Елімізде бір кезде өріс алған коммунистік еңбек жолындағы күрестің қалай туғанын әркім есінде сақтап қала бермеген болар. Газеттің шағын бір хабары осы қозғалыстың басы болды десек, таңырқаушылардың да табылуы мүмкін. Бірақ, шындық солай!
1959 жылғы партияның XXI съезінің қарсаңы болатын. Барлық жерде қызу әзірлік, қайнаған еңбек, қарапайым совет адамдарының бойындағы тасыған жігерде шек жоқ. Ұлы жігер әрқашан ұлы істі туғызбай ма. Міне, Лениннің өзі бардағы тұңғыш коммунисттік сенбілік өткізілген Москвадағы Сортировочная теміржол станциясының бір цехында коммунистер мен комсомолецтер бас қосты. Әңгіме тақырыбы қалай еткенде съезді лайықты қарсы алу. Көп кешікпей, 13-октябрьде осы цехтың жалпы жиналысы болды. Жалынды да жігерлі сөздер талай жүректі жарып шықты. Әсіресе, инженер Виктор Волковскийдің сөзі жұртқа үлкен әсер қалдырды. Ол жарқын болашаққа шеру тартып отырған шақта еңбекте озат болу жеткіліксіз, біз бүкіл өмірімізді өнегелі етейік. Талмай ізденіп, білім алып, өндірісте де үйде де, қоғамдық орындарда да үлгілі болайық деді. Бүкіл коллектив бұл ұсынысты қызу қолдап, бекем тұжырымға келді.
«Комсомольская правда» газетінің 18 ноябрьдегі номерінде «Ұлы бастаманың жаңа жалғасы» деген хабар жарқ ете түсті. Ол осы жиын туралы еді. Бұл хабардың тақырыбы кімнің де болса көзіне оттай басылды. Ұлы бастама кімнен, қай жерден жалғасын тапты екен деген сұрақ әр көңілге ұшқын тастады. Сол ұшқын күн асқан сайын лаулап, ұлы қозғалысқа ұласып кетті.
Сол ұшқынды алғаш көрген және газетте жоғарыдағыдай тақырыппен хабар берген журналист нағыз сезімтал журналист. Иә, оның сезімталдығы, сол жиналысқа басқа журналистерден бұрын барғандығында емес, оның сезімталдығы өмірдің өзі, совет адамдарының творчестволық ақыл ойы тудырған тамаша бастаманы көре білгендігінде, соның асыл қырын байқай алғандығында. Ол өзін бұл бастаманың тууын хабарлаушымын ғана дер. Солай болғанның өзінде қандай игі іске түрткі болды!
Жасампаздықтың сарқылмас қайнарындай болып табылатын советтік өмірден қалам иесі қашанда қалаған тақырыбын таба алады. Ұлы өмірдің тынысына құлақ түре құбылыстың сырын білер, асылын аршып көре алатын сезгіштік, сергектік керек. Әдетте журналисті майдандағы барлаушымен теңейді. Мұның жаны бар. Өйткені қаламгерлер өмірдің қайнаған ортасында, нелер ұрымтал оқиғалардың алдыңғы шебінде жүреді. Барлаушы секілді нені болса да жұрттан бұрын кереді. Бірақ, «жылтырағанның бәрі алтын емес» деген секілді, кергеннің бәрі керемет емес. Міне, осы арада көргеннің асыл жасығын ажырата білетін білгірлік, аңғару аясының кендігі, көкірек көзінің ашықтығы керек.
Бір кезде бүкіл совет баспа сөзінде диқанның ары туралы қарт ана Надежда Заглада үлкен әңгіме қозғады. Бұл әңгімені де тұңғыш көтерген — баспасөз, ондағы ұшқыр, сезімтал қалам қызметкерлері. Жай қарасаң, еңбекті адал істеу жөніндегі әдеттегі сөз секілді. Ал жүрек көзімен қарасаң мүлде басқа. Әр адамның өз ары алдындағы жауапкершілігі тұр мұнда. Адам үшін ардан ардақты ешнәрсе жоқ. Сондықтан да «Жаным — арымның садағасы» дейді халық мақалы. Ал, совет адамының ар алдындағы жауапкершілігі деген не? Осыны қалай түсіну керек. Бұдан артық тақырып бола ма! Бәрімізге мәлім, алпыстан асқан қарт ана көтерген әңгіме еңбеккерлерді терең ойға қалдырды. Кешегісі мен бүгінгісін екшеп, елеп, өзіне өзін есеп бергізді. Әркім арымен ақылдасты. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл тәрбие жұмысындағы айтулы асу, белгілі кезең туды. Бұл мәселені көтеру адамдарымызды рухани жағынан түлетті.
Москвада сол кезде болған әйелдердің бүкіл дүниежүзілік конгресінде Загладаға шетелдік бір әйел «Орыс жерінің ары сіз бе?» дей келіп, қарт ананы үлкен мейіріммен құшақтап сүйді. Қандай мақтаныш! Ар туралы тамаша әңгіме шетелдік достардың да жүрегіне нұр сеуіпті.
Мен, өз басым, дәл осы минутты сол бір үлкен мәселенің ұшқыны алғаш басына келген, қалай етсем жақсы шығады деп, қарт ананың пікірін келістіріп әзірлеу жайында сан қиналып, сан толғатқан журналистті көрсемші шіркін дедім. Бір сәт сол журналист те қарт диқанмен бірге шетелдік әйелдің мейірлі құшағында тұрғандай болды.
Журналист! Оның жүрмейтін жері, мінбейтін көлігі жоқ. Самолет, поезд, арба, ат, тіпті жаяу да тартып отырады. Бойындағы бар қастерлі жүгі блокноты мен сиясы кеппес қаламы немесе әрдайым ұштап алып жүретін қарындашы, Құмда да, суда да болады. Таңдайы кеуіп, әлденеше күн ас ішпей өзегі талатын кездер де кездеседі. Таңертең ғана семьясының қасында отырса, кешке мыңдаған километр қашықтықтағы бейтаныс адамдардың ортасында жүргені. Үйіне жолаушы жүретінін айта алмай кететін асығыс сәттері де көп.
Сонда не іздейді ол. Қандай асылдың соңына түсіп шаршауда? Қара бастың қамы, қоңыр төбел дүние жазып, қаламақы алсам деген шолақ ниет пе?! Жоқ, онда ол шын журналист емес, онда ол қиын сапарға да бармайды. Нағыз журналист адамдардың бойындағы асылды іздеуші, өмір тарихын зерттеуші, бүгінгі ұлы заманның шежіресін жазушы. Өмір жаңалығын алғаш қағаз бетіне түсіретін де сол. Өмірге деген, ондағы асыл адамдарға, ол адамдардың жасампаз ісіне деген ғашықтық оны алыс сапарға сүйрейді. Түн ұйқысын төрт бөліп, көз майын тауысып көп отырғызады.
Оны ешбір ауыр сапар, қиын жол қорқытпайды. Қайта керісінше, қызықтырады. Көп жүріп, көп көрген сайын өмірдің алуан қырын анығырақ көреді. Өмірдің өзінен оқиды. Мұның өзі оның білімін кеңейтіп, дүние тануының аясын аша түсетіні сөзсіз. Егер бал арасындай еңбекпен жинаған фактісінен үлкен әңгіме туса, жазғаны жарқын бір істің басы болса, онда көрген азабы әп-сәтте - ақ ұмыт болмай ма! Журналист еңбегінің қызығы да, қиындығы да осында.
Осы қызықты көре алмаған журналист журналист емес. Кежегесінен кейін тартып, қолына түскен азды-көпті фактіден әлде бірдеңені демдей салып, «тапсырманы орындаса» оны ешкім оқымайды. Мақаланың шаласы да, селт еткізбес сорлысы да сондай көңіл-күйдегі адамнан шығады. Жазғаны жан тебірентпей, қайта жасытатын, оқушының көңіл отын тұтатудың орнына өзінін шикі ойын бықсытудан ары аса алмас журналистен сорлы адам жоқ шығар. Ол санда бар да, санатта жоқ.
Мұндай адам аяғының астындағы алтынды да көре алмай, аттап өтіп жүре береді. Журналист мамандығының ардақтылығы да көп дүниенің ішіндегі әлі көрінбей тұрған асылды аршып ала білуінде, соның дәнін, нәрін оқушы қауымға бере білуінде. Сөйтіп жана бір рухани ізгіліктің көзін ашып, соған көңіл сәулесін түсіру. Міне, сонда ол — нағыз өмір барлаушысы, білгір дәуір тамыршысы.
«Мәдениет және тұрмыс» журналындағы бір очерк әлі есімде. Ұмытпасам, 1960 жылы үш номерге жарияланды. «Әкімқұл және оның келіншегі» деп аталды. Жас семьялардың өмірге қалай қадам басқаны, өмірді қалай құрса, қызық болатындығы жайлы. Бұл арада айтайық деп отырғанымыз осы тақырыпты қалай тапқаны жайлы.
Бір қонақта отырғанда очерк авторына бір сөзуар, сымпылдақ әйел есіп әңгіме айтады. Өзінің бір кезде бірге оқыған досымен хат алысады екен. Бұл әйел де ол досына «әйел де бір, гүл де бір. Оны ер адамдар алақанына салып, әлдилеп, төңірегінде көбелек боп ұшып, қошеметтеп жүруі керек» дейді. Тіпті ол әйелге бала көтеру де зиянды, фигурасын бұзады деп соқса керек. Ал ауылдағы досы мұның ақ саусақ әлеміш болуын сынаса керек. Өзара алысылған хаттардың мазмұны осындай. Иә, өзара жазыса берсін, онда тұрған не бар.
Жоқ, осы әңгімедегі бір ұшқыш журналисті ауылға сүйрейді. Ол «салпы етек» қарындастың жазғандарынан үлкен парасаттылықты көреді. Ақыры ауылына барып, оның өмірімен егжей - тегжейлі танысқанда, шынында солай болып шығады. Ол очеркте жұртты тебіренткен адамгершілік жайлы үлкен түйін болды. Журналистің аңғарғыштығынан табылған әдемі тақырып еді бұл.
Біздің дәуіріміз — ұлы өзгерістер дәуірі. Біздің заманымыз — жасампаздықтың заманы. Өмір сүріп отырған ортамызды, ондағы адамдардың психологиясын, олардың өзара қарым-қатынасын зерттеу үлкен өнер. Сол себепті де мен журналист аңғарушы, көруші ғана емес, зерттеуші де дер едім.
Республикамызда тың игерілді. Бесжылдықтардың алуан құрылыстары салынды. Сол істердің талай абзал жандарды туғызып, талай адамдардың өміріне жаңа мазмұн беріп, жаңа арнаға салынғанына кім дауласа алар екен. Бүгінгі заманның ерлері қаптап қасымызда жүр. Ал да зертте. Зертте де жаз.
Соңғы жылдары одақ көлемінде бүгінгі замандастарымыздың өмірінен жазылған очерктерге жарияланған конкурсқа қазақстандық қаламдас достарымыздан ілінгені некен-саяқ. Шынын айтсақ, бұл — бәріміздің бетімізге үлкен шіркеу. Тың бізде игерілді, ірі құрылыстар бізде салынып жатыр. Адамдар түлеп есіп келеді. Мұның бәрі шын шабытқа қалай сілтесе де жетерлік шалқар өріс емес пе. Меніңше терең зерттеу жетіспейді. Жеңіл дүрмектің жетегінде кете беретін жайларымыз көп болса керек.
1981 жылдың май айында қой өсірушілердің республикалық кеңесі болды. Осы кеңестегі бір көрініс өзіне назар аудартпай қоймады. Үзіліс сайын кітапқа қаптап кезекке тұрған шопандар. Залда отырғанда да алдарында текше - текше кітап. Бұл көрініс бүгінгі малшының өресін, дәрежесін көрсетпей ме. Ал олардың жүріс - тұрысы, киінуі жоғары оқу орындарындағы студенттерден, интеллигенциядан бір де кем емес. Сөйлеген сөздері қандай! Қатардағы еңбек адамының, аузынан мемлекеттік үлкен мәнді мәселеге түрткі боларлық ойлар шығып жатады.
Кейбір журналистердің жасты жазса да, кәріні жазса да көбелектей үйіріліп айналсоқтап шықпайтыны шопандардың алған қозысы мен берген жүні. Әрине, ол да қажет. Бірақ, бүгінгі шопан бейнесі, шопан психологиясы қандай? Оның ішкі сарайы не деп сөйлейді, не деп тіл қатады. Соған үңілу керек қой. Осындай зерттеудің жоқтығынан да малшылар жөніндегі жазғандарымыз тауықтың жұмыртқасындай бірінен бірі айнымайды. Партия мал шаруашылығын жас күшпен нығайтуға айрықша назар аударып отыр. Малға жас келді деген сөз - мал шаруашылығына білім келді, мәдениет келді деген сөз. Бізге енді керегі қой соңынан таяқ ұстап қана еретін шопан емес, шопан — өнерпаз. Осы бір ғажайып құбылыс бар ма, бар! Олардың бойындағы өзгерістер дәуір сипатын көрсете ме? Сөз жоқ, көрсетеді. Дәуірді зерттеу деген сез сол дәуірдің адамдарын, олардың бойындағы жаңа қасиеттерді зерттеу деген сөз. Соны тап бассаң, шын мәніндегі өмір тамыршысы болғаның, яғни адам, оның бай өмірі — біздің басты тақырыбымыз.
Көру бар, зерттеу бар. Ал ең бастысы сол көріп, зерттеп жазғанды көпшіліктің игілігіне жарату жолында нұсқау бар. Әлде бір бастама жөнінде журналист жар салды да тынды. Қайтып оралмады. Жақсы іс лап етіп тұтанды да сенді. Оған ол мән берген жоқ. Бастама туған кезінде жазып, «парызынан» құтылды. Енді онда жұмысы жоқ. Бұл нағыз дәйексіздік. Журналисттің қолында ешкімде жоқ қару — баспасөздің айбынды сыны бар. Дәйектілік, әрбір бастаған істі ақырына жеткізу жолындағы табандылық керек. Сол себепті де жаңа өркеннің, жақсы бастаманың алғашқы қамқоршысы журналист дер едім. Сол өркеннің тамыр жайып, өріс алуы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей күресуші де сол болуға тиіс.
Еліміздегі белгілі қарт журналист, тамаша очеркист Евгений Рябчиковтың айтқан бір әңгімесі әлі есімде. Ол қаламгер қауым жақсы білетін Мариэтта Шагинянның журналистік өмірінен мысал келтірді. Абақан — Тайшет темір жолы алғашқы жасалған жобамен салына бастаған. Осы құрылыстың салынуына байланысты командировкада болған Мариэтта Шагинян көп зерттеу жұмысын жүргізеді де, жолдың жобасымен келіспейтінін білдірді. Ақыры, журналистің айтқаны дұрыс боп шығады. Жоба қайта жасалады. Сөйтіп, сол жолдың жақсы жасалуына біздің әйгілі қаламгеріміз үлкен үлес қосыпты. Міне, журналист - күрескер деген — осы.
Иә, бүгін қайта құру дәуірінде журналистердің күресетін ісі көп. Бойындағы бар өнерді, бар талантты көрсететін шақ туды. Халықтың көтеріңкі көңіл-күйінің өзі сенің шабытыңа қанат бітіргендей. Жаппай қаһармандыққа қаламыңмен дем беріп, ұлы күрестің алдыңғы шебінде жүргенге не жетсін.
Майданда барлаушыдан жаңа дерек, жаңа хабарды қалай асыға күтіп отырса, өмірде халық газет, телевизия, радио хабарынан да сондай күтіп отырады. Меніңше, барлаушы деген журналистік қызметтің бір қыры ғана. Осыған зерттеуші және күрескер деген ұғымдарды батыл қосу қажет. Бұл — журналистік мамандықтың шын мағынасы. Осы үш қасиеттің біреуі жетпей жатса, онда ол ақсайды. Ал екеуі жетпей жатса, онда ол — үлкен сор.
Шынында сәл ойланып көрейікші. Барлаушылық, бақылаушылық қасиетің болып, жаңаны таптың дейік. Ал соны терең зерттемесең, жаза алмайсың. Өмірде кең қанат жаюы жолында күреспесең — онда не үшін зерттедің, не мақсатпен таптың ол жаңалықты. Кемшілік жөнінде де тап солай. Көрдің екенсің, оны тудырушы себеп-салдарды ізде, зертте, сосын жою жолында күрес. «Мен газетке жазғам, одан кейінгісінде шаруам жоқ» деу жаны ашымастың ісі. Ол журналист емес. Бір сөзбен айтқанда, журналистте барлаушыға тән — тапқырлық, ғалымға тән — тереңдік, білгірлік, күрескерге тән — табандылық, істі ақырына дейін апара білетін алғырлық, батылдық болуға тиіс.
Міне, сонда біз бүгінгі дәуірдің, қазіргі бақытты өмірдің шын мәніндегі шежіресін жазамыз. Жаңа заманның шежіресін жазу үлесі бізге тиіп отырса, бұл біз үшін үлкен мәртебе, биік мерей емес пе. Осыған орай қаламдас достардың есіне салып, ашық мойындайтын кемшіліктер жайлы да айта кеткен жөн.
Біріншіден, газет, журнал мақалаларындағы жансыздықтың, бірсарындылықтың, штамптың әлі де сірі жанды боп тұрғаны. Рас, соңғы кезде газеттер, журналдар, телевизор мен радионы іздену жолында көп нәрсе істеді. Жазылуы, ажары жағынан болсын, өзіміздің қазақ баспасөзінде айтуға тұрарлық жайлар бар. Дегенмен нағыз публицистикалық толғау, публицистикалық от әлі жетпей жатыр. Публицистиканың мерекелерде ғана келетін сирек қонақ екенін несіне жасырамыз. Онда да желпінетін мақсатта ғана беріледі. «Мерекелік номер ғой, бір желпінтетін мақала берейікші» деп айтатынымыз да сондықтан болса керек. Публицистика дегеніміздің өзі, шынын айтсақ, жалтырақ сөз, жадағай шабыс секілді боп кетті.
Меніңше, публицистикаға ең керегі ой, жан тербер, жүрек қозғар пікір. Әрине, сол ойды бар нақыш, ажармен жеткізер тіл керек. Ойлап қарасақ, айналамыз тұнып тұрған публицистика. Небір мәнді оқиғалар, проблемалар, небір ғажап адамдар бар. Сол проблемалардың мәніне, адамдардың жанына үңілсек, шын публицистика туар еді.
Социалистік Еңбек Ері Сәмиден Қилыбаев деген шопан бар Алматы облысының Жамбыл ауданында. Ол жөнінде газеттерде де, радиода да аз айтылған жоқ. Бірақ сонда көбіне-көп назар аударылғаны оның қанша қой бағатыны, қанша қозы алатыны. Әрине, ол жөнінде де айту керек. Өйткені оның негізгі өндірісі сол. Бірақ, осы адамның өзімен сырласып көрсеңіз әдеттегі «шопан» деген ұғымға сыймайтын тамаша сұлу мінездері бар. Сұлу мінез деп отырғаным, оның өте тапқырлығы — шопан боп жүріп ветфельдшерлікті үйренген. Үйіне барсаңыз қаншама газет, журнал алдыратындығының өзінен оның білімге құмарлығын аңғарасыз. Өрісте жүргенде қоржынында кітап, ерінің қасында кішкене радио қабылдағыш. Ол далада жүріп футболдың репортажын да, ғалымның кеңесін де тыңдайды. Қарапайым қойшыны осының бәріне ұмтылдырушы қандай күш? Оның тотыққан жүзінің, ұдайы күліп тұратын сүйкімді кейпінің ар жағында қандай сұлулық жатыр? Үңілеміз бе осыған?
Болмаса мына мысалды алайық. Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, «Қазақстанның 40 жылдығы» колхозының председателі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Николай Никитич Головацкийді жұрттың бәрі біледі. Ол жөнінде баспасөз де телевизия мен радио да аз жазған жоқ. Бірақ ең бір керек жәйт айтылмай жүр. Николай Никитичтің председатель болғанының өзі жарты ғасырға жақындады. Колхоз жылдан жылға өрлеп келеді. Жасы келіп қалса да Головацкийдің басы қайнаған идеялар, жаналық десе жан ұшырады, адамдардың тілін табуда, жастардың қабілетін ашуда керемет бір сиқыры бар. Осының терең тамыры неде жатыр? Соны аша алдық па? Басқара білудің Головацкий жасаған мектебін жаза алдық па?
Бізге бүгінгі керегі жаңа адамдардың бойындағы жақсы қасиеттер, даму қадамымыз мысқылдап жинап, мысқылдап бойға сіңіріп жатқан қасиеттер. Журналистердің, адам жанын зерттеуші қалам иелерінің өз қабілетін сынайтын бір лабораториясы деп осыны айтамыз. Кімнің қанша қой баққанын немесе өнім жинағанын, жұмысты қанша процент орындағанын есептейтін статисттер, есепшілер бар. Рухани кемелденудің есебін кім шығарады?
Журналистер цифрлардың ар жағындағы қоғамдық құбылыстың мәнін ашушы, сол цифрларды өмірге келтіруші адамдардың бойындағы бүгінгі ұлы өзгерістерді зерттеуші. Міне, сезімтал ой, өткір қалам, жүйрік көңіл осы арада қажет. Публицистикалық сарын, публицистикалық от дегеніміз — осы. Яғни қоғамдық мәнді оқиғаның асылын аршып, анығын таныта білу деген сөз.
Біздің бүгінгі өміріміз қандай табиғи болса, баспасөз бетінде де сондай табиғи жазылуы қажет. Адамдарымыздың табиғи күйінің, өмір салтының, мінез-құлқының өзі — поэзия. Тек көре біл, көрсете біл. Осы тұста кейбір журналистердің мақтаса су жуытпай, сынаса сүмірейтіп жіберуге бейім тұратыны құптарлық жай емес. Ондайда сөзің де сенімсіз, өзің де сенімсіз бола бересің. Біраздан соң жұрт сенің жазғандарыңды оқуды қояды. Қалам иесі үшін бұдан үлкен жаза болар ма!
Бұл күнде партия қалам иелерінен өмірлік позиция белсенділігі мен жауапкершілікті талап етіп отыр. Бұл — өте жоғары талап. Журналистер үшін партия сенімін ақтаудан артық парыз жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі