Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық киімнен заманауи киімге қалай ауыстық?


Киім – әр халықтың мәдениетін, тұрмысын және тарихын көрсететін маңызды құндылықтардың бірі. Қазақ халқы да ежелден табиғат жағдайына, көшпелі өмір салтына және дәстүріне сай ерекше ұлттық киімдер киген. Бұл киімдер халықтың тұрмыс-тіршілігіне бейімделіп, ғасырлар бойы қалыптасқан. Уақыт өте келе қоғам дамып, адамдардың өмір салты өзгерген сайын киім үлгілері де жаңарып, біртіндеп заманауи киімдер кең тарала бастады.
  Қазақ халқының ұлттық киімдері өте бай әрі алуан түрлі болған. Олар ішкі, сыртқы, сәндік және салтанаттық киімдер болып бөлінген. Ер адамдар көбіне шапан, тон, күпі, шекпен, кеудеше, бөрік, тымақ сияқты киімдер киген. Ал әйелдердің ұлттық киімдеріне көйлек, камзол, кимешек, жаулық, тақия, сәукеле, кебіс-мәсі сияқты әсем киімдер мен бұйымдар кірген. Ұлттық киімдер көбіне жүннен, киізден, жібектен, аң терісінен және әртүрлі бағалы маталардан тігілген. Мысалы, құлан, ақбөкен, бұлғын, сусар, жанат сияқты аңдардың терілерінен тон мен ішік тігілген. Мұндай киімдер қыста жылы, жазда жеңіл болып, ауа райына өте қолайлы болған. Қазақ ұлттық киімдерінің тағы бір ерекшелігі – олардың әшекейі мен ою-өрнегі. Киімдер алтын, күміс әшекейлермен, түрлі кестелермен безендірілген. Әйелдер күміс білезік, сырға, жүзік, шашбау, шолпы сияқты зергерлік бұйымдарды таққан. Ал белге тағылатын сәнді белдіктер кісе деп аталған. Мұндай әшекейлер киімге ерекше сән беріп, адамның әлеуметтік мәртебесін де көрсеткен. Сонымен қатар ұлттық киімдер аймақтық ерекшеліктерге қарай да өзгеше болған. Мысалы, әр рудың немесе өңірдің тымағы, бөрігі, шапаны өзіндік үлгімен тігілген. Жетісу, Арқа, Кіші жүз аймақтарының киім үлгілерінде айырмашылықтар болған. Бұл қазақ халқының бай мәдениетін және дәстүрін көрсетеді. Алайда XIX–XX ғасырларда қоғамда үлкен өзгерістер орын алды. Сауда-саттық дамып, басқа халықтармен мәдени байланыс күшейді. Ресей мен Орта Азия елдерімен арадағы қарым-қатынастың арқасында жібек маталар, мақта, кең тарала бастады. Соның нәтижесінде адамдар біртіндеп көйлек, шалбар, костюм, пальто, күртеше сияқты заманауи киімдерді киюге көшті. Бұл киімдер күнделікті өмірде ыңғайлы болғандықтан, кең қолданысқа ие болды. Дегенмен ұлттық киімдер мүлде жоғалып кеткен жоқ. Қазіргі кезде біз тойларда, ұлттық мерекелерде, мәдени шараларда жиі киіп жүреміз. Сонымен қатар қазіргі дизайнерлер ұлттық ою-өрнектерді заманауи сәнмен үйлестіріп, жаңа үлгідегі киімдер жасап жүр. Бұл ұлттық мәдениетті сақтауға және оны жаңа заманға бейімдеуге мүмкіндік береді.
  Қорытындылай келе, ұлттық киімнен заманауи киімге ауысу – қоғам дамуы мен уақыттың өзгеруінің табиғи нәтижесі. Дегенмен қазақтың шапан, камзол, сәукеле, бөрік, тымақ сияқты ұлттық киімдері халқымыздың бай мәдени мұрасы болып қала береді. Сондықтан ұлттық киімдерді құрметтеп, оны келер ұрпаққа жеткізу – әрқайсымыздың міндетіміз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз