І. Елімді сүйем егіліп
Осыдан аттай сегіз жыл бұрын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жазған шалқымамды «Қазақстан дегенде жанарымнан жас парлап, Менің ішкі әлемім, жүрегімде ерек толқу оянып, ағыл-тегіл сезім-күйім басталмақ» деп тереңнен тыныс ала тебірене босап, шынайы перзенттік махаббатпен егіле, емірене бастаған екенмін. Асылында, еліңді, жеріңді, Отаныңды сүюден артық ұлы сезім жоқ та шығар. Өйткені, Отаның - туған анаң мен әкеңмен бірдей. Ал Алла тағаланың әмірімен жарық дүниеге әкеліп, түн ұйқыларын төрт бөліп, мәпелеп, шаң жуыттырмай бағып-қағып өсіретін әке мен шешесін сүймейтін, жақтырмайтын пенде баласы бола ма. Ендеше, еліңді сүй, ел дегенде екі көзге терең иірімдерден бұрқанып ыстық жас келсін, шын сүю деген солай болады. Босау, көзге жас іркілу, ақ жауын болып құйылу деген жасықтық емес, қайта керісінше мейір-махаббат пен рух қайнарының шексіз мықтылығы деп түсінемін. Рас, елін сүйген адамның елі үшін жасаған ерлік ісін көрсем босаймын. Осы күні кеше боксшы Бекзат Саттарханов ініміз Сиднейде талайды төмпештеп, Олимпиаданың жеңіс тұғырына көтерілгенде, тәуелсіз Қазақстанның туы желбірегенде бәріміз де сүйсіндік, бәріміз де босадық. Кейін сол Бекзатымыздан оқыстан айрылып қалғанымызда, бәріміз бірге тағы жыладық. Мейлі, оны танымай-ақ та қоялық, бірақ, әңгіме онда емес. Әңгіме - оның елдің, атам қазақтың атын айдай әлемге паш еткен ерлігінде жатыр ғой. Олай болса, еліміз іргелі ел болуы, біртұтас ұлт болып ұйысуы үшін оның жыртығына жамау болу, бойдағы бар күш-жігерімізді, қабілет-қарымымызды аямай жанкешті еңбек ету - біздің борышымыз. Қазақ «Алмақтың да салмағы бар» демей ме. Біз барымызды, қанымызды, арымызды, білім-білігімізді, ми-санамызды ел мүддесі жолына толық бұрмай тұрып, алғымыз келеді, дәулетті болғымыз келеді. Дәулет жаппай жұмыла тер төккенде ғана келе алмақ. Елдегі барлық жағдайды өз көзімен көріп отырған қазақстандық бір орыс жазушысы басылымдардың біріне: «Қазақтар, сендер әуелі елдеріңді байытып алыңдар, сонда бәрің де ауқат жиясыңдар. Елдің байлығы көп деп, барын бөліп, жырымдап, өздерің тонап алсаңдар, ырыс та, құт пен береке де болмайды ғой», деп ой тастай тамаша етіп жазды. Зерделі, ел жанды адам құлақ асатындай пәлсапа. Ол Қазақстанды қазақтан кем сүйіп отырған жоқ, талан-тараж болып жатқан жағдайларды көріп жаны ауырып, күйзеле айтып отыр. Ақиқатында, Қазақстан түптің түбінде Қазақ елі, байырғы халықтың, ежелгі этнос - қазақ ұлтының игілігіне қызмет етеді ғой. Соны білейік, соны ойлайық. Атышулы банктерден жеке есепшот ашып, мемлекет қаржысын тықпыштап жүргендердің дені де «жаңа қазақтар», ел ертеңін ойлауға келгенде шорқақтау шолақ ойлылар болмай басқа кім дейсің?! Жеке бас мүддесі мемлекеттік мүддеден жоғары тұрған жерде елдік сезім болады деуге сену де қиын.
Содан да болар, тұңғыш Елбасымыз қазақстандық патриотымыз рухын барша отандастардың санасына себу, ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес ашуды басты мақсат етіп алға қойып отыр. Өкінішке қарай, бұл ретте халық санасының марғаулығымен қоса, заң, құқық қорғау органдарының да тегеурінді тұтқа бола алмай отырғанын, мұны әлеуметтік кеселдердің тамырына тереңнен балта шабылмай отырғанынан айқын аңғаруға болады. Бұл ретте ақ адал еңбекпен көктеп, көгеріп, байып жатқандарға сөз жоқ, ондай жетістікке жеткен бауырларымыз үшін қуанар едік. Айталық, бір кәсіпкеріміз жеке зауыт, фабрика, кәсіпорын ашып, әлемдік бәсекеге сай келетіндей сапалы өнім шығарып, керемет тауарларымен шетелдердің назарын аударып, өнертапқыштық, жаңалықтар үлгісімен танылып, ғылым мен техника, технологияны өркендетіп, талайлаған адамдарды жұмысқа тартып, қаржысының шетінен мүжәлсіз жандарға, көп балалы аналарға қайырымдылық жасап, қарасып дегендей тірлік қылса, ризашылықтан бүйрегіміз бүлк ете қалмай ма? Сәл де болса көңіліміз бірленіп, жібіп сала берер едік. Ал мұндай кәсіпкерлер жоқ емес, баршылық, олар бюджет қоржынына да салмақты үлес қоса алуда. Қазақстанда ешкім аштан өліп жатқан жоқ деп ұрандағанымызбен де, тұрмысы қиын, не жұмысқа жарамды адамы жоқ, немесе барының бәрі жұмыс таба алмай дағдарып отырған отбасыларын күнделікті өмірден, айналамыздан көріп отырмыз ғой. Ендеше, жас мемлекет, жас қоғамымыз үшін бірінші жау - жең ұшынан жалғасқан жемқорлар да, ең пайдалы да құрметке лайық адамдар - қолынан іс келетін, өндірісті, қай шаруаны да өрге сүйрей отырып, тапқан табысынан елге қарасатын жиғаны да, иманы да мол азаматтар деп шамалаймыз.
Ата-бабалар аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, егемендікке ие болуымыз, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті болып озық ойлы да көрнекті, ақыл-парасаты толысқан кәнігі саясаткер, домна пешінің шыжғырған жан шыдатпас алауына маңдайын төсеп, ауыр еңбектің қазанында қайнап өскен, көп балалы бақташы ақсақалдың ақылды баласы Нұрсұлтан Әбішұлының сайланғаны, оның республика Конституциясына оң қолын қоя тұрып туған халқының алдында Президенттік ар-ождан адалдығы бойынша ант ішуі, өзгелер сан соқтырмақ болған тұста есеміз кетіп опынып қалмай, ұлттық Теңгеміздің жарқ етіп өмірге келуі, ұлттық символдар - Елтаңба, Әнұран, Көк байрағымыздың керемет көрініс көркі, қазақ ғарышкерлерінің космосқа сапар шегуі. Қазақстан тәуелсіздігін Түрік елі бас болып әлем тануы, тіпті күні кешегі Айман Мұсаходжаевалардың «Әлем әртісі» атануы көзден қуаныштың ып-ыстық жасын шығармай қоймайтындай өте әсерлі сәттер.
Маңғыстаудай маңғаз аймақты басқару мәртебесі осынау құнарлы топырақтың төл ұлы, ұлағатты ұстаздың шаңырағында толымды тәлім-тәрбие алған азамат Ләззат Қиыновтың пешенесіне жазылуы да күні кешегі қырсық заманнан қиястық көрген текті жұртымыздың өз тұғырына қайта қонуы, ата дәстүрдің орынды жалғасын табуы деп бағалар едік. Ал осының барлығы бағамдап қарасақ, тек қана тәуелсіз ел болуымыздың арқасында мүмкін болып жатыр. Біз тәуелсіздікке зарығып жеттік, қамығып жеттік, тәуелсіздік мүлде қантөгіссіз келді деп айтудың өзі оншалықты дұрыс қисынға келе қоймас. Өйткені...
Н.Жантөрин: «Литвандар: Қазақтар мықты екенсіңдер! Сендер бірінші боп бастадыңдар!»
Литвандар ұлт ретінде ежелде қалыптасып, іргесі сетінемеген, заманында Европаға тақымы батқан (тарихта әйгілі Литва княздігі) іргелі халық. Жалпы прибалттар жұрты кешегі әміршіл кеңестік кезеңнің өзінде «аға» ұлтқа да, басқаға да алдырған жоқ. Ұлттық ұйысуы, өз тіліне, діліне құрметі, саяси өресі, ұлттық сана-сезімі аса биікте болды. Ең бастысы, халқының бірлігі мен ұлттық менталитетін, өр рухын жоғалтпады. Өзіне менсінбей қарағысы келгендерге олар да менсінбестік, менмендік, тәкаппарлық – тектілік мінез көрсетті.
Олардың ең басты ұтысы - бүкіл халқының шексіз патриотизмі, ұлтын сүйгіштігі болды. Олар біз сияқты баяғыдан бодан ел емес еді. Нешебір саяси әпербақандыққа қарамастан елдік намысты жоғары ұстады олар. Дербестікке, тәуелсіздікке ие болу жолында сан рет саяси күрес тәсілдерін қолданды. Осы жолдағы астыртын жұмыстар, саяси митингілер, демонстрациялар қырбай заманда талай басып тасталып отырылды. Бірақта, олар қанша мықты десек те, империялық өктемдік жүйеге, шовинизм мен ұлттық кемсітушілікке кең көлемде, ашықтан-ашық қарсы шыға алмаған сыңайлы.
Бірінші болып қатал да қаһарлы жүйеге атойлай қарсы шыққан «жүрегінің түгі бар» нағыз қаһарман халық біздің қазақ болып шықты. 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы жетпіс жыл бойы «мұздай темір құрсанып», бүтін жалпақ әлемнен ара бөліп, сұп-сұр кейіп танытқан, көптеген ұлттарды езгіге салып, еркіндік бермей бұйдалап келген КСРО-ның екіжүзді де құйтұрқы бет пердесін сыпырып тастады. Бір-бірінен ажыратып бөлуге болмайтын тілегі де, жүрегі де бір халық, егіз қозыдай бауырлас жұрт, одақтас республика деп келген Орталығыңның өзі Қазақстандай үлкен елді талақ етіп, қазақтың намысын таптағысы келді. Алайда, ар-намысы, абыройы бар, бойына ата-бабалардың қанын еккен қазақ жастары тоталитарлық режимге көне алмады.
Ұланғайыр байтақ даланы Колбин секілді қаңғып келген қаңбақ, бейшара кісәпірге басқартқысы келмеді. Жиырма бес жыл елін басқарып, тулақтай жер үшін, халқының ырзық-берекесі, баянды болашағы үшін күрескен Дінмұхамед Қонаевтай ірі Тұлғаны тақтан түсірем деген Орталығыңның әупірім даңғойлары заман ағымына қарай ұлттар мен ұлыстардың сана-сезімі жаңғырып, сәл нәрсе болса от шығатынын, әлгіндей әрекеттермен өздеріне ор қазып жатқандарын сезбеген де болар, бәлкім?!
1986 жылдың кәрлі желтоқсаны халқымыздың ұлдарының ғана емес, қыздарының да қайсарлығын, туған елі, оның азаттығы мен халқының теңдігі, бостандығы жолында тіпті өлімге де бас тіге алатынын танытты. Бірнеше ұл-қызымыз қапияда қаза болып, қыршын кетті. Бірақ, айылын жимай, арлылықпен көз жұмды, өшпес ерлік жасады. Талайлары жапа шекті, қуғын көрді. Әйткенмен, қай-қайсысы да жалтақтаған жоқ, берендік, наркескендік мінез олардың әрбіреуіне тән болды. Осы күндегі халқымыздың бірлігі, жастық жігердің алауы сөнбестей болып тұтануы, оларға зиялы азаматтардың ақыл-кеңес беруі қараңғылық тұмшалаған дүниенің әні-міні тұманынан сейіліп, күндердің күнінде таң күлімдей атарына үміт отын маздатқандай еді. Дәл осындай үміт 1986. Алматы. Желтоқсан оқиғасынан кейін бұрынғы КСРО-ның бүкіл аймақтарын шарпып, неше алуан дүмпулерге ұласып жатты. КСРО шартарабындағы - Каунас-Вильнюс, Тбилиси, Баку, Сумгаит, содан кейін біздің Жаңаөзен оқиғалары әміршіл-әкімшіл жүйе, әпербақан саясат, әлеуметтік теңсіздіктерге, шовинистік пиғылдарға ендігі жерде жол берілмейтіндігін, демократия мен ұлттық таным түйсіктің толыққанды бүр жарып, алаулап келе жатқандығын паш етті.
Оның арты КСРО құрамындағы одақтас республикалардың өз тәуелсіздігіне қол жеткізуімен тиянақталғанына уақыт төреші. Өз еркі өзіне тиген, осындай азат болған алғашқы жылдарда Литвада болып бір фильмге түскен ардақты ағамыз, марқұм Нұрмұхан Жантөринге прибалттар осы жазып отырған мақаланың тақырыбындағы әңгімені қоймай қайталай айтып, қазақтарды мақтай, мадақтай береді екен, бұл жаққа келген әрбір қазақ баласына «жасыл жарық» ылғи да жанып тұрады екен.
Сочиде кездескен ағай: «Текті де тентек жұртсыңдар ғой, түріп айдап шықтыңдар сабаздарды. Жарайсыңдар, бауырларым!»
1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасы да алабөтен дауылды болды. Қазақ ендігі жерде өз жерінің билігін өзгеге бермеуге, намысты қолдан шығармауға, басқаны басқа секіртпеуге тас түйін болып жұмылды. Сырттан келгендердің айла-шарғы, көлгірсіп-кісімсуіне, билік - сауда тұтқаларына отырып алып төрелік айтып мардамсуына жол бергісі келмеді. Тағы да Ар мен Намыс талқыға түскенде тектілік тұрпатын танытпай тұра алмады. Маңғыстауды біздің батыр бабаларымыз қалай бағындырса, солардан қалған ұрпақтар да ата дәстүрден алшақтамаған, ар сақтаған, өңшең нар қасқа ерлер болып шықты. Жаңаөзен жұрты теңіздің арғы бетінен келгендерді есіртпей, тезге салды.
Сөйтіп, Жаңаөзен бұрын мұнайшылар қаласы атанып келсе, ендігі жерде шамалының жүрегі дауаламайтын, өңшең өзіміз иелік еткен, ана тіліміз, ата салтымыз, ұлттық мінез-құлқымыз салтанат құрған қазақы мекенге, қай жағынан да бай мекенге айналды. Бүгінде жұрттың бәрі Өзенге ынтық. Өзенде өмір де бар, орта да бар, ақша да бар. Құдайы көршіміз - Түрікменстандағы арғы-бергі кезеңдерде ауып кеткен ағайындарымыз нөпірімен елге оралып, шеттен сол майшелпек - Жаңаөзенге орнығуда. Бұған да шүкір етеміз, қуанамыз. Өз жерімізге бір жиналып алайықшы, сонда есемізді жібермеспіз деп ойлайсың. Анау жылы демограф Мақаш Тәтімов ағамыз халқымыздың дүние жүзіндегі санын шамалап шығарғанда 10 млн. болды деп айқай салғанбыз. Сонда маған Абай мәдениет сарайындағы бір орыс әйелі таң қалып: «Он миллионнан көп шығар. Жердің бетінің бәрінде қазақтар қаптап жүрген жоқ па? Қытайдың өзінде қазағың миллионнан аспай ма?» деп таңдана қарсы сұрақ тастаған еді. Ол біздің халқымыздың заманында бордай тозған, отызыншы жылдардың зауалында тең жартысы қолдан жасалынған аштықтан (өмір бойы күнкөрісін малмен айырған елдің малын тартып алу сияқты) жаппай қырылып, одан кейінгі өсіп-өнуі өзінен-өзі шабандап қалған тарихын білмейтін болса керек. Былай қарасаң, қазақтың алмағайып замандарда жер шарына тарыдай шашылып, жөңкіліп кеткені рас қой. Сонда менің есіме көрнекті жазушы Дүкенбай Досжановтың «Мұхтар жолы» романындағы ұлы Мұхаңның еңкілдеп жылайтын сәтін суреттеген тұсы оралған-ды. Қысқасы, Мұхаң бастап бір топ жазушы Жапонияға барады, сол елдің салт ғұрпымен танысады. Бір күні таңертең басқа жазушылар Мұхаңның бөлмесіне келсе, оның көзінен жасы пора-пора болып, жылап отырғанының үстінен шығады да, ақырындап сыр себебін сұрайды. Сонда Мұхаң ойша тебірене, күңірене: «Дүниеде халқыңның аз болғанынан жаман сор жоқ екен, жігіттер, жапондарға қарашы, бұлар 110 млн. екен», деп қамығыпты.
Бұл әңгімелерді орайы келгенде, қанымыз қайралсын деп айтып отырмын. Бәрі де қазаққа қатысты мәселе. Кезінде Жаңаөзен оқиғасы бүкіл облысты шарпыды ғой. Қазақтың атын шығарып, рухын көтеруде Сайын Шапағатовтай ұлтжанды нағыз Ер бастаған «Парасат» қоғамы да аз шаруа тындырған жоқ. «Парасат» шовинизмге, әміршіл-әкімшіл жүйеге күйрете соққы бере отырып, халықтың ұлттық сана-сезімінің оянуына даңғыл жол ашты. Қазақ өз жерінде арқайын, өзгені басындырмай жүре алатындай жағдайға жетті. Сол тұста облыстық газетіміз облыспен бірге жабылып қалып, біздің де ашынып жүрген кезімізді. Мен Абай атындағы мәдениет сарайында нұсқаушы-методист болып, орыстық қаймағы бұзылмаған ортада қазақтың өнер ұжымдарын, студияларын, үйірмелерді ашуға, кештер өткізуге атсалыстым. 1989-дың жазында зайыбымның денсаулық жағдайына байланысты курсовка алып Сочиге баруға тәуекел еттім. Ауылға барып әкемнен алыс жолға шығар алды бата сұрағанымда қарсылық білдірді. Бірақ, туа бірбеткей едім, алған бағытымнан тайғым келмеді. Сочидің ой-қырын шарлап пәтер іздедік. Біреулер «өзбексіңдер ме?» десе, енді біреулері «қырғызсыңдар ма?» дегеннен аса алмады. Бұл біздің шамымызға тиетін.
Жалдаған үйіміздің кісілерімен бірге теледидар көретін едік. Бір күні Мәскеуден Жаңаөзен оқиғасын беріп жатты. Ішінде «жергілікті қазақтар» дегендей акцент бар. Қожайын әйел жұлып алғандай: «Мынау сіздің жақ емес пе?» дегені. Біз іштей масаттанып отырмыз.
Бір күні көшеде келе жатыр едік, бір орта жастағы ағай қарсы ұшырасып қалды. «Қай жақтансыңдар?», деді сәлем-сауқаттан кейін.
Маңғыстауданбыз.
Ой, жарайсыңдар, адайлар, атаңа нәлеттерді түріп айдап шықтыңдар ғой! - деді ағамыз марқайған көңілмен.
Ойлап қарасақ, Жаңаөзен оқиғасы кезінде де қаза болған, немесе зардап зауал шеккендер баршылық. Ендеше, тәуелсіздік өзінен-өзі келе қалды деп айту қиын-ау. Осындайда ойды ой қуып, ойыма отызыншы жылдар ойраны, әйгілі Адайлар көтерілісі, сан-саққа шашырап кеткен қайран қазағым, есіл жұрағатым оралатыны бар.
Парсы еліндегі «Қазақ» немесе сағыныш уыты..
1990 жылдың қыркүйегі болуы керек, Ираннан алпыс жыл дегенде алғаш рет қандастарымыз келетіндігі жөнінде естіп, ерекше елең еттік. Олар көршілес ел ретінде бір жағы қайта құру, демократия самалы желпуіне орай, «Қазақ» атты футбол командасын сылтау етіп, туған топырақты көруге ұмтылған ағайындарымыз еді. Футбол клубының жетекшісі Жүсіп Көрпеден Ақтау мейманханасында ең бірінші болып мен сұхбат алған едім. Сонда ол толқығаннан даусы дірілдей, көзінен жасы сорғалай тұрып әңгіме өрбітіп еді. Сталиндік-голощекиндік қыршаңқы да кесір саясат баяғы жұртымыздың бір бөлігін құтты қонысынан тайдырып, дүйім халық ашаршылық, жоқшылық кеше жүріп мүлде жат жерді баспаналауға мәжбүр болып еді. Тектінің аты текті емес пе, ақыры ес жиыпты. Бірлік, елдік сипаттарын үзбепті. Біртіндеп ауқат жия беріпті. Қыздарын жатқа бермепті де, жат жұрттан қыз алмапты да. Ана тілін, әнін, күйін, жырын жоғалтпапты.
Бірақ соның барлығын сақтап қалу оңай болмаған ғой. Бастапқыда кісі есігінде құл болуға, күң болуға дейін барған, амалсыз кішік болған, өйткені ұрпағы - ұясын аман-есен сақтап қалуды ойлаған.
Жүсіп айтты босап: «Біздің құлағымызға жөргектен сіңген ән: «Маңғыстау деген жер бар, Адай деген ел бар, Адыраспан деген шөп бар... Сен қазақсың, сен қазақсың. Отаның сенің – Қазақстан». Олар ұзақ жылдардан кейін сол атакүлдік Қазақстанға, Алматы арқылы атамекен - Маңғыстауларына келу бақытына ие болып еді. Футбол құрамасындағы жігіттер кілең мүсінді екен, ең бастысы иманды екен. Қазақ дегенде, елім, жерім дегенде, емешектері үзіліп кеткелі тұр. Кешқұрым олардың құрметіне дастархан жайылып, ас берілді. Сол жерде Темақаң (Темірхан Медетбек) бір жас жігіттен әңгіме үстінде «Елді сағынған шығарсыңдар?» - деп сұрады. Сонда әлгі жігіт көңілі қаяу тартып: «Сағыныш деген біз үшін у сияқты ғой, аға-ау», - дегені бәріміздің есімізде қалды.
Елдің, жердің, бауырдың, қандастың, өзара ауызбіршіліктің қадірін солардай білсек, қане!
«Ертең бізде қонақ болып кетші!..»
«Жүре берсең, көре бересің» деген сөз бар халқымызда. Бұл - ақиқат. Түрлі ортаны көрген сайын ойланасың да, қайраласың да. Тәуелсіздікке қатысты әңгіме өрбіткесін де тағы бір жайды айтпай кете ал май отырмын. 1990 жылдың ақпан айында Алматыда өтпекші жас ақындардың тұңғыш мүшәйрасына Маңғыстаудан ақын Светқали Нұржанов екеуміз шақырылыппыз. Алайда, ол кезде Ералыда (қазіргі Құрық) мәдениет саласында жұмыс жасап жүрген Светқали бауырым уақтылы құлақтанбай қалған ба, мен өзім астанамыз Алматыға шұғыл ұшып кеттім. Мүшәйра салтанатын Жазушылар Одағының үшінші хатшысы Ұлықбек Есдәулетов ашқаннан кейін бірінші болып өлең оқу мәртебесі маған тисін келіп. Сахнаға көтеріліп, «Азаматқа сын» дедім де, оқып кеттім:
Заман - заңғар,
Сұңқарлар қиясында,
Жан бағарлар бұғады ұясында.
Жалын атқан жампоздар жанып туған
Үңіледі халқының мұрасына.
Уақыт -ұлы,
Шырқатар шабыт беріп,
Елің үшін құлдилай ағып келіп,
Қыран мінез танытсаң,
Шоқжұлдыздай
Сәуле құйсаң санаға жарық беріп!
Осы өмірде жанғаны сонда бағың,
Туған халқың тапқаны қолғанатын.
Жүрсе ерлер қамымен қара бастың,
Дүниенің қорлығы сол болатын.
Ей, азамат,
Есің жый,
Еңсе көтер,
Есіл ғұмыр өтпесін күңсіп бекер.
Туған жер мен туған ел деген кезде
Жас тамшысы жанардан ыршып кетер.
Жас дегенің - жүректің қаны сынды,
Әйгілейді арың мен намысыңды.
Ұстараның жүзіндей жарқ-жұрқ еткен
Әспеттейді ел-жұрты арысыңды.
Жылыстады өткен күн үрей болған,
Жарқын заман нұр шашты шырайланған.
Қазақ сынды халыққа нарлар керек
Қайтаруға тұнығын лайланған.
Оған жалғас «Біздің халық», «Қазақтың жігіттері сайыпқыран» секілді өлеңдерімді оқыдым. Мүшәйрадан кейін Жазушылар Одағының екінші хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов баршамызды қабылдап, кабинет ішінде де өлеңдер оқыстық. Бұл арада «Бәріміз баласымыз бір атаның», «Қайрау» деген екі өлеңімді оқығанмын, сол жердегі өңшең жүрегі бұлбұл-жырға толы әріптестерім тарапынан жақсы баға алғандай болды. Жанымда тұрған курстасым, ақын Гүлнәр Шәмшиева қолымды қыса берді. Шынын айтқанда мен бұл жайларды мақтану үшін айтып тұрғаным жоқ. Шығармашылығымызға төреші халық қой. Осының барлығы көтеріп отырған тақырыбыма, сөз еткелі отырған осы сапардағы бір оқиғаға байланысты туындады.
Мені осы күні үйінде келіншектеріміз АГМИ-дің педиатрия факультетінде бір группада оқып, менімен «бажа» сыйлас болып кеткен, өзі Консерватория түлегі, алматылық Ораз Төлегенбаев деген азамат дегбірсіз күтіп отыр еді. Өйткені, ол мені бастап бір жолдастарының туған күніне алып бармақшы еді. Кездестік. Жүз грамм іштік. Қолына нән гитарасын алды. Карл Маркс - Пастер көшелерінің қиылысындағы үйдің алтыншы қабатына көтеріліп есік қақсақ, ду қызып жатыр екен. Есіктен енген бойына менің Оразым дастархан билігін өз қолына алды. Онысының да жөні бар. Екі тілде әңгімені судай сапырады, артистігі, өнерлілігі өз алдына. Екі тіл демекші, менің бар қаным да, жаным да сол тілде жатқан адаммын. Балаларға да отбасында бір ауыз орыс сөзін қоспай сөйлеуге қатал талап қойғанмын. Ана тілінің әруағын кінәратсыз сақтау жолында басымды тігуге бармын. Ал мынау отырыс тек қана бір тілде, орысша жүріп жатты... Бұл маған өте қатты батты... Кілең қайран қаракөздерім орысша сөйлегенде қай-қайсысы да қамшы салдырмайды.
Біраз тостар да, әндер де айтылды-ау. Әттең, не керек, бәрі де басқа тілде. Сөйтіп отырғанда асаба-досым Орекең:
Келесі сөзді Маңғыстаудан келген ақын досым, өзі адай...- деп біраз сипаттауымен жеткізіп барып, маған бергені. «Ай, бір кезек келдің бе?» - дедім іштей. Ду-додаға шыдасам да, намыстан күйіп, жанып бара жатыр едім. «Ау, ағайындар, өңшең өзіміздің қарадомалақсыңдар, қаракөздерсіңдер. Ана тіліңді сату - анаңды сату, еліңді сату емес пе? Орталарыңа жаңа келсем де, отырыстарыңның парқына тоя алмай отырмын...», - дей келіп, халқымыздың сана-сезімі оянып, ұлттық атаулыны жаңғыртамыз деген тұста, Алматыда жүрген оқыған-тоқығаны бар деген қазақтарымыз бұлай сайраса, құрып, біткеніміз ғой дегенге сайдым. Әлі бояуы кебе қоймаған «Қазақ тілі – қанатым» деген толғауымнан үзінді оқыдым. Менің манадан бергі бір сағаттайғы сілкінісім аяқталар тұста жанымда отырған бір жігіт «Келші, бауырым!» - деп асқан риза көңілмен құшағын жая төс қағыстырғаны. Ал үстелдің екінші бетінде отырғандар арасынан бір әсем келіншек қазақтың халық әндерін бастап келіп кетсін! Әннен кейінгі әңгіме де қазақша арна тартып, керемет жарасыммен жол таба берсін содан. Бақсам, бұл Орынбор, Омбы қалаларынан көшіп келген ағайындар екен. Орысша сөйлесуге үйреніп кеткен. Бірақ, тілді де, дәстүрді де, ән-күйді де жақсы сақтаған. Бәрінен бұрын қазақы намыстары іштерін жарып барады екен. Мұны мен олармен сол күнгі кеште шер тарқату барысында анық байқадым. Бәрі де «Ертең бізде қонақ болып кетші» деп қиылады, «балаларға да екі ауыз осындай әңгіме айтып бер». Менің уақытым шектеулі еді, келесі күні кері ұштым. Біз олармен қимай қоштастық. Сол күнгі отырыстан кейін олар ең болмағанда екі қазақ кездескенде және отбасында бір-бірімен өзге тілде емес, ана тілінде сөйлессе, балаларын қазақ балабақшаларына, мектептеріне берсе деген ізгі үміт қалды көкейімде.
Украиндар: «Тегінде ұлы халық - қазақтар.
Сіздің Дала бізден бес есе үлкен!»
Қазақстан Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін аралап көрген канадалықтар сонау кеңес кезеңінің өзінде: «Әуезов. Байқоңыр.Маңғыстау» деген үш ауыз сөз қолтаңба қалдырыпты деп естіген едік. Ғұламалық демей гөр! Әуезов - ой (рухани) ұлылығы! Байқоңыр - ғылым мен техника ғаламаты! Ал Маңғыстау қазына-байлық атаулының сарқылмас қайнары емес пе! Мен Қазақстанның ең шеткері де майлы қиян пұшпағы - жеті атам жерленген бағзы Маңғыстау аумағының бір өзіне ғана бірнеше шағын мемлекеттердің сиып кететінін бұрын да әр жерлерден оқып, білетінмін. Ал әлемдік карта бойынша Қазақстан жер көлемінің ауқымы жөнінен дүние жүзінде 9-орынды еншілейтінінен, сірә, хабардармыз. Әйтеуір, атам қазақтың кең-байтақ жері жетеді ғой. «Жері байдың - елі бай!» демей ме!
Әлгі канадалықтар Қазақстан дегенде Дала атты ұлы ұғымды ұмытып кеткен бе деймін. Біздің баһадүр бабаларымыз мынау көсілген ұланғайыр жазықтықты білектің күшімен, найзаның ұшымен бағындырды, аттың жалында, атанның қомында, көш-керуен салтанатын сақтай жүріп табиғатпен етене ғұмыр кешті. Сайын даланы еркін жайлап, асау мініп, арғымақ ойнақтатты. Мынау жатқан шетсіз-шексіз менің даламда баяғы тұлпар тұяғының дүбірі әлі жаңғырығып жатқандай көрінеді маған. Бұл тарихта мойындалған көшпенділердің Ұлы Даласы (Великая Степь) ғой! Неше бір ауыр заманалар мен дүрбелеңді дәуірлер алмасса да, тіпті қиялың да жетпес қиян түзді ұрпағының мәңгілік мұрагерлігіне ие етіп кеткен наркескен тұлғаларды ойға оралтқанда мерейің қанып, кемерінен тасқан теңіздей бұлқынасың. Ендігі мақсат - сол далаға, оның тулақтай жеріне кінәрат келтірмей, аялап, қорғай білу - бүгінгі және келешек ұрпақтың ең қастерлі парызы.
Анау бір жылдары облысымызда «Тарас Шевченко күндері» дәстүрлі түрде өтіп жүрді. Бір сапарда Украинадан 25 ақын-жазушы келді, түрлі кездесулер, басқа да көптеген тартымды шаралар өтті. Ақтау мейманханасында кешкілік олармен бірге бас қосқанбыз. Біраз отырыстан кейін құшақтасып тұрып қазақ және украин тілдерінде сазына тербеліп әнге салдық. Келесі бір кезекте сөз кезегін алған украиндық бір ақын:
Сазымыз да, жанымыз да шалқар, ұқсас екен. Далаларымыз да даңғайыр. Бірақ, Сіздің Дала Біздің Даладан бес есе үлкен. Мен осында келерде жерлеріміздің өлшемін қарадым. Ендеше, біз емес, сіздер - қазақтар ұлы халық екенсіздер, -дегені. Шынына келгенде мен оның пікірін географиялық карта, немесе энциклопедия арқылы салыстырып көргенім жоқ. Бірақ, ол солай деді. Сөзінің пәлендей қатесі де бола қоймас. Ол солай дегенде, менің көзімде тағы да ыстық жас тұнып тұрды. Бабаларым үшін мақтанып, оларға мың да бір мәрте алғыс жаудырдым.
Күні кеше егемен деп отырған еліміздің кәсіби деп отырған Парламентінде Жер-Ана тағдыры саудаға түсіп, оны сату, сатпау мәселесі қозғалғанына таң қаламын. Ашкөздерге салған жерден «Тәк!» деу керек еді. Ал Қазақстанда шұрайлы жер атаулыны жоғарыдағы «дәулер» бөлшектеп иеленіп қойыпты дегендей ел аузындағы сөз не сөз?! (Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің құлағына алтын сырға!). Соның барлығы өсек-қаңқу болғай да, тойымсыз тоңмойындарды Құдай көргей да дегеннен басқа біз не пәрмен қыла аламыз тегінде?!
Қазақстан-2030: Мен қалай елестетемін?
«Мемлекетті қаржының емес, адамдардың, дарындардың аздығы әлсіретеді» депті бір ойшыл. Жалпы, халықтың санының көп болғаны қаншалықты мәнге ие болса, сапасының жоғары болғаны да соншалықты мәнге ие екендігі талас тудырмайды.
Мен әлдебіреулер сияқты өз халқын менсінбей, немесе даттай, немесе оған жаманаттың бәрін үйіп-төгіп салатын адамдардың пікіріне қосыла бермейтін топтанмын. Өйткені, қай кезде болмасын, қанын да, арын да таза сақтаған біздің халқымыз өзінің қабілет-қарымы, өнер-білім мен қандай да іске де үйірім екені жағынан ешбір ұлттан олқы соқпайды. Әрине, біз экономикалық-әлеуметтік, ғылым мен техника, электронды өркениет көшіне енді ғана бағдар түзеп жатырмыз. Етек-жеңімізді жия бастадық. Мемлекетіміздің алтын шапақты, Күн шеңберлі шаңырағы төбемізде тіктеліп, уықтары шаншылды, керегелері қанат жайды. Бір кездегі киіз туырлықты қазақ енді әлемдік қауымдастық, әлемдік кеңістікке шықты...
Ел тізгінін ұстаған еңсегей азаматтар ел ішінде тыныштық пен татулық ынтымақ пен жарасым болса ғана, ырыс жұғысты боларына толық көз жеткізіп отыр. Біз үшін жерімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстардың тату-тәттілігі қандай қымбат болса, қазақтың бірлігі одан да қымбат. Жүзге бөлініп, жүзіміз күйіп жүрмегей. Руға бөлініп, іргеміз сетінеп жүрмегей. Жеті атамызды да, бүтін қазағымызды да жіліктей шағып, ата тарих -алтын тамырымызды түп-тереңнен тани, тарата білсек, ұлттық қалыптасуға, бір тұтастыққа жетісе алатын болармыз.
Мәңгілік маңызын жоғалтпас осынау ынтымақ пен бірлік, халықтық қасиеттерді Ертеңге жалғайтын бүгінгі жас ұрпақ екенін баршамыз білеміз. Мен сол ұрпақтың тағдырына алаңмын! Шүкір, біздің елімізде дарынды жастарға деген мемлекеттік қамқорлық пен қолдау-көмек күшейді. Олардың терең білімді болуы, осы заманғы техниканы игеріп, шетел тілдерін меңгеруі, жалпы адамзаттық даму көшіне ұмтылуына даңғыл жол ашылып отыр. Білім беру ошақтарының толық компьютерлендірілуі, гимназия, колледж, лицей, академия, университеттердің, жетілдіріліп оқытылатын мектептердің көбеюі қуантады.
Ұлттық педагогика, әдеп пәндерінің өмірге келуі де оңды нышан. Президенттік «Болашақ» бағдарламасының өзі неге тұрады?! Мектеп оқулықтары қайта жасақталды, «Қазақстан тарихы» орта мектепті бітірердегі және жоғары оқу орнына түсердегі негізгі пәнге айналды. Қысқасы, білім беру - ағарту ісі саласында іргелі реформалар жүріп жатыр. Енді әр қазақтың отбасында қазақша сөйлесіп, балаларын, немерелерін қазақ мектептерінде ғана оқытуы күн тәртібіне көкейтесті мәселелер ретінде шығып отыр.
Өйткені, өскелең ұрпақтың бойына арғы-бергі ата-бабалардан келе жатқан ұлттық менталитетімізге тән қадір-қасиеттерді - кестелі қазақы тіл, «қанына тартпай тұрмайтын» қазақы діл, жүректерге имандылық пен ізгілік ұялататын мұсылмандық дін ұрығын әбден сеуіп, сіңірмейінше, қысқасы, Қазақ атты ұлы халықтың о бастағы ұлттық кескін-келбет, бітім-болмысын қайта жаңғыртпайынша, біз ешкімнен де оза алмас едік.
Өйткені, өзгеге ұқсамайтын өз тұлғасы бар (сұлбасы емес), салт-сана, дәстүрі бар халық мәңгілік! Бұрынғының көзі десең көзі, сөзі десең сөзі - абыз ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің азайып бара жатқанына қиналатынымыз да сондықтан.
Ертең көнекөз сол буындар анау жаққа аулақтаса, не болармыз екен деп те ойлайсың. Дарынды деген жастарымыз осы жағынан да қамшы салдырмаса екен, қай салада жүрмесін рухани мұраларға көбірек үңілсе екен деп тілейтініміз сондықтан. Рухани бай болмайынша, рухың биік бола алмас. Мол біліммен қарулану арқылы ғана зиялылыққа жете аласың. Ендеше, елімізде кітап оқуды насихаттау, кітапханалар жұмысын жандандыру бел алуға тиіс.
Жас ұрпақ туралы айтып жатырмыз. Елбасымыз бен Үкіметіміз салауатты ұлт, салауатты ұрпақ тәрбиелеуге шындап кірісті. Мұны денсаулық сақтау саласындағы тың өзгерістерден, ана мен баланың денсаулығына барынша көңіл бөлу, медицина саласын осы заманғы шетелдік озық аппаратуралармен жабдықтау, түрлі жұқпалы және қатерлі ауруларға қарсы күреске бағытталған мемлекеттік бағдарламалардан анық аңғарамыз. Қазірде ауруханаларда дәрі-дәрмек, тамақ жағы жеткілікті, тіпті енді сырқаттарға орын болмай, шешімін күткен басқа проблема туындауда. Оны да шешу керек.
Мен өзім ұстаздар қауымы мен дәрігерлер қауымының жанкешті де тынымсыз еңбегін аса жоғары бағалаймын. Шынымен де ұрпақ болашағын ойлайтын болсақ, онда бірінші кезекте осы екі сала қызметкерлерінің жалақысын біраз көтеріңкіреу керек. Бұл ретте осылар тәрізді гуманитарлық салаларды екінші кезекке ысырып қоятын секілді бұрынғыдай қасаң көзқарастар мен қағидалардан арылған жөн болады. Тәртіп қорғау, заң органдары саласында да солай, прокурор, сот, полиция қызметкерлерінің еңбекақысын біршама көтеруге жетісу міндет. Онсыз Гиппократ әруағы алдында ант ішкен медиктеріміз де, шәкіртімен абыройы өсетін педагогтар да, қылмысты құрықтаушы тәртіп сақшылары да бүкіл күш-жігерін жауапты істері жолында аямайды деп айту өте қиын.
Соңғы мезгілде жұмыс жайымен, бәлкім, жан тыныштығын ойлап жүрміз бе, ауыл тұрғындары жаппай қалаға жөңкілуде. Бұл ағымды дұрыс немесе бұрыс деп бағалау орынды болмас. Алайда, ауыл барлық ұлттық қасиеттің қаймағы екендігін, ағаш үй мен мал-жандықсыз қазақ деген халықты мүлде елестетуге де болмайтынын ешқашан есімізден шығармайық. 2030 жылғы ауыл жан-жақты өркендеген, байырғы қазақы қалпы мен заманға лайық мәдени деңгейі үндескен болуы үшін ауылдағы реформаларды нысаналайтын «Ауыл» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып жатса, құба-құп. Шетелдік демеушілердің әлеуметтік бағдарламалары алыс келешекті көздейтін мақсаттарға да бағышталуы аса маңызды деп түсінеміз. Бәлкім, ірі кәсіпорындарды, шаруашылықтарды әрбір ауыл-селоға демеуші - шеф ету мәселесін тәуекелмен қолға алу керек шығар.
Елдегі он жыл ішінде орныққан саяси және экономикалық тұрақтылық, азаматтық келісім елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының да біртіндеп түзелуіне бетбұрыс жасады. Өз қалтамыз тым тайыз болғандықтан алпауыт шетелдік компаниялардың қаржысын пайдалана отырып қысқа мерзім ішінде ес жиып алу, инвесторларды игілігімізге жарату құптарлықтай. Тек оның пайдасы мен зиянын «жеті өлшеп, бір кесе» білейік! Олар да тектен-текке келмесі белгілі. Мейлі, алсын. Бірақ, «алмағының салмағы» басым болғаны дұрыс. Осы арада ескерерліктей екі үлкен мәселе: біріншіден, қоршаған орта, табиғаттың, Жер-ананың жүрегіне зақым келтірмеу. Жер мен көкті уласақ (былғасақ), жетісе алмаспыз. Екіншіден, әлгіндей бай компаниялар жеке тұлғаларға емес, елге, жерге қызмет істесе. Жер байлығы шын мәнінде халық игілігіне, қараның да қадесіне жараса, міне, жетістік сонда ғана болады.
Мемлекет мүлкін (қаржысын, байлығын) меншік еткен ат төбеліндей адамдардың мейманасы тасуы тоқталатын кез де келер, өйткені әр нәрсенің шегі бар емес пе?!
Жалпы ел ертеңін қалай елестетемін дегенде менің ойыма әруақты ата-бабаларым, әулие-әнбиелерім келеді. Егерде біздің барлығымыздың елдікке деген ниетіміз түзу, осы ұлы мақсат жолында бір жұдырық болып жұмыла алсақ, киелі бабаларымыз (Пір Бекет атамыз) қолдары анық. Онда ешқашан енді туымыз жығылмайды, қайта жоғары көтерілген сайын биіктей түседі. Менің қорқатыным - көбіне-көп өз арамызда болып жататын алауыздық, жікшілдік, аяқтан шалушылық, өресіздік пен парықсыздық, әсіре әуейілік пен дүниеқоңыздық, рухани жұтаңдық пен тоңмойындық, жастар арасындағы маскүнемдік пен есірткі құмарлық (яғни, сана-сезімді топастандыру мен мәңгүрттену), іштей бақастық пен күншілдік, жемқорлық пен жебірлік, тойымсыздық пен ашкөздік, арсыздық пен астамшылдық, даңғойлық пен дүмше-дүбаралық, шолақ белсенділік пен екіжүзділік, арамтамақтық пен масылдық, ұстамсыздық пен ұятсыздық, көргенсіздік пен бос көлгірсушілік, талғамсыздық пен мәдениетсіздік, жасықтық пен пасықтық, табансыздық пен тұрақсыздық, олақтық пен салақтық, білімсіздік пен біліксіздік, көргенсіздік пен көр соқырлық тәрізді кер «қасиеттер». Осындай жағымсыз қылықтар белгілері кімде жоқ дейсің, солардан арылайық.
Жақсы қасиеттеріміз де көп қой, соларға қарай бұрылайық. Ол қайсысы екенін өздерің де білесіздер: Даладайын дархандық пен тұлпардайын тарпаңдық, арғымақтай алымдылық пен қиядағыны қағас жібермейтін қырандайын шалымдылық, орып түсер орақ ауыз от тілділік пен ортақ пәтуаға ұйыр парасат-пайымдылық, халқы Ханын Хақ тұтып, Ханы Халқын жақ тұтып, елдің қамын ойлаған, әкімдері сайланған, батыр, би мен байлары -халқының болған айбары, қайырым мен қанағат, ізгілік пен шарапат, қонақжайлық кеңдігі, тектілігі, ерлігі, ізет пенен ілтипат - Қазағыма тән сипат.
Одан кейінгі керегі - өнер, білім, ғылым, техникалық прогресс, спорт, ең бастысы мемлекеттік саясаткерлікте озу. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, қоғамдық құрылысымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында егемен еліміздің алыс болашағының күнгейлі келешегін көре, бүгінгі және келешек сүрлеулер жете сараланғандығы сенімді нықтай түседі.
Осыдан отыз жыл өткенде не боларын болжау көрегендік емей немене?! Елімізде, өлкемізде осы бағытта қарқынды жұмыстар жасалып жатыр. Қол қысқалығына қарамастан қомақты шаруалар тындырылуда. Тек қана ел саясатын жүзеге асыруға тиісті жоғары төменгі басшылар тамыр-таныстық арқылы шен-шекпен киіп, лауазым иеленгендер емес, шын мәнінде қабілет-қарымды, көреген де дарынды, ел мүддесі дегенде шыбын жанын тігуге бар нағыз марғасқалардан таңдалса деген тілек бар. Басшы кадрлардың жан-жақты мықтылығы ел, жер, халық еңсесін көтере бермек.
Өткенімізге, соңғы он жылымызға тағы да бір көз салып көрейікші. Қол жеткізген меже шүкір етерліктей. Халықтар достығы мен ұрпақтар сабақтастығы, тарихи қуғын-сүргін құрбандарын еске ала отырып, жадымызды жаңғырту, мәдениетімізді көтеру айтулы шаралар болды. Елбасымыз Н.Назарбаев пен Төбе биіміз Ә.Кекілбаевтың көсемдік-көрегендік қасиеттері Қазақ елін сағымды белестерден шұғылалы көкжиектерге бастап бара жатқанына тәнтілік құлатамыз. Шарпысқанда шалдырмайтын, шамалыға алдырмайтын Текті Барысқа тел секілдіміз. Көкке қарап ұлып, көздегеніне жеткенше көңілі көншімейтін Көкбөрі тәрізді Ер секілдіміз. Тәңіріден тілегені келіп, Алла тағала, ата-баба аян беріп, ортасынан озық туған, қатарларынан асып туған, он жаста болса да ойшыл, һәм кемеңгер, Құдай қаласа, көсегесі көгерер Ел секілдіміз! Ендігі жерде айнала маңына марғаулау көз тастап, маңғаз қозғалатын керенау нарлықтан гөрі, жусай жүріп көз шырымын алдырып, көсіле шауып айызын қандыратын жылқы мінезді сергектік керек-ау қазаққа!
25.05.2001 жыл.
Көкбайрақ көтерген он жыл
Сан ғасыр сансырап, өлдім-талдым дегенде, тәуелсіздік тізгінінен ұстаған қайран елім! Қаз-қадамыңда халқың түсінердей кем-кетік, қателіктерің аз кездеспесе де, барар жолыңды, өзіндік соны сүрлеуіңді, айқын нысанаңды ұстана білдің. Заманында сан соққыны көріп, есеңгіреп, рухани күйзеліске ұшыраған қайран жұртымыз Ата Салт, Текті Санасынан таймапты. Содан да болар, Тәуелсіздік көгершіні қалықтай ұшып, күлімдей жеткенде, бүкіл елдің көп болып таңдауымен Көсемі саналған тұғырлы Тұлғалар байырғы Баба Даласының бағын жандыруға бар қажыр-қайратын аямай жұмсай білді. Содан да болар, арғымақ атын ойнақтатқан тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Әбіш Кекілбаевтай әйгілі ақылман-абыз Төбе биіміз бастаған ел басшылары мен қазақ зиялылары тарихтың осынау күрделі кезеңінде табандылық пен көрегенділіктің сан үлгісін танытты. Енді-енді әрпіл-тәрпіл тәй-тәйлаған кезеңдердің өзінен елдік сипатының арда жатқан айрықша бітім-болмысын аңғартқан ат үстіндегі атпал азаматтар біртіндеп мемлекет шаңырағын тіктеп, келіп қонған бақыт құсын қайтып ұшырып алмасқа бекем бел буған асыл ағалар, ата-бабалар армандап өткен егемендік еңсесін асқақтатып, елдік көшін өркениет дүниесіне қарай түзеуге мықтап күш салғандай.
Бүгінде артымызға сәл ғана мойын бұрып қайырылып қарасақ, ежелгі еншімізді қайта оралтқанымызға табаны күректей он жыл өтіпті. «Апырай, ә», - деп ойланбай тұра алмайсың. Әлгінде бодандық түнегінен азаттық шұғыласына жанарын жалт ете ашып шыққан бағзы елімді шырылдап жарық дүниеге қайта келген бейкүнә шарананың қалт-құлт еткен кейпіне ұқсатып әңгімемді бастап едім, сол сәби енді онға келіпті. Жылға жетпей-ақ жұлыны бекіп, шыр айнала шауып кететін ширақ туған дарынды баладай Біздің Ел тез арада-ақ жүріс-тұрысының сенімді екенін айнала жұртқа, жалпақ әлемге аңғартып үлгерді. Құдай сәтін салып, елінің басына ерек туған ерлер келген алып кеме - Қазақстан Адамзаттың дулы да шулы сапырылысқан мұхитынан өзіндік дара да сара жол табуға бет түзеп келеді.
Өзалда Көктәңірдің ауызын Айға білеген айылын жимас арландық пен баһадүрлер тақымында тулаған Тайбурылдай тарпаңдық қан қасиетті жете сіңірген тұйнағы бөлек тектілер тұқымдары көзді арбаған қалың тұманның ішінен де тайсалмай алып шығар қамшы салдырмас қаныгілігімен тәнті етпей қоймайды. Тегінде азуы алты қарыс арыстан мен жан-жағын жалмап кетердей айдаһардың жуан ортасынан ойып ордалы орын алып, асығы алшы түсіп, тең терезелі, мәрт мінезді кейіппен арқайын тірлік кешіп жатқан Біздің Дала тіпті де осал бола қоймас. Бүтін қазақ болып бірігіп, бір жұдырық болып жұмылып, Өлтірмелік Рухты, Өшірмей Ерлік ғұрыпты, Мәңгілік болып ғұмырлы, Сақтаймыз сонда тұғырды, демекпіз.
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ», дейді атам қазақ. Бүгінгі тандағы біздің қолымыздағы алтынымыз да, жақұт-жауһарымыз да, асыл ақық-алмазымыз да, баға жетпес байлық, мақсат-мұрат, сарқылмас қазынамыз да - осы Тәуелсіздік. Тәуелсіздік -елдің лағыл-арманы, Тәуелсіз елдің бағы жанғаны, Тәуелсіз елдің бағы жанбағы – Көреген Көсемдерінің сара жолды таңдауы. Халық даналығын осы ретте:
Жақ болмайды жаңылмас,
Тұяқ та болмас сүрінбес,
Ақырын жүріп, анық бас,
Дәлдікпен жымы білінбес, -
деп сәл-пәл түрлендіріп жатсақ, оншалықты әбестігі бола қоймас.
Осынау өткен он жыл ішінде Қазақстан Көкбайрағын бүкіл жер-жаһан таныды, мойындады. Қазақстан - Нұрсұлтан бүгінде әлем назарын өзіне аударып тұр! Әрине, көбісінің ойлайтыны - жас мемлекеттің елең-алаң шағында бары байлығынан қарпып қалу, азды-көпті үлес иеленіп қалу. Бірқатарының ойлайтыны сірә да мысық тілеу, бірқатарінікі - іштей қызғаныш, әлдебіреулердің ойы - арандату, айдап салу, итірқылжың қылу. Мінеки, осындай аласапыран дүниеде түпкі есебіңнен ұтылмай-жаңылмай, құрығанда ең болмаса итжығыс түсіп, шама келсе, екі жеп, үш жеп биге шығып кететіндей ақыл мен айла, ең бастысы әрбір қадам, әрбір іс, әрбір шешімді Терең ой, мен Парасат Пайым елегінен сүзіп өткізіп барып қана әрекет жасау түптің түбінде береке мен мерекеге жетелемек те, жеткізбек.
Онға келіп, оң-солын толық дерлік танып, тәуелсіз елдіктің саясат қыр-сырларына барынша қанығып, басында Бақ тұрақтары белгілі бола бастаған Біздің Ел енді-енді етек-жеңін жиып, белін шартпа түйіп, тындырғаны да, тындырмағы да жонданып, сәл-пәл бойын түзеп қоңданып, миығынан күле бастаған, көзінің қиығымен айнала әлемді зерттеп шола бастаған өзіміздің Түз Қыранына келіңкірейді.
Марғаулықтың заманы өтіп, аңғалдықтың зардабы жетіп, дымын ішіне сақтаған, тойынып, тояттар үшін шынжырдай шеңгелі мен қыран-қанаттарын баптаған Қазақ елі бір секірсе, он үш, он беске келер, он бесті қазақ ер жасқа теңер. Біз қазір келешек Жанартау мен Жасындар алдындамыз. Көп ұзамай өткерер жалынды асау шағын халқым нағыз!
Иә, иншалла, біссіміллә! Жат пейіл, сұғанақ суық қол, сұқ көздер жоқ демесек те, еліміз аман, жеріміз тыныш. Шүкір, халқымыздың басым бөлігі байлыққа белшесінен батпаса да, әлденіп, қоң жия бастапты, өзге жұрттардай тырбана тірлік жасап, өз күнін өзі көрудің қам-қарекетінде. Шыны керек, қазірде қарасаңыз, Онға келген баланың өзі тырмысып тер төккенінде аш қалмайтынын, ақ адал нан тауып жей алатынын әбден бағамдап үлгергендей. Ендеше, онға келгенше жатпай-тұрмай ертеңін ойлап жағаласып өскен Бала әсте далада қалмаса, сол он жастың өзіндегі Қазақстан секілді еңгезердей еркін Ел тоқсан тарау жолдың ішінен тандап алған Өз Сүрлеуі, Өз Даңғылынан жаңыла қоймас! Жерімізді мекендеген жүздеген ұлттар мен жұрттардың тамырын дөп басып, тату-тәттілікке ұйытып, ауыз-ләмдерін, жүрек-демдерін бір етіп отырған, солардың бірлескен білек күшімен Ұлы Отанын түлетіп отырған Наркескен Тұлғаларды Пайғамбарлар демеске лажым жоқ-ау!
Оу, туған Ел! Барша ғаламға бауырмалдық құшақ жаятын Баба қасиетің еді, қонақжайлылық меймандостығың өшпес өнеге, өсиетің еді. Ниетін бұрып, қолын созғанға оң қарадың, содан да болар, кезіп кеткендей атағың әлем шартарабын. Оңғара бергей жолыңды Алла, өзгені мойынсұндырып, өз қамыңды қамда! Он жылда оза шаппасаң да, көш соңында қалмадың, Жиырма, Отыз, Қырқыңды көріп, Қиқулай, құйғытып шапқан шағыңда,-2030-ды көрсек бірге Тарпаңым!!!
4.09.2001 жыл.
Бос мақтаннан не ұтамыз?
Соңғы мезгілде елдік, ерлік, бірлік туралы жиі айтылып та, жазылып та жүр. Бұл, сөз жоқ, заман рухындағы мәселе. Ез болмасақ, етек-жеңімізді жинақтап, ел болуға ұмтылсақ дегенде етектен тартып, еңсені езіп тұрған кедергілер де аз емес. Елдің ертеңіне сеніммен қарауға күдік келтіруге себепші келеңсіз жәйттардың қатарында халқымыздың руға, жікке бөлінгіштігі, сөйтіп, өзара қырқысып, айтысып-тартысып, керілдесіп, бір-бірін күндеп, көре алмауы, ішімдік десе ішкен асын жерге қоюға бейімдігі, өскелең ұрпақтың ата дәстүрден, мәдениеттіліктен жұтап бара жатқандығы сықылды басты-бастыларын кейінгі кезде ашына айтып та жатырмыз. Бұл дерттердің ішіндегі ең бір осалдығымызды танытатын тағы бір көрініс, құр, бос мақтан құмарлығымыз. Тоқырау аталған кезеңде бәрінен бұрын әлгі айтқан ішкілік адам болжап болмайтын дәрежеде өріс алды. Ащы суға сол кезеңде батып ішкен кейбір ағайындар «әттең, коммунизм өтіп кетіпті» деп сан соғады. Өйткені, ол кезде дүние күл болмақ түгілі, бұл болса да, басы ауыратын ешкім жоқ еді. Әркім өзінің нан тапқанына, сөйтіп, үй-ішін асырағанына шүкіршілік ететін. Сол бір кезеңде қай қазақ та қолдан келсе бастық болуға талпынды. Ол үшін жарамсақтықтың барлық сатысынан өтіп, «дөкейлердің» алдында құрдай жорғалап, өзінің негізгі мақсаты портфель мен креслоға ие болу үшін ештеңеден де аянып қалмады. Ал билік қолға тиген соң әкімшілдік, әміршілдікке біржолата иек арту етек алды. Сөйтіп, бастықты орынды-орынсыз мақтау, мадақтау, оған жөн-жосықсыз сыйлықтар ұсыну дәстүрге ене бастады. Осынау кезеңге тән аса қауіпті қоғамдық кеселдер санатында алаяқтық, ашкөздік, жағымпаздық, жалпақшешейлік, екіжүзділік, айдап салушылық, арамтамақтық масылдық тағы басқаларын да айтуға болады.
Бұлардың ішіндегі ең бір сорақысы, көрер көзге сондай күлкілі әрі түрпілі көрінетін жай -бір-біріне көпшік қоя сөйлеу немесе бос даңғазалық, көлгірсу, тағысын-тағылар. Бітпеген істі бітті деп, қабырғаға екі шеге қаққанға мәз болып, немесе екі ауыз сөз орысша сөйлегенге барынша масаттанып келіппіз. Осылайша құр далбасалап жоспар қуғансып, оны орындағансып, кімнің шашбауын көтергенімізді білмей өз буымызға өзіміз пісіп, дарылдап жүргенімізде ел де, жер де тозуға айналған екен. Басқаны былай қойғанда Маңғыстаудың өзін алайықшы. Айнала толған химиялық заводтар, олардың қалдықтары, ауа былғанған, басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Мұнай өндіреміз, шабындық шабамыз, тас кесеміз, жер қойнауын атқылап, қазып зерттейміз деп жүргенде жер де тозған.
Осындай даңғазашылдық, науқаншылдықпен ала шапқын болып алаңғасарланып жүргенде көп нәрсені жоғалтып алыппыз. Бәрінен бұрын кеуде керіп босқа тасынып жүргенде қоғамның даму көшінен қалып қойыппыз. Кейін тәуелсіздік алып қатарға қосылған дамушы елдердің өзі бізден көш ілгері ұзап кеткен. Ең өкініштісі, бізде сөз көп, іс мардымсыз.
Қашекең тойына Түркиядан арнайы сапармен келген атақты Мұстафа Өзтүрік Алматы теледидарына берген сұхбатында «Мынау той біздің халық бола алатындығымызды, басымыздың керек кезінде біріге алатындығын көрсетті. Алайда, елдікке тұсау болатын ішімдік деген бір пәле бар екен. Соны бір-біріне қалайда ішкізіп, өзді-өздерін кезекпе-кезек өсіре мақтай, бөсе беруді дағдыға айналдырған екен», дегенді айтты. «Мақтағанды кім сүймейді, құл-құтан да сүйеді» деген де сөз бар арамызда. Бұл да біздің мақтан құмарлығымызды көрсетеді. «Мақтан, мақтан, мақтануға тұрарлық ұлың, қызың болса», дейміз. Әрине, ұлттық мақтаныш етіп үлгі тұтарлық Мұстафадай ерлеріміз болса, кеудені қуаныш кернесе несі бар! Әйткенмен осы Қашекең тойына Алматыдан 1991 жылдың 3 қазаны күні Мұстафамен бірге ұшуға сәті түсіп, сапарлас болған осы жолдардың авторы Шығыс жекпе-жегінен бірнеше дүркін әлем чемпионы Мұстафа Өзтүріктің ауылдың қарапайым қазағындай кішіпейілділігіне, мақтан сүймейтініне, бірақ өзіне соншалық сенімді екендігіне тәнті болған еді. Тегінде бүгінгі күрделі дүниеде аттың басын тізгіндеп, сабырлы, салқынқанды бола білгенге не жетсін. Адам баласы неғұрлым дана, неғұрлым парасатты, тіпті былайынша алғанда неғұрлым салауатты өмір сүретін болған сайын ақ-қараның жігін айқын ажыратып, кез келгеннің құрығында, шылауында кетпейді. Көлгірсіген мақтау сөзге ере де қоймайды ол. Ал біздің жерде қалай? Мәселен, Қазақстанды тұтас алсақ, оны «туысқан ұлттардың достығының лабораториясы», «қонақжай, даласындай дархан ел» деп бостан-босқа жел беріп, құрғақ марапаттауды негізге алып орынды-орынсыз мадақтап келеді де, енді дым білмегендей, «жергілікті халық өз жерінде жартысына да толмайды», «қазақ тілін Мемлекеттік тіл етіп не керегі бар еді?» деп жағаға жармасып жүрген жоқ па? Шет елде жүріп ысылған Мұстафа, немесе өткен жылы Ираннан келген іскер бауырымыз Жүсіп Көрпе әлгіндей сын-ескертпелерді бекерден-бекер айтпайды ғой. Сірә, кез келгенге ақ көңілділікпен ашылып, шашылып, ақырында айдалада қаңғырып, бос қалмаудың жәйін ойлайтын мезгіл жетті.
Асылы, құр мақтанның керегі не? Шүкір, ел Президенті Н.Назарбаев республиканы жаңа деңгейге көтерсем, барша әлемге танытсам деп тыным таппай, жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүр. Алайда, әлі қалың ұйқы құшағында жатқан қалың елі дамыған өркениетті әлемнің керуен-көшіне ілесуге дайын ба?! Біздіңше, кенжелігіміз әлі көп. Олай болса, ең әуелі даңғаза, әупірім, бос мақтан сүйгіштіктен арылып, алдыңғы елдер қатарлы іс қылуды үйренейік, белді бекем буып, тас түйін болып табанды тірлік етейік! Сонда ғана тұғырымызда тайқымай тұра алмақпыз.
1991 жыл.
Амал
Осындайда балалық шақтың бал әсерлерін қалай еске алмайсың?! Шүкір, соңғы жылдары Қазақ елінің қанаты қатайып, жоғалтқан асыл мұраларымыз бен ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға құлшыну үстіндеміз. Соның бір айқын көрінісіндей көктем мерекесі - Наурыз тойын бүкілхалықтық ауқымда кеңінен тойлауды қолға алып жатырмыз. Көңіл, шіркін, жаңарған дүниеге, заман рухына тәуба етіп, қуаныш ұзағынан сүйіндірсе екен деген ақ тілек ақтарылады. Ең бастысы, бұл ұлан-асыр мейрам халқымыздың болмыс-бітімін нығайта түседі ғой деген ой қуаттандырады. Біздің мемлекетімізді, ұлтымызды күллі әлем танып отырғанын айтсаңызшы!
Ал осылайша мерейіміз тасып, дүрбелеңді-дүбірлі дәуірге тап болып жатырған кезімізде менің ойыма сонау бір балалық шағым орала береді. Ол кезде біз осынау ұланғайыр Маңғыстау өлкесіндегі ең бір көрікті, ең бір әсерлі Шайыр ауылында тұрушы едік. Бұл ауылдың көктемгі көрік-келбетіне көз сүйсінер еді. Бүкіл жер-дүние, тіршілікке жан кіріп, қасиетті Қаратау баурайындағы күлімдеген қайнар бұлақтар бұлқына ағып, айналаң көк жасыл тепсең, өріске мал жамырай жайылып, табиғаттың осынау әуен сазы, жарасымына сай адамдар да жадырап, жағалары жайлау, көңілді дәурен сүруші еді.
Маңғыстау тұрғындарының сол табиғатпен етене ұғым-түсінігі бойынша көктемнің алғашқы айының 14-і күні мереке басталады. Бұл - Амал. Бұл өлкеде сондықтан Амал есімді адамдар да аз кездеспейді. Наурыз айының 14-і - Амал - маңғыстаулықтардың тілімен айтқанда, ұлы той, адамдардың бір-бірімен шұрқырасып, төс түйістіріп көрісер күні. Ойдағы-қырдағы ағайынның бір-бірін емірене іздеп, қыс көрпесін сілкіп, тіршіліктің түлейтін шағы. Наурыз мерекесін бүкіл ел болып тойлай бастағанымыз енді ғана болғанымен, маңғыстаулықтар Амалды айрықша той етіп ел ішінде атап өтуді қай кезде де, қандай заманда да дәстүрлі түрде жалғастырып келе жатыр.
Бір таң қалатыным, шын бауыр, жақын ағайын адамдардың осы күні бірін-бірі іздеуі, бір шаңырақтың астына жиналып, мерейленіп, шаттануы шарт секілді. Дәл осы нағыз халықтық мереке күні бармасаң, үлкендер жағы көңілге алып, ренжіп қалуы да әбден мүмкін. Әрине, «игіліктің ерте-кеші жоқ», «ештен кеш жақсы» деп кейін де көрісіп, қол ұшын беріп шығуға болатын шығар... Бірақ, «сабақты ине сәтімен» демекші, біз тіпті сол бала кезімізде тау баурайын ала шашырай орналасқан, шағын дегенмен әжептәуір халық тұратын ауылдың ана шеті мен мына шетіне түгел барып, көрісіп шығуды мақсат-міндет санайтынбыз. Алысырақта орналасқан бір үй қалып қойса да, көңіліміз ортайып қалатындай сезінетіндейміз. Шіркін, неткен дала көңіл, неткен бала көңіл! Өйткені, ата-анамыз, туған ауылымыз біздерді бүкіл елге деген осындай шынайы сүйіспеншілікпен,туған топыраққа деген махаббатпен өсірді ғой. Енді бір қызығы, осы Амал күні үйді-үйге көрісерде таң құланиектене топ бала бірігіп алып шапқылап, ауылды аралап шығатынбыз. Әрине, әдетте ертемен тұратын ауыл адамдары ұлы мейрам күні сірә да тыныш жата алсын ба! Ең бастысы, ауыл адамының ақжарқын көңілі мен ақ дастарханын айтсаңызшы! Амал күнгі ауыл адамдарының үйді-үйді аралап қыдыруы, тойдан пейілін де, шашуын да, барын да аямауы бір ғанибет! Бес күн тіршілікте адамдардың осындай көңіл жарасымына не жетсін!
Соңғы мезгілде қалат ірішілігімен алданып кетіп, ауылдың бүгінгі өмірінен алшақтап барамыз ба деп те алаңдаймын...
Не болса да, Амал - елдік, халықтық мейрам. Бұл күні Маңғыстау өңірінде кім-кім де болса күн шыққанша бұйығып жата алмайды. Кім-кімнің де көңіліне желпініс кіреді, жүздеріне өмірге деген құлшыныс енеді, бірлік күшейеді, береке молаяды. Халқымыздың бұрынғыдан да ынтымағы арта түсеріне шүбәміз жоқ.
Менің есіме жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Алматыда тұрған жылдарым түседі. Маңғыстаудан астанаға жиналған ағайынның барлығы атышулы жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыздың үйінде Амал күні міндетті түрде бас қосатын. Өйткені, бұл үйде осынау қаладағы маңғыстаулықтар ішінде бәрінен де жасы үлкен қарт ана бар! Амалдың мәні де сол: жасы үлкенге жасы кішінің инабат білдіруі, сәлемдесуі. Сыйластық, халықтық терең тамырлы дәстүр деген де осыдан басталмай ма?! Ал сыйластық болса, құт-береке де, той мереке де көп, әрі салтанатты да думанды болмақ.
Ендеше, Амал күні көңілдерің көтеріңкі болсын, жамағат!
наурыз, 1991 жыл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі