Шығарманың ой жобасы қалай туады?
Бірдей болып туып, бірдей дамитын ой жоба бола бермейді. "Жоба қалай туады?" деген сауалға жауапты жалпылай іздемей, әрбір әңгімеге, романға не хикаятқа байланысты іздеу керек екендігі анық.
Ойжобаның пайда болуы үшін не қажет яки құрғақ сөзбен айтсақ, ойжобаның тууы немен шартты болуға тиіс деген сұраққа жауап беру жеңілірек. Оның пайда болуы әрқашанда жазушының ішкі жай-күйіне байланысты әзірленеді.
Ойжобаның пайда болуын, әсілінде, бәрінен де теңеу арқылы түсіндірген жақсырақ. Теңеу кейде ең бір күрделі заттарды таңғаларлық дәрежеде анықтап береді.
Бір күні астроном Джинстен біздің Жердің жасы нешеде деп сұрапты.
— Көз алдыңызға, —деп жауап қатыпты Джинс, — ең бір алып тауды, мәселен, Кавказдағы Эльбрусты елестетіңізші. Енді қиялыңызбен бір ғана титімдей торғай бейқам секектеп, сол тауды шұқып жатыр екен деңіз. Ендеше Эльбрусты түбіне дейін шұқып бітіруі үшін, со торғайға шамамен Жер өмір сүргелі қанша уақыт өтсе, сонша уақыт керек.
Ойжобаның пайда болуын түсіндіре алатын теңеу әлдеқайда қарапайым.
Ойжоба — ол найзағай. Жер үстінде электр зарядтары көп күндер бойы жиналады. Атмосфера оны бойына сіңіріп, әбден қанған кезде будақтаған ақша бұлттар қарауытып жауын бұлтына айналады, міне, солардағы қою электр зарядтары түнбасынан бірінші ұшқын —найзағай туады.
Дәл сол сәтте десе де болады, найзағайға ілесе жерге нөсер құя жөнеледі.
Ойжоба да найзағай сияқты, ой-пікір, сезім-түйсік пен кісі жадының байқаған жайттары тұнып қалған адам санасында пайда болады. Осының бәрі аяқ астынан елеусіз, жайымен жинала береді, сөйтіп ол қатты шиеленісіп, міндетті түрде бәсеңдетуге тиіс жағдайға жеткен кезде ғана тоқтайды. Енді, міне, осы қиын түйінге айналған берекесіз әлем -найзағайды — ойжобаны тудырады.
Найзағайдың пайда болуы сияқты, ойжобаның да пайда болуы үшін, көбіне-көп оны сол ғана итеру керек.
Бұл әлде кездейсоқ ұшырасып қалу бола ма, көкейге қонған сөз бола ма, түс пе, алыстағы дауыс па, бір тамшы судағы күн нұры ма, әлде пароходтың гудогі бола ма - кім білген?
Біздің айналамыздағы әлемде, көңіл-көкірегімізде тіршілік етіп жатқан нәрсенің бәрі итеріс болуы мүмкін.
Лев Толстой сындырылған ошағанды көреді де содан жарқ етіп найзағай туады: Қажымұрат туралы таңғаларлық хикаяттың ойжобасы пайда болады.
Алайда, егер Толстой Кавказда болмаса, ҚажыМұрат туралы ештеңені есітіп білмесе, әрине, әлгі ошаған оның басында ешбір ойды тудырмас еді, Толстой бұл тақырыпқа іштей әзірленген еді, сол себепті де ошаған оның есіне аса қажетті ойды түсіре қояды.
Егер найзағай ойжоба болса, онда нөсер сол игі ойдың іске асуы. Бұл — бейнелер мен сөздердің сымбатты тасқыны. Бұл — кітап.
Бірақ көз қарытар найзағайдан бір өзгешелігі — бастапқы ойжоба көбінесе көмескі болып келеді.
"Еркін романның алыс қырын, дуалы кристал арқылы, мен әлі анық айыра алмап едім".
Ойжоба тек бірте-бірте піседі де, жазушының жаны мен жүрегіне сіңеді, ойланып-толғануы үстінде күрделілене түседі. Бірақ "ойжобаны игеру" дейтін кезең кейбір аңқау кісілердің көз алдына елестетуінен гөрі мүлде басқаша жағдайда өтеді. Ол, жазушы қос қолымен басын қысып отыруы арқылы, не бір өзі оқшауланып, жабайы кісідей көкейіндегі ойын күбірлеп айтып жүруі арқылы көрінбейді.
Мүлде олай емес! Ойжобаның сараланып тазаруы, баюы біздің "ағындап жатқан өміріміздің" әрбір сағатыңда, әрбір күнінде, әманда және барлық жерінде, кездейсоқ жайттың бәрінде, еңбегі-бейнетінде, қуанышы мен қайғысында іркілмей, үздіксіз жүріп жатады.
Ойжобаның толысып пісуіне мүмкіндік беру үшін, жазушы ешқашанда өмірден қол үзіп, біржолата "өз ойымен өзі" болын кетпеуі тиіс. Қайта шынайы тіршілікпен ұдайы үзеңгілес болын жүруден ойжоба гүлденіп өседі де, жердің нәр құнарымен толыса түседі.
Жалпылап алғанда, жазушының жұмысы жөнінде ұшқары пікірлер мен ырымшылдық көп-ақ. Солардың кейбіреулері өзінің жадағайлығымен кісіні торықтырып жіберуі де ғажап емес.
Бәрінен де шабыт көбірек тұрпайыланып бүлдірілген.
Надандар оны, ақын әр қашан да түсініксіз бірдеңеге таңғалып, көзі бадырайып аспанға қарап отырған күйінде, не қауырсым қаламды тістелеп отырған күйінде көз алдарына елестетеді.
Көптеген кісілер, тегі, "Ақын мен патша" деген кинокартинаны ұмытпаған да шығар. Сонда Пушкин аспанға армандай қарап отырды, сосын кенет жалма-жан қаламына жармасып, сусылдатып жаза бастайды да сәл аялдап, қайтадан жанарын аспанға қадап, қауырсын қаламын кеміріп, тағы да асығыс жазуға кіріседі.
Біз Пушкиннің әлденеге таңырқап отырған маньяк секілді қаншама бейнесін көрдік.
Бір көркем өнер көрмесінде мен Пушкиннің шашын әдейі бұйралап, жанарына "шабыт" беріп жасаған көзге қораш мүсінінің қасында тұрып, бір қызықты сөзді есіттім. Кішкентай бір қыз мұрнын тыржитып, осынау Пушкинге ұзақ уақыт қарады да шешесінен:
Мама, ол арманын армандап отыр ма? Әлде бұл не? – деп сұрады.
Иә, қызым, Пушкин аға арманын армандап отыр, — деп еркелете жауап берді шешесі.
Пушкин аға "қиялын қиялдап отыр"! Ол, Пушкин өзі туралы былай деген болатын: "Халқыма қалаулы ұзақ болар жерім, қаулатқым өлеңіммен мейірімдерін, қытымыр заманымда еркіндік деп, шапағат пақырларға тілегенім".
Ал, егер "қасиетті" шабыттың композиторға "шарапаты тисе" міндетті түрде "қасиетті" және міндетті түрде "шарапаты тисе"), онда ол аспанға көзін тігіп, дәп қазір жан-жүрегінде әндетіп тұрған сиқырлы әуезбен өзіне-өзі баяу дирижерлік ете бастайды, — Чайковскийге Мәскеуде қойылған тым тәтті ескерткіштегі сияқтанып.
Жоқ! Шабыт — ол адамның жұмыс кезіндегі жинақты жай-күйі. Адам жанының қанаттануы театрлық поза мен лепірмеліктен тұрмайды. Сол секілді атышулы "шығармашылық азабынан да" құраралмайды.
Пушкин шабыт туралы дәлме-дәл қарапайым сөздер айтқан: ІІІабыт дегеніміз адам жанының әсерді сол тірі күйінде қабылдауға бейімделуі, демек, түсініктерді тез біліп анықтауға бейімдеуi бұл олардың мәнін ашуға қолғабысын тигізеді". "Сыншылар, — дейді ол бұған қосымша, — шабыт пен шаттануды шатастырады". Тап сол сияқты, оқырмандар да шындық пен шындық сымақты шатастырып келеді.
Бұ бәлеге де көнуге болар еді. Бірақ кейбір суретшілер мен мүсішпілер шабытты "шалақайдың шаттығымен" шатыстырады, міне бұл әрине нағыз надандық және жазушының ауыр жұмысын мүлде сыйламаушылық болып табылады.
Чайковский шабыт адамның бар күшін толығынан жұмсап, өгіздей жегіліп жұмыс істейтін шағы, әсте қолын әуейіге ұқсап, сермей беру емес, — деп дәлелдеген.
Осы бір шегініс үшін, кінәмді кешіруіңізді сұраймын, бірақ мен жоғарыда айтқан жайттардың бәрі, — мүлде бос сөз емес. Бұл әлі де болса пасық пен тоғышардың тірі екендігінің тағы бір белгісі.
Әрбір адам өз ғұмырында тым болмаса бірнеше реттен шабытты өрлеу жағдайын-жанының жаңғыруы ақиқат шындықты жаңаша жанды күйінде қабылдау, ой-пікірінің молдығы және өзінің шығармашылық күшін сезіну сияқты жайттарды басынан өткізетіні кәміл
Иә, шабыт — қатал жұмыс істеу жағдайы, бірақ оның өзінің поэтикалық бояуы, өзінің поэтикалық подтексті болады дер едім.
Шабыт шықпен, жамыраған жапырақтар ылғалымен бүркілген тамылжыған түннің тұманын жаңа ғана сілкіп тастаған жарқыраған жаз таңы секілденіп, біздің жан жүрегімізге ене бастайды. Ол өзінің шипалы салқын лебімен бізді бет-жүзімізге абайлап қана үрлеп, тыныстап өтеді.
Шабыт — ғажайып кездесулерді, айтуға тіл жетпейтін жәудір көздерді, жымиып күлу мен үнсіз ұғысуларды жүрегің күні бұрын сезіп түйсінетін алғашқы махаббат тәрізді.
Сондай кездері біздің ішкі дүниеміз, беймәлім бір сиқырлы аспап тәрізді, тіршіліктің күллі дыбысына, оның ең бір елеусіз, ең бір жасырын әуен-әуездеріне дейін, қапысыз қағып алатындай болып, елгезектеніп, елеңдеп тұрады.
Шабыт туралы жазушылар мен ақындар көптеген тамаша өлең жолдарын жазған. "Но лишь божественный глагол до слуха чуткого коснется" — "Елгезек құлақ ержүрек сөзге елеңдеп" (Пушкин), "Тогда смиряется души моей тревога" — "Беймаза жаным сонда ғана жай табар" (Лермонтов), "Приближается звук. И, покорна шемящему звуку, молодеет душа" — "Әуен келеді әндетіп, сол әуезге жүгініп, жаның түлер жаңғырып" (Блок). Шабыт туралы мерген сөзді Фет айтқан: (жолма-жол аударма).
Жел қайықты итер де өзенге сал
Су жалап тегістеген құм үстінен,
Бір толқынмен қарғып шық басқа өмірге,
Гүлденген жағалаудың самалын сез,
Торыға көрген түсіңді бір дыбыспен бұздағы,
Кенет қандыр шөліңді беймағлұм, таныс кәусардан,
Күрсінгенге өмір бер, құпия азапты бал тәттіге айналдыр,
Қас қаққанша бөтенді өзімдіксің деп сезін...
Тургенев шабытты "тәңірінің жақындауы", адамның оймен, сезіммен арайлануы деп атаған. Ол осынау арайлануды сөзге айналдыра бастаған кездері жазушының ел естімеген азапқа түсетінін сескене отырып айтады екен.
Әсілінде, шабыт туралы жұрттың бәрінен де қарапайым етіп айтқан Толстой: "Шабыт дегеніміз — істеуге болатын нәрсенің кенет ашылып кетуі. Шабыт қаншалықты жарқын болса, оны орындау үшін қан мен терің шыққанша, соншалықты көп жұмыс істеуге тиіс".
Алайда біз шабыттың не екенін қаншама рет анықтағымыз келсе де, біз оның жемісті нәрсе екенін, адамдарға өзін тарту етпей тұрып, із-түзсіз жоғалып кетпейтінін жақсы білеміз.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі