(новелла)
Бұл оқиға Мэйдзидің бірінші жылының он төртінші майында, екіндінің шағында, "Ертең таңертеңгілік үкімет әскері Тоэйдзан монастырында сегитай әскеріне қарсы соғыс ашпақ. Уэно аймағын қоныс қылушылар жедел түрде ол жерден кетуге тиіс!" деген бұйрық шыққан кезде өткен еді. Ситай көшесінің екінші кварталындағы уақ-түйек заттар сататын ләпкеде ләпке иесі Когая Масабэя кеткеннен кейінгі қалған жалғыз тіршілік иесі үлкен алабажақ мысық болды, ол шүйке құсап домаланып, үлкен қауашақтың қасында, ас үйдің бұрышында тып-тыныш жатқан-ды.
Есік-терезесі тарс жабылған тылсым үйдің тіпті күндіз тас қараңғы болары белгілі. Тырс еткен дыбыс естілмейді. Құлаққа неше күн қатарынан жауған жауын тысыры ғана шалынады. Жауын көзге көрінбейтін беймәлім шатырларға ара-тұра төпелеп кеп төгіп береді де, біраздасын саябырсып, сай-сайды, көше-даланы қуып кетеді. Жауын тырсылы күшейген кезде мысықтың сарғыш жасыл көзі ұлғайып, ұясынан шығып кете жаздайды. Ондай кезде отының, ошағының қайда екені көрінбейтін тас қараңғы ас үйде бір сәт екі сарғыш жасыл от жылтылдап жанып тұрады. Бірақ жауын тырсылынан басқа өзгерген ештеңенің, еш дыбыстың жоғын байыптағасын мысық қайтадан көзін сығырайтып, қимылсыз қалады.
Осы жағдай әлденеше қайталанғасын қалғуға айналған мысық көз ашуын қойды. Бірақ жауын біресе күшейіп, біресе бәсеңдеп әлі жауып түр. Екі... Үш... Жауынмен жарыса жүгірген уақытта тоқтау жоқ, біртіндеп күн кешкіруге айналды.
Содан сағат төртке таянғанда әлденеге мысықтың көңіліне алаң кіріп, бағжитып көзін ашып алды. Құлағын тігіп тың тыңдай қалғандай. Жауын бағанағыдай емес, саябырсыған сыңайлы. Көшеден жүгіріп өткен жүкшілердің дауыстары естілді де, артынша ол да тынды. Қайтадан тылсым тыныштық орнады. Бірақ біршамадан кейін ас үйдің ішіне сыналап жарық кіре бастады. Ошақ алдына төселген көне төсеніш, қақпақсыз құмырадағы судың жылтылы, ошақ басындағы құдайдың мүсіні төбедегі терезені тартып ашатын бау-жіп бірінен кейін бірі біртіндеп қараңғыда айқындалып көрінуге айналды. Су ағар құбырға қобалжи қараған мысық созалаңдап орнынан тұра берді.
Осы кез су ағар тұрбаның қақпағын ашып, жоқ, тек қана қақпақ емес, сёдзиді де сырғытып ішке үсті басынан су ағып сүмеңдеген әлдебір кезбе бас сұқты.
Ескі сүлгімен шарт байлап алған басын ас үйге сұғарын сұққанмен ол біршама қозғалмай тың тыңдады.
Тек үйден тырс еткен тіршілік дыбысы естілмегесін ғана барып сулығы сусылдап ақырындап ас үйге кірді. Мысық құлағын жымырайтып артқа жылыстады. Бірақ кезбе оған еш назар аудармастан сёдзиді орнына сырғытып қойып, басындағы сүлгіні сыпырды. Түк басқан бетінің әр-әр жеріне желім дәке жапсырыпты. Әйткенмен қаншама кір басып, жақ жүні үрпигенімен бет-жүзі анау айтқан кеспірсіз емес — тін.
Шашындағы суды сығып, бетін сүрткіштеп тұрып, кезбе бәсең дауыспен мысықтың атын атап шақырды.
— Микэ, Микэ!
Дауыс таныс болғасын мысық жонын күдірейткенді қойды. Бірақ орнынан қозғалмай, әлсін-әлсін келушіге сақтана сығырайып қарайды. Бұл екі арада кезбе сулығын шешіп, малдасын құрып мысықтың қарсы алдына кеп отырды, жалаң аяғы кірден көрінбейді.
— Қалай, Микэшка? Байқауымша, мұнда сенен басқа жан иесі қалмаған сияқты.
Солай деп кезбе күліп, арбиған қолымен мысықтың басынан сипады. Мысық нақ бір ырши жөнелетіндей жиырыла қалды. Бірақ онысы жай сес көрсеткені екен, ыршып түспек түгілі, қайтадан жайғасып отырып, тіпті қалғуға айналғаны. Мысықты біршама еркелеткесін кезбе кенеп кимоносының қолтығынан май жаққандай жылтылдаған пистолет алып, көмескі жарықта әрлі-берлі аударыстырып қарай бастады. Иесі кетіп йен қалған үйде пистолет шұқылап шұқшиған кезбе — сырт көзге, несін айтасыз, тек романдарда ғана кездесетін ерекше көрініс. Бірақ оған таңсық көріп таңдана қарайтын мысық жоқ, менің білмейтінім жердің астында дегендей көзін сығырайтып самарқау отыр.
— Ал ертең, Микэшка, дәл осы жерде жаңбырша сатырлап оқ жаумақшы. Әлдебір қаңғыған оққа ұрынсаң — мүрдем кеткенің. Сондықтан да ертең еден астына кір-дағы, дүние күйіп кетсе де тырп етпей кеш батқанша отыр...
Пистолетін әрлі-берлі аударыстырған кезбе әлсін-әлсін мысыққа тіл қатып қояды.
— Біз екеуміз ғой, ескі таныстармыз. Бірақ бүгін біржолата қоштасатын шығармыз. Ертең сен үшін де кесірлі күн, мүмкін, мен де өлермін. Ал енді тірлік-несібем таусылмай тірі қалғандай болсам, сенімен бірге жуынды жалап, көң-қоқыр қопарыстырғанды қоярмын. Мұным, қалай, жаныңа жаға ма?
Осы кезде сырттағы жауын үдей түскендей болды. Бұлт қоюланып, тұнжырап кеп нақ үйдің шатырының төбесіне түйіліп тұрып алды. Терезеден түскен болымсыз жарық азайған үстіне азайып бара жатты. Алайда оған абыржыған кезбе жоқ, басын көтерместен пистолетін тексеріп бітіп, баппен оқтады.
— Қалай болғанда да менімен қайтып көріспейтініңе қынжыласың ғой, ә? Әй, бірақ мысық тілеу деген бар емес пе, мысық шіркін көрген жақсылығын тез ұмытады деседі ғой. Сондықтан сенен еш қайыр болмас. Бірақ оныңнан маған келіп-кетер ештеңе жоқ. Тек, мен кеткесін...
Кезбе сөзін кілт үзді, оған әлдебіреу су ағар есігінің сыртына келіп тоқтағандай боп көрінді.
Пистолетін жасырып, қайтадан есікке қарауға кезбе көп уақыт кетірген жоқ. Бірақ су ағардың тұсына тартылған сёдзи-дағы сол сәтінде сырғытылды... Кезбе қорғануға оңтайланып, келушіге қасқайып қарап тұра қалды.
Алайда сёдзиді сырғытып ішке кірген адам кезбені көріп қорыққаны иә таңданғаны белгісіз, әйтеуір, дауыстап жіберді. Бүл қолына үлкен қолшатыр ұстаған, жалаң аяқ жап-жас қыз еді. Алғаш ол қайта сыртқа атып шығуға шақ қалды, бірақ артынша қорқынышын жеңіп, батылданып, кезбенің жүзіне бажайлай көз салды.
Кезбе де сасыңқыраған сияқты, сәл алға ұмсыныңқырап, қызға тесірейіпті де қалыпты. Бірақ әдепкідей емес, көзінде қобалжу жоқ. Олар осылайша бір-біріне қарасып біршама үнсіз тұрды.
— Бұл сенбісің, Синко?
Әйелдің даусына қарағанда, көңілі орнығып, жүрегін басқан тәрізді. Кезбе де күлімсіреп, басын шұлғыды.
— Айып етпеуіңді өтінем. Бүгін құдайдың күні құйып түр ғой. Иен болғасын келіп осында бас сауғалағаным. Тек сен енді ұрлықты кәсіп еткен екен деп ойлап қалма.
— Зәремді ұшырдың ғой, тіпті. Шынында да... Ұры емеспін дейсің, болмасаң болмай-ақ қой, бірақ баса — көктеп бөтен үйге кіргенің қалай.
Қолшатырына тұрған суды сілкілеп қыз зілдене сөйледі.
— Ал енді тайып тұр. Мен үйге кірем.
— Жарайды, кетемін, қумасаң да кетемін ғой. Сен немене, бұл үйден біржола көшкен жоқсың ба, әлі?
— Көшуін көштім ғой, тек... Саған одан келіп-кетер не бар, бәрібір емес пе?
— Бірдеңе ұмыттың ба? Кірсеңші енді кергімей, малмандай болдың ғой, тіпті.
Әлі де ашуы тарқай қоймаған қыз кезбенің сөзіне жауап қатпастан су ағардың жанындағы тозып біткен төсенішке тізе бүкті. Сосын ластанған аяғын созып, ожаумен су құйып жуа бастады. Малдасын құрып маңғазданып отырған кезбе тікенек иегін қасып қызға тесіле қарады. Мұрнының үстінде секпілі бар, қараторы, қарапайым ғана ауыл қызы, өзі тіптен жап-жас-ақ . Киімі де қарапайым: арзан белдігі бар қағаз кимоно. Бірақ ағы ақ, қызылы қызыл боп тұрған бет-жүзінде, тып-тығыз денесінде бір тартымдылық, уылжып піскен алхоры иә алмұртты көзге елестететін бір шырайлылық бар еді.
— Осындай алас-қапаста қайтып оралуыңа қарағанда қалдырғаның қымбат нәрсе болды ғой? Нені ұмыттың, О-Томи-сан?
Синко қазбалауын қоймады.
— Не екенінде шаруаң қанша. Жолыңнан қалмай жөнелсеңші онанда, — деп О-Томи шытынай жауап қатты.
Бірақ артынша әлдене есіне түскендей Синкоға жалт бұрылып қарап, салмақты сыңаймен:
— Синко, біздің Микэні көрмедің бе? — деп сұрады.
— Микэ деймісің? Микэ әлгінде ғана осында-тұғын. Қайда кете қойды екен?
Кезбе төңірегіне көз жүгіртті. Сөйтсе, мысық сөреге шығып, көлденең тақтай мен табаның арасына қыстырылып кіріп алыпты. Синко көргенді О-Томи да көрді. Сол-ақ екен, қолындағы ожауды тастай салып, төсеніштен атып тұрды, кезбенің бар-жоғын таза есінен шығарғандай. Қуана күлімсіреп сөреде жатқан мысықты шақыра бастады.
Синко қара көлеңкелеу қуыста жатқан мысыққа бір, О — Томиға бір қарап аң-таң.
— Мысық? Сондағы ұмытқаның мысық па?
— Мысық болса қайтеді? Одан не ерсілік көрдің? Микэ, Микэ, кел, келе ғой мұнда.
Синко кенет қарқылдап күліп ала жөнелді. Жауын тырсылымен жарыса шыққан күлкісі құйқаны шымырлатардай қорқынышты естілді. О-Томи қып-қызыл боп, Синкоға дүрсе қоя берді.
— Күлетін несі бар? Қожамыздың әйелі мысығын уайымдап есінен танып отыр. Өлтіріп тастаса қайтем деп көз жасы көл Байғұсты тіпті аяп кеттім, жауынға қарамай қайта келгенім сол..
— Жарайды, енді күлмейін, — деп оның сөзін бөлді Синко, әлі де күлуін қоймастан. — Болды, қойдым, міне. Бірақ өзің ақылға салып ойлап көрші. Ертең ғой, сойқан соғыс басталмақ. Ал әлдебір мысық үшін, мейлі тіпті біреу емес, екеу болсын, ақ тер — көк терге түсу күлкілі емес пе. Не десең о де, бірақ сенің қожаң құсаған миғұланы бұрын-соңды көрсем бұйырмасын. Мына Микэшка үшін...
— Өшір үніңді. Қожамды қаралағаныңды тыңдап тұра алмаймын.
О — Томи долданып жер тепкіледі. Алайда оның қоқан-лоққысынан қыңатын кезбе көрінбеді. Қыңбақ түгілі, еш қысылып-қымтырылмастан қыздың бой — басына бажайлай көз жүгіртті. Қараса қарағандай-ақ еді, қыз осы сәт керемет сұлу-тын. Жауынға малшынған кимоно, мықын белбеу қыз тәніне жабысып, оның қол тимеген, қытығы кетпеген тәнін толайым бедерлеген еді. О-Томиден көзін алмаған күйі Синко күле сөйлеп сөзін жалғастырды:
— Сені Микэшканы әкелуге жұмсаған ғой. Солай ма? Ал қазір бүкіл Уэно өңірінде иесіз қалмаған үй жоқ, елдің бәрі бас сауғалап кетті. Демек, бүл жерде қаңыраған үйлер ғана қалқиып түр демесең, елсіз йен даламен бірдей. Жарайды, мұнда қаңғып қасқыр келмесін — ақ делік, бірақ бір бәлеге ұрынуың әбден мүмкін ғой. Соны ойладың ба?
— Қажетсіз қам жеп арамтер болғанша сөреден мысықты әперсеңші. Содан соғыс басталып, дүние бүліне қоймас.
— Қылжақты қойсаңшы. Осындай аласапыран кезде әйелдің жалғыз жүруі қай жөн дейсің? Мәселен, мына үйде сені мен менен басқа жан жоқ. Ал енді қараптан-қарап тұрып басыма бұзық ой келсе қайтесің?
Синконың даусынан әзілдеп тұрғанын, иә шын айтып тұрғанын ажырату мүмкін емес-ті. Алайда О-Томидың көзінен қорқыныш белгісі білінбеді, тек беті бұрынғыдан бетер нарттана түсті.
— Немене, немене? Сен осы маған қоқан-лоққы көрсетуден саумысың?
Сөйдеп О-Томи Синкоға қарай өзі қадам басты.
— Қоқан-лоққы деймісің? Тек солай болса ештеме емес қой. Қазір, құдайға шүкір, бұзық адам басқа түгілі бай-бекзаттың арасында да бар. Ал мен қаңғыған кезбемін. Қорқытқанды қойып, шынымен көңіліме арам ниет кірсе ше?
Синко сөзін аяқтап үлгермеді, басына таяқ сарт ете қалды. Қолшатырын басынан асыра көтерген О-Томи оның қарсы алдында қитығып тұрды.
— Көрсетермін саған қорқытқанды.
Қыз осыны айтып тағы да қолшатырын сілтеп қалды, көздегені Синконың басы еді. Синко жалт берді, бірақ қолшатыр көне кимоно жапқан иығына сарт етті. Тарс-тұрс шудан шошыған мысық, шойын табаны қағып жерге түсіріп, бір-ақ қарғып ошақ басындағы құдайдың мүсініне барып жабысты. Синконың үстіне от басындағы жаңғақ, май шам құласын кеп. Басын қорғалаған Синко орнынан тұрғанша О-Томидың қолшатыры арқасына әлденеше тиді.
— Ой, хайуан, хайуан.
О-Томи қолшатырын әлі сілтеп жүр. Алайда Синко бой — басына тиген таяққа қарамастан ақыр соңында қолшатырды тартып алды. Қолшатырды шиырып тұрып лақтырып жіберіп, тістеніп О — Томиға тұра ұмтылды. Екеуі біршама уақыт енсіз көне төсеніш үстінде алысты. Бұл кез сырттағы жауын да үдеп, ас үй ішіндегі қараңғылық та қоюлана түскен. Бет-аузы тырналып, басына жұдырық жауған Синко қайтсе де О-Томиды жерге жығудың қамында. Бірақ оңай жығылар қыз көрінбеді, қайта енді қолыма түстің-ау деп бір қуанған сәтінде бір-ақ ұшырып, су ағардың жанына топ еткізгені.
— Өй, сайтан қыз.
Сёдзиге арқасын сүйеген Синко О-Томиға таңырқай қарап отыр. Шашы қобырап, өңі алабұртқан О-Томи төсеніш үстіне тұрақтапты, қолында ұстара, сыңайы белбеуіне тығып ұстап жүрген сияқты. Осы ашу-ыза буып булыққан қалпында ол ғажап сұлу еді. Және бір кереметі ошақ басындағы құдай мүсініне қонып алып, жотасы күжірейіп сестеніп тұрған мысыққа да ұқсаңқырайтындай-тын. Қыз бен кезбе тырп етпей біраз аңдысты. Бірақ бір шамадан кейін Синко өңін суыта күлімсіреп, қолтығынан пистолетін суырып алды.
— Ал енді қозғалып көрші, кәне.
Пистолеттің аузы ақырындап О-Томиға қарай бағытталды. Қыз бірақ селт етпеді, сол жаратпаған кескінмен Синкоға қарап отыра берді. Қыздың еш қорықпағанын көрген соң Синко, әлдебір ойдың жетегімен пистолет аузын мысықтың сарғыш көзі жалтылдап тұрған тұсқа бұрды.
— Енді қалай, О-Томи-сан? — Синко қызды мазақтағандай күле сөйледі. — Пистолет тарс етті дегенше, мысығың тоңқалаң асады. Сенің де киерің сол кеп. Бұным қалай, ұнай ма саған.
Шүріппе шырт ете қалуға шақ тұр.
— Синко, — О-Томиға кенет тіл бітті. — Керегі жоқ, атпа.
Синко қызға көз қиығын тастады. Алайда пистолет аузы сол бұрынғыша мысыққа бағыттаулы-тын.
— Атпау керектігіне күмән жоқ.
— Обал ғой. Микэні аяй көрші.
Әлгіндегідей емес, О-Томидың кеспірі келіспей қалыпты — ерні сәл түріліңкіреп, дір-дір етеді. Оған келемеждей, күмәндана қараған қалпы Синко пистолетін төмен түсірді. Сол сәтінде-ақ О-Томидың өңіне қан жүгіріп, жеңілейе дем алды.
— Мысығыңа тимейін. Бірақ өтеуіне... — Синко нығарлай сөйледі: — Өтеуіне сені құшамын.
О — Томи жүзін бұрып әкетті. Бейне оның кеудесінде ашу-ыза, жиіркеніш, мұң сынды кереғар сезімдер бір мезгілде қабаттаса келіп қалып, қайсысына бағынарын білмей дағдарған секілді. Қыз жүзіндегі қырық құбылысты қадағалай жүріп Синко ас үймен жалғаса салынған жалғас бөлмені бөліп тұрған сёдзиді сырғытып ашты. Ол жақ тіптен қараңғы еді. Сөйтсе-дағы үй иесі көшкенде қажетсінбей қалдырып кеткен шкаф, нән хибатиді көруге болатындай. Синко О-Томидың терден дымданған жағасына тесіле қарады. Оның бұл қарасын О-Томи де түйсініп, жылан көргендей жиырылып желкесінде тұрған Синкоға бұрылып қарады. Жүзіне қайтадан қан жүгіріп, өңі кіріп қалыпты. Бірақ Синко қайтсем екен дегендей сәл дағдарып тұрды — тұрды да, кенет қайтадан мысыққа мылтық кезенді.
— Керегі жоқ! Керегі жоқ дедім ғой!
О — Томи кезбенің қолынан ұстай қоям деп ұстарасын түсіріп алды.
— Керегі жоқ десең ана бөлмеге бар.
— Қандай жиіркенішті еді! — деп тітіркене күбірледі О — Томи. Бірақ артынша орнынан тұрып, тағдырдың жазуына не шара дегендей мойын ұсынған кейіппен ас үймен жалғас бөлмеге беттеді. Синко оның осынша тез көне салғанына таңданып тұрып қалды. Сырттағы жауын аздап саябырлағандай. Сыңайы, сәл сейілген бұлттың саңылау-саңылауынан сығалаған күннің кешкі шапағы қараңғы ас үйге де сыналап кірген сияқты, ас үй іші ала көлеңкеленіп қалыпты. Ac үйдің ортасында тұрған Синко көрші бөлмеге құлақ түреді. Міне, қыз белбеуін шешті. Енді міне, қамыс бойраға жатты. Сосын бөлме іші тым-тырыс тына қалды.
Сәл-пәл кібіртіктеңкіреп тұрып-тұрып Синко қара көлеңке бөлмеге аяқ басты. Бөлменің қақ ортасында бетін қос қолдап жауып О — Томи жатты... Синко оған сырғыта бір қарай сап, қайта ас үйге қашты. Оның жүзіне иә ашу екені, иә ұят екені белгісіз, әйтеуір, бір тап басып түсіндіруге келмейтін қызық құбылыс қонақтапты. Ол көне төсенішке табан басып, қыз жатқан бөлмеге ту сыртын беріп тұрған қалпы күйзеле күлді.
— Мен жай әзілдеп едім, О – Томи — сан, естимісің? Әзілдегенім ғой. Бері шық.
...Енді бірер минуттан кейін О — Томи мысықты қолтығына қысып, қолшатырын қолына ұстап, еденге ескі қамыс төсеніш төсеп әбігерленген Синкомен әлдене жайлы қаннен-қаперсіз әңгімелесіп тұрды.
— Құлағың салшы, сенен бір нәрсе жөнінде сұрамақ едім.
Әлі де болса ыңғайсызданыңқырап тұрған Синко О — Томиға қарамауға тырысып бір қырындай берді.
— Не жөнінде?
— Бәлендей ештеңе емес. Еркектің дегеніне көну үшін әйелге он ойланып, тоқсан толғану керек емес пе. Ал сен әлдебір мысықтың жанын сақтап қалу үшін ойланбай осыған бас тіктің. Осың әнтектеу емес пе?
Синко сөзін аяқтап үнсіз қалды. О — Томи жай ғана жымиып, қолтығындағы мысықты сипап қойды.
— Мына мысықты соншама жақсы көргенің бе?
— Микэні де жақсы көрем, — деп О — Томи жалтара жауап берді.
— Сені өз қожайынына өте адал деседі. Мүмкін, сен Микэні өлтіріп қойса, қожайын әйелдің алдында айыпты болам деп қорыққан шығарсың?
— Оның рас. Мен Микэні де жақсы көрем, қожайын әйелден де қорқам. Тек мәселе онда емес...
О — Томи мойнын сол қисайтыңқырап ойланып қалғандай болды.
— Қалай десем екен? Егер мен сол шешімге келмесем, кейін өзімді қоярға жер таппас ем...
Енді бір шамадан кейін Синко көне кимономен қымталған тізесін құшақтап, ас үйде жалғыздан-жалғыз отырды. Сіркіреген сирек жаңбыр тырсылынан бөтен дыбыс жоқ, қараңғылық қоюланып келеді. Төбедегі терезенің бауы, су ағардың жанында тұрған су толы құмыра — бірінен соң бірі қараңғылық жұтып жоғалды. Міне енді, қалың бұлтты қақ жарып Уэнодағы храмның алып қоңырауының үстін-үстіне күңгірлегені естілді. Осы дыбыстан оянғандай болған Синко селт етіп басын көтеріп, төңірегіне көз салды. Сосын сипалап жүріп ожауды тауып, су алды.
— Мураками Синдзабуро... Минамото — но Сигэмицу!
Бүгін сен жеңілдің.
Осы сөздерді айтып былдырлаған бойы ожауда
қарауытқан суды басына бір-ақ көтерді.
* * *
Мэйдзидің жиырма үшінші жылы, жиырма алтыншы мартта О-Томи күйеуі және үш баласымен Уэно алаңы арқылы өтіп бара жатты.
Бүл күні Такэнодайда Бүкіл жапондық Үшінші көрме ашылмақ-тын, оның үстіне Курамон қақпасының 1890 жыл қасындағы шиенің гүлдеген кезі, сондықтан да алаңда халық қарақұрым еді. Ал Уэно жақтан ағылған күйме мен рикшалар тізбегінің таусылар түрі жоқ-ты. Маэда Ма — сано, Тагути Укйти, Сибусава Эйити, Цудзи Синдзи, Окакура Какудзо, Гэдзе Macao... Әлгі қаптаған күймелерде отырғандар осындай адамдар еді.
Бес жастағы баласын көтеріп, одан ересектерін жетектеп алған күйеуі қаптаған қалың жұртты жарып өтіп бара жатып, әлсін-әлсін мазасыздана мойнын бұрып, қызын ертіп кейіндеп қалған О-Томиды іздейді. О-Томи күйеуі қараған сайын жайдарлана жымиып жауап қатады. Рас, арада өткен жиырма жыл оны біршама қартайтқан-ды. Алайда жанарының жарқылы жаси қоймапты. Мэйдзидің төртінші иә бесінші жылында ол осы күйеуіне, қожасы Когая Масабэяның жиеніне тұрмысқа шыққан-ды.
Күйеуі ол кезде Иокогамада сағат жөндейтін шағын шеберхана ұстайтын, қазіргі шеберханасы Гиндзада.
Кенет О-Томи басын көтерді. Ол жанынан өтіп бара жатқан пар ат жеккен келісті күйме ішінен Синконы көріп қалған еді. Иә, Синконың нақ өзі. Рас, қазіргі Синко үлде мен бүлдеге оранған, шен-шекпенді Синко-тын.
Түйеқұстың қауырсынынан жасалған үкі ме, айқыш-ұйқыш алтын оқа ма, үлкенді-кішілі орден бе, әйтеуір, кеудесі сықасып тұр. Бірақ О-Томиға бұрылып қараған адам, ақ шала бастаған сақал-мұрт, қызғылтым жүздің иесі сол сонау кезгі кезбе екеніне еш күмән жоқ еді. О-Томи еріксіз жүрісін баяулатты. Алайда ол еш таңданған жоқ. Синко жай көп кезбенің бірі емес-ті. Неге екенін бұл білетін. Түрінен бе, сөзінен бе, әлде пистолетінен бе? Қалай болғанда да оның жай кезбе емесін сезетін. О-Томи Синкоға еш қысылмастан қадала қарады. Синко әдейі, иә кездейсоқ қарағаны белгісіз, бұған тесіліп қапты. Сонау жиырма жыл бұрынғы жаңбырлы күн қаз-қалпындада О-Томидың көз алдына келді.
Сол күні бұл мысықты аман сақтап қалу үшін еш ойланбастан Синконың құшағына кірмек болды. Бұны соған итермелеген қандай күш? Ол жағы өзіне де жұмбақ.
Синко — дағы сол жолы бұған еш қиянат қылған жоқ. Оны тежеген не? Бұл да беймәлім. Бірақ ештеңенің байыбына бармаса да, ештеңе білмесе де О-Томи сол күнгі оқиғадан оғаштық көрмейді, бәрі де солай болуға тиісті сияқты. Күймеге жол беріп сәл шегініңкіреген О — Томи жүрегін құлазытқан әлденеден арылғандай жеңілдеп қалғанын сезінді.
Синконың күймесі өтіп кеткен кезде күйеуі бұрылып, көп ішінен О-Томиды іздеді. Күйеуінің көзімен көзі ұшырасқан О-Томи ештеңе болмағандай қуана, жайдары жымиды...
Аударған Б.Қожабекова
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі