Жаздың бір тамаша күні еді. Торы төбел атқа міңгескен екеу жатаған қырқаларды қиялай аяңдап келеді. Бойлары шағын болса да, ат үстіндегі екеудің сөз саптастары өздерінше бір жосын. Бір біріне жабысып келе жатып-ақ, екеуі екі төбенің басында тұрғандай айқайласып сөйлеседі.
Астарындағы торы төбел ат та жуас сияқты. Арқасындағы жолаушылардың бүкіл елсіз даланы даңғырлата айқайлап келе жатқандарында тіпті де шаруасы шамалы, бағытынан жаңылмай жайбарақат аяңдауда. Тіпті анда-санда сауырына шып-шып тиген қамшыға да мизейтін түрі жоқ.
Ат үстіндегі екеудің сөздеріне құлақ түрген адам болса, «Ен далада мына екеуіне не көрінген?» дері сөзсіз еді.
— Ал, айта қойшы, — деді алдыдағы бала білгішсінген түр көрсетіп. — Сен өзі мұсылмансың ба?
— Әлхамдү лілаһ, мұсылманмын, әлбетте.
— Солай ма? Ендеше сенің мұсылмандығыңда менің күмәнім бар. Оған сен ренжіме, Еркінбай.
— Несіне ренжимін, менің айғағым болып тұрса, — деді арттағы бала саспастан.
— Ал, ендеше айта қойшы айғағыңның қайсысы екенін.
Арттағы бала сол тік отырған қалпы мүдірместен, заулата жөнелді:
— Әшһәдү ән ла ілаһа іллалһү уә әшһәдү әннә Мұхамәдән ғабдүһу расулүһу...
Алдағы отырған бала мына жауапқа риза болған пішінмен сақылдап тұрып күліп жіберді.
— Әй, Еркінбай, өзің әжептәуір төселіп қалыпсың ғой. Әкем сені ұғымтал деп айтып қоймаушы еді, рас-ау деймін. — Серігінің үндеңкіремей қалғанын пайдаланып, осы арада өз үсті үстіне тықпалап жіберді. — Әй, осы бәрі менің әкемнің мықтылығынан ғой. Ол кісінің молдалығы енді сондай күшті. Ол кісі милау деген баланың өзін ұқтырып жібереді ғой.
Арттағы бидай өңді томпақ беттеу бала салмақты екен. Алдындағы ақсары қағілез серігінің сұрақтарына бірде жауап беріп, енді бірді үндемей қалып отыр. Шапшаң мінезді ақсары салмақты жолдасының қалыбына қарай икемділіп жатқан жоқ, ананы-мынаны айтып, бастырмалата сөйлейді. Сөз аңғарына қарағанда, өзі білгіш, өзі би.
— Молдекеңді мақтағаның дұрыс қой, Тәжи, — деді Еркінбай есімді томпақ бет өзінше жауап беріп. — Бірақ ол кісіні туған баласы емес, басқа шәкірттері осылай мақтаса жараспай ма.
— Басқалар да мақтайды. Немене, естімеп пе пең?
—Менің де айтап тұрғаным сол ғой, Тәжи. Молдекеңнің мықтылығын сен айтпасаң да, бәріміз жақсы білеміз. Ана Қараой жақтағы кісілер де мақтайды екен.
Тәжи енді сөз жарыстырмай, өзі жаттап алған әлде бір аятты әндетете айтып кетті. Ондай уақытта қасиетті сөздердің мақамын бөлуге болмайды Онсыз да аз сөйлейтін Еркінбайдың үнсіз келе жатқаны содан.
Тәжидің әкесі Темірбек — бүкіл атырапқа аты әйгілі молда. Тілін сындыртып, сауат ашқысы келетін адамдар балаларын тіпті алыс ауылдардан да алып келіп жатады. Әкесінің осындай елге сыйлы оқыған кісі екенін айтып, мақтанып қалуға Тәжи қашанда әзір. Бұл жолы да білідір келе жатқаны сол мінез.
Кенет торы төбел осқырынып, кежегесінен кейін тартқандай бір орнында тыпырлады да қалды. «Ол не?» дегенше болған жоқ, Тәжи:
— Ойбай, ананы қара! — деді қамшысын алдыға қарай сілтеп қалып. — Көрдің бе ананы?
— Не... немене?
— Әне, ана жыланды қара. Не деген үлкен! Қане, қамшымен қақ басынан періп жіберейін.
Торы төбел аттың осқырынғаны бекер емес екен. Жолды кесіп, ирелеңдеп өтіп бара жатқан жыланның жуандығы тура жеңді білектей. Тәжи қамшысын оңтайлап, атты тебіне берген кезде, Еркінбай жерге секіріп түсті де:
— Тоқта! — деп айқайлап қалды.
— Немене, таспен ұрайын деп пе едің?
— Жоқ, біз оны өлтірмейміз. Мен оны оқып көрейін, қашып кетсін.
Көк шөптің үстіне шарта жүгініп отыра қалған Еркінбай өзі білетін бір аятты мақамына келтіріп оқи жөнелді. Аалақаны қышып, лепіріп тұрған Тәжи де кідірместен, аттан секіріп түскен. Шапшаң мінезін тізгіндеп, моп-момақан пішінде лып етіп отыра кеткен жері — серігінің қасы. Әкесі құсап көзін тарс жұмып алайын десе, әлгі дәу жыланнан сескенеді.
Екеуінің де көздері — әлгі жылан кіріп жоғалған қалың шидің қатарында. Бір кезде қараса, әлгінде көзден таса болған қара шұбар жылан басын қылтыңдатып, шиден қайта шығып келе жатыр. Еркінбайдың өзі білетін дұғаларын қайтадан зарлатып қайта оқи жөнелгені осы кезде. Тәжи байқап отыр, не әрі жүрместен, не бері қарай қозғалмастан, жылан басын қайқайта көтеріп, тұрды қалды.
— Еркінбай, сен немене... — деді ол сол сәтте ышқына сыбырлап. — Сен жыланмен... арбасып отырсың ба?
Досының көлденең сөзіне құлақ түріп жатқан Еркінбай жоқ, мақамын созып, әуенін де күшейте түскен. Тәжи болса екеуіне кезек жалтақтап әлек. Оның сескенгені — әлгі қара шұбар да кірпіксіз зәрлі көздерін тайдырмастан, бала шәкіртке қадалып қарап қалған екен.
— Ойбай, анау сенімен... арбасып тұр, — деді Тәжи ышқына дауыстап. — Өлтірейік оны.
Серігінің айқайына миземестен, Еркінбай өзі білетін аятты басынан бастап қайтадан оқи бастады. Тәжиге ұнамай тұрғаны — мына екеуінің арбасуы. Екеуі де шегініп кетуді ойлайтын емес. Ана қара шұбар жылан орнынан бір-ақ атылса, не болмақ?
Шамалы уақыттан кейін тағы бұрылып қараса, Еркінбайдың бетін қалың тер жуып кетіпті. Екі көзі бұлдырып, алдындағысын жөнді көрмей де отырған сияқты. Даусының да қарлығып, әлсірей бастағаны байқалады.
Одан ары күтетін жағдай жоқ еді, Тәжи орнынан атып тұрды да, қолындағы қамшы сілтеп кеп қалды. Еркінбай терін сүртіп, орынына тұрып қараса, жолдасы әлгі арбасқан жауын қамшысымен сбалап тура екіге бөліп тастапты.
— Сенің дұғаңнан гөрі менің қолым қаттырақ болып шықты ғой, ә? — деді ол ақсары өңі алаулай түсіп. Еркінбай да есін енді жия бастапты. Өзі қап-қара терге түсіп, едәуір қалжырап қалған екен, маңдай терін сүртіп, әрең дегенде орнынан тұрып жатыр.
— Жылан күшті жылан екен, қайтарып тастауға білімім жетпеді, — деді сосын қасындағы серігіне қарап.
Ауылға келгеннен кейін екі баланың іздегендері — Темірбек молда. Болған оқиғаны ұстаздарына айтып бергенше іштеріне сыймай бара жатыр еді. Бірақ қабағынан қар жауған молдекеңнің әлпеті бір түрлі салқын, бұлармен дұрыстап сөйлесу ге де ыңғай байқатар емес.
Екеуін алдына тым жақындатпай, алыстау жерге отырғызып қойды да, сөйлей жөнелді. Ол сөйлеген сайын екі баланың да көздері бақырая түсіп, тыпыр етпей қалысқан. Темірбек молданың айтп отырғаны — балалардың иен далада бастан кешкен жыланға қатысты көргендері. Бәрін қолмен қойып бергендей етіп, дәл сарнап отыр.
Сонда бұл кісі ешкім жеткізбей-ақ, екеуінің жыланға кезігіп, арбасып қалғандарын қалай біліп қойған?
Әңгімесін аяқтап болғаннан кейін:
— Ал сендер өзі не бүлдіріп жүрсіңдер? — деп екеуіне жатып келіп ұрссын. — Ол бір оқымысты жылан еді. Егер сендер сәл қателік жіберген жағдайда, екеуіңді де жарып өлтіретін еді. Мезгіліменкөзін жойыпсыңдар, өйтпегенде екеуіңе де қатер еді. Ендігі әрі мұндай істен сақ болыңдар! — деді қатты тапсырып.
Екі бала молдакеңнің мына айтқанына сенер сенбестерін білмеді. Бірақ Еркінбайдың балалық шақтан өмір боы есте жатталып қалған нәрселерінің бірі осы оқиға еді.
Жастық кезеңі Балқаш көлінің оңтүстік беткейіндегі Желтораңғы деген жерде өткен Еркінбай жасы егде тарта бастаған шақта қым-қуыт тіршілік бабымен Алматы қаласына қоныс аударып еді. Оны қалалы жерге еріксіз дедектетіп алып келген күш — сонау отызыншы жылдардың дүрбелеңі, қазақ халқы жаппай бастан кешкен колхозастыру, байларды кәмпескелеу нәубетінің тегеуріні. Ең жақын адамдарын ажал тырнағынан алып қалу үшін осы үлкен қаланы пана тұтқан ғой.
Сәті түсіп орналасып кеткен жері — қаладағы кірпіш зауыттарының бірі. Ол қазіргі Тимирязев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысынан сәл жоғары тұста орналасқан болатын.. Қаланың осынау аумағын тұрғындар кешегі күнге дейін «Кирпичнозаводская» деп атап келгені белгілі.
Бойында күш-қуатының бар кезінде Ерекең нақ осы өндіріс орнында қатардағы жұмысшы болып еңбек еткен. Бірақ отағасының кірпіш зауытындағы еңбек жолы ұзаққа созылған жоқ. Осы уақыттарда Ф.И.Голощекиннің «Қазақстанда Кіші қазан жасаймын» деген лаңы қалың қазақтың бірі ретінде оның да тағдырына кесірін тигізді.
Ел ішін саясаттың жаңа дауылы ұйқы-тұйқы етіп, бұрын көз көрмеген аласапыранға душар болды. Осынау қолдан жасалған зор зұлмат пен дүмпудің шалығынан өз бетінше ел қатарлы тырбанып еңбек етіп жатқан Еркінбай да тысқары қала алған жоқ. Ел ішіндегі ашаршылықпен бірге халық жаулары деген сылтаумен жекелеген адамдардың тағдырына да қол сұғу, қудалауға ұшырату науқаны да қабындап, қоғамдық дертке айналып тұрған сол бір нәубет ұмытылар ма?
Әманда «Алласы» аузында жүретін, күнделікті бес уақыт намазын қаза қылмайтын жұмысшы жігітті ұрда жық белсенділер бірден назарға алған екен. Сылтау белгілі ғой, ондайлардың ойынша «Еркінбай советтік идеологияға жат істермен айналасқан діншіл». Қанша түзу жүрейін десе де, түртпектеп тиісе берген, тіпті советке жат элемент ретінде қудалай бастаған. Әпербақан атеистерге сылтау болса болды ғой. Заң орындарында істейтін әлдекімдер дікілдеп жауап алуға да кіріскен.
Ашаршылықпен қабаттасып, осылайша қолдан жасалған халық жауларын іздестіру жұмыстары да біртіндеп күшейіп, ел ішінде ауыр зұлмат заманы туған кез еді. Небір боздақтар осылайша қолдан жасалған саяси нәубеттің құрбанына айналып жатты.
Бұндай сорақылық Еркінбай отағасының отбасына ғана емес, айналасындағы туған-туыстарына да, алыс-жақын ағайынға да қара түнек көлеңкесін түсіре бастады. Мұндайда не істеу керек?
Ел ішіндегі ахуалдың күн өткен сайын осылайша ушыға түсіп отырғанын көрген әрі өзінің жеке басына да қауіп төне бастаған Еркінбай амалсыз жылыстап, бас сауғалауға мәжбүр болды. Ізін білдірмей, бір-ақ күнде көрші жатқан қырғыз елін асып, көзден тасаланғаны да сондықтан.
Соқа басын алып, салт басты, сабау қамшылы болып жалғыз қашқан жоқ, төрт-бес туысын қоса ала кеткен екен. Ертіп алған ет жақындарының арасында Бұланбай, Оспанбай, Нұрсейіт, Тоқберген тәрізді туысқандары да болыпты.
Ер жігіттің мұндай шалт әрекеті естиярлықтың белгісі болып шықты. Тікелей келген ашаршылық қатерінен өзін де, шағын шаңырағын да осылайша аман алып қалып еді. Туған жерге қайта оралғаны — ел іші тынышталғаннан кейін ғана.
Әжептәуір діни сауатқа ие болып, өзінің шариғатқа жүйріктігін көрсете білген Еркінбай кейін ел ішінде беделді адамдардың біріне айналады. «Тағы қудалайды-ау» деп қауіп қылса да, имандылық жолындағы жақсы амалдарын жылы жауып қоя алмады. Қалың жұршылықтың қалауымен құран оқып, өлген кісіге хатым түсіретін. Ауру-сырқаудың тамырын ұстап, ішірткі жазып беріп дегендей, айналасына қолдан келген жәрдемін жасаудан тайынған емес.
Соғыстан соңғы жылдардың бірі еді.
Бір күні ертеңгі шайдың үстінде Ерекең өзінен өзі отырып:
— Қап, кешігіп қалды-ау! — деді де, ішіп отырған кесесін үстел үстіне қоя салды.
— Кім кешікті?.. Не болып еді? — депті үй ішіндегілер әлденеден секемдене қалып. Ерекеңнің жайдан жай бұлай сөйлемейтініне бәрі де үйренген. Үй иесі әлдене деп ернін жыбырлатты да, әйеліне қарап, ақырын ғана:
— Сен ештеңе деме. Келген кісілерді тынықтырып, дем алдыр да, кейін қайтарып жібер. Амал жоқ, бәрі өтіп кетті, — дейді ақырын ғана. Ерекеңнің бұл сөзінен басқа адамдар мардымды ештеңе түсіне алмай, аң-таң болып отырып қалған. Бұл кезде жасып жетпісіті желкелеп қалған отағасы сол бұрынғы сабырлылығынан айнымай, көп нәрсені сыртына шығармай, іштен тынушы еді.
Ұзамай үйге аттылы екі адам келді. Ерлі-зайыпты жастар екен. Жолсоқты болып шаршағандықтан ба әлде басқадай бір жағдай болды ма, әйтеуір екеуінің де өңдері салқын, қабақтары салыңқы. Қолдарында ұстаған бір кішкентай түйіншектері бар. Ерекеңнің ұлы Сәбетбек бастаған балалар оның не екенін әдепкіде аңғарған жоқ,.
Ауыл балаларының әдетте келген қонақтың өзінде бәлендей шаруасы бола қоймайды. Олардың ең алдымен назар аударатыны — келген кісілердің киім киістері, ерткен иттері болмаса мінген аттары. Бұл жолы қонақ түскен үйдің балалары есіктің алдына кермеге байланып қойылған аттарға қызықты. Ұзақ жолдан әбден қалжыраса да, қаз мойындары иіліп, аяқтарын тарпып, әдемі көрінеді екен. Үлкенді-кішілі ұлдар осындай сұлу жануарларды айналшықтап, шыға алмай жүр. Өзара таласып, мініс көліктеріне өздерінше сын айтқанда болып қояды.
Осы кезде үй ішінде еңіреп жылаған әйелдің дауысы шықты.
Сөйтсе әңгіме былай болған екен. Сөйтсе жаңағы ораулы түйіншек әлі емшектен шықпаған нәресте екен. Туа салып ауыр сырқатқа шалдығыпты. Жас жұбайлар кішкентайды әрі емдеп, бері емдеп, амалдары таусылуға айналған кезде, біреулер осы Еркінбай молданы естеріне салмай ма? Содан жер мойнының қашықтығына қарамай, не де болса, сол кісіге барып көрсетуге бел буыпты. Арнап келгендегі бар жұмыстары осы баланы көрсетіп, лажы болса емдетіп қайту ғана екен.
Осындай жандалбасалап шыққан жолаушылардың жолы болмапты, жас нәресте осы үйге жеткенше-ақ жол үстінде шетінеп кетіпті. Баланың өліп қалғанын жас жұбайлар өздері де білмеген. Ерекеңнің үйіне кіріп, орауын шешкен кезде бір-ақ көріп, аһ ұрған. Жас келіншектің аяқ астынан жан дауысы шыға, ойбайлап жатқаны сол қайғының әсері көрінеді.
Еркінбай отағасының бағана шай үстінде отырып: «Қап, кешігіп қалды-ау!» деп өкінуі де осы жағдайға байланысты болып шықты. Құлағына ешкім айтпай-ақ, келе жатқан жолаушылардың шаруасын алдын ала біліп үлгіріпті. Бір белгісіз жолаушылардың амалсыз мұқтаждықпен келе жатқанын да, аурудың жолшыбай үзіліп кеткенін де өзіне тән ерекше қасиетпен сезіп, біліп қойған ғой.
Былай қарасаң, адам баласы оңайшылықпен сене қоймайтын оқиға. Ауру баланың жол үстінде келе жатып үзіліп кеткенін алдарына алып, ұстап отырған ата-аналарының өздері мүлде сезбеген, ал алыстағы үйде отырған Ерекең қолмен қойғандай сол сәтінде-ақ біліп қойған.
Сол жылдары Алматы қаласына жапсарлас аймақтардың бірінде Аябек есімді басқарма жұмыс істеді. Өзі осындағы өте қабілетті басшылардың бірі болатын. Басқа біреуден қабылдап алған кезінде шаруашылықта небәрі 1300 бас қана қой болыпты. Осынау азғана малды бірер жылдың ішінде 32 000 басқа жеткізген Аякеңнің жақсы ұйымдастырушы, дарынды басшы ретіндегі басқа да қырлары ел аузының әңгімесіне айналған.
Жарғақ құлағы жастыққа тимей, күні-түні шапқылап жүріп, колхоздың табысының молаюына, оның мүшелерінің жақсы тіршілік етуіне жағдай жасаған азаматты ел неғып құрметтемесін. Қашан көрсең де, аысығып-үсігіп қарбалас шаруаның басында жүргені.
Бірақ осындай қабілетті басшының, ер жігіттің басында көңілін күпті қылған бір уайымы болды. Ол — жасы біразға келіп қалса да, әлі күнге бала көрмеуі.
Совет заңынының қиындығына қарамай, өзі екі әйел алған жігіт. Алғашқы жұбайының пұшпағы қанамай, уақыт өтіп бара жатқан соң, үміттеніп, екінші бір әйелге үйленбей ме. Кейінгі алғаны алдыңғы бәйбішесіне қарағанда әлдеқайда жастау екен. Бірақ, өкінішке орай, қосылғандарына біраз жыл өтсе де, ол келіншек те құрсақ көтере алмай, қиналып жүріпті.
Екі әйелінен де бала болмағаннан кейін, Аябектің қай бір көңіл күйі бола қойсын. Есті адам үшін мұндай жағдайдың әжептәуір қайғы екендігін тәптіштеп түсіндіріп жатудың қажеті де шамалы болар.
Не істерін білмей, амалы құрып, тығырыққа тірелген Аябектің есіне ақыр соңында Еркінбай молда түсе кетпей ме? Бір қолы тигенде арнайы іздеп келіп еді. Бұрыннан аралас-құралас әрі ептеп жекжаттығы бар Ерекең «Жарайды, бәлен күні үйіңе барамын. Басқасын содан кейін көререміз, Алла тағаланың бір бұйыртқаны болар» деп келісім берген екен.
Содан бір сәтін салған күні қасына кішкентай ұлы Сәбетбекті ертіп алып, Аякеңнің үйіне де келеді. Анау-мынау әңгімемен түннің біразын еңсерген қонақтар төсекке кештеу қисайған.
Бала емес пе, Сәбетбек қатты ұйықтап кеткен екен, бір кезде әлдекімнің түрткенінен оянды. Онша ештеңеге түсіне алмай, ұйқысыраған күйі көзін сығырайтып ашып қараса, әкесі Еркінбай.
— Не болды, тәте? — деді ұйқысын аша алмай, міңгірлей сөйлеген ұлы.
— Тұр, балам, киін. Жолға шығатын болып қалдық...
— Әлі қараңғы ғой. Кішкене жата тұрайық та.
— Жоқ, болмайды. Шалжиып жататын жағдай болмай тұр. Ерінбе, қане, атып тұр.
Қанша қиналып жатса да, әке сөзіне бағынғаннан басқа амал жоқ еді. Бала алакөлеңке үй ішінен киімдерін сипалап тауып алды да, шапшаң киінді.
Көріпкелдік қасиет қонған мейман кісінің мезгілсіз уақытта қайтуға жиналғанын көріп, үй ішіндегілер де ештеңе түсіне алмай, үрпиісіп қалған. Бидай өңі бір түрлі қуқылт тартып, әлденеге көңіл күйі болмай тұрғаны даусыз.
Үй иесі Аякеңнің өзі бас болып:
— Аға, жайшылық па? Не болды сонша ертелетіп? — десіп жатыр. Қабағын түйіп алып, әлденеге мазасызданған Ерекең көп дәлел айтып, себебін түсіндіріп ақталған да жоқ.
— Ал, Аябек, қолыңды жай. Батамды беремін, — деді қысқа ғана. Ұйқылы-ояулы кісілер барлығы жапырласып, қолдарын жайысты. Ерекең әлдебір дұғаны оқи келіп, айтқаны — адамның көңілін тербеп, тебірентетін бір әсерлі бата. Барлығы беттерін сипап болғаннан кейін, ол кісі Аябекке қарады да:
— Аябек, уайым жеме, ұрпақ көресің. Алладан жалбарынып сұрап отырмын. Бәрі де жақсы болады. Келіннің де қабағы ашылсын, — деп, орнынан көтеріле берді.
— Апыр-ай, сонша асыққаныңыз-ай, Ереке. Шай ішіп, бір-ақ аттанатын жөндеріңіз бар еді, — деп жатыр Аябек те. Дегенімен үй ішіндегілердің әлгі бір үмітті жылы сөзден кейін қабақтары ашылып, жадырап қалғандары байқалады.
— Рахмет пейілдеріңе. Бәрін де түсінем, бірақ жеделдетіп жолға шығып кетпесем, болмайын деп тұр, — деді Еркінбай отағасы. Манағыдай емес, өзі бір түрлі сабырлы кейіпке еніпті. Қанша жабысып сұрағандарымен, үй иелеріне не үшін асыққаны жайлы ләм-мим деп тіс жармады.
Осылай асығып тез аттануының себебін отағасы былай шыққанан кейін барып қана, баласы Сәбетбекке айтып еді:
— Бір ауыр түс көріп, содан қиналып оянып кеткенім. Алла тағала аян берген сияқты. «Бала орнына Еркінбайдың өзін алайық» деп күңгірлеген дауыс құлағыма жетті. Сол кезде сөйлесіп тұрған екінші біреулер айтады: «Қалай аламыз? Ол жеті қабат темір қамалдың ішінде тұр ғой» деп. «Ендеше атын аламыз» дейді екінші дауыс. Содан шошып оянып кеткенім. Сөйтсем, үсті-басым қара терге түсіп, әбден қиналып жатыр екенмін. Бұл тегін емес, балам. «Түс деген — Алланың аяны» дейді ғой. Тездетіп отымыздың басына жетіп алайық. Кім біледі алдымыздан не күтіп тұрғанын. Әйтеуір білетінім — көрген түсімді жақсылыққа жору қиын болып тұр...
Осыны айтты да, отағасы сөзінің аяғын жұтып, атын тебіне түсті. Әкелі-балалы екеуінің ертелетіп жолға шыққан себебін енді түсінген жас Сәбетбек үнсіз.
Таң алакеуімденіп атқанымен, әлі күн шапағы шашырай қоймаған кез. Ертелетіп жолға шыққан жолаушылар сар желіспен жолды ұта отырып, бірер сағаттан соң ауылға да тақады. Қатты жүргендіктен болар, құла ат әжептәуір терлеп, қиналып қалыпты.
Үй қасындағы бақшаны жағалай ағып жататын үлкен арық — ауыл малының жайылатын жері. Еркінбай отағасы ертоқымын сыпырды да, құла атты сол арықтың жағасындағы шүйгіндеу жерге арқандап қойды. Ұзақ жолдан кейін жақсылап оттасын дегені. Ерекеңнің әйелі кіріп-шығып атқа қарап қойып жүрген. Бір кезде ол кісі үйге ентіге жүгіріп келді де:
— Сәбетбектің тәтесі-ау, — деді ентіге сөйлеп, — ананы қарашы.
— Иә, не болып қалды?— деді жалма жан Ерекең де.
— Құла ат оттайтын емес. Тұмсығын жерге тіреп, сұлқ тұрып қалды. Енді не істерімді білмей, өзіңізге қарай жүгіргенім ғой...
Шай үстінде олтырған кісілердің бәрі жапырласа түрегеліп, далаға қарай беттеді.. Шынында да әдейі оттауға қойылған жылқы танауын жерге тіреп, басын көтере алмай қалыпты. Жаңа ғана сап-сау тұрған мал. Жолдан ептеп шаршағаны болмаса, көңілге күдік келтіретіндей ештеңе бола қоймаған. Сылап-сипағанға да, жал-құйрығын тарамыштанға да қарар емес.
Сұлық тұрған жылқы кенет ептеп қалшылдап кеткендей болды да, өзінен өзі теңселіп барып, денесін ұстай алмаған күйі, бір жағына қарай құлап түсті.
— Мұсабекке айтшы, — деді Еркінбай отағасы сосын әйеліне қарап, — тездетіп тездетіп бауыздап тастасын. Сосын сойып, етін елге таратып жіберіңдер.
Үй ішіндегілерді былай қойғанда, бүкіл ауыл-аймақтағы жұрт молдекеңнің айтқанын қалт еткізбей орындауға дағдыланған. Ол кісі қалай айтты, солай болды да шықты. Көмекке келген жігіттер жеделдете сойып, жылқының етін ауылға тегіс таратып жіберді. Үй иелерінің өздері татып алған жоқ...
Қалыңдау қасты, кесек жүзді өңді жігіт төр алдына шығып, нығыздана орналасты. Үлкендеу отты жанарлдарын Еркінбай молданың күнқақты томпақ жүзінен алар емес. Тіпті әлденеге шүйілгісі келген адамдай қадала қарап та қалады.
— Сонымен айта беріңіз, — деді өзін ұстау қалпына сай нығыз дауыспен.
— Нені айта берем?
— Елдің ішін қайтіп ала тайдай бүлдіріп жүргеніңізді. Ескіліктің сарқыншағымен жастарды қалай улап жатқаныңызды. Айтыңыз соның бәрін.
Сөздің төркіні түсінікті еді. Бұрын да алдынан сан рет шыққан сауал. Тіпті баяғы бұдан гөрі жастау кезінде кірпіш зауытында жұмысшы болып істеп жүргенінде НКВД-нің бір орыс қызметкерінің осылай шүйіліп, зәрлі пішінмен үсті-үстіне сорақы сұрақтардың астына алғанын қалай ұмытар. Сол тексерудің арты бас сауғалап, қырғыз жеріне асып кетуген ұласпады ма.
«Ей, Алла, маған сабыр бере көр» деп іштей сыйынған молда өңінен бәлендей абыржушылық нысанын аңғартпаса да, тексере келген бөгде кісілерге бір Жаратушының бар екендігін, адамдар сол Жаратушының құлы екендігін жіңішкелеп жеткізуді ниет қылды. Адамдар арасындағы қарым-қатынастың негізі имнадылықта жтақандығын да сездіріп өтпек.
Молданың аузы қалай қарай қисайып бара жатқанын сезген тексеруші қаламын тақ еткізді. Нәті коммунист жан мұндай «кертартпа» әңгімені қалайша соңына шейін ден қойып тыңдай қоюшы еді.
Большевиктік даңғойлығы оянып кетті ме, қаламын дөңгелек столға тағы да сарт еткізіп ұрып, қатқыл дауыстады:
— Біз бәрін білеміз, ақсақал. Сіздің жұрттан жасырып, намаз оқитыныңызды да. Жас балаларды жинап алып, «Құран» сөзін жаттатқызады екенсіз. Мына ауылдағы мешітті қайтадан тұрғызғалы жатқаныңызды да, үйіңізде әлгі кертертпа кітаптарды ұстайтыныңызды да білеміз. Так что, Совет адамдарын діншіл етіп, қайтадан баяғы феодализмге итергеніңізді қоятын боласыз. Біз қойғызамыз ондайды. Есіңізде болсын, біз оған жол бермейміз. Бұл — соңғы ескерту. Келесі жолы бұлар қайталанатын болса, қашан айтпады демеңіз, көзіңіз түрменің түбінде жылтырайды.
Мұндай қорқытып-үркітудің сан атасын жастайынан көріп келе жатқандықтан болар, Еркінбай отағасы сиректеу бурыл сақалын саспай салалап, кішірек көздерін сығырайта түсіп, миземеген қалпы.
Жаңағы төне сөйлеп отырған — осы шаруашылықтың партия ұйымының хатшысы да, қасындағы үндемес жіңішке жігіт ауданннан келген өкіл. Оның кім екендігін, қандай өкіл екендігін де парторг дұрыстап таныстырған жоқ. Өзі сөйлеп жатқан кезде қолындағы қағазға бірдемелерін түртіп алып отырған сол.
Әлден уақытта үйге жүгіріп кірген он жасар Сәбетбек:
— Көке, қонақ келді, — деді де, асығып-аптығып, қайтадан сыртқа қарай ытып шықты. Сырттан біреу келе қалса, бұл үйдің балаларының дағдысы белгілі — қонақты аттан түсіріп, тізгінін ұстайды. Атты байлап, өзін үйге алып кіреді. Бұл жолы да Сәбетбектің бұл жолғы айналысып жатқан шаруасы да сол.
Үйге кірген жігіт отағасының көзіне оттай басылды — өткен жолы Аябектің үйінде қонақ болғанда, қызмет етіп жүрген інілерінің бірі.
— Ассалаумағалейкүм! — деп сәлем беріп кірген ол төрдегілердің қатарын толтыра, малдас құрды. Іле айтқаны — тың хабар:
— Ата, көкем сізден сүйінші сұрай жіберді.
— Иә, неменеге?
— Жеңешемнің аяғы ауырлапты. Аябек көкемде ес жоқ. Сіздің батаңыздың арқасы деп, мені осылай қарай шаптырды.
Сірескен қалпынан сәл бүгіле түсіп, жұмсақ жымиған отағасы әлдене деп күбірледі де, бетін сипады. Ештеңе түсінбей қалған суық түсті қонақтар бір біріне қарасты.
2008
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі