Жамбыл Жабаевтың туғанына - 175 жыл!
Ұлы Отан соғысы басталғанда Жамбыл 95 жаста еді. Қартайған, қажыған, оның үстіне сырқат еді. Соған қарамай ол Отан соғысының алғашқы күндері-ақ «Ата жаумен алыстық», «Өлім мен өмір белдесті», «Аттан, батыр ұрпағым!», «Кеңес жауынгерлеріне» деген сияқты бірсыпыра өлең, жыр шығарды. Қарт ақынның бұл өлең, жырлары мейлінше жалынды, жауға деген ыза-кек, өшпенділік, қаһар, Отанға, халыққа деген зор сүйіспеншілік, кеңес халқының жеңуіне шексіз сенім, нағыз патриотизм жыры болды.
1941 жылы 22 маусым күні неміс-фашист басқыншылары елге басып кіріп, Отан соғысы басталған кезде, бұл басқыншылыққа ызаланған Жамбыл:
Асқар таудай еліме,
Байтақ жатқан жеріме,
- Шапты фашист, - дегенде,
Ашуменен аралас,
Жыр да келді көмейге,
Қаһар қаулап денемді! –
деп бастап, «Ата жаумен айқастық» деген ұзақ жыр айтты.
Жамбыл бүкіл халықпен бірге өзін Отанды қорғауға, жаудың көзін құртуға аттандым, майдандамын деп санады. Ол халыққа елдің басына қауіпті күн туғанын түсіндіріп, оны қорғауға, жауды талқандаудан малды да, жанды да, ештеңені де аямауға шақырды.
1943 жылы желтоқсан айында халық ақындарының республикалық айтысы болды. Айтысты Жамбыл бастап, ұзақ жыр айтты, ақындарды жеңіс жырын шырқауға, Отанды, Отанды қорғаған ерлерді жырлауға шақырды.
Отан соғысы жылдарында Жамбыл өлең, жырлары сияқты көптеген патриоттық сезімге, жігерге толы жыр, дастандар шығарды. Жаумен қиян-кескі шайқасып, Отанды қорғаған, ерекше ерлік көрсеткен жеке қалаларға, жеке жауынгерлерге, әскер бөлімшелеріне, бүкіл Кеңес Армиясына арнап өлең жыр шығарды. Мысалы, ол «Москваға», «Ленинградтық өрендерім», «Кеңес гвардеецтеріне», «Майданға хат», «Темір тұлпар мінген қыз», «Аттандыру», «Отан әмірі», «Алынбас қамал», «Воронеж батырларына», «Қамал бұзған қаһарман», «Жау ажалы жақын» т.б. өлең, жыр, дастан шығарды.
Жамбыл өзінің осы жігерлі, жалынды, барынша патриоттық рухта шығарған өлең, жырларымен армияны, халықты, майдан, тыл ерлерін жігерлендіріп, төзімділік, батылдыққа, ерлік, қаһармандыққа, Отан үшін жанқиярлыққа үгіттеп, жұмылдырып отырды.
Мысалы, Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім!» деген өлең-жыры қоршауда қалып, жаумен қиян-кескі ұрысып жатқан ленинградтықтарға үлкен әсер етіп, олардың күшіне күш қосқан. «... Біз Жамбылдың өлеңін көзімізге жас іркіп, көкірегімізге кек толып оқыдық. Қазақстан халқы бізге туысқандық сәлем, достық пен махаббат жолдаған деп ұқтық. Бұл бізге зор жігер берді. Бейне бір запаста тұрған тұтас әскери күш келіп қосылғандай сездік. Еселенген күш, қуатпен, жігермен ұрыстық», - деп жазды Ленинградты қорғауда болған жазушы Всеволод Вишневский.
Бұл жырды Жамбыл Ленинградтың халі аса бір ауыр шақта, қала жаудың қоршауында қалған кезде шығарды. Осы кезде Жамбыл жырының күші мен әсері қандай болғаны туралы орыстың белгілі ақыны, Ленинград Жазушылар одағының төрағасы болған, қаланы қорғауда ерекше көзге түскен адамның бірі Александр Прокофьев былай дейді: «Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры жарияланған кез Ленинградтың халінің аса бір ауыр шағы еді. Бұл шақта, немістің қоршауында қалған Ленинградта азық өте аз болды, күніне жұмыс істеітін адам 250 грамм нан алды, ет, май дегенді халық өте аз және өте сирек көрді, басқа азықты білген жоқ. Үйлерге жіберілетін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды, электр жарығы да нашар жанды, тіпті қаладағы үйлердің көбінде болған жоқ. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды.
Осындай кезде Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры газеттерде жарияланды. Халықтың рухын көтеруде ерекше күші көрінген бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып тұрды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат боп ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды көрдім. Немістердің самолеттері төбеде ұшып бомба тастап жүргенде, бомбапанаға тығылудың орнына, Жамбылдың жыры басылған газетті алуға көшеде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім». Прокофьев сөзін аяқтай келіп, Жамбылдың бұл өлеңінің Ленинград халқын және оның жауынгерлерін жігерлендіруде өте зор қызмет атқарғанын айтады.
«Ленинградты қорғау» деген атпен шыққан қалың кітапта Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген өлеңі көрнекті орын алды. Ақынның Ұлы Отан соғысына арналған жырларының күші Жамбылдың атына жүздеп-мыңдап келген хаттардан да байқалады.
Асқақ үнді, алып ақын Отан соғысы майданынан келген даңқты батырлармен кездесіп, оларды арнайы үйіне шақырып, қонақ қылып, құрметтеп кеңесетін еді. Соғыс жылдары Жамбыл ақын өз үйінде қазақтың ерен ерлігімен даңқы шыққан батырлары Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлын ерекше құрметпен қарсы алып, қабылдайды. Сәлем беруге барған Мәліктің қолын Жәкең ұстап тұрып, оның батырлық істерін естігені, көруге құмар болғаны туралы ұзақ жыр айтады. Панфиловшы 8-гвардиялық дивизияның даңқты қолбасшысының бірі, полковник Бауыржан Момышұлы үйіне қонаққа барғанда да, Жәкең Мәлікке жасаған құрметті көрсетті.
Соғыс жылдары Жамбылдың ұлдары Алғадай мен Ізтілеу армия қатарына алынды. Ізтілеу осы қиян-кескі соғыста хабарсыз кетті. Ал, майданда Алғадайдың көрсеткен ерліктерін айтып бөлім бастығы хат жазғанда, Жәкең аса қатты қуанды. 1942 жылдың күзінде Алғадайдың өзі әкесіне хат жазып, ерлік қимылдарымен таныстырады. Соған қайтарған жауабында Жамбыл:
Хатыңды, балам, оқыдым,
Қалыңды білдім сапардан.
Қуанып саған отырмын,
Гвардеец атанған.
Сұраншы, Саурық секілді
Болыпсың, балам, қаһарман... –
деп, баласына өлең жолдарымен рух бере түседі. Бұл жырын Жәкең:
Достарыңа сәлем айт!
Жауларыңды жеңіп қайт! –
деген тілекпен бітіреді.
Жәкең Алғадайды аса жақсы көріп: «Өзге балаларым – бір төбе, Алғадайым бір төбе» деп отырады екен.
1943 жылдың жазында Жәкеңнің сол аса жақсы көретін ұлы Алғадайдың майданда ерлікпен қазаға ұшырағаны туралы хабар келді. Ауылына барып, бұл хабарды Жамбылға Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Әбдісәмет Қазақбаев бастаған комиссия естіртті. Қайғы Жәкеңе аса ауыр соқты.
Алғадай майданға аттанғаннан кейін, көп ұзамай әйелі Жәмеш босанып, ұл тауып, Жәкең немересінің атын Қуаныш қойған. Алғадайдың өліміне бүгіле қайғырған Жәкеңнің бір жұбанышы осы Қуаныш болды. Ол туралы Жәкең былай дейді:
Ал, Қуаныш, Қуаныш,
Сені етейін жұбаныш.
Алғадайым өлгелі
Боп кетіп ем жылағыш.
«Ата, ата», - деп келсең
Айналайын, алайын.
Ақ бетіңнен өпкен соң,
Жүрегімді жамайын.
1945 жылы мамыр айының басында кеңес халқы фашистік Германияны тас-талқан қып жеңді. Жеңіс қуанышымен Жамбыл үйіне жиналған ел оған жыр толғауын өтінді. Ақын сол жеңіс, қуаныш жырын, жалынды, жігерлі жырын «Енді өлсем де арманым жоқ», - деп аяқтайды.
Жалпы, Ұлы Отан соғысы тақырыбына соғыстың төрт жылында Жамбыл 3000 жолдан артық жыр шығарды. Оның соғыс тұсындағы жырлары дұшпанға қарсы жұмсалған қаһарлы құрал болды. Ақын 95 жасында бойындағы кеселін сыпырып тастап, кеңес халқы қашан жауды талқандағанша домбырасын тастаған жоқ. Ақынның жалынды жырлары мен өлеңдері халықтың өз күшіне, жеңісіне деген сенімін арттырды, бойларына күш-қуат, табандылық және келешекке деген үміт отын құя білді. Халқымыздың отаншылдық намысын күшейте түсуде, тылдағы адамдардың елдегі, жауынгерлердің майдандағы тамаша ерліктерін сипаттауда Жамбылдың бұл жырларының тарихи маңызы аса зор.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі