Өлең, жыр, ақындар

Әлемді өзгерткен COVID-19 пандемиясы

2019 жылдың соңында пайда болған COVID-19 індеті қысқа уақыт ішінде бүкіл әлемге таралып, адамзат тарихындағы ең ірі денсаулық дағдарыстарының біріне айналды. Статистикаға сүйенсек, әлем бойынша коронавирус індетін жұқтырғандар саны 778 миллионнан астам адамды құрады, ал 7,1 миллионнан астам адам осы аурудың салдарынан қайтыс болды.
  Қазақстан да бұл қауіпке ерте назар аударды. 2020 жылдың 26 қаңтарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа коронавирустың елімізге таралуына жол бермеу үшін нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Осыдан кейін Үкімет басшысы Асқар Мамин арнайы кеңес өткізіп, көші-қон бақылауын күшейту, Қытайдан келген адамдарды медициналық бақылауға алу, медициналық ұйымдардың дайындығын арттыру және шекаралық режимді уақытша шектеу сияқты алдын алу шараларын ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар “Қорғас” шекаралық өткелінің жұмысы уақытша тоқтатылды. 2020 жылдың 11 наурызында Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы COVID-19 індетін ресми түрде пандемия деп жариялады. Екі күннен кейін Еуропа індеттің жаңа орталығына айналғаны белгілі болды. Сол кезеңде Италияда жағдай өте күрделі болды: 2020 жылдың 16 наурызындағы деректер бойынша елде 25 мыңға жуық адам жұқтырып, 1800-ден астам адам қайтыс болды. Испанияда шамамен 8 мың адам инфекция жұқтырып, 300-ге жуық адам көз жұмды. Франция мен Германияда да індет кеңінен тарала бастады. Наурыз айының екінші жартысында індет Еуропада қарқынды таралып, кейін Америка Құрама Штаттары жаңа эпидемиялық ошаққа айналды. 2020 жылдың 4 сәуірінде АҚШ жұқтырғандар саны бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Осы кезеңде көптеген мемлекеттер шекараларын жауып, карантин жариялады. Мектептер мен университеттер онлайн оқу жүйесіне көшіп, адамдардың өмір салты түбегейлі өзгерді. Пандемия дәрігер мамандығының маңызын айқын көрсетті. Көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше бағаланды. Дәрігерлер мен медбикелер күндіз-түні жұмыс істеп, науқастардың өмірін сақтап қалуға бар күшін салды. Денсаулық сақтау жүйесінде жылжымалы мобильді бригадалар құрылып, олардың құрамында дәрігер, медбике және жүргізуші болды. Бұл топтар науқастардың үйіне барып, ПТР тест тапсыруына көмектесіп, олардың жағдайын бақылап отырды. Пандемияға қарсы күресте ғылым да үлкен жетістіктерге жетті. 2020 жылдың 11 тамызында Ресейде алғаш рет Sputnik V атты COVID-19-ға қарсы вакцина тіркелді. Сонымен қатар Vaxzevria вакцинасы University of Oxford және AstraZeneca компаниясының бірлескен еңбегімен әзірленді. Ал мРНҚ технологиясына негізделген Pfizer‑BioNTech COVID‑19 Vaccine вакцинасын Pfizer және BioNTech компаниялары жасады. Осы вакциналардың арқасында әлем елдерінде жаппай вакцинация басталды. Статистика бойынша, әлемде 10 миллиардқа жуық вакцина дозасы егілді. Бұл індеттің таралуын азайтып, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
  Аты жаман ауру бізді жақындарымыздан айырды. Шекаралар жабылып, кәсіпкерлер шығынға ұшырады. Бәрінен бұрын студенттер, оқушылар қашықтықтан оқуға мәжбүр болды. Бұл күндерде келмеске кетті. Қажырлы еңбектің арқасында бұл ауруды да жеңіп шықтық.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз