Өлең, жыр, ақындар

Наурыз мейрамы

Қазақстан Республикасы Президенті Қ. К. Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «халқымызды  біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой - санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұның байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады».( https://24.kz/kz/zha-aly-tar/basty-zha-aly-tar/item/446655-t-uelsizdik-b-rinen-ymbat-memleket-basshysy). Президенттің айтқан маңызды пікіріне сай, «Қазақ» газетінде 1913 жылы жарияланған «Наурыз» атты кішкентай хабарламаны (ақпаратты) ұсынамыз.

«Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып, бас асып, қазақ-қазан көже істеп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол әдет-ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді? Наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгісі күнде жаңа жыл туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «іс жаңа жыл қайырлы болсын, жаңа бақыт кәсіп болсын» - деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді. Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді, біздің Жаңа Жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп демалып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне табиғаттың осындай көңілді өзгерістерінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз Наурыз туып, ата ғұрыпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді.

Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің Жаңа жыл – Наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады. Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз».

Осы хабарлама (ақпарат) төменгідей «Қазақ» газеті туралы оймен жалғасқан екен: «...Оренбургта «Қазақ» атты газет шықпақшы болды деген хабар құлағымызға тиіп, біз, Петербургтағы қазақтар қуанышымыз қойнымызға сыймай, осы хат арқылы өзіміздің, жұртымыздың әдеті бойынша «Қазақтың» қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып мақсұтқа жетпегіне тілектестігімізді білдіреміз». Сонымен қатар, хабарлама (ақпарат)  авторлары газеттің бас редакторына (жазушы делінген) өз тілектерін білдірген екен.  

Сейілбек Мейрамұғлы Жанайдаров, Батырша Сұлтангерей баласы, Есімханов, Ыдырыс Оразалы баласы, Ғұсман Жұмабек баласы, Мұқыш Поштаев, Мұстафа Шоқай баласы.

С. Петербург». 

Наурыз мейрамына байланысты әр салада еңбек етіп жүрген ғалымдар,  мемлекет және қоғам қайраткерлері  өзіңдік пікірлерің білідіруде. Біз, жоғарыда ұсынған хабарламаны,  ХХ ғасырдың басында да көзі ашық, білімді, парасатты, ойшыл қазақ азаматтары халықты ояту мақсатында жасаған іс-әрекеті деп түсінеміз.

Ахметжанова Ажар. КазНУ им. аль-Фараби. Факультет истории, археологии и этнологии


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз