Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіздік - ұлы аманат!

Тәуелсіздік - санғасырлық ата-баба аңсауы. Төгілген анның, сұралған жанның, езілген жүрек пен ағылған тердің өтеуі, келешек ұрпаққа  сары майдай сақтау үшін берілген ұлы аманат. Тәуелсіздік түсінген адамға әлемнің ең бірінші кереметі. Өйткені, тәуелділікпен ешбір керемет бұйырмасы анық. Қаншама жылдар, ғасырлар бойы өзгенің тепкісі мен отаршылдығы, жаншуы, әділетсіздігі әрбір адамның намысына тиіп, тәуелсіздікті аңсатары анық. Мен тәуелсіздікке жету жолындағы ата-баба төзіміне, намысын қайрағанына, елі, жері үшін жанын садаға  еткеніне қайран қалдым. Тарихының терең тамырын ата-бабаның көрген қасіретін қазіргі бейбіт күн нәрі сусындатқан іспеттес. Осы  тәуелсіздік арқасында біздің атқан таңымыз арайлы, шыққан күніміз шуақты, аспанымыз көгілдір және қыранымыз айнала самғауда.  Қазыналы, кең байтақ жеріміздің қанша топырағына аунаймыз десекте, қай түкпіріне барсақ та еш қыспақтаусыз «келе ғой, қазағым» - деп мейірленген елімізде, шексіз де шетсіз шұрайлы жерімізде қанша еркелесек те өз еркіміз.

Иә, мен тәуелсіздік ата-бабамыздың ащы термен келген тәтті жеңісі деп білемін.  Бейбіт  өмір  жолындағы  күреске  шолу  жасағанымыз  лайым. Кезінде қазақ  елі  шекара  бөлінбей  жер  үшін  талай  мәрте  кеудесін  оққа  тосты.  Шыбын  жандары  кеудесінен  шыққанша  аянып  қалған жоқ.  Жерге  күрес  жолындағы  әр  жеңіс  өз  жемісін  берген  сайын,   еліміздің  рухы  қайралды,   намысы  шыңдалды, ұйымшылдық күшейіп,   «бір  жағадан  бас, бір  жеңнен  қол  шығарып»  ақырында  соғыс  соңы  ұлан-асыр  кең  байтақ  жерді  қанжығамызға байлап  берді. Алайда,   осыдан  кейін  де  қазақ  елінің  басына  үйірілген  тұман  сейілді  деп  айта  алмаймын. Орыс  отаршылдығы қазақ  елінің  шаңырағына  аман-саусыз  кіріп,   қызын  күң, ұлын  құл  етуден  тайынбады. Құйтырқы  жоспарларымен  қазақ  ішінде бытыраңқылық  орнатты,   қазақты  бір-бірімен  қас  қылып  қою  арқылы ақырында  қазаққа  үстемдік  қылды. Таң  мен түнді  ажырата  алмастай қараңғылық  түбіне  әр  күнін  үрейлене  қарсы  алдырды.  Талай  елінің  намысын  қорғаған  боздақтардың   табанын  жер  бастыруға қимады.  Ашаршылықты  қолдан  жасап,   халқымыздың  біршама  пайызын  қырып  салды, ұрпағын  сақтап  қалғысы  келген бірталай қазақ  өз жерінен  кетуге  мәжбүр  болды.  Бертін  келе,   алашордашылардың   саңырауға  айналған  қазақтың  көзін  ашып, сауатты  болуына  жағдай  жасағанына  орыс  үкіметі  қарап  қалсын  ба? Қазақтың   оянуына  үндеген  білімпаздардың  да  бірін  қалдырмады. Осындай  талай  әрекет  құрбанына  айналған  қазақ жастары  ендігі «не  көрсек  те  бірге!"  деген  мақсатпен  соңғы  бар   күшін  жинап, өліспей  беріспеуге  бет бұрды. Олардың  ендігі  ойлағаны  қазаққа  қазақ  басшы  еді.  Сол  ұранмен  бейбіт  шеруге  шықты. Бұл  жолы  да  қазақ  аяусыз  тепкіге  ұшырады.  Жастарымызды  қырып  салуға  бекінген  зұлмат  боздақтарымыздың  қанын  суша  ағызды,  қыстың  қақаған  суығына үстіртті,   қыздарымыздың  шашынан  арбаша  сүйреді, ұлдарымызды  түрмеге  тоғытып, жынды  жасады. Бірақ бұл әрекетінен дым  өнген  жоқ. Қазақ  жұртының  бұл  жолы  қарасы  қалың  болды,   бұл  жолы  бәріне  төтеп  берді. Бұл  1986 ызғарлы жылдың келбеті  еді... Амалы  құрыған  сұмдар   ақыры  қазақ  тәуелсіздігін,   басшылығын  өз  қолымызға  берді. Осылайша, 1991 жылдың 16  желтоқсаны Тәуелсіздік  күні  болып  жарияланды.  Қазақтың  күйреуге  айналған,   сөнген  үміті  қайта  жанды.

Қорытындылап айтар болсам, тәуелсіздік жолындағы қайғы-қасіретті біз көрмедік. Ондай ауыр қиыншылыққа төзбес пе едік бәлкім. Алайда,   ата-бабамыз сол қиыншылықты біз көрмес үшін күрескенін ұмытпайық. Мойнымыздағы аманат жүгі ауыр. Одан айырылсақ қазақ тағдырын отқа лақтырғанмен пара-пар боламыз. Сол себепті де өзімізден кейінгі ұрпаққа аманатқа қиянат жасамауды үйретіп, аманнаттағанымыз абзал.

Еңлік Жұмаш


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз