«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған сайысына» Уразовтар отбасынан
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласы
Баланы бұзуға, түзеуге болатын бір шарт - жас күнде көрген өнеге.
Ж. Аймауытов
Отбасы - шағын мемлекет. Әр отбасының өзіндік ережелері, ұстанымдары, қағидалары болады. Мен үшін отбасы-қамқорлықтың, сыйластықтың, мейірімділіктің Отаны. Осындай шағын мемлекетіміздің тыныштығын сақтап, жас шыбықтай иілген балаларымыздың діңгегі мықты болуы үшін қандай тәрбие беріп жүрміз?
Қазақ халқы баланың тәрбиесіне ерте кезден-ақ көңіл бөлген. Қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, «Қызды қырық үйден тыю» десе, ер баланы намысшылдыққа, батылдыққа тәрбиелеп, «Ұранды елдің-ұрпағы қайсар келеді» деп жігерлендіріп отырған.
«Әке көрген - оқ жонар, Ана көрген - тон пішер», Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деген халық мақалдарын халық қалт айтпаған ғой. Бала әке-шешесінің айтқанын емес, олардан көргенін істейтінін ата-бабаларымыз сол заманда өлшеп, пішіп айтқан. Отбасының жемісі- ұл мен қыз болса, сол балалардың болашағының жарқын болуы, бақытты бала болып өсуіне бірінші кезекте, ата-ананың балаға дұрыс тәрбие беруінің ықпалы. Бесікте жатқан алты айлық бала сөйлей алмаса да, біздің жүріс-тұрысымызға, сөйлегенімізге қарап-ақ, тәрбиелене бастайды екен. Осы жерде бір мысал есіме түседі. «Алты жасар баласының тәрбиесіне әлі келмеген бір кісі данышпанға баласын қалай тәрбиелеу керектігі туралы сұрапты. Сонда данышпан: «Ренжімеңіз, бірақ сіз, алты жылға кешіктіңіз!» деген екен. Данышпан қазақ халқының «Тәрбие- тал бесіктен» деп айтуының сыры осында шығар.
Біз, ата-аналар, балаларымыздың салауатты өмір сүріп, бос уақыттарын тиімді пайдалануларына жағдай жасай білуіміз керек. Себебі, қазір үйірмелердің көпшілігі дерлік, ақысыз, тегін үйретіледі. Біздің бала кезімізде мұндай үйірмелер жоқтың қасы болды. Өзім тұратын өңірде тек, ән-әуез мектебі, «Шебер қолдар» деген үйірме болатын. Ата-анамыз азаннан кешке дейін жұмыста. Бізді қатыстыруға уақыттарының тапшы екендігін біліп, өзіміз барып, сол үйірмеге жазылып, уақытымызды бос өткізбеуге тырысатынбыз. «Шебер қолдар» үйірмесіне қатысқаным- анамның қолынан тігін тігу, киім тоқу келеді, соны бала кезімнен көріп өскендігімнен болар, ал ән-әуез мектебіне 6 ай болса да, қатысқаным- әкемнің домбыра тартып отыратыны көз алдымда. Бұл ретте, балаға айтқаннан гөрі, көзбен көрген тәрбиенің зор екендігін айтқым келеді. Ал, ішімдік ішілген, есірткі тартылған отбасынан тәрбие алған баланың психикасының, өмірге көзқарасының бұзылары анық. Мен, ұстаз ретінде, сыныбымдағы оқушыларыма да есірткі, темекі шегу т.б. теріс әдеттерден бойларын алыс ұстау мақсатында тәрбиелік іс-шаралар жүргізіп отырамын. Есірткінің зияны, оның жас ұрпақтың болашағына балта шабатындығын түсіндіре келе, оқушыларға ұлттық, рухани, отбасы құндылықтарын сақтаған жағдайда ғана Отанға адал қызмет ететін ұрпақ тәрбиеленетінін айтып түсіндіремін. Себебі, баланың ата-анадан кейінгі тәрбиешісі, ақылшысы - ол ұстазы.
Құдай қосқан жарым да, өзім де, Аллаға шүкір көпбалалы отбасынан шықтық. Ата-ананың берген тәрбиесі балаға өмір бойы азық болары сөзсіз. Ата-анамыздан көрген тәрбиені балаларымызға береміз. Десек те, ол замандағы тәрбие бөлек еді ғой, шіркін! Әкенің қабағы мен ананың ақылымен тәрбиелендік. Сонда, бізде бір ғана мақсат болды: ата-ананың ақ үмітін ақтау! Ал, қазіргі жаһандану заманда баланың тәрбиесі үлкен мән беруді қажет етеді. Балаларымыздың тәрбиесіне жолдасым екеуміз бірге көңіл бөлеміз. Қызым сурет мектебіне қатысып, шығармашылық қабілетін шыңдап жүрсе, үлкен ұлым ән-әуез мектебінің домбыра сыныбына қатысып, қазақ күйлерін шертіп, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанып жүр. Кіші ұлымыз ермексаздан әр түрлі мультфильмдердегі кейіпкерлердің мүсінін айнытпай жасайды. Балаларымыздың бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасауға тырысудамыз. Себебі, қашықтықтан оқудың негізгі құралы- ұялы телефон екені анық.
Жастардың ғаламторға тәуелділігін ғасыр дерті десек те болатын шығар. Кез келген нәрсеге үйде отырып, оңай қол жеткізетін жас буын салауатты өмір салтын сақтап, спорт, өнер-білімге қатысты үйірмелерден алыстап бара жатқанын мойындауымыз керек. Есірткі туралы көріністері бар бейнефильмдерді көріп отырып-ақ, сол зиянды әдеттерге қалай бойларын үйретіп алғанын сезбей қалуы әбден мүмкін. Оған себеп: отбасындағы кикілжіңдер, баланың ортасында беделінің төмен болуы немесе керісінше, ортада беделінің шамадан тыс жоғары болуы, күйзеліске түсуі, отбасындағы жанжалды ұмыту үшін - осындай жағдайға душар болуы мүмкін. Әрине, мұндай көріністер біздің менталитетімізге жат, десек те, балаға әрбір жақсы істі әдет ретінде емес, ізгі ниетпен, ояу көңілмен, ыстық ықыласпен жасау, еңбектену керектігін ұғындыру - әрбір ата-ананың міндеті. «Ұрпақ тәрбиесі-ұлт болашағы» дей келе, қорытынды ойымды бір шумақ өлеңге сыйғызғанды жөн көрдім.
Халық едік, бұзылмаған қаймағы,
Салт-дәстүрін сақтаған әр аймағы.
Қымыз, шұбат ішіп өскен халықпыз,
Есірткіге жол бермейміз, қайдағы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Назгүл
Жеңіске жетіліп, сәттілік!
Гульбану
Ақыл-ойға толы, келешекке бағыт-бағдар беретіндей керемет пікіріңізді жазыпсыз, онымен толықтай қосыламын. Сізге тек сәттілік тілеймін! Жеңіске жетіңіз!
Жума
Уразовтар отбасына сәттілік тілейміз.Берік отбасы -бақытты отбасы.