Өлең, жыр, ақындар

Жастар арасындағы қылмыс. Тәрбие мен қоғам

Қазіргі таңда өмірге көз-қарастары толық қалыптаспаған жастардың арасында қылмыстың жасалуы жиі кездеседі. Қылмыстың жасалуына жастардың криминалдық немесе зорлық-зомбылық көріп өскен ортада өмір сүруі де ықпал етеді. Жастардың арасында қылмыстың көп жасалуына ол отбасындағы берілген тәрбиеге, ата – ананың балаға көңіл бөлуіне де байланысты.

Қаншама уақыт өтсе де өзінің құндылығын, өзектілігін жоймайтын маңызды мәселе - ол жас ұрпақ тәрбиесі. Қазіргі таңдағы ғылыми техникалық прогресс пен өркениетті даму дәуіріне бет бұру кезеңінде қоғамда лайықты, саналы ұрпақ қалыптастыру кез - келген ата - ана мен қоғамдық ортаның міндеті.

Ата-бабамыз сонау ерте заманнан бастап бала тәрбиесіне аса мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қараған. Ұл балаға ер жігітке тән тәрбиені бойына дарытса, қыз баланың өзіне тән ибалы қасиеттерін бойына сіңірткізіп тәрбиелеген. 

Одан бері қаншама уақыт өтті. Қазір жаңа заман, жаңа көзқарастар. Жастардың қазіргі уақыттағы өмірге деген көзқарастары, сана - сезімдері, ойлау қабілеттері мүлде бөлек. Алайда барлық қазақ отбасында бірдей қазақы тәрбие жойылды деп айтуға болмайтын шығар. Алайда қазіргі нарық заманында адами құндылықтар, қазақы тәрбие сынды дүниелер бағасын жоғалта бастағандай. Қоғамдағы жастардың бір - біріне деген қатігездігін көріп отырып еріксіз осылай ойлайсың. Бұрындары неше түрлі айуандық арды теледидардан, басқа да шет елдерден көрсетіліп жатқан бағдарламаларды көргенде сенбеуші едік. Алайда соңғы жылдары дәл сондай сұмдық жағдайлар біздің елімізде белең алып жатыр. Ұрып-соғу, тиісу, зорлық-зомбылық, адам өлтіру сынды сорақы қылмыстармен ұсталып, жазаланып жатқан жастарды күнде көретін болдық. Олардың арасында өз жазасын алмай, тайраңдап жүргендері қаншама...

ЮНИСЕФ Қазақстандағы өкілетті органдармен бірге жүргізген зерттеулер нәтежиесінде көрсеткендей еліміздегі зорлық, жасөспірім жеткіншектердің абақтыға жабылуы, мектеп оқушыларының бір - біріне әлімжеттік көрсетуі сынды фактілермен тіркелгендер өте көп. Одан бөлек ересектердің шамамен 75%-ы отбасында балаларын жұдырықпен тәрбиелейтін көрінеді. 2-14 жас аралығындағы әрбір екінші бала отбасында зорлықпен тәртіпке салу шараларына душар болады екен. Осы жерде тағы да қазақы тәрбиенің тақырыбы қозғалады. Ата - ананың баласына қол көтеруі қазақта үйреншікті нәрсе. Алайда ата - бабаларымыз ешқашан бауыр еті баласын өлімші етіп сабамаған. Былтыр Түркістанда болған оқиға естеріңізде болса, атаққұмар әкесымақ тырнақтай баласын өлімші етіп сабап жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын. Ол өз жазасын алғанымен баланың психологиясында ол мәңгілікке бір ауру болып сақталып қалады. Осындай криминалды ортада өмір сүруі де баланың болашақта қылмыс жасауына ықпал етуі әбден мүмкін. Міне не үшін біз отбасындағы тәрбиені қозғаймыз, өйткені еліміздің болашақ ұрпақтары әуелі отбасында тәрбиеленіп шығады. Отбасындағы тәрбиенің қамалы мықты болса, оны қай кезде, кім болмасын бұза алмайды. 

Осы жылы да қаракөз қазақ қызының жантүршігерлік оқиғада қаза тапқаны халықты біраз шулатты. Шыны керек ол оқиғаны да оқып отырып Американдық сериялық адам өлтіруші жайлы кино көргендей болдым. Неге? Себебі, соншалықты адамның қатігездігі мені қатты таң қалдырды. 

Ал кешегі Ресейдің Қазан қаласында болған оқиға үлкен қасірет. Қазан қаласының мектептерінің бірінде 19 жасар мектеп оқушысы мылтықпен оқ атып, 7-ге жуық, күзетші және 1 ұстаздың өмірін қиған. Бір қызығы ол бұл туралы алдын - ала әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап жазған, алайда оның сөздеріне ешкім мән бермеген. Шынында да небәрі 19 жасар мектеп оқушысы, осындай қылмыс жасайды дегенге ешкім де сенбес еді. Бірақ ол жасады. Бұл терракт па әлде оқушының өзі ұйымдастырған қылмысы ма белгісіз бірақ 11 бірдей отбасының қара жамылып  қалғанына кімді кінәлайды...?!

Қазіргі уақытта осындай жас буынның қылмыс жасауының алдын - алу мақсатында іс - шаралар жиналыстар өткізіліп тұрады. Осы тұрғыда ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің  тілдің, халықтық педагогиканың тарихы мен болашағы да жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты болып отыр. Алайда менің айтарым баланың ең әуелгі сусындайтыны ата - ана тәрбиесі, содан соң қоғам. "Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болады" деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай бала қоғамдық ортадан да, отбасынан да жеткілікті тәрбиеленсе осындай қылмыстар мен келеңсіздіктердің алдын ала алатынымыз сөзсіз. Ғаламтордың, жаңа технологиялардың, тела-өнімдердің тез арада дамып кетуі- тәрбиенің насихаттық жағына кері әсер еткені сөзсіз. Дегенмен, тәлімді тәрбиенің орны қашанда бөлек.

Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика мамандығының
2-курс студенті Мусаева Жаннұр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар