Өлең, жыр, ақындар

"Айқап" пен "Қазақтың" айтысы

ХХ ғасырдың бас кезінде, саяси ахуал ушығып тұрған уақытта жарық көрген газет-журналдарға көз жіберіп, сырын ашып, ақтарып көретін болсақ, олар отаршылдықтың үскірік желі шалып өткен Қазақстанның тарихынан, әдебиетінен, мәдениетінен, шаруашылық жайларынан деректер беретінін анық байқаймыз. Әрине, замандас басылымдар бірімен-бірі ара-тұра байланыс жасап тұрғаны да белгілі. Соның ішінде ерекше бір интригамен айтылатыны - "Айқап" пен "Қазақтың" айтысы. Жиі пікірталасқа түсіп жүрген басылымдар тартысы негативті бағытта баяндалып жүрді. Оған әсер еткен, сөзсіз, солақай саясаттың тарихты бұрмалауы еді. Айбарлы екі басылымның арасындағы байланыс шын мәнінде қалай болды? Тарқатайық.

« "Айқап" пен "Қазақ" арасында кей мәселелерге келгенде пікір алалығы кездесті. Дегенмен, ол мақсат бөтендігінен емес, соған жетуде ұстанған жолдардың әртүрлілігінен туындап отырған десек орынды болар. Шын мәніне келгенде, қос басылым да қазақты төрге сүйреп, ағартып, кемел елге айналдыруға талпыныс қылды. Бірақ оған жету үшін екі түрлі, бөлек-бөлек жолды таңдады.» - деп пікір білдірген алаштанушы Қайрат Сақтың сөздері орынды да ойға қонымды. Сондықтан біз бұл мәселеге келгенде объективті ойлап, екі басылым араз болған, екі басшының арасы суық болған деген біржақты пікірден аулақ болуымыз қажет. Бұл сөздерді Бейімбет Майлиннің «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 138-санында жарияланған мақаласындағы: «Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі. Бірақ ол тақырыпта араларында дұшпандық жоқ. Себебі екеуінің де түп мақсаттары бір еді», – деген сөздері айғақтай түседі.

Ал, алауыздық фактілері жайында айтылған пікірлерге тоқталар болсақ, Нығметолла Күзембаев негізгі талас туғызған мəселелер съезд шақыру, жерге орналастыру жəне əліпби түзу жөнінде болғанын нақты көрсетеді. Және  Бейсенбай Кенжебаевтың жазуынша да дәл осы үш мәселе бойынша екі басылым басшылығы бір пікірге келе алмаған.

Бірінші, «Айқап» пен «Қазаққа» жарты жылдан аса уақыт «азық» болған тақырып - басқосу, яғни, съезд шақыру туралы пікірталас. Ұзаққа созылған пікірталастан көп жабулы қазанның беті ашылып, басылымдардың прогрессивтік жиілігі өсті. Соның нəтижесінде ғасыр басындағы қазақ даласының көкейтесті де күрделі мəселелерінің тұңғыш рет пердесі түріліп, жұртқа баян болуына қол жеткізілді.
Бұл сөздерді М.Дулатұлының " "Қазақ" та, «Айқап» та өз бетімен келе жатқан кезде сəтсіз күні басталған басқосу мəселесі шыға келді" – деген пікірі қуаттай түседі.

Екінші, жер мəселесі турасында "Қазақ" «Айқап» журналын шығарушылармен бір пікірде емес екендіктері туралы өз материалдарында сөз етеді. "Екі жылдан бері «Айқап» журналы қала болу керек деп жазды. Қала болған қазақ оған қарап қала болған жоқ, болмаған жұрт артық қобалжыған жоқ», – деп біраз жайдан сыр тарқатты басылым. Дәл осы жер мәселесі және «Үшінші дума һəм қазақ», «Көшпелі һəм отырықшы норма», «Қазақ һəм жер мəселесі», «Сусағанның түсіне су кіреді», «Жер жұмысына дін жұмысын қыстырмалау», «Аңдаспаған мəселе турасында», «Жер жалдау», «Он төрт тоғыз бола ма?» мақалаларында да қозғалады.
Алайда, екі басылымның да ойлаған мақсаттары бір болды. Ол қайткенде де қазақ жерін отаршыл күштің қолжаулығына айналудан қорғап қалу мұраты болатын. Бірақ, оған жетуде екі жолды таңдады. "Айқап" патша үкіметінің Қазақстанды отарлау саясаты мен толассыз қоныс аударушылар легінің екпінінен қаймығып, қазақ жерін сақтап қалудың бірденбір дұрыс жолы келімсектер сияқты 15 десятинадан жер кестіріп алып, отырықшылық тұрмысқа көшу деп ұғынды. Сол бағытты қолдап, бұл істе өздері де үлгі көрсетті. Ал, «Қазақ» газеті төңірегіне топтасқан Алаш азаматтары отырықшылық тұрмысқа қарсы болды, себебі, таптық мақсат көздеген жоқ, адамдардың теңдігін қалады. Отырықшы норманың отаршыл мазмұнын ашып көрсетіп, аңқау елді алдап, қақпанына түсіруді көздеген құйтырқы саясаттың сырын түсіндіруге күш салды.

Екі басылым арасында айтыс туғызған үшінші мəселе – қазақ жазуы жөніндегі пікірталас. Әр тұста мәселеге екі жақты қараған "Айқап" пен "Қазақ" қаламның ұшынан шыққан сөздерін, ұшқыр ойларын сайыстырды. Авторлар бірін-бірі жығуды емес, бір ойды екіншісімен салыстырып, дұрысын ұғуды көздеді десек артық болмас, сірә. Дүниеде екі əділ сыншы бар: бірі – халық, екіншісі – тарих. Бұрынғы рухымызды байлап ұстаған шынжырдың дәуірі кетті, қазір ойымыз тұсаудан, сөзіміз кісеннен азат. Тарихтың толқыны ана жарға бір, мына жарға бір соғып, мың бұралаң жол көрген екі басылым арасындағы айтыс тарихы да дәл солай бұрмаланса да, бүгінгі күні қатпарларды қайта қарар күн туды. "Көре-көре көсем боласың" - дейді ғой қазақ. Көре-көре екі басылымның бой сынасқан білектілер емес, ой сынасқан білімділер екеніне көзіміз жетуде. Бүгінгі күні тарихтан жолын тауып келе жатқан екі басылым арасындағы осы бір парасатты шындық, ертеңгі күні халық көкейіне де нық орнары хақ.

Мейрбек Баян Мұратбекқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Журналистика факультетінің 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер