Ұлт болып ұйып, халық болып қалыптаса аламыз ба?
Ең әуелі бір шүкіршілік етіп, тәуба дейтініміз - Тәңір-Алла сәтін салып, айдың күнінің аманында тарих тегершігі өздігінен кері айналып, тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізгеніміз. Бұл Бізге Көк Тәңірдің тартуы, Бекет атамыздың жар болғаны. Мен өзім солай деп ойлаймын.
Әрине, сан ғасырлық бұралаңы мол жолда бұл қазақтың көрмеген азабы мен тозағы, зауалы мен мазағы аз емес! Біз неше ғасыр тепкі көрген, өз жерінен тентіреген, бордай тоза жаздаған халықпыз. Бірақ, бізді зар заман да, тар заман да, ашаршылық пен жоқшылық, соғыс пен сталиндік атып-асу, кеңестік әпербақан саясат пен шовинистік өркөкіректік те жеңе алмаған ұлы күрескер халықпыз. Менің мақтанарым да, марқаятыным да сол: тулақтай жер үшін жанын да, қасықтай қанын да аямаған ержүрек Ерлер, есіл Бабалар! Солардан қалған Ұлы Мұра - Ұлы Дала! Осынау кең даланы кезіп, қиырына көз салған сайын толғанамын да тебіренемін, ал бұл Дала, алып та дана - боз Дала ылғи да күңіреніп жатқандай көрінеді маған. Иә, күңіреніп жатыр!..Бейне домбырадан төгілген, құйқылжыған құдіретті қоңыр күй сияқты. Күй болса, асау да арынды!.. Кей-кейде дүлей де азалы!.. Өйткені, күй дегенің тарихтың нағыз өзі, көкесі ғой.
Ол тарих тылсымдарынан сыр шертеді, бабалардың қайталанбас өр болмысы мен берен қасиеттерінен, кесек мінездерінен хабар береді. Бабалар болмысы - шыңыраудың түпсіз тереңіндегі құлақты жарардай мұздай да мөп-мөлдір, тұнық та кәусар судай айнымас қазақы жаратылыс. Бабалардың баяғы батыр бейнесінде қазақ ұлтының айна-қатесіз арғы тамыр тегі мен мұндалайды. Ол кездегі қазақ басқа еді-ау!..
Одан бері тұтастай дәуір, ғасырлар өтті. Абырой болғанда бүгінгі ұрпақ ең үлкен бақыт, асқақ арман - егемендікке жетті. Сол даңқты бабалардан қалған қасиетті қазақ жеріне иелік етті. Ендігі мақсат сол Жер - Ананы ешкімге де сатпау, қарыс сүйеміне дейін кіршіксіз сақтау, оны мәпелей білу, елдің ырыс-несібесін айдалаға шашпау. Барымызды бағалай, базарлай, ұқсата білсек, мүлде ұтылмас едік. Кең шалқар Даламыз - байлықтың шылқыған көзі. Алайда, сол байлығымыз бұғып жатыр. Оны толық игілігімізге жаратып ілгері басуға ілкі ізденісіміз, батыл бетбұрысымыз жетпей жатырғандай ма қалай? Осындай көл-көсір байлық, мол ғылыми-инженерлік-адами күш-қуатқа ие бола тұра Қазақстан экономикасының күрт өсе алмауы, елдің әлеуметтік жағдаятының тым әлсіреуі халықты алаңдатпай қоймайды. Адамды тұрмыстық жағдай билейді демекші, өзегі талып жартылай ашқұрсақ жүргендер сана-сезімі бірінші кезекте ел мүддесін ойлауға жете ала ма? Ал базар төңіректеген балалар мен жас жеткіншектердің білім-білігіне, тәлім-тәрбиесіне кім жауап бермекші?
Халық деген әл-ауқат дәрежесіне қарай әр түрлі топқа бөлініп тұрады. Байлар мен жарлылар. Орташаларды айтпай отырмын. Ал байларымыз қандай байлар? Олар қазақ жерінен түрлі шикізатты өңдеп, тауар шығарып пайда тауып отырған шын мәніндегі еңбекқор, жаңашыл іскерлер ме, жоқ әлде, бар болғаны алып-сатарлықпен, қулық-сұмдықпен немесе елдің үстінен күн көріп байығандар ма? Мұндайлардың елге, жерге пайдасы да жоқ, пайдасы болмағасын қажеті де шамалы. Осы бай дегендеріміз, елге, жерге, ұлтыма, халқыма болсын деп жатыр ма? Ондай шынайы патриот, елім деп еңіреген ерлерді табу бүгінгі күнде тас қараңғыда жарық сәуле іздегендей қиын шаруа болар еді.
Мұның барлығына ұлттық сана-сезім керек. Ұлттық сана-сезім болу үшін ата-баба, ана тілі, атамекен, ата дәстүр, ата салт, ата кәсіптерді жете меңгеру, қанға сіңіру, діліміз бен дінімізді сақтау, нағыз ұлттық педагогикаға, халық тағылымдарына сүйенген тәлім-тәрбие болуы қажет. Мінеки, «менмін» деп кеудесін соққан күні бүгінгі жігіт ағаларының алдында қандай ұлы міндеттер тұр. Жаңа басталу қарсаңындағы жүзжылдықтар мен мыңжылдықтарда жаңа буын өмір сүретін болады, баба-тарихтан дәріс алып, өздерінен кейінгі ұрпаққа қазақтың өзіне ғана тән барлық қадір-қасиеттерін жеткізетін де солар. Қанша дегенмен қазіргі жас толқын жаңа кезеңнің, тәуелсіздіктің перзенттері. Олардың саналары ұлттық езгіден тазарақ, шовинизм өктемдігіне ұшырамаған. Қазіргі жастардың қимылы еркін, көкіректері зор. Тек білімдері мол, түйсіктері терең, ақылдары көп, қарындары тоқ болса деп тілеймін. Уайымдары жоқ болсын деп айта алмаймын, өйткені, уайымсыз, мұңсыз, қамсыз адамнан ештеңе шықпақ емес. Біздегі уайым да, үміт те біреу: Қазақ елінің егемен, көреген ел болуы, қазақ жерінің гүлденуі. Сондықтан да елдің жетістігіне қуанып, кемістігіне қоса күйзелеміз. Бүгінгі таңда әрбір қазақтың алдында ортақ бір сауал болса керек: ол - еліме, жеріме, халқыма не жасадым, не тындырдым, жыртығына жамау, қажет жеріне кірпіш болып қалана алдым ба дегендей. Міне, осыны ойланайық, достым. Азаматтың нақ азаматтығы да, абыройы да сол ел-жұрты алдындағы арының тазалығымен, халқына жасаған жақсылығы, шарапатымен өлшенеді. «Ұлық болсаң, кішік бол!» Халық үшін емес, қара бас үшін жасалған шаруа еленбек емес. Елдік өрелі пайымнан. отаншылдықтан отбасылық тірлік. пендешілік жоғары тұрмағай, ағайын. Ел еңсесін көтере алсақ, қай-қайсымыз да еншіден құр қала қоймаспыз ләйім!
23.11.1999 жыл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі