1921 жылы Қаламқас — Керел-Ортаеспе жерінде дүниеге келген, қос «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «I дәрежелі Отан соғысы» ордендерінің, ондаған медальдардың, Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасының иегері, Қазақстан КП ХҮ съезінің делегаты, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, «Асулар», «Маңғыстау - маңғаз мекенім», «Ел тарихы және есімдегілер» атты кітаптардың авторы, шежіреші ақсақал, ардақты әкеміз Бисембі Әріпұлының бойындағы өзім байқаған кейбір елдік, адами-кісілік қадір-қасиеттері ұрпаққа үлгі болсын деген оймен қысқаша жазып көрсетуді орынды санадым.
1. Ақылман.
— Барлық мәселені тек қана ақылға жүгіндіру.
— ақылға салмай асығыс іс қылмау, ағат, абайсыз, аптығып сөз сөйлемеу.
— әрбір адаммен оның ақыл-парасатының деңгейіне қарай сөйлесу.
— ақымақтың өзін ақылмен, сабырмен, тілін-қыбын тауып жеңе білу.
— қанша тіл білсең де, қанша оқу оқысаң да, сана-зейінің, ақылың өрең болмаса, алысқа жете алмайтыныңды дәлелдеу.
— арақ ішкеннің өзінде ақылмен (шама-шарыққа, ретіне қарай) абайлап, сақ іше білу, әлі қалыптаспаған, өсіп келе жатқан жастар үшін арақ-шараптың асқан қауіп-қатер екендігі.
— өзіңді-өзің, бойыңды күте білу, кінәратсыз таза жүру.
— табиғи асты: қазақтың ет, қазы-қарта, қуырдақ, бауырсағын жеу, түйе сүті, айраны, шұбатын ішу, сүйек-саяқ, тәтті шырынға әуес болмау.
— табиғатқа, далаға, ауылға құштарлық.
— қайғылы, қазалы, қапалы кездің өзінде ақылдылық, салмақтылық, салқынқандылық таныта білу, күйіп, күйгелектенбеу(қысқасы, асып-сасып тығырыққа тірелмеу, өз жаныңды өзің күйзелтіп, жүрегіңді жаралай бермеу, тағдыр талқысына алдырмау, өмірдің бір-ақ рет берілетінін бағамдау).
Өйткені, Ол кісі:
— жоқшылық көрген
— ашаршылық көрген
— жетімдік көрген
— соғыс, қанды қырғын көрген, Сталинград шайқасында үш жерінен ауыр жараланған
— зұлматты бастан өткерген
— әкесі кулак атанып, репрессияға ұшырай жаздаған
— түрме - тар қапаста отырған
— күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге атсалысқан
— балалық шақ деген болмаған
— ерте есейіп, ес жиған
— анасы, әкесі ерте қайтып, өз қолымен жерлеген
— әке-шеше, іні-қарындастарына пана болған
— өзі оқымай, әуелі інісін оқытқан
— арғы ата-бабалар сөзін зейін-зердесіне құйған
— өмірдің неше алуан ащы-тұщысынан түйін түйе білген
— қосшы да, басшы да бола білген
— өмір бойы атқа мініп, Маңғыстау, Атырау аймақтарын тегіс аралаған
— бұрынғы КСРО-ның қалаларының көбінде болған
— қай кезде де елмен, халықпен, ағайынмен етене, бірге болған
— елдік мәселелерді жеріне жеткізе, қанын тамыза айта білген
— алда болатын істі алдын-ала болжай білген
— көріпкелдігі сәуегейлік емес, айна-қатесіз дәл келеді
— он сегізден асқан қыз бен жігіттің барлық нәрсеге ақылы жетеді, сондықтан өздігінен шешім қылғаны дұрыс деп санайды.
— балаларды ақылмен тәрбиелегенді оң санайды
— «Қақпаған бала батыл болады» дегенді жөн көреді
— «Ақылды тентекке» дұрыс қарайды
— тентектің өзін дабырасыз, сөз құдіреті арқылы тезге сала алады
— жамандық ойлағанды еселеп жақсылық жасап сабасына түсіреді
— ақ адал нан тауып жегенді, ешкімнің ала жібін аттамағанды үлгі тұтады
— денсаулығына, жазған сызған қағаздарына мұқият та мүлтіксіз қарайды
— күнделікті әрбір жүріс-тұрысын, іс-қимылын ақылмен өлшеп-пішеді
— әрбір атқарар ісі, қимыл-қозғалысында оның алдағы болуы мүмкін пайдасы мен зиянын таразылайды
— көз-жанарыңа, сөйлеген сөзіңе қарап сенің көңіл-күйің, шама-шарқың, пәтуа-парқыңды безбендеп, айна-қатесіз біліп, іштей оқып тұрады
— көзінің өткірлігі жан шыдатпайды
— сөзінің кестелілігі мен фәлсафалық сарыны мойындатпай қоймайды
— жұмыс бабында қатал талап қойғанды, жауапкершілік талап еткенді, алайда тек қана әділ әрі қайырымды болғанды ұнатады
— жан баласына қиянат жасауды қолай көрмейді, керісінше қолынан келген көмегін, жақсылығын аямайды
— ел болып қауымдасып, тіл табысып, жан аямай тер төгуді мақсат етеді
— Маңғыстаудың арын арлап, бабам қазақтың намысын жыртады.
***
Бірер мысал: — Сенің папаң бір орден алғанда, дейді бір ағамыз, дастархан басында I хатшыдан бастап облыс басшылары болды, сонда ол кісі былай деп айтты:
— Қызмет — жақсылықтарың Алладан қайтсын, азаматтар. Мүмкін, өзімнен қайтар. інілеріңнен қайтар, бәлкім балаларымнан қайтар...
***
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев туралы:
«Ол ақылды, білімдар азамат қой. Енді оның жазатын бір кітабы бар, оның аты — «Адай!» -деді...
***
Менің екі кітабым шығып, Абай атындағы мәдениет сарайында тұсаукесер жасағанымда, шығармашылық кешімде айтқан алғашқы сөзі:
— Мен Ғалымның тойына қатысу үшін келгенім жоқ.
Ғалым туралы жұрт, азаматтар не айтатынын естуге келдім...
***
Бір әңгіменің орайында айтқаны:
«Хан бол, мейлі, қаншама деңгейдегі басшы бол, ертең оның бәрі де өтеді, бір күнгідей болмай кәрілік те жетеді, ештеңе есте қалмайды, ал бір түйір ғана жақсылық пен қайырым жасасаң, ол ешқашан ұмытылмайды».
2. Абыз.
— Адайдың, Кіші Жүздің, арысы Қазақтың таралу тегін жақсы біледі
— Адайдың, атам қазақтың бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүр, жөн-жоралғысын жетік біледі
— Маңғыстаудың жер-су, құдық, қауым-зираттар, тау-тасының қыр-сырын жете меңгерген
— арғы-бергі ата-бабалардың айтқан сөздері, шежіре, мақал-мәтел, уәлі әңгімелерін, билік сөздерін түгел дерлік біледі және жатық тілмен бабына келтіріп әңгімелеп береді
— жергілікті халықтың басынан өткен әр кездегі қанды оқиғаларды (Иса-Досан көтерілісі, Адай көтерілісі, т.б.) әңгімелеп береді
— социализм кезеңіндегі елдің тарихы, болмысын бастан-аяқ біледі
3. Ақсақал.
— Бүкіл ауылдың үлкен-кішісі келіп ақыл-кеңес сұрайды
— баршасы келіп бата сұрайды
— кісіні ақырғы сапарға аттандыру, құда қарсы алу, тағы басқа жоралғылардың басы-қасында болуын өтініш етеді
— кеңес алмайтын адам жоқ, ауыл әкім-қаралары да жиі келіп, ақылдасып тұрады
— елдік намыс, ата жолын сақтауға, шалағай іс қылмауға сақтандырады
— атақоныс, туған топырақ, ауылдың абыройын аласартпауға алқалы жиын-отырыстарда алғашқы болып сөз алып, елді ортақ пәтуаға ұйығым келеді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі