Кіші қызым Шәрбану аяғын қаз басқаннан кітапқа әуес. Суретін қарайды, «оқып берші» дейді. Бес жасынан бастап өзі оқи бастады, тек кітап алып бергенді жақсы көреді, жатпай-тұрмай оқиды. Ана тіліне құрметпен қарайды, оқыған кітаптарындағы қызықты, тәлімді оқиғаларды әңгімелеп айтып отырады. Кейінгі кезде әнге, биге, жалпы өнерге әуестік танытты. Халық әндерін де, орысша, ағылшынша әндерді де орындап жүр. Облыстық «Әнші балапан», «Музыкальный вояж» (бірінші орын), «Жұлдыз болғым келеді!» (Гран-при) байқауларында жүлдегер, жеңімпаз атанды. Республикалық «Бозторғай» конкурсына да қатысып, топ жарды.
Шәрбанудың тауып айтқан сөздерін кей-кейде түртіп алушы едім, солардың бірқатарын іріктеп жариялауды орынды санадым.
«Фантастика!..»
Шәрбанудың үшке әлі тола қоймаған, екі жарымнан асып бара жатқан жас шамасындағы кезі. Бір күні ол көздері бір нүктеге қадалып қатты ойланып қалыпты.
— Ақ Шәрбөк,не ойлап отырсың?- деп сұрадым.
Ол:
— Фантастика! - деген бір ауыз сөзбен жауап берді.
Жауабына таң-тамаша қалып, жағамды ұстадым...
«Ақшаң көп пе?»
Мен үйге ақша әкелдім. Санап жатқанымды көрген бес жасар Шәрбан:
— Ақшаң көп пе? - деп сұрады.
— Иә, дедім мен, ертең Алматыға барғанда ақ Шәрбөкті жақсылап қыдыртамын ғой.
— Жоқ, деді Шәрбан сонда, бірінші мәселе - үйді ремонт жасау, сосын тойдың мәселесі...
Ағасы үйленгелі жатыр еді, соны ойлағандығысы. Яғни, үлкендердің әңгімесіне құлақ түріп, мәселеге мән беріп жүргені ғой.
«Балаларың біз емес...»
Шәрбан қайшыны алып әр нәрсені қиюға әуес. Бұл жолы да сол, ойнап отыр, айналасы толған қиынды. Ескі зонтигін де қиып тастапты.
— Қайшыны енді ұстама. Бәрін қиып тастайсың, - дедім оған.
— Сенің кітабыңды қиып тастаған ешкім жоқ қой, - деді ол қиқарланып.
Мен айттым: «Енді қалғаны кітап еді. Ол деген құнды дүние ғой. Ал менің өз кітаптарым балаларым сияқты».
Шәрбан жұлып алғандай: «Сонда сенің балаларың біз емес, кітаптарың болғаны ғой».
...Тағы бірде кітап туралы әңгіме болып қалғанда Шәрбан:
— Енді «кітаптарым - балам» деп айтпа, біз ренжіп қалып жүрерміз, деді маған ескерту жасап.
«Асағаным сен үшін емес...»
Рауан ағасы айтты Шәрбанға:
— Шәрбөк, мен үшін тамағыңнан асашы, - деп. Шәрбан үш рет асады.
Бір кезде далаға шығайын деп жатып ағасынан бір нәрсе сұрады, далаға мені шығаршы деді ғой деймін.
Ағасы оған келіспеген. Сонда Шәрбан:
— Жаңағы үш асағаным сен үшін емес, апам үшін, - деді.
«Теуіп өлтіресің бе?..»
Шәрбанның бапасы бір күні ұйқысырап айқайлап, қасында жатқан Шәрбөкті қатты теуіп жібере жаздады. Шошып оянған мамасы әйтеуір, Шәрбөкті өзіне қарай тартып үлгерді.
Тағы бірде бапасы:
— Ақ Шәрбөк бүгін менің қасыма жатады ғой, - деген.
Сонда Шәрбан айтты:
— Немене, мені түнде теуіп өлтірейін деп пе едің?!.
«Мені неге шақырмадыңдар?»
Дастархан басында теледидар қарап отырғанбыз. Бір кезде экраннан бірер күн бұрын облыстық әкімшілікте ҚР вице-премьері Ахметжан Есімовтің қатысуымен болған жиналысты көрсетіп жатты.
— Әкеңді көрдің бе? - дедім бір сәт телеоператор камерасымен мені алғанда.
Сонда Шәрбан айтты:
— Ол жиналысқа мені неге шақырмадыңдар?!
«Шығатын тесік таба алмай қалармын...»
Күздің бір салқын күнінде ұйқыға жатарда Шәрбан айтты:
— Бапа, пешім менің, жылытшы, - деп.
Шәрбөкті құшақтап бойын жылытып барып айттым:
— Сен біратала менің қарыныма кіріп кетсейші. Әрі саған жылы болады, әрі маған да жақсы - сағынғанда ішімде жатасың.
Сонда Шәрбан айтты:
— Қой, құрысыншы. Сосын шығатын тесік таба алмай қалармын. Әсем апамды көре алмай қалармын...
«Иә, біссіміллә, біссіміллә...»
Түн ортасыңда Шәрбөктің ұйқысырап сөйлегенінен оянып кетіп, құлағымды түргенмін.
— Иә, біссіміллә, біссіміллә! - деп күбірлеп жатыр екен...
«Ит замандағыны айтпашы...»
Күнде ұйқыға жатарда Шәрбан:
— Ертегі айтшы, я болмаса бала кезіңдегіні айтшы, - дейтіні бар.
Бір күні менің айтқан әңгімем жалықтырып жіберді ғой деймін,ол:
— Бапа, қоя қойшы енді, ит замандағыны айта бермей, - дегені.
«Ас қайырмай тұрма, отыр!..»
Бірде шешесі, Шәрбану үшеуміз ет жеп болғасын мен бір асықтым ба, үстел басынан тұрып кеткім келген. Шәрбан асықпай сорпа ішіп отыр еді, мені қолымен тоқтатып:
— Ас қайырмай дастарханнан тұрушы болма, отыр! - деді.
— Оның өте дұрыс, қызым, - дегеннен басқа шарам қалмай,оларды күтіп, ас қайырып, ата-бабалардың, өмірден озған анамыздың, жақын адамдардың рухына бағыштап әйет оқуыма тура келді.
«Адам болғанымыз қандай жақсы...»
Бірде теледидар қарап отырдық. Бір кезде мүйізтұмсық, зебра сияқты аңдар өзен айдынын кешіп екінші бетке өте бастады.
Су астында жүзген екі крокодилдің мүйізтұмсық секілді мүйізді ірі аңға тісі батпады. Алайда, зебраның біреуін жайратып, жұта бастады.
Соны көрген Шәрбан:
— Адам болғанымыз қандай жақсы болды, - деді де, «Бапа, осы біз неге аң болмадық?» - деп күлдірді.
Мен:
— Алла тағала 18 мың ғаламға жанды тіршілік сыйлады. Оның ішінде тек Адамға ғана сана сыйлады, - дедім.
«Бои без правил...»
Қыздар арасында осынау жекпе-жектен жойқын кездесулер өтіп жатыр.
Мен айттым:
— Менің қызым да ертең үлкен болғанда осы төбелеске қатысады ғой, - деп.
Сонда Шәрбан:
— Иә, бір күні мен бет-ауызым түгел қан, тас-талқан болып келіп тұрайын. Сонда жақсы бола ма не? - деді.
«Мені итше шетке ысырып...»
Бұрын әке-шешесінің ылғи да ортасында жататын Шәрбанға бірде төсек шеттен салынған ғой. Көңілі қоңылтақсып, ол жерге жатқысы келмеген Шәрбан:
— Мені ит құсатып шетке, есікке қарай ысырып тастапсыңдар ғой. Иә, жақсы болды, -деп көрпесін тарс бүркеніп, теріс қарап жатып қалды.
«Айтпайын десем де...»
Шәрбану «Музыкальный вояж» атты конкурсқа дайындалып жүр. Күн болса салқын, аздап тамағы да ауырып қалады. Күнде кешке мен оны өбектеп:
— Шәрбану, дауысыңды күт, қатты айқайлай берме, ертең даусың шықпай қалып жүрер, - деймін.
Сонда Шәрбан:
— Ой, бапа-ай, мені біреу түртіп тыңдамайды ғой. Музыка қосады, дискет салады, ән айтпай тұра алмаймын ғой, - деді.
Атаға бара жатқанда...
Бекет атаға - Оғландыға сапарға Ақтаудан мен, Рауан, Шәрбан үшеуміз шыққанбыз. Күн салқын болады деп жолдағы Жаңаөзен қаласындағы досым Киікбай ескерткен соң, қалың киініп алғанбыз.
Жүріп келе жатырмыз. Рауан:
— Президент келейін деп жатса, міндетті түрде Атаға соғады ғой. Онда жолды жауып тастауы да әбден мүмкін, - деді.
Сонда Шәрбан:
— Бекет атаға баратын жолды ешкім де жаба алмайды. Оған ешкімнің де құдіреті жетпейді ғой, - деді.
«Сегіз қырлы, бір сырлы...»
Мен көңілім бір соққанда үйдегі бірқатар шаруаларды тындырып тастайтыным бар. Сондай бір тыным алмай әртүрлі жұмыс жасағанымды көрген Шәрбан хошы келіп:
— Бапа, сен жұмысты күшті жасайсың. Сен өзі «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттің нақ өзісің ғой, - деді.
«Алтын қыздар бола ма?»
Жаз, қырық күн шілде. Күн күйіп тұр. Шәрбан кешкі 5 болмай, ыстық қайтпай далаға шықпақшы болды.
— Далада ешкім жоқ, қойсайшы, - деді шешесі.
— Бар, қыздар көлеңкеде ойнап жүр, - деді Шәрбан өршеленіп.
— Күн аптапта далада ойнайтын жаман қыздарды қайтесің,- деді шешесі.
— Онда немене алтын қыздармен ойнайын ба? Бірақ, алтын қыздар жоқ қой, қайдан болсын, - деді Шәрбан не істерін білмей.
— Алтын қыздар - ақылды қыздар,- дедім мен Шәрбөкке.
«Тезірек жұмысқа кетші осы...»
Түскі тамақты ішкен соң ертерек есік алдына шығып, далада дүкеннен бірдеңе алып жеп, шаң-шаң болып жүрген Шәрбанды көріп: «үйге бар, беті-қолыңды жу бар» деп ұрыстым.
Сонда жыны келген Шәрбан:
— Бәле болдың-ау сен маған. Тезірек жұмысыңа кетші осы көзіме көрінбей, - деді.
«Қарға құсап...»
Шәрбан салқын тиіп ауырып, жөтеліп жүр. Ұйқыға жатарда айтты маған:
— Бапа, бүгін детскийге жатайықшы. Мен қарға құсап қоймастан қарқылдап отырмын ғой, - деді.
«Қолың волшебный...»
Үйде әйел адамдар болмай мен бір тамақ пісіргенде дәмін қарап Шәрбан айтты:
— Бапа, сен тамақты күшті пісіресің, қолың волшебный ғой, - деді.
«Желдің өтінде отырмын...»
Жаздың күні болса да, қарсы терезелерді ашып қойғасын - «сквозняк» күшейіп тұрғанын байқадым. Менің бөлмеге кіріп келіп, әдеттегіше ұрсуым мүмкін екендігін байқаған Шәрбан:
— Ой, мен өзі желдің өтінде отыр екенмін-ау, салқын тиіп қалар, - деді.
«Қатынға айналған еркектер...»
Теледидардан Мәскеуден «Субботный вечер» атты хабар сенбі сайын өтіп, мықты артистер сахнаға шығады.
Бір күні Шәрбан айтты:
— Мына бір қатын болып отырған екі еркекті қарашы, - деді әлгі орамал тартып алып, шіңкілдеп сөйлейтін «екеуді» ұнатпай.
«Көл болып жатырмын...»
Күн адам көрмеген ыстық болып кетті. Ауа жоқ, қапырық. Шәрбан айтты:
— Мен жеңіл жатырмын, соның өзінде көл болып жатырмын, - деді.
«Саған мұрт та жарайды ғой...»
Алматыда Жазушылар Одағында болғанымда қолыма «Шапағат-Нұр» деген діни тым-тәуір журнал түсіп, үйге ала келгенмін. Сол үстелдің үстінде ылғи көзге түсіп жатушы еді.
Бір күні далада сөйлесіп келе жатқанымызда Шәрбан ойламаған жерден:
— Назарбаев сақал қойыпты ғой,- дегені.
Селк ете түстім. Оның ойын сосын барып ұғып,сол журналдың мұқаба сыртындағы Нұрағаңның суретіне меңзеп тұрғанын сездім де:
— Ол да мұсылман ғой,әрі Нұрағаңа сақал жарасып та тұр, - дедім.
— Үлкен бапаның да сақалы бар,- деді ол.
— Ертең мен де мына бетімді түгел толтырып, сақал қоямын, дедім мен қайтер екен деп.
— Саған мұрт та жарайды ғой, бапа - деді Шәкең.
«Жоқ, тірі емеспін...»
Шәрбану ваннада өзі шомылып жатыр еді, Әсем деген он жасар тума апасы есік қағып айтты:
— Әй, Шәрбан, тірісің бе, қашан шығасың?
Шәрбан күлдіре әрі қырсыға жауап берді:
— Жоқ, тірі емеспін!..
«Аят ағам үйленейін деп жатыр...»
Шәрбанның бес жастағы кезі. Інім Нұртастың қызы Әсем апасы телефон шалыпты. Сонда Шәрбан:
— Әсем, енді көп соға берме, Аят ағам үйленгелі жатыр. Екі күн той жасаймыз,қолымыз тимейді...
Аят-көршім, досым, Исатайдың баласы. Исекең Шәрбанның кіндік әкесі еді ғой. Шәрбан сол тума болып айтып отырған сыңайы.
«Кәрілердің қасында отырмаймын...»
Досым Болаттың үйінде туған күн тойлап жатырмыз.Мен айттым Шәрбөкке: «Қасыма кел,отыр,тамақ же» деп.
Сонда Шәрбан:
— Кәрілердің қасында отырмаймын, - деп апасы Раушан, Болаттың қызы Гүлайымдар отырған басқа бөлмеге кетіп қалды.
«Бапа, свеклоң келе жатыр...»
Бас киімімді киіп қарап жатыр едім, Шәрбан келіп:
— Мен де киіп қарайыншы,- деді. Оның екі қолы қып-қызыл, шешесіне көмектесіп, салат жасағанына мәз болып отырған.
— Қолың лас, әуелі бар жуып кел, - дедім.
Сәлден кейін арт жағымнан келіп айқайлады:
— Бапа, қара, свеклоң келіп тұр! (Свекло деп өзін айтып тұр екен).
«Қышқыл сөйлеймін...»
— Шәрбан,- дедім бірде, - сабаққа барғанда көп сөйлеме.
Ол айтты:
— «Қышқыл сөйлеймін».
«Жаман әке боласың...»
— Шәрбан, - дедім, - көп тентек бола берме, жаман бала болып кетесің.
Ол да маған қарсы саусағымен көрсете нұсқап:
— Бапа, көп ұрса берме, жаман әке болып кетесің, - деді ойланбастан.
«Шашың айқайлап тұр!..»
Шәрбөк екеуміз үйден шығып келе жатыр едік, ол айтты:
— Бапа, шашың айқайлап тұр ғой, тарасайшы, - деп.
— Шаш қайтіп айқайлайды? — дедім сөйлеткім келіп.
Ол өз шашына қолын тарақтап, қобыратып, қатты айқайлап жіберді:
— Шаш деген осылай айқайлайды!
«Менің әжем болғанда...»
Бірде келе жатқанда ойламаған жерден Шәрбан:
— Менің әжем тірі болғанда маған жақсы болатын еді,- деді.
— Ол Бибігүлге «сенің ішіңдегіні де көрермін» дегенімен, ауылда ауырып,сенің екі айлығыңда көз жұмды ғой. Ал не жақсы болатын еді? - дедім сосын.
— Әжем маған шәлі тоқып беретін еді, - деді ол (алдында «Әліппеден» оқығаны есіне түскен ғой шамасы).
— Шәлі емес, орамал десейші қазақша.
— Жоқ орамал емес, шәлі деймін...
«Сонда нағыз король болатын едің!..»
Шәрбан айтты маған бірде:
— Бұл үйде неге домбыра жоқ, қазақтың үйі емес пе не? - деп. - Гитара бар, оны қойшы, - деді сосын.
— Бір домбырам сынып қалды, далаға тасталды. Екінші бір тәуір домбырамды ең жақын, музыкант досыма сыйлағанмын, - дедім мен.
— Сынғанын тастамау керек еді, домбыра қасиетті ғой, жасатуға болатын еді. Ал екі домбыраң да болғанда нағыз Корольдің өзі болатын едің! - деді Шәрбан.
«Тірі болсақ жарар еді...»
Шәрбану мамасы екеуі апасы Раушанның мектеп бітіру кешін видео таспадан көріп, тамашалап отырған ғой. Мамасы айтыпты:
— Шәрбөк, ертеңдері сен де үлкен болып, оқу бітіргеніңде, кешіңе біз де қатысамыз ғой.
— Ой, Алла-ай, оған дейін қайда, тірі болсақ жарар, - депті ғой Шәрбан сонда.
«Әй, бала, мына қыз ұйықтап қалыпты ғой...»
Ұйқыға жатқан түнгі мезгіл еді. Өз ойымен әлек болып ұйқысы келмеген Шәрбан арғы жағында жатқан мамасына бірдеңе десе,ол үндемепті. Сосын мені сөйлеткісі келіп еді, мен де теріс қарап жата қалдым. Шәрбан айтты сонда мені жұлмалап:
— Әй, бала, мына қыз өзі ұйықтап қалыпты ғой... (бала деп отырғаны - әкесі, қыз деп отырғаны - шешесі ғой).
«Хабар» көрмейтін болдың жақсы болды...»
Бір күні үйге келсем, коммерциялық канал - «Секателді» уақтылы ақша төленбегені үшін айырып тастаған екен. Мен айттым Шәрбанға:
— Жақсы болды айырғаны, енді неколодион (мультфильм) көре алмайтын болдың, -деп.
— Маған да жақсы болды, - деді ол, - сен енді «Хабар» көре алмайсың, ха-ха...
Не дейін оған мен тегі...
«Майкілерім қонаққа кетіпті...»
Мамасы Шәрбанның майкісін ауыстырайын деп басқасын іздеп таба алмай әуре. Мен айттым: «бәрі бірдей қайда кеткен қаңғып, жоқ болып» деп. Сондағы Шәкеңнің жауабы былай болды:
— Бүгін сенбі ғой, барлығы бірігіп қонаққа, не тойға кеткен шығар...
Сол кезде мамасының даусы естілді:
— Біреуін таптым, кел кие ғой.
Сонда Шәрбан маған қарап жымиып:
— Бір майкім тойға бармай қалған екен, бапа, - деп қара-ап тұр...
«Мен роботпын ба не?»
Шәрбануды шешесі дүкенге жұмсап нан алдырмақшы болған. Шәрбан әрнені айтып, кідіріп шыға қоймады. Басқа бөлмеде отырған мен оны сөйлетейін деп:
— Шәрбөк, барып келдің бе не? - деп айқайлағанмын.
— Мен немене робот деп пе едің? - деді Шәрбан.
«Қант жеуді қойғанда...»
Шәрбану су-суанға әуес, күні бойы сұйық ішумен жүреді. Бірде айттым оған:
— Минералды су жақсы емес, денсаулыққа зиян, көп ішпе, - деп.
Сонда Шәкең:
— Қант (секер) жеуді де қойдым ғой, сол сияқты минералканы да қоярмын, - деді.
«Күлкінің шошағынан келдіңдер ме?»
Мамасы мен апасы әңгіме айтып отырып, шек-сілелері қатып күле бергесін, қасында ойнап отырған Шәрбан айтыпты ғой:
— Не, күлкінің шошағынан келдіңдер ма? - деп.
Бұл сөзді ол мамасы алдында өзіне су сұрағанда айтқан «Шошақтың шөлінен келдіңдер ме?» деген сөзінен туындатып айтып отырған сияқты.
«Татуировка...»
Бір күні қарасам, Шәрбан қолына «Раушан апа» деп жазып алыпты. Оны байқап қалған мен:
— Анауың немене? - дегенмін.
— Татуировка, - деп жауап берді Шәрбан.
«Енді не, ол сәлем бере ме?»
Інім Нұртастың үйі шақырып, Шәрбан екеуміз бара жатқанда баспалдақпен өрлеп келе жатып:
— Қазір үлкен бапаға сәлем бересің бе? - дегенмін.
— Енді не? - деді ол менің сұрағымның жөнсіздігін бетіме басқысы келіп. - Ол сәлем бере ме не?!
(Сексен бестегі шал кісі жеті жасар қызға сәлем бере ме не деп кекетіп тұр. Жалпы Шәрбану үлкен адамдарға сәлем беру жағынан алдына жан салмайды. Егер сәлемін байқамай біреу алмай қалса, оның назарын өзіне аударып, даусын көтеріп, алды-артынан шығып, қалайда сәлемін алғызады).
«Келесіде ағылшынша шығарармын...»
Алматыға кеткен шешесі келгенде сағыныштан Шәрбан орысша өлең шығарып оқып, қарсы алыпты.
— Оның не? - дедім мен. - Қазақша шығармадың ба?
— Болады ғой кейде, - деді ол. - Ал түсінсеңдер келесіде ағылшынша шығарармын...
(Ол қазақша өлең құрастырып жүр, ана тілін таза білетініне сенімді болғасын айтып отыр).
«Үй де өртенген жоқ, қыз да аман»
Шәрбануды даладан іздеп-іздеп әрең таптым. Жұдырығымды түйдім. Шәрбөк қасыма келіп құшақтап:
— Бапам күшті ғой, екеуміз доспыз, - деп мені «алдады».
Үйге кіріп шәй ішерде «масқара, масқара, қаңғырып жүріп алған», - дедім.
— Иә, не деген масқара, үйде газды жағып, сөндірмей кеткен, - деп мені кекетті.
Сосын: «Бапа, қысылмай-ақ қой, үй де өртенген жоқ, қыз да аман» деп қара-ап тұр. (Қыз деп тұрғаны өзі ғой).
«Мен сені ақылды ма десем...»
Болат досымның үйінде қонақта болып, еттің соңында карта қызығымен ойнап отырып қалдық. Шәрбанға ертесіне сенбі күні сабақ еді, мамасы екеуі өтініп қоймағасын маған жігіттердің ортасынан тұрып кетуге тура келді.
Таксимен жолда келе жатқанда Шәрбан:
— Біздің бапа ақылды ғой, айтқанды тыңдап орнынан тұрды әйтеуір, - деді.
Араға бес минуттай уақыт салып барып, Шәрбанды сөйлетейін әрі ұйықтап қалмасын деген оймен:
— Мен қазір әлгі карташыларға кері қайтып баруым да мүмкін, - дедім қайтер екен деп.
Қалғып-мүлгіп келе жатқан Шәрбан селк ете түсті де:
— Мен сені өзі ақылды ма десем, шынымен ақымақ екенсің ғой, - деп кәдімгідей ұрсып айтып тұр.
«Бапа, мен тастай қылдым...»
Бірде зейін қойып ұзақ уақыт сабағын, ертегілерді оқып рахаттанған, өзіне көңілі толған Шәрбөк:
- Бапа, мен бәрін де тастай қылдым, - деді ризашылықпен.
«Мен әкеме ұқсайын...»
Таңертең ұйқыдан тұрарда Шәрбанның «бапа» деп айқайлайтыны бар. Бұл жолы да қасына келіп бетіне бетімді тигіздім де:
— Бетіңді, маңдайыңды май қылайын, - дедім.
Шәрбан:
— Онан да мұрт салып берсейші, мен әкеме ұқсайын, - деп жауап берді.
«Олар бірақ сөйлемейді...»
Тұщықұдық аулына бара жатқанда жолда көрінген қауымдар тұсында бет сипап отырдық. «Тие берсін» айттық.
Мен Шәрбанға:
— Өлілер де естиді, сезеді, бата қылған адамдарды желеп-жебеп, тілегін тілейді, -дедім.
Сонда Шәрбан:
— Олар бірақ сөйлей алмайды, - деді.
«Ақ күмістей алтын әкем...»
Шәрбан бір күні ұйқыға жатарда мені құшақтап:
— Бапа, мен «Ақ күмістей алтын әкем» деген өлең жазайын деп жүрмін, - деді.
«Президент те кәдімгі адам екен ғой...»
Бір күні теледидар қарап отырған Шәрбан:
— Мәс-саған, Назарбаев суда жүзеді екен, гантел көтерді, теннис ойнап жатыр, атпен шапты, ол кәдімгі адам екен ғой. Мен оны святой адам, Президент, өйтіп ештеңе істемейтін шығар, жұртқа тапсырма беріп қойып, өзі рахаттанып жүре беретін шығар деп едім...
Пәтуалы сөз
Шәрбан екеуміз бірде біраз әңгімелестік, ара-арасында тәжікелесіп, ақырында тіл табысып, дос бола бердік. Сонда Шәрбөк ойламаған жерден билік айтты:
— Бапа, сен қазақтың ерісің ғой, жүрген нағыз серісің ғой, екеуміз осы біреуміз аға, біреуміз жаға болып, тату-тәтті өмір сүрелік, - деді әкесіне.
Сұраққа – жауап
Шәрбанға бірде қатты ұрыстым, ашуланып қағып та жібердім. Біраздан кейін қызымды аяп:
— Ақ Шәрбан, мен саған көп ұрыстым ба? - дедім.
Шәрбан жұлып алғандай:
— Аз ұрыстың ба не ? - деп қарсы сұрақ қойды. Содан кейін:
— Сен мені ұрдың да ғой, - деді, - өз баласын ұратын әке бола ма екен?!
«Менен жақсылық күтпе...»
Бірде ұлым Рауан досы Ерболды пойызға Алматыға шығарып салмақшы болып, вокзалға барғандарында пойыз жүріп кетіпті. Рауан осы хабарды және өздерінің пойызды машинамен Шетпеге дейін қуып, тағы да жете алмағанын айтып маған телефон соққанында, мамасы оған ренжіп, ұрыспақшы болған.
Келер күні түсте ағасы үйге сыртқы есіктен кіре бергенінде Шәрбан айқайлап:
— Аға, сен кеше неге Шетпеге бардың? Мама саған ұрса алмай қалды, енді мен саған ұрсам. Енді сен менен жақсылық күтпе? - деді.
«Аузыммен демалып, мұрныммен...»
Бірде Шәрбан мыңқылдап сөйлеп отырғанын байқап:
— Неге мұрныңмен сөйлейсің? - дедім.
— Бапа, мен осы ылғи мұрныммен сөйлеп, аузыммен демалсам қайтеді? - деп қар-ап тұр.
«У меня доброе сердце...»
Шәрбан кешкі 6-ға дейін біз келгенше үйде байланып отырады ғой. Бір жолы біраз кешігіп келгенімізде :
— Мен бүгін 9-ға дейін ойнаймын, - деп көнбеді.
Ақырында біраз айқайласқаннан кейін: «Жақсы, деді, у меня доброе сердце, келісейін, 8-ге дейін-ақ ойнайын», - деді.
«Әумин болып кетті ғой...»
Шәрбан түнде маған айтты:
— Бапа, ертеңге, сабаққа 50 теңге бер, - деп.
Сонда мамасы айтқан:
— Сен неге күнде 50 теңге сұрайсың? Кешегі бапаң берген 100 теңге қайда, содан қалған шығар? - деп.
Сонда Шәрбан:
— Ол 100 теңге кеше әумин болып кетті ғой, - деп бетін сипады.
«Прекрасный улов...»
Шәрбан залдың арғы шетінде, столдың үстінде сабақ жазып отыр. Менің айтуыммен сол жерде орындықта қойылған костюмімнің қалтасынан 50 теңгені алды да, барынша маған лақтырып қалды. Ол «елулікті» менің қалай қағып алғаныма риза болып, таң қалған Шәрбан:
— Прекрасный улов, папа, - деді.
«Қызыл помидор болып кетесің...»
Шәрбан жаз шыға далада көп ойнауға әуес. Бір жолы мен оған айттым:
— Ала жаздай босқа қаңғи беруге болмайды. Негр болып кетесің, - дедім.
Шәрбан жұлып алғандай:
— Арақты көп ішуге болмайды, қызыл помидор болып кетесің, - деді.
«Енді менің қолым тимей жатыр...»
Бірде қағаздарымды реттеп, қолым босаған соң, үйге телефон соқтым.
— Не хабар бар, Шәрбөк? - дедім.
— Еш хабар, - деді ол.
— Дегенмен бірдеңе айтсайшы, - дедім.
— Не қолың бос па? - деп сұрады ол.
— Иә, - дедім мен, - ерігіп отырмын.
— Күнде мен ерігіп, зерігіп телефон соққанда «Жұмыс көп, 1 минут та уақытым жоқ» деуші едің ғой. Енді сен еріккенмен менің қолым тиіп отырған жоқ, - деді ол.
— Немене, тас шауып жатсың ба? - деп сұрадым.
— Ия!..(Ол телефонды лақтырып жіберді).
«Өзің домаласайшы, бапа...»
Бірде Тұщықұдық аулына бара жатқанда, ауылға жақындағанда әбден қаулап бітік шыққан шөпке, құнарлы далаға риза болып, ақ Шәрбөкке мен:
— Шәрбан, мынау сенің әкеңнің туған жері, ендеше сенің де туған жерің болады. Сен машинадан түсіп жіберіп, топыраққа бір аунап алсайшы, - дегенмін.
— Сенің туған жерің ғой, әуелі сен домалап,өзің бір аунап алшы, - деді Шәрбан.
«Казинода ойнап отырсақ...»
Бірде Шәрбану аздап тұмауратып, көбінесе үйде болды. Бір күні мен екі сағаттай оның көңілін аулап қасында отырдым. Біраз шашка, құрт деген ойындар ойнап, сосын карта ойнауға көштік. Шәрбан сол менің көңілімді аулағысы келді ғой деймін:
— Бапа, осы бір-бірімізді карттен ұтып қайтеміз. Казинода ойнап отырсақ бір сәрі, -деді.
«Саған бір кісі звондайды...»
Шәрбанға үйге телефон соғып едім, «тез телефоныңды қой, саған қазір бір кісі звондайды, Астанадан!» деп түйіп айтты.
Телефонымды орнына қойғаным сол еді, шырылдай жөнелді. Көтерсем, Астанадан, Парламент депутаты Зейнолла Алшымбаев ағамыз екен.
Шәрбану Астанадан телефон соққан жәй адам емес екенін оның сөз ләмінен байқағанға ұқсайды.
«Балаларға керегі тамақ емес...»
Шәрбан бірде айтты:
— Мерекеге бес-алты дос қызымды үйге шақырайыншы,- деп.
Мен оған «оларды шақыру үшін мамаң біраз тамақ дайындап, дастархан жаюы керек, әйтпесе құр қол ұят болады», - дедім.
Сонда Шәрбан:
— Ұсақ-түйек бірдеңе дайындай салар. Бапа-ау, балалар үшін ең бастысы тамақ емес. Ойын, ойынның қызығы ғой, - деді.
«Мұрныңды көтеріп қой...»
— Осы менің екі қызым өзімнен аумайды-ау, - дедім бірде Раушан мен Шәрбанды қатар құшақтап тұрып.
Сонда Шәрбан күлімсіреп:
— Мұрныңды көтеріп қой, сонда тіптен аумаймыз, - деді әзілдеп.
«Екеуміз нағыз доспыз...»
Шәрбан жұлдыз-жорамал бойынша шаян, балық, бикеш үшеуінің дос болатынын оқып білгеннен кейін:
— Бапа, мама үшеуміз дос боламыз, екеуміз сірә нағыз доспыз ғой, - деді. Өзі шаян, мен балық, шешесі бикеш қой, соны айтып отыр.
«Аман болсақ, әлі талай...»
Досым Исатай келін түсіріп, той жасады. Үлкен қызым Раушанға:
— Тойға бармайсың ба? - дедім.
— Шәрбан барады ғой. Жаңа түскен келіншектің түрін көреді, - деді ол.
— Киноға барамын,- деді Шәрбан сонда. - Аман болсақ, келіншектің түрін әлі талай көрерміз-ау...
«Кеш туғаным жақсы болды...»
Шәрбан айтқанды тыңдаңқырамай отыр. Мен айттым оған:
— Сенің ағаң мен апаң екеуі баяғыда тентек болып, айтқанды тыңдамаса, менен шапалақ жейтін еді, - деп.
Сонда Шәрбан:
— Менің кеш туғаным, сендер қырыққа келіп, қартайғанда туғаным жақсы болды, әйтеуір бір жақсысы осы, - деді Шәрбан.
«Менің саған миллион рахметім бар...»
Бір күні мен қан қысымым көтеріліп, үйге келіп жатып қалғанмын. Маған жаны ашыған Шәрбан қасыма келіп күшті қылып массаж жасай бастады. Әбден шаршаған мен қатты ұйықтап кетіппін.
Келесі күні Шәрбөкке:
— Саған, Шәрбөк, көп рахмет. Сен сылап-сипағасын таңға дейін қозғалмастан ұйықтап кетіппін, - дегенмін.
Сонда Шәрбан:
— Менің бір рет сенің қолыңды уқалағанымды несіне айтасың, бапа. Сен маған сан жетпес, мың-миллион рет жақсылық жасадың ғой. Менің саған сан жетпес, мың миллион рахметім бар, - деді.
«Сол кәпірді айтпашы...»
Балдызым Кенжеғалидың баласы Мерей ұйқыны соғып жатыр. Мен әзілдеп:
— Мерей түнде терезеден жіп салбыратып жерге түсіп, орыс қыздармен қыдырған ғой, - дедім.
Шәрбан менің әзілімді жаратпай:
— Сол кәпірлерді айтпашы, орыстар кәпір ғой, - деді.
«Әңгімені қалыңдатып жібереді...»
Шәрбану күні бойы үйде ғой. Сабақтарын оқып болғасын шешесі екеуміздің біреумізге телефон шалып «далаға шығайыншы» дейді. Ол үшін мамасы екеуміздің қайсымыз тезірек рұқсат беруіміз мүмкін екенін алдын-ала зерттеп алады.
Бұл жолы маған телефондап, сұранды.
— Мамаңа неге хабарласпадың, менің қолым тимей жатыр ғой, - дедім.
— Ол әңгімені қалыңдатып жібереді, бапа. Киімді де қалыңдатады. Ал қазір далада күн ыстық болып тұр екен, - деді.
«Жел ысқырып тұр...»
Даладағы жел гуілі үйдің ішіне де естіліп тұр. Шәрбан айтты сонда:
— Жел күшті ысқырып тұр. Ал мен жел сияқты ысқыра алмаймын, - деді.
«Светтің қадірін...»
Біз бір жерге кетіп едік. Қараңғы түсіп кеткесін үйге келсек, Шәрбану бажамның қызы Айгүлмен бірге үйде жарық сөніп қалып не істерін білмей отыр екен. Свет бір-екі сағаттан кейін әрең жанды. Сол кезде Шәрбөк:
— Светтің қадірін жарық болмай қалғанда білерсің, - деді.
«Қалаунды өлтіру керек!..
Сұлтан Бейбарыс бабаның арабтар түсірген тартымды сериалын толық көрген Шәрбан ең соңғы сериядағы Бейбарыстың у беріліп өлуіне себепші болған кім екенін іштей түсініп, күйініп:
— Қалаунды өлтіру керек, мен өлтіремін! - деді (көзінен жас ыршып кетті).
(Ол адамдардың сатқындығына ашынып әрі Бейбарыстың баласын аяп тұрған сыңайы бар).
«Егер шынымен ақылды болсаң...»
Бірде таңертең ваннаға кіріп беті-қолын шылап-шайып жатқан Шәрбанға:
— Егер әнші болғың келсе, тіс жууды ұмытпа. Әнші елдің көз алдында жүреді ғой, таза жүр, ұқыпты бол, - десем, Шәрбан:
— Ақылды бола қаласың екен, бапа. Осы анда-санда математикадан бір есептерді сұрай қойсам, ойбай, шешеңе көрсет деп білмей қаласың ғой, - деді.
«Кісімсімеші...»
Шәрбанға біраз ақыл үйретіп, ананы-мынаны айтып ұрсып отырсам, әбден үндемей тыңдап іштей тынып отырған Шәрбан:
— Кісімсімеші, бапа, неғыласың осы менің басымды ауыртып босқа, - деп қарап отыр.
«Бізден де асып кетіпті...»
Сенбі сайын Шәрбанулар домбыраға баратын болыпты. Сондай күндердің бірінде үйде телефон шылдырлады. Сөйлесіп болған соң Шәрбан айтты:
— Мәс-саған, оншақты күн сабаққа келмей енді домбыраға барам деп отыр, - деді.
Домбырадан келгесін мен одан:
— Әлгі қыз келді ме не, сендер апайға айтып қояды деп қорықпай ма? - деп сұрадым.
— Біз оны сатпаймыз ғой. Бірақ, ол бізден де гөрі көңілді, аттай шауып тұр екен, -деді.
«Воздушный шар» болып ұшып кетейін...»
Күн алай-дүлей. Таңертең сабаққа асыққан Шәрбанды бәріміз үпек-сүпектеп киіндіріп жатырмыз. Бір кезде:
— Шәрбан, жел күшті, барынша киін, әйтпесе желмен ұшып кетерсің, - деді ағасы айқайлап.
Сонда Шәрбан кідірместен:
— Иә, «воздушный шар» болып ұшып кетермін, - деді.
«Ғалым тауып айтады...»
Шәрбан келіп менің шашымды сипалап отыр. Мен риза болып, оны мақтап бір сөздер айттым да, сосын «жалпы мен қатырып айтам-ау» дедім Шәрбанды сөйлеткім келіп.
Сонда Шәрбөк:
— Сен енді «Ғалым тауып айтады...» деп жазуды бастасайшы, - деді.
«Бір мамамды қосайыншы...»
Бір қонаққа кеткенде 3-4 жасар Шәрбануды нағашысы Әзімгүлдің үйіне қалдырып кеткенбіз. Сол үйде бәрі бірге ет жеп болғаннан кейін Әзекең: «Шәрбан, алақаныңды жай да, тие берсін» деп айт деп, өзінің жақында бақилық болған анасының атын айтады. Сонда Шәрбану алақанын жайып отырып: «Тағы бір мамамды қосуға бола ма?» депті өз әжесін ойлап. Әзекең: «қоса ғой, қоса ғой» депті таңғалып.
«Мен нән кемпір боламын, ал...»
Шәрбанды әкесі ылғи еркелетіп жүреді. Енді, міне, тағы да әуп етіп келе жатыр. Алты жасар Шәрбан ұялып жерге түскісі келеді. «Ақ Шәрбөк, дейді сонда папасы, сен 1000-ға келсең де, маған құйттай қыз боласың!.
«Қойшы, бапа, дейді сонда Шәрбану, мен ол кезде нән, үлкен кемпір боламын. Ал сен өзің қандай боласың, а?»
«Тойға бармасам болмайтын болды...»
Шәрбану үш-төрт жасынан бастап кітап оқып, сурет салуға қатты әуестенді. Кітап десе, әбден есі кетеді, кітап сатып алып берсе қатты қуанады. Енді міне Нұртас ағасының 40-қа толған тойына келген Шақыру билетін оқып отыр. Оның ішінде әке-шешесі, аға-апасымен бірге Шәрбанның аты да жазылыпты. Сондағы Шәкеңнің айтқаны: «Қой, тойға бармасам болмайтын болды, мені де шақырыпты ғой...»
«Жарылқасын мені сатып кетті...»
Ақын Ғалым Әріп пен сатирик Жарылқасын Дәулетов біраздан бері дос. Жәкең бірде жол түсіп Ақтауға, Ғалымның ағасы Дүйсекеңнің 70 жылдығына қатысуға келеді. Тойға бәрі жинақталғанда, Шәрбану: «Мен үлкен бапаның үйінде қаламын» - дейді. Мамасы айтады: «Үлкен бапа да тойға барады»,- деп. Шәрбану жыны келіп: «Беті-ауызы мынадай, кілең сақал-сақал болып алып тойға бара ма?» - деп кіжінеді қолымен иегін ысқылап. Сонда әкесі айтады: «Сенің ағаң Рауанның баласы ертең 70-ке келіп той жасағанда, үлкен бападай шал болып отырғаныңда сен өзің бармайсың ба не?- деп. Шәрбану сөз таппай «барамын, әрине» дейді. Дәл осы әңгімені жайбарақат та қызыға естіп жатқан Жарылқасын көпшіліктің көзінше оны тәрбиелік мәні бар әңгіме деп ортаға салады. Тойға қатысып отырып оның сөзін естіген Шәрбану сол кезде әкесіне келіп: «Анау Жарылқасын мені сатып кетті. Үлкен бапа маған енді ренжитін болды» дегені. Ғалым сонда: «Шәрбан, ол дұрыс айтты, үлкен бапа енді саған ақылды бала деп риза болатын болды» дегенде барып әрең байыз тапты.
«Сен тумай тұрған кезден білем...»
Шәрбану әкесімен бір мәселеге телефонмен сөйлесіп тұрып дауласып қалады. Ақыры жеңісе алмаған соң, Шәрбан айтты: «Сен қоя ғой,бапа, мен оны сен тумай тұрған кезден білем»...»
«Менің бапам бәрін жеңер еді...»
Кикбокингтен Ресей-Қазақстан командаларының кездесуі өтіп жатыр. Әкесінің қасында отырып жанкүйерлік танытқан Шәрбанды мамасы ас үйге шайға алып кетті. Сол бөлмеде отырып Шәрбан айқайлады: «Бапа, кім жеңіп жатыр?» Бапасы: «Тағы да орыс...» Сонда Шәрбану қатты намыстанып мамасына айтыпты ғой:
«Қап, оқсатты-ау мыналар. Менің бапам болғанда бәрін жеңетін еді...»
«Көз жасым сақалыма тамып кетті...»
Шәрбану жатар алды бір жылап қалса айтады: «Мені әуелі жұбатыңдар. Жылап алып дұрыс ұйықтай алмаймын ғой. Міне, қарасаңдаршы, көз жасым сақалыма (әдейі иегіме деп айтқан жоқ) тамып кетті...»
«Негрден орыс жақын...»
Бірде бокс қарап отырдық. Шәрбан да біраз «қазақ жеңсе» деп тамашалаумен, сұраумен болды.
Тағы бірде тағы да бокс болып жатты. Шәрбан келді де айтты: «Біздің бала қайсы?» - деп. «Біздің бала анау негр» деді бапасы қайтер екен деп. «Анау кім?» деді Шәрбан. Бапасы: «Орыс...» «Негр құрсын, деді сонда Шәрбан,бізге орыс жақын,сол жеңсін!».
«Аман болшы, бапа...»
Мен тағы бір кітабым шығып, содан «келесі жылы мынандай кітап шығаруым керек», «таңдамалымды дайындаймын» т.б. деп мақтанғандай болып айтып тұрғанымды құлағы шалған Шәрбан:
— Әй, бапа-ау, аман болшы, бәріне де жетерсің, шығарарсың, - деді мені сабырға шақырып.
«Бақытты бола алар ма екем?»
Үйдің адамдары Бейнеуге қыдырып кетті. Үйде Шәрбан екеуміз.
— Шәрбөк, не айтсаң да сенің айтқаның болады, - дедім мен.
Шәрбан:
— Бүгін менен бақытты адам жоқ қой. Теңізге барайықшы, бапа, - деді.
— Түсқайта, - дедім мен.
Түс те қайтты. Күн аздап желкем.
Мен: «Ертең барсақ қайтеді?» - дедім.
Шәрбану жылап:
— Мен бақыттымын ба десем... Неге сөзіңде тұрмайсың, қалайда барамыз, - деді.
Екеуміз сол күні төрт сағат теңіз жағасында болып, суға түсіп, бақытты күндеріміздің бірі болды.
«Қара сорпа болып жүрміз...»
Шәрбану қырық күн шілдеде ауылға, Тұщықұдыққа кетті. Бір күні мен телефон соғып, жағдайын сұрадым.
— Жағдай жалпы жақсы. Бірақ, қара сорпа, монша болып, бықсып жүрміз, - деді.
Ауылда сол күндерде 40-45 градус аптап болған екен.
«Мен қарамын ғой...»
Теледидардан тай-бокс болып жатыр. Біреуі ақ нәсілді де, екіншісі-негр.
Мен: - «Аққа болысамын», - дедім.
— Мен негрді жақтаймын, - деді Шәрбан.
Бір кезде негр жеңді.
— Біздің бала жеңді, - деп мақтанды Шәрбан саспай.
Мен: - «Сен не үшін негрді жақтадың? - дедім.
— Мен қарамын ғой (біз жаз бойы ойнап әбден күнге күйіп кеткен Шәрбанды «қара қыз» деп қоятынбыз), енді ылғи қараларды жақтаймын, - деді Шәрбан.
«Құдай қаласа деші...»
— -Әй, Шәрбан, мен 60-қа келгенде сен 23-ке келесің, үлкен апа боласың-ау, - дедім бірде.
Сонда Шәрбан:
— Құдай қаласа деші, айта бермеші, аман болайықшы, бапа, - деді.
«Туған күнің құтты болсын...»
10 тамыз - ұлым Рауанның туған күні. Таңертең ұйқысынан оянған Шәрбан шешесіне:
— Мама, туған күнің құтты болсын, - деп тауып айтты. Мен:
— Иә, бүгін маманың туған күні дегенімде, Шәрбан:
— Сенің де туған күнің құтты болсын, - деді маған. Мен:
— Рауанды туған мен емеспін ғой, - дегенімде,
— А, иә, сенің туған күнің қарашада ғой, - деді маған қарап. Шәрбан өзі қараша айында дүниеге келген ғой, менімен дос болғасын, өзін «бапам туды» деп тұрғаны ғой. Бұл сөзді естіп қалған шешесі:
— Шәрбан бапаң қарашада емес, сәуірде, Раушанды туды ғой, сені мен өзім тудым, -деді.
«Бәрі де ақша үшін ғой...»
Бейжің олимпиадасы, бокстан жекпе-жектер болып жатыр. Шәрбан менің қасыма келіп отырды.
— Қазір қытайлық қазақ Қанат Ислам шығады, бірақ ол сол Қытайдың намысын қорғайды. Одан кейін біздің Бақыт Сәрсекбаев шығады, ол Қазақстанның намысын қорғайды. Финалда екеуі кездесіп те қалуы мүмкін, - дедім мен.
Шәрбан:
— Сен екеуінің қайсысына болысасың? - деді Шәрбан.
— Екеуінің де жеңгені жақсы. Бірақ біз өз еліміздің жігітіне болысамыз ғой, - дедім.
— Жеңсе, оларға ақша бере ма? - деді ол.
— Әрине, көп ақша береді, - дедім.
— Е-е, бәрі ақша үшін шығады ғой, - деді ол.
— Қой, неге елдік намыс, атақ, абырой деген де керек емес пе? - дедім.
— Егер дұрыс ақша төлемесе, босқа бокстасуға ешкім де шыға қоймас, - деді Шәрбан.
Сосын тағы да қайталап:
— Бәрі де ақша үшін ғой, — деді.
«Шашымды сорып алдың...»
Шәрбанды шашынан иіскеп, сүйгенімде, ол:
— Шашымды сорып алдың-ау, - деді.
«Мен ол кезде бар ма едім?..»
Шәрбанға айттым:
— Сендерге мен Бомбейден (Бейнеу) күшті, ақылы көп мама әкеліп бердім-ау, -дегенімде,
— Сонда маманы сен алып келген кезде мен бармын ба не?- деп бәрімізді күлдірді.
«Көзім жыламауы үшін...»
Жаз. Күн ыстық. Шәрбан мамасымен бірге базарға бара жатып:
— Қой, көзім жыламасын, очки киіп кетейінші,- деді.
«Екеуміздің...»
— Ақ Шәрбан, екеуміздің достығымыз үшін кефиріңді тауысып ішші,-дедім бірде.
Шәрбан іркілместен:
— Екеуміздің достығымыз үшін, бапа, сен мені кефирге зорлай көрме, - деді.
«Қап, сенің ақын болғаның, бапа...»
— Шәрбөк, - дедім бірде, бала тілазар, жалқау болмауы керек. Ата-анасы балаға қамқор болса, балалары ата-анаға қолғанат болуы керек. Ата-ананың баланы бағып-қағып, адам етіп өсіруі - парыз, ал баланың ата-ана аманатын орындап дұрыс адам болуы - қарыз, - дей бергенімде, Шәрбан шыдай алмай:
— Қап, сенің ақын болғаның, бапа...- деп күліп жіберді. іштей «сөз тауып айта беретінің бәле болды-ау» деп тұр екен.
«Астана менен кіші екен...»
— Бапа, - деді Шәрбан бірде, - Астана менімен құрдас екен ғой.
— Ол онда, ал сен биыл жыл аяғында 11-ге толасың ғой,- дедім.
— Е, Астана бізден кіші екен ғой, әлі жас екен ғой, - деді Шәрбан.
«Самолетпен келермін...»
Шәрбан айтты:
— Әннен шыққасын автобуспен келермін.
Раушан апасы:
— Қой, пойызбен келсейші ,- дегенде, Шәрбан мүдірместен:
— Иә,самолетпен ұшып келермін, - деді.
«Шама келмей тұр...»
Шәрбан жатар алдында «Әлі ерте, жарты сағат телевизор қарайын», - деді.
Мен: «Көзіңді ауыртып неғыласың. Шама келсе, көп қарамағаның жақсы», - дегенімде, Шәрбан бірден:
— Бапа, сол шама келмей тұр ғой, - деп телевизорды қосты.
«Қабырғаңды сындырармын...»
Мен ойламаған жерден қабырғамды сындырып алдым. Шәрбану шәй құйып беріп, мені тұрғызып, әбден бақты.
Күндер өтіп жатыр. Мен жақсы бола бастадым. Бір күні ашуланып Шәрбанға ұрыстым. «Шапалақ жейсің» дедім. Сонда Шәрбөк:
— Әйтеуір, маған қарай жақындап көр, қабырғаңды сындырамын, - деді.
«Сен ақын емессің...»
Бірде Шәрбан «мына сөздің синонимі не, ана сөздің антонимі не?» деп сұрап қоймады. Менің де есіме түсе қоймады.
Сонда Шәрбан:
— Әй, бапа-ай, сенің ақын болмағаның жақсы еді ғой, сөз мағынасын білмейді екенсің, - деп қара-ап тұр.
«Мынауың су емес...»
Шәрбану аздап ауырып, шешесі дәрі беріп жүрген ғой. Содан бір күні Шәрбан:
— Мына дәрің бұрын су сияқты еді, енді у сияқты болып кеткені несі? - деді.
Сонда мамасы:
— Оны қайдан біліп қалдың, бұрын дәріні езгенде суды көп қосатын едім, енді азайттым ғой,- дегенде Шәрбан:
— Әй, бәсе, өзім де байқап едім, у татып тұр,- деді.
«Ыбырайды сұрағанда...»
Шәрбану жұмыстан келген бойымда менен Ыбырай Алтынсариннің кітабын, оның өлеңдерін сұрады.
Жеке кітапханамдағы көп кітапқа көз сүзген мен: «1-і-м, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев...» деп күбірлей бастадым.
Тағы да сәл кідіріп барып: - Қасым Аманжолов, - дегенімде,
— Қойшы сол Қасымыңды, Ыбырай керек, - деді шыдай алмай.
— Қандай ақынсың, үйіңде Ыбырай жоқ, - деді мені сынап. Мен «Бес ғасыр жырлайды» деген қос томдықты тауып алып Шәрбанға ұсындым. Ы.Алтынсарин 2-томда бірінші тұр екен.
Риза болған Шәрбан:
— Рахмет, бапа, - деді. Сосын:
— Келесіде Жамбылды, или Қасымды сұрасам, Ыбырайды әкеліп жүрме, - деді.
«Баламен бәле болма...»
Бірде Шәрбан екеуміз ділмарланып біраз айтыстық. Ақырыңда ол:
— Бапа, баламен бала болмасайшы, - деді үлкен кісі құсап. Мен одан сайын қырсығып:
— Онан да бәлемен бәле болмасайшы демейсің бе?- дегенімде Шәрбан:
— Баламен бәле болма, - деді іркілместен.
«Бапа, мен малаймын...»
Сабақ оқып жатқан Шәрбанның бөлмесіне кіріп едім, ол:
— Бапа, мен малаймын ғой, - дегені.
— Не деп тұрсың, кімге малай болғың келіп жүр, - дегенімде:
— Татарлар мен башқұрттар малай деп баланы айтады екен, - деді.
— Татар еліне барсаң, малай десе қайтесің? - дедім.
— Көнесің, - деді. Мен:
— Малай қылып жұмыс жасатып қойса қайтесің?- дегенімде,
— Жоғал әрі, - деп айтамын, - деді. Мен шығып бара жатыр едім, Шәрбан:
— Бапа, мен шағамын ғой, - деді.
— Ол не сөз? - дегенімде,
— Түріктер мен әзірбайжандар баланы «шаға» дейді екен,- деді.
Сөйтсем, ол осының барлығын кітаптан оқып отыр екен.
«Мені бағудың өзі азап...»
— Бапа, деді Шәрбан бірде, - сен жүзе аласың, мен де, апа да, мама да жүзе алмаймыз. Осы апа неге жүзе алмайды? - деді де, «Бірақ, оның ол кезде қайдан қолы тие қойсын, сабағы бар, үй шаруасы бар, оның үстіне мені бағудың өзі нағыз азап қой», - деді.
«Мен бағып жүрмін бе не?»
— Шәрбан, менің көзәйнегімді көрдің бе?
— Мен бағып жүрмін бе не?
«Баяғыда туғанда...»
Шәрбанды жұмсап едім, қозғала қоймады.
— Шәрбөк, - дедім, - баяғыдағы адамдар ешқашан ерінбеген, өмірмен күресе білген, бір қойдың етін жеген, - деп едім, ол:
— Баяғыда туып мал болып, маубас болып өмір сүргенше, осы заманым жақсы, - деді.
Тағы бірде Шәрбан салқын тиіп ауырып, он күн сабаққа бармай, соған үйреніп қалып таңертең тұрғысы келмегенде өзі:
— Түу, баяғы заман болғаны жақсы еді, әйтеуір, мал бақсаң да, сабақ оқымайсың, бәрін өзің білесің, - деді.
Сабаққа барып келгеннен кейін:
— Бапа, сабақ күшті ғой, білім алғанға не жетсін! - деді.
«Елімнің баласымын...»
— Шәрбану, сен осы кімнің баласысың?
— Елімнің, халқымның баласымын, - деді Шәрбан мүдірместен.
«Мен кейбір бала емеспін ғой...»
Шәрбану сабаққа қапылып жатыр.
— Бапа, - деді ол, - сағат неше болды?
— 8-ге 10 қалды. Асықпа үлгересің. Кейбір балалар 5 қалғанда да шығады ғой, -дедім.
— Сен мені кейбір балаларға қоспашы. Мен старостамын, елден бұрын, ерте баруым керек, - деді Шәрбан.
«Керек емес тастың...»
Мен Шәрбанға:
— Керек тастың ауырлығы жоқ, ала кет, - дедім әлденені.
Шәрбан:
— Керек емес тастың ауырлығы бар, керек емес, - деді.
«Мен Құдайға шүкірмін...»
— Шәрбан, - дедім, - сен жүдеп барасың. Тамақты жеңкіре, ет, балық, тауық, жұмыртқа же, - дедім.
Шәрбан күліп (кекетіп):
— Мен саған, бапа, кластағы бір қызды көрсетейін, іші қабысып, жабысып жатыр. Мен, әйтеуір, Құдайға шүкірмін ғой,- деді.
«Бокс деген ұру емес пе?»
— Шәрбан, - дедім, - сені каратэге берейін - Өзіңді қорғай алатын боласың.
— Соны қайтемін, былай да бірдеңе қылармын.
— Онда мен саған боксты үйретейін.
— Бокс деген ұру емес пе, ол жағына жаман емеспін...
«Екеуіңді қатар қалай тыңдаймын?..»
Шәрбан мультфильм қарап рахаттанып жатыр. Мен жұмыстан келіп қызықтап, қайта-қайта сөзге тарттым. Ол екі көзі мултигінде, маған да алақтап қарап:
— Бапа, бара қойшы енді, сенің балаңмын. Құдай үшін бара қойшы. Мультик екеуіңді қатар қайдан тыңдай аламын? - деді.
«Жасы кішінің де...»
Шәрбан шәй үстінде бір әңгіме айтып отыр. Мен тақырыпты өзгерткім келіп сөзін бөлдім.
Сонда Шәрбан:
— Жасы кішінің де сөзін бөле берме, мен сенен бұрын сөйлеп жатырмын ғой, бапа, -деді.
«Денсаулық күтуді...»
Шәрбан сөйлеп тұр.
— Бүгін апай денсаулық күту туралы әңгіме айтты. Баланы тәрбиелеуде жылы сөйлей отырып, баулу маңызына тоқталды, - деді. - Сендер де денсаулықтарыңды күтіңдер. Ауырмаңдар, дәрі ішпеңдер, - дей келіп:
— Жалпы жан күтуді үлкен бападан-атадан үйрену керек, тоқсанға келсе де, пәлендей еш жері ауырмайды, - деді.
«Баласыз үй...»
Бірде жұмыстан келіп:
— Мамаңа көмектес, балам, жұмысты көп жаса, - десем, Шәрбан ашуланып:
— Жұмысты ең көп жасайтын менмін ғой. Менің бағамды білмейсіңдер екен. Сен өзі «Балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар» дегенді білмейсің бе? Мен болмасам, көрер едім сендерді, - деді.
«Әке, көкелеп» жалынып-жалпайып әрең қойғыздық. Шынында да кішкентай баласыз өмір сұрқай тартып кетеді ғой. Сөйтіп, ақ Шәрбан бізді тағы да сөзден жеңіп кетті.
Тіфә, тіфә, тіл-көзден аман бол, ботам, абыройлы бол. Қазақтың, халқымыздың ана тілін терең біліп, оның қадір-қасиетін арттыра беруіңе біз қашанда тілекшіміз.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі