартып осы үйді, бүкіл ауылды шаттыққа бөлейді. Содан кейін үй иесі жиналған ел-жұртқа келген қонақтың үш жүзге аты шыққан, әйгілі Толыбай сыншының ұрпағы жас ақын Сегіз сері екенін айтып таныстырады. Көтібар батырдың ордасына адам сыймай кетеді. Үй иесі сыртқа көк шалғынға текемет жайдырып кілем төсетіп ақынды ортаға алып қонақтың тамаша жырларын енді далада отырып тыңдайды.

Сегіз сері өзінен бұрынғы өткен атақты күйшілердің бірнеше күйін, соның ішінде өз бабасы Қожаберген жыраудың атақты «Бозайғыр» күйін қобызбен, біресе домбырамен, біресе сыбызғымен орындап береді. Осы «Бозайғыр» күйінің тарихы жайлы, ел ішіндегі аңызда былай дейді. Бұл шапқыншылық, соғыс жайындағы күй. Баяғыда елді қалмақ әскері шауып, тірі жан қалмағанда Бозайғыр өлейін деп жатқан ердің қасынан кетпейді. Айғырға тау ішінде қашып тығылып жатқан елдің жылқысының кісінегені естіледі. Бозайғыр жерді тарпып-тарпып жіберіп, сонсын екі аяғын бүгіп өлейін деп жатқан жігітті үстіне отыруға шақырады. Әлдебір сәт жігіт есін жиып жануардың үстіне отырғанда Бозайғыр алыстағы құз тауға тартады. Жігіт оның бір нәрсе біліп келе жатқанын сезіп айғырдың басын еркіне жібереді. Құз таудың ішіне кіргенде Бозайғыр өз жерінің шөбін, суын көргенде кісінеп, шұрқырап қоя береді. Біраз тыныққан жігіт жануарды шалдырып алайын десе де айғыр елегізіп ілгері тарта береді. Тауға таянғанда айғыр тағы кісінеп жібереді. Айғыр кісінегенде, көп жылқының шұрқыраған даусымен бүкіл тау іші жаңғырығады. Мал-жанымен тығылып жатқандардың көбі жас әйел, бала-шаға, қария адамдар екен. Осылардан тараған ұрпақ кейін өсіп-өніп көбейіп қайтадан үлкен елге айналады. Күйде осы адамдардың басынан кешкен хикаяты суреттеледі.

Жас қонақтың ақындығын сынау үшін бе, әлде өнеріне көңілі толғандығы ма, сол топтың ішінде отырған меймандармен бірге Көтібар, Жанқасқа, Арыстандар бұған Төлеген — Жібек, Сансызбай оқиғасын, Айман — Шолпан хикаясын әңгімелеп береді де, Сегіз серіден осы аңыз-әңгімелерді қиссаға айналдырып, әнмен жырлап шығуын өтінеді. Әңгімені байыппен тыңдап алған зерек жігіт:

Мен келдім шекті - табын арасына,
Көтібар, Арыстандай данасына.
Жырлайын: Айман - Шолпан,
Қыз Жібекті Қазақтың даңқым шықсын даласына,—

деп болашақ дастанның кіріспесін бастай жөнеледі. Бірден - ақ өзінің суырып салма жыршылығын паш етіп жиналған елді қайран қалдырады. Содан соң сабасына түсіп, біраз ойланып, толғанып қызынып алған Сегіз сері «Қыз Жібек» қиссасын әрі қарай жалғастырып шырқап кетеді.

Қой жылы салдық құрып шығып елден,
Шашардың бойындағы елге келгем.
Елдері Кіші жүздің Шекті - Табын,
Ниязбен екеумізді құрметтеген.
Жасынан жақсы атадан үлгі көрген,
Көтібар, Арыстандай батыр мерген.
«Ер Сегіз жыр шығарсаң есіңе ал»,— деп,
Қызықты бір оқиға айтып берген.
Бұл өзі оқиға екен мол деректі,
Жырлауға осындайда болдым епті.
Есітіп Төлеген мен Жібек жайын,—
Қисса етіп баяндауға көңілім кетті.
Тұлпардай болып жараған,
Халқы мыңға балаған.
Қолбасшы батып саналған,
Жауыздардың қанына,
Қылышын талай суарған,
Үлгі айтатын еліне
Сегіз сері мен болам.
Бұрын аңыз болса да,
Жыр маржаны Қыз Жібек,
Алғаш рет қисса боп,
Бүгін менен тараған.
«Қыз Жібек» жырын тыңдауға,
Құмартып бар адам,
Мен отырған орданың,
Сыртында көк шалғынға,
Кілем төсеп арнайы,
Отырысып жайланған.
Басқаның бәрін тастайын,
Шамадан артып аспайын.
Бүгінгі мәжіліс - жиынды,
Қыз Жібектен бастайын.
Ұрпағын Базарбайдың санап алып,
Ел-жұрттан оқиғаға болдым қанық.
Әр буынға жиырма алты жастан беріп,
Шежіреден жыл мөлшерін білдім анық.
Ресейдің жыл санауын негізге алып,
Өткенге қатты үңілдім назар салып.
Есептеп жыл шамасын білгеннен соң,
Қолыма қобыз алдым құштарланып.
Бұрынғы Әз Тәукенің заманында,
Қазақтың халқы түгел аманында.
Кердері теңізі деп аталыпты,
Сылаң Сыр құятұғын Аралында.
Айнала Арал бойын мекен еткен,
Кердері, Жағалбайлы елі көптен.
Шалқыған дәулет орнап, бақыт қонып,
Мал-жаны бұл елдердің өсіп-өнген.
Кіші жүз немесе оның Алшын аты,
Ноғайлы қазағынан арғы заты.
Байұлы, Әлімұлы, Жеті ру деп,
Бөлініп үш тайпа боп шыққан аты.
Кердері, Жағалбайлы, Жетірудан,
Кем емес салтанаты өзге рудан,
Үш жүздің қарашаңырағы —
Жағалбайлы Артығы оның осы екен басқа рудан.
Бөлінер Жағалбайлы, Мырза Ілез боп,
Өрбіген екеуінен рулар көп.
Ішінде сол Ілездің Бескүрек ел,
Бай болған заманында теңдесі жоқ.
Бір тобы Бескүректің Қарабатыр.
Тігеді Хан жайлауда ақша шатыр.
Жылқы, түйе — бәрін де мыңдап айдар,
Көп елден салтанаты асып жатыр.
Қарабатыр көсемі Айбат мырза.
Әрқашан ерлігіне халқы риза.
Бұйрығы Айбат ердің екі болмас,
Елінде Жағалбайлы шешім қылса.
Баласы сол Айбаттың ер Базарбай,
Бек еді дәулетіне ерлігі сай.
Жылқы менен түйенің есебі жоқ,
Үйілген сарайында астық, қант, шай.
Жырлайын о жарандар болған жайды,
Аспанда жарқыраған күн мен айды.
Әлеумет Ер Сегізге ұлықсат етсең,
Баяндап бір көрейін Базарбайды.
Елімнен қашқын болып шыққан кезде,
Жолықтым Шекті, Табын, Тама, Ілезге,
Шектінің Арыстаны мен Ілез Жанқасқа,
Жағы жоқ шешен екен сөйлер сөзге.
Қарсы алды Шекті, Табын, Жағалбайлы,
Ел екен дәулетіне сәулет сайлы.
Ниязбен мен екеуіміз сонда болып,
Естідік Сырлыбай мен Базарбайды.
Болғаны оқиғаның рас екен.
Арқауы әңгіменің біраз екен.
Өткенді кейінгіге жырлап беру,—
Ақынға біз сияқты мирас екен.
Өтініп айтқаннан соң ер Арыстан.
Сөз қалмас біз сияқты жолбарыстан.
Сұрады жырлауынды Жанқасқа да.
Қалсын деп ұрпақтарға сізден дастан.
Жырладым мен дастанды қобыз алып,
Отырды молда, ишан қалам алып.
Түсірді он төрт молда өлеңімді,
Бетіне ақ қағаздың өрнек салып.
Қобызым кетті жетектеп,
Ән шырқадым безектеп.
Сондағы жырым осы еді,—
Өлеңмен айтқан өрнектеп...

Сегіз сері осылай деп «Қыз Жібек» жырын ұзақ жырлап, аяқтап шығады. Бұл үзінді осы жырдың бас жағындағы кіріспесі ғана. «Қыз Жібек» жырының қазақта тарихи шындыққа, шежіреге - негізделіп жырланған бірден-бір дұрыс нұсқасы — осы біз сөз етіп отырған Сегіз сері варианты екені дау туғызбаса керек. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерді, ертегіні жырға айналдырып, тарихи шежірені негізге ала отырып жырлау және оған ән шығарып, әнмен айту тек осы Сегіз сері сияқты жан-жақты бес аспап таланттың ғана қолынан келеді. «Қыз Жібек» оқиғасының Сегіз серіге дейін жыр болғанын білмейміз ол тек қарасөз түріндегі ауыз екі аңыз-әңгіме ретінде ғана баяндалып айтылып жүрген. 1807 жылы Қазан қаласында кітапша болып шыққаны — сол қара сөз түріндегі аңыз-әңгіме варианты.

Академик-жазушы Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» повесінде Сегіз сері жайлы былай деп жазған.

«Бұлар шайға отыра бергенде, айқайға басып Керейдің бір топ ақын - әншілері келді...

Бұл келген Керей аталатын көп рулы елдердің аты-шулы ақын - әншілері, жыраулары еді. Ақын Шәрке сал, соқыр Тоғжан ақын, Нияз сері, Сапарғали ақын, тағы үш-төрт жаңа перілер. Бәрі де атақтының атақтысы — Сегіз сері ақынның мұрагерлері. Бұл елдерде «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» жырлары Сегіз серінікі деп саналады. Сегіз сері өз жанынан шығарған ба, жырау ретінде айта жүріп өңдеген бе, ол арасы дүдәмал. Ал «Қарлығаш», «Гауһартас», «Әйкен - ай» әндерін Сегіз сері шығарғанын тіпті дауға салмайды, түгел мойындап қойған».

Сегіз серінің ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жырға қосып «Қыз Жібектен» басқа да «Айман — Шолпан», «Ер Тарғын», «Шора батыр», «Ер Сайын батыр» секілді ұзақ қисса -дастандардың өзіндік вариантын шығарғаны тарихи деректерден белгілі.

Қазақтың аса көрнекті ғалымы, академик Әлкей Марғұлан Сегіз сері жөнінде былай деп жазады. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының бір әдемі нұсқасын қағаз бетіне түсірген атақты Сегіз сері (1808 —1854). Ол XIX ғасырдың бірінші жартысында жасаған атақты сері. Туған жері — Обаған төңірегінен, ашамайлы керейлерінен, қыстаулары Маманай орманының іші. Он екі жасына дейін ауылдағы мектепте оқып, содан кейін Омбыдағы Азия мектебін (азиатская школа) бітіреді. (1828). Осы жылдары Омбыда «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жырын жазады.

Жасым бар жиырмада жылым мешін,
Өлімнің кім біледі ерте - кешін.
Айтайын бес-алты ауыз құлағың сал,—
Қозы Көрпеш — Баянның әңгімесін.

Бұл жырды Сегіз сері Торғай өлкесіне саяхатқа шыққанда өзімен бірге алып жүріп, шежірені, жырды көп жинайтын Ахмет Жантуринге тарту қылып беріп кетеді. Кейін ол жыр Ахмет Жантуриннен В. В. Григорьевке ауысып, одан Н. И. Ильминскийдің қолына түседі. Бүгінде жыр сол Ильминскийдің топтауында, татар республикасының архивінде сақтаулы тұр. Өткен дәуірлерде бұл жыр Қазанда талай рет басылып шықты (1878, 1879, 1890, 1894, 1896, 1905, 1909 ж. ж.), оның қысқаша аудармасын А. В. Васильев Торғай газетінде жариялады. Сегіз с.ері нұсқасында айтушының тілі жақсы, бейнелері әдемі, эпикалық кең тынысты болып шыққан»

Енді осы, арада жоғарыда өзіміз сөз еткен Сегіз сері жырлаған «Қыз Жібек» жырының тарихына толығырақ тоқтала кетуді жөн көрдік. Өйткені «Қыз Жібек» қиссасын алғаш жырлаған яғни қарасөзден жыр қалпына түсірген Сегіз сері ақын екенін бүгінгі оқырманның көбінің біле бермеуі мүмкін.

Сегіз сері шығарған «Қыз Жібек» жырының алғашқы нұсқасында қара сөзбен жазған жолдарды кездестірмейміз. 1892 жылы — ұлу жылы, жазда Қызылжар уезіне барып, ел аралап ауыл-ауылдағы жас балаларды сүндетке отырғызып жүрген мұсылманша сауатты Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы (1861 —1941) осы Сегіз сері шығарған жырды көшебе керей, әнші - палуан Андамас Есболұлы мен Бекқұлы Құдасұлы есімді алпыс бес - алпыс алты жастардағы әнші қариялардан алғаш рет ерігіп, жазып алған. Сөйтіп «Қыз Жібек» қиссасының кейбір тұстарын қысқартып, орнына татаршалап қара сөз қосып, кей жерін ертегіге айналдырып Төлегенді өлтірген Кескентерек деген қожаның орнына қарақшы деп Бекежанды жазып, оның руын арғын етіп өзгертіп, қиссаны өзім шығардым деп 1894 жылы — жылқы жылы Қазан қаласында бастырып шығарған.

Қазақ ССР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты 1957 жылы жарыққа шығарған «Қыз Жібекті» баспаға дайындап алғы сөзін жазған сол кездегі филология ғылымының кандидаты М. С. Сильченко өзінің «Қыз Жібек» жыры жайында» деген зерттеу мақаласында былай деген.

«Қыз Жібек» жыры 1894 жылы «Қисса Қыз Жібек» деген атпен Қазан қаласында басылып шыққан. Бұл жырдың ел аузынан ең бастапқы жазылып алынған түрі ме, немесе бұдан бұрын жазып алынғаны бар ма, жоқ па ол жері осы күнге дейін белгісіз. Бұл қиссаның стиліне және тіліне қарағанда, «Қыз Жібек» қиссасын баспаға беруші, не бір қолжазбадан көшіріп немесе есінде қалғандарын жазып тапсырғанға ұқсайды.
Қиссаны бастырушы оны қай кезде, қай жерде, кімнің аузынан жазып алғанын атап көрсетпеген. Тек қиссаның аяғында: «Мұны мен өзім ноғай болсам да (Жүсіпбек қожа өзін айтып отыр — Н. Ә.) достым Ахметкәрімге арнап қазақша жаздым»,— деген сөзді айтып кеткен. Және сол Ахметкәрімге арнап, екі достың ажырасып кетуі жөнінде қысқаша лирикалық елең жазған.

Жүсіпбек қожаның досым деп отырған Ахметкәрімі кім болған деген орынды сұрақ туады. Бұған жауап беру үшін алдымен «Айтыс» кітабының бірінші томының алғы сөзінде Біржан — Сара айтысына байланысты жазылған мынадай деректер бар. «Көңіл аударарлық екінші бір жайт, осы айтыстағы кейбір қоспа сөздерге қарап, Шайхысламов Жүсіпбек қожадан гөрі «Біржан — Сара айтысын» бастыруға ділгер болған Ахметкәрім деген кісі екенін анықтай аламыз. Кітаптың («Біржан сал мен Сара қыздың» 1898 жылы Қазан қаласында болып басылып шыққан айтысын айтып отыр — Н. Ә.) аяғындағы 19-бетте сол Ахметкәрім деген кісіге жазған өлеңінде Жүсіпбек қожа:

Ахметкәрім жазғыл деп еттің пәрмен,
Қызметті неге аяйын келсе дәрмен,—
дейді.

Ойландыратын тағы бір жай, Жүсіпбек қожаның жаңағы арнау өлеңінде ақын Абайдың Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» дейтін жұртқа мәлім өлеңіне өте ұқсас келетін (32 жол) жерлері бар. (Кітапта Абайдың осы и өлеңінен үзінді келтіріледі — Н. Ә.) Әрине, кейбір жеке сөздерін (19-бет) өзгертіп отыр. Әйтпесе айнымаған Абай өлеңі дерліктей».

Бұдан шығатын қорытынды «Қыз Жібек» жырымен қоса, «Біржан — Сара айтысын» да жинап Қазан қаласында бастыруға ділгер болған адам Жүсіпбек Шайхысламұлы емес оның Ахметкәрім деген қазақ екені анықталып отыр.

«Қисса Қыз Жібекті» Жүсіпбек қожа бұдан кейін де иеленіп, 1896, 1899, 1900 жылдарда Қазан қаласында өз атынан бірнеше рет бастырып шығарған. Оның ақын емес екенін кезінде Кердері Әубәкір, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұрат Мөңкеұлы, Мақыш Қалтаев, Нұржан Наушабаев, Тоқа Жұмабаев, Құлтума Өтемісұлы, Сапарғали Қуанышұлы, Тайжан Қалмағанбетұлы секілді белгілі ақындар өз өлеңдерінде әділ әшкерелеген. Мәселен, Нұржан Наушабаев өзінің «Жүсіпбек қожаға» деген ұзақ өлеңінде:

Сен өзің сөз ұрлауды таста, қожа.
Жастарды үлгілі іске баста, қожа!
Өліп қалған аруақтан жыр ұрламай,—
Адамшылық шарадан аспа, қожа,—
дейді.

Ал Тайжан Қалмағамбетұлы ақын (1877— 1937 ж. ж.) 1907 жылы Атбасар базарында Ғазиз әнші Файзоллаұлына (1889—1931 ж. ж.) кездесіп, оның Сегіз серінің батыр досы Нияз серінің екі шумақ өлеңін өзгертіп өз атынан айтқанын кінәлаған.

Атандым Нияз сері бала жастан,
Ақын жоқ Қызылжарда менен асқан.
Жүйрік мініп, жорғаны жетеледім,—
Көңілім қайтпаған соң қиғаш қастан,—

деп басталатын Нияз серінің «Нияз әні» деген өлеңін Ғазиз әнші өзінше өзгертіп:

Атандым Ғазиз ақын бала жастан,
Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан.
Жүйрікті жорға мініп жетеледім,—
Көңілім қалған емес қиғаш қастан,—

деп өз өлеңі етіп айтқан. Тайжан ақын кездеуде Ғазиздің осы жалғандығын бетіне басып, «Ғазизге» деген өлеңінде:

Көңілі базаршылар қалды суып,
Әніңді тыңдамасқа белді буып.
Сен - дағы сөз ұрлауға салыныпсың,—
Залымның Жүсіпбек қожа жолын, қуып,—

деп, Ғазиз ақынның өзінің ғана емес, Жүсіпбек қожаның да бұрын өткен ақын-жырауларға істеген қиянатын қоса көрсете кетеді. (Тайжан ақынның «Ғазизге» деген осы өлеңі 1990 жылғы 11 февральда облыстық «Жезқазған туы» газетінде жарық көрді. Онда бұған қоса «Нияз әні» өлеңінің үш шумағы берілген).

Нияз сері Бекдәулетұлы кім дегенге келетін болсақ, ол 1818 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданында туған. «Маңмаңгер», «Қыз әні», «Жігіт әні», «Келіншек әні», «Жылқышы әні» сияқты елге кең тараған әндер шығарған, батыр, сері болған. Сегіз серінің досы, құрдасы. Ол Тюмень облысының Қошқарағай деген жерінде 1893 жылы 75 жасында қайтыс болады. Нияз сері жоғарыда өзіміз айтқан «Нияз әні» атты өлеңінде:

Мадияр затым керей, атым Нияз,
Жігітте бола бермес мендей бияз.
«Көпестің керуенін тонады» деп,—
Мен үшін губернатор құрмақ сияз.
Мен Нияз шығып жүрдім әрбір шетке,
Жолдас ем, Сегіз бенен Махамбетке!
Айырылып екі достан қалғаннан соң,—
Қаңғырып шығып қалдым қия шетке,—

деп толғанады. Бұл өлеңді, Нияз серінің және басқа өлеңдерін Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданының тұрғындары әнші Әпен Қалиевтан, осы ауданның Петровка селосының тұрғыны Қожахмет Дәрібайұлынан 1958 жылы апрель айында жазып алдық...
Енді жоғарыдағы Жүсіпбек қожаға байланысты сөзімізге қайта оралалық.

Белгілі Ақын Сапарғали Қуанышұлы да (1855—1915) Жүсіпбек қожаны топ алдында әшкерелейді. Ол өзінің «Жүсіпбек қожаға» атты өлеңінде былай деген:

Сен өзің еркек емес байтал қожа,
Әр жерде ұрлығыңды айтам қожа!
Бұрынғы ақындардан жыр ұрлайтын,
Екенсің екі жүзді сайтан қожа...

Совет өкіметі орнағаннан кейін тарихшы ғалымдар, жазушылар оның ішінде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Санжар Аспандияров, Темірбек Жүргенов секілді көрегендеріміз ертеде өткен ақын-жазушылардың қисса-дастандарын, жыр айтыстарым өзім шығардым деп Қазан, Ташкент қалаларында кітап етіп бастырып шығартқан Жүсіпбек қожа Шайхысламұлының ақын емес, ел аузындағы деректерді біреулер арқылы жинап, елдің еңбегін пайдаланып жүрген адам екенін анықтайды. Оның әлгіндей қиянаты әшкерелене бастаған шақта, 1931 жылы көршілес Қытай еліне өтіп кетеді. Содан ол 1941 жылы Шыңжаң өлкесіндегі Қызылкүре ауданындағы Төрткөл деген жерде қайтыс болған. Кіші әйелі Бәтима албан руының қызы, ол ері өлген соң, он үш жылдан кейін 1954 жылы ауырып қайтыс болады. Жүсіпбек қожаның ұрпақтары совет жеріне өтпей, сол Шыңжаң өлкесінде қалып қойған.

Осыған қарамастан Жүсіпбек қожа кейбір басылымдарда сол баяғысынша ақын болып есептеліп әдебиетіміздің тарихында айтылып жүргені өкінішті-ақ.

Атақты тюрколог, шығыс әдебиетін зерттеуші ғалым, академик В. В. Радлов «Сейфүлмәлік —Бәдіғұлжамал» қиссасын өзінің қазақтың әдеби нұсқаларына арналған жинағының үшінші томында Санкт - Петербургта 1870 жылы бастырып шығарған болатын. «Сейфүлмәлік» жырының осы нұсқасын кейінірек Исмағил Шамсуддинов дегеннің көмегімен Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы Қазан университеті баспасында 1903, 1908 жылдары өзімдікі деп, ез атынан бастырып шығарғаны белгілі. Бұл жөнінде «Ғашықнаме» кітабында Жүсіпбек қожаның кім екені жайында былай деп жазылған: «1964 жылы басылып шыққан «Батырлар жырының» үшінші томында «Сейфүлмәлікке» берілген түсінікте бұл Жүсіпбек Шайхысламов шығармасы делініп жазылған. Шындығында, Жүсіпбек жырдың ішіне өз атын қосып, кейбір шумақтарды қысқартып, не кейбір сөз тізбектерін өзгертіп бергені болмаса, бұл негізінен 1870 жылы Радлов жинағында басылған, ел ішіне ерте кезден-ақ мол тараған жыр болатын».

Міне, бүгіндері ғалым әдебиетшілеріміздің өткен тарихымызды байыпты зерттеуі нәтижесінде Жүсіпбек қожаның шын бет пердесі айқынырақ ашыла түсуде.

Сегіз сері ақын алты шекті елінде «Қыз Жібек» жырын жырлаған кезде Жүсіпбек қожа түгілі оның әкесі Шайхыслам да дүниеге келмеген кез еді. Шындығы мынау, Шайхыслам Айтқожаұлы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының Шіркейлі деген жерінде 1843 жылы туған. Шайхыслам өз өмірінде өлең жазбаған, діни жолға түсіп ел аралап жүретін молда болған. Жетісу өңірінде барған бір сапарында 1872 жылы жазда ол ақын Сара Тастанбекқызымен кездесіп, бір жыл бұрын ескерткішке Біржан қалдырып кеткен «Біржан — Сара айтысының» қолжазбасын одан сұрап алады. Осы «Біржан — Сара айтысын» әкесі алғаннан кейін, арада жиырма алты жыл өткен соң барып, яғни 1898 жылы Жүсіпбек қожа Қазан қаласында өзім жазып алдым деп, өз атынан бастырып шығарады. Жүсіпбек қожа өзі 1861 жылы туған адам болса, он бір жасында яғни 1872 жылы Ақмешіт өңірінен сонау Жетісуға барып, айтысты қалайша өз қолымен жазып алған деген сұрақ туады. Осы жайлы ой түйген жетіру — жағалбайлы Төребай ақын Есқожаұлы (1844—1911 ж. ж.) 1900 жылы тышқан жылы күзде ақын

Сарамен айтысқанда былай дейді.
Әсетпен сен айтыстың сиыр жылы,
Жүсіпбек келіп кетті барыс жылы
Сара сен шамалы ақын болсаң - дағы —
Шығарды атағыңды Біржан жыры.

Осы айтыстың енді бір жерінде Төребай ақын әлгі біз жоғарыда сөз еткен Жүсіпбек қожаның өзі емес., әкесі Шайхысламның Жетісу өңіріне келгенін, қиссаны Қазанда бастырып шығарғанын былай деп дәлме-дәл айтады:

Шайхыслам Жетісуды аралады,
Байлар мен би-болысты жағалады.
Қалдырған Біржан саған қолтаңбасы,
Өзіңнен қалап алып кете барды.
Арада жиырма алты жыл уақыт өтті,
Китап боп шығатұғын мезгіл жетті.
Баласы Шайхысламның Жүсіпбек қу,—
Қазанда сол қиссаны жария етті.

Біз жоғарыда Сегіз серінің ақындығы жайында баяндай келіп, «Қыз Жібек» жырын алғаш жырлаған Сегіз сері екенін кеңірек тоқталып айтқымыз келді. Сегіз сері жырлаған «Қыз Жібек» дастанының сол нұсқасы Қазақ ССР FA М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазбалар мен текстология бөлімінде толық күйінде сақтаулы тұр.

Сегіз серінің сал-серілік өмірбаяны қызғылықты, ақындық, әншілік, композиторлық творчествосы өте бай және халыққа жақын. Ол шекті елінде сауық құрып, ән салып жүргенінде, патша жендеттерінің қолынан қапияда Көтібар батыр қаза табады. Қатты қапаланған Сегіз сері оған арнап жоқтау өлең шығарады. Сол өлең былай деп басталады.

Үш Алшынның жерінде
Мұғаджар таудың бауырында,
Кіші жүзде Жетіру
Жағалбайлы ішінде,
Жаңқасқа ердің ауылында
Ардақты мейман Поп барып,
Шаңқай түстің шағында
Қонаққа арнап тігілген,
Ақ орданың ішінде,
Демалмақ боп оңаша,
Ұйықтап жатқан жерінде.
Патша әкімі жендеті,
Жалдамалы қалмақтың,
Айбалтамен шабуға
Қалайша көзі қиды екен,
Көтібар сынды қыранды
Әлімнен шыққан ұланды.
Кіші жүздің ішінде,
Кешегі өткен Көтекем
Артықша болып туған-ды,
Сырымның жолын қуғанды,
Шекті, Табын ағасы,
Берсен батыр баласы.
Арғы тегі — ер Бөлек
Қасиетті бабасы.
Бөлектен туған Қабақтың
Қабыл болған тобасы.
Берсенұлы Көтібар
Дұшпандармен ұрыста
Жыртылмаған жағасы.
Қалмақтармен соғыста
Халқының болған панасы.
Ақырында батырдың
Қалмақтан болды-ау қазасы.
Жағалбайлы елінде
Қолға түсіп жендеттің
Берілді мықтап жазасы.
Көтібардың өзінің
Ел басқарған азамат
Бар екен он үш баласы.
Еркебай мен Дәрібай,
Мергенбай мен Кәрібай,
Матай, Сатай. Шынтемір,
Өстемір мен Тастемір,
Әсет, Әскен, Есет пен,
Ең кенжесі Бектемір.
Он үші де бөрі екен.
Қатарында ер екен.
Саят құрып, аң аулап,
Бәйге ат мінген сері екен,
Хан, патшаға қарсы боп,
Ел ішінен қол құрап,
Дайындықта жүр екен.
Жолын қуған әкенің
Қолбасшы батыр дүр екен.
Сыйынғаны бәрінің
Сырым батыр пірі екен.
Мейман болып ауылында
Ордасында түнегем,
Табақтас болып батырмен
Шежіреге кенелгем.
Әр күн де болса дәмдес боп,
Батырдың ісін түсінгем.
Орынсыз шалқып мақтанып,
Көргем жоқ жерін күпсінген,
Қарсы алған жақсы батырды
Өтсе де еске ап ерлігін
Жырға қосып жоқтадым.
Көтекемді жырлауға
Шекті елінде тоқтадым.
Ардақты туған Көтекем,
Ағайынмен қоштаспай
Шекті, Табын еліңді,
Өзің туған жеріңді,
Ақ ордадай үйіңді,
Он үш ұл мен ініңді,
Үш бірдей сүйген жарыңды.
Көре алмай кеттің қапыда!
Сіздей ерден айырылып,
Жыр еттім ішкі зарымды.
Артықша туған Көтекем,
«Айман - Шолпан» дастанын,
Өзіңізге арнап жырладым.
Арыстанды мадақтап,
Маман мен сізді сынадым.
Болмаса да шын батыр
Әлібек сынды мырзаны
Сұлу сөзбен сырладым.
Бәйбішені Аймандай,
Кемсітуге қимадым.
Көсем батыр Көтеке,
Топырағың торқа боп,
Болсын жолдас иманың!
Ұрпағыңа бұйырсын,
Тіршілікте жиғаның!
Орныңыз болсын, батырым,
Пейіште алтын сарайдан,
Сіз кеттіңіз, қалды ұлық
Қанына әбден қарайған.
Қарғыс алар ол - дағы,
Соққы көріп талайдан!

Сегіз серінің бірнеше дастандар шығарғанын ілгеріректе айтқанбыз. Осы кезге дейін атақты эпос жырларының әр заманда әр ақын, әр жыршының жырлауы мен ұрпақтан-ұрпаққа келіп жеткені белгілі. Сегіз серінің Көтібар өлімін жоқтаған осы өлеңінен көп сыр аңғарылады. Ол «Айман - Шолпан» лироэпосын Сегіз серінің шығарғаны, оның осы жырдың авторы екендігін ақынның өз өлеңі айқын дәлелдеп отыр.
Осы ойды филология ғылымының кандидаты Е. Жақыпов 1979 жылы «Ғылым» басқасынан жарық көрген өзінің «Дастаннан - драмаға» атты кітабында дәлелдеп жазған.

Сегіз сері Көтібар өлгеннен кейін Жайық өзеніне жол тартады да, Нарын құмында жасақ құрып көтеріліске дайындалып жатқан Исатай, Махамбет тобын бетке алады.

Ол Исатай, Махамбетпен алғаш рет 1833 жылдың жазында Қызылжар өңіріндегі Қоскөлге таяу жердегі Малдыбай аулындағы тойда танысқан еді. Ол кезде Сегіз серінің балаң жігіт шағы. Олардың танысуы былай болады. Ашамайлы керей Қырғыз қажы Малдыбайұлының Бектас деген баласы Исатайдың кенже қарындасы Патшайымға үйленіп, содан Қырғыз қажы Исатайды құдалыққа шақырады. Исатай мұнда өзімен бірге батыр Махамбетті де ерте келеді. Сегіз сері осы үйге қажының баласы Бектасқа келіп жүреді екен. Сол жолы Сегіз бұл үйге Исатай, Махамбеттердің үстіне келеді. Сегіз серінің өнерлі де өжет екенін байқаған Исатай оған назар аударып: «Ғұлама бала, халқыңның ұлы боласың ба, әлде патша ағзамның құлы боласың ба?»— дейді. Сегіз сері сонда Исатайға іле жауап беріп: «Батыр құда, тірі болсам, халқымның қорғаны болам»,— дейді.

Сегіз серінің кейінірек шығарған:

Өзімнің қазағымнан мал алмаймын,
Алам деп обалына қала алмаймын.
Жұртымның өле-өлгенше қорғанымын,
Халқыма жәбір-жапа қыла алмаймын,—

деген өлеңі бұл сөзін растай түскендей.

Сегіз серінің Нарын құмында Исатай, Махамбетпен кездесуі өміріндегі үлкен бетбұрыс оқиғаға айналып, патша әкімшілігіне қарсы наразылық көзқарасы біржола қалыптасады. Сөйтіп, ол Исатай — Махамбет көтерілісін жан-тәнімен қолдап, оған дем беруші тілектес - қолбасшы батырладың бірі болғанын тарихи деректерден айқын көреміз. Сегіз сері ауыл - ауылдан, ел - елден сарбаз жиып, жасақ құрып, патша әскерінің бекіністеріне шабуыл жасайды. Шабуылда қолға түскен саяқ ат, атан түйені Исатай, Махамбет сарбаздарына үлестіріп беріп отырады. Көп кешікпей Сегіз сері жасағының саны бес жүз отызға жеткенін білеміз. Оның құрамында Кіші жүз қазақтарының, әсіресе Байұлы атасының батыр жігіттері, сондай-ақ, ноғай, башқұрт, татар, қарақалпақ халықтарының өкілдері болған. Сонымен бірге, Сегіз сері жасағына каторгіден қашқан кавказдың черкес, карачай, құмық, лезгин, балкар жігіттері де қатысқанын деректер дәлелдейді. Оның сол кездегі өзі таңдап алған ақылшысы Кіші жүз он екі ата Байұлының Беріш руынан шыққан Асанбек шешен екен. (Асанбек кейін Сегізге еріп кетіп Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Маманайда 1844 жылы — ұлу жылы Сәду деген Сегіздің сарбазының үйінде 94 жасында қайтыс болады). Осы ойымызды Сегіз серінің өз өлеңі дәлелдейді.

Мен жыйдым жігіттерді елден таңдап,
Өзіме сарбаз болды нелер саңлақ,.
Кіші жүз Асанбек би бата беріп,—
Мені де ерлер қойды сардар сайлап.
Қанжар мен қылышымды қоса қайрап,
Найза ұстап, аш беліме семсер байлап.
Жорыққа ертелі-кеш шығып жүрдім,
Ыза-кек, намыс буып, қаным қайнап...

Сегіз сері Исатай мен Махамбетті өзіне аға тұтып қатты қадірлейді, екеуінің ханға қарсы срлігін жырға қосып «Исатай-Махамбет» атты дастанын шығарады. Сол ұзақ дастан:

Ақбұлақ тасығанмен Жайық емес,
Жүзгенмен дөңбек ағаш қайық емес,
Ерлігін Исатайдың жырға қоссам,—
Жігіттер менің мұным айып емес.
Еділден сан суарған құлын-тайын,
Қазақтың жырға қосам Исатайын.
Исатай — Махамбеттің ерлік ісін,
Қобыз ап, әнге салып баяндайын.
Еділ — Жайық берекелі жер екен ғой,
Байұлы бақыт қонған ел екен ғой.
Алтынның қолда барда қадыры жоқ,
Исатай асқар таудай ер екен ғой,—
деп басталады.

Сегіз серінің қосы күзге қарай Қиылға құятын Қараған өзенінің саласы Ақбұлақтың ну тоғайына келіп ашық алаңға шымнан үй салып, жағалай шатыр тігіп, сол араны мекендейді. Ол ел-жұртты аралап, атақты адамдармен таныс бола жүріп, ән салып, күй шығарып, Кіші жүз елінің алғысына бөленеді. Сегіз серіні халық ел қамқоры кесем, сөз тапқан шешен, топ жарған батыр деп бағалайды. Өйткені ол елдің сол кездегі тұрмыс -халін, бұрынғы-соңғы өмірін жырына қосып, еңсесін көтеріп, халыққа шабыт, жігер беріп отырады. Сегіз сері осы жылы Ақбұлақ өзені бойында жатқан жерінде он екі ата Байұлындағы бес таңбалы ноғайлы руының биі Жолымбетпен кездеседі.

Қарағанды қаласындағы Ленинград көшесінде тұратын пенсионер Сердалин Қабыкеш ақсақалдың берген деректеріне қарағанда, Сегіз сері мен Жолымбет бидің кездесуі былай болған көрінеді. Жолымбет 1827—1829 және 1831 —1833 жылдардағы қазақ шаруалары қозғалыстары кезінде Исатай мен Махамбетті, Уса Төлегенұлы, Қалдыбай Қосаяқұлы батырларды қолдап жүреді де, кейіннен жолдан тайып қателесіп, Шынғали Орманов (Шыман төре) деген сұлтанның азғыруына еріп, сол кездегі қазақ халқының қас дұшпандары болған патша өкіметінің әкімдері мен хан, сұлтан, төре, қожа, билер жағына шығып, солардың сойылын соға бастайды. Бірақ Жолымбет патша әкімдерінен де, Жәңгір ханнан да, Баймағамбет, Шыман сұлтандардан да, Қарауылқождан да еш жақсылық көрмейді. Керісінше, оларға мазақ болады. Хан, сұлтан, билер Жолымбетті аз уақыт өз мақсаттарына пайдаланады да, кейін сыртқа тебеді, оған қауіп-қатер төндіреді. Қуғын көре бастаған Жолымбет өз қателігін түсініп, ағаттық істегеніне өкінеді де, Исатай, Махамбетпен қайта табыспақшы болады. Табысудың, қайтадан достасудың жолын іздейді. Жолымбет көп сергелдеңге түседі. «Неге бүйттім» деген ой ішін жегідей жейді.

Сөйтіп жүргенде оған Ақбұлақ өзенінің жағасында өскен ну тоғайды мекендеп, ауыл -ауылдан жігіт жинап жүрген, өзі Сарыарқадан атақты батыр Сегіз сері кез болады. Қайда жолығуға батылы бармай, қасына ерген отыз жігітімен Жолымбет сырғақтап өте береді. Сонда Сегіз сері дауыстап сөйлеп, Жолымбетті тоқтатып, сәлем береді де, былай дейді:

Кіші жүз Алшын ішінде,
Он екі ата Байұлы
Ноғай биі — Жолымбет,
Аруаққа болмай шет
Атыңның басын бұр - дағы
Біздің қосқа келе кет,
Хал-жайымды біле кет,
Дайындықты көре кет.
Сегіз бенен Ниязды,
Орта жүзден келді деп,
Жолымбет би көрме жек,
Ата жолды аттамай,
Қосымнан дәм тата кет.
Ақылың болса, айта кет,
Ішім толған қайғы, дерт.
Жылы сөзбен жұбатып.
Көңілімді аша кет.
Сіз де біздей қашқынсыз,
Тағдырымыз бір Жолымбет.
Теректіде кездесіп.
Өзімменен тілдесіп,
Қылыш сүйіп серттесіп,
Төс соғысқан дос болды,
Исатай мен Махамбет.
Жолымбет аға танысып.
Жанқияр дос болайық.
Исатайдай батырды
Махамбеттей ақынды,
Өле-өлгенше қолдайық.
Бөлек-бөлек топ құрау,
Болмас бізге лайық.
Жауға қарсы ұрыста,
Күшімізді қосайық,
Сарбаздарды жыяйық,
Ақыл-кеңес құрайық,
Жаттықтырып жасақты
Сайлап қару-жарақты,
Дұшпанға қарсы тұрайық.
Офицер, хан, сұлтанды,
Кездессе басқа ұрайық.
Қызылды - көкшіл ту ұстап,
Ат басын жауға бұрайық.
Желігіп келген дұшпанды,
Наркескенмен тұрайық.
Еркіндікке жол ашып,
Қалың қолды басқарып,
Зор үнмен ұран салайық.

Бұл сөзді естіген Жолымбет ат басын бұрып, жолдастарын бастап кеп Сегіз серіден өзінің бұрылып келмегені үшін кешірім сұрап, оның Нияз, Сәду, Аббас бастаған көп жігіттерін танысады. Сегіз серінің қосына түсіп, Жолымбет өз серіктерімен қонақ болады. Сегіз серімен серттесіп, төс қағысқан дос болады, оның сарбаздарымен де достасады. Жолымбет өзінің бар сырын, бар мұңын жасырмай, бүкпей баяндап береді. Исатай. Махамбетпен табыса алмай жүргенін, олардың алдында үлкен айыбы бар екенін айтады. Сегіз і ері Жолымбеттің қателігін кешіруді өтініп, Исатайға да, Махамбетке де арнаулы хат жазады. Бұл екі хатты табыс етуді Жолымбеттің өзіне жүктейді.

Жолымбет отыз жігітін ертіп, Исатайдан әрі, әуелі Махамбетке жолығуды хош керіп, соның ауылына келеді. Ол кезде Махамбеттің үш жүзден астам жігіті болған. Сарбаздары әскери жаттығулар жасап жүреді. Өзі жігіттерінің әскери ойынға машықтануын байқап, төбеде отырады. Келе жатқан Жолымбетті танып, Махамбет қаһарланып, жігіттеріне: Опасыз, шіріген жұмыртқа Жолымбетті найзамен дереу шаншып тастаңдар!»— деп бұйрық береді.

Махамбеттің бұйрығын бұлжытпай орындау үшін жігіттері қару-жарақ асынып, атқа мінбек болады. Сол кезде Махамбеттің туған анасы, жетпіс үш жасқа келген қарт бәйбіше Қосуан ара түсіп, қолымен ишарат жасап, жігіттерді сәл бөгеп, ұлы Махамбетке таяп келіп:

Қымыз бенен шұбатқа,
Қазы, шие, бал қоссақ,
Тосап жасап қолданса,
Дару болар әрдайым,
Өкпеге түскен жараға,—

деп жас батыр Сегіз айтқандай:

Екі жақын дос болса,
Жамандар кірер араға.
Ағайынды жат көрме,
Күш жұмсауды шат көрме,
Нақақтан ұлым қан төкпе,
Көз сал сауап, обалға.
Айтқан сөзге құлақ ас,
Анасы тоқтау айтып тұр,
Өзінен туған балаға!—

деп, Махамбетке тоқтау айтады. Махамбет бұл сөзге тоқтап, райынан қайтады. Сөйтіп Жолымбеттің ажалдан аман қалуына Махамбеттің анасы Қосуан бәйбіше себепкер болыпты. Жолымбет Қосуан анаға қол қусырып сәлем беріп, үлкен алғыс айтыпты. Ол Сегіз серінің екі хатын да Махамбетке табыс етіп, одан ғафулық өтініп қателігін мойындапты. Кейін көп ұзамай, Махамбет пен Сегіз сері Жолымбетті батыр Исатаймен де татуластырыпты. Сол күннен бастап, ез өмірінің ақырына дейін Жолымбет Исатай мен Махамбетті қостап, жарлыны, кем-кетікті, жетім-жесірді жақтаушы адал адам болып, патша өкіметі отаршыларына, хан-сұлтандарға, билерге, ел қанағыш шонжарларға, мейлінше, қарсы боп өтеді.

Бұл деректі Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданындағы Петровка селосының тұрғыны Сегіз серімен аталас Дәрібаев Қожахмет ақсақал да растайды. Бір кездері Сегіз сері өзі жазып таратқан, атақты Ақсақ Темірдің ақылшысы болған Танаш бидің арғы бабасы сонау Бағылан биден басталатын Орта жүз ашамайлы керейдің көлемді шежіре -жылнамасымен де бізді жақын таныстырған осы кісі болатың. Қазақ ССР ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар және текстология бөлімінде де осы тарихи деректер толық сақталған. (Папка, № 853, І- тізім, 38-бет).

Сегіз сері Исатай Махамбетке арнап, олардың ерлігін жырға қосып «Исатай — Махамбет» атты дастан шығарғанын жоғарыда айттық. Енді ол Исатай, Махамбетке арнап «Қос қыран» атты күй шығарады. Бұл күйдің сарбаздары, шәкірттері арқылы сол кездің өзінде-ақ қазақ даласына кеңінен мәлім болғанын білеміз.

Сегіз серінің осы күйін кейінгі ұрпаққа жеткізуді зор еңбек сіңірген әнші - ақындар: Біржан сал, Шәрке сал, Көрпе, Тоғжан, Орынбай, Арыстанбай, Көшен, Бәйеке Бабасұлы, Дайрабай күйші, Нұркей, Құлтума, Құлымештің Мұқаны, Мұратбек Шөрекұлы, (Шағалақ керей), Әздембайсал, Жаяу Мұса болған. Олардан Бәйеке Айдаболұлы, Ақан сері, Мәшһүр Жүсіп, Сапарғали, Үкілі Ыбырай, Қылыш, Мұстафа, Әмірхан, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Мұқан Машақұлы, Нұржан Наушабайұлы ақындар үйреніп, ел - елге таратады. Бертінгі кезде Қоржынкөлдің Іргебайы, Хасенов Темірғали, Қалиев Әпен, Қазыбеков Қозыбай. Шақан, Рамазан сияқты ірі әншілер бұл күйді домбырамен тамаша орындаған. Бұлар «Қос қыран» күйін Үкілі Ыбырайдан, Хасен Қабақұлынан үйренген.

Қоржынкөлдің Іргебайы — әнші (1891 — 1969 ж. ж.), Қорған облысының Лопаткинский ауданындағы «Күміскөл» селосында тұрады. Қалиев Әпен Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданындағы Ортақшыл селосында 1961 жылы көктемде елу жеті жасында дүние салды. Хасенов Темірғали, Қазыбеков Қозыбай, Шақан Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданындағы «Николаевский» совхозының Тауағаш бөлімшесінде, Рамазан Тәжібайұлы да осы Ленин ауданында тұрды. Бұлардың бәрі де бұл күнде жоқ, дүниеден өткен. Осы күні Сегіз серінің «Қос қыран» күйін орындайтын адам некен-саяқ. Сегіз сері «Қос қыран» күйінен басқа да «Қайран, Арқа», «Дабыл», «Садақ», «Жебе», «Көк найза», «Тарғыл бұқа», «Ақбас атан», «Алмас қылыш», «Бозшұбар», «Жорық»'күйлерінің авторы екені белгілі. Сонымен қатар, ол «Әйкен-ай», «Ғайни», «Шолпан қыз», «Жылой», «Қарғаш», «Үкілім», «Шаш-баулым», «Көкем-ай», «Қалқаш», Гауһартас», «Бесқарагер», «Мақпал», «Бозқараған», «Дай- дидау», «Еңлік», «Желкілдек», «Жан сәулем», «Дүние-ай», «Алқоңыр» секілді көптеген ән шығарған.

Мәселен, оның көпке белгілі шұрайлы шығармасының бірі — «Мақпал» әнінің тарихы мынадай екен. Сегіз сері бірде Сыр бойын мекендейтін Орта жүз Бағаналы Найманның Қарабала руының Жауғашты тайпасынан шыққан Мақпал қызбен бір тойда танысып, оған ғашық болады. Ол бағаналы елінің ақылды қариясы, беделді Бақтияр бидің бой жетіп отырған сұлу қызы екен. Мақпал өзі асқан дарынды, әрі әнші, әрі он саусағынан өнері тамған шебер қыз. Сегіз сері ай мен күндей сұлу қызды көріп оған құлай беріледі. Бар ынтасы Мақпалға ауады. Сері жігітті қыз да ұнатады. Ғашық болған Сегіз серінің қызға деген сүйіспеншілігі көкіректен толқынды ән болып шығады... Атақты «Гауһартас» әні де Мақпалға арналған. Мұнда Мақпал қыздың ағын жұмбақтап, гауһарға теңеп айтқаны екен.

Сегіз сері бұдан кейін «Бозшұбар», «Қызға сәлем», «Қалқаш» әнін шығарған. Осы бесеуін де Мақпал сұлуға арнайды. Бұл бесеуінен басқа Мақпалға арнап Сегіз сері «Мақпал» атты бір жүз елу бес шумақ елең де шығарады. Онда мынадай жүрек жарды жыр жолдары бар:

Берсейші найман қызы тілегімді,
Ұғынып жүрегіңмен жүрегімді.
Кіреуке сауытыма жаға болсын,
Мойныма орай салшы білегіңді.
Сағағың Бозшұбардың сағағындай,
Тал бойың піскен жеміс сабағындай.
Ғашық қып өзегімді өртегенше,
Қайтеді жолықпасаң қарағым - ай.

Ал «Мақпал» әнінің сөзі төмендегіше болып келеді:

Ақша жүз, бота көзді, қасың қара,
Шашыңды түнде жу да күндіз тара.
Ниязбен мен екеуміз келген шақта.—
Мақпалжан бұлғақтамай бермен қара.
Үш жүзге даңқым шыққан Сегіз сері,
Келгенім Сыр бойында найман елі.
Керейден ат арытып іздеп келдім,—
Бір көріп қайтпақ болып Мақпал сені.
Ащыкөл Телікөлге салдым салық,
Артымда қапаланам елім қалып,
Құмартқан нұр жүзіңе асыл Мақпал,
Ғашықтық көкірегімді кетті жарып.
Біз келіп ауылыңызға бастық қадам,
Ұлықтан қуғын көріп көңілім алаң.
Мақпалжан шыныменен уағада етсең,—
Кетуге алып шашып келеді шамам.

Бірақ Сегіз сері өзі ғашық болған осы Мақпал сұлуға қосыла алмайды. Оның «Мақпал» атты жыр жолдарынан ұққанымыз мынадай еді. Жырда Сегіз сері Мақпалға қосылмақ болып уәде байласып еліне кетеді. Сол кезде Қоқан хандығы құшбегісінің қолшоқпары болып, өзінің туған қарақалпақ халқына да, көршілес қазақ, қырғыз халықтарына да қайғы-қасірет жұтқызып жүрген Жабы деген қарақшыларымен келіп, басы Мақпал, Құсыни, Раушанға қоса он алты қызды, Балталы - Бағаналы, Қоңырат, Дулат, Сіргелі, Ошақты, Шанышқылы елінің жылқы - түйесін жаулап, тартып алып кетеді. Ел жайлауға көшіп кеткен шақта Мақпалды іздеп келген Сегіз сері қора күзетіп қалған кедей-кепшіктен бұл жағдайды есітіп, ыза кернеп жаудың соңынан аттанады. Ол өз тобымен жауды Сыр бойындағы Сұлутөбе деген жерде қуып жетеді де үлкен ұрыс салады. Сегіз сері Жабының жолдасы Бұлдырықты бірден садақпен атып түсіреді. Содан кейін Жабыны жекпе-жекте найзамен шаншып өлтіреді. Жау жеңіледі. Сегіз сері қыздарды, жылқы - түйені жау қолынан босатып алады. Сол кезде Жабының қашып бара жатқан жендеті — Дәуқара қыздар тобын садақпен атады. Садақ оғы Мақпал сұлудың жауырын тұсына қадалады. Қыз ауыр жараланады. Сегіз сері Дәуқараны қылышпен шауып тастайды, содан кейін төрт найзаны төрт бұрыштап зембіл жасап Мақпалды салып алып (қазіргі Жезқазған мен Қызылорданың шектесетін жеріндегі) Айнакөлге өткізіп, ел жұртты жинайды. Қыздарды ата-аналарына, жылқы, түйені иелеріне табыс етіп, қалың елдің алғысына бөле- иеді. Бірақ Сегіз серінің сүйген қызы ата-анасымен, аға-жеңгесімен, ағайын-туғанымен, ел - жұртымен арыздасып сол арада қайтыс болады. Мақпалдың денесі Айнакөлдің дөңіне жерленеді.

Сегіз серінің осы «Мақпал» әніне байланысты мынадай шындықты да айта кеткен абзал. Өткендегі композиторлардың бір-бірінен үйренуі, бірінің жақсы әніне екіншісінің еліктеуі деген дәстүрдің болғанын білеміз. Мәселен, Мақпал атты қыз есімі осы Сегіз серіден үлгі алған кейінгі Біржан сал, Ақан сері, Үкілі ЬІбырай тіпті берідегі Әсет әндерінде де кездеседі. Сегіз серінің Мақпалы Бағаналы Найман ішіндегі Бақтияр бидің қызы болса, Ақанның Мақпалы да найманның Қырықбес деген әлді - ауқатты адамының қызы. Ал Біржан мен Ақанның Мақпалы Шұға және Мақпал атты апалы - сіңлілі екі қызының кішісі екен. Тек Ыбырайдың ынтығы қай елден, кімнің қызы екені белгісіз. Оның «Сүйгенім» әнінде Мақпал қызға қосыла алмаған Ыбырайдың арманы айтылады.

Бұл жерде елді, қазіргі ән зерттеушілерді, ән сүюші қауымды жаңылыстырмай өмірде болған шындықты айтуымыз керек. Ақан мен Ыбырайдың «Мақпалы» өздерінен бұрын өткен талантты әнші, талантты композитор Сегіз серіге еліктеуден, оның сөз қолданысын пайдаланудан шыққан ән екені белгілі. Мәселен, Сегіз сері:

Біз келіп ауылыңызға бастық;адам,
Ұлықтан қуғын көріп көңілім алаң.
Мақпалжан, шыныменен уағада етсең
Кетуге алып қашып келеді шамам,—

десе, Ақан:

Біз шығып елден бері бастық қадам,
Сипатың хатқа сыймас айтса адам.
Ей, қалқа, мұнша неге зарланасың,
Елге алып кетпес пе едім келсе шамам,—

дейді. Сондай-ақ Сегіз сері:

Ащыкөл, Телікөлге салдым салық,
Артымда қапаланам елім қалып,—

десе, үкілі Ыбырай:

Біраз күн Дәнежінге салдың салық
Артымда зарланамын Мақпал қалып,—

деп толғанады.

Ал Сегіздің «Гауһартас», «Ғайни» атты әндерін кейбір ән зерттеушілеріміз Жарылқапберді Жұмабайұлына (1852—1912 ж. ж.) апарып теліп жүр. Шындығында, бұл әндерді де Сегіз сері шығарған. Оны біріншіден, 1838 жылы Сегіз сері туралы қарабалық қыпшақ Өске Тасеменұлы (1813—1902) ақын шығарған «Мақпал — Сегіз» атты дастаннан кездестіреміз. Онда осы әндердің Сегіз серінікі екені айдан анық айтылған.

Баласы ем Тасеменнің атым Өске,
Сегіздей кемеңгерді алдым еске.
Ер Сегіз бен Мақпалдың уақиғасын,
Қисса етіп баяндайын осы кеште,—
Сегіздің Мақпалменен жылы барыс,
Арасы елдерінің өте алыс.
Омбыдан іздеп келіп Сегіз сері,
Мақпалмен Сыр бойында болған таныс.
Өнері ер Сегіздің елден асты,
Баурады өлеңімен өңкей жасты.
Мақпалға ғашықтығын білдірмек боп,
Шығарды ән патшасы — «Гауһартасты».
Сегіздің кереметтей өзі сәнді,
Ақындыққа баулыған сөзі мәнді.
Тағы да ғашықтығын жария етіп,
Шығарды «Мақпал» атты әсем әнді.

Өске ақын әлгі «Мақпал — Сегіз» дастанының енді бір жерінде:

Қол шықты Ақбұлақтан түзеп сәнін,
Жігіттер түсінеді жырдың мәнін.
Соңынан ерген ғәскер өтінген соң,—
Шығарады Сегіз сері «Қалқаш» әнін,—

деп толғанады. Міне, Сегіз серінің атақты үш әннің де қалай шыққан тарихы өткен заманның өзінде осылайша жырланған.

«Мақпал — Сегізді» кезінде Жанкісі Бөрібайұлы жырау да жырлаған. Қазақ ССР Ғылым академиясына Мәди Болатов жинап тапсырған бағаналы найман шежіресінде бұл Жанкісіні Шешен Жанкісі, шайыр Жанкісі, молда Жанкісі» деп те атайды. Осы деректе оның «Мақпал — Сегіз» дастанын жазып шығарған жырау екені де айтылады. «Мақпал — Сегіз» дастанының осы Жанкісі шығарған вариантынан басқа елге тараған жиырма екі варианты бар екені белгілі. «Мақпал — Сегізді» кезінде Өске Тасеменұлынан басқа Базар, Нұрым, Арыстанбай, Орынбай, Біржан сал, Шынияз, Жаманқұл секілді ақын-жыраулар да жырлаған. Базар жырау Оңдасынұлының (1841 —1911) «Мақпал — Сегіз» дастанында да Мақпал қыз бен Сегіз серінің бір-біріне ғашықтығы тамаша тілмен жырланады.

Сүлеймен су аяғы Көкше теңіз,
Өсімтал байдың малы туады егіз.
Әлеумет құлақ салып тыңдасаңыз,
Өтіпті ғашықтықпен Мақпал — Сегіз.
Басталар қысқы аяз ақпанменен,
Сонарда түлкі аулайды қақпанменен.
Сал Сегіз Мәжнүндей бопты ғашық,
Бір қызды Ләйлі көріп Мақпал деген.

Сегіз серінің жоғарыда өзіміз сөз еткен «Гауһартас», «Ғайни» әндерінің шығу тарихын түйіндеп айтсақ, Қазақ ССР Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институты басып шығарған (1977—1981 ж. ж.) төрт томдық «Қазақ ауыз әдебиетінің жалпы - ғылыми сипаттамасында» осы әндердің Сегіз серінікі екені даусыз делінген. Бұл кітапта 1852 жылы Жаяу Мұса Байжанұлы Сегіз серінің өзінен үйреніп «Гауһартас», «Ғайни» әндерін Кереку, Баян төңірегіне таратқан. Кейіннен 1869—70 жылдары Жаяу Мұсадан оның шәкірті — аталас інісі Жарылқапберді Жұмабай ұлы үйренген,— деп жазылған. Жаяу Мұса Байжанұлының (1835—29 ж. ж.) өзі де ұстазы Сегіз серіге арнап 1855 — қоян жылы «Ер Сегіз» атты 93 шумақ толғау шығарған. Онда мынадай жолдар бар.

Екі жыл Ер Сегізге шәкірт болдым,
Саналып ең кішісі қалың қолдың.
Сегізге барар шақта біліп едім,—
Өнерге ашыларын даңғыл жолдың.
Үйреніп Ер Сегізден «Гауһартасты
Мен - дағы әнге ұйыттым кәрі-жасты.
Шығарып «Гауһартастай» ән биігін,—
Сегіздің басқа ақыннан аруағы асты.
Саятшы әкем Байжан Мұса атым.
Жыр еттім өнерпаздың хикаятын.
Ішінде Малғозының мен Толыбай,
Арғында Сүйіндіктен — арғы затым.

«Ғайни» әні шындығында 1834—35 жылдары шыққан. Ғайни (шын аты Ғайнижамал) Кіші жүздің он екі аға Байұлына жататын ысық Қалдыбай Қосаяқұлы батырдың бой жетіп отырған қызы екен. «Ғайни» әнін Сегіз сері осы қызға арнап шығарған. Қалдыбай Қосаяқұлы Исатай — Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің белгілі мың басы батыры. Ол 1837 жылғы шайқаста мерт болады. Қалдыбай баласы Қабыланбай да Махамбеттің атақты сарбаздарының бірі, алып палуан болған. Қабыланбай 1837 жылғы Тастөбе шайқасында қолға түскен. Әскери сот Қабыланбайды бес жүз солдатқа үш реттен дүре соққызып, одан соң Сібірге каторгіге айдаған. Одан босанып келіп, 1847— жылдың наурыз айында Баймағамбет сұлтанды Елек өзенінен қайықпен өтіп бара жатқанда атып өлтірген деген ел аузындағы сөз шындыққа саяды.

***

Сегіз сері сүйген қызын жерлеп Мақпал сұлудың елімен қоштасқалы жатқанда, артынан хабаршы келеді. Ертай Бекұлы деген жігіт Исатай мен Махамбеттің жолдаған сәлем хатын табыс етеді. Батыр хабарды алған соң, жолға қамданып үшінші күні Ойыл - Қиылға аттанады. Бірнеше күн жол жүріп, межелі жерге жақындағанда, Кіші жүздің қалың көшіне тап болады. Көш басшыларынан Исатайдың қоршауда қалып, ұрыста ерлікпен қаза тапқанын, Махамбеттің сарбаздарға жетіп үлгермегенін, патша әскерінің бейбіт ауылдарға шабуылын тоқтатпағанын есітеді. Сегіз Исатайдың өліміне арнаған «Өкініш» атты өлеңін осы жолы шығарады. Сол ұзақ өлеңнен бір-екі үзінді келтірелік.

Өтті деп Ер Исатай естігенде,
Қолымда болат қанжар шарт үзіліп,
Шешілді кермедегі арғымағым,
Айырылып Исатайдай асыл ерден,
Кетті ғой судан таза, сүттен ағым сұлтан.
Кетіпті қалың ғаскер бәрі тарап,
Ақбұлақ қаптай қонған екі жағын.
Сұмырай Қайыпқали сірә да оңбай,
Тұлпардың адастырған құлыншағын.
Айырылып Исатайдай көсеміңнен,
Бұзылды қазақ сенің ынтымағың.
Үмітің үзілді ғой қайран халқым,
Жалп етіп сөнгеннен соң шамшырағың.
Қазақ пен ноғай бағы едің,
Ортада жанған шам едің.
Аламанға жел беріп,
Жаңа бір атқан таң едің...

Бұған қоса Сегіз сері Исатайға арнап үлкен жоқтау өлең де шығарады.

Өзіңменен кездесіп,
Қылыш сүйіп серттесіп.
Көптің мұңын жоқтаған,
Ер жігітке жөн десіп.
Ғұмырлық деп дос болған,
Мейманға көңіл хош болған.
Хан, патшаға өш болған,
Шонжарлармен қас болған.
Жарлыларға бас болған,
Ғаріптің халін көргенде.
Шерлі болып жүрегі,
Ер көңілі аш болған —
Кіші жүз Алшын ішінде,
Он екі ата Байұлы, Жайық
Беріш баласы, Бұқара қазақ ағасы.
Басқадан артық бағасы,
Исатайдай батырды,
Мен Сегіз бүгін жоқтадым.
Исатайды жырлауға,
Әдейілеп тоқтадым.
Орай да орай оқ атқан,
Алды-артына тең атқан.
Қырлары өткір жебені,
Үсті-үстіне боратқан.
Желігіп келген жауларды,
Жерге сүйтіп қаратқан.
Хан баласын жылатқан,
Жендеттерді сұлатқан.
Дұшпанның туын құлатқан,
Исатай мен Махамбет,
Мұңлыларды жұбатқан,
Кедейлерді қуантқан.
Бұқара көппен дос болып,
Хан, патшамен өш болып,
Әкімдерді жайратқан.
Хан отырған ауылға
Сарбаздарын ертіп кеп,
Тал түсте атын ойнатқан,
Офицерін патшаның,
Ұстап алып байлатқан.
Мылтық пенен садақты, -
Өзі жөндеп, өзі атқан.
Бас бармақтай бөдене,
Басынан байлап, көзге атқан.
Азулы аңнан бөрі атқан.
Аю мен қабан жолықса,
Сойылмен ұрып сұлатқан.
Бүркітке қасқыр алдырған,
Тазылары бөрі алып,
Көп елді таң қалдырған,
Қара арғымақ қатырған,
Қара лашын ұшырған,
Жігітке сұлу құштырған,
Сұлтандарды жаулаған,
Момынның малын даулаған.
Қамысты жерге барғанда,
Жолбарыс, қабылан аулаған.
Алдына жауын шақыртқан,
Жүгенсіз кеткен ұлықты
Дүреге жығып бақыртқан.
Еділ - Жайық арасын,
Өз еркінше жайлаған,
Ішіп қымыз, шұбатты,
Қазы-қарта шайнаған.
Қаз мойын жылқы айдаған,
Жапанда жортқан құланның
Асауын ұстап байлаған.
Арыстан, барыс аңдарың,
Исаекеме жолықса,
Оп-оңай-ақ жайраған.
Ұлықпен, ханмен дауласса,
Халқының қамын ойлаған.
Көсем болып, үлгі айтып,
Қияға терең бойлаған.
Басшы болып сарбазға,
Қол алдында жайнаған.
Тұлпар мініп астына,
Сауыт киіп үстіне,
Қару-жарақ асынып,
Беліне семсер байлаған.
Қазақы ерді жастанған,
Қарт батырдай қасқарған,
Қалың әскер басқарған,
Ақтабандай тұлпарды,
Баптап мініп, көп жортқан,
Көк бөрідей түн қатқан,
Санап жұлдыз батырған,
Ұйықтамай таңды атырған.
Патша әкімі жылқысын,
Көсегелі жерлерден,
Көсте айдап қудырған,
Құлынын жолда тудырған,
Шыңғыртып асау сойдырған,
Жылқы мен түйе етіне
Аш-арықты тойдырған.
Ала болса ағайын,
Араздығын қойдырған.
Асылдан шыққан болатым,
Қарадан шыққан бекзатым.
Жорықта жойқын озатым,
Исаеке, сізден айрылып,
Талды менің қанатым!
Ұңғысынан үзілді,
Қайраған өткір болатын.
«Қазақ, башқұрт, татар»,— деп,
Елді жікке бөлмедің,
«Мынау төре, қара»,— деп,
«Мынау мырза, жарлы»,— деп,
«Мынау жақсы, жаман»,— деп,
«Мынау әлді, әлсіз»,— деп,
Көпті алалап көрмедің.
Соншалық әділ болсаң да,
Жұрт көсемі Исаекем,
Ұзақ дәурен сүрмедің.
Елуге де келмедің,
Қатты батты халқыңа,
Жау қолынан өлгенің,
Хабарсыз қалып әскерің,
Еркін түрде шайқаспай,
Қырық жетіге келгенде.
Барлауға барған кезіңде
Тосыннан жауға жолығып,
Аз ғана топтан жырылып,
Тұлпарыңа оң тиіп,
Қоршауда қалып ақыры,
Жеке өзің жаяулап,
Дұшпанмен жалғыз ұрысып,
Қапыда қаза тапқаның,
Әскеріңе өте алмай,
Дегеніңе жете алмай,
Қоршаудан шығып кете алмай,
Қылышқа сансыз туралып,
Ардагер батыр Исаекем,
Ішіңде кетті-ау арманың!

«Сегіз серінің Исатайды жоқтауы» деп аталатын осы елеңді ел аузынан жинаған павлодарлық Елеуке Қалданов. Ол бұл жоқтау өлеңді қазіргі Қорған облысының Макушин ауданындағы Кребен селосының тұрғыны әнші - музыкант, шежіреші ақсақал Мырзай Тұяқовтан (1872—1955) жазып алған. Бұл өлең Сегіз серінің басқа өлең-жырларымен қоса М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының текстология және қолжазба бөлімінде сақтаулы.

Сегіз сері осы жолы Ақбұлақ өзенімен қоштасып өзінің атақты «Ақбұлақ» әнін шығарады. Үлкен шабытпен, туған жер — ата мекенге деген ыстық ықыласпен жазылған отыз шумақ өлең шалқып төгіліп, асып-тасып жатқан өзендей әсер қалдырады. «Ақбұлақтың» биік шырқалатын әсем әуені мен өлең мазмұны әдемі қауышқан. Бұл әнді Біржан салдан Әздембай сал, одан Ақан сері, Ақан серіден Біржан Берденов (1889—1917) 1916 жылы «Прием» поэмасын жазған ақын) үйренеді. Берденовтен жоғарыда айтылған Қалиев Әпен ақсақал үйреніп, елге таратады. Екінші орындаушы Әлібаев Игібай (бұл да халық ақыны) Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында 1978 жылы қайтыс болды. Үшінші орындаушы Хасенов Темірғали. Әлібаев пен Хасенов екеуі де бұл әнді Үкілі Ыбырайдан үйренген екен. Төменде Сегіз серінің «Ақбұлақ» өлеңін толық күйінде беріп отырмыз.

Жендетке кетпесе де ешбір кегім,
Дұшпанның сындырсам да сағын, белін.
Айрылып қапияда Мақпал қыздан,
Көбейді ішімдегі қайғы-шерім.
Үш жүзге атым шыққан Сегіз сері,
Атандым он жетімде ердің ері.
«Ер Сегіз ел қорғаған батыры еді»,— деп,
Үш жүздің ардақтады тамам елі.
Күнде ойын, күнде жиын жүрген жері,
Жігіттің тұсындағы асқар белі.
Жетім-жесір, момынның қамқоры деп,
Ел айтар, Сегіз — керей ардагері.
Осындай даңққа ілініп жүргенменен,
Көп қазақ қадірімді білгенменен.
Айрылып Исатайдай асыл ерден,—
Мен Сегіз соңғы аптада қайғы жегем.
Ән салып жағасында сан күй шерткем,
Үш қыстай тоғайында мекен еткем.
Сүйікті өзен болған Ақбұлақты,—
Қалайша жырға қоспай үнсіз кетем.
Тірілмесін Исатайдың көрді көзім,
Жастықта жалындаған бұл бір кезім.
Қоштасып Ақбұлақпен әнге шырқап,
Қия алмай менің мынау айтар сөзім.
Таудан төмен құлдилай,
Ойпаң жермен ылдилай
Тәулік сайын бір тынбай,
Тау-тас кезген Ақбұлақ.
Бейне таудың суындай
Сылдырап аққан Ақбұлақ,
Жылжымалы сынаптай
Ағының қатты Ақбұлақ.
Жүктей тасты ағызған
Екпінің қатты Ақбұлақ.
Құмар болып суыңа,
Мекен еттім өзіңді
Үш қыс бойы Ақбұлақ.
Күйге бөлеп маңайды
Асып-тасып жатасың.
Меруерт пен маржанды,
Басып ағып жатасың.
Көрігіндей ұстаның,
Гүріл қағып жатасың.
Алқара көк аспанға,
Шашу шашып жатасың.
Өз-өзіңнен ән салып,
Думанға ылғи басасың.
Өзіңнен кәусар су ішкен,
Елдің алдың батасын.
Исатай мен Махамбет,
Сауыт киіп сайланып,
Беліне семсер байланып,
Қару-жарақ, асынып,
Тұлпарын сенен суарған.
Жер қайысқан қол ертіп,
Сенің жасыл жағаңда,
Қызылды, көкшіл ту алған.
Кіші жүздің елінде
Талай сұлу бұралған,
Әрдайым келіп жағаңа
Өзіңнен шәрбат су алған.
Жан-жануар сусаса,
Балқашыңда салқындап,
Суыңды ішіп нәр алған.
Айналайын Ақбұлақ,
Айнала жортып жағаңда,
Сенен артық өзенді,
Кіші жүзден табам ба?!
Арудай әсем еркелеп,
Мың бұралған Ақбұлақ,
Атырауға ынтық боп,
Сан сыланған Ақбұлақ,
Сенсіз жерде көңілім,
Ашылмайды Ақбұлақ,
Саған деген құмарым
Басылмайды Ақбұлақ.
Өлкеңде өскен азамат,
Жасымайды - ау Ақбұлақ.
Балығымен күн көрсе ел,
Ашықпайды - ау, Ақбұлақ.
Алабыңда тұрған жұрт
Жұтамайды - ау, Ақбұлақ.
Суыңда жүзген жігіттер
Жалықпайды - ау, Ақбұлақ.
Жағалап сені жүрген ер
Тарықпайды - ау, Ақбұлақ.
Сені көрген бар пенде
Торықпайды - ау, Ақбұлақ.
Бес жүз сарбаз бастап кеп,
Нияз сері екеуміз,
Жағаңа келіп су алғам.
Бозшұбар мен Күреңді,
Сенен талай суарғам.
Балқашыңда түнегем,
Бозшұбар мен Күреңді,
Шідерлеп қойып жібергем.
Қашқын болып жүрсек те,
Жаттықтырып жасақты
Шығып едік құмардан,
Бес жүз отыз сері ертіп,
Сауыт киіп сайланып,
Беліме семсер байланып,
Қару-жарақ асынып,
Баптап мініп Шұбарды,
Қол басқарып жағаңда
Желбіретіп ту алғам.
Алқабыңда сан жортып,
Майданда талай сыналғам.
Айналайын Ақбұлақ,
Суатыңа мен келіп
Қос тұлпарды суарғам
Қош, есен бол, Ақбұлақ,
Енді сені көре алман.
Қайта айналып келе алман,
Айнала жортып жағаңда,
Баяғыдай жүре алман.

Қазақ елінің ән-күй өнерін көп зерттеген А. В. Затаевич өзінің «Қазақ халқының 1000 әні» атты еңбегінде «Ақбұлақ» әнін нотаға түсіріп, оған халық әні деп сипаттама берген. Ол осы жинағында бұл әнді 1920 жылдары Қостанай губерниясының әнші - қазағы Ешмұқамбет Темірбаевтан жазып алғанын айтады.

Әнші Ыбырай Сандыбайұлы «Ақбұлақ» әнін кезінде Біржан салдан үйренгенін жоғарыда айттық. Ал Біржан сал Сегіз сері мен Нияз серіні өзінің ұстазы санаған. Мұны Біржан салдың өзі 1897 жылы тамыз айының орта кезінде қайтыс болар алдында Ашамайлы керейлерге жолдаған сәлемінде өлеңмен айтып, былай дейді:

Жалғанда мұратына кімдер жеткен,
Көп жақсы бізден бұрын өтіп кеткен.
Адамның асылдары сондай болар,
Дүниеден Сегіз сері, Нияз да өткен.
Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері,
Солардан үлгі алған мен, Біржан сері,
Жетпіс үш мүшеліме толғанымда,
Дүние теріс айналып кетті кері.
Біржан ем, жиын-тойда жамбы атқан,
Қасына ерткен жолдас жақын - жаттан.
Қырғыз, башқұрт, қазақты түгел шарлап,
Соңғы үіи ай күйім мынау менің жатқан.
Сегіздей асыл адам жаралмайды,
Халқына болып өткен тым жағдайлы.
Керейден жүз мың әйел ұл тапса да,
Ешбірі Сегіз сері бола алмайды.

Сегіз сері Ақбұлақтан аттанған соң Сыр бойына бет түзеп, Кіші жүз Алты шекті елінің батыры — Жанғожа Нұрмұхамедұлының (1779—1861) ауылына ат басын тірейді. Келсе, Жанғожаның кіші шешесінен туған кенже қарындасы Қарлығаш сұлудың ұзатылу тойы болып жатыр екен. Той үстінде қыздың өтінуі бойынша, Сегіз сері «Қарғаш» әнін осы Қарлығашқа арнап шығарады. Ал жоғарыда айтқан «Жылой» әнін Кіші жүз Ноғайлы руынан шыққан Бақытжамал Кенжебай қызына шығарған. «Жылой» әнінің сөзі де бұзылып айтылып жүр, оның дұрысы былай:

Түз төбе таң қаларсың тұзын көрсең,
Жылойдың шаттанарсың қызын көрсең.
Жорғаңнан түссең қайтып міне алмассың,—
Жамалдың суға барған ізін көрсең.
Оңаша сөйлесуге. емін-еркін,
Жігітті итермелер жастық шіркін!
Жылойға ат терлетіп келгеніңде,
Жамалдан жұпар аңқыр дүркін-дүркін.
Арғымақ, жібек жалды адайда бар,
Ақша жүз жазық маңдай ноғайда бар.
Кез келген қыздың бәрі көркем емес,—
Жамал қыз ботакөзді Жылойда бар.

Сегіз сері әнші, ақын, композитор болуымен бірге, қобызшы, сыбызғышы әрі домбырашы да болған дедік. Шығарған әнін осы аспаптармен өзі орындап, ел арасына таратқан.

Әйгілі болды жұртқа өнеріміз, Артып жүр жас болсақ та беделіміз. Жанкүйер дос-жараным көп болған соң, Жайылды елден - елге өлеңіміз...

Сегіз сері бірнеше қисса - дастан, жүздеген өлең, ән, күй шығарса, оның Жанқиса, Шынияз, Өске, Орынбай, Көшен, Арыстанбай, Шөже сияқты замандас ақындары, Біржан сал, Шәрке сал, Өтеулі, Байеке, Нұркей, Мергенбай, Көрпе, Тоғжан сияқты шәкірт ақындары ол туралы «Мақпал — Сегіз» атты (жиырма вариантты) ғашықтық дастан жырлаған. Бұлардан кейін «Мақпал — Сегіз» оқиғасын Кіші жүз Балқы Базар Оңдасынұлы жырау және Нұрым ақын жырлады. Сөйтіп, «Мақпал — Сегіз» оқиғасын жиырма үш ақын жырлағандықтан, бұл дастанның сонша варианты болған. Бұл арада мынаны айтуымыз керек. Алғашқы жырланған «Мақпал — Сегіздің» оқиғасы шындыққа сәйкес келеді. Себебі, ол ақындар Сегізді көзбен көрген замандас адамдар. Ал дастанның соңғы екі варианты ел аузындағы аңызға құрылған, себебі Базар да, Нұрым да Сегізді көрмеген. Сонда да олар ел аузындағы аңыз-әңгімеге сүйеніп отырып, үлкен машықпен, шындыққа сәйкес етіп суреттеп жазған.

Жоғарыда аталған жиырма бір ақынның бәрі де Сегізбен үзеңгілес боп, той-думанда ел аралап, ән айтып бірге жүргенін шежіре - деректер айқын дәлелдейді. Сегіз сері соның бәріне де топ жарма талантымен, ақындық, әншілік өнерімен үлгі көрсеткен. Мәселен, Шөже ақынға зағип адам деп, Сегіз ат бәйгесі, балуан, мергендік бәйгесінен түскен олжасынан үлес беріп, көмектесіп жүреді екен. (Сегіздің балуандығы, мергендігі, шешендігі өз алдына мәселе). Елді шағыстыруды әдет қып үйренген Бағаналы найман Сандыбайдың Ердені мен Қоңырқұлжа төре Құдаймендеұлы бір жолы Шөжені Сегізге айдап салады. Бір той үстінде ол дағдысынша Шөжеге жасы үлкен деп сәлем береді. Сонда Шөже сәлемін алмай:

Дегенде ағы - дағы, ағы - дағы,
Шөженің тақылдайды тіл мен жағы.
Керейдің Серісінен жеңілмеске,
Әкемнің көтере гөр әруағы,—

дейді. Сонда Сегіз сері:

Сөйлейтін сенің сөзің ағы - дағы,
Сендейдің тақылдайды тіл мен жағы.
Әкең Қаржау — бура жаныштап апанда өлген,
Қайдан көтерсін әкеңнің аруағы»,—

деп оны жеңеді. Кейін Сегізден кешірім сұрап, өз қатесін түсінген Шөже онымен достасып кеткен дейді.

Жаңбыршы беріш Шынияз ақын Жұбатұлы (1816—1889) Еділдің саласы Тептер өзені бойындағы Исатай ордасында Сегіз серімен кездесіп, танысады. Шынияздың өзі керемет әнші екен. Сегіз серінің батыр тұлғасына сүйсінген ол бірден әнге басады.

Майданда даңқың шыққан батыр құрбым,
Жырымен топты жарған ақын құрбым.
Найза ұстап елім үшін атқа міндім,—
Не насихат айтасың маған, құрбым,—

дейді. Сонда Сегіз сері:

Сөйлейтін бір кісідей сөзің де бар,
Шамшырақ көретұғын көзің де бар.
Не насихат айтайын, Шыниязым,—
Насихаттың барлығы өзіңде бар,—

деп, Шынияздың қолын алып серттескен екен.

Бірде Сегіз сері мен Нияз сері қастарында Шынияз ақын бар, ерген көп қолымен Қалдыбай Қосаяқұлының аулындағы патша абақтысынан қашып келген Исатай, Махамбет көтерілісінің мыңбасы, атақты сарбаз Үбі Усаұлына іздеп барыпты. Сегіз сері өзінен жеті жас үлкен Үбі батырға өлеңмен сәлем береді:

Ассалаумағалайкум, Үбі сабаз,
Келдің бе аман-есен жігіт шаһыбаз.
Оралдың асу-асу белін басып,
Дәм - тұзы елдің тартып, ей, өнерпаз.
Үбі, аман келдің бе, көздің нұры,
Сен келген соң ашылды көңіл кірі.
Алладан достық үшін тілеуші едім,—
Қолда деп ер Үбінің кәміл пірі.
Батырым, құтты болсын қадамыңыз,
Қайырлы болсын келген талабыңыз.
«Сардар кеп, қашан бізді басқарар»,— деп,
Еліңде күтіп отыр адамыңыз.
Түсіп ең абайсызда құрған торға,
Құлатпақ боп жүргенде жаулар орға.
Айдалып ит жеккенге барып қайттың,
Тұтылып қапияда қанды қолға.
Ұстаған хан, патшаның жендеттері,
Бұғаулап аяқ-қолды кісендеді.
«Үбідей алып ерлер қашпасын»,— деп,
Абақты терезесін темірледі.
Соны да көзбен кәрдің Үбі батыр,
Кек деген ішіңізде қайнап жатыр.
«Жарлыға теңдік күнді әперем»,— деп,
Кезінде ғаскер жинап, тіктің шатыр.
Пісіріп кеудеңізде ерлік нанын,
Қол бастап бұқараға ашып жаның.
Лақтырып шыжым найза, дәлдеп қадап,
Жаулардың шаштың талай арам қанын.
Шығарып денеңізден ерлік буын,
Көтеріп азаттықтың жасыл туын.
Қоршауға ап қан майданда тұтқын етіп,
Шыңғырттың ұшықтардың сұм мен қуын.
Сөзіңді тыңдап еді халқың ұйып,
Сол шақта сардар болдың жасаң жиып,
Шамаңша жауға қарсы майдан ашып,
Алыстың жендеттердің мойнын қиып.
Ерлігің аңыз болып ел көшкендей,
Екпінің қатты бопты жел ескендей.
Бұйрығың сарбазға айтқан екі болмай,
Еріпті соңыңа қол әу дескендей.
Шырмалған кемеңгер көп құрған торға,
Болса да нелер жүйрік, шешен жорға.
Өзіңдей асыл ерлер қарсы тұрды,
Халықты зар жылатқан күші зорға.
Қарсы боп патша ағзамға он жетіде,
Қол бастап Сарытауға қонып едің.
Кіші жүз он екі ата Байұлыда,
Ноғайға старшина болып едің.
Ел еріп, кемеліңе толып едің.
Алдағы болар істі шолып едің.
Халқыңның келешегін жастай ойлап,
Арманның мұхитына шомып едің.
Жөн айтып өсекшінің тілін тыйдың,
Дұшпанның ел шабатын мойнын қыйдың.
«Сары бала, қара қазан қамы үшін»,— деп,
Күреске белді буып, сарбаз жыйдың.
Алынып қолдан кісен, темір бұғау,
Еліңе келдің, міне, енді есен-сау,
Тосқауыл бақытқа жасамаққа,
Ұмтылар әлі - дағы аңдыған жау.
Солардан ардагерім сақтанғайсың,
Абайлап алды-артыңды байқағайсың.
Іріктеп ең сенімді серік ертіп,
Дұшпаннан кек алуға аттанғайсың.
Басташы күресуге елдің ерін,
Тарқатшы жарлылардың қайғы - шерін.
Батырым, жорықтарың сәтті болып,
Әрдайым думан болсын жүрген жерің.
Қарсы алар Кіші жүздей еліңіз бар,
Арыстан, Жанғожадай беліңіз бар.
Батырым, басшы болсаң аламанға
Қостайтын толып жатқан еріңіз бар.
Есет пен Асанбектей бабаңыз бар,
Исатай — Махамбеттей ағаңыз бар.
Қысылсақ қолдың ұшын беретұғын,
Алшында Байұлындай панаңыз бар.
Басқарар бұқараны шамаңыз бар,
Хан, патша пұлы жетпес бағаңыз бар.
Ту ұстап, тұлпар мініп, жауға шапсаң,
Еретін Ысық, Шайхы  Танаңыз бар.
Ер Үбі қатарыңның данасысың,
Ақ сауыт, алтын тонның жағасысың.
Кешегі Ер Сырымға сардар болған,
Усадай баһадүрдің баласысың.
Дұшпанға өз тұсында бой бермеген,
Қазаққа хан баласын тең көрмеген.
Сырымның дауылдатқан жорығында,
Бабаңыз ту ұстаған Ер Төлеген.
Ер Үбі бір емес пе, біздің мақсат,
Бізге жоқ хан, патшадан енді жақсы ат.
Белгісі шын достықтың көрінер еді,
Қол бастап, тізе қосып, жауды шапсақ.
Енді біз дос болайық қияметтік,
Өзіңді кездесер деп үміт еттік.
Тап бүгін сәті түсіп жолықтық біз,
Мақсатқа ойлап жүрген ақыр жеттік.
Мен келген Орта жүзден едім сері,
Біздерге сарбаз болды елдің ері.
Өзіңді дос тұтушы атым Сегіз,
Мінгенім түрікпеннің қаракері.

Содан Үбі Сегіз серінің қолын алып, екеуі серттесіп дос болады.

Сондай-ақ Жәңгірхан, Баймағамбет сұлтан, Шыман төре, Егіз, Балқы, Шомбал, Биғана, Қаракөбен, Қарауылқожа сияқты елді қанаушы шонжар - билердің, оларды қолдап -қорғаушы патша өкіметінің отаршыл әкімдерінің жауыздығын Сегіз өз өлеңінде батыл әшкерелейді.

Бөкейдің хан баласы Жәңгір төре,
Жылатқан Кіші жүзді әңгі төре.
Сарайдан бәйге аттарын алғанымда,
Ордадан шыға алмады - ау мәңгі төре.
Ішінде көп жылқының өскен бұла,
Астымда ойнақтайды Жәңгір құла...

деген жолдар Сегіздің ер жүрек, қол бастайтын батыр болғанын дәлелдейді. Ол ел аралап салдық, серілік құра жүріп Исатай, Махамбеттің ерлігін паш етеді, ақындық өнерін халық көтерілісі жолына бағыттайды. Қазақ батырларын Сырым Датұлы сияқты көтеріліс көсемі болуға үндейді, халықты екі жақты қанауға қарсы күреске шақырады.

Көрген соң залымдардың алапатын,
Ұлықтың тартып міндім тұлпар атын.
Жетім-жесір, момынды қорғау үшін,
Жұмсалды бойымдағы күш-қуатым.
Дұшпаннан елдің малын жүрдім қорып,
Ауылын хан-сұлтанның тағы торып.
Шеңгелін қалайыққа батырды - ау депті,
Жасадым Қоқан жаққа батыл жорық.
Ту ұстап ертіп жүрдім қалың қолды,
Әділет жорығында жолым болды.
Үш жүзге Сегіз сері атансам да,
Елді ойлап жас жүрегім шерге толды.
Болған соң қырсық шалған заманымыз,
Қалайша босқа езіліп жүре аламыз.
Жем болып ел қанағыш залымдарға.
Қашанғы қорлығына көне аламыз?!.
Итшілеп жүргенменен ештеңе өнбес,
Жастық шақ, тіршілікте екі келмес.
Кезінде елдің қамын ойламасаң,
Ешкім де сені қолдап көмек бермес.
Мұң-зарын жарлылардың тыңдамаса,
Кедейдің жағдайына көз салмаса,
Ұлықтың менменсіген керегі жоқ,
Есіркеп кем-кетікке қарамаса.
Татарда құрдасым бар Маржандай,
Қолына оның да жүр билік тимей.
Сабаздың шалқақтайтын заманы жоқ,
Сонда да ұлыққа жүр басын имей.
Айдос би қарақалпақта досым еді,
Жаз болса тіккен шатыр қосым еді.
Жорықтан шаршап келсем, ой сергітер,
Ән мен күй көңілімнің қошы еді.

Бұл өлең-жырдан халықтар достығының, туыстығының жылы лебі есіп тұрғандай.

Сегіз сері 1845 жылы сүйіндік арғын еліне барған бір сапарында сол елдегі Сәтпай Шөтікұлы есімді жас мырзаның әйелі жаңадан босанып, ұл табады. Сол ұлына Сәтпай қырқына дейін ат қоймаған екен. Баланың қырқынан шығар тойына Сегіз сері шықырылып, одан балаға ат қойып бата беруді өтінеді. Сәтпайдың тілегін қабыл алған Сегіз сері балаға Иманжан деп ат қойып, «Бұл баланы еркелетсеңдер, Имантай деп атарсыңдар» — деп балаға былай бата береді.

Әнет бидей еліңнің ағасы бол,
Халқыңның Қазыбектей данасы бол.
Жер, суды жау қалмақтан қорғап қалған,
Бөгенбайдай жұртыңның панасы бол.
Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол,
Тоқсан бидей Үш жүздің шешені бол.
Керейде Белгібайдай білекті бол,
Беріште Исатайдай жүректі бол.
Әйтеке, Төле бидей ақылды бол,
Махамбеттей еліңнің ақыны бол.
Тұрсынбайдай халқыңның батыры бол,
Бекентайдай сәтті істе мақұлды бол.
Тілен бидей тұлғалы, сүйекті бол,
Керейде Тұрлыбектей тіректі бол.
Байдалыдай әр істе керекті бол,
Тәтәйдей мінсіз, әсем ретті бол.
Арғында Аққошқардай дәулетті бол,
Керейде Итікедей сәулетті бол,
Қыпшақта Балқожадай бақытты бол,
Әз Тәукедей әрдайым тақытты бол.

Керейде Киікбайдай баталы бол.
Өз туысың Шоң бидей аталы бол.
Қожаберген бабадай киелі бол,
Керейде Есенейдей биелі бол.
Әлімде Арыстандай сүбелі бол,
Шөңке мен Итемірдей түйелі бол.
Өз атаң Едігедей беделді бол,
Марал мен Қойлыбайдай өнерлі бол.
Ақылға Алшынбайдай кемелді бол,
Керейде Тіленші бидей аруақты бол,
Толыбай сыншы секілді ардақты бол,
Бұхар мен Үмбетейдей дарынды бол.
Жабай мен Жасынбайдай қарулы бол,
Ерсары мен Асқаптай азулы бол.
Тобықты Құнанбайдай алымды бол,
Есет пен Бәкенбайдай шалымды бол.
Ескелді мен Балпықтай сабырлы бол,
Жәнібек пен Көшектей қадірлі бол.
Керейде Ақпанбеттей айбатты бол,
Қанжығалы Жантайдай қайратты бол.
Олжабай мен Құрбандай төзімді бол,
Тәтіқара жыраудай сезімді бол.
Малайсары батырдай даңқты бол,
Алдабек пен Айтпайдай шабытты бол.
Аулабайдай атақты намысты бол,
Жұртқа жағып әрқашан дабысты бол.
Тіршілікте әрдайым табысты бол,
Халқыңа қызмет етіп пайдалы бол.
Бапан бидей даулы істе айлалы бол,
Жастарға хат танытар молдасы бол.
Саққұлақтай еліңнің жорғасы бол,
Салғарадай көп жасап жүзге келіп.
Зілғарадай мал-басың өсіп-өніп,
Бақыт құсы қонып басыңа.
Дәулет құс келіп орнасын.
Имантай сені әр уақыт.
Алла, аруақ қолдасын.
Әулие мен әнбие,
Бар пәледен қорғасын.
Өшіккен саған дұшпанның,
Сірә да жолы болмасын,
Әмір-Темір көсемдей көреген бол,
Атымтай, Жомарт сияқты,
Қолы ашық, мырза береген бол!

Сәтпай мырзаның Сегіз сері батырдан бата алған сол баласын өсе келе әке-шешесі Имантай деп атап кетеді. Ол кейіннен қазақтың атақты ғалымы болған Қаныш Сәтпаевтің әкесі Имантай деген кісі екен.

Сегіз серінің 1842 жылы жазда Есеней ордасында бас қосқан Керей — Уақ, Атығай — Қарауыл елінің басшы адамдарының өтініші бойынша шығарған «Ғұмыр» атты термесі де оның шешендігін, тапқырлығын, ойының дәлдігін айқындай түседі.

Ордада мәжіліс құрғап ағаларым,
Ақылгөй ел қамқоры даналарым.
Қазақта үлкен батыр ірі ақын деп,—
Артықтау маған берген бағаларың.
Бас қосып осы отырған жақ сыларым,
«Ер Сегіз ән шырқа» деп қолқаладың.
Ғұмырын адамзаттың жырға қос деп,—
Бәрің де өтініш қып көп сұрадың.
Тілекті сіздер айтқан жек көргем жоқ.
Басымнан ұзақ жасты өткергем жоқ.
Сөзімде жаңсақ болса ұят болар,—
Ғұмырын адамзаттың тексергем жоқ;
Он жаста мен ашып ем жырдың көзін,
Дәл кәзір жиырма беске келген кезім.
Әлеумет осы отырған сөге көрме,—
Егерде олқы шықса өлең сөзім.
Үш жүзге даңқым шыққан Сегіз сері,
Атандым жас шағымнан ердің ері.
Азырақ ғұмыр жайын баяндайын,
Халқымның бас қосқанда жүйріктері.
Мен жүрмін Бозшұбарды баптап мініп,
Білінбей өтіп жатыр уақыт жылжып.
Жастық шақ кәріліктің бәрін байқап,
Шығарам жиырма бір ауыз өлең қылып,
Адамның алғашқы жас бөбек жасы,
Одан соң балбыраған сәби жасы.
От жүрек, балғын білек балдырғанға,—
Түседі көрген жанның ықыласы.
Қояндай бес деген жас орда ойнаған,
Сүймеуіне елдің ерік екі қоймаған.
Гауһардай алуан түсті жалт-жұлт етіп,
Қарасаң дидарына көз тоймаған.
Ылақтай он деген жас ойнақтаған,
Жалаңаш тайға мініп жайдақтаған,
Бір жас бар одан әрі он бес деген,—
Жастық шақ ешнәрсені ойлатпаған.
Жігітке жиырма бес жас жеткен күні,
Бойынан балалықтың кеткен күні.
Жалыны да жиырма жастың басылмаған,-
Жігіттің жақсы болары беп-белгілі.
Бір жас бар отыз деген ойнайтұғын,
Ойынға асыр салып тоймайтұғын.
Бас қурап әйел алып бала сүйіп,—
Мал жиып шаруаны ойлайтұғын.
Отыз бес өнер тауып болған күнің,
Нұрланып бәйшешектей толған күнің.
Күні - қайрат ақыл-ойың кәміл жетіп,
Тентекке тию айтар қорған күнің.
Жігітке қырық деген қылыш екен,
Тоқталар тәубә қылып бір іс екен.
Қырыққа жасың кәміл толғаннан соң,
Тоқталған сабыр қылып дұрыс екен.
Қырық бес қию кетер көңіл тоқтап,
Өткенге өкінеміз бекер жоқтап.
Ағалар тіршілікке шүкірлік ет,—
Атамыз адамзаттан қалған соқпақ.
Елуде ебің тауып еңкейгенмен,
Биікке қолың жетпес көркейгенмен.
Әр нәрсе қысқа жіптің күрмеуіндей,
Бойыңда белгілі өнер сілтегенмен.
Жас екен елу бес те ескергендей,
Бой тартып жамандықтан сескенгендей.
Ағалар жас күнінде көрген қызын,
Ұйықтап тар төсекте түс көргендей.
Бір жас бар алпыс деген қақпан болар,
Қымталмай омырауың талқан болар.
Келіп мен балаға бедел болмай,
Азығың төңкерме мен талқан болар.
Алпыс бес белеңдердің асуындай,
Сол күнде белгілі болар жасуын - ай.
Жас шіркін, содан әрі ештеңе емес,
Болады жас келіннің шашуындай.
Бір жас бар жетпіс деген кісендеулі,
Пенденің қылса жұмыс ісі өнбейді.
Батырлық, палуандық, ерлігіңді,
Қанша айтып толғансаң да жұрт сенбейді.
Жетпіс бес жер таянбай тұра алмайсың,
Қолыңа таяқ, алмай жүре алмайсың.
Бақ-дәулет өз басында тапшы болса,—
Сөз - дүкен төрде отырып құра алмайсың.
Бір жас бар сексен деген селкілдеген,
Ағарып сақал-мұртың желпілдеген.
Кейінгі балаларға қадір кетіп,
Шер бітіп көкірегің күркілдеген.
Бір жас бар сексен бестей дірілдеген,
Еш сөзің ілтипатқа ілінбеген.
Думанды жастық шағың еске түссе,
Боларсың жас балаша күлімдеген.
Бір жас бар тоқсан деген балақандай,
Тарылып кең дүние алақандай.
Белден қуат, дізеден дәрмен кетіп,
Боларсың жаңа туған балапандай.
Тоқсан бес ұядағы жұмыртқадай,
Мұжылып еті арылған омыртқадай.
Бұралып аяқ-қолдың әлі бітіп,
Күздегі илеудегі құмырсқадай.
Алдыңнан жүз көрініп бұлғақтайды,
Ет кетіп қалған сүйек қу тақтайды.
Ант ауып, азып туған сұм заманда,—
Пендеге жүз деген жас ұстатпайды.

Сегіз сері өзге өнерімен қоса үлкен шежіреші — жылнамашы да. Өзі ел аралап өлең айтып, ән салып, күй тартып, сал-серілік құрып жүргенде қазақ халқының шежіре -тарихын да мол жинаған. «Ақындықтан шежірешілікті бөліп алуға болмайды,— деген ол. Шежіре — ата айтысу үшін емес, туыс адамдар бір-бірімен қыз алысып қоймау үшін, кімнің кімге жақын екенін білу үшін де керек». Ол жинаған қазақ халқының шежіре -жылнамасы Қазақ ССР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Қазақ ССР тарихы бөлімінде және Қазақ ССР кене мәдени, тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының Орталық советінде сақтаулы тұр. Ал өлең-жырлары, қисса - дастандары, ән текстері, жұмбақ өлеңдері, шешендік сөздері академияның Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба және текстология бөлімінде екенін жоғарыда айттық. Сол өлеңдерінің ішінде «Өсиет» деген өлеңі бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге боларлықтай.

Бүтінделген ақыл-ес,
Қадірлі жас — жиырма бес.
Жұлдыздай ағып өткен соң
Шақырсаң да, ол келмес.
Өкінгенмен түк өнбес,
Көзге қайта көрінбес.
Ойлағанмен болмайды,
Ғұмырың зая болар еш.
Жігіт бол гүл жайнап,
Майданда көрін атойлап.
Қалың сарбаз басқар да,
Тұлпарға мін, бел байлап,
Сауыт киіп сайланып,
Белге семсер байланып.
Қызылды - жасыл ту алып,
Жасақты шық айналып.
Әр жағдайды ескеріп,
Ғаскерді шық тексеріп,
Жорыққа шықсаң ақылдас,
Жақсыларды ес көріп.
Ақын бол да, әнші бол,
Тыңдаушы жиын болсын мол.
Өнегелі жыр жырлап,
Халайыққа көрсет жол.
Жазықсыз елге ұрынба,
Бекер босқа қырылма.
Ойшыл көзді салып қой,
Көз - ұшы ту қырымға.
Баптап бәйгі ат, жүйрік мін,
Бес қаруды асын да.
Жақсының сөзін құлаққа іл,
Назар салма масылға.
Жұғыса біл асылға,
Жолдас болма масылға.
Кез келтірер жамандар,
Көктен түсер жасылға.
Өтірік сөзден бол аулақ,
Өсектен қаш бой сақтап,
Халқың үшін құрбан бол,
Қашпа жаудан тайсақтап.
Бола көрме мақтаншақ,
Болма босаң, жасқаншақ.
Тірлікте қорқақ, ез болма.
Өтсін дұрыс жастық шақ.
Ашулы болма барқылдап,
Ойна да күл қарқылдап.
Қатарыңның алды бол,
Топ ішінде жарқылдап.
Насихат айт халқыңа,
Пайдаң тисін жалпыға.
Көп тыңда да, аз сөйле,
Орынсыз сөйлеп шалқыма,
Жастықта қалма қапыда,
Ілгері ұмтыл талпына.
Кең бола көр, морт болма,
Даулы істе түссең талқыға.
Бас құрасаң, жайлы бол,
Ұл менен қыз, жарыңа.
Әрқашанда сыйлы бол,
Әл-қуатың барында.
Халқыңа бол беделді,
Қатарыңда өнерлі.
Өзіңнен жасы кішіге,
Кеңесіңді айт келелі.
Жігіт болсаң білекті,
ЬІңғайлы бол жүректі.
Сұлуды таңдап, сүйіп ал,
Түр-тұлғасы ретті.
Ағалық жастарға айтар өсиетім,
Тірілікте асы. болсын қасиетің.
Дау-жанжал, барымта, ұрлық кәсіп емес,
Өнер мен білімге аусын бар ниетің.
Үлгі алма, ел қанағыш бек пен биден,
Ұрыдан есің болса, мүлде жирен.
Жеткіншек, сіздерге айтар үлгі өнегем,
Барында денсаулықтың өнер үйрен.

Сегіз сері өз жігіттерімен өзіміз айтқан Жанғожа батырдың ауылында қонақ болып Сыр, Арал, Қаратау елін аралап 1838—ит жылының күзіне дейін жүреді де, ақыры сарбаздарын ертіп өз еліне Қызылжардағы керейлерге оралады. Жолшыбай Аманқарағайға келіп жеткенде сарбаздары, атқосшылары Аббас, Сәду, ақылшысы — Асанбек шешен, бірі Сегізге: «Батыр, Кіші жүзге Нияз сері екеуіңіз ғана келіп едіңіз, елге оралғанда бес жүз отыз сегіз адам болдыңыз. Енді бәріміз де сіздің адамбыз, бірге қаламыз. Әр адамға туған жері — ыстық. Туған жерге деген сағынышыңызды білдіріп, бір ән шығарыңыз»— депті. Жігіттерінің тілегін қабыл алған Сегіз, «Жарайды, мен ән шығарайын, атын өздерің қойыңдар» депті де, ән шығарыпты. Олар мазмұнына қарай бір ауыздан әннің аты — «Туған жер» болсын депті. (Бұл мәлімет Қазақ ССР Ғылым академиясындағы керей шежіресінен алынды).

«Гүлтөбе — Маманайым туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Жалаңаш, жалаң аяқ жар басында,—
Көйлек шешіп көбелек қуған жерім.
Жаралып дүниеге келген жерім,
Жалғанның қызығына енген жерім.
Босанып алтын ұя, тар құрсақтан,
Аймалап ана сүтін емген жерім.
Рақатты шәрбат суын татқан жерім,
Қызыққа алуан түрлі батқан жерім
Жамылып жасыл шілік жаздың күні,
Сайрандап жігіт-желең жатқан жерім.
Садақты жастайымнан тартқан жерім,
Бөрісін, елік, киік атқан жерім.
Ұшырап патша әкімі қуғынына,
Тұлпармен күн-түн демей жортқан жерім.
Аузынан көркем қыздың өпкен жерім,
Қымызға, қазы-қарта бөккен жерім.
Жырымды өзіңе арнап төккен жерім,—
Сағындым көрмеген соң көптен, жерім.
Ақсүйек, асық ойнап, асыр салып,
Әткеншек, алтыбақан тепкен жерім.
Бой түзеп, сәнді киім киген жерім,
Білім ап, ес өзіме тиген жерім,
Өсіріп, тәрбиелеп, жақсы баулып,
Бап-балғын жеткіншекті сүйген жерім.
Тарқатып жастық күннің шер - құмарын.
Бұралтып гөзелдермен күлген жерім.
Ас пен айт, той-жиынды құр өткізбей,
Сайрандап сауық құрып жүрген жерім.
Маманай — сағындым ғой салқын белім,
Бұқпакөл — жанға жайлы шалқар көлім.
Көзімнен бір кездерде бұлбұл ұштың,
Орта жүз Ашамайлы Керей елім.
Әр кімнің туған жері — Мысыр шаһары,
Мекке мен Мединедей болған жерім.
Бейне бір мен кәрі қыз төркіндеген,
Мен келем көрсем деген сертімменен.
Дәмі тартып Еділ, Жайық өңірінің,
Кезінде тағдыр шіркін келтірмеген.
Көп елге көзбен көрген жалған емес,
Жүйріктің бірі едім ғой серпіндеген,
Айрылып қапияда Мақпал қыздан,
Кебім көп жас жүректе шертілмеген.

Сегіз сері Керей еліне мал қыстатуға келген Найманның Жауғаштысы Елғұн мырзаның он жеті жасар Ырысбике деген қызымен танысып, кәп ұзамай алып қашады. Ырысбике кейін балуан шешей атанған сынықшы, әнші кісі болған. Әйел алып бас құрағаннан кейін Сегіз сері өз ауылы Маманайда мұсылман медресесін ашқан, ойын-сауық үйін ұйымдастырған. Ол ашқан қолөнер шеберханасында Сегіздің жігіттері зергерлікпен, өрімші, оюшы, етікші, уық, кереге, шаңырақ, кебеже жасаушы өнерімен айналысқан екен. Олар жасаған бұйымдар арқа елінде осы ғасырымыздың басына дейін келіп жеткен.

Сегіз сері өз өлеңдерін, шежіре - шешендік сөздерін бастыруға талаптанып, хатқа түсірген. Бірақ ол арманы орындалмай ел жайлаудан кешкенде ауырып, 1854— барыс жылы тамыз айында қайтыс болады. Денесі ақынның өз өсиеті бойынша, Дос көлінің жағасына жерленеді. (Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданы, Докучаев атындағы совхоздың жері).

Сегіз сері қайтыс болғанда оған арнап қырық бес ақын жоқтау шығарған. Оның бір шәкірті Қуат ақын Ырысбекұлы өз жоқтауында былай дейді:

Қырық бес шәкірт әр үйге
Бөлініп жоқтау шығардық,
Сал Сегіздің ерлігін,—
Пенде болса ұғарлық.

Сонау алыстағы Саратов жерінен келіп жоқтау айтқан ақын Шынияз Жұбатұлы:

Артықша туған досымыз,
Аумай өткен досыңыз.
Сұңқардан сіздей айырылып,
Болмай тұр көңіл хошымыз. —

дейді. Ал Жаманқұл Досжанұлы Дәндібаев ақын (1824—1901 ж. ж.) 1854 жылы Сегіз серіге арнап шығарған жоқтауында оның қырық қисса, жетпіс бес ән, елу бес күй шығарғанын былайша жырға қосады.

Салдық құрған ұстазым
Ниязды ертіп қасына
«Гауһартасты» шығарған,
Он сегіз кәміл жасында.
«Кісем сұлу» әнін де
Тап сол жылы шығарған.
«Қыз Жібекті» дастан ғып
Шыққан батыр құмардан.
«Қозы Көрпеш - Баянның»
Шығарып қос нұсқасын
Алғыс алды ел жұрттан,
Сегіз сері ұстазым.
Қырық, қиссасын Сегіздің
Өзім елге тараттым,
Жырларынан нәр алып
Бас пайдама жараттым.
Жетпіс бес әнін Сегіздің
Айтып жүрдім әр жерде.
Елу бес күйін батырдың
Тартып бердім әр елде.

Сегіз серінің баласы Мұстафа батырға шәкірт болған әйгілі әнші-композитор Балуан Шолақ Баймырзаұлы (1864—1919 ж. ж.) 1896 жылы жазда кіші жүз еліне барған сапарында шығарған өзінің «Бесті қоңыр» атты өлеңінде Сегізді былай деп жырға қосады:

Сегіз сері батырды көргенім жоқ,
Көрмесем де естімей жүргенім жоқ.
Біржаннан қанып, оның жолын қудым,—
Жақсыны одан артық білгенім жоқ.
Мен Шолақ сол Сегізге еліктедім,
Сыйладым жасы үлкенді желікпедім,
Құрбыдан күшім артық болсадағы,—
Ешкімді жамансың деп кемітпедім...
Байлардың есігінде жүрмей жалға,
Жасымнан шәкірт болдым Біржан салға.
Сегіздің Мұстафасы қамқоршы боп
Үйретті әр түрлі өнер біздей нарға.

Қазақ халқының аса талантты ақыны Мағжан Жұмабаевтың, Сегіз серіге арнап 1915 жылы «Сегіз сері» атты ұзақ дастан жазғанын білеміз. Бұл дастан:

Шолақтан бұрын алып Сегіз өткен,
Айбары дұшпандарын тітіреткен.
Дабылын ер Сегіздің естігенде,
Істері ұлықтардың кері кеткен,—

деп басталады. Дастанның оқиғасы мынадай. Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков мырзаның серуенге шыққан Валентина атты сұлу қызын тоғайда жасырынып жүрген орыс қарақшылары қапияда күймесімен, атымен ұстап алып қашады. Көшірін байлап тастайды. Тоғайда қолға түскен қыз жан даусы шығып жылайды. Осы сәт Омбы шаһарынан жол жүріп еліне қайтып бара жатқан Сегіз сері шыңғырған дауысты есітіп тоғайға суыт жетіп келеді. Астында ақбоз аты, үстінде сауыты, қасында сарбаздары бар еңгезердей Сегіз серіні көрген қарақшылар қорқып қызды тастай қашады. Сегіз сері қызды көншірімен қоса аман-есен үйіне әкеліп анасының қолына табыс етеді. Бұл оқиғаны есіткен губернатор бір кезде өзі қудалаған Сегіздің адамгершілігіне таң қалады. Бұрынғы кикілжіңнің бәрін ұмытып Сегіз серімен жақын достасуға қам-қарекет жасайды...

Мағжанның «Сегіз сері» дастанында көркем тілмен кереметтей суреттелетін біз білетін бір оқиға осы.

Мағжан қасына Біржан Берденов, Сейіткерей Мағазов деген сол кездегі елге белгілі екі ақынды ертіп, осы дастанын Шүрегей көлінің жағасында отырған Сегіз серінің үшінші баласы Мұсайынға апарып табыс етеді. Берденов пен Мағазов екеуі де Сегізге арнап дастан шығарған ақындар. Мұсайын бұларды тай сойып қонақ етіп, аттанарда үш ақынның үшеуіне де түлкі ішік кигізіп, Мағжанға күміс ер-тұрманмен қара көк жорға мінгізген дейді.

Біз Мағжан Жұмабаевтың «Сегіз сері» атты дастаны жайындағы мәліметті жас кезінде Қызылжар медресесінде Мағжанмен бірге оқыған шежіреші Мәлік Рамазанұлынан (Шыңғыс Уалихановтың жиені) 1457 жылы жазда Көкшетау облысының Рузаев ауданындағы «Рузаев» совхозында кездестіріп жазып алған едік.

Сегіз серінің Ырысбикеден туған Мұстафа, Мұсабек, Мұсайын, Мұсахан, Мұсажан деген бес ұлы, Бибізара есімді жалғыз қызы болған. Мұсабек, Мұсахан, Мұсажан — үшеуі жастай қайтыс болады. Мұстафа батыр (1840—1899), Мұсайын (1843—1920), Бибізара (1850—1933 ж. ж.) үшеуінен біраз ұрпақ бар. Олар қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы «Троцкий» совхозында, Киров атындағы совхоздың орталығы Архангелька селосында, Преснов ауданының «Октябрьдің 60 жылдығы» совхозында тұрады. Көзі тірілері даңқты бабасының қисса - жырларын, нақыл сөздерін әлі күнге дейін айтып отырады. Мәселен, Сегіз сері 1854 жылдың көктемінде өзі ауырып жүргенінде шығарған «Замана» атты толғауында, сол кездегі заманаға разы болмай өткен ерлердің, байларға қызмет етіп кемтар емірде күн кешкен кедейлердің хал - ақуалын былай деп бейнелегенін көреміз.

Теңдік тимес заманда,
Көз сап тұрсаң не өтті?
Белес-белес бел өтті,
Белден көшіп, ел өтті.
Босағасын борлатқан,
Маңдайшасын сырлатқан.
Керегесін қырлатқан,
Шаңырағына шоқ орнатқан.
Он екі қанат орданы,
Көк шалғынға тіктіріп,
Бие менен інгенді,
Қатарлатып байлаған.
Қымыз бен ішіп шұбатты,
Сары қазы шайнаған.
Сауыт киіп үстіне,
Беліне семсер байлаған.
Қару-жарақ, асынып,
Тұлпар мініп астына,
Қызылды - жасыл ту ұстап,
Қол алдында жайнаған.
Разы болмай заманға,
Бас бармағын шайнаған.
Ыза болып наданға.
Неше алуан ер өтті.
Дәулетіне мәз болған,
«Жиған мүлкі аз болған»,
Үйіне лықып жүк толған.
Неше пысық бай өтті.
Кедейлер өтті кемдікпен,
Хабары жоқ теңдікпен.
Күліп ойнар қабақ жоқ,
Тойып ішер тамақ жоқ.
Байдың істеп жұмысын,
Қандыра алмай ұйқысын,
Көрмеді жанның тынышын,
Іштерінен қарғайды,—
«Құрысын бай, құрысын!»
Қаһарман ерлер қан кешкен,
Жерді бермеу жөн дескен.
Хан, патшаның тіліне,
Талай ерлер алданған.
Өткен іске жиіркене,
Қарап қатты зарланған.
Бұл фәнидің жүзінде,
Біреу жарлы, біреу бай,
Біреу бар да, біреу жоқ,
Болған емес, бәрі сай.
Біреу жалғыз, біреу көп,
Біреу аш та, біреу тоқ.
Күн қарс алмай пақырлар,
Жүрегіне түсті шоқ.
Мырзалардың көңілі жай,
Ішкендері қант пен шай.
Жарлыларға түк бермей,
Жегендері ет пен май.
Ғашықтар жүр зар илеп,
Дегеніне жете алмай,
Көсемдер жүр уайым жеп,
Соңына халқын ерте алмай,
Шешендер жүр қамығып,
Айтқан сөзі өте алмай.
Батырлар жүр тарығып,
Арманына жете алмай,
Ақындар жүр жыр айтып,
Үй шаруасына қарамай.
Билер де жүр үлгі айтып,
Бектерден асып кете алмай,
Тіршілікке көз салып,
Қарасам жете абайлап.
Қобызды тартып толғанып,
Жасасам талдау бажайлап.
Алтын, күміс, жиһаздың,
Бәрінен артық денсаулық.
Денсаулығың болмаса,
Басқаның бәрі құр даурық.
Денсаулық бар болса,
Табылар оңай он саулық.
Көп кешікпей жолығар,
Ғұмырлық серік ақ жаулық.
Шарықта, Сегіз, шарықта,
Өлең-жырдан жалықпа!
Үлгі көрсет жастарға,
Пайдаң тисін халыққа.
Осылай Сегіз десең де,
Көптің қамын жесең де.
Көргенің түске айналды.
Қызық дәурен сүрсең де.
Жастық шақ енді оралмас,
Денсаулық жақсы бола алмас.
Емделсем де балгерге,
Мені де құртар бұл науқас!

Сегіз серіні сөз еткенде айтайын дегеніміз XIX ғасырдың қазақ әдебиетінен, қазақтың ән тарихынан ол өз орнын алуға тиіс. Оның өлеңдерінің, әндерінің кейінгі ұрпақ үшін тәрбиелік мәні өте зор. Сегіз сері бір өлкенің ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтан етер ақыны, әнші - композиторы, қол бастайтын батыры, сөз бастайтын шешені болған. Бұл жөнінде әдебиетші - ғалымдар — Қ. Мұхамедханов, Ж. Бектұров, 3. Қоспақов, А. Сатаев, Е. Жақыпов, М. Жармұхамедов, И. Кенжалиев жолдастар ара-тұра болса да Сегіз сері жайлы құптауға тұрарлық пікірлер жазды. Облыстарда тұратын Е. Қалдапов, Қ. Биғожин, С. Барқытов, К. Жексенов, Б. Кенжеғозин, Т. Пішенбаев секілді оның өлеңдерін, жұмбақтарын, нақыл сөздерін ел аузынан жинап жүрген азаматтардың да көп еңбегі бар.

Сегіз серінің жұмбақ өлеңдері де өте көп екен. Оның біразымен академияға Мәди Болатов әкеліп тапсырған қолжазбадан оқып таныстық. Солардың ішінен бір-екі жұмбағына тоқталып өтелік.

Бір жиында аға султан Есеней одан:

— «Мына менің қазақ арбамды жұмбақтап айтшы,— деп өтінеді. Сегіз сері сонда іркілместен:

Ізі бар адамы жоқ аяғының,
Тимейді ұшы жерге таяғының.
Аяғын айуанға арта тастап,
Әніне басады екен баяғының,—

деп жауап беріпті. (Бұл жұмбақты Ғабит Мүсірепов өзінің «Ұлпан» атты повесінде пайдаланған).

Исатай мен Махамбет өз ордасында отырғанда бұлардың алдынан бір мысық өте жолығады. Сонда Исатай:

— Батыр, осыны бір ауыз өлеңмен жұмбақтап айт,— дегенде Сегіз сол бойда - ақ, бөгелместен былай депті.

Мұрты бар иегінде сақалы жоқ,
Тоны бар киеріне шапаны жоқ.
Қажеті үй ішінен табылған соң,
Алысқа барып-келер сапары жоқ.

Сегіз серінің палуандығы жөнінде де бірер мысал келтіре кетелік. Бір жылы жазда, Қаратау өңіріндегі Ұлы жүз — дулат Күнкөне бидің асына үш жүздің ел-жұрты жиналады. Аста палуандар күресіне бәйге белгіленеді. Қоқан хандығының бас палуаны «қоңыраулы палуан» атанған Хайдар палуан бірінші боп күреске шығады. Әдейі сес көрсету үшін қоқандықтар палуанды ноқталап, оған сылдырмақ қоңырау тағып әкеледі. Жетектеп келе жатқан кісілері, әлгі мойнын бұрғанда, жығылып қалады екен. Содан қаймығып қоқан палуаны дәу қараға ешбір жан шықпайды.

Сонда ағаш түбінде отырған бір кәриядан «Ата, бата беріңізші» деп бата сұрайды да, мен шығайын, деп денесі еңгезердей ірі, жас жігіт Сегіз сері ортаға шығады. Жиналған ел риза болып, қазақ жағы «әруақ, әруақ» деп ду ете түседі. Жұрт қақ жарылып тұр екен. Арада кішкене ғана жалғыз аяқ жол. Қоқан палуаны әлгі жолдан етпей, «күреспей бәйгемді бересіңдер»,— деп бір орыннан тапжылмай тұрып алады. Сонда Сегіз сері «осы соқпақта тұрған дүние жоқ шығар» деп, жолдан аттап өтеді де, әлгі қоңыраулы палуанға жетіп барып ұстаса кетеді. Анау Сегіздің жалпақ жауырынды, иықты үлкен тұлғасынан, қара нардай мығым денесінен сескеніп қалады. Сегіз, шынында да, әруақты, дұшпанына өте айбынды, сесті адам екен. Ұстасқан бойда - ақ әлгі қоқан палуанын бұрқ еткізіп, жауырынын жерге тигізіп, жығып кетеді. Қазақтар ду етіп, «ой, жігіт - ақ екенсің!» деп бәрі бұған риза болады.

Осы аста ол жамбы ату, көкпар, ат үстінен жерден күміс алу бәйгелерін де жеңіп алады. Ат жарысына қосқан «Бозшұбары» бәйгеден бірінші болып келеді. Алған бәйгесінен бір жақсы атты таңдап «Ұлы жүз атаның аруағы үшін» деп ас иесі Күнкөне бидің бес қанат үйінің сыртына байлап кетеді.

Сегіздің даңқы үш жүзге бір кезде, міне, осылай тараған екен. Келесі жылы Сайрамдағы Бөрібай мырзаның асына Сегіз сері Сыр бойында жүрген жерінен шақырылып күреске түседі. Ол бұл аста Хиуаның Ғафур палуанын, Бұқараның Сәлім палуанын екеуін бірдей күресте жығып, бәйге алады, сөйтіп ел аузында түйе палуан атанады...

Ел аузындағы тағы бір аңызда Сегіз серінің ерлігі былайша әңгімеленеді. Хиуа хандығы құшбегісінің 15сарбазы — қарақалпақ Қыстаубай қарақтылық жасап, Сыр бойындағы елді шауып малын айдап, бойжеткен қыздарын алып кетіп маза бермейді. Қыстаубай өзі пұшық болған соң, мұрнына киіз тығып жүреді екен. Сол себепті халық оны «Мұрнына тоқым тыққан Қыстаубай» деп атап кеткен. Үш жылда бір келіп, елді шауып, зар илетіп кетеді, оған ешкім қарсы тұра алмайды. «Қазақтың қызы бой жетті ме, ботасы атан болды ма, құлыны ат болды ма, бұзауы өгіз болды ма, қозысы қошқар болды ма, лағы серке болды ма?» деп сұрайды екен Қыстаубай өзіне кездескен адамнан.

Сегіз сері Сыр бойында жүргенінде дулат Сәрсен датқа, қыпшақ Жәнібек, Торғай, Бала би, Бәубек, Доспол датқа, қоңырат Орман датқа, найман Арыстанбай датқалар Сегіз серіге сөз салып.

— Сені ел батыр дейді, батырлығыңды қашан көреміз, Қазақтан туған ұл болсаң Қыстаубайдан кегімізді алып бер, намысымызға тиді, күн көрісімізді кемітті, биыл бізді шабатын жылы,— дейді. Сегіз сері әлгі ел азаматтарына келісімін беріп, уәде етеді де, өзі қарақшының келетін жолын тосады. Арада екі жеті өткенде нөкерлерін ертіп сайланып, Қыстаубайдың шапқыншы тобы келеді. Сөйтіп, Сегіз сері Қыстаубаймен Сыр бойындағы Тартоғай деген жерде кездеседі. Қыстаубай баяғы әдетінше алдына жан келтірмейді, ешкімді менсінбейді. Сонда Сегіз сері: «Әй Қыстаубай, қазақтан да ұл туған, «асты қорлама құстырар, ерді қорлама састырар»,— деген, сен асқақтама, батыр болсаң бері кел,— мені жеңіп ал, содан кейін қазақты шаба бер»,— деп оны жұрт алдында өзімен жекпе - жекке шақырады.

Қыстаубай Сегіз серінің мұнысына құлақ аспай атымен оған жақындап қағып тастағысы келіп найзасын сілтейді. Сегіз сері жау найзасын өз найзасымен қаққанда, екі найза да қақ бөлінеді. Екеуі ат үстінен ұстасады, екеуінің күшіне шыдай алмай аттары тізе бүреді. Содан кейін екеуі жерге түсіп алысады. Қыстаубайды Сегіз сері жерге жығып алып байлап алады. Қыстаубайдың жендеттері де Сегіз серінің сарбаздарынан жеңіліп, қолға түскені түтқын болып, түспегені қашып құтылады. Сегіз сері «мұрнына тоқым тыққан Қыстаубайды» ноқталап әкеліп халықтың өз қолына береді. Ел оны кескілеп қорлап өлтіреді. Сегіз сері сөйтіп Сыр бойы елінің алғысына бөленген екен.

Сегіз сері талантының бұдан басқа да қыр - сыры көп. Ол ат сүрінгенше ақыл тапқан, өте алғыр ойлы, сөзге ұста адам екен. Оның топ жарған шешендігі сол кездің өзінде қазақ елінің төрт бұрышына түгел мәлім болған. Бір жылы Сегіз сері өзіне дос, жаппас Жанғабыл Төлегенұлының (1822—1896) үйінде қонақ болып отырғанында, үй иесі Жанғабыл би жиналған елдің алдында Сегіз серіге сынайын деп әдейі сұрақ қояды.

— Батыр, сізге үш сұрағым бар.

— Айтып көр, інім!

—- Батыр, осы сіздің Орта жүзде Есеней, Ақсары, Шарыш, Итемір, Дүйсе, Қолбай, Зілғара, Шопан, Кемел, Аққошқар, Сейдалы, Жанайдар, Ыбырай дегендер бар көрінеді. Солар қандай адамдар?

— Айтайын, Жанғабылым, олар сондай адамдар,— құйса толмайды, толса аспайды.

— Бәрі де асқан бай, мырза адамдар екен ғой.

— Батыр, сіздің Орта жүзде Аулабай, Тілен, Асаубай, Шәңкі, Саққұлақ, Секербай, Алшынбай дегендер бар көрінеді. Олар қандай адамдар?

Айтайын, Жанғабылым, олар сондай адамдар — қайрамай өтеді, қимай кеседі.

— Бәрі де асқан әділ, шешен адамдар екен ғой.

— Батыр, сіздің Орта жүзде Қожық деген бар көрінеді. Ол қандай адам?

— Айтайын, Жанғабылым, ол сондай адам,— алса бермейді, көрсе айтпайды.

— Батыр-ай, ол Қожығыңыз асқан қанды - балақ қарақшы екен ғой.

— Батыр, енді сіздей шешен туар ма екен?

— Қазақ әйелдері аман болса талай дананы дүниеге әкелер...

Сегіз серінің «Қожыққа айтқаны» деген сөзі де ел ішінде кеңінен тараған. Осы Қожық кім? Ия, сол қарақшы Қожық.

Әкесінің аты Мақаш, орта жүздің уақ руынан, өзі Көкшетаулық.

Қожық — Кенесарының кіші қарындасы Кенжебикеге үйленген — батырдың күйеу баласы, қырғыз жорығынан аман қалған оның көп қолбасыларының бірі. Бір жолы Сегіз сері нөкерлерімен Кіші жүзден келе жатып, сол Қожықпен кездеседі. Ол былай болған. Сегіз сері Обаған өзенінің бойында Орынбордан келетін өзінің сауда керуенін күтіп алмақ болып аялдайды. Осы кезде бұған Бағлан базарынан келе жатқан төрт жолаушы жолығысады. Олар — Әбеу, Жақау, Күсес, Тілеп деген арғын - қыпшақ жігіттері екен. Төртеуі танып батырға келіп сәлем береді. Сегіз сері сәлемдерін алып, аты-жөндерін сұрап біліп:

— Жандарым - ау, мұнша тұнжырап қабақтарың салбырап, иықтарың түсіп, сонша не болған сендерге?— дейді.

— Батыр, бізді құдай қара басты, түнде шідерлеп қоя беріп едік, таңертең тұрсақ жоқ, екі бәйге аттан айрылдық. Үш күн іздеп дерек таппадық, елге не бетімізді айтарымызды білмейміз, бірі жорға бәйгесінен, бірі жүйрік бәйгесінен озып еді,— дейді. Төрт жолаушының төртеуі де Сегізді сырттай жақсы біледі екен де, ал ол бұларды онша танымайды. Батыр сәл-пәл ойланып тұрады да, былай дейді.

— Бұл ара Уақ жайлауы, бұл жерден жоғалған малды Көкшетаулық Қожық алады, ол алса аттарыңды қайтартып берейін, ал алмаса, амалым жоқ. Қожық ауылы мынау тұрған Бозшакөл — Мәтенде.

Ол керуені мен жігіттерінің көбін еліне аттандырады да, қасына он шақты жігіт пен төрт жолаушыны ертіп жайлаудағы Қожық ауылына келеді. Сегіз сері келгенде Қожық жігіттеріне нысана атқызып, күрестіріп, найзаластырып, бұғалық тастауға, селебе лақтыруға жаттықтырып, жыршыға өлең айтқызып, бір төбе басында соларды тамашалап отыр екен. Сегіз серіні көре салысымен ұшып тұрып басы Қожықтың өзі болып, барлық сарбазы иіліп сәлем беріп, бәйек болады. Бұрын қонаққа талай шақырғанда Сегіз сері бара алмай жүреді екен. Амандық - саулық сұрасқан соң Қожық:

— Қош келдіңіз, Ордама жүріп қонақ болыңыз,— деп өтінеді.— Батыр, сіздің әніңізді, күйіңізді, жырыңызды сағындық.

— Бір тілегім бар, соны орындасаң қонақ боламын, орындамасаң Ордаңа түспеймін,— депті Сегіз сері.

— Қолымнан келсе орындайын.

Сенің қолыңнан орындау келеді.

Мына келген төрт мейман,
Екі бәйге ат жоғалтты.
Бірі құла, бірі боз.
Көріп, біліп айтқаның,
Осы тұрған топтан өз,
Көріп, біліп айтпасаң,
Шіл боғындай болып тоз.

— Қаршыға, Көкжендет, бармысыңдар! Кеше бір-екі ат адасып келді деп едіңдер, сол аттарды алып келіңдерші.

Қаршыға мен Көкжендет екі атты алып келсе, әлгі жолаушылардың жоғалған аты болып шығады. Қожық көздің жауындай екі бәйге атын амалсыздан иелеріне қайтарады. Сегіз серінің арқасында аттарын тапқан төрт жолаушы батырға алғыстарын айтып, қоштасып еліне қайтқан екен...

Бірде даңқы шығып тұрған кезінде Сегіз серіге мінуге бота тірсек, бұйра жал жақсы ат керек болады. Өзінің екі тұлпар атының екеуі бірдей жасамыс тартып қартайған шағы екен. Сонда ол ашамайлы керейдің аға сұлтаны Есеней батырдан мінуге ат сұратып, өзінің екі атқосшысы Аббас пен Сәду арқылы оған сәлем жолдап, былай дейді:

Орта жүздің ішінде,
Ашамайлы керейде,
Балға батыр ұрпағы,
Есеней ерге сәлем де.
Есекем Сегіздейін інісіне,
Таңдаулы бір ат берсін.
Ат берсе, Есекем,
Үш жыл бойы мінілмеген.
Жілік майы үзілмеген,
Құйрық-жалы сүзілмеген,
Құр ат берсін.
Күші өзімдей болсын,
Беріктігі өзіндей болсын.
Жүйріктігі Аулабайдай болсын.
Жорғалығы Байдалыдай болсын.
Жүректілігі Белгібайдай болсын.
Тұлғалылығы мен әдемілігі,
Тәбейдің Тәштитіндей болсын.
Сезгіштігі Есболдай болсын,
Сергектігі Ырсайдай болсын.
Мешкейлігі Тілендей болсын,
Көзі ботаның көзіндей болсын.
Берсе Есекем, осындай бір ат берсін.
Бермесе, алла өзі Сегіз серінің қартайған,
Бозшұбары мен Қанкүреңіне қуат берсін!
Сонда сәлемді алған Есеней:

— Сегіз серінің сынына толу қиын болар,— деп он мың жылқыдан таңдатып үш ат береді,— бірін ел ішінде, ауыл - арасында мінсін, бірін жорыққа мінсін, бірін бәйгеге қоссын, осы үш ат бір атқа татитын шығар,— депті...

Өлеңдері, әндері, қисса - дастандары, эпостық жырлары, жұмбақтары, шешендік сөздері — қай-қайсысы болсын, Сегіз сері шығармаларының бүгінгі ұрпақ үшін тәрбиелік мәні өте зор. ол бір өлкенің ғана емес, бүкіл қазақ халқымның мақтан етер ақыны, әрі өнер қайраткері. Көп уақыт бойы Сегіз сері еңбегі зерттелмей, назардан тыс қалып келді. Осы өршіл талант иесі Сегіз сері (Мұхаммед - Қанафия) Баһрамұлы Шақшақов кеш те болса әдебиеттен, өнерден өз орнын алуы заңды ғой деп оқырман қауымға кеңірек таныстыруды мақсат еттік.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз