Өлең, жыр, ақындар

Шетелдегі оқу өмірлік тәжірибе берді

Шетелде оқу кез-келген жастың арманы. Қазіргі таңда әрбір студент өз білім деңгейін арттыру мақсатында әлемнің үздік университеттеріне академиялық ұтқырлық бағдарламасымен немесе магистратураға оқуға тапсырады. Әрине, жүзден жүйрік мыңнан тұлпарлар ғана мұндай керемет мүмкіндікке ие болады.Осы тақырыпта ХАТУ-дың 3 курс студенті Аружан Абсатармен сұқбаттасқан едік.

Екі елдің оқу жүйесі

- Қазақстан мен Польшаның оқу жүйесінде бірқатар айырмашылық бар. Әсіресе, ол жақта студент өзінің қалаған пәндерін таңдайды және сол пәнді байқап көруіне белгілі бір уақыт беріледі. Білім алушы дисциплинаны, сабақ кестесін және уақытын өзі таңдайды. Оқу тек лекциялар мен семинарлардан ғана тұрады. Бір пән лекция болса, екіншісінен тек семинарға барасың. Студенттердің сабаққа қатысымы тексерілмейді. Барлық қорытынды бағаны шешуші емтиханда қояды.

Біздің Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде әлемнің 80 мемлекеттегі оқу орындарымен серіктестік бар. Жалпы журналистика мамандығы бойынша Кореяда, Польшада , Малайзияда, Чехияда оқуға мүмкіндік бар. Соның ішінде маған Польша қатты ұнады. Бірінші курстан бері осы елге оқуға баруды армандайтынмын.

Біріншіден, Адам Мицкевич университеті өте жаңа, заманауи бағытта оқытады. Екіншіден, Польшадан Еуропаның басқа мемлекеттеріне шығуға мүмкіндік бар. Үшіншіден, студенттерге өмір сүру өте жеңіл деп ойлаймын. Өйткені, азық-түліктің, тауарлардың бағасы Қазақстанмен бірдей деп айтсам болады.

Польшадағы оқудың қиындықтары

- Польшаға оқуға бармас бұрын, мен ағылшын тілін орташа деңгейде білетінмін. Ол жақта менің сөйлеу, тыңдау деңгейім дамыды. Таза ағылшынша сөйлейтін ортада жүрген соң, тіл деңгейіңді дамытуға өте көп көмегін тигізеді екен. Кейде сабақ барысында бізге ғылыми мақалаларды оқуға бергенде академиялық ағылшын тілінде кейбір терминдерді түсінбейтінбіз. Бірақ, бір тақырыпты түсінбесек, оқытушылардан міндетті түрде сұрайтынбыз. Ол кісілер бізге көмектесіп, сөйлегенде тіліміз жетпей жатса бәрі қолдап, жанымдағы студенттер де көмектесіп жіберетін.

Шетелдегі өмірім маған өмірлік тәжірибе берді деп айта аламын. Өйткені, өзің жалғыз шетелде жүргеннен кейін сені қолдайтын ата-анаң, жақындарың жоқ. Өз өміріңе және қауіпсіздігіңе жауапкершілік аласың. Негізі менде қиындықтың бәрі бастапқы кезде болды. Алматы-Астана, Астана-Франкфурт-Познань бағытында билет алғанбыз. Ұшаққа бірінші рет отырғаннан кейін жанымдағы қыз екеуміз халықаралық рейстердің ережесін білмейтінбіз. Астанадан Франкфуртта ұшып барғанда жүктерімізді қоя бастаған кезде рейстарымыздың ұшып кеткенін білдік. Сөйтсек халықаралық сайттарда әр 20 минут сайын рейсіңді тексеріп отыру керек екенсің. Біздің рейс ауысып кеткен екен ал біз оны қарамағанбыз. Сол күні бір күн әуежайда қонуға мәжбүр болдық. Бұл өте стрессті жағдай болды. Ондай оқиға өмірімізде бірінші рет орын алды. Оның үстіне Франкфруттағы әуежай Еуропадағы ең үлкен әуежай боп саналады. Әртүрлі ұлт өкілдері, қаншама адам бар дегендей. Бота екеуміз балапандар сияқты шырылдап әрі-бері жүгіріп қалдық. Ешкім сұрағымызға жауап бергісі келмеді. Кейбір сәттерде ағылшынша түсіндіргенде қиналып қалдық. Сөйтіп бізге билетті түскі уақытқа тегін берді. Осылайша Познаньға жеттік.

Журналистиканы кездейсоқ таңдадым

- Негізі мен 7 сыныпқа дейін нақты журналист боламын деп ойламадым. Балалық шақта адамда әртүрлі арман болады ғой. Жетінші сыныптан бастап жарыстардағы төрешілер жазған эссеме қарап «сен жаза алады екенсің ғой, мүмкін журналист боларсың» деп пікір білдірді. Бұл ойымды анам бірден қолдады. Жалпы журналистиканы бәрі көгілдір экранда жүргізуші болу деп ойлайды. Менде де сондай балалық ой болған. Бірақ, есейе келе жауапкершілігі ең ауыр, қиыншылығына қарамастан өте қызық мамандық екенін түсіндім. Қоғамда боп жатқан жаңалықтарды, маңызды оқиғаларды бүкпесіз объективті тұрғыда халыққа жеткізу керегін ұғындым.

Мен ең бастысы жаза аламын. 10 сыныптан бастап «Ұлан» газетіне мақалаларымды жібере бастадым. Өзімнің жазу стилім қалыптасты. Адамдардан сұхбат алу, қағаз бетіне түсіріп, мақала жарияланған кезде «мәссаған, менің қолымнан келеді екен ғой бұл нәрсе» деген сияқты бойыңды мақтаныш сезімі билейді. Жазуды тоқтатқан жоқпын, жалғастырып одан сайын қызыға бердім. Соңында бұл саланың менікі екенін түсіндім. Басқа бағытты байқап көру әрине ойымда болды. 11-сыныпта журналистикаға түсе алмай қалсам, мүмкін бизнеске, экономикаға кететін шығармын деп ойландым. Әрине, бұрын соңды хабарым болмаған менен мүлдем алыс мамандықтар. Ақыр соңында жүрегімнің журналистикаға тартып тұрғанын түсіндім.

Журналист әділдікті ту ету керек

- Журналистиканың қоғамдағы орны өте маңызды. Ақпарат таратуда, бір оқиғаға баға бергенде журналисттік этиканы міндетті түрде сақтау керек. Біз қазір әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстарды геосаяси жағдайларда әртүрлі БАҚ өкілдерінің қайсысы объективті ақпарат беріп жатқанын саралап жүрміз. Жалпы журналист ол эмоцияға берілмей, бейтарап ақпарат таратуы тиіс. Өйткені, сенің әрбір жазған материалың, таратқан жаңалығыңның өзі кішкене бір сөйлем болса да, ол ертең біреудің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Жалпы журналист ақпарат таратпаса, қоғамнан мүлдем бөлектеніп қалар едік. Біз әлемде не боп жатқанынан бейхабар болатын едік. Мысалы, пандемия кезінде қазақстандық журналистер өздерінің өмірін құрбан етіп, жанкешті ерлік жасады деп айта аламын. Бұдан бөлек журналистика қоғамдық пікір қалыптастыруда адамдарға үгіт-насихат, білімді жақсы нәрселерді, өнерді насихаттауда өте маңызды роль атқарады. Журналисттің  карьерасында басты назарда ол шыншылдық тұруы керек деп ойлаймын. Өйткені, шыншылдық, әділдік, тәуелсіздік - бұл этиканың ең маңызды қағидалары боп саналады. Яғни, кез-келген ақпаратты жарияларда «материалым ертең біреудің жеке басына қауіп-қатер төндірмей ме, жеке шекарасына қол сұқпай ма?» деген нәрселерді ескеру қажет. Этика әдебін сақтау керек. Осы ақпаратым арқылы қоғамға пайдалы не бере аламын деген сияқты міндет тұру қажет.

Мақаланы дайындаған: Бану Әбдіғалиева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Пікірлер