Өлең, жыр, ақындар

Қанмен жазылған есім

 

  

Қазақстан тәуелсіздікке бір күнде қол жеткізген жоқ. Бұл жол ұзақ та күрделі болды, талай тарихи оқиғалар мен батыр тұлғалардың ерлігімен есте қалды. Солардың ішінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ерекше орын алады. Бұл көтеріліс қазақ жастарының әділетсіздікке қарсы шыққан алғашқы ірі қадамы болды. Сол күндері алаңға шыққан мыңдаған жастардың арасында өз өмірін ел бостандығы жолында құрбан еткен жандар да болды. Солардың бірі – Ербол Сыпатаев. Оның қысқа ғұмыры мен ерлігі қазақ жастарының батылдығы мен отансүйгіштігінің символына айналды.

  Ербол Мұқажанұлы Сыпатаев 1964 жылы 10 наурызда Алматы облысы Панфилов ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген. Қазіргі кезде бұл ауыл Көктал деп аталады. Ерболдың туған  әкесі Бейсен Алшынбеков болса да, тағдырдың жазуымен ол баласы жоқ Мұқажан Сыпатаев пен оның жұбайы Тұрған апаның қолында тәрбиеленеді. Өкінішке қарай, Мұқажан Сыпатаев Ербол алты жасқа толғанда қайтыс болды. Одан кейін Тұрған апа оны ана мейіріміне бөлеп өсірді. Алайда 1982 жылы ол да өмірден өтіп, Ербол туған отбасына қайта оралды. Мектепте Ербол үлгілі оқушылардың бірі болды. Ол қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, сыныптастарының арасында беделді болды. Мұғалімдері оны тәртіпті, жауапкершілігі мол, білімге құштар оқушы ретінде еске алады. 1981 жылы мектепті аяқтаған соң бірден жоғары оқу орнына түсе алмады. Бірақ бұл сәтсіздік оның жігерін жасыта алмады. Ол туған ауылында еңбек етіп, тәжірибе жинады. 1981–1982 жылдары совхозда жүргізуші болып жұмыс істеді және Жаркент қаласында ДОСААФ курсын бітіріп, жүргізуші куәлігін алды. 1982–1984 жылдары Ербол Кеңес армиясының қатарында болып, әскери борышын өтейді.1985 жылы оның арманы орындалып, ол Алматы энергетика институтына оқуға түсті. Ербол электротехника факультетінде білім алды. Студенттік жылдары ол достарына адал, мейірімді азамат ретінде танылды. 1986 жылдың желтоқсанында Қазақстан тарихында маңызды оқиғалардың бірі болды. Республика басшылығына жергілікті халықты білмейтін адамның тағайындалуы қазақ жастарының наразылығын туғызды. 17 желтоқсанда мыңдаған студенттер мен жұмысшылар алаңға шығып, әділдікті талап етті. Олар “Елім, жерім, тілім” деген ұран көтерді. Ербол да сол жастардың алдыңғы қатарында болды. 18 желтоқсанда бейбіт шеруді күшпен тарату кезінде Ербол үлкен ерлік көрсетті. Ол қуғынға ұшыраған екі қызды қорғауға тырысып, оларды күш көрсеткен адамдардан арашалап қалмақ болды. Бірақ сол сәтте оған қатты соққы жасалып, ауыр жарақат алды. Ерболды ауруханаға жеткізгенімен, ол бірнеше күн бойы есін жимай жатып, 23 желтоқсанда небәрі 22 жасында көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, Ерболдың соңғы сөздерінің бірі: “Мен әділдік үшін күрестім” болған. Бұл сөз сол кездегі қазақ жастарының арманын, олардың жүрегіндегі еркіндікке деген ұмтылысты білдіретін символға айналды. Оның денесін туған ауылына жасырын түрде алып келіп, туыстарына табыстаған. Кеңес билігі бұл оқиғаны жасырып, тіпті Ерболдың өзіне “тәртіпсіздікке қатысқан” деген айып тағуға тырысты. Тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Желтоқсан қатысушылары толық ақталып, Ербол Сыпатаевтың есімі халқына қайта оралды.


Ер есімі - ел есінде 
• 1994 жылы Алматы энергетика институты ұжымы Ербол Сыпатаевтың туғанына 30 жыл толуын атап өтті. Университет кітапханасындағы №6 оқу залына оның есімі берілді. Бұл жерде студенттің өмірі мен ерлігіне арналған көптеген материалдар сақталған.

• 1995 жылы Жаркент қаласындағы көшелердің біріне Ербол Сыпатаевтың есімі берілді. Ал үш жылдан кейін  Еңбекші ауылындағы мектебі де батырдың есімімен  аталды. Мектепте арнайы бұрыш ашылып, онда Ерболдың өмір жолына қатысты суреттер мен құжаттар қойылған.

• 2008 жылы Жаркент қаласындағы мәдениет үйінің алдына Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіш Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанованың рухына арналды. Бүгінде бұл жер халық келіп тағзым ететін қасиетті орынға айналған.

• 2024 жылы халық Ербол Сыпатаевтың 60 жылдығын және Желтоқсан көтерілісінің 38 жылдығын атап өтті. Алматы қаласында “Жанашыр” халықаралық қоры арнайы іс-шаралар ұйымдастырды. Мектеп оқушылары арасында эссе байқауы өтіп, студенттер қазақ күресінен турнирге қатысты.

• Бүгінде Алматы қаласындағы Ербол Сыпатаев атындағы көшеде жастар мен желтоқсаншылар қатысатын сенбіліктер өткізіліп тұрады. Мұндай шаралар ұрпақтар сабақтастығын сақтап, батыр есімін ұмыттырмайды.

• Қоғамдық ұйымдар Ербол Сыпатаевқа “Халық қаһарманы” атағын беру туралы бірнеше рет ұсыныс жасаған. Бұл мәселе әлі де қарастырылып келеді. Көптеген қазақстандықтар оның ерлігі мұндай жоғары марапатқа әбден лайық деп санайды.

  Ербол Сыпатаевтың тағдыры – қазақ халқы тарихындағы әрі қайғылы, әрі қаһармандыққа толы кезеңнің көрінісі. Ол небәрі 22 жасында әділдік үшін күресіп, өз өмірін құрбан етті. Ерболдың ерлігі тәуелсіз Қазақстан жастарына отансүйгіштік пен батылдықтың үлгісі болып қала береді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз