Өлең, жыр, ақындар

Обал дүние

Қайсыбірде сол Құсатай мұның түсіне кір­месін бе... «Мені жоғалтып алдыңдар ма, дейді ол. — Бекер, оларың. Мен мәңгі ора­лып соғып жүремін. Құдіреттің бар екенін естеріңе салып отыру үшін. Тәубәге келіп отырмай опа таба алмайтындарыңды ескерту үшін...

Одан бері қанша қар жауып, қанша су ақты. Мұндағы жұрттың жаңа қонысқа көтеріліп, көшіп кеткеніне талай жыл. О кездегі қылшылдаған жас жігіт, міне, ал­пысыңды алқымдаған. Осы жердің иесі. Оған жекешелендіру кезінде қол жетті. Әкенің аяқ таяғын ұстап қалған малсақтың алдында екі отарға жуық қой, екі үйір жылқы, екі табын ірі қара. Жалдамалы мал­­шылары және бар. Қонысы орталық­тан шалғайлау еді, ешқашан ешкімнің қаперіне кірмеген оқиға — Батыс Қытай мен Батыс Европа жалғастыратын автобан атты жол құрылысы, Алматы-Ташкент трассасын жағалап келіп, ұлы асуға кіре берер жерде, кілт бері қарай тартып, дәл осы жердің қақ ортасынан өтіп барады. Қуанбай көр. Әсіресе, інісінде жан жоқ. Алтын тауып алғандай халде. Әдеп­кіден бірді екі, екіні үш етуге епті бауыры Ал­матыға қалай барды, солай табыс таба­тын талай шаруаның шаңын шығарған. Кең сарайдай котеджі, супер маркеті, дә­рі­­ханасы, жанармай станциясы, тағы немене, бар, біраз дүниесі. Әйелі де ақша жа­сау мәселесінде бір, айналайын. Шү­кір, деп келеді, бұл. Мына малдың жартысы да інісінің еншісі.

Автобан құрылысы бері таяп қалғанда іні­­сі қайсыбір күні қанжардай қатқан қаба сақалдыны ерте келді. Жобалаушы, деді ме, қағаз сызған біреу. Інісі екеуі қа­зір топырағы тозаңға айналып, жылан ор­дасына дейін тегістеліп жатқан жа­за­лаңды ары да, бері де айналған. Дәнеңе түсінбеген бұл жөнін сұраса, бауырынікі құдай берді-нің әңгімесі. Бермегенде немене, ендігі жерде қиырдағы Қытайдан, қиян­дағы Европаға ары да, бері де, күн­діз де, түнде де автотранспорттар ағылып жа­т­са. Ағылып жатқан адамдарға аялдап, ауқаттанып, көз шырымын алып де­­гендей, жер керек пе. Енді қалай. Күн шығыс жақ елсіз қу дала, күн батыс жақ асу, алты ай қыс ақ түнек боран, алты ай жаз аңыраған жел... Ал мына жер нулы-сулы, ықтасын, айналасы көз жауын алатын көкорай. Кафесі, шағын қонақ бөлмелері, жанармай және техникалық қызмет көрсету станциялары бар заманауи комплексті құрылысқа бұдан артық не керек. Айналасына ағаш егіледі. Бірнеше гүлзарлар және болады. «Сонда оның ана алаңқайды түгел ала ма?» деп сұ­раған бұл. «Енді ше». «Жылан ордасы бар емес пе». «Ой, аға-ау, ол кімге керек...» «Құдайдың жанды қылып жарат­қа­ны ғой...» «Құдайдың шаруасы — құдай­дың шаруасы. Біздің шаруа — біздікі, аға...» «Қой, өйдеме». «Енді қайт дейсіз?» «Құдай­сыз болмайды ештеңе». «Аға-ау, бүгін жиыр­ма бірінші ғасыр ғой». «Болса ше». «Ес­­кілікті әңгіме-ертегіге елти бермеу ке­­­­рек». «Япыр-ай, енді...» «Ендігі жерде ерік өзімізде. Бәрінен тәуелсізбіз».

Сөздері жараса қоймаған. Інісінің ал­ған бетінен қайтпайтынын білетін. Ба­ла кезден сондай. Ойына алғанын істемей қой­майды. Жағаласып, жаға жыртысып жа­татын мінез жоқ бұда. Оның үстіне жағ­дайына қарап, жаны қалмай жүрген жалғыз бауыры. Көшкен жұрттың орнына кең сарайдай екі қабат үй салдырып бер­ген кім. Мектепті о ғып, бұ ғып бітірген екі қы­зын қолына алып келіп, институтқа тү­­сі­ріп, оқытып-шоқытқан, дипломдары қы­лып, жұмысқа орналастырған, ұзатып той­ларын жасап берген кім. Осы жал­ғы­зы. Жыл сайын әйелі екеуін Сарыа­ғаш­тың санаториясы және жіберіп алады. Шай-қанттары, киім-кешектерін де дер ке­зінде жеткізіп беру соның мойнында...

Ұлы асуға кіре берісте Алматы-Таш­кент трассасын жағалап келе жатқан ав­тобан құрылысы осында жақындай түс­кен тұста оның қосыны - үш-төрт вагон, түрлі техникаларымен көшіп келіп, өзен­­нің бойындағы қалың шоқ талдың сая­­сына орналасқан. Бастығы әлде түрік, әл­де қызылбас біреу екен. Қазақшаңа ағып тұр. Інісі тез-ақ тіл табысып алыпты. Се­­міз ісекті сойып, етін түгел астырып, арақ-шарабын үйіп-төгіп, жолшыларға ерулік берген. Одан кейін де жолшылар-дың әлгі әлде түрік, әлде қызылбас­ бас­тық­тарын үйге оңаша әкеліп, ішкізіп-же­гізіп, қалтасына көк қағаз салған және. Ен­ді әне, соның арқасында жыланның ор­­дасымен қоса, алаңқайды түгел тегіс­теп тастады. «Қап, әттеген-айлап» бұл тұр, сен­деліп.

Інісі түйетауықтың етінен тұтас сырбаз дайындап қоюды тапсырған. Сәкіде дас­тархан жаюлы. Ішім-жемнің не түрі.

Бір кезде терлеп-тепшіп інісі мен әлде түрік, әлде қызылбас жетті желпініп. Інісі жайраң-жайраң.

— Әне, аға, алаңқайды түгелдей теп-те­гіс етіп тастадық, — деді. — Амандық бол­­са, күні ертең ол жерде барлық қыз­мет түрі бар комплексті заманауи дү­ние­міз тұрады, көздің жауын алып.

Бұл не десін, үндемеді.

—  Таңғалғаным, — деп сөзге қонақ ара­­­­лас­ты. — Ордасында жылан көп болады екен ғой. Мылжа-мылжасы шығып, ды­мы қалмады. Әлде бірлі-жарымы қал­ды ма екен, тереңде.

— Қалсын, қалмасын, похи, — деді інісі сө­зіне орыстың бір сөзін қыстырып. — Алаң­қайды түп-түгел цементтеп тастаймын. Астына биіктігі жиырма-отыз сантиметрдей қиыршық тас төсеп.

— Қып-қызыл табыстың көзі. Осы за­ман­­ның адамысың. — Вискиді шайқап ішіп, сырбазды тамсана жеп отырған анау бұған қараған. — Ағайдың көңіл күйі жоқ па. Не ойлап кеттіңіз?

— Обал-сауапты. Бұл суық сөйледі.

— Ол не еді?

— Қазақбайшылық қой. Ол бізде бар әлі, — деп інісі сөзге араласты. — Бұ кісі­лер­ге бәрі обал.

— Жандының барлығының обал-сауа­бы болады, — деді бұл демін терең алып.

— Көке-ау, қияндағы Қытай мен қиыр­дағы Европаға заманауи жол түсіп, ол дәл алдыңыздан өтіп жатқанда, андағыңыз не сөз.

— Өтіп жатқан жолдың соның айна­ла­сындағының барлығының амандығы ғой, менікі.

— Жыланның ордасы ма, сондағыңыз. Оның бар-жоғы кімге керек?!

— Өстіп бұзылады ғой, пиғыл.

— Пиғылдың қанша қатынасы бар бұл жерде.

— Бар айналайын, бар. Обал-сауап жоқ жерде бәрі бұзылады. Дүниең сөйтіп жатқан жоқ па. Үркіп жатыр бәрі. Шашылып жатыр. Биыл ғой, осы өңірде жер үш рет сілкінді. Бұрын-соңды оның қашан бол­ғаны атамызға, әкемізге, ешқай­сы­мыздың беймәлім. Шорылдақтың аспанға атқылап жататын суы тартылып, тереңге кетті... Осының барлығы Құдайдың ісіне қар­сылықтан болып жүрмесін де.
Бұлардың әңгімесінің мәнін түсінбей, ағайындыларға алма-кезек қарап қойып, әлде түрік, әлде қызылбас вискиден ұрттап қойып, сырбазды соғып отырды.

— Сен келген сайын телевизордың ан­тен­насын сұрайсың. Әдейі алып тас­тағам. Керегі жоқ оның. Қарағым кел­мей­ді, оныңды. Күн сайын небір сұмдық, көрсететіні. Ата-бабамыз естімеген, біл­меген, көрмеген. Жаның түршігеді. Не бо­лып барамыз. Не болмай жатыр. Иман қай­да?! Құдай қайда?!

— Қойыңыз аға, қойыңыз енді. Қонақ­тан ұят. Одан да мынадан бір тартып жі­бе­ріңіз, — деп інісі елпілдеді.

Бұл аналарды жайына қалдырып, тұ­рып кеткен. Өкпесі қара қазандай. Кімге? Бәріне. Өзіне де. Өзегіне шоқ түсіп, оттай ыстық өксіктен өртеніп барады.

Түннің бір уағына дейін автобан салу­шылардың басшысымен ішімдікті біраз сілтеп, қызып алған інісін үйдің соның ке­ліп-кеткенде демалатын арнайы бөл­ме­сіне сүйеп апарып жатқызып, өзі әдет­тегідей сәкідегі тапшан үстіне қисайған. Ұйқы қашқан. Ойына не келіп, не кетпейді. Баяғыда Құсатай жоқ болып кеткеннен кейін, араға біраз жыл салып, мұндағы жұрт жаңа орталыққа көшті ғой. Жаман ой, арам істен аулақ жүретін ағайынның сол жаққа барғаннан соң, айдың аманында әдепкідегі ақ жолдан айнып бара жат­қандарын естігенде «е, құдай-лайтын». Сон­да тәубаларын ұмытқаны ма. Есінде ғой, олар осында тұрғанда, ара-кідік ай­ты­сып, жанжалдасқандай болса, жылан ордасы жақтан ысылдаған дауыс сумаң­дап қоя беріп, салғыласып тұрғандар селк етіп, сап тиылатын. Енді келіп... Құ­ла­ғына ысыл ма, сондай бір суық дыбыс жеткендей, басын көтеріп алып, тұрып отырды. Көзі бүгін түте-түтесі шыққан алаңқай жақта. Ай жарығынан байқайды, ол тұс қап-қара. Кенет соған қарай жа­рық саулағандай болды. О, құдай, әлгі жа­рық жерге қонғанда, арасынан адам­ның сұлбасы елес берді. Анау кім? Құса­тай... Сол ғой. Ия, сол... Көк есегі... Соқыр шал ер үстінде. Жан-жағына үңіле ме...

Мұның басы айналып, көзі бұлдырады. Де­несі қалшылдаған. Үш ұмтылып орнынан әзер тұрды. Алаңқай жаққа мойнын қай­та созып еді, жарықты төбесіне көте­ріп, қалқып бара жатқан жаңағы сұлба­ны көрді...

— Сәскеге дейін жата ма бұ, жұрт, — де­ген әйелінің даусынан оянған. Таң аға­раң­дағанға кірпігі әзер айқасып еді.

— Төрежанды оятсаңшы, шай дайын, — деді әйелі.

Екінші қабатқа көтеріліп, інісінің есі­гін ашқан. Со мезет тоққа түскен адамдай, тіл-ауыздан айрылып, тұрған орнында тұншығып, құлап бара жатты. Інісінің мой­нына сала құлаш қара бас ақ жылан ора­тылып қалыпты.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз