Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жетекшісі: Ф.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Дайындаған: Әлмуса Аружан Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.
Күй өнері – қазақ халқының ең құнды, бағалы мұраларының бірі. Қаны мен жанында күй ойнаған ұлтымыз тума таланттарға кенде емес. Сондай дарын иелерінің бірі – қазақ өнерінде өзінің өшпес ізін қалдырған күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл толып отыр.
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ ССР-і халық артисі, Құрманғазының сүйікті ізбасары, қос орденді күйші-композитор Дина Нұрпейісова, осыдан 160 жыл бұрын, 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының Бекетай құмында дүниеге келген. Әкесі Кенже шаруа адамы болса да,аламан бәйгеге ат баптап,белсеніп күреске шығатын әулетті адам болған.Анасы Жаниха Динаны ерекше жақсы көріп, кішкентайынан Динаның домбырасын қолына алғанын сүйсініп,оның өнерге деген құлшынысын әрдайым қолдаған.1870 жылы күй ауылы Құрманғазы Кенженің ауылына келіп,10 жасар домбырашы қыз бар дегенді естіп,ат басын бұрады.Кішкене қыздың домбырасын тыңдап ,дүниеге тағы бір өнерлі ұрпақ келгені Құрманғазыны қуантады.Сол кезден бастап,Динаның әкесінің рұқсатын алып, он сегіз жасына дейін жиындарға ұстазымен еріп жүріп ,өнер мен өмірдің нағыз мектебінен өтеді.Қоғамдағы өмірдің көп мәселесіне көзі жетіп,қолындағы домбырасын тек құлақ құрышын қандырып қана қоймай,адам бақыты үшін күрестің қаруы екенін жадына мықтап ұялатады.
Дина 9 жасынан бастап, 19 жасында ұзатылуына дейін Құрманғазының баулуында болады.Он тоғыз жасында Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады.Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті "Жәпек" деп атаған. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде тізім алу науқаны басталғанда дәстүр бойынша аталарының атын атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. Міне, Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында. Динаның ұзатылу тойында ұстазы Құрманғазы өзінің жан серігіне айналған домбырасын шәкірті Динаға тарту етеді. Ұстазы шәкіртіне «енді өзің де күй шығарсаң болады» деп батасын береді. Динаның алғашқы шығарған күйлерінің қатарына «Бұлбұл», «Байжұма», «Жігер» күйлерін жатқызуға болады.
Ашаршылық жылдары Динаның отбасы Каспий теңізі жағалауына көшіп, Астрахан облысы Марфин ауданы Козлово ауылында тұрақтайды. 1937 жылы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен домбырашы Смағұл Көшекбаев Динаны Алматыға алып кетеді. Сол жылдың күзінде Алматы қаласында ұлт дарындары бас қосқан екінші республикалық жиында Дина өзінің «Бұлбұл», Құрманғазының «Төремұрат» пен «Қайран шешем» атты күйлерін шебер орындағаны үшін ең алғашқы сыйлығын алады.
Дина Нұрпейісованың домбырада орындаушылық өнеріне қайран қалған композитор Ахмет Жұбанов: «Дина ұзын да сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесінде, сағағында небір алшақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуен 62 тамырыңды бойлата, шымырлата, буырқана небір әсерге түсіреді» деп өнеріне тәнті болған екен.Осыдан кейін Дина Қазақ филармониясына жұмысқа алынып, оған «Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді. Осы жылы ол Жамбыл Жабаевпен танысады. Ол 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ұлттық аспапта орындаушылар байқауында бірінші орынды иеленеді. 1944 жылы 83 жастағы Дина Ташкентте өткен Орта Азия республикалары музыкасының 3-ші онкүндігінде өнер көрсетіп, сол жылы ол «Қазақ ССР-інің халық әртісі» атағын алады.
Д.Нұрпейісова ғұмырының соңғы кезінде шығарған «Той бастар», «Домалатпай», «Науысқы» («Науаи»), «Әсемқоңыр», «Жігер» сынды аса айшықты шығармаларымен өнерсүйер қауымның жүрегінде қалды. Дина халық алдына соңғы рет 1952 жылы 91 жасында шықты. Ал 1955 жылдың 31 қаңтарында күйші Алматы қаласында дүниеден өтті.Бүгінде күйші атында музыкалық мектептер мен көшелер бар. Атырауда Д.Нұрпейісова атындағы облыстық қазақ халық аспаптар оркестрі жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында күйші Дина Нұрпейісова туралы мына еңбектер сақталған.
А. Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты монографиясы. Автор бұл шығармасында қазақ халқының рухани әлемінде айрықша орыны бар күй өнерін тарихи және этнографиялық аяда зерделеп, оның өзіндік қалыптасу жолдарын, әлеуметтік өмірмен біте қайнасқан болмысын, сондай-ақ төлтума қасиеттерін нақтылы айғақ-деректерге сүйене отырып саралайды.
Қ.Орынғалидің «Дина күйші» жинағы. Бұл кітапқа Дина Нұрпейісованың өмірі мен өнері туралы әр кездері жазылған көрнекті музыка зерттеушілері мен қаламгерлердің шығармалары, сондай-ақ күйшінің көзі тірісінде онымен жақын араласқан азаматтардың, ұрпақтарының естеліктері енген. Сондай-ақ күйтабақтары мен ғұмырнамасы топтастырылып, төл мұрасының үздік үлгілері де берілген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі