Қарақан бастың қамымен
Қорғалай берме, қандасым,
Қазақтың атқан таны мен
Азаттық жолын таңда шын!..Автор
«Қазақстан!» дегенде – жанарымнан жас парлап, менің бүкіл әлемім – жүрегімде ерек толқу оянып, ағыл-тегіл сезім күйім басталмақ, қайран, қайран, қазағымның ұлан-байтақ кең өлкесі көсілген, түлеп ұшқан төсіңнен: неше бір әулиең мен батырың да, абызың мен ақының да, көсемің мен шешенің де, тау тұлғалы қырандарың, ел қорғаны - ұландарың, шыңда өскен шынарларың, дүйім жұрты - қабырғалы елімнің, иесі сен, иесі сен, иесі сен(!) - қарағанда көз талардай, көрген адам таңғалардай шексіз Дала, жеріңнің: қойнауынан құт-береке тасыған, неше алуан қасірет пен қайғы-мұңды сан өткерген басынан, ғұмырында қанша азап көрсе-дағы жасымай, тереңінде жатқан қайнап бабалардан қалған намыс қайнарлары басылмай, егеменді ел болғанда сақтап қалған аманатын ақсақалды қарттардың, бүгіндері тойлап жатқан ең мерейлі шақтарын, Тәуелсіздік күні дейміз байтақ Қазақстанның, көк байрағы желбіреген аясында көк зеңгірлі аспанның, саясында сан алуан ұлттар менен ұлыстардың жапырағы жайылып, қазағымның көрген талай бауырластық көңілі мен қонақжайлық пейілінің дархандығын асқан тым(!), Баба Далам қанша ғасыр аза мұңды арқалап, жарқырап бір туатұғын азат күнді армандап, бөгде елдің боданы боп бастан тағдыр өткерді, бұ қазағың дүниенің тауқыметін басқалардан көп көрді: зобалаң мен нәубеттерді, рухани сан дерттерді, бірақ рухын биік ұстап өшірмей, ел ертеңі үшін небір зиялылар көз ілмей, Даламыздың өз алдына дербестігін көздеді, замана да оңнан туып, етек жинап, есті жияр кез келді(!), Желтоқсанда жастарымыз қаралықтың түрмек болса пердесін, оның бәрі ездік пенен ескі ұғымды ерлік пенен елдік намыс жеңгесін(!), күллі адамзат құлақ түріп оқиғаға осынау, бабалардың өшпес Рухы билеп алған қазағымның кеудесін, қанды оқиға жүректерде қалатұғын мәңгі елес, XX ғасырдағы сан алуан революциялық дүмпулерден кем де емес(!), шарпуы оның кетті тарап бүкіл кеңес еліне, біздің Қазақ туы болды азаттықтың өрмелеген көгіне, балығың да, таулығың да, Орта Азияң - барлығы да,украин, белорус, тіпті орыс енді алғандай егемендік өзіне, еркін қарап демін алды барша адамзат көзіне, Қазақ елі басқалардың қатарынан қалар ма, от-намысы оянғандай жасын сынды жанарда, Елбасының бастауымен, Данышпанның қостауымен, бұқараны ертіп алып соңына, тарттық біздер Тәуелсіздік, Теңдік, Елдік жолына(!), ал осынау жолымызды дана Құдай оңғарсын, алға басқан ісімізді Әулиелер қолдасын, барша қазақ, жиылыңдар жер бетінде жасаған, арамызда алауыздық, жікке бөлу болмасын, біз барамыз заңғарларға асулы, оян, қазақ, көтер қане басыңды, сенің бүгін шағың нағыз шабытыңда шалқитын, бойдағы бар өнеріңмен, еңбегіңмен, құдіретіңмен, біліміңмен, өз бетіңмен қияларда қыран болып қалқитын, о, Жасаған, қасиетті ұлы елімнің құбылалы оң ниетін қабыл қыл, жалпақ жатқан сахараны, байтағымды шуағыңа малындыр, ұлы Дала-көшпелілер мекенінің Бүгіні - таңның арай шапағындай алаулаған жалын-нұр, о, Құдірет, ғаламатқа қалай ғана сенбессің, бірлігіміз шайқалмаса, дүрдараздық байқалмаса, қазағымның Көкбайрағын жыға алмайды енді ешкім(!!!), алға басқан қадамдарға құт дарып, Ел болайық ел қатарлы мықты, алып(!), беу, азамат, мойыныңа ауыр заман жүгін іл, «Мынау Қазақ!» деген атақ-даңқыңа жүгіндір, ұлан -ұрпақ өн бойына топырақтың қасиетін сіңіріп, сен оларды бабалардан қалған тарих, мұраларға үңілдір, Отанымның солар болар күні ертеңгі тірегі, қазағым деп соғу керек жас күнінен, бесігінен балалардың жүрегі, сен өзіңе мықты болшы қай қашанда, бауырым, азаматтар, өздеріңде аталардың, бабалардың, аналардың сенімі мен тілегі, сол сенімнен шығатындай сара бағыт тұрлаулы, шыңға қарай ұмтыл, қазақ, шырқаулы, домбыраны бебеулетші күйші жігіт, сал жігіт, арғымақтар жүйткісінші қайран Далам жаңғырып, ұлы Тойда - біз шалқиық Тәуелсіздік Күнінде, базарымыз тарқамасын, ашық болып аспанымыз мәңгілік!
желтоқсан, 1993 жыл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі