Өлең, жыр, ақындар

Ұлағатты ұстаз

Тәуелсіздік кезеңнің алғашқы жылдарындағы  белгілі себептерден туындаған  қиыншылықтарға қарамастан археолог – ғалымдарымыз өздерінің сүйікті ісі – ғылыми экспедициялар ұйымдастыру мен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді бір сәтке де тоқтатқан емес. Нәтижесінде археологияның жетістіктері  Отан тарихын  дамытып, халқымыздың рухани байлығы арттырды, ең бастысы, ұлттық санамыздың одан әрі нығая түсуіне септігін тигізді. Осы орайда, археолог – ғалымдарымыздың еңбектері ұшан – теңіз екенін айта кету орынды деп санаймыз. Археология – ғылым саласы болса, оны дамытатын археологтар. Қазіргі таңда ел археологиясының дамуына өз үлесін қосып, оның алдыңғы сапында жүрген,  білімі мен біліктілігін тек ғылымға  арнап жүрген  тұлғаларымыздың бірі –  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елімізге белгілі әрі танымал археолог  – ғалым  – Мадияр Елеуұлы болып саналады..

Табиғатынан қарапайым, мінезі өте салмақты және сабырлы, күнделікті өмір мен ғылым жолында  адами қасиеттерді берік ұстаным еткен Мадияр Елеуұлы бүгінгі күні жетпіс бес жасқа толып отыр. Осы мақала арқылы елімізге белгілі ғалымды мерейтойымен құттықтай отыра, оқырмандарға оның өмір белестері мен ғылымдағы жетістіктері туралы, ұстаздық жолы мен жеке адами қасиеттері жөнінде айта кетуді жөн көріп отырмыз.

«Ұстаз» деген атаудың өзі əр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлғамен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін ұғымның бірі Ұстаз. Қазақта «Ұстаздан тəрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тəрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жататындай көрінеді. Сондай ұстаздарымыздың бірі Мадияр Елеуұлы Елеуов ағамызда бүгінде 75 - жасқа толып отыр.

Ізгілікті ізденіс пен ерен еңбектің арқасында М.Елеуұлы 1976–2016 жылдар аралығында (арада Астана жəне Түркістан қалаларындағы ЖОО қызмет еткен жылдар бар) қазіргі Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Археология жəне этнология кафедрасында лаборант, аға инженер, ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор қызметін атқарып, үлгілі ұстаз, білікті маман ретінде сый-құрметке бөленіп отырған жайы бар.

Мадияр Елеуов тарих факультетінің археология жəне этнология кафедрасында жұмыс атқарған жылдардың барлық кезеңдерінде археологиялық экспедициясының құрамында, не жетекшілік етіп далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мəселен, 2008–2015 жылдар аралығында ол ҚР БҒМ гранттық «Сарыарқа мен Шу-Талас, Келес өңірлерінің ортағасырлық қалалары, мекендері жəне керуен жолдары» , «Қаратаудың археологиялық ескерткіштері», «Ұлы Жібек жолының бойындағы Қаратаудың ортағасырлық қалалары мен керуен жолдары», «Шу– Талас өңірлері мен Қаратаудың солтүстік беткейіндегі ортағасырлық қалаларының, елді мекендерінің қорғаныс жүйесі», «Шу-Талас өңірлерінің ортағасырлық ұзын қорғанды қалалары» (2015 ж. бастап) тақырыптары бойынша Шу, Талас өңірлерінде, Қаратауда, Сырдарияның орта ағысында ғылыми жобалармен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, зерттеу нəтижесінде көптеген ғылыми мақалалар, монографиялар жəне оқу құралдарын жариялады. Ғалым жүргізген далалық зерттеулердің барысында Жамбыл облысының Қордай, Шу, Мерке, Т. Рысқұлов, Байзақ, Талас, Сарысу, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ, Түркістан жəне Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарында осы уақытқа дейін ғылымға белгісіз болып келген, есепке алынбаған ортағасырлық қалалар мен елді мекендерді ашып, есепке алып ғылыми айналымға енгізді. Сонымен бірге осы аталған облыстар аясындағы тарихи- мəдени ескерткіштер мен ортағасырлық қалалардың тізімін, құжатын жасаудың өзі үлкен бір еңбек.

Ұстазымыз М.Е. Елеуов қанша жыл тер төгіп еңбек етсе де, «болдым, толдым, мен бəрін де білемін» демей, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Соның нəтижесінде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан жəне Қызылорда облыстары əкімшілігінің тапсырысымен бірнеше гранттық жобаларға ие болып, археологиялық ғылыми ізденістермен зерттеулер жүргізіп келе жатыр.Мұның өзі ағамыздың ел таныған, Қазақстанның ортағасырлық археологиясын зерттеуде қомақты үлесі бар, білікті маман екендігін көрсетсе керек.

Бүгінде мерей жастың 75- не келіп отырған ағамыз Мадияр Елеуов өмірдің талай сынағынан сүрінбей өтіп, елге үлгілі ұл-қыз өсіріп отырған бақытты отбасы. Отбасы мəселесінде де жеңгеміз Жанат Алтынбекқызымен бірге барлық тəлім-тəрбиесін, өнегесін ұл-қызына дарытып, бүгінде соның зейнетін көріп отыр десек, қателеспейміз.

Ж.Б. Көшербаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс магистранты, Тарих факультеті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз