Өлең, жыр, ақындар

Рухы биік елдің қызы

немесе «Ана тілі аруы-2007» сайысының бас жүлдегері Раушан Ғалымқызы Әріппен сыр-сұхбат

— Раушан, сен нағыз қазақ қызы деген атаққа сай абырой иелендің. Жас болсаң да таудай талап қылып, үлкен бір биікті бағындырған екенсің. Өйткені, біздің қазақ деген қабырғалы халық үшін өзалдан тін тартып келе жатқан ана тілі, ата дәстүр, ата салт, ұлттық өнер мен әдеп-иман, ұлттық рухты асқақтатуға арналған өте жауапты, аса маңызды сайыста жеңіске жетуден артық қандай биік шың болушы еді?! Мұндай тамаша жетістіктің сыры неде деп ойлайсыз?

— «Бал бұлақтың тұнығынан қанып ішіп жатқанда оның бастау алар қайнарын ұмытпа» деген қанатты сөз бар ғой. Менің өн бойыма қайсар мінез бен буырқанған асау қандылық, зор күш-қуат берген киелі топырағым - Маңғыстаудың қаймағы бұзылмаған шұрайлы тілі, өршіл рухы, қазақы болмысы, өзім өскен ортамның игі ықпал-әсері деп ойлаймын. Мен Ақтаудағы қазақ гимназиясында оқыдым. Отбасында тіл мәселесі бала күнімізден төтесінен қойылды: үй ішінде, жүрген ортада орысша сөйлеуге ғана емес, орысша бір ауыз сөз де қосып сөйлеуге қатаң тиым салынды. Анамыз ертегі айтып өсірді. Сондықтан да ана тілімізді қанық меңгеріп, сол сияқты қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерінен де қалалық, облыстық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды еншіледім. Үш тілдегі облыстық «Полиглот» сайысының жеңімпазы болдым.

— Солай дегенмен, «Ана тілі аруы» сайысының ауқымы да, талап-талғамы да күрделірек, өзгешерек емес пе. Оған қатысуға «тәуекелдің жел қайығына» ырғып мінуге түрткі болған не?

— Мен негізінен Алматыдағы Қ.Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университеттің жоғарғы курсында оқимын ғой. Мамандығым - мұнайшы. Университеттегі «Рас» газеті, әдеби бірлестік, студенттер арасындағы түрлі шараларға араласып, «ҚазҰТУ аруы» сайысының жеңімпазы да болдым. Ал мектеп қабырғасында жүргенде де түрлі шараларды жүргізіп, өнер сайыстарына, олимпиадаларға қатысып, ылғи да алдыңғы шепте жүруге тырыстым.

Өмір болғасын күтпеген оқиғалар, сыни сәттер мен сәттіліктер де болады ғой. Мен ҚазҰМУ-нің филология факультетінде оқитын бір дос-құрбымның құлаққағыс қылуымен «Хабар» телеарнасында өткен бір конкурсқа қатысып, жүздеген талапкердің арасынан озып шықтым. Сөйтіп, «Айбын» әскери-патриоттық бағдарламасын тұрақты жүргізіп келемін. Артынша II Евразиялық медиа-форум қарсаңында «Хабардың» бас режиссері М.Бидосов ағай: «Айналайын, біз «Ұлы Дала» деген деректі фильм түсіргелі жатыр едік, сондағы батыр Сақтың қызына табиғи қасы-көзіңіз, келбетіңіз өте ұқсайды екен» деп ұсыныс айтты. Мен келісімімді берген соң, көп кідірмей Алматының «Өжет» деген аулының маңында кино түсірілді. Мен үстіме батыр қыздың қара зілдей сауыт-сайманы, бес қаруын асынып, атпен шабуды, найзаласуды үйренуге, еш қорықпауға тиісті болдым. Құдайға шүкір, айтқандарын еш қобалжымай шебер орындап шыққан сияқтымын, олар осылай бағалады. Естуімше, бұл кинолента Астанадағы Президент Мұражайына сақтауға қойылыпты.

— Ал басты тақырыбымыз айтулы «Ана тілі аруы - 2007» сайысына қалай жолың түсті?

— Алла сәтін салса, жол түсе береді екен. Мен жалпы дініме берік, бір Аллаға сенетін, аруақтарды ардақ тұтатын, жылда ораза ұстайтын, иман шарттарын сақтайтын жанмын. Содан да болар, кәнаратсыз көңіліме Тәңір-Алла дем берді. Бастапқыда «Ана тілі» газетінен суреттері жарияланып жатқан қыздар бейнесін көріп, апталық басылым редакциясына хабарласқанмын. Бәрі де содан басталып жүре берді. Суретім жарияланған соң пікірлесуге шақырды. Одан алғашқы іріктеу туры өтіп, жүз шамалы қыздың ішінен отыз бірін іріктеп алып, суреттерімізді түгел газеттің бір нөміріне жариялады. Сол бойынша оқырмандар SMS жолдауы ұсынылды. Бір ғажабы, осы SMS бойынша да мен ешкімге үгіт жүргізбесем де, 8 мың қазақстандықтың даусына ие болыппын. Бұл үшін тілектестерімнің баршасына алғысым шексіз. Алайда, сайыс барысында SMS бәйгісі роль атқарған жоқ.

— Сонда сайыс қандай жанрлар, талаптар бойынша өрбіді?

— Екінші тур 31 арудың қай-қайсысы үшін де оңай сын болған жоқ. Өзіңді таныстырудан бастап, шешендік, ұлттық салт-дәстүрді көрсете білу, қолөнері, өнер бәсекелері бағын сынаған жастардың талайының «ащы терін шығарды». Қорытындысында бір-бірлеп шақырды. Қыздар бірінен соң бірі жылап шығып жатты. Бәріміздің де көңіліміз қобалжыды, бірақ үмітті үзбедік. Мен, әйтеуір, 12-нің бірі болып өткен екенмін.

— Ал сайыстың соңғы мәресі Алматыдағы Республика сарайында өткенін естіп, білдік. Жеңімпаз боламын, жұлдыздай жарқырап топ жарамын деп ойладыңыз ба!

— Менің жалпы лидер болуға әуелден талпынысым бар. Өз алдыма қойған мақсатым, ұлттық намысым жолында бар күш-жігерімді аямай, жанкештілікпен тер төгуден қашпаймын. Жалпы, бүгінгі жастар заманның, қоғамның алдыңғы легінде болуға, біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың жарқын болашағы үшін өз қабілет-қарымын, білім-білігін, өнерін, жастық жігерін аямай жұмсауға, халқымыздың қадір-қасиетін әспеттей білуге тиіс деп ойлаймын.

Ақтық сайыста біз ұлттық киімдермен сахна төрінде сән көрсетумен бірге, мен қазақтың «бесікке салу» жоралғысын көрсетіп, бір ән орындадым.

Елдің зиялы азаматтарынан, әдебиет, өнер, тарландарынан құралған әділқазылар алқасы бірауыздан жеңімпаз деп танып, М.Құлкенов ағамыз Бас жүлдені тапсырғанда асқақ арман мен шынайы бақыт дегеннің не екенін түсінгендей болдым. Тегінде, арулардың ұлттық таным-түйсігі мен жан сұлулығына, сыпайылығы мен инабаттылығына терең мән беретін халқымыздың сенімінен шыға білу жолында күресу қазақ қыздарының басты қағидасы болуға тиіс екендігін менің замандастарым түсіне білсе нұр үстіне нұр демекпін.

— Тұшымды әңгімең үшін көп рахмет, Раушан. Елдік, ұлттық намыс бәйгісінде жұлдызың жарқырай бергей! Бұл - бүтіндей елдің тілегі деп қабыл алғайсың.

— Мың да бір рахмет.

(Мара Келес, «Қазақстан әйелдері», №10, қазан, 2007 жыл)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз