Корейская косметика премиум класса

Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?

Кез келген ел, кез келген ұлт өз болашағын өскелең ұрпағымен байланыстырып отырады. Халқым былай дейді: «Гүл өз жерінде ғана – гүл, адам өз отанында ғана – адам». Ал менің Отаным – Қазақстан! Бұл – ұлан байтақ дала, бейбіт ел. Туған жері, Отанының қадірін әр адам әрқалай түсінетін шығар. Мен өз кезегімде, Отанымды қадір тұтамын, мен үшін туған жер қадірі дүниедегі ең ұлы деген нәрсемен пар-пар. Өйткені, ол – аялап, әлпештеп өсірген анам, әкем, білім жолына жетелеп келген ұстаздарым, қоршаған туыстарым мен құрдастарым дүниеге келген жер. Ата-бабаларымыз осы жерді болашақ ұрпақ үшін жылдар, ғасырлар бойы қан-терін төгіп, соңғы демі қалғанша күресіп, мөлдір көзінің қарашығындай сақтап келді. Ендігі кезек, жастардың, яғни, біздің қолымызда.

“Отан үшін отқа түс – күймейсің” деген Бауыржан Момышұлы. Ал біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі терең деп ойлаймын. Жоғарыда айтып кеткендей, ата-бабаларымыз елі үшін жанын да, барын да аямаған. Халқымыздың осы қасиеті жанымызға ана сүтімен тарап, ана тілімен дарып, ақ нанымен бекуі тиіс. Туған елге, туған жерге, туған тілге деген ыстық сезімнің үлгісі мен үшін осындай. Шынымен де, біздің халық үшін Отан оттан да ыстық.

Барлығымызды кіші кезімізден патриот болуға тәрбиелеп келді. Біз Отанымыз – Қазақстан Республикасы туралы жиі айтамыз, оның жетістіктерімен, бай тарихы мен мәдениетімен, қонақжай адамдарымен және әдемі табиғатымен мақтанамыз. Бірақ, патриот болу дегеніміз не?

Патриот болу – тек Отанды сүю ғана емес, онымен бірге өмір сүру: оны қорғау, өз еліңнің тарихы мен тілін білу, өз халқыңның әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін сақтау, өз Отаныңның игілігі үшін еңбек ету және оқу.

Енді «Мен өз мемлекетім үшін не істей алар едім?» деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, егер сынақ сағаты келсе, онда мен мыңдаған жастар сияқты оның шекарасын және оның тәуелсіздігін қорғауға тұрамын, арғы тектеріміз секілді соңғы демім шыққанша біздің бостандыққа, өмір сүруге, тіл мен әдет-ғұрыпқа, мемлекетіміздің тәуелсіздігіне деген құқығымызды қорғаймын.

Ал елімнің гүлденуі үшін не істей алар едім?  Мен өзімнің Отанымның гүлденуі үшін адал еңбек ететінімді білемін. Отан – барлығымыз үшін бір, егер әр адам аз болса да өз үлесін қосатын болса, біз алғашқылардың арасында бірінші боламыз, бүкіл әлем менің елім - Қазақстан Республикасы туралы білетін болады!

Биыл мен 11-ші сыныпты бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне, журналистика мамандығына оқуға түстім. Мақсаттарым мен армандарымның тең жартысы осы мамандықпен тығыз байланысты. Болашақта еліміздің атақты журналисті болып, еліміздің гүлденіп, алға жылжуына үлес қоссам деген үмітім мен өзімнің жеке авторлық бағдарламамды ашып, елімізді елең еткізетіндей дүние ойлап шығаратын жоспарларым бар. Бір орында тұра берген болмайды,  Н.Ә. Назарбаев: “Жарқын болашақ – жастардың қолында” дегендей, біздің болашақ пен еліміздің болашағы өз қолымызда. Мен жастарды игі істер жасауға, уақытты зая кетірмей, алға жылжуға ұмтылдыруды көздеймін. Яғни, менің мақсатым – тек қана журналист болу емес, елге өз еңбегін сіңіре білетін, қоғамға керекті нағыз кәсіби маман атану. Алда өзім үшін ғана емес, елім үшін, халқым үшін де қызмет атқаратын қалаулы, елеулі журналист атанамын деген ой мені бүгінгі күні де алға қарай жетелеп, ынталандырып келеді.

Міне, қазірден бастап менің осындай міндеттерім бар. Оларды міндетті түрде орындауым керек, өйткені парыз сезімі бала кезден қалыптасады.  Мен жақсы оқуға, спортпен шұғылдануға, жарыстарға қатысуға, мүмкіндігінше бар ынтамды салып, қолымнан келгеннің барлығын істеуге тырысамын, өйткені, бұл менің мектебіме, менің қалама, менің ауданыма, демек, өзім үшін де қажет. Мен әлемнің кез келген бұрышында біздің Қазақстанның қаншалықты әдемі, бай және қуатты екенін білсе екен деп армандаймын.  Біздің Отанымыздың аты естілмейтін жерде адамдар бізге таңданыспен қарайтын болады, өйткені біз үлкен мемлекеттің азаматымыз, біз қазақстандықпыз және болашаққа сенімді қараймыз!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

×