Өлең, жыр, ақындар

Журналистика - үлкен жанр

Атырау қаласының білікті журналисті Айнагүл Қалбаева ханыммен сұхбат.

- Журналистика саласы туралы толық айтып өтсеңіз?

- Журналистика - өз алдына үлкен жанр. Ол радио журналистика, теле журналистика және баспасөз қызметі деп бөлінеді. Армандарыңды орындауға, елге пайдаңды тигізуге, қоғамның бір бөлігін тәрбиелеуге арналған әлем. Журналистика тіл білімін, сауаттылықты, жан-жақтылықты талап ететін сала. Бұл саладағы жандар үнемі ізденісте жүреді, оқиды, өзін шыңдау үстінде болады.

- Мамандығыңыз балалық шақтағы армандарыңыздың арасында болды ма?

- Балалық шағымда менде әр бала секілді дәрігер, ұстаз болуды армандадым. Яғни, журналист болу ойымда болған жоқ. Алайда, есейе келе, мектеп шағында қазақ тілге, әдебиетке жақын болғаннан кейін әрі ұстаздарымның да нұсқауымен осы жолды таңдадым.

- Ендеше, салаға алғаш келген кезіңізді еске түсірсек?

- Ең алғаш осы студияға 1-2 курс кезінде практика бойынша келдік. 2006 жылы телеарнада өндірістік тәжірибеден өттік. Бағдарламаларға қонақ ретінде қатыстық. Содан өзіміздің идеямызды ұсыну арқылы түсірілімге шыға бастадық. Алғашында, әрине, бәрі таңсық көрінеді. Көп дүниеден хабарсыз болдық. Бірақ, жүре-бара үйрендік.

- Журналистикада жұмыс жасап жүргеніңізге 15 жылдай уақыт болды. Қалай ойлайсыз, осы уақыт аралығында салаға қандай еңбек сіңіріп немесе не үйрене алдыңыз?

- Алдымен, жұмысымнан не үйренгенімді қарастырсақ: ортада өзіңді ұстауды, адамдармен тез тіл табысуды үйретті. Жаңалықтардан алғашқылардың бірі болып хабардар бола аласың. Ол өркениет, мәдениет, саясат, өнер жаңалықтары болады. Және, әрине, танымалдылық. Барған жеріңде танып, біліп жатады. Ал, бергенім: халыққа пайдалы ақпараттар, бірнеше танымдық бағдарламалар жасадық. Жасаған жұмысым өзіндік пайдасын тигізіп жатыр. Берерім әлі де көп боларына сенемін.

- Журналистика мамандығының бүгіні мен ертеңінен не күтесіз?

- Жалпы, журналистика үнемі жаңарып, өзгеріс процессінде тұратын сала ғой. Саланың ертеңі бүгінгіге қарағанда едәуір дамитынына сенемін. Мысалы, қазір біз компьютерге жазып, камераға түсіріп, монтаждаймыз. Түсірілімге журналист, оператор, дыбыс режиссер, монтажер қатысады. Болашақта осы істің бәрін бір журналисттің өзі орындайды, яғни, "әмбебап журналист" болады деп ойлаймын.

- Сіздің пікіріңізше, осы салада еңбек етіп жүрген журналисттерден кімді №1 деп санайсыз?        - Негізі, кішкентай кезімізде Нұртілеу Иманғалиұлы, Сәуле Абидинова, Қымбат Досжан секілді кісілерді көріп өстік. Бұл кісілер саланың "ардагерлері" атанды. Қазірде істерін мықты атқаратын журналисттер көп. Сондықтан, ешкімді бөліп жара алмаймын. Барлығыда істің майталманы. Біреуі репортаж жақсы жасайды, біреуі сұхбат алуда білгір. Және сол жұмысымен халыққа да ұнауы мүмкін.

- Қызмет болған соң, әсіресе, шығармашылық салада бақталастықтың да болатыны хақ. Әріптестеріңіздің арасында қай журналистті "міне, ол менің бақталасым" деп атап айта аласыз?

- Бәсекелесім деп ойланбаппын (күліп)... Нақты ешкімді айта алмаймын, алайда, бір-біріміздің жұмысымызға қарап бойтүзейтін, шыңдалатын сәттер болады. Кейде әріптесімнің жұмысы жақсы шығып, менде осалдық болып жатса, қызғанған сәттер де болды. Кей сәттерде көрермен қоңырау шалып, лебізін білдіріп жатса, марқайып қаласың. Осындай сәттер болатыны болмаса, бақталасым деп қараған кез болмапты.

- Журналистика мамандығын таңдайтын жандарға айтарыңыз болса...

- Журналист болам деген адамның құлшынысы бірден білініп тұрады. Ол пысық, алғыр болады, кез-келген жағдайдан шығып кете алады. Сөзді сөзге қосып, өз ойын еркін жеткізе алады. Ол креативті, жаңашылдыққа құмар жан болады. Үнемі ізденісте болып, шетелдік бағдарламаларды қарау арқылы, жүйесін көріп, бақылап отыру керек. Бір бағытта болмай, өз-өзін өсіру қажет болады.

- Ашық әңгімеңізге рахмет!!! 

Жұмабай Айымжан


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер