Өлең, жыр, ақындар

Жалғыз ұлдың келіншегі

Пенсияға шыққан шыққан төрт-бес айдың арасында Нұрханның өзгеріңкірегенін әйелі іштей сезіп жүр. Бұрынғыдай емес, күрт жуасығандай. Жиырма бес жылды әскери қызметте, одан бері уақытын милиция саласында өткізгені тап-тұйнақ жинақылыққа, бетің, жүзің бар демейтін турашылдыққа дағдыландырған. Өткір көздері жалт өткенде, алғаш көрген кісі де дереу бойын жинап қыпылықтайтын. Нұрханға батылы жетіп, жалған сөйлейтіндер бұл аймақта кемде-кем. Сары мотоцикліне мініп, совхоздың бұрыш-бұрышын аралағанда, «мықтысымған» бұзақыларың оның алдынақұрдай жорғалап шығатын. Ұры-қарыныбір қарағаннан айнақатесіз шырамытып, соңынан ергізіп жүре беретін-ді. Енгезердей түр-тұлғасына өрлігі қосылып, былайғылардың еңсесін басыңқырайтын иықтылыққа ертеден машықтанған. Сол сес пен сұстылықтың қазір қайда жоғалғаны белгісіз. Біртүрлі пәс, қабағы салыңқы.

— Бұдан да со жұмысы жақсы еді пақырдың, түнерген түрі құрысын, — Ғани қабағының астымен күйеуінің сәл қимылын қалт жібермей, кесек-кесек ет турап жатыр. Шұжық дайындауға бөлген майды қайда қойғаны есіне түспей жан-жағын абдырай тінтті.

— Сенекте екен ғой.... әй, Нұрхан, әкеле Түртінектеп, манадан мылтығын тазалаған Нұрхан жақтырмағандай бұрылдыңқырай, қайтадан төмен шұқшиды. Әйелінің өтінішіне құлақ аспағандай. Қолдарына пышақтың жалаңдаған жүзіндей жәйсіз тиген суық еттің майын жалма-жан табаққа тастай салды.

— Адыра қалғыр, алақанымды қарып жіберді ғой... тек маған керек пе, әй, осының бәрі...Жауап бермек түгілі мойнын да бұрмады Нұрхан. Ынта-зейін тізесіндегі мылтықта. Шұғыл қажетіндей-ақ әрлі-берлі аудара ақ матамен әлсін-әлсін сүрткілеп әлек. Даусын зілдендіргенмен, бұнысына ешкім назар аудармағасын, Ғани күйбің шаруасын жалғастырып, ішектерді айналдыра бастады.Ақпанның шыңылтыр аязы терезелердің қос әйнегін қалың қыраумен өрнектеп, адуын желі сыртқықақпаларды тарс-тұрс соғады. Айқара ашылған есіктен құшақ-құшақ бу қабаттаса көшіп кірді. Ұзақты күн бір-біріне зер салмаған Нұрхан мен Ғанидың көздері жылы ұшырай енді ғана жүздескендей, қар жабысқан жағасын сіліккен Саятқа тағатсыздана жалт бұрылысты.— Не жаңалық?!

— Иә, не жаңалық...Әке-шешесінің қойған сұрақтарын елемеген Саят төрге озды.— Айтсаңшы ... Ғанидың тамағы құрғады.

— Жолай соғуға үлгермедім, бүгін хабарласқан жоқпын әлі... телефон бар ғой, өздерің білсеңдерші...Нұрханды әрі кінәлі, әрі асықтырғандай, телефонмен екі ортаға алма-кезек жалтақтаған Ғанидың төзімі таусылайын деді.

— Өзім-ақ барып қайтайыншы...бүйткен білімдерің де, жұмыстарың да...

Сенектен әлдекімнің тарсылдатқаны естілді. Оқыс түрегелгенде,белі кілт үзіле шаншыған Ғанидемін ішіне бүкті. Келінін перзентханаға әкеткелі, сәл тарсылға жүрегі алып ұшатын әдет тауыпты. Міне, жетінші тәулік, сабырдың да шегі бар, жаңалықты күте-күте тіпті бір-бірін жалықтырғандай. Таңертеңнен Нұрхан екеуінің тұнжырап, сіркелері су көтермей отырғандары да сондықтан. Күндіз-түні сыбдырға алаңдай-алаңдай қатты шаршапты. Ғанидың тізелері дірілдей жөнелді. Аржақтан есіктің тұтқасы қашан тартылғанша әрең шыдады. — Сүйінші ... Нүке, сүйінші... апай... жүздері жайраң қағады. Күйеу балалар да жымыңдап, қайын аталарына батыңқырамай момақансып жүр.Кереуетте теріс қарап жатып алған Нұрханның қабағы ашылғаны бүгін шығар соңғы жұмада. Жиендерін тізесіне отырғызып, айналып-толғана қанша иіскеп-сүйсе де мауқы басылар емес. Ренішін сейілткен балғындары жанынан ұзатпайермек қылды. Желкілдей өскен жапырақтарына-жиендеріне емірене қарап, өзінің алпыстан асқанын тұңғыш рет мойындады.

— Аз ба, көп пе адам баласының алпыс жыл жасауы?! Көзімді жұмып, өткеніме үңілсем, көп сияқты, көзімді ашып, алдымды болжасам, аз сияқты. Міне, қайда жатыр гәп... кешегі қырғын соғыста кәрі құртаң, қатын-қалаш, буыны бекімеген өзіндей тобанақтарымен қосылып, колхозда күні-түні дамыл таппай еңбек етті. Жасын ұзартып, он жетіге толмай майданға аттанды. Қанды шайқастың шет жағасын ғана көрді, бел шеше енді-енді ұрысқа кіргенде, жеңіс те жеткен. Содан кейін Отанның қиыр шығыс шекарасында қызмет етті. Бірақ туған жер қайда жүрсе де тартты да тұрды.

Ұзақ мерзімді әскери қызметке қаларда демалысқа ауылға келген. Со жолы қарт әкесі Ғайниды қосып жіберді. Бұлардың әулетінде үлкеннің, үй иесінің пікірі жаратқан иелерінің бұйрығындай қабылданатын. Қиын-қыстау кезеңдері ағайын-туғандарының басы қосылып, жарты дәнді бөле жейтін, «менікі», «сенікі» демей, дүние-мүлкін ортада, қанша есін жиғанша, жадау болғанымен, тату-тәтті ортада жүргенін біледі. Азамат атанғанда да қара шаңырақтарының қалыптасқан дәстүрінен аттамады, әке тілеуімен Ғайнимен қол ұстасып, міне, қырық жылдан асты, ғұмыр кешіуде. Атадан таралған берік салттың тамыры шіріген-ау, әйтпесе ұлыныкіне жосық, ешқайсымен ақылдаспай, үйленгені өз алдына, жә, көңілінің қалауы делік, мына саппастығын қалай санасына сыйғызар? О заман да, бұ заман, әке тұрғанда, қатарластары тұңғыштарының аты түгілі затын иемденуге қымсынатын еді ғой күні кеше. Екі жастың бірін жасамай бүгінгілер неткен өзімшіл, неткен пысық. Талай жылды шалғайда өткізгенімен,ата-бабаның көкейіне қонған жөн-жоралғысынан, ғұрпынан жаңылған тұсы кемде-кем. Жарықта жүргенімен, ағайын-туғаннан қол үзбеді, зәузатының ақ сақалдысы алдынан кесе-көлденеңдемеді, кәрия сөзін жерге тастамады...

— Нұрханның ойын қыздары бөлді, қонақтардың жиналғанын ескертті.Ортадағы столдың айналасы кісілерге лық толы. Дөңгелек екі табаққа үйеме салынған еттің буы бұрқырап, қазы қартаның исі танау жарғандай.Нұрхан төрдегі орындыққа жайғасты. Бәкісін тазалап, асықпай ет турады. Ең алдымен жиендерін жарылқап, содан соң басқаларына ет мүшелерін бөле таратты.

— Ал, дәмнен ауыз тиіңдер, — деді майланған қолдарын ақ сүлгімен сүртіп жатып, — алыстан балалар кеп қалғанекен, солардың құрметіне сендер де бірге болсын деп шақырдық... бұлар өзі көп мазаламайды, анда-санда соғады және бүгінгідей бірігіп келмейтін... осылай әке-шешелеріңді сыйлап өтсеңдер, ендігі шақта не керек бізге, ештеңе де керек емес... аман жүріңдер, жасы үлкенді тыңдаңдар, ертең бәрің де қартаясыңдар, «өзі болған қыз төркінін танымастың» кебін кимеңдер...

Тілектер легі жалғасып, ара-тұра ән шырқалды, домбыра тартылды. Бірте-бірте Нұрханның маңдайы жіпсіді. Ас бөлмесі мен екі арада жүрген Саят әке қабағындағы өзгерісті байқаған сайын қимылы ширақтанып, жүзі жадырады. Сөз кезегі үлкен жездесіне тигенде, шеткі орындыққа маңғаздана асықпай жайғасқан.

— Немерелеріңіздің бауы берік болсын! Біз де ести сала дереу асықтық осылай қарай... Мынау көрімдігіңіз... — Төс қалтасынан суырып, төрге ұсына берді көк конвертті жездесі.

— Қажет жоқ маған ештеңенің де, бер, әне, өздеріне... — Нұрхан қолын да созбады. Отырғандар біртүрлі ыңайсызданып, бөлмені тыныштық биледі.

— Е, оған емес, әкелші маған, о, несі-ай, — Ғайни зайыбының оқыстау естілген сөздерін жуып-шайғанымен, мұнысы шашыраңқы, күйзеліңкі шықты. Жоғарыда қалқи тұрып қалған конверттің иесін күйеу баласын аяп, жалма-жан орнынан қозғалған. Белі құрғыр қайтадан сылқ еткізіп, соза берген білегін де көрсетпеді. Әлдекім конвертті алдына тастады-ау әйтеуір.

— Сендер тамақ алыңдар. — Демдерін ішіне бүккен қыздарына бұрылған Нұрхан ештеңе де болмағандай, әңгімені мүлдем бөлек арнаға бұрды.

— Анау қағаздарымды жаңартып, баспаханаға бастырып беріңдерші, әбден сарғайыпты. Отырғандар қабырғаның жоғарғы тұсына мойнын созды. Рамаланған әйнектің астындағы газеттің қиындылары сарғайған, ескіріпті. Сонау елуінші жылдары еліміздің жоғарғы Советіне депутат боп ұсынылған, сайланғаны жөнінде өзнің өмірінен жазылған мақалалары ыждаһаттылықпен ілінген. Атақты қоғам қайраткерлерімен түскен суреттер де бар ішінде. Тағдырының ең мазмұнды, ең мәнді шағынан хабардар еткендей анау газет бетіндегі көмескі тартқан жазулар.

— Сонда қалайша... — деп қалды кіші күйеу, кітап қылып па, әлде..

— Жоқ, мына газеттің дәл өзіндей етіп жаңартсаңдар жеткілікті... жә, ретіне қарай көрерсіңдер оны... неғып үндемейсіңдер, астан неге алмайсыңдар, ән айтыңдар... дүниеде не жаңалық болып жатыр осы...

Әлгі әзірдегі жәйсіздікті Нұрханның өзі сейілтіп,отырғандар қайтадан көңілдене бастады. Тек қана үлкен күйеудің өңі түнеріңкі, қайын атасының қолын қаққаны намысына тигендей, міз бақпастан отыр, жөндеп ас та ішпеді. Шәйдің соңын ала «кетейікке» басты, машина руліндегі сол болатын. Істің насырға шаппауын тілеген қыздар тілдерін тістеп, үнсіз келісті. Әуелде қонуға ұйғарған. Түннің бір уағында моторды қыздыруға әжептәуір уақыт кетті. Кішкентайларын орап-қымтап, шешелері берген түйіншектерін күйеулеріне ұстатқан екі қыз сүлесоқ аттады табалдырықтан.

Машинаға беттеген күйеу баласын Ғайни оңаша шақырып, Нұрханды ақтай сөйледі.

— Айналайын, бұл арада саған қатысы дәнеңе жоқ, о шалдың ашуы әлі басылмай жүргені... қалай түсіндірейін... әлгі баланың есімін өзі қойған, сөйтсе келін мен ұл басқаша жаздырыпты куәлікке, қырсық содан басталған... керек десең, немересіне әлі үңіліп қараған да емес... қайта сендер келгесін жібігені, әйтпесе мүлдем қырын кеткен...білесіңдер ғой қырсықтығын... Ғайнидың бетінен сүйіп, құшақтай қоштасқан қыздары, күйеу балалары басқаларының қолынан қысып, мұңая кете берді. Төсекке шалқасынан түсіп, төбеге тесілген Нұрханның аяқ жағына жантайған әйелі біразға шейін үнсіз жатты.

— Әй, — деді біраздан соң өктем үнмен, — осы сенің не ойлағаның бар, қартайғаныңды неге мойындамайсың, неге тіліңді тыймайсың, балалардың көңіліне неге қарамайсың, әкіреңдеуіңді доғарт, милициялығыңды көрсетпе бұдан былай... Жөн-жосықты сақта, орныңды біл...

— Өй, сорлы-ау сол, тыныш жат, — Нұрхан іргеге аунап түсті, — мені бәрібір жұмсарта алмайсың, әуреленбе, жібиді деп миыңа кірмесін... қолыма да ұстамаймын, кеудеме де қыспаймын... Әкесі екенін сездірді ғой, өбектесін өздері... маған енді ештеңенің де қажеті шамалы... тек құлағыма тыныштық беріңдер... балалардың көңілі... қарай гөр... менің көңілім ше, менің көңіліме неге қарамайды олар... өй, сорлы-ау, үлкенге де кішіге иіліп-бүгілген сорлы...

* * *

— Бала емес, пәле туғандай болдым ғой. — Көз жасына булыққан Баян тұншыға қыстықты, — бәріне кінәлі сен, папамның тілегін жеткізбедің, қайдан білейін... Саят, Самат деп ойлағамын әуелде... Жарты айдан асты, бізді көрсе, теріс бұрылады... басқасын санамағанда, келімді-кетімді кісілерден ұят...

— Енді не істейік? — Саяттың өңінен шарасыздық аңғарылды. Екі оттың ортасында жанұшырғандай соңғы кезде. Үйдегілердің қас-қабағының құлына айналса да, мұнысын елеп-ескерер ешқайсысы жоқ. Әкесі тастүйін, келіншегі берекесіз әңгімемен күні-түні миын жейді, шешесі бүк түсіп жатып алатынды шығарыпты. Апалары да ренжіп кетті. Шынында, бәріне кінәлі өзі.

— Бар да куәлікті қайтадан жаздырт, басқа еш амал жоқ, — деді Баян. Жаңағыдай емес, үні ширақ. Құндақтаулы сәбиі қыңқылдп жылай бергесін омырауын тосты. Борс-борс емген нәресте көзін тарс жұмып, рахаттанып жатыр.

— Бір сенің төңірегіңде қанша шу, ал бұдан өзің хабарсызсың, әй, ботақан-ай, жарық дүниеге көзіңді ашып үлгермей апшымызды қуырдың, өсе келе қайтесің, ә...

Мына босағадан аттағалы ата-ене тарапынан иненің жасуындай қағажу көрмеп едім, қыздарындай аялап, мәпелегенде, тектен-тек қарашы, күнәға белшемізден батқанымызды... Әсіресе мамамызды қатты жүдеттік-ау, балапан... ішінен тынып әрең жүр, бейне-бір өзі кінәлідей-ақ бәрімізге құрақ ұшқанымен, иығындағы жүгін жеңілдетер қауқар бізде болмай тұр-ау... әй, ботақан, ботақан... жалғыз ұлдың келіншегі болудың қиындығын кім сезіпті, бұған мән де бермеппін ғой... Сөйтсе ұқпайтын жәйттері әлі де шаш етектен екен... иемденіп нем бар еді сен жаманды...

Саяттың жуастығы-ай, тым құрыса айтпай ма, папамның «Сәкен» деп атағанын... көзіне құбыжықтай елестейтін шығармын папамның, келгеннен бері сені бауырына басып, бір де иіскемеді ғой, балапан... сірә, енді жуымас та, мінезінің қаттылығын елдің аңыз қылуына қарағанда..— Баян өз ойынан өзі шошыды.

Бейкүнә мынау дәрменсіз бейбақты атасының жек көруі мүмкін-ау деген күдіктен зәресі ұшты. Жиырмаға толған Саятты да сырт көзден қысылмай аймалайтыны, кішкентай баладай айналып толғанатыны кездесетін, сондайда Баян күліп жіберуге шақ қалатын. Еңгезердей жігітті әкесінің еркелетуі тым-тым қызық көрінетін. Соған қарап, атасының жұрт аңыз қылатын «қисықтығын, қыңырлығын, бірбеткейлігін» көре алмай талай таңғалған. Бірақ маңайындағыларды тілсіз бағындырарлықтай қасиетін түйген зердесіне. Алдынан аттап басуға, тіпті даусын қаттырақ шығаруға да батылы жетпейтін. Осының бәрінде әдемі үйлесім, іштей ұғынысып, сыйласу қылаң беретін. Сөйткен жарасымдылық ұсақ-түйектің кесірінен астаң-кестең. Жергілікті селолық советке Саятты әлденеше рет жібергенімен, түк те мандытпады. Біресе «ешкім жоқ», біресе «кейін кел деді», біресе «ауданға кетіпті» деген тәрізді сылтаумен оралады үйге. Әлде соқпай ма, барғаны өтірік пе, Баян кейінгі кезде секемдене бастады.

— Жә, қойшы енді, — деп тиып тастаған келіншегінің кезекті сұрағын аяқтатпай, — қағазға жазылды, бітті, түзетудің де қажеті жоқ, басымды қатырма.

Қосылғалы жарынан мұндай тұрпайылықты аңғармаған. «Басымды қатырма» дегені маңдайынан таспен соққандай әсер етті. Ал кеп жыласын оңашада. Онсыз да қамыққан көңілі одан әрмен босап, ұзақ солқылдады. Ұрысу табиғатына жат, тіпті әлдекімнің жәбірлегеніне жауап беруге қымсынатын. Саяттан дөрекі сөз естігені санасына сыйсашы, сүйкімді сәбиі де алдандырып, ренішін тарқатпады. Немересін күн аралатып, тұзды суға шомылдыруға, болбыраған денесін қойдың майымен сылап-сипауға әбден көндіккен енесінің іс-әрекетін самарқау бақылап, өз үйінің тірлігіне өзі жатырқай береді. Бөтен кісідей оқшауланып, бөлмесінен шықпайды. Атасы да бәз-баяғыдай томаға-тұйық. Саят жұмысқа ерте кетіп, кеш қайтады, ештеңемен шаруасы жоқ. Қыстың ызғары да со қалпы, жуырмаңда бетінің әрі қайтар шырайы аңғарылмайды. Орталық жылу жүйесіне қосылған төрт бөлмелі үйдің іші қоңыр салқын, кішкентайға салқын тимесін деп, электр пешін қосқан. Өткендегі ойын жүзеге тезірек асыруға тырысқан Баян куәлікті өзі ауыстырып алуға ұйғарды.

Күннің ашық райын пайдаланып, далаға шыққан. Бұлардың совхозы етек-жеңі кең алқапқа орналасқан, көшелері ұзын, екінші шетіне жетіп болмайсың. Көптен жаяу жүрмеген, әрі күртік қарға түсе беріп, әбден титықтады. Бірен-саран қарсы ұшырасқандар бас изесіп өтті. Көбін танымайды бұ жердің, әлі жұмысқа да орналаспаған.

— Бұйымтайыңызды айтыңыз...

— Мынаны өзгертіп берсеңіз... Баян куәлікті столдың үстіне тастай салды. Шәшін ақ селеу шалған байсалды әйелдің инабатты жүзі аптыққан ішкі толқынысын басқандай, еркін сөйледі. — Өзгертіп бермесеңіз, жағдай қиын, өте қиын, түсінесіз бе... біз қателесіп...

— Түсінбеймін... не сонша... бәрібір емес пе?

— Жо-жоқ, бәрібір емес, көмектесіңізші, апатай...

— Кешіктіңдер... тіркеліп кеткелі қай заман куәліктің... үкіметтің мөрі мен қағазы ойыншық емес қой...

— Сіз атамды танисыз ба? О кісіге ұнамайды бұл есім... о кісінің көңілін қалдыруға хақымыз жоқ... көмектесіңізші құдай үшін...

— Неге ұнамайды, «Самат... қандай жақсы... бүгін қабылдамасы ертең ұнатар... ренжіме, қызым, қолымнан келмейді... ту-у, неге сонша қапаланасың... кейін Сәкен де туар дүниеге, жас емессің бе? Ал, мынаны умаждамай жөндеп ұстаңдар.

Баласының куәлігін ақ қағазға орап, төсіне тықты. Манағыдай емес, жел ұрып, сырма бораңдатып тұр. Ақша қар -аппақ әлемнің үстінде мыңдаған жылан ирелеңдейді, ысылдаған демдеріне шейін саңлауын тесе үркітеді. Пальтосының етегін артқа ысыра нақ алдынан соққан суық жел дес берер емес. Қойны-қонышынан сумаңдай кіріп, өнбойын діріл билей жөнелді. Түбіт шәлісін маңдайына түсіріңкірей орап, жағасын қымтады.

Бұ не деген ұзақ жол, үйі көзұшында әрең бұлдырап, жақынарада жеткізер емес. Туған ауылындағыдай жан-жағында қалың жынысы жоқ, жалаң төскейде орын тепкен жаңа мекен жайының ыстық-суығына әлі көндіге қоймағанынан ба, азынаған жел соншалықты мейірімсіз көрінді. Төңірегі де қатігезденіп жер-көкті аласапыран жайлап барады.

— Әттеген-ай, — деді іштей өзі өкініп, — мұншалықты күрделі екенін кім біліпті, оп-оңай шешілетін жәйттің әуре-сарсаңға салғанын... жаңалықты тоғыз ай тосқанда, ұл туып, өзін тіршіліктің әміршісіндей сезінгенде, болымсыз нәрседен осынша қиналармын деп пе сірә... Мойындағаны дұрыс, атасы оқыс мінез танытпаса, анау сәбиіне басқа да еншілік етер жандар бар екенін әлі де ұқпауы неғайбыл, тіпті ұққаны да шамалы... тек қана өнбойынан қаһар төгілген анау атасының алдындағы айыбын өтеуге құлшынғаны анық. Атаның айбатында өзіне жүктелер көптеген талап-тілектің жасырынғанын түйсінген сайын Саятқа ызаланды.

Жуастықтың да шегі бар емес пе, құрсын мұндай момақандығы... дүниеде бала тапқан жалғыз соның әйеліндей-ақ ыржыңдаған түрі жаман еді со жолы... сенің айтқаның заң деп қипықтағаны құрсын... қуаныштан не айтып-не қойғанын есептемеді ме екен әлде... өзінің де таңғажайып ерлік жасағандайкүйге бөленгені рас еді ғой... сол әсердің күшімен алды-артын бағдарламапты...

Баянның кеудесі сыздады. Шамадан тыс кешіккенін болжап, адымын тездетті. Тағы да оппылай малтығып, пимасының қоншын толтыра еріген қардан балтыры, аяғы жіпсіп, денесі тітіркенді. Тұлабойы мұздап, қашан үйге жеткенше асыққанымен, қыс бойы аттап баспағанынан ба, жүрісі өнбей қойды. Белі төмен тартып, удай ашығасын сәл тыныстаған. Сырма боран үстемелей үрлеп, кеңістік атаулыны әлдеқайда көшіріп жіберетіндей тым ашулы, тым адуынды.

Төбе-төбе қар үйінділері әр тұста қалқиып, анадайдан көзге шалынады. Сырғанақ тепкен балалардың боранды да аязды да елейтін шамалары жоқ, шаналарын әрлі-берлі сүйреп, жоғарыдан төменге зыр-зыр. Қардың үстінде құстай самғайды қай-қайсы да. Соларға назар аударған Баянның қалтырағаны басылайын деді.

— Ұзақ аялдадың ғой... — Енесі дереу қолына сыпырғыш ұстатты, — құлағыннан саумысың, тез шеш пимаңды, пальтоңды... шырағым-ау, қарға аунағасың ба, не...

— Ештеңе...Баян есіктің түбіндегі орындыққа отыра кетті, — ештеңе де бітірмедім, текке барыппын, жасамай қойды...

— Тәйірі-ай, қыңқ етпе, -Ғайнидың даусы жарқын-жарқын шығады, — анау жаңалықты қарасаңшы сен... ақ түйенің қарны ақтарылды... бәсе, неше жерден тас болса да, қалай төзер екен деп ойлағанмын... құдай-ау, тірі жан жас балаға шыдар ма әсте...

Баян ортаңғы бөлмеге шапшаңдай басып, әрең тоқтады. Есіктің әйнегінен көріп тұр, атасы Саматты құшақтап, әуендетіп жүр ерсілі-қарсылы. Емірене иіскеп қояды.

— Патша бала ғой біздің, дана бала ғой біздің... алданышым, жұбанышым... мейлі Самат-ақ болшы, құдай жолын оңғарса, Сәкен де келер күні ертең... айналайын патшадан, айналайын Саматтан... айналайын...

Үйдің ішіне сәуле жүгіріп, Баянның еңсесі биіктеді. Мерейі тасып, бал-бұл жанған жүзінен лезде шаттық лебі есті. Манағы бейтаныс әйел мен атасының ақылдасқандай-ақ «Сәкен де келер»... деген сөздерінің бірегей шыққанын жақсылыққа жорыды. Тұңғыш рет келін екенін және кімнің, ел-жұртына беделді, жерлестерінің мақтанышына айналғанымен тентектеу атаның келіні екенін көкейіне түйді. Көлгөсір мейірімді де енді оянып, жасап үлгергеніне сенген керемет ерлігін де енді тындырған сияқты. Өзінің ана екенін де қазір ғана сезіп -білдіргендей. Қайын енесіне үнсіз жымыңдайды. Қалайша қасына жақындап, көкірегіне басып сүйегенін аңғармайды. Жіп-жіңішке, сүйектері арбиған салалы саусақтар шашынан сыйпады, иығынан ауыр жүк түсіп, тұлабойы жеңілдеп сала берді Баянның.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз