Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін.
Қазақ халқы қылышынан қан тамған, қабағынан қар жауған дүрбелең дәуірлерді басынан өткерген дана халық. Осынау дархан даладан дәурен кеткен замана ағымының «елім деп еміренген», ұлтының теңдігі жолында ерен еңбек еткен зиялы тұлғаларды дүниеге әкелгені мәлім. Алмағайып ағыстарға малтығып, надандық, зорлық тұманында адаспай, еліміздің егемендік тұғырына қонуының себепкерлері болған азат ойлы алыптар шоғыры Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сынды арыс азаматтармен толыққан. Жүрегінде жалын, көздерінде оты бар жолбарыс азаматтардың көздегені өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет құру болды. Сондай асқақ арман, жалынды үмітпен көтерілген алаш шаңырағын ұстап тұрған уық сынды реформаторлардың бірегейі – Ахмет Байтұрсынов. «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек»,-деп қазақ жастарының бағытын еңбек пен білім көкжиегіне беттеткен көсемсөз шебері қараңғылық пен надандықтан бұлт болған айды, мұнар болған күнді ашуға білек сыбана кіріскен еді. Дауылпаз дарынның:
Адамдық диқаншысы- қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ қырға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым,ектім,
Көңілін көтеруге құл халықтың - дейтін жалынды шумағынан-ақ мақсатын жүзеге асыру жолында талап пен қажымас қайраттың тұлпарына мініп, ұлт тасын өрге домалатуды басты нысана еткенін айқын аңғарамыз. Қазақ әдебиеті ғылымының негізін салушы ғалымның күнтүзбесіндегі әрбір күн ел мүддесіне жұмсауға бағытталғанын төл әдебиетімізді зерттеп, «Айқап» журналында, өз бастамасымен 1913 жылы ашып, халықтың көзі мен құлағына айналған «Қазақ» газетінде жұртының жоғын жоқтап, реформа болар тақырыптарды көтеріп, «Қазақтың бас ақынын» ел арасына кеңінен насихаттап, ұлы Абайды зерделеп, дәріптеуге мұрындық болғанынан байқауға болатын еді. «Адамға ең қымбат нәрсе-жұрт қамы, жұрт ісі»,-деп ұлттың игілігін жоғары қойған тау тұлғаның шығармашылығында ұғымды идея, қызықты формасымен қазақ тұрмысын шынайы сипаттаған мысалдарының шоқтығы биік.«Аққу, шортан һәм шаянында» ұлт мәңгілігінің басты факторы ынтымақ-бірлікті тілге тиек етсе, «Шымшық пен көгершін», «Ат пен есек», «Емен мен қамыс» мысалдарында ертеңгі күнінде нендей күйге түсетінін білмей тұра, сүрінгенді сынайтын, аз бейнеттен қашам деп зор бейнетке тап болатын, мықтымын деп мардымсып, мақтаншақтығынан мерт болатын надан мінездерді сынайды. «Егіннің бастары», «Өгіз бен бақа», «Екі шыбын» сынды аудармалары арқылы тәкәппарлық, әлін білмей әлек болатын күншілдік, өзгенің шылауында тек жүрсе де өзімшілдікпен мұрын шүйіретін екіжүзділік мінездерден аулақ болуға үндейді. Аударма шебері ілім кеңістігін қарыштап игеру жолын ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастырып, публицистикалық еңбектеріндегі «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқу керек», «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл», «Телміріп алған теңгеден, тер сіңірген тиын жұғымды», «Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім» «Білім-бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді»-дейтін маржан мұралы сөздерімен де ғұмыр бәйгесінде біздің тіліміз бен ғылымымыздың өз бәйгесін алуына елеулі үлес қосып кетті.
Дара тұлғаның әлеуметттік-тарихи зердеміздің үңірейіп, ойсырап тұрған беттерін толтыруға септігін тигізген көсемсөздерінің алтын өзегі – «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы дер едім. Себебі қаламгердің «Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олар сөзінен үздік, артық. Абай сөзінің қандай екендігін сөйлеген соң, өзінің де қандай екенін айтып, білдіріп өткеніміз теріс болмас»,-дейтін асыл ойлары Абайтанудың қайнар көзі болды. Даналықтың қоймасындай қаламгер Абайды зерделеудің бастауы ғана емес, Абай салған сара жолды жалғаушы ізбасары да болды. Айталық, ұлы Абай өз кезеңіндегі халық надандығын, теріс мінездерін құнды ойлардың жүгені тоғысқан қара сөздерімен сынаса, ұлы реформатор Ахмет даналықтың қоймасындай мысал-өлеңдері арқылы адамгершілік қасиеттерімен толтырылған тәрбие кесесін ұсына білді. Орыстың төл туындысы болса да оқығыш жүректі қазақы менімен баурап, жүрегін қозғайтын аударма жұмыстарына келгенде қос арыстың да көздегені бір-елді түзеу. Айталық, заңғар жазушы И.А.Крыловтың «Есек пен бұлбұл», «Піл мен қанден», «Қарға мен түлкі» сынды мысалдарын қос қайраткер де тамаша тәржімалаған. Қарға мен түлкіні Ахмет 11 буынды ұйқаспен аударса, Абай 6-7 буынды етіп аударады.Абайдың «ғылым, білім, өнердің бәрі-орыста» дейтін бағдарын «Жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын» деп қалың ел ішіне дәріптеп, таратқан да Ахаң болатын. Абайдың «Сегіз аяқ» өлең үлгісімен «Жиған терген» атты өлең жазды. Ақиық ақын ендігі кезек «Қырық мысалда» ишара, емеурінмен берілген ойларды 1911 жылы жарық көрген «Маса» кітабында анық та ашық айта бастады. Қуатты тармақтарында «Ұйқысын аз да болса бөлмес екен, Қоймастан құлағына ызыңдаса»,-деп қаққы жеп қанаты бұзылған шақта да «Қазағым елім, Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып, Талауда малың, Қамауда жаның Аш көзіңді оянып» деумен жұртын ынтымақ жалауының астына шақырудан шаршамады. Тау сілеміндей мол мұра қалдырған ақиық жан өлеңдерімен, ғибратты мысалдарымен, алаш деп төккен терімен қажырлы халқымыздың ғана емес, Алаш көшбасшыларының да басы, ұстазы болғандығын айқындап кеткендей.
«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта өзі жоғалмай құрымайды» қағидасын ұстанған ұлы реформатордың туындылары – бүгінде жас шөптей желкілдеп өсіп келе жатқан жастардың мектеп қабырғасына тарыдай боп еніп, таудай болып шығатын уақыт аралығында санасына сіңіріп, ардақты, парасатты тұлға болып қалыптасуына негіз болатын өлмес мұралар. Сталиннің кертартпа саясатының құрбанына айналған алаш айбозы Ахмет өр тұлғасымен, зиялы болмысымен, саф алтындай қастерлі көсемсөздерімен иісі қазақтың мақтанышы, мәңгі ұстазы, үлгі етер ардақтысы болып ғасырлар бойы халқының жүрегінде, тарлан тарихтың беттерінде сақталып қалмақ.
Жетекшісі: Ф.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Дайындаған: Әліқұл Назерке, Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі